Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Асқар Алтай: Алдаспаны алаштың ақын Мағжан

02.05.2017 795

Асқар Алтай: Алдаспаны алаштың ақын Мағжан

Алп, алп басқан, алп басқан

Арабы торым өзіңнің,

Жазылы, алтын, қол кескен

Алдаспаным өзіңсің!

Шалкиіз жырау

Жырымен сырлы, жанымен мұңлы Мағжанды – алты алаштың Алдаспаны десек, артық емес. Мағжан шын мәнінде өз ұлтының, өз жұртының алдаспан ақыны екені ақиқат.

Әлбетте, кез келген ақын халқының ойынан, жан-жүрегінен шыққысы келеді. Ұлтының үні болғысы келеді. Сол үшін бойындағы бар талантын, бар танымын жұмсауға тырысады. Бірақ... оған біреуінің таланты жетсе де, танымы олқы соғады, енді бірінің білімі жетсе де білігі босаң болады. Сондықтанда төрт аяғын тең басқан ұлт ақыны болу – қиынның қиыны. Ол тәңірі берген талантқа қоса, ұлттық таным биік болу керек. Біздің күні кешегі ақсақал ақындарымыз бен бүгінгі жыр төгушілерімізде сол ұлттық танымның тоқырап, тоқтау судай бойкүйезденіп жатқаны тағы шындық.

Абай әкелген ұлылықтың басы, оның алдындағы ұлы жыраулардың жыр сорабы – тағы да ұлттық танымға тіреледі. Тек ұлттық таным арқылы ғана кез келген талантты қаламгер әлемдік әдебиет өресіне көтеріле алады. Күні кешеге дейін «Қазақ совет әдебиеті» осы ұлттық танымнан үрейленіп, жау іздеп келгені белгілі. Мұның аржағында ұлтшылдықтан қорқу ғана емес, жалпы бодан ұлттан қорқу, ұлы ұлттық сезімнің сілкінуінен сескену жатыр. Ресейлік патша өкіметі де, Кеңестік большевиктік өкімет те «ұлтшылдықты жоямыз» деген желеумен ұлттық ділді бесігінде тұншықтыруға тырысты. Тұншыұтырды да... мағжан тілімен айтқанда: «күндей күшті, күркіреген ел тынды».

Қазіргі кейбір саясатшыларымыз бен зиялыларымыздың да қатты қорқатыны, құбыжық көргендей үркетіні – ұлттық танымның орнығуы мен ұлттық сезімнің күшейіп кетер деген көрсоқыр қаупінен. Ескі идеология шырмауынан шыға алмай қалған олар да кешегі патша отаршылдары немесе кеңес коммунистер сияқты өз ұлтынан «опасыздық» көреді. Ұлтшыл болып кетеді, іштегі ұлттарға кесірін тигізеді, ең ақыры, мемлекетке ұлттық жанжал (соғыс) әкеледі деп соғады. Және мұны өз ұлтыңның өкілдері айтқаны жанды жаралайды. Оларша «көп ұлтты» Қазақстанда момын қазақ мейлінше басу өмір сүріп, өзге ұлт өкілінен қаймығып, жалтаңдап күн кешу керек, бұл еркін ел ерікті емес, баяғысынша «интернационал» болып қала берген жөн.

Бірақ, ендігі жерде мемлекет болып, ғасырлар бойы боданда болып келген боркемік жұрттың жайын ойламау – ұлттың басын қатерге тігу деген сөз. Тәуелсіздік туы тігілгеннен кейін ұлтшылдықтан емес, ұлтсыздықтан (мәңгүрт интернационализм) қорқу керек. Қазір бас қатырып отырған «мемлекеттік идеология» мәселесін емін-еркін қозғамас, көтермес бұрын, ұлттық танымды қалыптастыру арқылы «Ұлттық идеология» мәселесін шешу қажет. Ұлттық идеологиясыз мемлекеттік идеология жоқ. Құр даурықпа, бос бопса болып қала бермек. Ұлтжандылық күшті жерде ғана ұлт қалыпты өмір сүрмек. Ұлты қалыпты өмір сүргенде ғана еркіндік, елдікке қол жетпек.

«Тіршіліктің көркі – ерік» деп ұққан Мағжан үшін ұлтынан қымбат ештеңе жоқ. Ұлт жолында шырқыраған шыбын жаны да қасым.

Не көрсем де алаш үшін көргенім,

Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім!

Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін!

Бұл – оның өмірлік құбылнамасы. Ақын ретінде, әсіресе, ұлт ақыны ретінде оның ұлылығы да осында болса керек. Мағжан ұлтын әлдекімдер секілді ұрандатып, жалаулатын қана сүймейді. Жұртының бойындағы бар қадір-қасиетімен, көзге ұрып тұрған кеміс-кемшілігімен бірге сүйеді.

Ұйқы басқан қабағын,

Бастыра киген тымағын.

Жалқаулықты жар көрген,

Жүрген ескі заңымен,

Алдындағы малымен

Бірге жусап, бірге ерген

Алаш деген елім бар,

Неге екенін білмеймін

Сол елімді сүйемін!

Ақықтай ағынан жарылған ақын алашын «сағымы сайран құрған бораны ұлып тұрған, мәңгі өлік сахарасымен» қабат құшады. Оның ақындық рухына аса ет жақынның бірі – туған жер. Қазақ сахарасы – Сары дала. Мағжан маржан сөзінің ішкі мазмұны мен сыртқы сұлу келбетіне ой жүгірткенде, бірден-ақ ерекше баурап алатын сиқырлы сурет те осы қу даланың келбетімен байланысты. Алашы үшін аласұрған ақынның жан дүниесі «Сар дала, бейне өлік», «кебін» деп қабылдап, «Сәуле емес, қан шашып тұрған» батқан күнімен сырласады. Ен даламен мұңдасып отырып, сырын шағады. Ол даланың өлі суретін өз сезім күйімен астастыра отырып, «құба жонда жатқан жаралы бір жанға» – қаймана қазаққа – «оқыған азамат» қол ұшын бер, жол көрсет деп тілектеседі. Қазақтың барша оқығанына үн қатады.

Азамат! Анау қазақ қаным десең,

Жұмақтың суын апар, жаным десең.

Болмаса, ібіліс бол да у алып бар,

Тоқтатам тұншықтырып зарын десең!

Амал қанша, Мағжанның мұңы – ұлтының зары еді... ешкім бірақ құлақ аспады. Қазақ үшін шырылдаған аз ғана алаш азаматының үні жетпеді. Оқығандардың көбісі большевикшіл боп кетті. Ақыры, \мағжанның болжамы тура шықты. Күдігі дәл келді. «Су» орнына «у» берді.

«Бостандық» (өлеңнің аты – А.А.) ұранымен келген лаң Сары даланы сары шаядай жайлады. «Інжіл, Құран жыртылып, жерде – табанда» қалды, «Қызыл қанға мас болып, Жүрегі қара тас болып, Аырылып естен адамзат», «Жауыздық тағы өрледі...». ақынның адал жаны аңсаған азаттық тілегін тәңірі бермеді. «Қыбырлаған қоңыздар» мен «Қорсылдаған доңыздар» тілегі болды, – «қуанды, күлді».

Әлбетте, азаттық жоқ жерде – азаматтық жоқ жерде – азаматтық жоқ. «Жаным – азат, денем – тұтқын» деген Мағжан ер-азамат басының еріксіздігі өзімен теңейді, өз жүрегімен өлшейді. «Күнді – күн, түнде күміс Ай көрмеймін» деп налыған ақын жаны «жүрегін еміп жатқан қара жаман – қалың ойға» тізгін береді. Ой мен сенім ғана ерікті екен. Ендеше, ақынның қайғылы ойын, қасіретті жанын жеткізер қызыл тілінде ғана буын жоқ. Сол ғана асыл рухын жая алады.

Қалмады көздің нұры, көрге айналдым,

Қараны – ақ, ақты – қара дерге айналдым...

Осылай дей отырса да, ұлы ақын асыл текті азат рухынан айни алмайды. Аттарын айтып тынады және ұлтшыл рухты өлеңдерінде өз ойларын, жұрты үшін жаны күйзелген жайларын әр қырынан жасырмай ашады.

... Айырылып от екпінді ерлерінен

Алаштың жанында ауыр дерт еді ғой.

Сонау дерт түгелімен ауып маған,

Дариға, жүрегімді өртеді ғой!..

Күңіреніп ойлағанда алаш жайын,

Жанымды орай берсе улы уайым.

Жырлаймын, күңіренемін өткенді ойлап,

Кеудеме улы уайым толған сайн.

Азамат ердің арда сезімін, алаш жұртының жаншылған рухын ояту үшін ақын үнемі өткенге оралып отырады. Бүгінгі өткен тарих безбенімен қадақтап, арғы-бергі аламан заманы – Түркі елі, Тұран жері тұрғысынан одақтап, өлі сезімді сөзбен тірілтеді. Сөз басы ежелгі түркілер табынған тәңірі және от пен судан алады.

... Тәңірің – оттан боп үміт.

Атаң отқа табынған...

От дегенің – аспан ғой,

Аспан жерді басқан ғой...

Отқа табын, тәңірі – от,

Оттан басқа тәңірі жоқ.

Жаның жасып кірлеген,

Отпен аспанға ерлеген

Жаныңды, алаш, аласта!..

Алаш жанын баяғы бабаларында отпен аластап алған ақын өз жүрегіндегі ең асыл сезімдерін, қорғасындай батып жатқан ең ауыр ойларын «Іс – санаулы, сөз – аңдулы, ерік жоқ» еліне бағыштайды. «Ел мен жер» деген қасиетті ұғымды қатар алып жүретін Мағжан тек қазақ ұлтының емес, күллі түркі жұртының, жалпы Тұран жерінің шер-мұңын қозғайды. Қазаққа ғана емес, түрік деген бір кездегі ұлы ұлыстың намысын түртіп, сол арқылы қалғыған санаға сәуле түсіргісі келеді.

Еркін ырғып шыққан асқар Алтайға,

Қырда тұрып садақ тартқан Қытайға ...

Түрік атаулының түп атасы ту тіккен Алтайды еске сала отырып, батыс пен Шығыстың ортасында «Алтын көпір» болған түркі елінің, Тұран жерінің ұлылығын паш ете отырып, осы топырақта туған көктүрік бабаларымыздан бастап, Афрасияб, Шыңғыс, Жошы, Жебе, Асқақ Темір, одан беріде қазақ хандары, ең соңы – ұлы Абылай ханмен жалғасып жатқан ғаламат тарихты еске салады. Ең ғажабы – Мағжан бұл тарихқа Түркі елінің тұтастығы тұрғысынан баға береді. Өзгелердің құбыжық, қанішер қып көрсеткен, сол арқылы қасақана жоққа шығарған Тұран тарихын ақтайды. Тың көзқарас, жаңа танымға жетелейді.

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой...

... Ертеде Түркістанды Тұран дескен,

Тұранда ер түрігім туып-өскен...

... Бұл Тұран ежелден-ақ алаш жері,

Тұрансыз тарқамайды алаш шері...

Тұлпар да кексемей ме туған жерін?

Арқаның ардагері – қалың алаш.

Тұран да, біле білсең, сенің жерің!

Арқаның сауырып ала қайысып отырған қазаққа ұлы Тұран даласын «сенің жерің!» деп нық еншілеп беретін сыры да бар. Өйткені, ұлы түрік заманы быт-шыт боп ыдырап, ұлы түрік мұхиты көлшік-көлшік болып тартылған тұста атамекен мен атажұртқа ие болып қалған, осы жер үшін қырмандай талай қырылған тағы қазақ болатын. Ана Алтайдан кәрі Оралға дейін созылған жәннат өлкеге кім қызықпады, кім жем қылуға ұмтылмады?...

«Артында – ор, алдында – көр, жан-жағы – жау» болса да жауынгер қазақ жұрты «Екі оттың – орыс, қытай арасына» төтеп беріп, орағытқан «Алыстан орыс, қытай – ауыр салмаққа» да, «Жақыннан тыншытпаған қалың қалмаққа» да шыдап бағып, Тұран даласын сақтап қала алды.

Көп түрік енші алысып, тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?

Қазақта қалған қара шаңырақтығ ендігі күйі қандай деген сауал ақын жанын қоярға жер тапқызбайды.

Ұзын Оран – күн мен түн шекарасы...

Арғы жағы – көк көзді жын ұясы,

Бергі жағы – түріктің сары даласы...

Ер түрік ен далаңа көрік еді,

Отырса, көшсе, қонса – ерік еді,

... Іргесі жел-күн тимей берік еді.

Мағжан өмір сүрген ғасырда «сары даланың» сыны кетіп, берік іргесі бүлінген. Бұрынғы Абылай заманы емес, күні кешегі жаужүрек Кенесары кезеңі көзден бұл-бұл ұшқан. Қазақтың Ресейге біржолата бодан болған күні «қан шашып», батуға бет бұрған. Ұлт іркіттей іріп, жаншылып қалған. Еңсе езіліп, иіні түскен.

Халықтың санасынан ерлігі өше қоймаған. Өр рухы даланы еркін кезіп жүрген Хан Кенеге Мағжан мұңын шағады. Кенесарының рухымен тілдеседі. Езілген, қойдай мәңгірген елінің ертеңін болжаған ақын берік байламға бекиді, – ұлтының, жарымжан жұртының санасын сілкісем дейді.

Алаштың алдын қара тұман жапқан,

Орыс мынау обырдай обып жатқан.

Заман азған шағында ерлер азбақ,

Талайлар жаумен бірге елін шапқан,

Кене хан, елің қалды жау қолында,

Алып кет алашыңды осы жақтан...

Ақын арманының орындалмасын сезсе де, үміт етеді. «Алды – боран, арты – тұман» жұртының болашағын сезсе де, сенбейді... сондықтан да үміт етеді.

«Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде» шырқыраған Мағжан надан, көрсөқыр елінен түңіледі де торығады. Өз елінің, өз жерінің ұлыларына, азатшыл азаматтарына мойын бұрмай бұра тартқан тоңмойын жұртына жаны ауырып, сана-сезімнен ада күйіне күйінеді. Болашағын «қараңғылық қаптаған», «Тәңірісін табанына таптаған», «жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған» күнбатыстан төнген қанкұйлы қауіпті ойлап, келе жатқан қанды революцияның сұмдығын сезіп, сергелдең болар елін, ажал құшар ерін таныған Мағжан ештеңенің сырына үңілмеген, сұмдығына жетпеген халқына бар жүрегін жаяды. Адасқан азаматына, адастырған заманына, сөзіне сендіре алмағанына өзін кінәлайды.

Қазақ елі бір ауыз сөзім саған:

Болғайсың сыншы болсаң әділ сыншы,

Кінәні жүрекке қой, қойма маған!

Оның «кінәлі» нәзік жүрегі ұлтының сезімсіз-ессіз надандығына өзін құрбанға шала жалынады.

«Біреуіне» сен тәңірім деп табынад,

«Біреуіне» мен құлың деп табынад,

«Біреуіне» садақа бер деп жалынад,

«Беруіне» құйрық болып тағылад.

Ылғи сорлы сағым қуып сарылад,

Ылғи түссіз бір сұр нәрсе жамылад.

Қазағы – қой, артынан оның ағылад...

Мағжанның бұл сөзін болашақ дәлелдеп берді. «Алашорда» құлағаннан кейін, Совет орнағаннан кейін Абай айтқан «жылқы мінез» жұрт қойдан да күні төмен лас «доңыз-қоңызбен» теңесті. Тұтас ұлт рухани әрі тәни жұтқа ұшырады. Жер болды. Пролетариат «көсемдерін» тәңірі тұтып, коммунистерге құл боп қызмет көрсетті. Өз ұлтының өкілдері ұлтына жендет болды. Олар орыс коммунистерінің «құйрығы» ғана болған жоқ, өз халқының опасыз сатқындарына айналды. Қанды тісін қазағының тәніне батырды. Қайран қазақ, осы сарыннан әлі де айрыла алмай келеді.

Әлпіге барғам Алтайдан,

Балқанға барғам Қытайдан... –

дейтін алты алаштың ұлы: «Баласы алты алаштың – біз не қылдық?» деп егілді. Алды-артын болжай да, бажалай да алмай құса болды. Кешегі ай тұрпатты айбынды Алаш (Алаш азаматтары) ұсталғаннан, түрме түбінде бұғауланғаннан кейін, Алаш-Ай да аңырап қалған.

Қайғылы Ай, тұрсың көкте түсің қашып,

... Жылжыйсың ақырын ғана қорыққан жандай,

Жүргендей жол таба алмай бейне адасып.

... Көп жұлдыз – әлде күйпен, әлде іспен

Еріксіз артыңа ерткен халқың шығар.

Ай мен Алаш жұрты образды түрде салыстыра суреттеген Мағжан: «Қайғылы Ай, ... Менде де бұрын бар еді тәж бенен тақ, мен сенің қайғыңа ортақ» – деп түйіндейді. Бұл Мағжанның ажал аузындағы шын сөзі. Сондықтан да ол «Тоқсанның тобында» тізге салмақ бос жатқан жаны – жат, түрі таныс, тегі – туыс қандастарына тағы да әділеттен аумай айтады.

Сөйлеген емен жасыра:

Мен мұңдымен мұнда тым,

Адассам ел дер адастым.

Ақиқатында адасқан Мағжан емес, жалпы қазақ елі еді.

Әлихан, Ахаң, жақаң, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхамеджан, Халел бастаған Алаш ұлдары азамттық жолында шаһит кетті. Олар – өз ұлтының арын арлаған, жоғын жоқтаған жандар еді. Әрине, салған із, олар атқарған іс тарих танымында тегін кеткен жоқ. Ұлы сабақ болды, өшпес із қалдырды. Бәрінен де баршамыздың санамызды сауықтыруға зор себепші болды. Олардың дауысы – ұлттың үні болып қайта жаңғырықты. Ұлттық сезімге сәуле түсіріп, уланған санаға сына қақты. Ұлттық танымға сорап салды.

Ұлы МАҒЖАН – «ұлт ақыны» (Жүсіпбек Амауытов), яки үстіміздегі ғасырда ұлттық танымға тікелей әсер еткен бірден-бір ақын.

Сондай-ақ оның басқа ақынға ұқсай бермейтін ерекшелігі – түркішілдігі. Түркішілдікке де ол ұлт арасындағы таныммен, ұлтшыл сезіммен көтерілген десек те қателеспеспіз. Ұлттық таным толысқан жерде ғана түрікшілдік сезімге қаламгер бой ұрары анық. Олай десек, Мағжанның түрікшілдігі де түсінікті.

Қалған уақта «дариға жүйрік жүректің қайғымен жылынып, сөнгенін, терең жанының оймен уланып өлгенін (кім ұққан?)» (Мағжанның «Мағжанның «Ақан сері» мақаласынан) түсіне білдік. Мағжандағы ұлтшылдық пен ұлттық танымнан қорықпайық, сескенбейік. Танымымызға тағылым болсын. «Мен өлмеймін, менікі енді өлмейді...» демекші, енді Мағжан өлмек емес.

Асқар Алтай

"Мағжан әлемі" кітабынан алынған


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар