Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әділбек Ыбырайымұлы: Бейсауат кісі (әңгіме)

10.02.2016 244

Әділбек Ыбырайымұлы: Бейсауат кісі (әңгіме)


«Әкең қартаймай құлға жарымайсың».


Халық мәтелі



Әділбек 26 жаста.jpg

...Қайшалысқан көліктер. Жол жиегімен үздік-создық шұбырған адамдар. Әйнектері сәулеге шағылысқан зәулім үйлер.


Бұл өз көзіне өзі нанбай жан-жағына аңтарыла қарады. Әрі-беріден соң басы айналды. Тамылжыған жайма-шуақ күн тынысын тарылтатындай.


Басында шәпкі, үстінде сұр күздік пальто. Мойнына асып алған «ФЭД» фотоаппараты бар.


Ары-бері өткіншілер бұған тіпті көңіл де аудармады. Тек өзі ғана ештеменің мәнісін түсіне алмай абдыраған халде төңірегіне шырқ айнала көз тігеді. Әлдене ұғынса бұйырмасын.


Жұрттың бәрі жеңіл, ашық-шашық киінген. Жүздерінде күлкі болғанымен мейірмандық білдіріп, іш тартпайды. Біреуі қасына таянсашы. Жоқ, ондай ишара байқалмады.


Енді бір таң қалғаны әнеу жігіт жападан-жалғыз келе жатып даурыға сөйлеп, жырқ-жырқ күледі. Міне, жанына да таянды.


– Прошу прощения, подскажите как пройти на улицу «Целинников»?


Қызыл шортилы, шолақ жең әлгі бейтаныс сол қалпы мұны ерен көрмей жанынан өтті де кетті. Мойын да бұрмады. Өзімен өзі сөйлесіп барады.


Бұл оның соңынан аңтарыла қарады. Қайран. «Киім киістері қалай? Мыналарға не болған?» Сонда ғана барып бұл өз үстіне үңілді. Пальто, жемпір... Жан-жағына сезіктене көз тастады. Әне, топтанған 7-8 оқушы балалар келе жатты. Бір қызығы бұл түсіне қоймайтын қазақша сөйлейді. Орысша сөз сирек естілетіндей... әлде естілмейді.


– Ребята, улица «Целинников» в каком районе находится?


Өзара даурыға шуласқан олар кілт тоқтап, бұған ошарыла бұрылды. Араларынан біреуі:

– Улицу «Цилинников» спрашиваете? – деп, бұның өзіне сауал қойды.

– Да.

– Ондай көше бар ма өзі? – деді әлгі баланың желкесінен біреуі қазақша.

– Жоқ! – деп өрекпіді өзгелері.

– Бұл кісі басқа жақтан келген ғой...


Мыналардың шүлдірін түсінбеді.

Осы кезде бұрыштан шыққан жол-патрульдік полициясы жандарына таяна берді.


Бақылауыш базада отырған оператор күмәнді нысанның әрекетін бейне камерадан аңдап, жүлгедегі кезекшілерге ақпарат түсірген еді.

– Азамат!


Жанарында сауалы мол жігіт ту сыртынан естілген дыбысқа үйелменімен бұрылды. Қарсы алдынан фуражкалы адамды көрді.


– Жол-патрульдік полициясы лейтенант Сыдықов! – Аузынан бұрын қолы маңдайына ербең етіп тиді.


Балалар тырқ-тырқ күліп, өз жөндерімен тартты.


– Қай жақтан келіп едіңіз, баратын адресіңізге жете алмай тұрсыз ба? –Кәсіби дағдымен бейтаныстың үсті-басына барлай қарады. Жаз айындағы ұсқыны мен ескі үлгідегі киім киісі еріксіз көз тартты. Қазір ешкім қолданбайтын мойнына ілген антикварлық фотоаппарат күлкі шақырды.

– Я вас не совсем понимаю.

Мұндай жай көпшілік арасында жиі ұшырасатындықтан полиция еш қиналмай орысшаға көшті.

– Алыстан келдіңіз бе?

– Осында тұрам. – Үні сенімсіз шықты.

– Тұратын жеріңіз?

– «Тыңшылар» көшесі...

– «Тыңшылар» көшесі дейсіз бе? – Полицияның жадына ондай атау оралмады. – Құжатыңыз бар ма?

– Қазір... – Төс қалтасынан қып-қызыл куәлік шығарды.


Лейтенант қолына алған құжатқа бір, оны ұсынған иесінің жүзіне бір көз жүгіртіп өтті. Құжатта «комсомол билеті» деп жазылған. Билік өкілі мұндай куәлікті бірінші рет көріп тұр. Тек көне кинолардан байқағаны бар. «Қиясбаев Жолдыбай, бүкілодақтық комсомолдар қатарына 1950 жылы қабылданды».


– Жасыңыз қаншада? – Енді полицияның өңінен таңдану белгілері байқалды.

– Жиырма алтыда.


Полиция мырс етіп күліп жіберді.


– Түсінікті. – Жұмбағының шешімі оңай табылғанына жайдарыланып салды. – Азамат, жүріңіз менімен бірге.


Қолтығынан алып, бағдаршамға қарай беттеді. Ілесіп бара жатып полициядан «бүгін қай күн?» деп сұрады.


– Тамыздың 18-і, сейсенбі.

– Жыл?


Сәрсенов жаңа танысының есінің дұрыстығына күмәнмен қарады.


– 2013! – Дауысы қатқылдау шықты.

– Айтса нанғысыз...


Дерегі мен дәйегі жоқ сөз ауанына қарап, ішкі істердегілер беймәлім адамды көп ұстамай психиатрия ауруханасына әкеп табыстады.


Әуелгіде ол тиісті құжаттар әзірленгенше психотерапевтің қабылдау бөлмесіне жайғасты. Бірақ сырт киімін шешкісі келмеді. Фотоаппаратын да жанынан тастамады. Ешбір затын маңынан алыстатқысы жоқ. Әлденеден секемденетіндей аялы жанарымен бөлменің ішін мұқият барлай қарады. Онда басы артық ештеме жоқ еді. Мониторымен жұмыс столы тұрды. Оның оң жақ қапталына терезеге таяу шкаф орын тепкен. Шкафтың үстіне қысқа толқынды пеш қойылыпты. Төңірегімен сырттай танысқан соң жанындағы журналдық стол үстіндегі газеттерге қол созды. Оқуға ден қоя кіріскенінде кенет ұялы телефон шырылдады. Мейірбике қасықтай ғана тұтқаны алып, тілдесе жөнелгенінде көзі атыздай болды. Ал ол орнынан түрегеліп, сөйлескен күйі дәлізге беттегенінде мойынын солай бұрған қалпы қатты да қалды. Көп бөгелмей мейірбике қайтып оралды. Жат адам бұл кезде басылымдарға шұқшия көңіл қойған. Жұмыс ауанымен дыбыстар білінгені болмаса тосын ештеме байқалмаған. Осы уақытта қызметкерлердің бірі тарелкаға салынған тағамын көтеріп бері беттеді. Ол қалт еткен қимылды қапы жібермейтін бөгде жанардың бақылауынан тыс қала алмады. Келген бетте ыдысын қысқа толқынды пешке сүңгітіп, бір-екі ноқатты саусағының ұшымен түртті. Ізінше қарағаштың арасындай ызылдай жөнелді де, 1 минутқа жетер-жетпесте дың еткен үн шығара тоқтады. Әлгі адам буы бұрқыраған ыдысын көтеріп ізімен кері кетті. Мұны көрген бейтаныс орнынан ұшып түрегелді.


– Бірдеме болып қалды ма? – Мейірбике үйреншікті әдетімен пациентті тыныштандыру үшін сабырға шақырды. Түйсігінде тұманы бар жан ойлы жанарымен бұған бір қарады да қайта орнына жайғасты. Бірақ, ішкі дүниесіндегі әлдебір алаңдаушылықтың ізі аңғарылды. «Е-е, бізге қиын науқастың бірі келіп отыр екен ғой».


Мейірбике ішкі ойын бүркеген қалпы, жұмбақ жігітті психотерапевтке алып кірді.


– Келіңіз, жайғасыңыз.


Ол дәрігердің алдындағы диванға тізе бүкті де ыстықтаған кісінің әрекетімен жемпірінің омырауын созып, желпігендей болды. Сосын оң жақ иығынан асыра иегін көтерді де қабырғада ілулі тұрған сағатқа назар аударды. Оң қолымен фотоаппаратын ұстап, шәпкісін оның үстіне қойды.


– Өзіңізді сезінуіңіз қалай?


Жауап бермей сипақтай берді.

– Бәрі дұрыс па? – Дәрігер науқастың жүзіне барлай қарады. Ол ләм-мим тіс жармады.

– Егер сіз үнемі жауап қатпай отырсаңыз, онда біз сізбен тіл таба алмаймыз. Менің сізге көмектесуім өте қиын болады.

– Маған сіздің көмегіңіз қажет бола қоймас...

– Неге сіз өйтіп ойлайсыз?

– Бүгін қай күн?

– 18 тамыз, 2013 жыл.

– Менің ең соңғы білетінім 18 сәуір, сәрсенбі, 1958 жыл.

– Бұл өте қызық екен. Сіздің пайымыңыз бойынша, болашақ уақытқа тап келгеніңіз бе?

– Ештеме білмеймін.

– Жарайды онда, ең әуелі сізбен жақынырақ танысайық. Кімсіз?

– Менің аты-жөнім Қиясбаев Жолдыбай. 1932 жылы 17 маусымда Ақмолада туғанмын.

– Мен сіздің өңіңізге қарап, 25-26 жас берер едім. Әрі кеткенде – 30.

– 26-дамын. Нанбасаңыз санаңыз.

– Жарайды, соңғы жадыңызда қалған сәтті есіңізге түсіріп көріңізші.

– Менің демалыс күнім еді. Фотоаппаратымды алып, қыдыруға көшеге беттедім. Аулаға шыққанымда беймәлім нысанға назарым түсті. Оның пішіні қоңырауға ұқсас еді. Өзгеше траекториямен қозғалды. Менің оны ұғындыруым қиын, сондықтан пленканы шығарып көру керек. Сонда бәрі түсінікті болады.


Уақытты шатастыруына қарағанда жүйке жүйесінде ауытқушылық бар-ау деген байлам жасады. Оны тап басып айту үшін біраз уақыт қажет. Сосын дәрігер оған ауруханада қалуды ұсынды.


Ол тағы да қабырғадағы сағатқа мойынын бұрды.


– Сіздің сағатыңыз тоқтап қалыпты. Уақыттың қанша болғанын айтыңызшы.


Дәрігер сағатқа жанарын жалт бұрды. 12.32-іні көрсетіп тұрды. Қолындағы сағатқа үңілді – 12.32. Екеуінің әңгімелесіп отырғандарына, шамасы, 25-30 минуттай өтті. Қабырғадағы сағаттың тоқтап қалуы онша ойландырмайды, қолындағы швейцар сағатының мүдіруі күмән тудырды. Сосын екіұдай кепте науқасты ассисентке апарып, оны бақылаудың бағыт-бағдарын белгіледі. Шығарында Жолдыбайдың қолына дәптер ұстатты.


– Есіңізге не түседі, өзіңізге қолайлы мезетте жаза беріңіз. Ішінде анкета да бар. – Ол сол бұйығы қалпында үнсіз томсырайды.


Кабинетке келгенде сағаттың тілі қалыпты ауанымен жүріп тұр екен. Бірақ, нақты уақыттан жарты сағатқа қалып қойған. Бұл жайт дәрігердің білуге құлқын арттыра түсті. Әртүрлі сауал қаумалаған күйі фотоаппаратты алып, тысқа беттеді. «Гүлжан» сауда үйінің маңындағы фотостудиялардың біріне пленканы шығартуға тапсырма бермек.


– Абай болыңыз, мұнда 55 жыл бұрын түсірілген пленка... ал ондағы көріністер біз үшін өте қымбат, – деді студия мамандарына.

– 55 жыл бұрын?! – Сары шашты жігіт бұған бажырайып, таңданысын жасыра алмады. – Мұндай мұраға қалған дүниемен бірінші рет жұмыс жасайын деп тұрмын. Әйтсе де алаңдамаңыз, өте мұқият боламын.


Екі сағаттың шамасында қайта айналып соқты. Мұның төбесін көрісімен әлгі сары шашты қарсы беттеді.


– Әлгінде 55 жыл дедіңіз бе?

– Иә.

– Қалай сақталған? Технология бойынша пленка 3 жылдан әрі сақталмайды. – Сенімсіз күйде басын шайқады.

– Бірдеме шығара алдыңыз ба?

– Шығарғанда қандай! 36 кадрдың 4-теуіне ғана түсірілген екен.

– Кәне!

– Сәл сабыр сақтаңыз. – Жұмыс үстеліне үңілді де, әлдебір қағаздарды сапырылыстырып, «мінекейіңіз» деп, ақ конвертті алдына тастады.


Ашып қарағанында ежелгі қара-ақ түсті суреттер жылы ұшырады. Біріншісі, әлдебір көшенің көрінісі. Екіншісі, Жолдыбайдың өзі, бәлкім ұқсас жігіт. Үшіншісі, жиырмалар шамасындағы бойжеткен мен Жолдыбай. Ал, төртіншісі, айтқанындай әуеде ілініп тұрған қоңырау пішінді әлдене.


– Рақмет. – Асығыс сыртқа беттеді. Көкейінде сан сауал.


Науқастың сөзі шалықтап сөйлейтін өзінің клиникасындағы көптеген сырқаттардың уәжіне ұқсамайды. Шынтуайтында пленкадан беймәлім нысанның кескіні табылды. Дәрігер кабинетіне келгеннен кейін тағы да суреттерге үңілді. Суреттегі жігіттің үстіндегі киім қазір Жолдыбайдың үстінде. Айна қатесіз. Содан бері қанша жыл өтті... Түйсігіндегі түйткілдердің кілтипанын білмек ниетпен бейсауат кісіні қайта өзіне шақыртты. Ол келіп қарсы алдына жайғасқаннан кейін психотерапевт суреттерді столға біртіндеп жайып қоя бастады.


– Доктор, айтыңызшы, денсаулығымда ауытқушылық бар ма?

– Көріп отырсыз, Жолдыбай, мен сізді науқас адам деп санамаймын. Бірақ... кейбір кілтипандардың кілтін табу керек. Мен сіздің көмегіңізге арқа сүйеймін.

– Мен мұнда бөгдемін, үйіме барғым келеді... өз уақытыма.

– Жолдыбай, мына жатқан суреттер сіздің фотоаппаратыңыздан шығарылып алынған. Оның ішінде, әсіресе, мына карточка қайран қалдырады. Қараңызшы.


Шеткі суретті Жолдыбайға ұсынды. Ол оны абайлап қолына алып, ыждаһатпен үңілді.


– Сізге жалған айтпағаныма көзіңіз жеткен шығар? – деді дәрігердің бетіне бажайлай зер қойып. – Мен әлі күнге дейін оның не нәрсе және менімен не болғанын түсінбеймін. Объектив арқылы түсірген нысанымды... сосын... мені қоршаған өзге әлемді көрдім. Ары қарай беймәлім.


Дәрігер бейсауат кісінің жүйкесіне артық салмақ түсіргісі келмеді. Фотоаппаратын қайтарып беріп, палатасына барып демалуын өтінді. Жолдыбай дәрігерден шыққан қалпы ешқайда бұрылмай дәлізбен өз жайына беттеді. Сол сәтте психотерапевт қабырғадағы сағатқа қарады. Ол тағы да тоқтап қалған екен. Жалма-жан білегіне үңілді. Швейцар сағатының да тілі байланыпты... 7-8 минуттан кейін науқастың палатасына барған мейірбике Жолдыбайдың жоқ екенін жеткізді. Дабыл қағылып үш қабатты ғимарат бұрыш-бұрышы қалмай тексеріліп шықты. Кіретін, шығатын есік біреу-ақ. Онда үнемі күзет. Терезелердің бәрі темір тормен бекітілген. Жабық режимдегі мекемеден оның қалай шығып кетуі мүмкін? Ең бастысы не үшін? Бұл оның клиникада жатқанына үшінші күн еді. Төсегінің үстінде газет пен дәптері қалыпты. Онда өзінің мекен-жайы, 1932 жылы Ақмолада туғаны және Ақмолада машина жасау зауытында тәлімгерліктен өткені туралы жазылған. Дереу бейсауат кісінің із-түзсіз жоғалғаны жөнінде тиісті орынға хабарланды. Соңында қалған дерек пен мәліметтерді науқасты клиникаға әкелген аудандық ішкі істер органындағы адамдарға табыстады.


Лейтенант Сыдықов жедел түрде іске кірісті. Егер Қиясбаевтың қалдырған мәліметі рас болса, ол бұрынғы «Тыңшылар» көшесі, 9-үй, 5-ші пәтерде тұрған. Қалалық әкімшіліктің берген анықтамасы бойынша ол үй 80-ші жылдары бұзылып, жаңадан үй салынған. Кейін Ақмола Астанаға айналғанда әлгі үйдің орнына заманауи 12 қабатты ғимарат бой түзеген. Бақылауыш базасындағы оператор Жолдыбайды алғаш «Сарыарқа» даңғылының бойындағы сол үйдің маңынан аңдаған. Жұмбақ жағдайда жоғалған бейсауат кісіні іздеуде психатрия клиникасының бас дәрігері Дулат аз уақытта Сыдықовпен тығыз қатынасқа көшті.


– Өзіңіз көрдіңіз. Айнала күзет. Терезе ашық болған күннің өзінде темір тордың саңылауынан сыйюы ақылға қонбайды.

– Тым күрделі. – Төмен қараған күйі лейтенант басын шайқады. –Азаматтардың жеке басын тіркеу, сондай-ақ, құқық қорғау органдарындағы деректер 1932 жылы туған Қиясбаев Жолдыбай деген адамның болғанын растайды. Бірақ ол 1958 жылы емес, 1978 жылы із-түзсіз кеткендердің қатарында. Оның жоғалғандығына қатысты құжат пен жеке суреті бар. Әлгі суреттегі кісінің өңіне қарағанда егделеу адам. Сіздің көрсеткен суретте – жас жігіт.

– Мұны қалай түсінуге болады? – деді дәрігер.

– Ресми іздеу салынған суреттегі адамның жасы 46-да. – Полиция аңтарыла дәрігерге мойын бұрды. – Ол жөніндегі бағыттамада «Жолдыбай өзімен бірге «ФЭД» фотоаппаратын алып сыртқа шыққан, содан қайтып оралмаған» деген сөздер бар.

– Қызық. Жолдыбайдың өзі де дәл осылай айтты. Бірақ, ол 1958 жыл...

– Мен бұл істі жан-жақты зерттеу мақсатында Астана ғарыш орталығына сауал жолдадым. Бір анықтама берсе уфолог мамандар берер.

– Дұрыс екен, – дәрігер сұқ саусағымен столды тықылдатқан күйі сәл іркілді де, – онда, оны білетін кісілерді іздейік, – деп, ұсыныс танытты.

– Оны да ойластырдым. Жолдыбайды біледі деген бір кісінің дерегі бар. Соған қатысты сұрау салып жатырмын.


Дулаттың жанарына үміт сәулесі жүгірді.


– Жолдыбайды білетін адамды табуға сол әлгі милицияның жазған бағыттамалық анықтамасы жәрдемдесті. Онда оның із-түзсіз жоғалғанын мәлімдеген әйелдің аты-жөні көрсетілген. Бағила Тұтқышова. Бірақ...

– Бірақ, не?

– Ескі үйді бұзған кезде тұрғындарды өзге баспанаға қоныстандырған. Осы жерде мүдіріп тұрмыз.

– Е-ее... – Дәрігердің қабағы қыртыстанды.

– Алаңдамаңыз, табамыз. – Лейтенант Дулаттың сенімін нығайта түсті.

– Мені бірге ерте баруды ұмытып кетпессіз деп ойлаймын.



***


Қоңырау соққанымызда «кто это?» деген егде әйел дауысы естілді.


– Ішкі істер органынан, лейтенант Сыдықов. – Сыдықов қызметтік куәлігін есіктің көздей тесігіне таяды. – Валя апай, мен сізбен телефонмен сөйлестім ғой.


Бір кезде барып құлыптың кілті бұрала бастады. Ашылған есіктің ар жағынан жетпістің үстіндегі қария әйелдің кескіні көрінді. Сынды кісінің қуаң өңі уақыт бедері қанша салмақ салса да жас кезінде тым әрлі болғанын аңғартты.


– Сәлеметсіз бе?

– Біздің учаскелік милициясыз ба?

– Жоқ, апай, полицияданмын.

– Бір кезде милиция деп аузымыз үйреніп қалған. Кіріңдер. – Бұрылып төр үйге қарай жол бастады.

– Апай, бұйымтайымыз сізбен әңгімелесу, – деді лейтенант. – Мына кісі біздің мұрағатта істейді. – Күні бұрын бұл мәселені пісіріп қойып еді.


Әбден жайғасқаннан кейін:

– Жолдыбай Қиясбаев деген кісіні білесіз бе? – деді дәрігер.


Мұндай сауалды күтпесе керек, нұры солғындаған жанар жалт ойнады. Сосын қайта сабырлы қалпына көшіп:

– Ол өлген жоқ, тірі. Қайтып оралуы тиіс, – деп жауап берді қария.


Аңтарылған екеудің бір-бірімен көздері түйісті.

– Сіз ол адамды бұрыннан танисыз ба?

– Екеуміз жақсы дос болдық.

– Қандай да бір естелік бұйымдар бар ма?


Кемпір орнынан көтеріліп, сервантта тұрған көнетоз альбомды алып шықты. Алдарындағы журналдық столға жайып салып, жайлап парақтай бастады.


– Міне, Женядан қалған жалғыз белгі. – Көнетоз қара-ақ түсті суретті қолына алып, екеуіне көрсетті. Онда таныс болып қалған бейнелер – Жолдыбай, яғни, Женя мен ана бір бойжеткен қатар тұр екен.

Әжім шимайлаған саусақтарын шошайтып:

– Бұл жерде мен, шамамен, 18 жастамын, Женя 26-да, – деді Валя апай.


Сөйтіп, Бағила Жолдыбайдың фотоаппаратындағы қыз болып шықты.

– Женя екеуміз қимас жандар едік. – Әңгімесі үзіліс тапты. Онысыз да кейіс тартқан қабағын мұң басқандай білінді. – 1978 жылы ол жоғалғаннан кейін оны өлді деп есептеген. Ал пәтерін өзгелерге берді. Олар Женяның бұйымын қоқыс жәшігіне шығарып тастады.


Бағила көп дүниенің арасынан бір ғана суретті сақтай алыпты.

Қария ауыр күрсінді.

– Мұны біз ертеде түскенбіз, 1958 жылы.

Суретте клиникада болған жігіт пен жас қыз қатар отыр. Оны Жолдыбай емес деп айту өте қиын. Ал қыз – фотоаппараттан алынған суреттегі бойжеткен екені күмәнсіз. Бұған әбден көз жеткізу үшін фотоательеден шығартқан суретті Бағилаға ұсынды. Оны көргенде қария егіле жылады.

– Бұл сізде қайдан жүр? – Орамалымен көзінің жасын сүртті.

– Органның архивінен алдым.

Әрине үлкен адамды алдауға тура келді. «Мен таяуда Жолдыбай Қиясбаевпын деген адаммен ұшырастым. Бұл соның фотоаппаратынан алынды» деп айту, жер ортасынан ауған кісіге ауыр соғатындай көрінді.

– Мүмкін емес.

Бұл суреттің әлдебір жерде сақталғанына Бағила сенімсіз қарады. Еш илана алмай басын шайқады. Бірақ бір маңызды нәрсені есіне түсірді.

– Әлгінде айттым ғой бұл, шамамен, 18 жастағы кезім.

– Сіз Женяны әлі тірі деп ойлайсыз ба?

– Иә. – Нұры тайса да ойлы жанарын Дулатқа қадады.

– Неге?

– Өйткені оның өлгеніне еш илана алмаймын. – Арада болмашы үнсіздік орнады. Валя апай сөзін қайта сабақтады. – Женя қызық адам болатын. Ол кезде оның сөздері ақылға қонбайтын. Болашақты көремін дейтін. Бүр күні оған әлденәрсе әсер етті, содан өзгерді. Газеттерге, радиоға жаза бастады. Және жойдасыз, көңілге сыймайтын әңгімелерді айтатын.


Дулат пен Сыдықов Валя апайдың үйінен біраз жайтқа қанығып шықты. Одан кейін Жолдыбайды іздеу жан-жақты жалғасты. Сол әңгіменің желісі дәрігерді мемлекеттік дыбыс архивіне алып келді. Қаптаған сөрелерден 1958 жылғы материалдар жиналған қатарға жіті назар аударылды. Ақырында бір ұштығы табылды. Ескі үнтаспасында Жолдыбай есімді азаматтың сұхбаты сақталыпты. «Сәлеметсіздер ме, құрметті радио тыңдаушылар! Бүгін бізде қонақта облыстық пионерлер үйі жанындағы үйірменің жетекшісі, өнертапқыш Қиясбаев Жолдыбай, – деп басталады диктор әйелдің үні. – Ол болашақтың техникасы мен технологиясы жөніндегі өзінің тамаша жобаларымен бөліскелі келіп отыр. Байсалды үнді ер кісі тыңдармандармен сәлемдесті. «Таяу болашақта, 40-50 жылдың төңірегінде ғалымдардың ізденісімен біздің өміріміз адам сенбестей өзгереді. Жасанды жүректер қолданысқа енгізіледі. Тамақ әзірлеу жылдам және оңайға түседі. Телефон сымсыз тұтқаға айналады. Тек қана ол емес адамның қызуын, қан тобы мен қысымын кішкентай түтікшені денеге тигізу арқылы анықтайтын боламыз.

Дулат дереу Валя апайға телефон соқты.

– Біз сіз айтқан сұхбаттарды үнтаспадан таптық, тыңдап көресіз бе? Мүмкін Женяның дауысын танырсыз.



***


Қария ер адамның үнін естігенде:

– Иә, сол, сол! – деуге шамасы келді де, орамалының ұшымен бетін басып отырып қалды.

– Апай, қойыңыз, босамаңыз...

– Енді қайтейін, оның жолына өмірімді арнадым ғой. – Мына сөздің соншалықты ауырлығынан ба ешкім тіс жармады. Тек өткен уақыттың қойнауынан Женя баппен сөйлеп жатты.

– Мен алғаш қысқа толқынды пешті көргенде Жолдыбайды есіме алдым, – деп, сөзін жалғады қария үнтаспадағы әңгіме аяқталғанда. – Бұл жөнінде ол баяғыдан білетін еді. Бірақ қазір «бұның бәрін ол қайдан білді?» деген сауал мазалайды.

– Әке-шешесі туралы айтатын ба еді?

– Әке-шешесі осында Ақмолада тұрған. Женя машинажасау саласында қарапайым жұмысшы болып істеп жүріп, пәтер алды. Алматыдағы политехникалық институтқа түсуге ниеттенген. Соңыра әлгі байламынан бас тартты. Оны мазалаған бір түйткіл бар еді. Неге ол өзі отырған жерде сағаттар тоқтап қалатынын түсінбеді. Оған қатысты «миы шатасқан» дегендей сөздер айтылды. Сосын, «өз ортасына» кетіп қалды.


Дәрігер шаршаңқы кепте жұмыс орнына оралды. Кабинетке енгенінде столының үстінде жатқан оқшау қағазға бірден назары ауды. Қолына алғанда «Астана ғарыш орталығы» деген жазу оттай басылды. Факс арқылы келген екен. Лейтенант Сыдықовтың жібергенін түсінді. Асығыс әрмен қарай көз жүгіртті.

«...Егер біз бір адам туралы айтып отырған болсақ, мынау дәл сол Жолдыбай. Бірақ егделеу. 46 жасар Жолдыбайдың «ФЭД» фотоаппараты клиникадан жоғалған Жолдыбайдың қолындағы фотоаппарат болса, таң қалмаңыз. Милицияның сұрау салған анықтама қағазындағы Жолдыбайдың аты-жөні мен психиатрия ауруханасына түскен Жолдыбайдың аты-жөнінің дәлдігі кездейсоқ ұқсастық емес. Өйткені бұл адам шындығында уақыт аясында бейсауат жүрген жан. Сол бейсауат жүрісімен ол 1958 жылдан 2013 жылғы болашақ өмірге тап келді. Сөйтіп, өзге уақытқа бір мәрте барып қайтып, арамызда 20 жыл өмір сүрді. Сосын, 1978 жылы қайта беймәлім уақыт ағымына ілесіп кеткен. Одан кейінгі өмірі беймәлім».


Көзілдірігін шешіп столдың үстіне тастады да, креслосына шалқая қисайды. ...Дәрігер уақыт өте келе ештеменің ұштығына жетпейтінін ұғып қойған. Сөйтіп, көрген түстей оқиға біраз еліттіріп барып саябыр тапты. Содан бері де араға екі жылдай мезгіл сыналай еніп үлгеріпті. Тіпті, бұл жайтты біржола ұмытылып кеткен де болар ма еді. Бір күні күтпеген жерден Бағила апай дәрігерге телефон соқты.

– Айтсам нанбайсыз.

– Не болды?

– Женядан хат алдым.


Дәрігердің тілі байланып бір сәт отырды да қалды.


– Ха-а, ха-ат өзіңізде ме? ...Қазір барамын онда.

Соңғы апталарда Бағила үйінде болмады. Жүрегінің сыр беруі аурухана босағасына апарды. Мерзімдік емін аяқтап үйіне келгенде пошта жәшігінде ешқандай жазуы жоқ конверт жатты. Конверттің ішінде сурет, онда – Жолдыбай.


– Қараңыз ол мүлде өзгермеген. – Қарияның қолдары сәл дірілдей фотокарточканы ұсынды. Дәрігер полиция мұрахатынан алынған суретпен қатар қойды. Рас, бет-пішіні сол қалпы.


46 жасар көз таныс жігіт жағалауда тұр. Бұл Есіл өзенінің оң жақ қапталы екенін жазбай таныды. Бірақ онда бүгінгі кескін емес, болашақтың ғимараттары бой түзеген. Сурет болашақ уақыттың төрінен түсірілгенін ұқты. Қайран қалғаны сурет қара-ақ түсті. Оны кері аударды. «Хәлім жақсы. Мен оралуға тырысамын» деген жазу селк еткізді. Өйткені ол, қазақша жазылған еді.


– Менің дал болатыным, неге ол өзге тілде жазды? – Кемпір абдырай дәрігерге жәбірленген кепте қарады.

– Әбіржімеңіз, оның халі жақсы. «Со мной все в порядке. Я постараюсь вернуться» деп жазыпты. Тек ол ана тілін тапқан.

– О-о, құдайым-ай... – Қария қалтыраған қалпы диванның бұрышына тізе бүкті.


Валя апай осы сөзді түсіне алмай қиналып отыр екен.   



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар