Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Раушан Көшенова: Тұлға және заман

12.02.2016 188

Раушан Көшенова: Тұлға және заман



Magzhan_Jumabaev.gif

Әр дәуірдің өз поэзиясы, өз үні бар. Сен қала, мейлі қалама уақыт өз өмірінің әмірін жүргізеді, болмысты анықтайды және жасайды. Ұлы суреткердің әрбір жаңа шығармасы сол уақыттың пәлсафалық пайымдауларын бойына сіңірмей тұра алмайды. Қазақтың ұлы ақыны Мағжанның өмірге келген кезеңі тарихи аласыпыран оқиғаларға, рухани және экономикалық дағдарыстарға толы, шаят қимылды уақыт еді. Іркес-тіркес жасалынған саяси төңкерістер, қоғамдық-әлеуметтік өзгерістер көптеген ақын-жазушылардың өзіндік үнін өзгертуге кері ықпалдарын тигізгені белгілі. Алайда Мағжан өз антына адал болып, уақыттың жалған ұраншысына айналмай, қазақтың мәдениет тарихында мықтап орныққан тағдырлы ой мен көзқарастың иесі ретінде өз ұстанымында қала білді. Арада көп жылдар өтсе де, ақын Ғафу Қайрбеков өз заманының үні, қасіретті зары бола білген ақын шығармашылығы өз ортасымен ғана өлшенбейтінін, әмсе Мағжан Жұмабаев әлемдік өлшемдегі данышпан ақын екендігін тегін айтпаса керек.Олай болатыны, оның шығармасынының қуаттылығы һәм зәрулігі өткен ғасырдың 20-жылдарындағы аңсармен және үшінші мыңжылдыққа қадам басқан Қазақстанның тәуелсіз рухымен үндесіп жатыр.


М.Жұмабаевтың дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуына қазақтың тұңғыш ғалымы «Жарық жұлдыз» Шоқан Уәлихановтың, қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбаевтың, алғашқы ұстаз-педагог Ыбырай Алтынсариндердің ағартушылық көзқарастары мен іс-әретекеттері әсер еткені сөзсіз. Шоқанның қазақ ұлтының тарихындағы алар орнын, оның жасаған жасампаздықтарын айта келе, Әнуар Әлімжанов «Теңіздің қасиеті тамшысынан» деп жазған болатын.


ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ қайта өрлеу өкілдері халықтың күші мен рухын біріктірген, оның қуаты мен ұлылығын айғақтаған түпнегіз бола білді. Сталиндік зобалаңда ең алдымен жазаға ілігіп, ат-атаусыз қалған солар болды және еліміздің тәуелсіздігі арқасында олардың баға жетпес мұралары ортамызға қайта оралды. Мағжан Жұмабаев өз дәуірінің ең білімді зиялыларының бірі болды һәм оның шығармашылығы Алашордалықтардың саяси-ұлттық идеясының жебеушісі еді. Қазіргі тарихшылардың сараптауынша, Алашорда қозғалысының тууы, оның саяси партиясының қалыптасуы, тәуелсіз қазақ мемлекетін құру үшінгі партияның саяси бағдарламасының қабылдануы сайып келгенде, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының шығармашылық идеялық негізінде жатқанын жасыра алмаймыз дейді.


М.Әуезов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов секілді М.Жұмабаев та Алашордашылардың идеялық көсемдерінің бірі ретінде адамдар арасындағы жаңа қарым-қатынастың бағалылығын, жаңа ұлттық мінездің үлгісін, жаңа қоғамдық қатынастың негізін көре білді. Американдық зерттеуші: Брилл Олкотт 1986 жылы жарық көрген өзінің «Қазақтар» атты басылымында «қазақ ұлтшылдығы» деп атаған тәуелсіз республика құру идеясының әлдеқашан туып-жетілгендігін айтады: «1905 жылғы төңкерістен кейін цензураның әлсіреуіне байланысты өз ой-пікірлерін нақты және бағып айта алатын жаңа жастардың қалыптасуына жол ашты, жазушылардың ой-пікірі орыс басқаруына деген үлкен сыни сипатта болды. Батыстың философиялық саяси ойларынан сусындаған, орыс төңкерісінің ықпалында болған қазақтардың жаңа ұрпағы қазақ ұлтшылдығын қолдай бастады».


Жас Мағжан да «Алаш» партиясын құрушы белсенділерінің бірі, Алашорда үкіметінің облыстық комитетінің мүшесі, құрылтайшы кеңестің депутатқа үміткерлердің бірінші және қазақ мектептеріне арналған оқулық жасау комиссиясының мүшесі болды.


Гетенің өмірбаянын зерттеген Иоганн Эккерман «Гетемен әңгіме» атты кітабында немістің данышпан ақынының: «Егер суреткердің бар сенімі оның бар туындысынан көрініс табатыны рас болса, осы туындылардың жаңа дүниесі халықтың жан аңсары болуға тиіс деген аталы сөзін еске алады. Өз замандастары және одан кейінгі ұрпақ жоғары бағалаған және рухани нәр алған Мағжан поэзиясы халықтың рухына деген жақындығымен, қайталанбас өзгешелігімен дара сипатқа ие болып қалды. Ақын есімі өзінің тірі кезінде-ақ Башқұртстанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Татарстанда әйгілі болды.


Татар Ғалымжан Ибрагимов, өзбек қаламгерлері Фитрат пен Шолпан, қырғыз Қасым, башқұрт Сайфи Құдаштар өз мақалаларында Мағжан шығармашылығының негізгі қырларын көрсеткен-ді.


Ж.Аймауытовтың 1925 жылы жарық көрген «Мағжанның ақындығы» атты еңбегі Мағжантанудағы ғажайып жетістік болып есептелінеді. Жүсіпбек Мағжанды «өз мұңының ақыны» дей отырып, ал Ақпан төңкерісіне дейін барлық қоғамдық әрекеттерден басын аулаққа салды деп жазады. Төңкерістен кейін Мағжан еркіндік, азаттық дүниесін сезінгенімен, Колчактың лаңы оның азаттық туралы тәтті ойларына балта шапты. Іле-шала Қазан төңкерісі келді. Бұрынғы аңсар–мақсаттар арманға айналды, тұмандай сейілді. Үміті аз үркек сенім пайда болды. Қазақ даласы ақ пен қызылдың қырғынына айналды. Азамат соғысы елді екіге жарды. Күшпен ұжымдастыру, бай-кулактарды тәркілеу жүрілді. Айналып келгенде, осының барлығы халықтың арқасына батты, халықшыл ақынның жан жүрегін ауыртты. Жүсіпбек Аймауытов Мағжанның басындағы ауыр халді сөз еткенде, оның күнделікті өмірге көңілі толмаушылығы өз ұлтының болашағына деген сенімін жоғалтқанын айтады. «Өз ұлтыңның қайғы-қасіретін көргенше, өлгеннің өзі артық». Автор Мағжанды Пайғамбар ақындар қатарына жатқызбай, оны романтикалық сарынның соңғы өкілі дей келе, былайша ой түйеді: «Мағжан сыршылдығымен, суретшілдігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті. Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетте жаңа түр енгізіп, соңына шәкірт ерткен күшті ақын Мағжан екендігіне дау жоқ».


Ж.Аймауытов осы құнды мақаласын қазақ ұлтының рухани элитасының айнасы, жарқын жүзі, раушан гүлі һәм өр бейнесі болып көрінген Мағжанның жан дүниесі азапты сынақтарды өткерген қиын жылдарда, яғни ақынның отыз жылдығы қарсаңында жазылған. 1919 жылдың 4-сәуіріндегі БОАК-нің («Алаш» партиясы, «Алаш» үкіметі туралы) 20-жылдардың екінші жартысында Қазақстанда байырғы зиялылар (буржуазиялық-ұлтшыл деп танылған) қоғамдық-саяси іс-әрекеттен зорлап шеттетілді. 1930 жылдың қазанында Кеңестік Қазақстанның 10 жылдығына арналған мәжілісте Қазақстан Өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Голощекин: «Біздің партияның тактикалық саясатының бірі – ұлттық интеллигенцияны пайдалану, оны осыған жақындату болса», ол да нәтижесін бермей қоған жоқ. Енді біз өзіміздің уақытша одақтастарымызды сыртқа лақтырып тастайтын кезеңге келдік», - деп ашық айтқан болатын. «Уақытша одақтастарды» бірі Мағжан болатын, сол себепті де Кеңес баспасөзінің негізгі обьектісіне айналды.


Үздіксіз қудалаудың кесірінен 1927 жылы Қызылжарға келіп, партия мектебінде, педтехникумда уақытша қызмет істейді. Осы уақыттан бастап ұлы ақынның тірі қалу жолындағы азапқа толы, қайғы-қасіретті жылдары басталды. Солтүстік Қазақстан облысының мұрағатынан педтехникум оқытушылары тізімі арасынан ақынның аты-жөнін кездестірдік. Кең ауқымды біліміне, мол тәжірибесіне қарамастан, оған аптасына қазақ тілінен практикалық сабақ беруге бар-жоғы 6-ақ сағат бөлінген екен. Неткен қорлау десеңізші! Сол кездегі педтехникумнің студенті болған Өмірбай Ыбыраев өз ұстазының адамдық қасиетін, қайырымдылығын, өнегелілігін ерекше мақтанышпен айтатын. Студенттер 1922 жылы жарық көрген М.Жұмабаевтың «Педагогика» оқулығын пайдаланған екен. Мағжан қазақтың белгілі жаңашыл ақыны болып қана қойған жоқ, ол осы бірегей еңбегі арқылы 18-ғасырдағы Жан Жак Руссоның «Эмиль немесе тәрбие туралы» педагогикалық романының желісін еске салатын педагогикалық теорияның және публицистика мен беллестристиканың негізін қалады дей аламыз. «Эмильдің» авторы өз идеясын өзі мойындаған «қиял дүниесіне көбірек» арқау ету арқылы көркем тіл де өнер секілді тәрбиенің негізі бола алатынын дәлелдеді емес пе. Мағжан өз еңбегінде орта, арнаулы кәсіптік және жоғары оқу орындарындағы көп жылғы тәжірибесін пайдаланғаны рас. Ол кітаптың алғы сөзінде М.Жұмабаев тәрбие туралы көзқарастарында «бала табиғатынан ізгі болады, ол барлық жамандық, теріс тәрбиенің негізінде жатыр», - деген Руссоның педагогикалық байламын басшылыққа алады. Жан-Жак Руссоның әйгілі романы: «Жаратушының қолынан жасалғанның бәрі - жақсы, бірақ барлығы адамның қолынан қайта туады», - деп басталады. Мағжан осы ойды әрі қарай дамыта келіп, «тәрбиеленушінің жасаған қылмысына ең алдымен, тәрбиелеуші жауапты», - деген мақалын дәлел етеді. Ол жаңа формацияның адамды тәрбиелеп қалыптастыруда халықтың рухани-адамгершілік дәстүрлеріне сүйенуді жөн көрген. Уақыттың өзі қазір осыны талап етіп және мойындап отыр. Заманауи мектеп мәселесін ұлттық мәдени құндылықтарды жаңа көзқарастарға сай құра отырып, тарихи сабақтастық ұстыны негізінде шешудің мәні зор. Елбасымыздың тарихи Жолдауында, «Мәдени мұра» бағдарламасында баса айтылған. М.Жұмабаев ұсынған (қалаған) ұлттық мектеп үлігісі – қазақтың төл мәдениетінен бастау алатын тәрбиенің ең озық дәстүрлерін құрайды және бүгінгі талапқа да жауап бере алады.


1925 жылы Мағжан Мәскеуде оқыған кезде «Алқа» атты әдеби ұйым құрғаны белгілі. «Баспалдақ» бағдарламасының жобасында ұйымның идеологиялық платформасы, мақсаттары мен міндеттері, ұйым мүшелерінің іс-әрекет ұстындары нақты әрі айқын көрініс тапқан. Осы бағдарлама авторы әдеби шығармашылыққа ең алдымен, замандастың адамгершілік бейнесі көріну керектігін, өнер бетінде адамның артық құндылықты сезіну мүмкін еместігін баса айтады. Бағдарлама жобасы бірнеше кісілерге жіберілген болатын. Олардың арасында Мұхтар Әуезов те бар еді. Осы «Алқа» ақынның мойнына 1929 жылы тұзақ болып түсіп, Карелияға 10 жылға айдалады. 1930 жылы Горькийдің әйелі Е.Пешкованың мінездемесімен уақытша айдаудан оралады. Қызылжарға шарасыздан қайта оралып, орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс береді. Алматыға шарасыздан келген Мағжанды 37-нің нәубеті іліп әкетіп, «халық жауы» ретінде жазықсыз жаламен атады. НКВД-мұрағатында «1919 жылдан жапон тыңшысы болдым» деген ақынның өз мойындауы сақталған. Мұның жалған, қолдан әдейі істелген әреткет екені айтпаса да түсінікті.


Михайловск Пушкиннің, Ясная Поляна Толстойдың, Шахматово Блоктың, Константиново Есениннің мекені ретінде әлемге әйгілі секілді қазақ үшін Жидебай Абайдай, Алтынемел Шоқандай, Көкшетау Ақандай, Баянауыл Жаяу Мұсадай, Ерейментау Иманжүсіптей, Сарытомар Мағжандай қадірлі, әрі ыстық мекендер. Ізгілік пен әділетсіздіктің жарқын болашағына әркез шақырып тұратын, ұлттың болашағына деген сенімді нығайтатын, ұлтты сүюдің үлгісі бола білетін оның ғажайып әдеби әлеміне жазылған несібе екен.


«Еуропаның ымырты» атақты кітабының авторы Освольд Шпенглер былай деген еді: «Ұрпақтар ағымында жұмбақ бейнемен кейде тұтанып, кейде әлсіреп көрінетін данышпан адам шексіз шығармашылық күшке, жеке өмірінде әулие ұшқынға ие бола отырып, ғасыр салып араға кенет жарқ етіп көрінетінімен ғажап». Біздің ұлы Мағжан да заманымен бетпе-бет келген, соның құрбаны болған тұлға, алайда арада көп жылдар өтсе де, әлгі айтқан «әулиелік ұшқыны» оны қазақ көгіне сөнбестей етіп, қайта жарқыратып алып шықты.



Раушан Көшенова


"Мағжан әлемі" кітабынан алынған

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар