Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Кәдірбек Сегізбай: Құмға салған сурет

03.02.2016 847

Кәдірбек Сегізбай: Құмға салған сурет



8-026-350x234.jpg


Әке-шешеден ерте айрылған жетім бала тіршіліктің тау­қы­метін көп тартты. Қой соңында күндер өтті. Жұрттың баласы хат танып, сабақ оқығанда, мұның қолынан бар келгені – күйемен тас бетіне немесе сұқ саусағымен құмға сурет салу. Болмаса қашау, бәкісін ала жүріп, тас пен ағаштан мүсін жасау.


«Бала, әкең Қастей марқұм үндемей қой соңынан ергенді ғана білетін момын кісі еді. Мынауың бір біз білмеген де, кәсіп қып айналысып көрмеген де өнер екен!» деді, бір күні Әбілханның ағаштан жасаған мүсіндерін көргенде Түргенбай дейтін қарт ұста.


Жетім бала өзі машықтанып жүрген ісіне тұңғыш рет қолдау естіді.


– Өнерді өрге бастыру үшін өмірді тану керек. Білімсіз адамның өрісі – тар, құлашы – қысқа, сурет салуға талабың бар екен. Оқуың керек шығар, балам, – деген еді бірде ол. Осы сөз оның алдынан бақыт шырағы болып жылтырады. Бірақ жұрт қатарлы оқуға күш қайда? Әрбір әріпті әркімнен сұрап, онысын құм бетіне жазып жүріп-ақ бірер жазда жазып, оқуды меңгерді. Ол үшін жаңа өмірдің есігі ашылды. Білсем, үйренсем деген құштарлық барған сайын арта түсті.


Ақыры ол бір кеште өгізге жайдақ мініп, Сағымбек қартқа тартты. Елге аты шыққан шежіре қарт жөн нұсқар деп ойлады.


– Ұланым, тай сұрай келдің бе, тон сұрай келдің бе? – деді шежіре амандықтан соң.


– Ата, жөн сұрай келдім. Оқысам, білсем деген талабым бар, бірақ жетімдіктің тұсауы жібермейді. Не істесем болады? – деді Әбілхан. Шежіре қарт бір сәт сақалын саусағымен салалап, ойға батты.


– Япырым-ау, осынша жасқа келгенше, мұндай сауалмен алыстан келген баланы көрмеп едім. Шешінші өзің, – деді бір кезде.


Көп ұзамай-ақ жас Әбілхан шежіренің ақылымен және берген азын-аулақ қаражатымен ауылдан Жаркентке келді.


Бір сыныптық білімі жоқ суретшінің өмір жолы осылай басталды. Талай-талай кедергілерге жолықты. Ата-баба айналысып көрмеген өнерге жол табу оңай болған жоқ. Сонау 1929 жылдары өнер іздеп, оқу іздеп Алматыға келгенде де хат танудан әрі білімі жоқ жігітке оқу табыла қоймады. Тек атақты суретші Николай Гаврилович Хлудов өнер үйренуге талпынған бірінші қазақ жігітін қуана қарсы алды. Бос уақытында көркемсурет өнерінің әліппелік заңдарын үйретті...


Сол бала Әбілханның қазақтың сурет өнерінің ең басында тұратын, атақты суретші Әбілхан Қастеев атанарын ол кезде ешкім де ойламаған еді. Құмға сурет салудан бастаған балалық талап үлкен өнерге осылайша жол салды.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар