Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Оразай Жеңісұлы: Мұң да еркек болмайды-ау жас ұрғашы...

08.02.2016 264

Оразай Жеңісұлы: Мұң да еркек болмайды-ау жас ұрғашы...



333.jpg

Оразай Жеңісұлы Өскемен қаласындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 мектептің 11- сынып оқушысы. Қазір қалалық, облыстық жыр мүшәйраларының жүлдегері атанып жүр. Өскемен қаласындағы «Шабыт» ақындар мектебінің мүшесі.


***

Соқыр тамның сауырынан сорғалап,
Түннің нұры көлкілдек.
Зеңгір көктің жиегімен жорғалап,
кетті Ару төркіндеп.


Мен сол сәтте жалғыз қалып далақтап
Жазам дегем бір өлең.
Бір қауырсын ұшып түсті параққа,
Жұлдыздардан түлеген.


Бір қауырсын жұрнағындай өмірдің...
Мен жабырқап, түн күлген.
Көгілдір көз жұлдыздардан, шегір мұң,
Құлады ма? Кім білген...


ҚОШ


Қаракөк нұр құйылып ғарышыңнан,
Езуіне жұқтырып тау ұшынған.
Шығыс жақтан шұнақ жел тырсита үрлеп,
Көк жүзіне ақ шұбар "шар" ұшырған.


Жұлдыздарға еркелеп, түнге елтіген,
Алқынған ақ қайыңмен бірге ентігем.
Шұбар айдан шұбаған шуақты нұр,
Шабынан қытықтаса, түн мөңкіген.


Ән тамған таңдайынан, күй тілінен,
Дуадаққа даурығып ит үріген.
Теңселеді әуенге кейіпсіз тал,
Сол талың мақұрым-ау би түріне.


Жақұттарын мың шашып, мың үйіскен,
Желді, Аспан баурады бір иіспен...
Қара тамға сүйеніп қалғып тұрдым,
Қиялымның қойынынан нұр искеп.



***


Сүрініп тегістерден, іртіктерден,
Жылысқып жанарлардан кірпіктерден.
Үзіліп түскенімде, құрғап алғам,
Жапырақпен жас Таңдар жыртып берген.


Қуарып селеу аспан, қурай далам,
Көне Отырар көмейін құм байлаған...
Азуын алдаспанға қайрады елдер,
Сілекейін шұбыртса тырдай ғалам.


Жел шайнаған шағымда, дауыл атқан,
Ит тісі құр айқасқын кәрі қақпан.
Жаһаннамның өртінен өрт кешкенде,
Жад түбінде сақталған сары мақтам.


Жарау атын жұлдызбен жемдеп те алған,
Жан кешті едім тербеткен жөргекте арман.
Көртышқандар аз ба еді жарығымды,
Көздерінің астына көмбек болған.


Қырма боран қабақтан жаралған мұз,
Сан ғасырдың ісінде қаралғанбыз.
Сетер сүйген селеудің тамшысына,
Таңдай тосып, тымықтап, нәр алғанбыз...


Сонан соң ғой тамғаны көзден сора,
Түйіршігін мишықтың езген саға,
Шашасына күйіктің шалшық жиып...
Дүниенің қуысын кезген таға...


Сөйткен жарау Ақтаңгер тыста қалып,
Жүзге келіп қыршылдың ұстаралық.
Түзге келіп жылындық батар күннің,
Соңғы сәуле-шуағын ұстап алып.


Мұң да еркек болмайды-ау жас ұрғашы,
Жан болдың-ау жаралы ғасыр ғашық.
Бәрі де артта...
Оңалар...
Ақ сетерім, арқама кеп тұр, міне, басын қасып...


29.12.2015 ж



Тастанды...


Тас жолдарды жастар теседі,
Көк аспанның бұлқынысында.
Жылдар бізді тастап көшеді,
Күндер мүлгіп кірпік ұшында.


Заман мен заман шарпысып кетіп,
Ғасыр қырауы-аспанды қарыған.
Тағы жандар-ай тартысып та өтіп,
Түбі тағдырдан тастанды қалған.


Жетім дуалдар, жесір көшелер,
Мейірім күткен әлсіз шырақтар.
Күлгін дүние көзінде сөнер,
Сананы сорған сансыз сұрақ бар.


Үмітті ерітіп уақыттың зәрі,
Көгілжім сәуле көшіне ертеді.
Ұртынан ұшып бақыттың бәрі,
Марғау- қаланы есінетеді.


Тас тамда сыздар ғасырдың дерті,
Көк қарап ұлып, аспанды қарғап.
Барады жаншып, жасымды кертіп,
Тастанды жандар...
Тастанды жандар...



10.10.15 ж


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар