24 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Фариза Оңғарсынова тәржімалаған Пабло Неруданың өлеңдері

03.02.2016 321

Фариза Оңғарсынова тәржімалаған Пабло Неруданың өлеңдері





 

53.jpg

   Испания жүрегімде

 

                Өлілер

 

Өлім, қаза...

Қыршын кетті қанша менің достарым,

Осы ма еді бұл жалғаннан тосқаным?

О, тәңірім,  

азаппенен өлгендерін көрсеткенше олардың,

жақсы еді ғой жүрегімді

қанжарменен осқаның.

Қайран менің достарым...

 

Испан халқы ақыным деп еміренген Мигельді,

(жалындаған жүрекпен ол елін, жерін сүйген-ді),

Федерико ер еді ғой, ер еді ғой...

Солардың

көздері мен тілдеріне темір шеге түйрелді.

Қалай ғана соны көріп сыя алармын үйге енді?

 

Гүл еді ғой екеуі де, құдайым-ай, бүр ашқан,

үзілгенін көріп сонда сорлы халық жыласқан.

 

Тірі күйде жанған отқа лақтырғанда екеуін

қалай ғана шыдап түрды Жерге түспей бұл аспан?

Иә, иә, қанішерлер сол ерлерді жоқ қылды,

(мен байғұстың жанарымда өшігу мен от тұрды).

Ойыншығы суға кетсе, жылаушы еді сәби де,

 ал мыналар асылдарды көрмеді ғой доп құрлы.

 

Испан жері қан сасыды,

арыстандардың өлігімен шыбындарды жемдедік,

қанға қанмен жауап берер қалған да жоқ елде ерік.

Қанға бөгіп тірі қалған жандары да шарасыз,

өліктердің арасында жүр әйтеуір сенделіп.


   Не істеу керек?

 

О, сол соғыс!

               Уақыттың

қан жаудырған кезі еді.

Ол қайғыны бақыт, Күн

өшірмесін сезеді.

Барлық тірлік, бар адам,

сезеді Жер де, жылдар да.

Тек тірлікті қалаған

аспан, гүл де, құмдар да,

 Испания...

Сонда мен

келгем алыс жақтардан.

Құшақ ашып қорғап ең,

балапандай бапталған.

Сен бергенсің жаныма

әндей мөлдір арманды,

Мен құлшынып тағы да

ұмтылғанмын таңға алғы,

Мен бақытқа кенелдім,

арнап балаң жырымды,

ән қып өтсём дегенмін

сенің адалдығыңды.

Сенің отты күндерің

алаулаған жалыннан

көз алдымда жүр менің,

кетер де емес жадымнан.

Жаттың шыдап бәріне:

тауың кұлап, гүл сынып.

Жерің жатыр әлі де

көз жасына тұншығып.

Сол бір соғыс...

жететіндей барлығы

секілді еді-ау құрылықта.

Адалдық та, таң нұры,

мейірім де, шындық та.

Нан жоқ еді. Түске енген...

Сосын темір жетпеді.

Сонда адамға күш берген

махаббаттың от демі.

Адамдарда күш қайнап,

ерліктерге ұмтылған,

кектенуден тіс қайрап

жанарда ыза, мұң тұнған.

Махаббат бар, жалын бар,

қару ғана жоқ бірақ.

Бойда қуат, ағын бар,

өршіп жатыр от бірақ.

Не істеу керек мұндайда -

сұрап тұрмын сендерден?

Жауап берер бұл жайға

қайсың барсың, кел бермен!

Не істеу керек,

                      егерде -

кеудені ыза торласа,

қолда дәрмен болмаса;

жұдырықты түйгенмен,

Жеңіс құсы қонбаса?

Не істеу керек? Не? Не? Не?

Айтыңдаршы, адамдар,

қала, дала, қамал да –

бәрі тұнса ажалға,

бұған қандай амал бар?

Тістену бар, ыза бар,

жүректер бар қан тамған,

армандар бар жалтарған,

жігіттер бар бейне бір

жараланған қарт арлан.

Не істеу керек –

азу тістер қайралып,

қолдар артқа байланып,

шаңдақ жолдың бойында

бұғау түсіп мойынға

қарай да алмай айналып

өңкей маңғаз жігіттер

бара жатса айдалып?

 

     Қор болған жер

 

Азаптан тұншыққан өлкеге қарашы,

жалғыз үн қатуға келмейді шамасы.

Күл-талқан жартастар...

                                   Бидайдың

орнында қан бөккен даласы.

 

Мекен-жай еді-ау бұл ақ арман басталған,

бүгінін қарашы қан жутып жас тамған.

Онсыз да жаралы жерімнің төсіне

қорғасын құйып тұр аспаннан.

Тақырлар көл болды көз жастан қақ тұнып,

жер мен көк арасы өксіктен жатты ұлып,

жынданған аналар, о, сұмдық,

сәбиін өздері құздардан лақтырып.

 

Жол жатыр өлік пен тастарға көміліп,

қайғы мен жанталас, ашу мен долылық...

Қанша өлім, қанша азап Жер үсті,

тағы аң да қашады тастарға соғылып.

 

О, адам, бір кезде өкініп кеш деме,

жер ғана әжім қып өрнектер кестеге,

бұл қанды ешқашан жуа алмас ештеңе,

теңіз де, уақыт та,

ештеңе-ештеңе!

 

       Ұйқысыз түндер

 

Сүйікті менің Отаным,

не болар сенің тағдырың,

қандай боп туар алғы күн –

түндерде талай дөңбекшіп,

атқызады оймен таңды ұлың.

 

Мен соншалық сүйемін

әр тасыңды да, киелім.

Бұрқанып жатқан теңіз бен

тауыңа басымды иемін.

 

Сенімен бірге гүл аттым,

бақыттан сенсіз жырақпын.

Сонау бір сәби шағымнан

сенімен күліп, жылаппын.

Өзіңді барлық қалпыңмен

қалтқысыз сүйдім, ұнаттым.

 

Ал бүгін, жаным сезеді,

ой тыным таппай кезеді.

Қателік толы жылдардан

көзді жаңа ашқан кез еді.

 

Адалдык пенен шындықтың

жетті ғой деп ем кезегі...

Зұлымдық тағы көрінді-ау,

қабырғам соған сөгілді-ау.

 Интернационалдық бригаданың

           Мадридке келуі

 

Салқын еді ақ таң да,

Қала шаң мен саз балшыққа батқанда,

Мароккодан келген қорқау қасқырлар

жаппай ұлып жатқанда,

Мадридтің тұрған кезі қақпанда,

Біз ешкімге, ештеңеге сенуден

қалған едік сол көңілсіз шақтарда.

Аждаһаның аузында тұрғанда,

Мұнан асқан қайғы менен мұң бар ма?

Салқын таңда өр Мадрид амалсыз

боз тұманға тұнғанда.

Сонда мынау өз көзіммен көріп ем:

боз тұманның төрінен,

нұр төгіліп өңінен

келе жатты құрыш жандар қарыштап,

құрту үшін қорқауларды жаныштап.

 

Ол қайғылы кез еді,

Испан жерін сайқал өлім кезеді,

Әйел біткен жалғыздықтан өртеніп,

Кеуделерін нала түндер езеді.

Көшелерде адам қаны жосылып,

Ылай сумен қосылып

Қатып қалған тірі мүсін аналар

сәбиінің өлімінен шошынып.

Жолдастарым, сол шақта

Жүздеріңді көргем мен -

Жанарыңда от, өр кеудең

Кастилия майданына бет алып

бара жаттың. Үміт оты сөнгенмен,

Испан халқы тұрды саған бас иіп,

Бостандығын аңсап кеше көрге енген.

Туған жерді алыс жақта қалдырып,

Ұйқы көрмей жанарларды талдырып,

Винтовкамен от кештің,

Жауыздармен кектестің,

Келбетіңде жеңем деген бар-ды үміт.

Туысқандар,сендердің

өрлігіңді бар әлем

ұқсын биік санамен:

сол ерлігің үміті өшкен жүрекке,

Тұншықтырған шахтыларға-түнекке,

найзағайын тастасын,

Сөйтіп барлық түнектерді таптасын!

Испан жері, бүкіл әлем қашан да

ұмыта алмас сол істі:

жан аямай келіп алыс жат елден

Жараланған бостандықты әперген

жолдастарын құрбандыққа шалдырып.

көкірегін қан қылып,

жау бастаған соғысты

аяқтаған қан кешсе де жеңіспен

өздеріңе барлық әлем борышты.

 

 

  Өлген солдаттардың аналарына

 

Өлген жоқ олар:

Үрыстың даласында,

Қантөгіс пен дауылдың арасында

кек тұнып көздерінде,

ойы жоқ өзге мүлде,

төгілген қандар үшін,

қапыда құрбан болған жандар үшін

салды олар қанды ұрысты,

күшінен жау да ығысты.

 

Айбынды бейнелері

тұр бүгін гүлге оранып,

денесін күнге малып.

Айналасы егінжай жайқалады,

Олар жайлы ұрпақ ән айтады әлі.

Қайғылы аналарым!

Сеніңдер өлгендерге,

Жауыздық төнген жерде

Әділет жеңісі үшін

жандарын пида қылды

боздақтар ар жолында,

Өмірін қиған ұлды.

Күні ертең дабыл үні

Рухымен солардың жаңғырады,

Тұншығады дұшпанның сандырағы.

Жатса да қанға оранып,

Отты қару түскен жоқ қолдарынан,

Ажалдың қорғанынан

                            ешқашан қорықпады,

кек алмай шегінбеді,

Дұшпанға берілмеді,

Өмірден сол ұққаны.

 

Аналар!

Көз жастарың оқ болсын

күндіз-түні жауларға атылатын,

жеңістерге шақыратын.

Үміт боп жүректерге,

күш болсын білектерге.

 

Мен білуші ем сендердің ұлдарыңды -

жігіттерді кіл жалынды.

Найзағай күлкілері

жаңғыртып түн түнегін,

Жалынды жүрекпенен

тотыққан күз желімен

нұр шашып жүздерінен.

 

Аналар!

Мен де бірге сендермен

Қайғыменен сенделгем,

Ұйқы қашып, ой қажап,

Торын жайып қойды азап.

Бірақ сенем:

бұл қайғының артынан

көз жасынан сейіледі бар тұман —

күн шығады, нұрлы сәуле тарайды.

Біздің арман осы еді ғой талайғы.

Сонда өлілер Жерден тұрар күшке еніп,

Жұдырығын түйген күйі тістеніп,

Нұр сәулеге күлімсіреп қарайды.

 

   Халық армиясы туралы ода

 

Әлемдегі бар ана,

мектептегі бала да

бір өзіңе бас иеді табынып,

келесің сен халықтардың үміті мен

сенімдерін жамылып,

олар үшін сенсің сенім, ақ үміт.

Ақ бидайлар ырғалып,

Жер-ананың келбеті де нұрланып

тосады ылғи алдыңа

қасиетті ақ сүтін де, нанды да;

жапырақтар сылдырлап,

қара тас та қатып қалған мың жылдап

балқығандай.

             Күліп атып таң мына

бір өзіңе нұр шашып тұр. Ендеше

еш уақытта қалғыма!

Туысқандар, бас алға!

Арқалаған елдің, жердің сенімін,

естисің бе қансыраған кек үнін,

көресің бе, қара Жер де тұр жүдеп...

Ұмтылыңдар алға түнді тілгілеп.

Жауынгерлер, қаһарынан қыс тамған,

өткірлігі найза сынды ұшталған,

жалғау үшін тіршіліктің тамырын

сөндірмеуге отты өмірдің жалынын,

Бұлтсыз күнде көк аспанда тосыннан

найзағайдың жарқылынан шошынған.

Адамдарға есі шыққан сенделіп

айбатыңмен дем беріп,

ажалға да тік тұрып,

адалдықтың мықтылығын ұқтырып.

Күші,  айбыны - сендерсіңдер халыктың,

алдан туар жарык күн.

Алға, алға ұмтылыңдар, жарандар!

Оқтарыңнан қақырасын

қара түнек қамал да,

жарқылдасын қарулар,

қуаныштың жасын төксін қасіретті арулар;

жауынгерлер,

жанарларын ыза менен мұң шалған,

ұшқыштар мен партизандар

қару найза құрсанған,

халықтың ер ұлдары,

ұмтылыңдар ұрыстарға,

көрсін қорқау сендердегі өр тұлғаны!

Көзің салшы қан сасыған далаға,

шіріп жатқан өліктерге жағада -

сендер үшін мұның бәрі түк емес,

ел кегі үшін үмтыл алға,

былықтарға қарама!

Испания

           Мекені алма бақтардың,

ел қорғаған мынау ұлдар - мақтаным.

Дауылдарда, қан төгісте солармен

өміріңді сақтадың.

Сарбаздары халықтың!

Талпынады саған бүкіл тіршілік,

кеше ғана қан жылаған күрсініп,

сенің жүрген іздеріңе гүл шығып,

шала-жансар жүректерде

сенім отын тұтаттың.

Олар тағы бара жатыр

болашаққа құлшынып.

 

 

        Испания жүрегімде

 

Сұрайсыңдар аң-таң боп:

«Қайда кетті кешегі ақ гүл аткан жасыл бақ,

Сен сүйетін жаңбыр қайда құйып өтер тасырлап?»

Мен айтайын не болғанын, не болғанын

                                                             сендерге -

Өздеріңнен еш сырым жоқ жасырмақ.

 

...Мадридте тұрушы едім.

Қоңыраулар сылдырлап

жас сезімді қытықтайтын,

сыбырлайтын тұнжыр бақ.

Мұнаралар көп еді онда. Көп еді онда терек те.

Ақын болсаң тауыса алмас ең

сұлулығын бір жырлап.

 

Менің үйім тұратын-ды гүлдерге ылғи көміліп,

Сонадайдан сұлулықтың гүлзарындай көрініп.

Біздің үйдің ауласында көп ойнайтын балалар,

асыр салып, үндерінен сыңғыр күлкі төгіліп.

 

Рауль, сен елестетші сол күндердің шаттығын,

Рафаэль, есіңде ғой қақпамызды қақты мұң?

Федерико, мәңгі ұйқыңнан бір оянып еске алшы

шілдедегі жұлмаланған Мадридтің ақ гүлін.

 

Бәрі мұнда тыныш еді, тыныш еді күнде де:

сап-сары боп бидайлы алқап жайқалатын іргеде;

ескерткіш те

бәз-баяғы қалпында еді томсарған:

тек көшелер тыншымайтын тал түсте де,

түнде де;

 

 

Аргульэс базары да бұрынғыша шулы еді;

кейде есетін теңіз беттен

ылғал бүркіп су желі;

адамдар да, Мадрид те өмір деген ағыспен

тіршіліктің қамын ойлап

бара жатқан ілгері,

Соның бәрі быт-шыт болды.

Быт-шыт болды бір таңда:

жер астынан жылан шықты,

баса алмады жұрт алға.

Тірілерді жалмай берді,

жалмай берді қалдырмай,

Оқ пенен от,

Испан жері содан тұнып тұр қанға.

 

Самолет мінген қарақшылар шырқыратты жат елді.

Сақиналы сұлуларын қызықтауға әкелді.

Қанішерге бата берер молдасы да келіпті,

Ал көшеде сәби қаны ағып жатыр қатерлі.

 

Қорқау қасқыр.

Одан барлық қасқырлар да қашады,

Арлы адамдар жасқанбайды,

бетке алмайды тасаны.

Испан қаны тасып жатыр

теңіз болып бұрқанып,

Ар, найзаның толқыны әлі-ақ

өздеріңді басады.

 

             Қарғыс

 

Отаным, саған ант етем:

от жанарыңа қан тұнған,

күл-талқан мынау калпыңнан

арылар бір күн туады,

туады нұр Күн шуағы.

Аштықтан өзек үзілген,

бүгінгі жадау жүзіңнен

кетеді қайғы тұманы,

далаңда бидай тұнады.

Әйтеуір сол күн келеді,

жүрегім соған сенеді.

 

Ал бүгін қолға балта алып,

ізінен басқан кан тамып

тынышын бұзған жан-жайдың

жексұрындарды қарғаймын!

Шұбырып келіп жат елден

нан мен бақыт орнына

көз жас пен қайғы әкелген

көр соқырларға мың қарғыс!

...Келер-ау бір күн құртар күш...

 

 Мадрид

 

Шалқайып асқақ тұрушы ең

теңізден шыққан батырдай,

Не болып кеттің бүгін сен?

Танымай қалам апырмай,

Жақын кеп саған үңілсем.

Кезенген қару-жарағын

ермегі болдың жауыздың.

Малынып қанға балағың,

Көзіңнен жасты ағыздың.

 

Жаралы қалпың қансырап,

Қорғандың таспен, темірмен.

Денеңнен қан, тер тамшылап

Жүгірдің алға шегінбей.

 

Үнімен асау тасқынның

ұмтылдың алға алқынып,

көшеде зарлы үн, жас, қырғын.

Көзіңде тұрды қан тұнып.

 

Сатқындар жатқан қақпаның

қираттың бәрін балта алып.

Ешкімді бірақ таппадың,

жоқ болды мұнда жан, халық.

Байқадың таңның атқанын...

Күлкіңнен тұрды қан тамып.

 

             Есімде

 

Есімде менің бәрі де,

ұмытар емен әлі де.

Күйзелдім сонда қалжырап,

ата алмай тұрды таң жылап.

Қан түкірген Жер, жанның,

күңіреніскен Зарлы үнін...

Ұмытса жұрттар барлығын,

ұмытпаған мен бармын.

 

Сондағы қан ағылған

тарихқа да жазылған.

Сондағы отты махаббат

жаралған еді жалыннан.

 

О, мырзалар, сұлулар!

Есімде бәрі мәңгілік.

Сол жылдар кетті зарлы қып.

Қан жылап туған жырымды

шырқаңдар өлмес ән қылып!

 

 

    Ұрыстан кейінгі дала

 

Жердің беті күл-талқан:

жаутаңдайды жетімдей ақыл сұрап,

қопарылған егін де жатыр сұлап.

Шала-жансар қаралы Жерге мына

Ай қарайды мүсіркеп, жақынсырап.

Дала қалды жұрдай боп көк түрінен,

қабырғасын қара жер сөкті білем.

Тірілер жүр көміп те үлгере алмай,

өліктердің соншалық көптігінен.

Сынған қару-жарақтар, бас сүйектер.

Үйлер қалды шарпылып өрт тілімен.

 

Шыққыр көзім, куә бол барлығына:

сақтау үшін мәңгі есте қанды мына,

сезу үшін мәңгілік өлім иісін,

кетпеу үшін жанымның зар, мұңы да.

 

Сақталады мәңгі есте мұның бәрі,

қанды жол боп қалады жырымдағы,

мән куәмін өйткені барлығына.

 

 

  

    Бүкілхалықтық ән

 

          Өзім жайлы

 

Көрдім мен алғаш өмірден

теңіздің шалқар кеңдігін,

жүзімге тұнған өңір мен

қасірет шеккен ел мұңын.

 

Бәтеңке жамау жыртылған,

сыз өткен аяқ сыздайды.

Балалық шақты мұң тұнған

еске алсам жаным мұздайды.

 

Темір жол жаққа баратын

күнбе-күн әкем ертемен.

Ешкім жоқ үйде қалатын,

батамын ойға мен терең.

 

Сарқырап жарға ұрды ағын,

сол үнді жалғыз тыңдаймын.

Кейде асқақ, кейде мұңды әнін

жаныма құйған сырлы айдын.

 

Жаз болса күні күйдірген,

егінжай тұнған даласы.

Сол жерді жастай сүйдім мен,

мұхиттың еді жағасы.

 

Шұрқырап жылқы ойдағы,

қайтатын малдар өрістен.

Кешкісін қозы, қойлары

жамырап у-шу көріскен.

 

Даланың жолын шаңдатып,

арбалар қайтар егіннен.

Жүзім мен бидай - бар бақыт,

қысы-жаз елге тегін жем.

 

Сарайға толып жатқаны

бал, шарап, жидек бапталып,

Жаз бойы ел тыным таппады

қыс қамын ойлай сақтанып.

 

 

Балалық өтті даланың

қойнында, шағын ауылда.

Онда жұрт тапқан тамағын

қарамай боран, дауылға.

 

Білмедік шулы қаланы,

ортадан ондай жырақпыз,

Жүрсек те шарлап даланы

қалмадық ойдан жырақ біз.

 

 

            Махаббат

 

Махаббат жас шақтағы

күдік пен мұңга толған.

Бір сүйсе асқақтады,

қырандай шыңға қонған.

 

Түн. Толқын ағылысқан...

Сол көктем нендей бөлек!

Жүрегің алып ұшқан

келе ме, келмей ме деп.

 

Мазасыз көктеменің

келгенде бал түндері,

Көзден жас төккен едім.

Бұл - қайғы әркімдегі.

 

Оңаша мұңға батқан

жастықтың көктемдері.

Бұлақтай құздан аққан

қиялдың өткелдері.

 

Сүйіктім келмегенде

аспанды тұман басып,

жер таппай сенделерге

жан жүрек тұрар жасып.

 

Дүние дүсірледі

жерге аспан құлағандай.

Қайғыны ішіңдегі

тұрасың шығара алмай.

 

Қараса ол атыңды айтып,

қонғандай қолға бақыт.

Жүрек ас батырмай түк,

толқисың ойға батып.

 

Жастықтың армандары

қиялмен қанаттанған.

Бар нәрсе жалғандағы

таңдантып тағатты алған.

 

Бұл әлем саған ғана

күлімдеп қарайтындай.

Шаттық ән бар арнаға

бүкпесіз тарайтындай.

 

Қара орман сырын ашып,

сенімен мұңдасқандай.

Ағаштар сыбырласып

сөйлескен құрдастардай.

 

Дүние барлығын да

бөліскен өзіңменен.

Сырласқан шалғының да

түнімен көз ілмеген.

 

Назыңды бердің желге,

ең алғаш ұнатқаным!

Сандалып мен жүргенде,

жоламай жырақтадың.

 

Еліктей дірілдеген

бар бейнең көңілімде,

Жұлдыз ең күлімдеген

аспанның өңірінде.

 

Дір еткен таңдағы үннен

көктемгі гүл бақша едің.

Сүйгізе алмадым мен,

әлде онда тым жас па едім?!

 

 

                  Үй

 

Ақ ордам үйім менің

Бөренемен мықындалған.

Сыятындай ішіне бүкіл далам,

әшекейсіз, өрнексіз ағаш үй-ді,

Тиіп кетсең едені сықырлаған.

Бірақ одан еңсесі аласармай,

онысынан ешқашан ұтылмаған.

 

Алтын үйден не пайда өңгедегі,

аттатпайтын ешқашан төрге мені.

Мені үйреткен өмірдің дауылына

жел аңқыған сол үйдің бөлмелері.

Балғын жырым сол үйден қанаттанып

асуларға талпынып өрмеледі.

 

Дәл сол үйде ата-анам

отыратын ортаға ап бесігімді,

әнге қосып аялап есімімді.

Көп болатын қонақтар. Аяулы ана,

мазалаған сондағы кеш үнімді?!

 

Сонда кезім болса ғой ес білетін,

ат дүбірі, дүрсілдер естілетін,

мылтық үні сарт та сұрт, жүгірістер...

кіріп, шығып адамдар кеш жүретін.

 

Абалайтын күшік ит дымы қалмай,

біздің үйдің сыртында ұры бардай.

Паровозбен кететін алыстарға

қайран әкем түндерде тыным алмай.

 

Паровоздың дүрсілін сүйетінмін,

келеді әкем - киімі күйе күлгін.

Кетерінде оралып аяғына

алып кет деп мені де жиі өтіндім.

 

Жұмысшылар келетін жиі бізге,

күлкі, әңгіме толатын үйімізге.

Бөлмеміздің тарлығы, салқындығы,

білінбейтін жүпыны күйіміз де.

                                                         

Көрген олар өмірдің сан ызғарын,

азап қайғы көзден жас ағызғанын.

Мен солардан түсіндім әр адамда

ел алдында өтейтін парыз барын.

 

Ерте есейіп ұқтым мен өмір заңын,

мен сондықтан оларға қарыздармын.

 

         Жолдағы достар

 

Келдім мен астанаға

серік қылып көгілдір арманымды,

тамашалап жағада таңғы ағынды.

Қала жатты оранып боз тұманға.

Елемеді мені ешкім қарға ғұрлы.

 

Жарқыраған сәнді үйлер мен көрмеген

(мен өйткені жырақтан, елден келгем),

тұншықтырып кеудеңді қысады екен

газдың иісі ұласып бензинменен.

 

Алғашында мен түкке түсінбедім,

ақ арманға титтей дақ түсірмедім.

Шешек қырған жандардың моласынан

қатты шошып үдеді ішімде мұң.

 

Елтімедім қаланың гүліне мен,

жыр қумасам қаладан түңілер ем.

Әр кеш сайын жұпыны жатағымда

жыр маржанын теруші ем түніменен.

 

Мен түсіне бастадым,

өмір деген кімге сор, кімге бақыт,

жеткізбейді алдамшы жүрдек уақыт.

Әр кеш сайын ойлардың толқынында

малтып жүрдім бір шығып, бірде батып.

 

Мен осылай өмірді бастағанмын,

көңілде арман, биік құз-асқар алдым.

Қиын жолды - жыр жолын қуып бердім

азап көрдім, жанарды жасқа малдым.

 

Жандар көрдім азаптан құтылмаған,

әділетке тапшы екен бүкіл ғалам.

Дүниеде көп екен адамдар да

жараланып жүректен, тыпырлаған.

 

Мен солармен достықтан арылмағам,

мұндай достар бұрын-соң табылмаған.

Үйретті олар өмірдің шындығы мен

адалдықтың, достықтың бәрін маған.

 

 

Жүректерге мұң құйдым жырларыммен,

алдарынан үміттің шамын жағам.

Олар маған сана мен сезім берді,

қуат берді бойыма жалындаған.

 

 

          Студент қыз

 

Жүрегімді әлі тербеткен

алыста қалған кез мүлдем

Махаббат еді ол ержеткен,

сәбилік сәттен бездірген,

ең алғаш маған, саған да

жігіттігімді сездірген.

 

Аттатқан сәби пәктіктен

ұяттан безген сол түнде.

Құлпырып тұрды бақ біткеп,

құлпырып кетті көркің де.

 

Төсекке келіп құладым,

не болды - жаным сезбеді.

Есімде жалғыз - жыладың,

сүйіп те жаттың сен мені.

 

Тәтті нәр алып түнектен,

қанымда бір от лаулады.

Дүрсілдеп соққан жүректер

естіртпеді үнді баудағы.

 

Махаббат тұрды қалықтап,

қол жеткен талай күрсініп.

Әлемді кезді ол шарықтап,

біткендей өзге тіршілік.

 

Сезімге батып бал-шырын,

есімнен танып жаттым мен.

Рақат деген (бар сырым)

басталды сол бір ақ түннен.

  

       Саяхатшы

 

Теңіз кездім, ел кездім жағаларда,

Көзім тіктім көрмеген қалаларға.

Қайда барсам жоқтық пен аштық көрдім,

Болады олар өмірде жала барда.

 

Енді көрдім коңырқай адамдарды,

Көргені ылғи теңсіздік жаралғалы.

Тас қопарған шаң жұтып шөл далада,

Мұнай іздеп жер бетін тарамдады.

 

Тұрдым біраз Бирмада ән тынбаған,

Мұнаралар алтынды жарқылдаған.

Тереземнен соғатын самал желге

Кеудемді ашып кештерге салқындағам.

 

Сан көзімен қадалып қарар аспан,

жұпар менен қоңсы иіс араласқан

түнгі ауада тұрушы ем мен де үңіліп,

бұл иіске үйренген бала жастан.

 

Тағы да ұқтым мен сорлы қара басып,

жамандық мол тірлікте араны ашық.

Бұл әлемде әділет жауыздықпен

жүреді екен ылғи да жағаласып.

 


              Жырақта

 

Ұлы Индия!

Жалба-жұлба түріңе қарадым мен,

Мұң естідім сендегі қаралы үннен.

Ұлдарың жүр қарусыз дала кезіп,

Құтыла алмай азаптан бала күннен.

 

Жылдар-жылдар салыпты шимайларын,

Көкіректер өксиді сыймай жалын.

Бабаларың қалдырған сан мұраны

Қайғы, азапқа мен тұрмын қимай бәрін.

 

Көшең қандай гүл тұнған жасыл желек,

Тамашалап көруге ғасыр керек.

Дана халқың жүр бүгін жүдеп-жадап,

Жүрген бар ма өмірде асылды елеп.

Сәнді сарай, молалар белестегі,

Аталардың белгісі емес пе еді –

Бірақ осы әшекей, өрнектерден

Жазықсыз қан, өлімдер елестеді,

 

Елестеді жауыздық арды аттаған,

Бұл жауыздық кімдерді зарлатпаған.

Тірліктегі бар қадір-қасиетті

Сылдырымен ақшаның салмақтаған.

 

Құдайлар көп. Жұрт одан арылмады,

Тас мүсінге келеді табынғалы.

Сұсты бейне, кекшіл көз қарағанда,

Гүлдер солып кетердей жанындағы.

 

 

                      II

 

Қарап тұрдым ғасырыма

бос жіберген жауыздықтың жүгенін.

Әлде жаным ашыды ма,

Әлде менің айныды ма жүрегім -

Біле алмадым ол жерін

Мынау менің көргенім:

Сайгон жерін араладым,

Мадрас пен Кандида да болғанмын.

Мұхиттарды жағаладым,

Кездім ішін джунглидей орманның.

 

Бангкокта таңдандым,

Тас маскалы биші қызды көргенде.

Өзендерден іздеп күндік талғамын,

Мыңдап жүрген қайыршылар сор кеуде.

Өзен ассаң алдыңда

Жер жатады сүйреткендей теріні.

Қара халық зар мұнда

қара нанға. Өшкен елдің сенімі.

 

Қолбасшы да, мырза да

тұрады аппақ әсемделген сарайда.

Берер екен кім жаза

Бұл өмірге қайғы салған талайға,

Соларда екен жауыздық пен бар былық.

Ал халықты жылатқан

өз байлығын өздеріне зар қылып.

Европалық ақ адам,

мұнай қуған америка байлары

қаңғып келіп қаладан

біреулердің жерін тартып, жайлады.

 

                      Соғыс

 

Ұйқыдағы әйелдей

Маужырап төсегінде,

Жайқалып төсі егінге

Жатқан-ды Испания,

тып-тыныш көше мүлде.

 

Гүл түнып бақтарында

Алаңсыз төсегінде

Тыныстап жатқанында,

Тасалап бұрыштарды,

Аңдып кеп тыныш маңды,

Тап берді қарақшылар

Кезеніп қылыш қанды.

Ұйқыдан ыршып тұрып

Қапыда түршікті жұрт.

Жау жүрді ажал сеуіп

Халықты тұншықтырып.

 

Испания!

От кештің дара қалып,

жүректен жараланып

Тұр төніп ажалды түн,

Атпады таң ағарып.

Қаралы тұрсың бүгін,

Жоқ жассыз, мұңсыз күнің.

Үзілді сан бұтағың,

Қайғырды, күрсінді ұлың.

Тілеймін жылап тұрып:

Гүлдесін үміт-құрақ,

Жүгірсін күліп бұлақ.

 

           Махаббат

 

Испания!

Мен өзіңмен сырласам жылап тұрып:

Тындашы өзің үлыңды құлақ түріп.

Көп нәрсені сіңірдің қаныма сен,

Бердің маған махаббат, тұрақтылық.

 

Жар сыйладың.

Ол ұқсайды балауса гүлге мүлде!

Аймалайды тынышсыз түндерімде,

Тек сол ғана жанымды жадыратты,

Түнектерден түңіліп жүргенімде.

 

Тағдыр, сірә, қоспаган бекер бізді,

Қастерлеймін кездескен мекенді ізгі.

Дауылдар мен қан төгіс соғыстар да

ажырата алмады екеумізді.

 

Кездескенше, сүйіктім, мен сенімен

жалғыздықта мақсатсыз сенделіп ем.

Мен мұнда едім, білмедім күн туарын

қанып ішер бақыттың ернеуінен.

 

Сонда шалды жүзіңді тұман кайғы

(ұғысқандар қабақтан сыр аңдайды).

Сүйгенінің қайғысын көре тұра

шын сүйген жан қайғырмай тұра алмайды.

 

Махаббаттың ыстықтау оты Күннен.

Ұмыттырдың, өмірден өкініп ем.

Қарсы шабам қатарға арғымақтай

Қарғып өткен ажалдың көпірінен.

 

Шолпаным боп кеудемде жарқырадың,

Содан бері жалғыз сен - бар тұрағым.

Күресте де сен жүрдің қатарласып,

өзіңменен шарықтап шалқыды әнім.

 

Бізде шаттық, қайғы да, кек те бірге.

азапты да мен үшін шекпедің бе!

Әрі шатты, әм мүңды жыр боп қалдың

менің кітаптарымның беттерінде.

 

 

Еш нәрсеге мен сенсіз елтідім бе,

сен болмасаң қызықсыз еркін үн де.

Тағдырым боп жолықтың сонау баста,

жалғыздықтың тұманын серпідің де.

 

Сен болмасаң атпайды таңым күліп,

минут сайын жүресің сағындырып.

Дүниенің жарығын жиып алып,

тұрсың мені нұрыңа малындырып.

 

 

               Мексика

 

Өзендердің сағасын,

Теңіздердің жағасын

Мекендеген халықтар не заманнан.

Көкірегін Жердің еміп өтсем деп,

бал ернінен өбсем деп

шымырлатқан денені арман.

Мексика!

        Үлесіңе алайда

(Тағдыр деген арманыңа қарай ма)

Тиген екен кең дала шалғай мекен,

Бауыр басып күн қақты аспаныңа,

Мүжілген тастарыңа

Ұя салып қырандар самғайды екен,

Кең жазық аймағыңда,

Егін сап майда құмға,

Өсіріпсің раушан гүлін де сен.

Қос мұхит арасында

Шөлдеген дала суға.

Өмір солай ала ғой, түңілме сен.

О, боз дала, шөлдеген,

махаббаты сөнбеген

Күн нұрынан нәр алып жалындаған.

Баурады елің мені

Кең шалқар жеріңдегі

Үйлеріңде мен талай дамылдағам.

Мексика!

Аймағы үлылардың,

жүректе жыры бардың.

Отаны бұл ақ алмас қылыштардың,

не ғажап аңыздардың,

бәрі үшін қарыздармын.

Ұл-қызыңмен үнсіз-ақ ұғысқанмын

Мейірім мен шуақтан,

Қайсарлық пен қуаттан

Жаратылған келбетің қымбат маған,

Ақ көңіл жандарыңды,

Ақ тымық таңдарыңды

Жүрегімнің үнімен жырлап барам,

Кастилия...

Есімде дауыл күндер,

Дауыл күндер қан төгіс ауыр күндер,

Шықты үлдарың өлімге қарсы аттанып,

              Азамат қансыраған

Кеңпейілді далаңда жан сақтадық.

                                      Мексика,

аштың сен құшағыңды

жандарға кұса, мұңды.

Өз ұлыңдай қарсы алдың, күлімдедің.

Саған деген сезімді

жеткізсін жырым менің,

Өлсе менің жырларым

Қөтере алмай тағдырдың жез тырнағын,

Ұмытпағын сені шын сүйгендерді,

ар жолында бастарын игендерді.

 

 

               Оралу

 

Отаныма оралдым,

Қарсы алады мені алдан сары далам,

Шөлден, талай азаптан арылмаған.

Қоштасқан кез секілді, сағынышпен

жасын төгеді туған жер тағы маған.

Азап кештім, талпындым саған қарай,

Мен де өзіңді өзіңше сағына алам.

Талай елді армансыз араладым,

Дәл өзіңдей көрдім мен дала барын.

Ол далада арманшыл құстар менен

батыл жандар бар екен, паналадым.

 

Кен іздейді қопарып қара құмды.

Жатады үнсіз тіл қатпай дала мұңды.

Сонда сені, туған жер, елестеттім,

Елестеттім еңбеккер адамыңды.

Олар менің туысым, қандастарым,

Қол ұстастым солармен, жалғасты әнім.

Әділетке, күреске шақырды ылғи

Сол жандарды мен жазған бар дастаным,

Мен сол үшін қуылдым, жасырындым,

Еркіндікке, шындыққа ғашық ұлмын,

Үнім асқақ. Тұрады ол әшкере қып

Зұлымдығын екі бет ғасырымның.

 

                Қуаныш

 

Мен жазамын өлеңді

Қарапайым жандарға

Талпынатын арманға

Нан мен судан өзге бір

арманы жоқ жалғанда.

Көңілі аппақ кіршіксіз,

Жаны таза ардан да.

 

Мен жазамын халық үшін

Оқып бір күн жырымды,

Естиді одан бір үнді.

Не қуантты, жылатты –

ұғады олар сырымды.

 

Егіншінің көзінен

От ұшады жалындап,

Мұңсыз күнін сагынбақ.

Балықшы да үмітпен

Кетеді алға адымдап.

 

Айтады олар мен жайлы

Дос екен-ау бізге деп,

Сол жетеді. Ойым жоқ

Басқа бақыт іздемек.

 

 

            Өлім

 

Мен талай тірілгенмін

мәңгі екенін паш етіп жұмыр Жердің.

Енді өлемін. Айналам топыраққа,

Естімеймін бірін де дүбірлердің.

Естімеймін күлкісін сүйіктімнің,

Естімеймін ыскырған үнін желдің.

Естімеймін үстінен қабірімнің

толқын ба әлде адам ба - жүгірген кім?

 

 

Бай мырзалар өлімнен қашқан, жүдә,

Қара жердің кегінен жасқанды ма.

Жұмақ жасап алуға тірі кезде

бөлісуге тырысады аспанды да.

 

Мен жұмаққа баруға талпынбадым,

Қара жердей, шүкірлік, бар құндағым.

Енді мейлі енемін құшағына,

Жер үстінде мен талай жарқылдадым.

 

Мен ажалды кедейше қарсы аламын,

Олар ылғи ұмытып шаршағаыын,

өлім жайлы ойлауға уақыт таппай,

білем бақыт туралы аңсағанын.

Біреулерге жұмақ та жасайды олар

Және соған төгеді қанша қанын.

 

Бәрі де өтті пәниден, бәрі кетті,

Мықтыға да ажалдың әлі жетті.

Таңдамайды жынысын, бай, жарлыны,

Өлім деген осындай әділетті.

 

 

       Өмір

 

Уайым шексін біреулер о дүние туралы,

Ойламаппын мен бірақ ол жайында туғалы.

Өмір деген әдемі соны ғана білем мен,

Жас арудай тартады тірлік шіркін гүл өңмен.

 

Дүниеде мен ылғи нәзіктікті ұнатам,

Күрсінгенде көңілді гүлге қарап жұбатам.

Алыс елдер, тынбаған қоңыраулар дабылы,

Таң алдында ұрыстар. Аврораның жалыны.

 

Махаббатым өмірде айнымаған, сөнбеген –

Бәрі мені күтіп түр, алыс жерлер көрмеген.

Өмір деген ұзақ жол, қысы ұзақтау күзінен,

Өмір - алып жартастар

дәу толқындар мүжіген.

 

Жаңа піскен нан иісі, тербелісі бидайдың,

Соның бәрі өмір ғой. Мен өмірді қимаймын.

 

Өмір үшін нұр шашқан

сансыз оттар жымыңдап,

Сан тағдырға өмірден жол көрсетіп,

тұр ымдап.

 

Көр қазып жүр біреулер,

дайындап жүр өлімді,

Құрта алмайды бірақ та жердегі бар өмірді.

Өмір деген мәңгілік, сөнбейді оның шырағы,

Қуаныш пен бақыттың нұрын шашып тұрады.

 


                    Өсиет

 

Жұмысшылар менің кіл жыр етерім,

Жер қопарған, кен қазған.

«Қара аралда» үйімді жағадағы

Мен өлгенде соларға мұра етемін.

 

Қанын сатқан Чилидің арамдары

Адамдарды қанады, сан алдады,

Қиналғандар демалып жүрсе деймін

Менің салған үйімде аралдағы.

 

Шаршағандар жамылып кек түнегін

Ұмытса сәл тұрмыстың тепкілерін,

Столымда отырып тамақ ішсе,

Төсегімде ұйқтаса деп тіледім.

 

Есігі ашық үйімнің, туысқаным,

Кел, ұмыт та азап пен жұмыс барын.

Салған үйім бұл менің өз қолыммен

Кешіп жүріп өмірдің ұрыстарын.

 

Мен осы үйде жыр жазғам тағы күшпен,

Махаббаттың шырынын қанып ішкем.

Талай ұзақ сапардан, сан елдерден

«Қара аралға» оралғам сағынышпен.

 

Сен де сағын бұл үйді, сағынасың,

Шын сағынып келмесең арыңа сын.

Айна төсті теңізге қара, сонда

Мазасыздау күйіңнен арыласың.

 

 

       Екінші өсиет

 

Мынау кітапханамды қалдырамын,

Құндысы осы мендегі бар мұраның.

Кітаптарды жинадым көп жыл бойы,

Көп сырластым, түндерде қалғымадым.

 

Ақынына қалдырдым келер күннің

Дүниеде әділет жеңер бір күн.

Алып қолдар жер үстін тазалайды

қоқыстар мен бықсықтан. Сенем, құрбым!

 

Дозақ өмір бүгінгі қалжыратқан,

Ауыр бейнет халықты кан жылатқан.

Кетер ұшып сағымдай жер бетінен,

Көрер сонда адамдар таңды да атқан.

 

Сонда ақ бидай алқапта тербеледі,

Жасарады, жайнайды Жер бедері.

Сан ғасырлар төгілген қан мен тердің

Жемісімен қызығын ел көреді.

 

Сонда өмір арылып бар күнәдан,

Бостандықта армансыз шалқыр адам.

Сонда ғана туады өлмес кітап

Өтіріксіз, тек шындық жарқыраған.

 

Кітаптардан мен жиған нәр бұлағын

ішсін халық, естісін ардың әнін!

Ақынына келешек ұрпақтардың

Мынау кітапханамды қалдырамын.

 

                   ***

 

Мен өлгенде жерлеңдер

«Қара аралда», мүхиттың жағасында

Жер мен су арасына.

Онда толқын тулайды құзға асылып,

Кейде тыныш түскендей сабасына.

 

Мұхит берген жаныма

мендегі бар қасиет, жақсылықты:

Мөлдірлікті күндердей ақ тымықты.

Көз жетпейтін кеңдікті шет-шегі жоқ,

Кейде жайлы, кейде ерке жас қылықты.

Мұхит берген

Құстарының қанатын жырларыма;

қанық еді толқындар сырларыма.

Мен көңілсіз келгенде жағалары

Жұбататын орап ап құндағына.

 

Шаттығымды, қайғымды бөлісетін,

Мен жыласам жастарын төгісетін.

«Қара аралға» сапардан оралғанда,

Толқын біткен қуанып көрісетін.

 

Аймаласын денемді өлгенде мен,

Ағыстармен, сонда мен өрге өрлер ем.

Өлмес толқын денемді орап алып,

Көктемдерге жеткізер мен көрмеген.

 

 

          Мен өлмеймін

 

Мен өлмеймін,

Жанартау боп жүрегім атқылайды,

Қаным мөлдір бұлақ боп шапқылайды.

Халқымменен бір жүрсем шаттанамын,

Жауға қарсы найза алып аттанамын.

Жауыздық көп жерде әлі,

Жатыр адал гректер дарға асылып,

Жапон жерін тұр тағы қан жасырып.

Чилидегі басшылар ардан безіп,

Отыр бүгін жазықсыз жандарды езіп.

Мен өлмеймін сондықтан

Әнімменен қаламын, жырымменен.

Жүрегімнің еліме гүлін берем.

Күтіп жүрген адам көп жырларымды,

Күтеді олар сөнбейтін бір жалынды.

 

 

             Менің партияма

 

Танымайтын жандарды туысқан қып жібердің,

Қайнар көзін сен бердің қайрат пенен жігердің.

Отанымды қайтардың быт-шыт болған кезімде,

Бостандық деп талпынтқан бөледің бір сезімге.

Мейірім мен махаббат отын жақтың жаныма,

Сен үйреттің ешқашан дақ салмауды арыма.

Жауыздықтың, бірліктің түсіндірдің не екенін,

Адалдық пен адамдық сен көрсеттің мекенін.

Алып келдің сен мені шындық атты аралға,

Халық деген - үйреттің - тірек барын адамда.

 

Жау болуды үйреттің зұлымдыққа, зорлыққа,

Мақсат үшін күресте болатынын қорлық та.

Жалын бердің сен маған, жанам енді, сөнбеймін.

Бұл өмірде сен барда, мен ешқашан өлмеймін!

 

 

              Соңғы сөз

 

Бүл кітап бітеді енді.

Ол басталған ыза мен ел кегінен;

Мұқтаждардың қайырсыз еңбегінен;

Мықтылардың қан толы шеңгелінен;

Бүл жырларым туған-ды,

Өрттей лаулап жалыны алаулаған

Қаһарына шыдамай қарауға адам.

Қалтыраған арында дағы барлар,

еркіндікке шапшыған қамаудағы аң.

Ойламаңдар бұл жырлар

тек ыза мен ашудан туған-ау деп,

Жаздым оны шындықтай шыңнан егеп,

Мұнда күш бар. Кәдімгі Жердің күші,

Кескін бөлек ол күште, тұлға бөлек.

Ол күш менмін.

Қара тасты балқытып гүл еккенмін.

Жайлауында жүрем мен жүректердің.

Менмін жүрек лүпілі, сағынышы

аңсап талып айқасқан білектердің.

 

 

        Үнді  азаматына

 

Боливия, Перудің

көшесінде талықсыған, азамат,

тағдыр өзі жазалап,

кең даладан орын тимей еріксіз

Америка тауларына паналап,

жүрсің, міне, табаныңды тас тіліп,

жанарыңда кек аралас, жас тұнып.

 

Тұр одан да, алыбым!

Шуақ күннің жарығын

тағдыр саған түсірмесе, білекпен

серпі мынау дүниенің тұманданған сағымын.

Кеттік алға, ілгері,

біз де алармыз жүлдені!

 

Талап етем мен сенен:

қашанғы сен үнсіз, мылқау жүресің

қара тастай, не қанатсыз қырандай,

тіл қата алмай, қарсыласып түра алмай,

Кеттік алға!

Жұл үнсіздік пердесін,

іштей тынған тірлік қайта келмесін!

Ұмыт сонау соқпақтарды бұрынғы,

шырқа ешкім естімеген жырыңды.

Киін тездеп, өмірменен бір егес,

тағдыр деме,

тағдыр деген түн емес!

Таста, азамат, бар мұңды!

Өздігінен атпақ емес таң нұрлы!

Жазмыш деп жалтаңдама, біз мына -

Сені мен Мен - кәдімгі

қолымызбен, қанымызбен төгілген

жасамақпыз тағдырды.

Өмір деген бір орнында тұрмайды,

Ойлама сен өткен түн мен күн жайлы,

тыныштыққа апаратын жолдар жоқ,

Сілкінбесең, басқа түсер мұң-қайғы

Кедергілер жармасқанда аяғыңа оралып,

Өзіңе өзің қарай берме жалтаңдап,

бұл әлемде саған ғана

түссе-дағы бар салмақ,

күресуден қымсынба да қорланба,

көзіңді сал өмір деген орманға:

Сен баяғы күйде деме дүние –

өзгерді әлем бұл күнде,

сен алғашқы күшіңді жи бойыңа,

тіріл қайта, сілкін де!

 

Кара жердей мұңға толы жанарың,

селт еткізбей өмірдегі бар ағын,

қаншама жыл жүрсің, досым, тіл қатпай

бітелгендей тамағың...

Қайда сенің о бастағы қайратың,

керек бүгін айбат-үн!

Біз көреміз

Сені ылғи да босағада, есікте,

босағада жаутаң қағу сен үшін

маңдайыңа жазылған бір «несіп» пе?.

Құйып тұрған күзгі қара жаңбыр ма,

түн бе, мейлі — тұрдың есік алдында

бүрсең қағып аштықтан.

Қара бүгін:

Сенен басқа жанның бәрі, бар адам

Жапа шексе жаладан,

кектенеді: талап қоя біледі,

бақыты үшін озбырлыққа тік қарап,

алады оны жағадан.

Бұл жағдайды жұрттың бәрі түсінген.

Тек сен ғана тынып ылғи ішіңнен

Отаның жоқ, елің жоқ,

түнеп шығар жерің жоқ,

Жүрсің жырақ еркіндіктен, бақыттан,

саған келмей өзгеге атқан жақұт-таң.

Ақымағым, жанарыңды аш, қара,

бойыңдағы қайратыңды жасқама!

Жұрттың бәрін жауыз деме, сұм деме! -

Дүниеде адамдар көп жауыздардан басқа да!

Мүмкін, саған түсіндіре алмаспын,

бірақ ұқ сен мынаны:

пистолетті мырзалар да, байлар да

бұл күндері калтырайды, бұғады,

Қорқады олар!

Өздерінен күштілердің бар екенін ұғады.

Сәнді үйлері олардың

сырттай жым-жырт пішінде:

бірак, бірақ қорқыныш пен үрей толы ішінде,

мықты дейтін мырзаларың түнімен

зәресі ұшып сығалайды терезенің бірінен

үйімізді қоршап алған жоқ па деп,

тірі күйде жағар бізді отқа деп,

дөңбекшиді төсегінде ол тағы,

Себебі олар, бейшаралар, қорқады,

Қорқады олар өзіңнен,

саған қылған зұлымдығы естеріне түседі,

түседі де, ас орнына үрей уын ішеді.

О, жарқыным, біледі олар

талай нәрсе өзгергенін өмірде,

алынбаған кек жатқанын көңілде,

біледі олар

азаматы үндінің

басқалармен қатар басып жүргенін,

басқалардай күлгенін,

басқалардай мектепке оның барғанын,

оның-дағы ұмтыларын үстау үшін арманын,

біледі олар

бұл күндері үнділер де, жетім де

күш қылуға бекінген,

Сондықтан да қоркады олар, қорқады

сен жүргенде қара жердін бетінде!

 

             Қашқын


         Фрагменттер

 

                  VII

 

Чили, елім менің,

Жасыл жайлау мекен ең.

Көк теңіздің жағасында жайбарақат жатқан бір

Көкірегін жапқан нұр...

Бүгін, міне, қараймын:

ұлылықтың белгісіндей жатыр жалғыз ақ айдын;

Одан басқа қалғаны -

Лас-қоқыс, көшкен елдің жұртындай,

Жоқтық үні тұр тынбай

жүрегінде менің туған елімнің.

Ей, жолаушы,

Вальпараисо қаласына қарашы –

сонда ұғасың наласы мен жарасын.

 

Азаматы Чилидің,

қатал жердің ұлдары,

өзіне еркін тимей туған құндағы,

дауылдар мен қоқыстарға көміліп

өмір кешіп жүр бәрі.

Вальпараисо,

кедейліктен жараланған сәбиің,

ойрандалған әр үйдің -

бәрін-бәрін көрген сайын соламын,

жүрегімді оқ тескендей боламын.

Мен қайғырам сен үшін,

Халқым үшін, сосын мен

Америка деген мына ел үшін.

Жатыр бәрі сүйегіңді кеміріп,

Құтырған ит секілді олар еліріп.

Туған жерім Чили ару тұлғалы,

Жаралады сені жаттың тырнағы.

Сенің аппақ пәк кеудеңді аяусыз

Қаңғып келген аш төбеттер былғады.

 

                    VIII

 

Вальпараисо, мұхиттың қалыңдығы.

Сүйем сені жаныммен,

Жүрегіммен, мендегі бар жалынмен.

Сені ешкімге бермеймін мен, бермеймін!

Өзім ғана аялаймын, тербеймін.

Саган ешкім көз салуға хақы жоқ.

Сені менен айыратын жан болса,

Мен ешқашан бітіспеймін, кек қылышын сермеймін,

Сені жатқа қор қылмаймын, аяулым,

Соның үшін күресемін, кішірем.

Сенің жаның, сырыңды да - барлығын

тек мен ғана түсінем.

Жағадағы аруым,

бір сен үшін мен дайынмын тірліктің

Қарсы алуға бар азабын, дауылын.

Мен әуелден саған ғана құмар ем,

Сенсіз маған тар секілді бұл әлем.

Теңіз сүйіп тотықтырған жандардың –

бәрін-бәрін шын сүйемін мына мен.

 

                     IX

 

Вальпараисо,

                 кететіндей сыйып шағын шыныға,

ойыншықтай сүйкімдісің ұлыңа.

Мұз толқыннан егер азап тартпасаң,

ойыншық боп тұрар ең, сен мұныма.

Сүйем сені жүрегіммен, санаммен,

амалым жоқ, сенен кетіп барам мен:

бостандыққа қол жеткен соң, қалайда

ораламын саған мен.

Мен сенімен бостандықтың таңына,

отырасың емін-еркін тағыңа,

аймалайсын, сонда мені от деммен

шаттық құйып жаныма.

Келбетіңе қырмызы

                     ғашық әр кез Чилидің бар ұл-қызы.

Саған ешбір тең келетін ару жоқ,

Су ханшасы, Антарктика жұлдызы!

 


Тәржімалаған Фариза Оңғарсынова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар