Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Кәдірбек Сегізбай: Дақ

28.01.2016 321

Кәдірбек Сегізбай: Дақ



1cff67892605e451f79ced3a1c7df0db.jpg


Қазанның түп күйесіндей қап-қара бұлт Арқар­лының әр жақ астынан түксиіп шыға келді де, тау ішінің түңліктей ғана аспанының бір шалғайын әп-сәтте тұмшалап үлгерді. Жарты аспан опырылып құлап түскендей нажағай шатыр­лады. Ұзақты күн тау-тас кезіп ойын шар­шат­қан балалар «жұмыстарын» доғарып, етекке, ауылға қарай бет алған. Бестеректің ескі қыстауы­ның қорым тас­тарын мекендеген сары ала қанат бәбісектер «жаңбыр-жаңбыр» дегендей жолды кес-кестеп, далбалақтай ұшады. Жерге құлап түсердей жаңа ғана мың төңкеріліп, тұлан тұтып келген қара қошқыл бұлт бұл маңға салқын демін ғана бүркіп, қара мақпалдай қалың нөсер шымылды­ғының етегін сүйреткен күйі ұлы жайлауға қарай аунап кетті. Нажағай шатырлаған сайын аспан көгінен шашы­раған от сол қара мақпалды қисық-қисық етіп, тіліп өтеді.


Балалардың желке тұстарынан бірдеңе гүрілдегендей болды. Күннің күкірегеніндей емес, бәсең, біркелкі.


– Жоқ, машина ғой, Машина екен. Көкемнің машина­сының даусы. Дабай, балалар, алдынан шығып, машинаға отырып алайық, – деді Қанат достарына.


– Дабай, дабай!


Олар ту сырттарында қалған қия жолға қарай қиғаштай жүгірісті. Сөйткенше болған жоқ, кеңсірігін көк, кабина­сын жасыл сырмен бояған көз жетім жерден мен мұндалап тұратын Қайсаның алабажақ машинасы ыңыра­на күшеніп, биікке көтеріле берді.


– Кө-ке, біз-ді ала кет! – Қанат жұрттан бұрын машина­ның алдына қарай кес-кестей жүгірді. Бірақ көкесі бұларды елең құрлы көріп, көз қиығын да салмай жандарынан зулап өте шыққан.


– Е, жүк тиеп алыпты ғой. Ондайда үстіне кісі отырғызуға болмайды емес пе, – деді Қанат ағасын тоқтата алмағанына ақталғандай... – Әй, балалар, көкем таңертең электр жағатын кісінің үйін көшіріп әкелем деп отырған. Мен білсем бар ғой, осы көш солардікі. Әйдә, кеттік, жүгін түсірісейік.


Олар ауылға қарай жүгіре жөнелді. Өз көмектері болмаса келген үйдің жүгі түсірілмей қалатындай құл-перен жарыса жөнелісті. Барлығы да бүкіл қала, ауыл атаулыны көп жылдан бері нұрына бөлеп болған электрдің шуағын тау қойнауындағы қой фермасының шағын орталығына Қайса көкелерінің алғаш рет осы машинамен әкеле жатқанына қуанғандай.


* * *


– Кемпір-ей, ана келіп жатқан моторшы баланы ертең ерулікке шақыралық. Қара серкенің де басын қайыратын уақыт жеткен сияқты.


Атасының даусынан Қанат оянып кетті.


– Тасыған өзеннің жағасында тұрғандай сәңгірлемей ақырын сөйлесеңші. Баланы оятасың! – Баяғы апасының өзі үшін шыж-быж боп жатқаны.


– Әй, немене, ұрлық қып жатқандай сыбырлап сөйлеуіміз керек пе еді! – Атасы қашанғы әдетінше бұл жолы да қырын шапты. «Шынында Төлеу кереңге айғайлай-айғайлай осылай айғайлап сөйлеуге үйреніп кетті ме екен?» деп ойлады Қанат.


Атасы мен апасының әңгімесіне жылы төсекте құлақ түріп жатқан ол мал сойылатынын естіп, қуанып қалды. «Ешкінің құлағы қандай, біреуінің өзі қойдың екі құлағына бергісіз-ау, шіркін».


– Е, осы заманның баласы сенің серкеңнің басына риза болар деген. Апырақтамай тұра тұр былай, Қайса келсін. Дүкеннен әлгі өздерінің сусындарын әкелсін. Онсыз серкенің басының дәмі келер ме, – деп Күміс апасы шалына қарағанда қонақ күтудің қазіргі салтына біршама жетік екенін көрсетті. «Өй, осы апам да білгішсініп кетеді екен!» Апасы өз пікірінің дұрыстығын дәлелдеп бергеніне көзі әбден жеткендей қолындағы ұршығын іргеге қарай домалатып жіберді де, жер тіреп орнынан тұрды.


– Келіншегі тіл білмегенмен бір өңі жылы, иман жүзді бала көрінеді. «Ата, апа» дегенді ұғып алыпты. Сүтті апарып берген сайын «Спәсибә, апа» деп бәйек болады да қалады. Баламысың деген-ау, таңертең «бөгде жер, бөтен елге келіп, қоңторғай болдық» демесін деп, ана жолы маубас қайнаға келгенде сойған қара ісектің сүбе қабырғасы мен ортан жілігі тұрушы еді, соны апарып беріп едім. Қояр да қоймай қалтама бес сом салып бергені. «Бәсе, сондай жақсы кісі болса керек, анада біз жүгін түсіріскенде де бас-басымызға уыстап, тәтті үлестіріп еді-ау» деп Қанат та өзінше ой түйген.


– Не дейді?! – деді атасы апасына алара қарап. Үні тым зілді естілді. – Қай атаңнан бері көршіге асын сатып, пайда тапқан кісіні көріп едің?


Сиырдың ұйқысындай мың қатпарлы әжімді жүзінде мың қатпарлы зіл жатыр. «Ақша алғанды да жек көретін кісі болады екен-ау! Осы атам да қызық!» Жайшылықта атасының сөзіне өзінше дау айтып, өзінше пікір таластырғансып отыратын апасы сыралғы шалының шекесі шынайы шытынай қалғанда бүгежектеп қалатын әдетіне салып: «Ойбай, сығыр-ай, тіл білмейтін баламен қашанғы тәжікелесейін? Қоймаған соң алып едім» деді шынымен үлкен қылмыс жасап алғандай жуаси сөйлеп.


– «Көрші хақысы – тәңір хақысы». Берсең бір шайлық сүтіңді бұлдамай, тегін бер! – Атасы өмір бойы майлығы да, сулығы да болып өзімен бірге жасасып, бірге қартайып келе жатқан шүйкедей апасын әбден мойындатып тастағанға масаттанғандай адымдай басып, үйден шығып жүре берді.


Сағи атасының атын әкеліп ерттегенін, содан соң ердің үстіне бір жамбастай отырып алып, терезе алдынан өткенін де Қанат көріп тұрды. Бейне бір сылтауы табылып, оңтайы келіп тұрғанда қара серкенің басы бүгін қайырыл­майтын болғанына өкпелеп бара жат­қандай...


Осы әңгімеден кейін арада екі-үш күн өткен соң, қара серке түс ауа жарым сағатта боршаланып, бір қазан ет болды да қалды. Сағи атасының «жынды немесі» Қайса көкесі де іздегенге сұраған дегендей бес-алты шөлмектегі «өз сусындарын» айтқан күні жеткізді. Тау қойнауындағы шағын ауылдың барлық әйелдері қара серке емес, қара атанды жыққандай түгел үймелеп, бірі бас-сирақ үйтіп, бірі ішек-қарын тазалап дегендей, құнжыңдасып-ақ қалды-ау. Тек осы жердегі сегізінші шаңырақтың иесі – жаңа көрші Тұрап мотористің зайыбы Надяның ғана неге қалыс қалғанын Қанат білген жоқ. Ал Надя болса: «Бұл елдің өз тіршілігі жоқ па, бәрі неге бір үйге үймелеп қалды?» деп таңданған да қойған.


Дәл бүгін Қайсасы келін түсіріп бергендей атасы бүкіл тіршілігіне ерекше бір риза кейіппен қасына керең Төлеуді ертіп алып, жота басында маң-маң басып жүр. Қашан да күн еңкейе мал көздеген болып, Төлеу керең мен атасы үнемі осылай қыдырар еді. Сонан соң өзара саңғыр-саңғыр сампылдасып, әңгімелерімен әй бір, тау-тасты көшіріп жүрер еді.


– Сағи, қара серкені құрман айтта соямын дегенің қайда? – деп міңгір ете қалды Төлеу. Бір қызығы кереңнің өзі үнін жанындағы кісі әрең еститіндей ғып өте ақырын сөйлейтін.


– Жаңа көрші келді емес пе? Үй көрсетіп, дәм татырайық дегенім ғой. Құрман айтқа арнап сояр малдың реті бола жатар, алдымен жаңа көршіге үй көрсетіп жібергенді жөн көрдім, – дейді атасы бар даусымен.


– А-а! – дейді Төлеу құлағын тосып. Атасының айнала жұрт түгел естіп болған шешімінің бірін естімепті.


– Тұрапқа ерулік деймін. Дәм татырам деймін.


– Ә-ә-ә, – дейді Төлеу бас шұлғып. – Жөн ғой, жөн ғой... Қатыны орыс, тіл білмейді демесең, өздері бір дұрыс балалар сияқ­ты ғой...


– Е, орыс бола ма, оймауыт бола ма, онда сен екеуіміздің не жұ­­мы­сымыз бар? Біз көршілік парызымызға адал болсақ жетер де.


Ала таңнан тұрып, үй-үйге электр сымдарын тартумен жүрген Тұрап та екі шалдың жота үстіндегі айғайға бергісіз әңгімелерін естіп, іші жылып қалып еді. әңгімелері дегеннен гөрі Сағи көршісінің сөздерін естіп деген жөн болар.


– Байқайсың ба, Надюша, мына үй малды бізге бола сойып жатыр екен, – деді ол сусын әкеліп тұрған келін­шегіне жымыңдай қарап.


– Ет сатып алсын дей ме сонда? – Ол күйеуіне сұраулы жүзбен қараған.


– Жо-оқ, – дейді Тұрап тау қойнауындағы жаңа көршілерінің кісілік қасиеттері үшін мақтанғандай нығыздай сөйлеп. – Салт солай. Жаңа көршіні мал сойып, қонақ етеді. Түсіндің бе? Солай!


– Қызық екен?! – дейді келіншегі әлі ештеңенің байыбына бармаған күйі.


Сол күні сиырлар сауылып, ақшам жамырағанда барлық үйдің тайлы-таяқтысына дейін шақыртпай-ақ Қанат­тардың үйіне жиналсын. Тек Тұрап пен Надяны ғана Қайсаның өзі барып ертіп келді. Қанаттың қара борбай достары да өздері келмей қалса, жұртқа ас батпайтындай мұрындарын тартып қойысып, кіре беріс бөлмеге жиналды. Ыдыс-аяқ тасып, әрі-бері өткен шешелерінің: «Аяққа оралмай былай отырыңдаршы!» деп тағамдарын қызған­ғандай бір-бір жекіп, мазалағандары болмаса, орталарына Қанатты алып, сыйлы қонақтардай қожырайысып-қожырайысып нық орныққан.


– Қане, балалар, – деді атасы жиналыс мінбесінде тұрғандай әдеттен тыс салтанатты мақаммен сөйлеп. Қос құлағы салпиған қара серкенің басын Тұраптың алдына қарай ығыстыра берді. – Жасың кіші болса да жолың үлкен. Сен-дағы бір атаның баласы шығарсың. Өзіңе ар­налған сыбаға басты өзің ұста. «Бет көрсе жүз ұялады», «Тау тауға қосылмайды, адам адамға қосылады» деген сөз­дері бар аталарымыздың. Дәм айдап, қоңсы қонған екенсің. «Жаман дос – көріскенше ғана, жақсы дос – өліскенше пана». Мынау тентек Қайсамның құрбысы, құрдасы екенсің. Соның бетіне шіркеу болмасын деп ауылымды жиып, аузыңа барымды тосып отырған жайым бар. Жат жер, жат жұрт деп тосырқама, жігіттің мың жұрты болса, мың бірінші жұртым дерсің бұл ауылды...


Тау арасында жатқан жеті түтін болсақ та үш-төрт жыл бойы бір-бірімізбен еш-шәй десіп көрмеппіз. Бірлі-жарым ферма басшыларының отбасын қоспасаң өңшең жасарын жасап, өмірдегі өз жолының денін жүріп өткен шал-шауқан мен кемпір-сампыр болып қалды бұл ауыл. Бестеректі базары тарқап, қызығы қайтқан жұрт екен деп жүрме. Мұның қызығы мал қыстауға орала қайта орнайды. Қазір ауыл жастарының бәрі жайлауда. Жалғызсырап, жабығып жүрмеңдер... Қой, қарағым, қане, өзіңе арналған ақ, адал малымның басын ұста. Өзіңе бұйырған екен, жануар.


– Менің атам мектептегі директор ағай сияқты, сондай күшті сөйлейді, иә? – деп, сыбырлайды Қанат қасындағы жапалақ көз жалпақ сарыға.


– Аһа, – деп міңк ете қалды есі-дерті серке құлағында отырған жалпақ сары.


Тұраптың шал сөзінен нақты ұққаны «басты ұста» ғана болды. Бұл жиынның өздеріне арналғанына күмәні қалмағандай батыл ұмтылып келіп, сылынып піскен серке басын қолына алды. Сойылған ұсақ мал атаулының қос құлағына үлкендерден ешкімді ортақтастырмай қашаннан өздері еншілегенге дәнігіп қалған ауызғы бөлмедегі қара домалақтар алдындағы етті талапайлап үлгеріп, арнаулы сыбағаны қайсымызға ұсынар дегендей Тұрапқа үңіліседі. Тұрап бір құлақты кесіп алып, келіншегіне ұсынды да, екіншісін үй иесі дегендей Қанаттың атасына берді. «Өй, мынау бір көрдемше ғой» дегендей, не заманнан қалып­тасқан дәстүрді бұзған ағаларына ренжіген балалар шегінісіп кеткен. Бірақ Тұраптың қатесін Қанаттың атасы түзеді.


– Е, біз құлақтан құр қалғалы қай заман?! Мұны мына Төлеудің немересіне берелік. – Манадан төргі бөлмеге көзін сатып отырған жалпақ сары орнынан атқып тұрып, төрге өтті.


«Мынау сөйлеп болды ғой, сөйлеп болса ішуге де болар» дегендей Төлеу керең арақ құйылған кесені жұрттан бұрын қолына қондырды. Жұрт «әуп» десе, онысын қызыл өңештен әрі қарай құлата салмақшы.


– Қымыздан басқа жақпайды дейтін, қайран Төке! Қартай­ғанда сенің де көмейіңе құрт түсті-ау... Тұра тұр, аптықпай, мен бол­ғам жоқ айтарымды тауысып.


– Менің атам өзі ішпейді, ішкендерді жаратпайды, – деп, Қанат қасындағыларға мақтанып қойды.


– Төлеу кәрі досының не дегенін ести қоймаса да «тұра тұр» дегенін ернінің емеурінен білді ме, айыпты адамдай айналасына жалтақтай бір қарап алып, кесесін қайтадан дастарқанға қойды.


– Нәдие келін, – деді атасы енді Тұраптың келіншегіне қарап. – «Жақсыда жаттық жоқ», бөтенсіме, біздікі сәсед лубит, сам корош бойдиш, мы корош бойдит. Сам плохо бойдиш, мы плохо бойдит. Кушай, пей. Иә, әтес бойдит, ты дөшка бойдит. Пей, кушай, пожалыста!


Надя қарттың сөзіне риза болып, алғысын жаудырып жатыр. Жұрт ақсақалдың сүрініп-жығылған орысшасына күлісіп алып, кеселеріне қол созды. Қанаттың «ішкендерді жаратпайды» деген атасының өзі жұртқа:


– Ал балалар, алып қойыңдар! – деді.


Төлеу орта кесе арақты төңкере ішіп, құнжыңдап етке ұмтылды.


– И-и, осы жарықтықтың ащысын-ай, өңешіңді тіліп түскендей болады тура, – деп қиналды жалпақ сарының шешесі.


– Сызылмашы-ей, сен қатын, арақты жаңа көргендей болып. Бір-екі рет алып жібер. Әлде, кәниәк болмады деп отырсың ба?


– Кәниәк ішіп дәніккен сен дейсің бе?! Бізге бәрібір. Әншейін соңғы кезде асқазаным тырнап, ауырып жүрген соң айтқаным ғой.


Есік жақта отырған әйелдер соны ішпесе бір кеселге ұрынардай бір-бір тыжырынып алып, ыдыстарын босатты. Сонан соң ақ арақтың тым ауырлығы жөнінде өзара күбір-күбір күңкілдесіп кетті. «Сонша қиналғанша атам сияқты ішпей-ақ қойса қайтеді екен?» деп ойлады Қанат.


Ет желініп болған соң, сорпа сапырғанша жұрт дастарқаннан шегініп отырысты. Қолының майын сапта­ма­сының қонышына сүртіп отырған Төлеу жаңа көршісінің тегін дәл осы сәтте тексеріп алайын дегендей Тұрапқа бұрылды.


– Иә, балам, қай ел екеніңді білмедік қой! – Бүлдіріп алған жоқпын ба, дегендей жаутақтап, Қанаттың атасына қарады. Ол сыр білдірмеген күйі ақ сапты бәкісін тазалап отыра берді. Дүркін-дүркін тартып жіберген арақтан болса керек беті қызара бөртіп алған Тұрап не дерін білмегендей алдымен Надяға қарады, сонан соң жұртқа қа­рады. Сонан соң:


– Әй сол ел-мел, ру-пыруды мен білмеймін. Әйтеуір, қазақ­пын, Совет елінің азаматымын, – деді.


– Қай ел? – деді Төлеу құлағын түріп.


– «Білмеймін» дейді. Білгенде қайтейін деп едің, ата-бабасына арнап құран аудармақсың ба? – деді Қанаттың атасы. Әлде Тұрап­қа, әлде Төлеуге екені белгісіз, үнінде елеусіз ғана зіл бар.


– Байқасам, өмір сүруді білмейді екенбіз. Мына жеріңіз тұнып тұрған байлық, сықырлаған ақша екен...


Оның қандай байлық, қандай ақша жайлы айтқысы келгенін жұрт біле алмай қалды. Тұраптың әңгіме айтып отырғанында жұмысы жоқ, Төлеу керең өз ұсынысын айтты:


– Ертең осы отырғандар бәрің де түп-түгел біздің үйде болыңдар. Арақ тауып әкелу, Қайса, сенің мойныңда, – деді. Қал­ғандары да жаңа көршіге үй көрсету үшін аптаның әр күнін бөлісіп алып жатты.


Өзі-өзі болғалы мұндай сый-құрметті көп көрмеген Тұраптың еңсесі көтеріліп қалды. Бірақ ол: «Шіркін, жеті үй күнде сойып, ит жемі қылған жеті малды түгелдей базарға шығарып сатар ма еді. Шіркін-ай обалды болған. Кемі жеті жүз сом ақша ғой» деп ойлады. Ал Надяның көкейінен бұл құрметтерінің не үшін жасалып жатқанын ұқпаса да «оның өтеуін қалай қайтаруға болар екен?» деген сұрақ кетпей жүр еді.


* * *


Тұрапты жеті үй жеті күн қонақ етіп болған соң, сегізінші күні сол қонақшыл топ түп-түгел Тұраптың үйіне жиналды. Әрине, Тұрап оларға мал соя алған жоқ, оның есесіне Қанаттар банкіде тұз­далған қышқыл капуста мен қиярға қарық болды. Сонан кейін жұрт­тың қам-қарекеті баяғы бір қоңыртөбел тіршілік соқпағына қайта көшіп, өз сабасына түскендей еді. Тұрап таңның атысы, күн­нің батысына қарамай электр сымдарын тартып, шынжыр табан трактордың ескі моторын жөндеп, оны орналастырумен болды.


Бірақ Қанаттар тау қойнауындағы Бестерекке ғасыр нұрының алғаш рет қалай төгілгенінің куәсі бола алмай қалды. Әне-міне дегенше жаз қызығы да тәмамдалып, ферманың ірілі-ұсақты бар баласы Қайсаның алабажақ машинасымен ылдидағы мектепке қарай жүріп кеткен-ді.


* * *


– Ей, шұнақ, бері кел! – Қанат ту сыртына жалт қарады. «Шұнақ» деп балалардың өзін атай беретіні барды. Сол иттердің бірі болар ма дейін десе, үлкен адамның үні. – Әй, неғып аузыңды ашып, аңырып тұрсың? «Мұнда кел» дедім ғой саған?!


Қанат тас лақтырым жерге дейін созылып жатқан жайма базардың жайдақ үстелін жағалай орналасқан­дардың ортасынан Тұрапты тани кетті. Екі езуі екі құлағына жетіп, ыржиып тұр.


– Қалай, оқымысты, сау-сәлеметсің бе? Әкел қолды. – Ол майға қыздырған бидай түстес солярка сіңген қызыл күрең қолын жайдақ үстелден асыра созды.


– Атаң да, апаң да аттай шауып жүр. «Баламызды көрсең сәлем айт» деген.


– Е-е-е, – деді Қанат «атасы мен апасының аттай шауып жүргеніне» риза болғандай. Содан кейін: «Атам ақша беріп жіберген жоқ па?» деп мәймөңкеге салмай-ақ әңгіменің төтесіне бірден көшті.


– Жоқ, ондай сәлемдемесі болған жоқ. Немене, ақшаның қандай қажеті бола қалды саған?


– Жәй, кітап-қағаз аламын деп жолдастарға карызданып қалып едім. – Ол тұйықтан жол тапқандай Тұрапқа қарай беріп еді, сол кезде базаршылаған жұрттың біреуі: «Қаншадан?» деді базар тілімен қысқа ғана сұрақ қойып. Қанат Тұрап ағасының алдындағы көк шелек толы бүлдіргенді сонда ғана көрді. Қызыл маржандай жанып, көздің жауын алардай. Жаз болса Бестеректің қолат-қойнауын алып кететін мұрын жарар хош иісі қандай шіркін!


– Ыстақаны отыз-ақ тиын. Елу тиыннан сатқанмын, асығып тұрған соң ғана... Алыңыз, жон жақтың шекер татыған қызыл баданасының өзі. Дәмі тіл үйіреді. Алыңыз, қане, неше ыстақанын орап бере қояйын?..


Қанат әншейінде аузынан сөзі түскен Тұраптың бір стақан бүлдіргенін өткізу үшін осынша шешен болып кеткеніне таң қалды.


Базаршы адам бағаға риза болмағандай басын бір шайқап өте беріп еді, Тұрап ол кісі қарыз ақшасын бермей бара жатқандай-ақ жеңіне жармаса түсті.


– Ағасы, жарайды сізге жиырма бестен-ақ берейінші. Иман жүзді адам екенсіз.


– Менің жүзімнің сортын сен айырмай-ақ қой. Үйренген екенсіңдер, – деді де әлгі кісі бүйірлі сөмкесін қолтықтаған күйі үстелдерді қыдырыстап кетті.


– Өй, бұларға тегін берсең ғана жағасың, «атысталый» адам­дар, – деп ол әлгі «иман жүзді» кісісін түкке алғысыз ғып қолын бір сермеді. – Сөйтіп, шұнақ, ақша керек дейсің ә?


– Иә, аға, мүмкін болса сіз азын-аулақ қаражат тастап кетіңізші. Ауылға барғанда атамнан сол қалпында аларсыз.


– Жо-жоқ. Ауыс-түйіссіз көршінің көрші сәні болмайды. Атаңнан алмаймын. Бірақ кейін сен атаңа менің ақша бергенімді айтатын бол, жарай ма? Сөйт. Өзім де айтармын. Қуанып кетіп, бір тоқтысын беріп жіберуі мүмкін ғой...


– Ол қалтасына қолын бойлата сүңгітіп жіберіп, бір уыс сары ала тиындарды шығарды. – Он, отыз, қырық бес, қырық сегіз, және жиырма, алпыс сегіз, жетпіс... бір сом жиырма бес... жоқ оқушыға бір сом да олжа. – Ол қайтадан жиырма бес тиынды алып, қалтасына салып қойды. – Мә, шұнағым, кесек бір сом. Сом тиыннан, жүз бен мың сомнан жиналады. Жаман ағаң ендігі жылдары сені машинаға отырғызып, қыдыртатын болады. Мысалы, мен сенің атаңның орнында болсам баяғыдан бері бір емес он машина алған болар едім. Ойлашы өзің. Қар кете сарымсағы мен жуасы Қызылшағылдың бетін киіз боп жауып қалады. Одан ат тұяғын бояғандай болып бүлдіргені піседі. Қарақаты, таңқурайы, тошаласы, доланасы, ең аяғы қарағайының шайырына дейін қып-қызыл ақша. Еһ, шұнағым, біздер өмір сүруді білмейміз. Өзің ойлашы, мен келгеннен бері екі айдың ішінде атаңның бір сиырының құнын таудың сай-саласынан-ақ теріп алдым емес пе? Кешке электрін жағам, таңертең жеңгеңнің жинағанын қара мотоциклге тиеп алып, жұрт жиын жерге тартамын. Еһ, шұнағым, біздер... Ыстақаны 30 тиын, қарағым, ала ғой. Шекер татыған жон жақтың қызыл...


Ол айтып тұрған әңгімесін үзіп тастап, тағы бір базаршыға қарап сайрай жөнеліп еді, бірақ оның іркілмей кеткеніне ренжігендей кіржиіп сәл тұрды да: – Сенімен әңгімеге айналмайын деп... – деді күбірлеп.


– Мә, шұнағым, тегін ал, – деп ол бір ыстақан бадана бүлдіргенді баланың кепкесіне төңкере салды. – Ал бар, көше кезбей сабағыңды қара былай. Ең болмағанда пайданың қайдан түсерін үйренесің. Сондықтан мәтимәтика, пәлен-пәштуан деп аз миыңды айрандай ашытпай қарапайым қара есепке күш сал. Икс-игрікті үйренгеннен гөрі «тиын-тебен» ғылымын меңгерген адам озады түбінде. Мына жаман ағаң сенің әлгі мәтиматик мұғаліміңнен есепті кем шығармайды.


Қанат тәтті бүлдіргенді сабағымен аузына құйып бара жатып ойлады: «Не деген ақылды адам! Атамдар ғой даланың тегін жемісін сатып пайда таппақ түгілі, өздері теріп жеп, бір тоюға да ерінеді».


Ол базардан ұзағанша көрші ағасының: «Ыстақаны отыз тиын, ыстақаны отыз тиын. Жонның шырын бүлдіргені», деген даусын көпке дейін естіп бара жатты. «Не деген ақылды адам!»


* * *


Тау арасының тымық түні. Бұлтсыз аспан – алқаракөк. Машина даусынан шошып оянғандай байғыз шаңқылдайды. Үні мұндай ащы болар ма? Бір-біріне мінгесіп-ұшқасып төбеден қарауыта төнген жалама биік әлгі пәтшағардың ащы даусын жұмсартып қана қайталайды. Мал тұяғы баспаған соны аңғардың алсындап тұрған түрлі көгерісі жұпар атады. Түннің тәтті ауасын сол жұпар иіске орап жұтқан машина үстіндегі бір топ кішкентай жолаушылар көңілді-ақ. Фардың өткір сәулесі осқылаған қара қоңыр қараңғылық арасынан елбең етіп қосаяқ жортады. Біраз уақыт алдыға түсіп алып, безектейді келіп. Кабина терезесінен дудар басын сыртқа шығарып алып: «Сағындырмай өзің келші, хат жазғанша өлеңменен» деп іңірден бері толассыз сұңқылдап келе жатқан Қайса ұзын сонар жолтаусар әнін қоя қойып, қосаяқты ерінбей-жалықпай қуа жөнеледі. Оған балалар да бір-бір шуласып, мәз болысып қалады. Жол бойы қосаяқ қызығымен әр нәрсені айтып, шуылдасып келе жатқан балалар ферма орталығы Бестерекке таян­ғанда жым болыса қалды. Тағы бір оқу жылын тәмамдаған соң, сағынып жеткен ауылдары­ның ауасы әсер еткендей. Әсіресе, үйге таяған сайын Қанатқа соңғы шақырымдар таусылмастай көрінді. Апасының өзіне арнап тығып қоятын тәтті дәмділерін, апасының өзін, атасын сағынып-ақ келеді.


– Охо, Бестерек! – десті балалар төмендегі тау қойнауынан самаладай жарқыраған электр жарығын көргенде. Бір шоқ жұлдыз аспаннан жерге түсіп, тау қойнауында жарқырап жатқандай. Қанат Тұрап ағасын ойлады. Айналдырған жеті-сегіз үйді ақшаңқан сәулеге малып қойыпты.


* * *


Ол ертеңіне ұйқысын қандырып оянды. «По-о-одъ-ем!» – деп құлқын сәріден жылы төсектен еріксіз суырып алатын интернаттағы тәрбиешінің үні естілетін әдеттегі уақытта оянып-ақ еді, бірақ өз үйінің төрінде жатқанын есіне түсіріп, ұйқылы-ояу шақтың тәтті бір қуанышын сезінді. Аунап түсті де алаңсыз ұйқы құшағына қайта көмілді.


– Қанатжан, тұра ғой, жаным. Күн түс болды. «Апам ғой, ылғи өстиді» деп ойлады ол. Бірақ апасының «тұра ғой, жанымы» тәрбиешінің «подъемі» емес қой. Ол апасын үш-төрт рет жалындырып алып, әрең тұрды.


– Көкем қайда? – деп сұрады ол апасынан.


– Жаным-ау, жұмыс адамы отыра ма? Орталыққа кетті. Әлгі Төлеу керең де бүгін екі қап сарымсағын Қайсаның машинасына салып, бірге аттанды. – Апасы әлдекімді сыртынан мысқыл­дағандай мырс етіп күліп алды. – Қартайғанда ол да сауда жасап, мал таппақшы. «Тұрапқа ұқсап, ақшаны күреп алмасам да ащы сулығымды тауып алайын» дейді. Жаман әдеттің біріне үйренген адам екіншісін де қиналмай меңгереді ғой, күнім. Екі жастың біріне келгенде ол да сауда жасаймын деп тыраштанған болып жүр. «Әй, екеуіміз қартайғанда тышқаншылап шөп термей-ақ қоялық, жетпей жатқан нең бар, желкілдемей жайыңа жүр!» деп атаң біраз мүйіздеп алған еді, өз алдына міңгірлеп ұғар емес.


– Апа, Тұрап ағаларым қайда? – деді бала есіне жаңа түскендей.


– Осы екі-үш күн болды көшкендеріне. Жемісі бітік өсетін жер дей ме-ау, базарлы орталыққа жақын дей ме-ау, әйтеуір, сұранып жүріп, Қызылсайға көшкен. Өй, өзі де бір пысық бала ғой. Таңның атысы күннің батысы демейді, анау Нәдие келінді де құдай қосқан екен сайма-сай ғып.


Қанаттың көзі терезеден Арқарлының бұйрат-бұйрат беткейіне түсті. Тау етегі қалы кілемдей жайнап, құлпырып кеткен. Жаз ортасына дейін сан алуан гүлдері қурамайтын шалғынды алқап бала жанын қытықтағандай. Тек қалың қызыл гүл өсетін бұлақ бойының бір жағы от орнындай болып, қара барқын көрінеді. «Е, әлгі Төлеу атам мен Тұраптың картоп екті дегендегі бақшалары сол екен ғой» деп ойлады бала. Бірақ бұлақтың бір жағасындағы қалың гүл қызыл толқындай тербеліп жатса, екінші жағасының қыз бетіне шыққан жарадай қарабарқынданып ұсқынсыз көрініп жатуы бүкіл беткейдің сәнін бұзғандай-ақ.


– Әне, анау Төлеудің бақшасы. Суарып, түптеген де жоқ, өзі әлі көгермеген сияқты-ау деймін, – деп апасы жаңағы қаралтқым жерді нұсқады. Тұраптың бақшасы анау қырдың ар жағында. Көктеп тұр дейді ғой.


«Атам мен көкем картопты таныстарынан қаптап тасып жүргенше өстіп неге бақша салмайды екен?». Бірақ бала тау қойнауындағы ауылына жақсы-жаманды әдеттің бірден кеп ақтарылмай, мысқалдап сіңісіп жатқанын қайдан білсін?!


– Өй-бу, жаным-ау, ұмытып барады екенмін-ау. Нәдие келін жүрерде қыстай берген сүтіңіздің ақшасы деп кесек жиырма бес сомды ұстата салғаны. Алмаймын десем, қоярда қойсыншы, қане. «Жоқ, апа, тегін алуға болмайды» дейді. Міне, жаным, – деп апасы сары сандықтың бұрышынан шүберекке оралған түйіншекті алып шықты. Су жаңа жиырма бес сомдық. Ақшаға ғана тән бір түрлі жағымды майда иісі аңқиды. – Әлгі қу шал көрсе, мен бір сұрап алғандай болады тағы. Әдейі тығып қойдым. Күзде оқуыңа жүрерде атаңа көрсетпей ала кетесің.


«Шіркін, Нәдие жеңгей қандай жақсы адам! Егер көршілердің бәрі алған затына осылай ақы төлеп отырса, апам жылына пәлен жүз сом жинап алар еді ғой» деп ойлады бала. Бірақ ол бір бұлақтың суын ішіп. бір қойнаудың ауасымен тыныстаған адамдар азды-көпті еткен қайырымдылықты, азды-көпті ауыс-күйісті ақшамен ғана өлшейтін болса, онда апасының пәлен жүз сом ақша алғанымен, басқаларға да соншалықты ақша беретінін, сонымен бірге сол күйкі тіршіліктің адам жанына анау көктемей қалған айдау жердей дақ түсерін қайдан білсін.


Асы үшін ақы сұрамайтын халқының қасиетін асқар таудай апасының да осынау көкала қағазға аңдаусызда айырбастап алғанын, бақа есепшіл бақи тіршіліктің ғана әр қадамының бағашыл боларын ол пайымдай қойған жоқ. Бала ғой әлі.


Қанат қыс бойы өзін сағынып жатқан тау-тасына, қызғал­дақты беткейіне қарай тұра жүгіре жөнелді. Жотаға шыққанда иек астындағы сайдағы Тұраптың бақшасын көрді. Көк өскіндер таудың қара бурыл топырағының бетінен көріне бастапты.



1972 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар