Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Сұлтанәлі Балғабаев: Драма жанрының дарыны

12.02.2016 385

Сұлтанәлі Балғабаев: Драма жанрының дарыны

«Драматургия жанрында жаңадан жазылған жақсы шығарма жоқ» деген әңгіме соңғы уақытта әр-әр жерден естіліп қалады. Мұндай әңгімені, әсіресе театр қайтаркерлері айтуға айрықша құмар. Және тір таңқаларлығы – олардың арасында осы «жоқтың» өз қолдарымен толтыруға белсене кірісіп, отыра қалып пьса жазып жәе оны ешқандай талдау-сараптаудан өткізбей, дереу сахнаға шығару кәдімгідей етек алған. Бұл – театр өнерін құлдырататын бірден бір жол. Өйткені жақсы спектакль кәсіби драматург пен дарынды режиссер бірлесіп жұмыс істегенде ғана дүниеге келеді. Қатаң сұрыптау мен талдау-талқылаудан өткен пьеса сахнаға жолдама алғанда ғана театр өнері өркендеп алға басады. Бұл – бүкіл әлем мойындаған шындық. Бұған дәлелді алыстан іздемей-ақ, өзімізбен көршілес Ресейдегі театрлардың өмірінен мысал келтірек те жеткілікті. Қазір Ресейде театрлардың репертуарлық саясатына мемлекеттік тұрғыдан айрықша назар аударылады, сахнаға жолдама алатын әрбір жаңа пьеса мен жаңа қойылым қатаң сұрыптау мен талқылаудан өтеді. Өкінішке қарай, бүкіл әлемдегі театр өнеріне ортақ осы талап тек бізде ғана ескерусіз қалып отыр. Бұл – театр сахналарына кездейсоқ автордың сапасыз шығармалары қаптап шығып, кәсіби драматургтердің тартымды пьесаларының елеусіз қалуына әкеп соғады. Белгілі қаламгер Жолтай Әлмашұлының жақында ғана «Өлке» баспасынан жарық көрген «Тірі жан» атты үш бөлімді драма-дастан жинағын оқып шыққанда осындай ой келді.

Жолтай Әлмашұлы – ұзақ жылдардан бері тынбай еңбектеніп, өндіре жазып жүрген қаламгерлердің бірі. Әдеиетке өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың соңында келген ол мемлекеттік қызмет пен шығармашылық жұмысты қатар алып келеді. Қаламгерлікті кәсіби журналистикадан бастаған Ж. Әлмашұлы әуелі балалар жазушысы ретінде танылды, тарихи тұлғалардың өмір жолына арналған деректі дүниелер жазумен де айналысты. Көркем прозаға да қалам тартып, екі роман, үш әңгіме-хикаяттар жинағын шығарды. Бұлардың арасында «Күлкі мен көз жасы» атты романын айрықша айта кеткеніміз жөн. Бір ұрпақтың жарты ғасырлық тарихын жан-жақты суреттейтін бұл роман оқырмандар мен сыншылар тарапынан өзінің лайықты бағасын алған еді.

Соңғы он жылдан астам уақыттан бері Жолтай Әлмашұлы драматургия жанрына батыл бе бұрып, жемісті жұмыс істеп жүр. Ол осы кезде жиырмаға жуық драмалық шығармалар жазды. Бұл пьесалардың біразы Қызылорда, Түркістан, Жетісай театрларында сахналанды. Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы сазды-драма театры оның «Бәйтерек басындағы кездесу» атты пьессын сахналап, «Конгресс-Холлда» екі мыңдай көрерменнің назарына ұсынды. Бұл қойылымның театр өнеріндегі жақсы жаңалықтардың бірі болғаны баспасөз беттерінде әлденеше рет атап көрсетілді. Ал «Тірі жан» пьесасы драмалық шығармалар байқауында жүлде алды. «Бақа бейнелі бала» атты психологиялық драмасы Қырғызстанда өткен Орта Азия драматургтері пьесаларының жәрмеңкесінде арнайы сертификатқа ие болды.

Пьеса жазу кез келген адамның қолынан келе беретін оп-оңай шаруа емес. Көрермен көңілінен шығатын тартымды драматургиялық дүние ең алдымен автордың бойындағы табиғат берген қаламгерлік дарын-қабілетке тікелей қатысты. Ж. Әлмашұлының бойында осындай шығармашылық қасиеттің бар екендігі даусыз. Бұл қасиет оның бұдан бұрынғы прозалық шығармаларынан айқын аңғарылатын. Ал драматургия жанрына қадам басқанда осы табиғи дарын оның қолтығынан демеп, шабытына қанат бітіргендей. Қаламгердің «Тірі жан» жинағына кірген пьесалардың қай-қайсысы да драматургия жанрына қойылатын бүгінгі заман талабына толық жауап береді. Сондай-ақ Ж. Әлмашұлы нені жазса да, қай тақырыпты қолға алса да ең алдымен бәрін терең зерттеп, кейіпкерлерінің жан-дүниесі мен басынан өткізген оқиғаларын өзінің ой-санасында сараптап, оларға қаламгерлік тұрғыдан нақты бір пайым, қорытынды жасап барып кіріседі. Бұл әсіресе, драматургтің тарихи тұлғаларға арналған пьесаларынан айқын аңғарылады. Бұл ретте қаламгердің «Сана дерті», «Абақты-ғұмыр» атты пьесаларын ерекше айтқымыз келеді. Драматург бұл шығармаларында белгілі Алаш қайраткерлері Мағжан Жұмабаев, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұловтардың өмірінің ең соңғы шешуші сәттерін көрсетеді. Жинақтағы құлаққа тосындау естілетін «Фрустракция» деген атпен берілген Сәкен Сейфуллин жөніндегі пьеса туралы да осыны айтуға болады. Бұл шағын шығармада қаламгер С. Сейфуллиннің күрделі де қиын тағдырын жүрек тебірентерлік шеберлікпен жеткізе білді. Егер сахнаға жолдама алса, бұл пьесаның да көрермен қауымды бей-жай қалдыра алмайтыны даусыз.

Сұлтанәлі Балғабаев,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының,

«Құрмет» орденінің иегері,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

жазушы-драматург

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар