Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Кәкімбек Салықов: Ұлттық ойшыл өресі

12.02.2016 275

Кәкімбек Салықов: Ұлттық ойшыл өресі



13.jpg


Қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшыл рухани жұлдызы, қайсар азамат-көсімі, Мағжан Жұмабаевтың туғанына 115 жыл тақап қалған күндері бұл ұлағатты жиынды өткізу – облыс және университет басшыларының рахмет айтарлықтай өте орынды ісі. Бұл конференция туралы газет, журналдарда, басқа ақпарат құралдарына кеңірек жариялау керек, әне, сонда ғана Мағжан ағамыздың 115-жылдығы Қазақстанның басқа аймақтарына да жол сілтейді.


Мағжан Жұмабаев – Мұхтар ағамыз айтқандай, Абайға тақау тұрған өте үздік ақын, ерен лирик, махаббат пен сүйіспеншіліктің төріндегі періште, тарихымыздың қилы-қилы кезеңдерін қозғаған білгір тамыршысы, оқу-ағарту, тіл мәселелерінің майталман ұстазы, дана тәлімгері. Ұлттық мәдениеттің қай саласын алсақтағы Мағжанның есіміне соқпай өте алмаймыз. Бұл жөнінде мен көп тоқталып жатпайын, тек қана ақынның ұлттық ойшыл жанашырылығына қысқа сөзімді арнамақпын. Негізінде Мағжан ағаның қай шығармасынын алсақ та, дана қолдан шыққан дара дүниелер екенін қазақ елі түгел мойындады. Тек ғана Қазақстан халқы, М.Жұмабаев түркі тектес елдердің бас ақынына айналды әлем оқушысына да кеңінен танылып келеді. Көптеген өлендері орыс тіліне аударылды. Менің айтайын дегенім ақынның Сағымдым атты үлкен шығармалар жинаған орыс тілінде шығарғанда, Бақытжан Қанапиянов, Есенгелді Мұқыжанов бар, мұқият қарағанымызда осы өлеңнің тағы да сәті түспеді. Орыс тілінде жазатын ақын інім Бақытжан: Аға, өлең нашар аударылыпты, қосқпадым, тағы сәті түсер, – деді. Оның Есенгелді мен Мекеш Утин інілерім қостай кеткесін келісіп едім. Сол сәтті тезірек түсіру керек.


Ал, сөйлер сөзіме тиек етіп арнайы тоқталарым осы бір ғана Сағындым атты өлең жайлы. Бұл өлең он тоғыз шумақтан тұратын өте тұлғалы өлең. Жүрегі мейірбандылық пен ақиқиттан жаралған асыл ағамыздың абақтыда жатып айтқаны Мәдидің қазақтың гимніне айналған Атыңнан айналайын, Қарқаралы, Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады— деген арқалы әнін еске түсереді. Бірақ Мағжан ағамыз көл- көсір сағынышын елге, жерге, анасына, ағайын, дос-жаранға егіле, төгіле жазса-дағы, қара бастың қамынан әлдеқайда жоғары көтеріліп, қалың елдің тағдырына басты назар аударады.


Қазағымды, қалың елді сағындым,

Сарыарқамдай — сайран жерді сағындым.

Балдай бұлақ, мөлдір күміс көбікті,

Арқадағы айдын көлді сағындым—


дей келе, Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім, – деп айға шапқан арыстандай қайсарлығын танытып, өзге ақындарымыздан көш бойы Махамбетше көтеріліп кетеді. Сан-салалы жүрекжарды сағыныштарына орап, Алла аузына салғандай көрегендік-әулиелік жасайды:


Қалым елім, қалың қара ағашым,

Қайраты мол, айбынды ер Алашым!

Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,

Ақымақтар байқамаған шамасын!-


деп нағыз данышпандық кемеңгерлігін көрсетіп, болашақты болжай білген озық ағамыздың осы отты сөздері айнымай тұп-тура келді.


Ескі Одақ құлады, елімізге тәуелсіздік орнады, Қазақстан көркейіп келеді. Осылай толқып кеткенде ақындықтын желі қозғап ар жағын өлеңге бердім. Өлеңнің атын Мағжан -ағаның Сағындым атты өлеңіне - деп атадым. Эпиграф етіп: Қарашығым, құлыным деп зарлаған, Алыстағы сорлы анамды сағындым, – деген сөздерін алдым. Анаға деген сағынышы азаматтық зәуілім биік ойға жеткізіп, алпауыт империя Советтер Одағының өзінен-өзі құлауын асқан көрегендікпен айқызуға жеткізді. Міне, сол жайлы түскен өлең жолдары:


Тұлғасы мол, ну ормандай көлемі,

Мағжан аға Сағындым атты өлеңі

Абақтыда шыбын жанын қозғаған,

Бір алланың сыбырындай өрелі.

Қараңғы үңгір өзгертіпті реңін

Қанын сорып, жұқартыпты нұр өңін.

Анасына сағынышын оқысаң,

Қақ жарылып кете жаздар жүрегің.

Күйзелсе де, білдірмей сәл шаршауды,

Байтақ елге тар түрмеден жар салды.

Келешекті кең зерлеуге шақырды,

Желкен етіп, бостандықты аңсауды.

Меже шамдай түнде шашқан жарықты,

Алға тартты ақылы жеткен анықты.

Мен өлсем де Алаш өлмес, көркейер!

Деп сақ қыран сендіріпті халықты.

Көкірек жарған түсінгенім ғажапты:

Сын сағатта шыңдап жатыр қазақты.

Маған артық – ұлтым үшін өлгенім!

Деп кешіпті жан түршігер азапты.

Дауылпаздың дана сөзін тірі аңыз,

Естіп жатты Қаратаулар, құба дүз.

Көріпкелдік - әулиелік болжамын,

Өлеңдегі өз сөзінен тыңдаңыз:

Қалың елім,қалың қара ағашым,

Қайратты мол, айбынды ер Алашым!

Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,

Ақымақтар байқамаған шамасын!

Осы емес пе, әулиелік, даналық,

Тура келді, Мағжан сөзі бары анық.

Кешегі одақ оқ шығынсыз құлады,

Іштен шыққан сұр жыландар қадалып.

Сыртқы жаудың бар қаруы оқталмай,

Ішкі даудың дүрбелеңі тоқталмай,

Кеңес елі кең жалғанмен қоштасты,

Мағжан, Сәкен аруақтары атқандай.

Көріпкел ғой ақын сөзі өрелі,

Пайғамбармын!- дегені де сол еді.

Аспанымда жанды Мағжан жұлдызы,

Тұтатқандай Сағындым атты өлеңі.

Өлеңімді осылай аяқтаған сәтте бір экспромт түсе қалды:

Осы жерде ашылды тынысымыз,

Осы жерде ұлғайды ырысымыз.

Қайдан шыққан қазақсың? – десең достым,

Бәріміз де Мағжанның інісіміз.

Міне, қуаныш – осы. Елімнің ірілері, Мағжанның інілері, аға ісін жалғастыра берейік!


Кәкімбек Салықов

"Мағжан әлемі" кітабынан алынған


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар