Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Кәдірбек Сегізбай: Өкініш

03.02.2016 190

Кәдірбек Сегізбай: Өкініш



cb3f63d3a4730049fa3d96d9a7478a02.JPG


Қыстау алдындағы Кімасар биігінің ұшар басына қарай жөңкіле өскен барақ түк қарағайлардың өзі биылғы рабайсыз қалың түскен қарға омбылап қалған. Құлашы мол ұзын бұтақтарын ауыр салмақ иіп әкеліп, қасатқа көміп тастаған әр қарағайды қанатымен жер сызып, ұша алмай отырған тоқ күшігендерге ұқсатуға болар еді. Күнгей беттегі құлама құздардың қара барқын тастары болмаса айнала ақпанның ақ мамығына көміліп алған, көз сүрінер ештеңе жоқ. Әншейінде де қысы әскере қатта бола беретін бұл өлкенің биылғы мінезі тым-тым содыр. Күліп келіп, күңірентіп кетер жымысқы дұшпандай қыстың алғашқы айы тым момақан мінезбен келген еді, қаңтары қақап, ақпаны ақ түтектен көз аштырмай кетті. Ертедегі малдының дәулетін шайқалтып, жарлының шаруасын шалқайтып кетер нағыз ақ қылыш жұттың немесе бүгіндегі қамдының тамырын басып, қамсыздың сырын ашып кетер қыстың кейпі.


Қойшыата кешегі айдың қораланып барып, күннің бүгін құлақтана шығуына қарап-ақ аспан көгілдір шәйіден мінсіз мөлдіресе де ертеңгілік атын ерттеп жатып, ішін жиған. «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей жерінің мінезі де Қойшыатаға ежелден сыралғы. Ол қой қораның төбесінен асыра батыс жақ белдеуге жанар тіктеп еді, қателеспегенін сезді. Алдамшы аспан әзір ашық болғанмен батыс жиек шаңытып жатты. «Тағы ұлиын деп тұр-ау, монтансуы жаман екен» деп түйді қарт. Не болса да көрген де, көнген де құқайым дегендей асықпай жүріп, ертеңгілік сыбағасын дәметіп, оқыранып тұрған Қойторыға бір астау жем қойды. Түгі үрпиген ақайыл торы екі езуі көпіршіп, сыбаға дәметкен қара серкенің базынасына жыны келгендей, жымраңдап әлек. Қара серке ғана емес, торының адал еңбегінің бодауы сынды қой өрер кезде алар бір астау сыбағасына бұрыннан дәніккен бір үйір суық торғайлар да ынтық. Шоқақтасып, шиқылдасып езуден аққан бірлі-жарым дәнді талапайлайды.


Шал шығыс бетке қарап еді күн сәулесімен ойнаған қар бетіндегі миллион-миллион маржандар ұшқын атып, жанарын жасқады. «Ештеңе болмайтындай мантансуын қарашы» деді күбірлеп тағы да. «Алдыңа түсе қалар сары ауыз балапаның мен емес» деп ойлады қарт.


Табиғат–Адам арасындағы толас таппас ұлы сайыстың дәл бүгінгі сәтінде де Қойшыатаның таңдап алған тәсілі әбден оңтайлы сияқты. Ұтып шықпаса ұтылып шықпасы кәміл. Қойын таулы өлкенің үрлеме желі қарын жатқызбайтын Ақжонның қуаң бетегесіне қаптатпақ еді. Есік алдына шыққан соң ол ойынан қайтып, бүгінше ауыл маңына үйілген маялардың біріне салмақ салуды жөн көрді. Күрек-айырын сүйретіп, малға тақай бергені сол еді, қар астында қалған маяны жағаттап жүрген қос елік қарағайлы беткейге қарай жалт берді. Сәнді сидам сирақтарын еркін сілтей алмай кеуделерімен қар сүзіп барады. «Сендерді де ауыл жағалатып қойған мынау қалың қардың әлегі-ау, шіркін». Қойшыата соңғы кездері маяларды төңіректеп жүрген қос елікке арнап, ара-тұра қаша сыртына бірер құшақ пішен тастап кететін. Қамқор шалдың бөліп берген үлесіне өзі жоқта келгендері болмаса тағы шіркіндер мұның төбесі көріне таңдары жарқылдап, сырт береді. Тағы да сөйтті, бірақ бұл жолы тым ұзамай тас лақтырым барып, мойын бұрысты. Әлде аштық әлегі, әлде қамқор адамнан келер қиянаттың жоғына сене бастағандары.


Қойшыата оларды елемеген болып, қаша ішіндегі маялардың бірінің қасат қарын күрекпен кертіп-кертіп оя бастады.Ет қызумен біраз пішенді сыртқа шығарып, шашып тастады да терін үйге келіп баспақ болып, ауылға бұрылғанда мұны аңдып тұрған еліктер де жасқана басып, шөп шашылған жаққа бет алды. «Жануарлар ұзаса екі қойдың сыбағасын таусар, бұлар да осы өлкенің ерке төлі ғой, суықта бір қаузасын».


– Кемпір, сен малды қорға қарай айдай бер, мен терімді басып алайын, – деді де үйге кіріп, төр алдына ауған кемедей жантая кетті. «Кәрілік атты құрғыры жеңе бастағаны ма, тұла бойдың зіл-батпан бола қалуын. Осындайда қуатын көрсетер ұлдың жұрісі анау болды. Мейлі де өзі есен-сау жетсе екен». Оның бір бүйіріне шаншудай қадалып, ойынан кетпей тұрған түйткіл бес тәулік бойы шаң бермей жатқан ұлдың жайы.


– Әке, орталыққа бір соғып қайтсам, қалай болар екен, шаш алдырып дегендей... – Ұлы кешкі шай үстінде осындай тілегін білдірген. «Қыстың көзі қыраулы. Өлмелі кемпір-шалға бір қора малды тастап, серуен құрмақсың ғой. Жетер!» деп ұл тілегін қайтарып тастамақ еді, іле райынан қайтты. «Кеше ғана үйірінен бөлінген асау тайдай алабұртып жүр-ау жазған. Құрбы-құрдастарының ортасына барып, бір сергіп қайтсын. Айналасын ақ қар бас­қан таудың қуысына жас шіркінді қамап қойғаным қиянат болар» деп түйген. Өткен жазда астана барып, үлкен оқудан жолы болмай қалған Ұлдың дала өміріне әлі кіріге алмай жүргеніне Қойшыата іштей бағамдайтын.


– Жарайды, барсаң бар. Шал-кемпірдің шама-шарқы өзіңе мәлім, көп кідірмей оралғайсың, – деген. Ұлға биылғы қыс аяғының ауырлау соғарын, сондықтан қосымша жем-шөп жеткізуді басшыларға арнайы айтуы қажеттігін ықтияттап тапсырған. Әрі кетсе екі тәулікте оралармын деген Ұлдан хабар-ошар болмай кетті.


«Ақылсыз шіркін, тым кешігіп кетті, бүгінгі боранға ұрынбаса игі еді» деп күбірледі ол орнынан шұбатыла тұрып жатып. Терезеден сыртқа үңіліп еді, манағы миллион-миллон маржандар қарға сіңгендей жым-жылас, аспан бұлыңғырлана бастапты. «Бәсе, қарға, сауысқанның таң атпай шуылдасқанынан-ақ қорқып едім-ау».


Ол сыртқа шыққанда үскірік жел жаяу борасын ойната бастапты. Мыңдаған ақ түбіт әбжыландар үдере жылыстап сай аңғарын қуып барады. «Ә, бәтшағарлар жел шақырып шуылдасуларың жаман еді, жандарыңды қоярға жер таба алмай састыңдар ма?» деді ол іштей қанаттары далпылдап, қарқылдаған бір үйір қарғалар­ға қарап. Әншейінде тоңғанын да, тойғанын да сездірмей күлтөкпеде тым маңғаз талтақтасатын осынау ұсқынсыздау құстар желдің өтін кеуделерімен жабатындай қанаттары қиқалақтап, біраз әуелеген болады да дымы құрып, қайтадан қанатымен жер сипаса,ала қанат сауысқандар да жау жеттілеп тынбай шықылықтайды. Былтыр қордың маяларын әдейі жел жаққа салдырған. Сонысы ақыл болыпты. Ақ түтек үдеп кетсе ықтаған мал шұбырған бойы қораға келмек. Терезенің жақтауына сүйеніп, сырттағы енді-енді екіленіп келе жатқан боранға қарап тұрып, сол тапқырлығын да көңіліне медеу тұтты.


Астаудағы жемін мана тауысып алған соң қос құлағы салпиып, мүлгіп тұрған Қойторының айылын тартты. «Ә, өзің екенсің ғой» дегендей жабы жануар иесіне бір қырындап селсоқ қарады да сол селсоқ қалпы тұра берді. Қарттың үзеңгіге аяқ арта бергені сол еді, жел жақтан шаңқ ете қалған мылтық даусын естіді. «Әлгі Ұл келіп қалды ма, қасқыр ататындай иығына мылтық асынып кетіп еді?! Ол неғып тал түсте ауыл шетінен мылтық атып жүр?» Қойшыата жаман торымен тепеңдеп, қой қораны айналғанда беткейге қарай далбақтап шауып бара жатқан салт аттыны көрді. «Келген екен ғой. Құлынымның боранға ұрынбай жеткеніне шүкір. Азамат деген осы, орталықтан түн қатып шығып кеткен ғой, шамасы... Апыр-ау, мынау қайда құйын-перен шауып барады? Өзі қасқыр қуып жүргеннен сау ма?» Ол жалқау торыны қинап, қос бүйірге саптаманың салмақты өкшесін қадағанмен, қой торы асыққан жоқ. Қой шетінде селтиіп кемпірі тұр. Ол да Кімасарды бетке алып шабдармен салып ұрып бара жатқан Ұлға жанар тіктеген. Қойшыатаның жанарына жаңа ілінді. Қалың қарды омбылаған жалғыз елік жанұшыра қарағайлы бөктерге таяп қалыпты. «Апыр-ай, мына ессіз шіркін қу жанына сауға сұрап келген бейкүнә хайуанды жазым етпесе игі еді. Сөйткенше болған жоқ, Ұл шабдардан домалап жерге түсті. Аппақ қар үстінде тулап жатқан ақ сұр денеге ат басын тіреген екен Ұлы. Торы бүйірін өкше тесіп, сауырын қамшы осқан соң ғана арсы-гүрсі дүңкілдеп жаман желісіне салды.


Боран үдеп келе жатса керек, дірдек қаққан қараған-бұтада тыным жоқ. Қарттың ішін, бүкіл жан-дүниесін аяз қарығандай ақпанның ақ түтегі енді ішінде ойнақ салғандай. «Уақыт ақпанының бораны бір күні, екі күн күшейер де басылар, есерлікке, ездікке ұқсас екіталай мұндай әрекеттен өзге емес, өзінің өзекжардысының санасыздығын, әлде тасжүректігін көрсетіп берген мынау әрекеттен тұрған дауыл қайтсе басылар?!»


Ол келген бетте беті суықтан күреңіткен Ұл: «Әке, мынау боранда қара қуырдаққа...» дей бергені сол еді, ақ сойыл қызыл тұлыптың жон арқасына сарт ете қалды.


Ақпанның ақ түтегі ішін тарта гуілдеді. Бір ауыз тілге келмеген ашулы әке торының басын отар жаққа бұрған.


«Апыр-ау, осы немені де бір кісідей-ақ тәрбиелген сияқты едім ғой, – деп ойлады Қойшыата мынау ақ бораннан да ызғарлы ойдың қамауынан шыға алмай. – Қай жерден ғана қателестім екен?!



1976 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар