Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Таласбек Әсемқұлов: Талғам – эстетикалық ар-ұят

01.08.2018 679

Таласбек Әсемқұлов: Талғам – эстетикалық ар-ұят

Гетто избраннничества
Вал. Ров.
Пощады не жди.
В этом христианнейшем из миров
Поэты – жиды.

Фото басты.jpg

Марина Цветаеваның айтқаны мәңгі ақиқат. Қай заманда, қай қоғамда өмір сүрсе де жақсы ақын жойыттай қудаланады екен. Осы күні көдедей қаптап кеткен көп ток-шоудың бірін көріп отырғанда осындай ойға қалдым. Қаншама жұрт жиналып, тұлғасы, сөз саптасы ешкімге ұқсамайтын талантты жас ақынды тулақша сүйретіп, итша талады. Әрине, әдебиет пен өнер мәселесі шуылдасқан ток-шоуда шешілмейді. Бұндай “қойылымдар” шоу-бизнестің бір бөлігі екені анық. Бірақ қандай дарақы мерекеде де есерге жол бермеуге де болады ғой. Қазақ мал қайырғанда да бұлай шуламайтын еді ғой. Ойлап отырсам, бұндай “қойылымдардың” үрдісінде, табиғатында біздің қазіргі ахуалымыз, талғамымыз, түптеп келгенде адамдық келбетіміз мәселесін қамтитын үлкен сауал тұрған сияқты.

***

Осы талғам деген не?

Менің ұғымымда талғам – адамның эстетикалық ар-ұяты. Әрине күнделікті өмірдегі тұрмыстағы ар-ұяттан айырмашылығы, талғам – ерекше тәрбиеден, қалыптасудан өткен ар-ұят. Одан ары баратын болсақ, талғам – сананың дамыған ең нәзік түрі. Кеше ғана басымыздан өткен, бүгінде тарих еншісіне айналып бара жатқан заманда, қоғамдық формацияда басқаға орын болса да, талғамға орын жоқ еді. Кеңестік жүйе талғамы жоқ, тұтас адамзат нәсілін тәрбиелеп өсіріп шығарды. Бұл жерде мен Батыс әлеуметі бұл тарапта бізден үстем шықты деп отырған жоқпын. Дегуманизация, масскульт – бүкіл әлем мәдениетіне тән құбылыс. Талғамсыз адам – бүкіләлемдік тұлға.

Егемендік – ең әуелі сананың егемендігі, ментальдік құбылыс. Біз егемендік алдық, еркіндікке жеттік дей алмаймыз. Бұрынғы штамптардан, комплекстер мен синдромдардан ой өлкеміздің әлі арылмағандығынан… білмейміз. Басымыздан кешкен сол заман, соның низамдары бізді әлі күнге дейін етегімізден тартып жібермей тұрғандығын сезбейміз. Біз осы дүниетанымымызбен жаңа заман өнеріне, мәдениетіне пікір айта аламыз деп ойлаймыз. Бірақ әлеуметтік пікір, талғам толықтай аласталған заманнан, пікірсіз, талғамсыз қоғамнан келген біз, әрине, жаңа аспан астында туған жаңа ұрпақтың өнеріне пікір айта алмаймыз.

Ал айта алу үшін біз ең әуелі өнер мен әдебиетке, жалпы рухани мәдениетке деген утилитарлық көзқарастан, яғни мәдени құбылыстарды олардың келтіретін нақты пайдасы тұрғысынан бағалау дағдысынан арылуымыз керек. Жан Кокто айтыпты: “Өнерсіз өмір сүру мүмкін емес, бірақ оның не үшін қажет екенін білмеймін,” – деп (”Я знаю что искусство совершенно необходимо, только не знаю зачем”). Джон Роскин айтыпты: “есіңізде болсын, жаратылыстың ең көркем деген түрлерінің, мысалы тотықұстар мен лилиялардың ешқандай пайдасы жоқ” деп (”Помните, что едва ли не все прекраснейшие в мире творения совершенно бесполезны: например, павлины и лилия”). Тағы да Жан Кокто айтыпты: “Тіпті сұлулықты елемейтіндердің өздеріне сұлулық әсер етеді деп (”Красота действует даже на тех, кто ее не замечает”). Әрине, біз (мен бұл жерде өз замандастарымды айтып отырмын) бақытсыз ұрпақпыз. Гертруда Стайнның сөзімен айтсақ, “жоғалған ұрпақпыз”. Себебі, біз өзіміздің бақытсыз ұрпақ екенімізді сезінбедік. Ал бұл екі есе бақытсыздық. Алайда, мәдениет тарихы бір ұрпақтың ғұмырымен шектелмейді. Біз өзімізден кейін де өнер бар екенін, көкорай шалғын болып өсіп шыққан жаңа жас ұрпақтың да өзіндік айтары бар екенін, олардың бізге ұқсауы шарт емес екенін, оның өз қамы, өз түйсігі бар екенін, содан соң жаңа түйсікті, жаңа танымды бейнелеу үшін бұрынғы тілдің мүкіс екенін мойындауымыз керек. Жаңа жас ұрпақтың рухани ізденістеріне құрметпен қарауымыз керек.

***

Жаңа поэзияның ең үлкен айыбы – оның түсініксіздігі деседі.

Алайда бұндай түсініксіздіктің бірнеше себебі болады. Кейде айтары жоқ ақын шынында да бұлдыратып жазуы мүмкін. Ондай шығарманы оқып отырғанда автордың шынында да “түсініксіз” екенін сезесің. Бірақ көп жағдайда түсініксіздіктің себебі: оқырманның өзінде, оның рухани жалқаулығында жатыр. Оқырман-пенденің табиғатындағы бұл қасиет – оның соры да, бағы да. Бағы болатын себебі, адам оқи-оқи кейбір текстерге адал болуды үйренеді. Бұндай текстер уақыт өткен сайын бабы жетіле беретін шарап сияқты. Текст пен оқырман арасындағы күн сайын жетілген ықылас-пейіл ақыр соңында үлкен, ештеңеге айырбасталмас сезімге айналады. Ал соры болатын себебі, оқырман-пенде бар рухани керегін бір ғана текстен тапқаннан кейін, басқа дүниелерге, рухани құбылыстарға сырт беріп, назар аудармайтын болады.

Баяғы заманда әлдебір қабиланы жеңіп, астанасын алған Халифаның бірі, сол қаладағы кітапхананы тұтас өртеуге жарлық береді. Оқымысты үлемнің бірі “әміршім, бұныңыз қалай, бұл кітапханада баяғыда жасаған пайғамбарлар, данышпандар, он сегіз мың ғаламның тілін білген ғалымдардың кітаптары бар, осынша мол байлықты көзіңіз қиып қалай жоясыз” дегенде, Халифа айтыпты: “Дүниеде бір-ақ кітап бар. Ол – Құран. Егерде мына кітапханадағы кітаптар Құранның айтқанын айтса қайталау болады, яғни жойылу керек. Құранға қарсы келсе – қарсы болғаны, яғни жойылу керек!” – деп.

Рухани жалқаулықтың тамаша көрінісі. Бір ғана тексті таныған оқырманның дүниетанымы осы шамалас.

Алайда, ақын оқырман түсінбеді екен деп төмендей алмайды. Өзің үшін жазып оқырманнан айырылуға болады. Оқырман үшін жазып, өзіңнен айырылуға болады. Шын ақын осының алдыңғысын таңдайды.

Оқырман поэзия қарапайым болсын, түсінуге жеңіл болсын дейді. Яғни менің қатарыма келіп тұрсын дейді. Қарапайымдылықтың екі түрі бар. Бірі – оқырманның қарапайымдылығы, дәлірек айтқанда, қарабайырлығы. Екіншісі – ақынның қарапайымдылығы. Акутагаваның сөзімен айтатын болсақ, “адам айтқысыз күрделі қарапайымдылық” (простота невероятной сложности”). Оқырманның қарапайымдылығына жету үшін – төмен түсу керек. Ақынның қарапайымдылығына жету үшін – өрлеу керек. Демократизмнен тыс тұрған, ол аз десеңіз демократизмның не екенінен бейхабар бір нәрсе бар. Ол – жазу стилі. Ұлы поэзия өзінің жазу мәнерінде демократизммен ешқашан санасқан емес. Бір ғұламаның айтқаны бар ғой. “Шын демократ жазғанда тобыр сияқты – шын жүректен, қарапайым және нашар жазады” деп. (”Истинный демократ пишет как толпа – искрене, просто и скверно”).

Шамасы пірадарлық пен нашар өлеңнің арасында, біз сырына ешқашан жете алмайтын құпия, симпатикалық байланыс бар. Өлең неғұрлым момын, неғұрлым пірадар болған сайын мінезсіздене береді, нашарлай береді. Керісінше ақыреттің табалдырығына баруға қорықпай, адам пенденің ең көлеңкелі сырларын ашқан сайын поэзия асқақтай түседі. Қабылдаңыз, қабылдамаңыз – жыр өнерінің заңы осы. Себебі, рәсімге құрылған мына дүниемен ешқашан сиыспайтын ақиқат адамның ішкі дүниесіндегі түпсанасында сақтаулы тұр.

***

Мен жастар поэзиясы жайындағы мәснауи талғауымды Ақберен Елгезектің жырларымен ашқым келеді. Себебі мәреге шыққан жаңа поэзияны толғандырған басты рухани сауалдар өзінің шұрайын аталмыш ақын інімнің шығармашығынан тапқан екен.

Ақберен жырларындағы лейттон басты әуен – күмән. Өзінің ең жауһар жырларынан теріп құрастырған жүз елу беттік шағын жинақтың басынан аяғына дейін, бірде Тәңірінің дидарын көргендей қуанған, бірде қимасынан айрылғандай қасіреттенген, бірде сүйінішті, бірде қамырықты, бірін-бірі алмастырған сезім күйлерінің астарында қалмай ілесіп отыратын, жүрек суырған күмән.

Өңім бе еді, бұл өмір, түсім бе еді?

Мен әлі де ештеңе түсінбедім.

Айнадағы бейнеге ұқсасам да,

Сол біреуге тартпаған ішімдегім!

Қайдан келді, білмеймін, бұл ұйғарым,

Біреудікі – өксігім, жымиғаным.

Қарашықтың түбінен оқта-текте

Оқылады дыбыссыз жыр-иманым.

(Автопортрет)

Шығармашылықтың қандайы болса да – дұға. Немесе ақынның сөзімен айтсақ, “жыр – иман”.

Марктан жеткен Інжілден “Сенемін, Жаратқан Ием! Менің күмәнімді сейілт” деген жазуды оқыған Сэмюел Батлер: “Сенбеймін! Жаратқан Ием, күмәнімді сейілте көрме!” деген деседі.

Себебі адам пенде күмәндана беруімен ғана басқа жаратылыстан биік тұр.

Менің жұмық көздеріммен бір кісі,

Жылап отыр…

Сондай оның күлкісі…

…Оның жасы – мыңжылдықтар құрдасы,

…Оның сөзі – мың мұңлықтың сырласы…

…Менің соқыр саусағымды шошайтып,

Бәз-біреуге күрсінеді қош айтып.

Содан кейін менен шарап сұрайды,

Сіміре сап тұңғиыққа құлайды,

Жүрегімді масайтып…

Бір қазада еріп келген қорымнан,

Бұл кісімен мұңдас едім бұрыннан.

Жетімек шал…

Орын беріп ішімнен…

Содан бері қара дертке ұрынғам.

Қорымнан еріп келген шалдың аты – үрей. Бірақ көрдей қорқынышты, адамды естен тандыратын ажалдың елесі – үрей емес. Керісінше, бұ дүниеден басқа дүниенің, басқа аспанның бар екенін адамның есіне ұмыттырмай салып отыратын өр сезім. Яғни, күмән.

Бір кемеңгер айтыпты, “Құдай бұ дүниеде емес, бұ дүниеде Құдайда” деп. Яғни жолдың қайсысы болса да – Құдайға апарады. Маған ақынның жаратылыс жайлы, Жаратқан Ие жайлы, сырт көзге астам болып көрінетін, ал шындығында үлкен күмәннің көрінісі болып табылатын, жас ұрпақтың ізденіс үстінде екенін көрсететін асқақ сөздері қатты әсер етті.

Сенім – деректі қажет етпейді, ол тек басқа сенімге ғана жол береді. Егерде сенің сенімің көркеюіңе жол ашпаса – сеніміңді ауыстыр. Күмән – сенімнің жауы емес, оның сыңары, жартысы. Шынтуайтқа келгенде, сенім – күмәннен құрастырылған мозаика. Адам дүниеге бір-ақ рет келеді. Ақын осыны мойындай отырып, өзінің ішінде ондаған бөтен тұлғалардың жүргеніне қайран қалады. Ақында дайын жауап жоқ. Ол “осы көріп отырғанымның сыры неде, қалай ойлайсың?” деп сауалды оқырманға қаратады.

Қалам Атаның өзіне “жазмышым ше қара сөз бе, өлең бе?” деп күмәнді сауал тастайды. Бұрынғы күмәнсіз заманның ақыны үш ұйықтаса бұндай ойға жете алмас еді. Сөз жоқ, өлең өресінің өскендігін көрсететін айнымас белгі.

Вийонның айтқаны бар ғой, “біз – біз емеспіз, бізге дейін болғандармыз” деп (”Мы – это не мы, а те кто были до нас”).

Үндінің пайғамбарларының бірі “Вы – то, что вы едите”, яғни “сіз неден қалыптассаңыз, содан тұрасыз” деп айтқаны бар.

Ақынның “Бір кісі” атты өлеңінде:

Оның түсі өмірім бе, өңім бе,

Менің түсім – оның түсі? Айта алман!

Санамалап әр аптаны, күн, айды,

Өкінеді,

Ағыл-тегіл жылайды…

Сондай жұмбақ – санамдағы сыңарым

Өзім кіммін? Қайда менің тұрағым?деген жолдарды оқығанда осындай ойлар оралады. Озған заманнан әлдеқалай жеткен, кім біледі, дүниеге ақын болы жаратылуы тиіс, бірақ жаратылмаған күйінде кеткен, өзіне лайықты тағдыр ақын жүректі тапқанымен, бұл жолы “мұратыма жете алмаймын-ау, кесімді күнім келгенде осы ақын жүрекпен бірге тағы да бақиға кетемін-ау” деп апта мен күн, айды санамалап жылап тұрған әлдебір рухтың бейнесі көз алдыңызға келгенде қайран қаласыз.

Ақынның жас басына лайық келмейтін озық рухани тәжірибесіне емес, мүлдем басқа нәрсеге таңдай қағасыз. Себебі бұл жерде өткен заманның өнер мұраты бізді тағы бір рет іздеп келіп тұр. Бірақ біз әлжуаз ұрпақ сол өнер мұратын кенересіне жеткізе алмай тағы да қор болмақпыз. Міне, бұл жерде ақынның бойын билеген, озған заман мүддесі алдындағы жауапкершілік пен ұят сезіміне бас иесіз.

Адам – жолдан тайған періште. Кейбір діни әфсаналарда осылай айтылады. Эдем бағында періште күйде жүрген Адам Ата мен Хауа Ананың жерге қалай қуылғанын елдің бәрі біледі. Сол Адам ата мен Хауа Ана таным мен білімнен шошып кетіп, қақпасына қайтіп келгенде қолдарында от-семсерлері бар періштелер жолдарына кес-кестеп тұрыпты. Себебі, Адам ұжмақтан кету керек, есею керек. Ұжмақ сияқты жылы ұяны қимай, ал шындығында еркіндіктен қорқып қайтып келген Адамға періштелер де, Жаратқан Иенің өзі де қарсы.

Еуропада ағартушылықтың (Просвещение) жетістіктерін, ғылым мен білімнің мүмкіндіктерін күмәнға шығарған ағым басталғанда, поэзияда да әфсаналық идеяларды күмәнға алу қалыптасты.

Шамамен осы кезде поэзияда уақыт идеясы пайда бола бастады. Енді Еуропалық поэзияда бәрін Уақыт өлшемінің аясына әкелу дағдысы қалыптасты. Соған сәйкес періштеліктің де уақыт заңдарына бағынатын ахуал екені пәтуа болды. Еуропаның жаңа әдебиеті осы пәтуадан негіз алған. Болмыстың өтпелі ахуалдардан тұратыны бейнелеудің ақиқатына айналды. Бір ақынның өлеңінде Періште, “мен періште болудан жалықтым, енді бір уақыт Адам болғым келеді” дейді. Бір романда Шайтан “Мен Шайтан болғым келмейді, біраз уақыт адам болғым келеді” дейді.

Ақберен Елгезектің “Пенде мұңы” деген өлеңіндегі протаганист кейіпкер жоғарыда аталған әфсаналық жолды жалғыз өзі қайтадан жүріп өтеді.

Періште перзент едім ғарыштағы,

Рухыма Тәңір тәнді бағыштады.

Жаратқанды сағынып жылап жаттым,

Жалғанменен еріксіз табысқалы.

Тани беріңіз. Періштенің жаратқанды сағынып жылап жатуы – аты аталмаған үрей. (Жарықтық Мұқағали “Еуропа ақындарына еліктеп жазған “Сәби болғым келеді” атты өлеңінде шамамен осы идеяны бедерлеген).

Әлбетте, бұл есеюден қорыққан көңілдің бейнесі емес. Бұл – пәни дүниенің теперішінен шаршаған, есейген естияр көңілдің ілкі, құрсаққа тамшы болып дарымай тұрғандағы замананы аңсауы.

…Білмеген өлім сырын бала жүрек,

Шошыды құлпытастан қорымдағы…

Қорымдағы құлпытас – кесімді ғана күні бар, сол кесімді күні келер өлімі бар алдамшы дүниенің символы. От оранып бақидан пәниге түсіп келе жатқан көп періштенің бірі – тағы бір періште, осы кесімді, өлімді дүниеден шошиды, есі кете қорқады.

Бірақ адам түгілі періште де өз несібесін таңдай алмайды. Несібе Тәңірге ғана аян жолдармен жүріп келіп, алдыңнан қарсылайды. Несібе – сонысымен несібе.

Ақын бұл турасында:

Жаратқанды сағынып жылап жаттым,

Жалғанменен еріксіз табысқалы, - дейді.

Жалғанменен еріксіз табысқан, еріксіз табыстырылған кейіпкер бір сөзінде былай дейді:

Аллаға адал қайту антым еді,

Шаршатты тіршіліктің шарты мені.

Сенделіп екі дүние арасында,

Жаныма ауыр тиді тән тілегі.

Бұл “мыңмен жалғыз алыстым кінә қойманың” өте алыс жаңғырығы, реңсіз көлеңкесі. Кейіпкер өзінің тәни дүниеге батқандығын ғана айтып тұрған жоқ, тұрлаусыз, болжаусыз мына дүниеде періште болып қалудың, Жаратқанның алдындағы антқа берік болудың қандай қиын екенін де айтып тұр. Аталған жолдарда жүректі дір еткізетін әлдебір жұмбақ мұң бар. Өлеңнің “адамзат атты адасқан Қабиланың өкілдері бір-бірінен не күтпек, нені сұрап білмек” деген шарасыз сауалмен аяқталады. Бұл – шешуі жоқ жұмбақ.

Ақынның шығармашылығынан “фантастикалық реализмның” элементтерін ажыратуға болады.

Құмардың шөбін тістедім

Құмырсқаша ойланып… (Шешім)

“Фантастикалық реализм” біздің көзіміз үйренген қалыпты дүниенің белігі-бір пропорцияларының өзгеріске, деформацияға ұшырауына негізделеді. Үлкеннің – кішкентайға, кішкентайдың – үлкенге, шындықтың – өтірікке, өтіріктің – шындыққа айналуы және т.т. “фантастикалық реализм” үшін қалыпты жағдайлар. Белгілі бір контурдың, конфигурацияның өзгеруі маңайдағы дүниенің жаппай өзгеруіне алып барады.

Осындай трансформацияға ұшыраған дүниедегі адамның көңіл-күйі – өзіміз айтып отырған “фантастикалық реализмның” объектісі болып табылады. (Ақберен Елгезектің ғана емес, басқа да жас ақындардың жырларынан кең орын алған, тіпті десеңіз, цензураның күзетіндегі Совет әдебиетінде мойындалған көркемдік принцип бүгінгі оқырман үшін жерден жік шыққандай сонша неге түсініксіз екені – түсініксіз).

Мысалы, А.Синявскийдің “Сот келе жатыр” повесінде әріптер өздері таңбаланған парақтан бөлініп, бөлек кете алатын қасиетке ие болады: “Біреуі менің қалталарымды тінтіп шықты… Содан соң қағаздың бетіндегі әріптерді жиып-теріп қалтасына тоғытты – бұл цензура үшін керек болды, шамасы.

…Бір әріп шамасы “з” әріпі құйрығын бұлғаңдатып басқа тарапқа жорғалай жөнелген. Алайда епті жігіт ұстап алып, оның аяқтарын жұлып алды да, тырнағымен жаншып өлтіре салды”.

Фантастикалық реализм арқылы цензура мен сөз бостандығы арасындағы күрестің гротеск бейнесі жасалған. Алайда, әлем әдебиетінде бесенеден белгілі образ кәнігі принцип біздің әдебиетке көшкенде адам түсінбейтін, түсіну мүмкін емес жұмбаққа айналады. (Қазақтың оқырмандық этосы – әлемдегі ең жұмбақ құбылыс).

Ақынға, суреткерге дүние қашан да тар. Фәнидің қандай құбылысы болса да, оның көңіліне олқы. Өзіне лайық “нысан-натураны” іздеп табу – қай суреткердің болса да ұлы арманы. Суреткерге қашан болсын шындық жетіспейді. Сол себепті жетіспейтін шындықты өмірде жоқ натураны ол өзі ойлап шығарады. Оның осы ойлап шығарғанын – өнер деп қойыңыз. Асқақ өнер игіліктерін жете зерделеген адамның көзіне оның (өнердің) астам қасиеттері шалынады. Өнер туындысының бойында фәни өмірге тән барлық белгілер бар, және осыған қосымша оны (өнер туындысын) өмірден биік ететін, ауқымды ететін тағы басқа сипаттары бар. Орыс я батыс мәдениеттерінің тілінде бұны “качество квази-реальности” деп атайды. Өнер өмірдің ең терең, ең көлеңкелі қалтарыстарына бойлай алады. Өмірдің, өзін өзі білгенінен, өнердің өмір жайлы білгені өлшеусіз артық. Өнер, фәни өмірден де, сол өнерді тудырған авторлардан да биік.

Сол себепті жаңа поэзиядағы “түсініксіз тұстар” – жаңа, жас ұрпақтың әкелер бастан кешірген кемді күнді жаңаша пайымдауы болып табылады. Немесе, қарапайымдап айтатын болсақ, жиырмасыншы ғасырдың басында зорлықпенен кесілген қазақ поэзиясының жолын жас ұрпақ қайтадан, жаңадан бастайын деп отыр. (келіспеуіңізге болады, бірақ шындығы – осы).

Жусанды иіскеп айықтым,

Жымиған гүлдер ішінен…

…Жұлдызға қарап сәулелі,

Санаммен қудым әурені.

Ойнадым,

Күлдім,

Өкіндім,

Бұлтты ойдан қалды шөкім мұң,

Аңырайды қу тірлік,

Аяз болуға бекіндім…

Поэзия, әсіресе, 20-шы ғасырдың басынан басталған поэзия (сюжетті өлеңдерден басқа) негізінен сөздің, көркем бейненің таңбалық табиғатына табан тірейді. Яғни, ұлттық санадағы бұрынғы жырдан қалған түрлі естеліктерді, символдарды қақтығыстыру арқылы жаңа мағына жасайды. Өзінің мәдени кодтары әбден қалыптасып жүйеге түскен қандай да болмасын ұлттық өнер басқа тілдік жүйеге құрылған бөгде өнерге, бөтен мәдениетке дейін – постмоденистік өнер және мәдениет болып табылады.

Мысалға:

Жусанды иіскеп айықтым,

Жымиған гүлдер ішінен… – деген жолдар арқылы ақын, елжіреген сезімнің арасынан көңіліне қажыр-қайрат іздеп тапқандығын айтып отыр. Жусан – жер таңдамай, күй талғамай өсетін қажырлы біткін. Бұл жерде ақын жусанды байырғы ер мәнездің символы ретінде алып отыр.

Арада бір шумақ өтіп, үшінші шумақтың басында бұл ой түрленіп, қайтадан қайталанады. Яғни, бұл – қайымның үлкен түрі, сөз қайымы емес, ой қайымы.

Жұлдызға қарап сәулелі,

Санаммен қудым әурені.

Бабаларымыз оқыған алғашқы кітап – жұлдызды Аспан. Біздің бүкіл болмысымызды қалыптастырған, барлық талайымызды, қилы тағдырымызды белгілеген, ақырсоңында осы несібеге алып келген бітік. Шарқ ұрған көңіл, осы төрінде ешқашан адастырмас темірқазығы бар, ешқашан жалған айтпайтын аспанға қарап тұрып, тәубасына түседі, күнделікті сұрқай тіршіліктен жұққан баянсыз, әурелі ойлардан айығады.

“Поэзияда жас жоқ” деген қағида бар. (”Поэзия не имеет возраста”) осы жинақтағы “Сен жайлы” атты өлеңді оқып отырғанда аталмыш қағида еріксіз ойға оралады. Өлең – базары тарқап қартайған көңілдің көрінісі. Кейіпкер бірден “бұл өлең сен жайында емес” деп ескертіп кетеді. Өлеңге шомған сайын бүгінгі жұрты ғана қалған, бұрынғы бақытты күндердің елінде тұрып, баяғыда өлген махаббаты жоқтаған кейіпкердің бейнесі зорая береді.

Сен жайлы сезімдер құраған,

Күздегі гүлдердей жұпарсыз…

Кейіпкер қызыл, қоңыр жапырақтар көмкерген әлдебір арнаның ішімен жападан жалғыз кетіп бара жатқандай. Күз сезім. Өтіп кеткен махаббат жайлы мұңлы вальс сияқты.

Бірақ сөздің соңы бұл емес. Өлеңнің басынан персонаждың көңіл-күйіне иілгеніңізбен, көкіректе әлдебір сезім бас көтереді де отырады.

Ақырында өлеңнің шешімі, персонаж бізді жетелеген жақта емес, басқа тарапта жатқанын сезесіз.

Жанымның жабыңқы әлемі

Көңілдің күбірлі кемсеңі….

Бұл осы мұңлы өлеңдегі ең өміршең жолдар. Иә, иә, құрметті оқырман, сіз жаңылыс естіген жоқсыз. Бұл – өміршең жолдар. Себебі, егер сезім шынында да өлген болса, ол сезімнің жыры да аяқталады. Адам өлген сезімге қайғырмайды. Өмірдің кезекті парағын жабады да, артына қайырылмай кете береді. Қайғы, мұң, күйік, тірі сезім драмасының төңірегінде өрістейді. Жаңа ракурстан жаңа шам жағылғаннан кейін бәрі де орын-орнына келеді. Бүгінгі адамның күрделі Жан дүниесінің құпия қалтарысындағы көп ретте айтылмаған күйінде кететін сезім сырын ақын осылай таңбаланған. Сезім өлмеген. Тек терең жасырынған.

Ақбереннің жырларын терең көктей өтетін бір бейне бар. Ол көп кейіпті бейне. Кейде сырт түрі автордың “мен”-і болып кейде жеке кейіпкер болып, қырық құбылып жүреді. Құдай мен Әзәзілдің арасында ары бір, бері бір толқыған жаратындының кім екенін ақынның өзі бірде біліп, бірде білмейді. Осы тұрғыдан келгенде жинақтағы өлеңдердің дені бір-бірімен генетикалық байланыста тұр деуге болады. Ол өлеңдерді осы жұмбақ кейіпкер тұтастырып тұр.

Бірде қара Рух болып бөлме ішін кезген, бірде мейірімді періште, бірде құтырына билеген сайтан болып келген бұл жаратылыстың қимыл-әрекетін қалт жібермей қадағалаған ақын бір таңғажайып сырды шырамытқандай болады, сол сәтінде ойдың ұшығын қолынан шығарып алады. Тағы бір айналымда сұмдық құпияның елесі шалына бастайды да қайтадан ойдың жібі үзіледі.

Маған мүмкін бару керек балшыға,

Үрейімнің білу үшін отанын.

Бар жынымды жығып берсін қамшыға,

Мен несіне өз-өзімнен қорқамын?!

Маған мүмкін бару керек балгерге,

Айтып енді өлтірсін деп шынымен…

Өз-өзімнен қашып жүрмей әр жерде

Мұң тамырын суырайын түбімен.

Маған мүмкін бару керек емшіге,

Бұл дертімді жазып берсін шөбімен,

Мен сенбеймін өлең деген елшіге,

Ойларымнан өзім шошып шегінем.

Әрине, бұл баяғы романтиктер, готикалық авторлар бейнелеген үрей емес. Бұл ақырсоңында үрейге еті үйренген адамның сол үреймен екі арадағы интеллектуалдық ойыны. А.Рембо өзінің манифесінде былай деген: “необходимо сотворить себе деформированную душу: так человек сеет бородовки на своем лице и выращивает их”.

Гуго Фредрих бір сөзінде: “Работа заключается в длительном безграничном, осмысленном смешении, запутывании всех ощущений, всех чувств… Поэтические становление требует самоувечье, оперативной обезображенности души. Ради того чтобы “достичь неизвестного”. Смотрящий в неизвестное, поэт становится “великим больным, великим ученым”. Таким образом, анормальность не является более роковой предопределенностью, как когда-то у Руссо не сознательно выбранной позицией” деген.

Яғни, ақын қолдан саналы түрде рухани мертіккен тұлғаны тудыруы керек. Осылай ғана қалыпты түсініктің арнасы бұзылады, инфляицяға ұшырап құнсызданған бейнелеу тілі осылайша ғана үрейдің орнын үреймен ойын, яғни экспримент басқанда ғана мәдениет алға жылжиды.

Шытырман түстер… ұлыған иттер дауысы,

Қинайды мені көз ілмей қалсам түн іші.

Ауаға тажал сурет сала береді,

Сүп-сүйрік саусақ қауырсын.

Шытырман түстер,

Құтырған иттер күлкісі,

Қосбасты аттар,

Төрткөзді қырдың түлкісі,

Сапарға шықсам, қолыма ұстап басымды,

Еңкілдеп жылап, қабір қазады бір кісі…

Шытырман түстер,

Бітпейтін зарлы жаңғырық,

Жүреді біреу аң қуып.

Құтырған қасқыр қаңғырып,

Жүреді маңды лаң қылып,

Еріккен біреу

Ішімнен

Ұлиды-ай келіп

Әңгүдік…

Шытырман түстер,

Аядай ғана бөлмемде менің дөңгелеп,

Лаулайды күнім… әңгелек…

Оятшы мені телефон,

Өртеніп барам!.. Жан керек!

(”Фантасмагория”)

Егерде бұл өлеңді өзіне өзі тұйықталған сурет (картина в себе) деп алсаңыз, не бары ақынның бастырылған кезде көрген жаман түсі болып қана шығады. Алайда гипертекстуальдік кеңістікке (”гипертекстуальное пространство”) шығарғанда жыр мүлдем басқа мағына береді. Өлең қазақтың өткені-кеткенімен, яғни бұрынғы-соңғы барлық текстермен салғасқанда ақынның бойын кернеген сырқаттың сырын түсінгендей боласыз. Ақынның түсіне кірген қорқынышты суреттер – біздің тайғақ кешулі тағдырымыз, тарихтың қиянаты мен теперіші барысында бабалар кешкен, кейіннен зарды сыртқа шығаруға тиым салынған заманда көңілден ығысып сананың терең түпкіріне жасырынған түрлі сезім-күй мен үрейдің қайтадан қалқып шыққандағы көрінісі екенін түйсінесіз.

Бұл адасқан, адасқан себепті кешіккен, кешіккен себепті айнып, күйреп жеткен Мағжанның жыры!

***

“Поэзия – қанның сияға айналуы”. Бұл сөзді Т.Элиот айтыпты.

Өз тарапымыздан айтарымыз шын поэзия – ақынның Жаратқан Иемен тілдесуі. Ақын Жан адамның аяғы баспаған жерді тауып қана дұғасын оқиды. Бұл жерде оқырман тек қана куә бола алады. Осы биік тұғырдан сәл төмен түсетін болсақ, поэзия – ақынның өзімен бастас, өзіне тең адамға жазған хаты.

Бұрындары поэзияны ат төбеліндей аз, озық оқырман оқитын. Қазір әдебиетте шын талғаммен қатар масскульт талғам, яғни нашар оқырман диктатурасы орнай бастаған сияқты.

Бір дәуірдің құлдары келесі дәуірге өткенде өнерге әдебиетке тәртіп орнатқысы келіп, абақтының күзетшісі болғысы келіп аңсап тұрады. Бірақ шын поэзия өзіне өзі белгілеген заң-низамдармен ғана жүреді. Поэзияны түзетуге тырысу – аспанға қарауға, жұлдыздарды тамашалауға тиым салумен бірдей күлкілі әрекет. Түптің түбінде елді соңынан ерткендікі емес, елдің бәрі қарсы болғандікі ақиқат болып шығады.

Салют пен фейерверк аяқталғанда аспанда шын жұлдыздар ғана қалады.

Таласбек Әсемқұлов, жазушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар