Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Кеңшілік Мырзабеков: Қарлығаш дәурен көп тұрмас...

29.01.2016 251

Кеңшілік Мырзабеков: Қарлығаш дәурен көп тұрмас...


ҚАРЛЫҒАШ ДӘУРЕН


Қарағым, біздің баста да,
Қарлығаш дәурен көп тұрмас.
Қанатсыз қалсақ, 
масқара,
Қанаты барлар жақтырмас.

 

Көнбей-ақ желдің иіне,
Қонбай-ақ жапан түздерге.
Ұшайық,
байтақ дүние,
Жеткізер болса біздерге.

 

Бар шығар біздің жолда да,
Ылдилар менен ылайлар.
Қиын ғой ұшу,
сонда да,
Жете алмаймын деп кім ойлар.

 

Бар шығар шөлде бізге бір,
Жалтақтап жүрген жүргінші.
Терілмей қалған
түзде бір,
Мұрныңды жарар гүл иісі.

 

Жапан далада жаз болар,
Жалғыз үйлерге жетейік.
Шаңыраққа қону аз болар,
Ұя да салып кетейік.


Қол бұлғап бізге, 

әр жақта,
Сағынтып қалған екенбіз.
Бұрылмай қалай кетерміз,
Бір қонбай қалай өтерміз.

 

Манадан ұшқан жеріміз,
Қозы көш қана секілді.
Мезгіл ме, 
мезгілдеріміз
Еңкейіп кеткен екінді.

 

Көнбей-ақ желдің иіне,
Қонбай-ақ жапан түздерге.
Ұша берейік, дүние
Жеткізер болса біздерге.

 

Қарағым, бізді баста да,
Қарлығаш дәурен көп тұрмас.
Құласақ жер ғой – баспана,
Жер бізді көкке лақтырмас.

 

 

БАЛА ЕДІК БІЗ



Бала едік біз елде өскен.
Жар жағалап көл кешкен.
Тұлымымызды күн сүйіп,
Тұсауымызды жел кескен.


Соғыстан кейін шыр етіп,
 
Өркенбіз өртең жерге өскен.
Тың көтерген жыл трактор
Тіркемесіне мінгескен,
Бала едік біз елде өскен.

 

Бала едік біз елде өскен,
Қой жайып қырат, дөң кешкен.
Жаңбырда жазда қойы ығып,
Заматта жазым сел кешкен.
Ғарышты адам айналған,
Асқанда біздер он бестен.


Қиялымыздың тұсауын –
Ғасырлық ғажап сол кескен,
Бала едік біз елде өскен.

Бала едік біз елде өскен,
Шалғын мен сортаң, сор кешкен.


Тағдырымыздың еншісі
Тыныштық болса сол, - дескен.
Тірліктің басқа талқысы
Тай-құлын, тәйірі, қолда өскен.


Жетпісімен ғасырдың, 
Осындай оймен тілдескен,
Бала едік біз елде өскен.

Он жеті жасқа толғанда,
Далаға қарай ынтығып,
Қалаға қарай жол кешкен,
Бала едік біз елде өскен.

 

Бала едік біз елде өскен,
Тағдырдан тәлкек көрместен
Заманмен еркін тілдескен
Қоғамыменен бірге өскен,
Уақытпен сыры үндескен
Бала едік біз елде өскен.

 

БІР БЕЛГІ

 

Балалық шақтан салғанмен аулақ іргеңді,
Балалық шақтан қалуға тиіс бір белгі.
Алғашқы қиял,
Алғашқы арман,
Тәтті үміт,
Солардың бәрін балалық бермей, кім берді?!

 

Алғашқы түйсік,
Алғашқы ағат түсінік,
Алғашқы ізет – кішкентай ғана кісілік.
Солардың бәрі алақынымен көтеріп,
Азамат етіп жіберген жоқ па ұшырып.

 

Сүрініп алғаш...
жығылмау керек соны ұқтың,
Жарыла жүрек қуандың дағы қорықтың.
Алғашқы мұңмен – жалғыздықпенен жолықтың,
Зеріктің алғаш, жабықтың бәлкім, жалықтың.

 

Алғашқы бәрі.
Барлығы тұңғыш, бастапқы,
Үйрендік алғаш ымдасу, әзіл-оспақты.
Кейбіреу күллі адалдығының барлығын
Балалық шақтың босағасына тастапты.

 

Ал одан әрі басталды үлкен – 
ұлы Өмір,
Азамат бол да, сол Өмірді еркін сүре біл.
Балалық шақтан бір белгі қалмай жүрмесін
Бойыңда түбі – 
жүре де жүре, жүре бір...

 

 

ЖАҚЫНДАСУ

 

Кең заманда қоғамда кемелденген

Жақындасу жақсылық ел-елдермен.

Дәстүрлерді дәстүрлер дамытады,

Өнер өріс алады өнерлерден.

 

Салт-саналар бір-бірін жаңғыртады,

Жас қалалар көркейтіп жон-қырқаны.

Өмір сүру заңы ортақ жер бетінде,

Ғарышқа да ортақ қой жолдың қамы.

 

Ауамыздың жұтатын құрамы бір,

Суымыздың құны бір, сұрауы бір.

Жақындасу сондықтан керек бізге,

Жақындасу – уақыттың сынағы бұл.

Жақындаса аламыз қайтіп, қалай?!

 

Жақындасу тайсалмай, тайқақтамай,

Жақындасу жан беріп, жан аяспай,

Сертті бұзып, уәдені қайта аттамай

Жақындасу заманға зіл келтірмей,

 

Жақындасу қоғамға кір келтірмей,

Туған ана – Отанды кірбің етпей,

Туған ана тіліңе тіл келтірмей,

Жақындассаң жақындас тап осылай,

(Ылдым-жылдым жақындық жарасы жәй).

Жақындасқан талайлар жазым болған,

Қасиетіне халқының жаны ашымай.

 

Кең заманда қоғамда кемелденген,

Жақындасу жақсылық ел-елдермен.

Төрткіл дүние туысып кетсе егерде,

Көкке менің тиер-ау төбем жерден.

 

                                                    1981 ж., 4 мамыр

 

 

ЖОЛДА

 

Қайқиған қырдың қарсаңы-ау деймін,

Сар кідір өгіз шаршады-ау деймін.

Бір білем, шүйге біріккен жиде

Желкесін, сірә, жаншады-ау деймін.

 

Жаздың бір жолы қиын шағында,

Ырдуан арба ыңырсығанда

Үргедек шіркей үйір боп қонып

Өгіздің ылғал құйымшағына.

 

Шілденің шыбын-шіркейі шалдуар,

Құйрығын қағып үркеді жануар.

Шалқайып кетіп шыңылтыр аспан,

Сәулесін сәске бүркеді сәруар.

 

Жалғыз аяқ жол қосығындай –

Жараған өгіз арқасы қырдай.

Тобарсып таңдай, сілекей селдеп,

Аптапта кепкен аңқасы құмдай.

 

Аңқасы құмдай, айызы қанбай –

Кеберсіп қалған қызыл құмдардай.

Келеді өгіз кешеден бері

Үзіле де алмай, үздіге де алмай.

 

Көз сүзе қарап айналамызға,

Өгіздің жайын ойланамыз ба?

Май толы барлық ыдысты шандып,

Белтемірден ап байлағанымызда:

 

«Қақсал ғой жануар қара өгіз шыдар,

Майымыз да аман баратын шығар.

Басқарма бізді бастан бір сипап,

Арқамыздан да қағатын шығар».

 

Көңілдей сағым көлбеңдейді алдан,

Сағымнан да асып серуендейді арман.

Көңілің – самал, көлігің – шабан,

Тымырсық ауа, жел келмейді алдан.

 

Сірке кірпіктің қарашығы аунап,

Қарайды өгіз дала шығынға...

Шабына бір кез шынашақтай жәндік

Албаты тиіп аласұрғанда

 

Шыдамды жануар шайқалып қалып,

Шолақтау мүйізі қайқайып барып,

Молақтау құйрық шабына тиіп,

Науадай бітім найқалып барып,

Жұлқынған кезде шайқалып қамыт,

Жөнелді өгіз тайпалып алып.

 

Күтпеген жерден қыра-сай келіп,

Даланың жолы ұрады-ай келіп.

Қыл арқан бас жіп тарта да тарта,

Қанады қолым қынадай болып.

 

– Қарғиық, – дедім, – майыпқа адам

Кездесуші еді ғайыптан әман.

Қайызғақ шаңға күрп ете түсіп,

Қозғалмай қалдым тайып бұғанам.

 

Бауырына ап мойнын, мөңкіп те, мөңкіп,

Керуендей белі керіліп-керкіп.

Кетпендей тұяқ кенеттен тиіп,

Көк соқта құмды тебініп кертіп.

 

Қайырылмай тартып құлаған бізге

Жөнелді өгіз қыр, адыр түзге.

Әбдіра арба аударылғанда

Шатқаяқтап кеп құлады өгіз де.

 

Құлады өгіз де талма түс кезде,

Қырық адым жерден тағдырын сезбей.

 

Бәріне төзген көнтері жануар

Шынашақтай жәндік кәріне төзбей.

 

Қалдық біз жүрек ұрғылағанда

Басымыз зеңіп, бір құлағандай.

«Аман қалдық» деп айғайлай да алмай,

Солқылдап сонда бір жылай да алмай...

 


Ақ қар жапқан даланы аңсадым да, 

Кеткім келді алысқа, малшы ауылға. 

Күлтеленіп тұр ма екен күрең арша 

Орғыл қызыл құмдардың қамсауында?

 

Күрең арша күлдіреп кешкі нұрмен, 

Егіліп бір жылаушы ед ескі қырмен. 

Қойлар теуіп елтірі еркек құмды, 

Айызым қанып қышырын естідім мен.

 

Бәлкім соны аңсадым, бәлкім басқа,

Барғым келді «Салқын тау»,«Салқын тасқа». 

Атың салқын болғанмен, атпал құмым

Қалпың басқа еді ғой, халқың басқа.


Өліарасы әр айдың ылаңдатып, 

Қырбық қар мен қыламық қылаулатып. 

Сынық шана шиқылдап шөп тасушы ек, 

Ыңырантып інгенді ылаулатып.


Бәлкім соны аңсадым, бәлкім бөлек, 

Бәлкім маған бөлек бір салқын керек. 

Салқын емес...

Салқын ғой Алматы да,

Шөпке бірге баратын қартым керек!

 

Шөпке барам...

Сары інген аман ба екен?

Буаз ба екен биыл да, шабан ба екен? 

Ақкөз аяз секілді ақи шалым

Биыл бірақ жол бастап барар ма екен? 

Белі ауырып бадалып қалар ма екен? 

Қамыт-бауды қайтадан тартып жатып 

Басын шайқап аларып қарар ма екен?!.


                1969 ж., қаңтар

 

 

БАЯҒЫ БАҚҚА


Баяғы баққа барайық бүгін, 

Баяғыны еске алайық, күнім. 

Жеңілдер ме екен, жеңілдер ме екен 

Көп айып, мінім, көп айып, мінім...

 

Баяғы терек, баяғы бұтақ

Тұр ма екен, қалқам, бояуы жұтап? 

Тағдырдың желі кеткен жоқ па екен 

Байламын үзіп, баянын отап?

 

Баяғы шықтар, баяғы мүктер –

Байлаған бізді аяулы жіптер.

Қимастықпенен бір-бірімізге 

Аялау менен аяуды жүктер.

 

Баяғы түбір болғанда шынар, 

Баяғы гүлдер солған да шығар. 

Өткеннің бәрін, кеткеннің бәрін 

Табиғат  дейтін жалған жасырар.



Сен менен бірақ жасырма түкті, 

Сені ойлай-ойлай басым қатыпты. 

Сенімен өткен бір минутымды 

Айырбастаман  ғасырға тіпті.

 

Баяғы баққа келсеңші бүгін, 

Баяғы мені көрсеңші бүгін. 

Өсіпті баққа еккен шыбығым – 

Махаббатыма кеткен шығыным, 

Келсеңші, соны көрсеңші,  күнім!

 


***


Бетегеден биікпін, жусаннан аласамын, 

Бұған бірақ қалай мен жарасамын?

Болашақтың қамы үшін төзейін-ақ, 

Болмысымнан бөлек пе болашағым?

 

Болмысымнан бөлекке үйлесем бе, 

Өзім алдап өзімді күй кешем бе?

Сый бергенім сияқты қорыққаннан,

Үйленгенім сияқты сүймесем де.

 

Болмысымнан бөлектің не керегі, 

Болмысымды шектейді ол, шегереді. 

Бәрін-бәрін бойыма өлшеп берген, 

О, табиғат, не деген шебер еді?..

 

Болмысымның көгендес көгенегі, 

Тыңдайыншы, жүрегім не дер еді? 

Күбірлейді, мінеки, құлағыма:


«Болмысыңнан бөлектің не керегі, 

Болмысыңды шектейді ол, шегереді».

 

«Бетегеден биікпін, жусаннан аласамын» 

Бұған бірақ қалай мен жарасамын?

Болмысымды түсінбей бұйрық берген 

Мінездегі мініммен таласамын.

 

 

 



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар