24 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Кәдірбек Сегізбай: Балабура

28.01.2016 251

Кәдірбек Сегізбай: Балабура



Кәдірбек Сегізбай.jpg


Кішкенетаудың қойнау-қойнау қолтықтарындағы ескі қыстау орнына шыққан қалың қалақайы мен сай-саланы қышқылтым кермек иісімен бояған жусанға түйенің көп зауқы соқпай жүр. Тек анда-санда келіп, улы қалақайды ауыз толтыра асап, құшырлана күрт-күрт шайнайды. Ас болсын деп емес, ашумен бей­күнә өсімдіктен өш алғандай ызамен орады. Жеп тауыспасын білген соң, жапырып тауысайын дегендей үстіне бар салмағымен өшіге, зілдене аунайды. Сөйтеді де басын жерге салмастан Қызылшағылға қарай беттейді. Арқар жортқан жотада ол алып кеудесін аңқылдаған желге төсейді. Бұлың-бұлың бұлдырап, көз ұшында көрінген Алтайға, сонау алыста иретіле шұбатылып жатқан Қара Ертіске қарайды. Төбесінен Сауыр мен Сайқанның ақ басты таулары үңіледі. Батысында Тарбағатай сілемі мұнартады. Бірін-бірі қуалап жеткізбейтін белес-белес адырлар – бәрі-бәрі де өзіне етене таныс. Атамекеннің күнде көріп жүрген суреті. Бірақ тілсіз мақұлықтың жанын жегідей жеп, жүрегін шанышқылаған бір мұң бар. Ол жалғыздықтан шеккен жапаның, бір кездегі тірсек тістесіп, асыр салар түйе атаулыны сағынудың мұңы еді.


Жазған жануардың бар өнері тау басында тірі мүсіндей сілейіп тұрып, ұзақ-ұзақ боздау ғана. Аяқ жетер аймақта қарақан басы ғана қалыпты. Тағдырдың өзіне де ие бермейтін тәкаппар басын тік ұстап, тау-тауды кезгісі келді. Бірақ... Қайда барар, қайдан табар іздеген жоғын? Оның үстіне мұның жалғыз қорғаны өзін күтіп-бағудан жалықпайтын қара шалдың карасы бұған көрінбегелі де айдан асты. Толағай басына кең дүние тарлық еткен соң не шара?


Балабура төмендегі ауылға қарайды. Жыл мойыны жіңішкерген шақ – наурыз өткен соң таулы алқапты қыстап шыққан төрт түлік аузы көкке тиіп, түлеп салған. Бөктер-бөктерде қадала жайылып, отар-отар қой жатыр. Қоңыраулата кісінеп, құлындар шапқылайды. «Тентек болма» дегендей енесі оқыранып қойып, мысық мұрт бетегеге бас қояды. Бәрі де өсіп, бәрі де көбейіп жатыр, бәрі де сонысымен бақытты...


Ал бұл ше? Бұл болса, осы алқапта он-он бестен өрісте жүретін жампоздан көзге шыққан сүйелдей жалғыз қалған сарқыт сияқты. Оның екеуі өз қанынан тараған ұрпағы болатын. Ең соңғы алты түйені бейтаныс адамдар айдап әкетті. Хайуан шіркін оларға «Түйенің енді не қажеті бар?» деген айдар тағылып, соғымға әкетілгенін қайдан түсінсін. Оны білер зерде, зейін болса, хайуан болар ма еді бұл?! Бір кезде бір үйдің жүгін тиегенде мыңқ демей адырлар мен белдерді табанының астында илектеп, маңа беретін алып күші мұның атын аймағына шығарып еді. Бір үйдің мүлкін артса да Қиынсудың үңірейген шатқалына түсерде қиялы жолдың қисынын тауып, еппен басар еді. Бұйданы қолына алған қара шалдың: «Табаныңның астында жылан жатыр, шөк-шөк» деген майда қоңыр үні оның жігеріне жігер, қажырына қайрат қосар киелі үн сияқты естілер еді. Ал өрге келгенде өзі-ақ кәнігі соқпақтарды қуалап, туралай салмай кемерлей, қиғаштай тартып, биік басына жеткенше тыным таппайтын. Ақ көбіктенген сан еттің соры шығып, Қиынның екінші қырқасына барлық көштен бұрын шығар еді бұл. Көш сол биікке жеткенде сәл дамылдап, түйелер шөгерілетін. Балабура шөгіп жатып, жайлаудың соны шүйгінін, өз табанындай жайыла өсетін түйежапырақты ерні жеткен жерге дейін шүйіре орап алып, рақаттана шайнайтын. Ол күн де ұмыт бола бастапты. Мұның қажыр-қайратын керек етіп жатқан жан жоқ бұл күнде. Тек әйтеуір өтті-кетті сол бір кез өз тұстастарын, аз уақыт кешіп өткен өмірдің қызықты бір өткелдерін есіне түсіріп, сағым қуып, көз алдынан сағыныш боп өтеді де. Өзінің қазіргі пұшайман бол­ған халі, бодауы аз осы бір болымсыз күндері хайуан екеш хайуанды тұйыққа тірегендей.


Ол күн ұзаққа Қызылшағыл қырқасында шөгіп жатты да қойды. Тек қас қарайып, ақшам жамырағанда итініп орнынан тұрды. Тымық кешті дір еткізіп, тағы да боздады. Қарауытқан шатқалдар ғана үн қатты. Үңірейген, меңірейген сайлардан үкінің әупілдегені, түлкінің шәуілі естілді. Ауыл жақтан ит үрді. Екі-үш қырқаның арғы жағынан тасып жатқан Үйдененің гүрілі сарылдайды. Оның түнгі айбарлы үні алыстан құлақ тұндырады.


Балабура көз алдынан лақтырғанң тастай зуылдап өтіп жат­қан жарқанаттарға да назар салмайды. Алып дененің күйзеліп тұрғанында құйтақандай немелердің не жұмысы болсын? Өз қызықтары өздерінде.


Түйе ішін тарта ұзақ боздады. Көкірегінің көбесі сөгіліп, қолқа жүрегі еріп кеткендей сызылта салды. Өзі тайлақ атанып, көшке бос ілесіп жүрген шағында Қиынсудың қиясынан құлап, пышаққа ілінген енесі, одан кеше ғана көз алдында кеткен ұрпақтары, тіпті тіршілікте бастары көп қосыла бермейтін бүкіл қос өркешті дала алыптары есіне түсті. Бұл боздауы соларға бағыш­талған сағыныштың сан перделі сазы, көзден таса болға­нымен, көңілден жырақ кетпейтін кейуаналардың көз алдында сақталған елесіне шаққан мұңы еді. Ол әлі де қызыл жолақ күн шапағы сөне қоймаған батыс көкжиекке шаншыла қарап қалды. Оның көз алдына қалың қалақайда аунап жатқан өз қандастары елестейді. Тек елес қана. Балабураның ойлай алатын зейіні болса, өткен күндерінен мыналарды еске алған болар еді...


Бота орнынан ұмтылып, маймақ аяқтарымен тәй-тәй тұр­ғанша қара шалдың шымылдығында жатты. «Көз тиеді» деген сақтық үшін жасырылғанын ол шіркін қайдан білсін. Қарақат көзі жаутаңдап, тұңғыш рет «бө-бө-өө» деді. Ол өзінің дүние есігін ашканын әйгілеп, барша әлемге хабарлағаны. Содан соң енесінің үлпілдеген мамық емшегінен уыздың дәмін татты. Тұмса туған інгеннің өз ұрпағы үшін жинаған нәрі оның таңдайына татып сала берді. Ол құмарлана сорды. Содан кейін бүкіл жаһанға, айнала дүние­ге таңдана қарады. Адамдардың, анасының мейірлі көздері, жарық дүние – бәрі-бәрі де оған ыстық ықыласпен қарап тұрды. Содан бастап ол тіршілікке тәнті, содан бастап ол екі аяқты, жұмыр басты пенде атаулыны қамқор көрді.


Иә, ол бәріне де сенген, бәрін де сүйген...


Бота солайша айналаға сәби көзбен қарап тұрғанда қара шалдың ұлы Жәнібек келіп, мұның иір мойнына асылған. Үкінің жүніндей үлпілдеген ақ мамығын аялай сипап, жәутеңдеген бейкүнә мөлдір көзінен сүйген.


– Боташым, ботақаным менің. Әузін-әй шөпектеген. Ата, мұның атын не қоямыз? Ақбота дейміз бе? Ақбота деуге болмайды екен, өйткені бұл ақ түйе болмайды. Ә, таптым, таптым. «Балабура» болады мұның аты. Сенің атың – Балабура, Балабура, – деп ол мұның құлағына аузын тақап тұрып айқайлаған.


Одан бері де әр қатпарының астына талай-талай дәуренді жасырып, жылдар да өтіпті-ау...


Балабура бей-жай тұра беруді жөн көрмеді. Өзінің жануар­ға ғана тән қайғысын қозғай бермей, қайратын да қолдайын дегендей, аңсары ауылға ауды. Әлде барып, күлге аунағысы келді ме, әлде тұз жалап, жерошақтағы түтін иісін иіскегісі келді ме, жоқ болмаса көптен көрінбей жүрген иесінің қарасын көруге дәмеленді ме, әйтеуір теңселе басып, ауылға беттеді. Жаратылысына біткен асықпас сабырлылықпен, төрт тіреудей аяқтарын сәнмен сілтейді.


Оның алдынан жау жеттілеп қойшының ала қаншығы шықты. Шыж-быж, алып тастардай болып келеді. Түйе оны елеген де жоқ, «е, сен мұндар үрерсің де қоярсың» дегендей, маң-маң басып өте берді. Қиратып тастамақшы болып келіп, ештеңе өндіре алмаған соң кінәсін жуып-шайған ала қаншық құйрығын жәркелештене бұлаң­да­тып қойды да, тау жаққа қарап үрді. Өзінше сақсынып, босқа ала өкпе болып жүрмегенін дәлелдегендегісі. Балабура оның итке ғана тән тіршілігін пәруәйіне де алған жоқ, жайымен басып, қотан шетінде қарауытып тұрған киіз үйге таяу келді. Шаңырақтан жарқырай ұшқан жалын әу бетте көкке шапшыған болады. Бірақ қиқалақтап барып, сөніп кетеді де, кенеуі жоқ ақшылтым күлге айналады. Лап етіп жанып, лып етіп сөнер қырпуы жоқ, қамсауы жоқ бүрген ғана осылай ұшқын ататын. Бура ыс сіңген туырлықты иіскеді. Өзіне таныс, біртүрлі сүйкімді иіс. Қос өркешке туырлық орап, қом жасамағалы да екі-үш жыл өтіпті. Бүгінде жайлаудың біраз жеріне дейін машина жол салып алған. Жұрт түйеге жүк артып, машақаттанып жүрмейді. Балабура өзіне жүк артатын әдеттің неліктен пышақ кескендей тыйылғанын да пайымдап көрген емес. Туырлықтың қышқылтым, кермек иісін құмарлана иіскеуі де әншейін сол бір күндердің елесін доғал санасымен өзінше ғана сезінуі еді.


Балабура киіз үйдің туырлығына тұмсығын тіреп тұрып уықтың қарына қасынды.


– Өй, мына жайрағыр қирата ма? Шелегің түскір, мә іздеп жүргенің осы болса!


Үйден шаңқылдай жүгіріп шыққан әйел бақанмен бураны қақ маңдайдан аямай ұрып, көзінің отын жарқ еткізді. Бірақ бура бұрынғы әдетіндей жынын шашып, бақырған жоқ. Тек қатты ыңыранғандай ғана үн шығарған. Алып дене әйел соққысына теңселіп қалды. Балабура өзінің бір кездегі құдіретті қамқоршы­сындай көрген екі аяқтыларға тағы да не үшін кінәлі болғанын пайымдап үлгірместен, жан сауғалап қашып шықты.


– Бұл не? – деген ер адамның даусы естілді үйден.


– Әлгі Мәлік шалдың түйесі ғой қаңғырған. Жайрағыр, уықты сындыра жаздады емес пе, – деп әйел ақтала сөйлеп жатты.


Балабураға ол үндер талып қана естілді. Ол ауылдан ұзап шығып кетті. Бағыты жоқ, бағдары жоқ, басы ауған жаққа салып келеді. Лақса болып, қартайған шағында бар тіршілігін тәрк етіп, бір кезде өзіне одан ыстық көрінген өмірдің тұщы тынысынан да безініп келе жатқандай. Бұрылар емес, құз болса да тайынар сыңайы жоқ. Көзінде мұң емес, жалын бар. Ешкімді де, ештеңені де көргісі келмейді. Өзі жүгін қырдан ойға, ойдан қырға жылдап арқа­лаған адамдардың ешқайсысынан, тіпті осы бетінде қарсы алдынан қара шал шықса да араша сұрағысы жоқ. Шемен боп қатқан шермені оны бәріне де тойдырғандай, мойын бұрғыз­байды. Қараған-бұта жалпақ табанының астында күрт-күрт сынады.


Мүмкін ол өзіне зәбір-жапа көрсеткен адамдарға, өз тағдырына налып немесе оларға өкпе артып келе жатпаған болар. Әйтсе де жалғыздықтан жапа шеккен жануардың ауылдан корған таба алмай, түн жамылып, жалғыз жортуында хайуан мінезіне ғана тән қарекет бар сияқты.


Бір кезде ол дүлей күшпен келіп, буырқана тасып жатқан Үйденеге қойып кетті. Қамал болса бұзып өтпекші, қалың болса жарып өтпекші. Өзен күші мен өз қайратын да салмақтап жат­пады. Нар тәуекелмен келген бетте ұрынды. Жоқ, өзіңнен зор шықса, бойдағы қайраттың, жалған қанат байлаған әзәзіл ашудың қор­ғандығы мен қамсауы шамалы екен. Өкіріп, дөңбекшіп жатқан долы өзен алып жампозды жабағы құрлы көрмей, қақпақылдай үйіре жөнелді. Өзі келіп аранына түскен олжаның жынын қағып алайын дегендей тасыған өзен өз иірімдеріне оны көміп-көміп алды да сақ-сақ күліп, сүйрей жөнелді. Ол жан ұшыра тулағанмен жұлдызды зеңгір аспан аунап, толқынның тәлкегі болып кете барды...


* * *


Балабура өлмепті. Ол есін жиғанда ғасырлар бойы су соққаннан, болмаса о баста солай жаралған үй орнындай жартастың үңгіріне тығылып қалғанын көрді. Асау өзен мұның бауырын соғып, дөңбекшіп жатыр. «Жаныңды жартас алып қалды, әттеген-ай, әттеген-ай» дегендей өз күштілігімен айбар көрсетеді. Түйе тас қамауда тұрып, он қадам жердегі бостандыққа үздіге қарады. Бірақ өзінің табиғат күші алдындағы әлсіздігін алғаш рет сезінгендей болды. Қара шалдың бейнесін, жылы қабағын, соның көптен бері зар қылған қамқорлығын аңсады. Бірақ, ол «Кәрі тарлан қартай­ғанда жорға шықты» дегендей-ақ қара шалдың алпыстан асқанда қала тұрғыны болуға бел буып кеткенін қайдан білсін.


* * *


Мәлік қарт бұл пәнидің шыр етіп келіп есігін ашқалы бергі алпыс жылдан астам уақыттан бері Алматыны қойып, иек астындағы Зайсан қаласына екі-үш жылда бір бармайтын. Туып-өскен Маңырақ – алтын бесік, жан сая. Оның Мәкең білмейтін сыры бар ма екен, әр сай, сай емес-ау тау-тасы көкірегінде сайрап тұр. Қыс-қыстауы Қызылқырқа, жаз жайлауы Айғыркөмген, Сандықтас – айналысы екі көш жер қарт өмірінің куәсі. Балалықтың бал бақшасы, сәркілдеп, ит шулатқан жігіттік шақ, шау тартып, жігіт ағасы атанған кездердің бәрін ол табан тайдырмай осы өлкеде өткізіпті. Мәліксіз Маңырақ жатқанмен, Маңырақсыз Мәлік жетім сезінетін. Сонау соғыс кезінде үш-төрт жыл «тұрдабайға» барғанда аңдаған ол туған жер дегеннің не екенін. Шахтада көмір қазып жүріп сәл отыра қалса, ауылындағы күйкі тірлікті сөз етер еді. Айталық әңгімесі: «Шіркін, біздің Кішкенетау, Маңырақ жер жәннәты ғой. Қараған басы қар жауса да мал жұтамайды. Қар жатпайтын Қызылшағылдың күнгейі бір отар қойдың алты ай қысқа азығы болатын. Отарды Ғазиз деген жиеншарға қалдырып едім, әңгүдік неме мал төлдегенде іскектейтін ауыл төңірегін қыста жегізіп қоймаса неғылсын. Жер отын да малға кертіп бере білу керек» сияқты болып келер еді.


Ол жер түбінде отырып, жиеншарына уағыз айтайын да демейтін болар, әйтеуір ауылды сағынған соң өзінше еске түсірудің амалы да баяғы. Одан қайтып келген соң қойын бағып дегендей біраз жылдарды өткізді. Жастық шағы, тіпті бар ғұмыры туған жердің жылғасы мен жықпылында өтті. Ол өзін сонысымен бақытты сезінетін. Ата-бабаның ізі қалған, солардың зираты жат­қан жер оған анадай ыстық, жардай қымбат. Оның үстіне отыз жыл отасқан қосағымен екі бірдей арысы – көздерінің карашығындай ұлдары осында жатыр. Тәңірі де бұған келгенде сараңсып үш-ақ ұл берген екен! Біреуі жастай шетінеді, бірі жігіт болған шағында боранда қалып мерт болды. Ендігі бар тіреніш, бар сүйеніші жалғыз Жәнібегі ғана. Ержеткізді, оқытты. Кемпір кетіп, жалғыз басы сопиып, иен үй бағып, жарым көңіл болып қалса да, ұл ержеткен шақта төсек жаңғыртуды ар көрді.


– Мәке, қартайған шағыңда бір арқа қасытар шүйке бас тауып берейік, – деген ағайын пейілін қоштамаған.


– Шүкір, жерге қарап қалғаным жоқ. Көктеп келе жатқан өркенімнің тілегін тілеп, құдай немере берсе, соларға ертегі айтып отырсам болмас па. Тым болмаса кемпіріме ұялмай барайын, – деп сөз аяғын әзілге айналдыра салатын. «Аман болса, жалғызым жетті ғой. Әлі-ақ оқуын бітіріп келеді. Келін жұмсаймын, немере иіскеймін» деп, ол тәтті қиялға берілетін. Әйтеуір, жалғызы тарық­пасын деп жұмыстан қол үзбей, ферманың он шақты түйесі мен өзінің екі сиырын, он шақты қой-ешкісін бағып келген. Заман өзгерді, біраз тасымал жүк атаулыны машина-тракторлар міндетіне алды. Азын-аулақ түйелерден мүлде қадір кеткен. Тек бір шаруа­шылықтың басшысы ойсылқара ұрпағымен жуықса, сол адамның ақымақтығы деп қояр еді. Барлық колхоз-совхоздар, бүкіл аудан, облыс болып, ата-бабаларын түйе түлігі өлтіргендей осынау жануарларға жаудай тиген. Естуінше бүкіл елде солай көрінеді. Неге бұлай болды? Үкімет мәпелеп отырған қой малының жем-шөбіне ортақ болып жатса, өрісін таптап, зиянын тигізіп жатса бір сәрі-ау. Ешкімге тигізер тырнақтай кесірі жоқ, қорегін сор­таңның көкпегін, тікенді қараған, шеңгелдің басын шалып тауып жүрген хайуанның қай қылығы үшін қатал үкімге тартылғанын Мәкең түсіне алмайды. Шаруашылыққа келтірер бар зияны он үш-он төрт түйені баққаны үшін бұған төлейтін аз ғана тиын-тебені ғана... Қара шалдың бар білері... бұның бағып жүрген түйелердің түгелдей құнан өгіздің құнына тұрмас бағамен жұртқа соғымға таратылғаны ғана. «Бота күнінде Жәнібегім өсірген еді» деп, жалғыз осы Балабураны өзі сатып алып қалып еді. Сондағы бар ермегі бір түйе, бір аты мен басқа малдарын күту. Онан қалса ферманың барып кел, алып келіне қолғабыс жасау. Неше жылдай жалғыз қалса да жиеншары Ғазиздың бірге тұрайық дегеніне көнбеді. Жәнібегі келіп, қара шаңырақ­қа ие болғанша өз лашығының түтінін өшіргісі келмеген. Қаңқиған төрт керегені қарақан басы күзетіп жатып алған.


Енді міне, жасы жер ортасынан асқанда райдан қайтып, тағдырына риясыз көнген жайы бар. Ұл үйленіп қалада қалды. «Қызмет бабы, ауылға жібермейді. Оның үстіне болашағым бар, тағы окимын» дей ме-ау, әйтеуір пәлен-пәштуан деп ғылым мен оқудың түбіне біржола бойлайтындай Алматыда орын теуіп қалып қойды. Мәкең ұлға өкпелеп, бір жыл тоң-теріс жүрген болды. «Ата-бабаң ғұмыр кешкен далаңнан безейін дедің бе? Әкем деп сақалымды сыйласаң, ауылға қайт. Жеттім, енді жолымды бөгеме десең, тірідей көміп, тескен тау асып кетсең де мейлің» деп морт сынбақ болды. Ақыры: «Мені қойшы, кәрі қойдың жасындай жасым қалды. Елім, жерім деп екіленгенмен, жалғыз ұлдың жолына тұрып қайтермін. Заманы басқа, оқығаны, білім қуғаны жөн. Біз сияқты мал қамымен қалып қоймасын. Олай-пұлай болып кетсем, сүйегімді туған жерге, кемпірімнің қасына жеткізсе болғаны. Бар марқадамың сол болсын дермін. Қолыңа барайын» деп шешкен. Сөйтіп ұзақ жолға әзірленген еді. Болмағанда жаз айларында келіп, кең тыныстап, кереге көзінен салқар далама көз тастап, жатып кетермін деп киіз үйді қаттап қойды. Малдарын сатып, азын-аулақ пұл қылғанымен, Балабураны қимады. «Жануар ескі көз еді, жүре берсін. Осыдан алған тиын-тебен кемтігімді толтырып, жыр­тығымды жамамай-ақ қойсын. Менің төлеген ақшамды бұл баяғыда-ақ өтеген. Әйтеуір көз қырларыңды сала жүр» деп Ғазизге қайта-қайта тапсырған. Сөйтіп ол ұзақ жолға шығып кеткен еді.


* * *


Балабура мұның бәрінен де хабарсыз. Санасының терең түкпірінен орын алып, көз алдына сағынышпен елестеткен сол бір қастерлі бейненің жүздеген шақырым жерде жатқанынан да бейхабар. Жебеуші жалғыз қамқор, жалғыз пірінің тым жырақтап, шеттеп кетуіне баяғыдағы өзінің иір мойнына еркелей асылатын ерке Жәнібектің басты себепші болғанын да ол аңғара алған жоқ. Балабура тұңғыш рет жігерін құм етіп, қайратын жасытып қамықты. Төбесінен тікшие-тікшие шаншылған қыз емшек шағылдардың әргі жағындағы алашабыр бұлтты көкжиекке карап, ұзақ боздады. Есірік өзен оған сақ-сақ күлгендей. Ұшқатқа қонақтаған сауысқандар «о-бал екен, о-бал екен» дегендей таңдай қағып, қопаңдасып қойды. Інде туып, көр боп өскен, жұтқаннан басқа арманы жоқ семіз суыр бар дүние үстіне төңкеріліп келе жатқандай інге қарай мыртыңдай қашты. Ін аузында шоқайып отырып, ақиқаттап алды да, лып етіп сүңгіп кетті. Тек құзар-құзар таулар ғана түйе зарына үн қосты. Тек өзенді жағалай өскен ақ теректердің жапырақтары ғана суға қарап мөлиді.


Ол тұңғыш рет егіле жылады. Баданадай қос жанардың нәрі домалап, жылтыр тас үстіне тамып, таңғы шықтай жылтылдады. Оның қолқа жүрегінде лаулаған өкініштің, табиғат алдындағы, тағдыры алдындағы әлсіздіктің, дәрменсіздіктің өрті бар денесін қызуымен шарпып өтіп, кәусардай мөлдір жасқа айналды.


* * *


Бұл кезде ол бейбақтың жалғыз қамқоры – дала қартының қала тұрғыны болғанына үш ай уақыт өткен еді. Тоқсан күн. Тоқсан рет бозарып таң атты, тоқсан рет қызарып күн батты. Елде жүргенде жылдың күнін қойып, айында да көп жұмысы бола бермейтін Мәкең таң атса күнді, күн батса таңды атыра алмайтын халге түскен еді бұл кезде. Алғаш келген күндерде сәнді қаланы біраз қызықтап, тамашалады. Бірақ күн өткен сайын жұмыссыздықтан зерігетін болды. Ұл да, келін де таңертең кетіп, үй бетін кешке бір-ақ көреді. Бұл болса ерікті тұтқын сияқты жаутаңдап, үй бағады. Жатса ұйықтай алмайды, көз алдында тау қойнауындағы қыстауы қарауытады. Қораның бұрышына ұзын мойнын үйкеп Балабура тұрғандай болады. Көзі іліне берсе құлағына қойдың маңырағаны, Ақбақайдың жем сұрап оқыранғаны естіледі. Кейде ол: «Әтші, өй жануар, былай тұр, былай» дейді ұйықтап жатып. Өз даусынан өзі шошып оянады. Одан кейін жеті түнде кірпік айқастырмайды. Рауандап таң саз бергенше ұйқы шақыра алмай азапқа түседі. Кейде балаларымен әңгімелесе калса ол: «Дәл қазіргі кезде күйек түсе бастады. «Биыл қыс қатты» деп еді, әлгі Ғазиз жазған хатында. Жем-шөптің күші болмаса жуанның жіңішкіреп, жіңішкенің үзілер алакөбең шағында мал шығынды болар», – деген сияқтыларды айтып, балаларының басын қкатырар еді.


– Осы, әкем қызық! Жатса-тұрса малын аузынан тастамайды. Салулы төсек, салқын үй, тамақ тоқ, көйлек көк. Қартайғанда тыныш өмір кешсеңіз болмас па?! Мал-мал, ел-жұрт! Еңбегіңіз сіңген жоқ па еді соларға? Сағынғанда барып тұрасыз. Қайтесіз, көп айта беріп соларды, – деп, ұлы бір-екі рет әкеге өкпе де білдірген. Ақыры ұлы бір күні әке көңіліне келер артық сөз айтып қалды. Ол әңгімеге де Балабура себепші болып еді.


– Апырмай-ай, не болса да Балабураны біреуге беріп кетпеген екенмін. Иесіз, жалғыз хайуан жоғалмаса не ғылсын, – деген таңертеңгі шай үстінде.


– Жалғыз түйем бар екен деп жарты дәулетіңізді калдыр­ғандай болмай қоймайсыз ба осы? Не оны біржола біреуге сатып келмедіңіз. Малжанды болағанның жөні сол екен деп... Тіпті күніне бір айтпасаңыз болмай ма, сол шелегі түскірді. Жоқ, әлде аш-жалаңаш отырсыз ба? Малым, жерім дегенше, жатпайсыз ба тыныш қана.


Қарт әуелде ұл сөзінен қаймығып, бір түрлі жасып қалды, «әй, пәруардігер-ай, қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар». Бізде қайрат қалып па еді ұлға дау айтардай. Уәзипалы сөз айтып, уағыз шертер күннің кеткені де, өткені осы екен-ау. «Қыранның картайып, тышқаншылап қалғаны» да бұл. Ауылым қадірлеген Мәкең едім, ұл қолына қарап қалған әке болған екенмін ғой» деп ойлады ол. Бірақ іле морт кетті. Көкейінде көптен жүрген өз шешімін айтып салды.


– Қартайғанда аузымнан қақтырайын деп жеткізіппін бе мен сені? Мал деп жиырылма, ұлым. Ол – халқымның құты болатын. Ел деп тарылма, ұлым. Ол – алтын бесігің болатын. Қартайғанда алтын бесігімнен алыс кетсем, адасқаным болар. Жерімнен шалғай шықсам, шалыс басқаным шығар. Саған артар кінәм жоқ. Заман өзіңдікі дәуірлеп, дәурендей бер. Елге қайтпадың, қала қуып кеттің деп айыптаман. Білімді он қырқаның астындағыны шалады, білімсіз – көр-соқыр, көз алдындағыны да көре алмас. Оқымай қалдық. Бар қызығымыз қара сиыр, бөрте ешкінің қамын қарекеттеу ғана болыпты.


Ал сенің білім іздеп, қатарыңнан қалмағаның абзал. Маған қала қол емес екен, құлыным. Қидың түтінін иіскемесек басымыз ауыратын жанбыз ғой, қиналсам да елсіз, жерсіз жетім көрінемін. «Қайрат деген қыран бар, қайғыға тізгін бермейтін». Қанатымда қуат барында жерімді табайын. Рұқсатыңды бер ұлым, елге жүрем!


Ол келісім сұрағанымен өз кесімін айтқан, кесіп айтқан болатын.


Сөйтіп, Мәкең ұл мен келіннің ықыласынсыз-ақ елге бет алған болатын. Мәкең ауылға келген соң сол күні-ақ Балабураның бір жарым айдан бері жым-жылас жоғалғанын естіген. Жиеншарға қатты өкпе айтқан да ертеңіне-ақ атқа ер салып, жоқ іздеуге шыққан еді.


* * *


Бұл кезде Балабураның көз алдына өзінің жалғыз жәрдем­шісінің бейнесі елестегенді де қойған. Ол үшін бар дүние бір тылсым тыныштық құшағына кіргендей еді. Сауысқанның шықылын, суырдың аңқиттауын, жапырақтың сыбырын, жуасып, сабасына түскен өзен суының сылдырын, бәрін де құлақ деп аталатын мүше өз міндетін атқарып, мүмкін естіп те жатқан болар. Бірақ оның бәрі санасына жетпеді. Алдындағы қожыр-қожыр жартастарды, зеңгір аспан, шілдеде дел сал зеңіп жатқан бөктерлерді ілуде бір ашылған көзі көріп те жатқан болар. Бірақ олардың бейнесі де көңіл қойнауына жетпей үзіледі. Бәрі де тұман, бәрі де бұлыңғыр. Кейде өзінің шыбын жаны алып денені сол жартас басына тастап, рақат бір кеңістікте ұшып жүргендей болады. Бірде тастай суық терең суда жамбастап алып, жүзіп бара жатқандай болады. Кеуіп қалған кенезе осы кезде ғана бір жұтым суды бар жан-тәнімен іздейді. Бірақ денедегі тіршілік белгісі ондай дүниені қанша аңсағанымен қызыл өңештен бері жарты тамшы су өтпеген соң бүкіл ішкі сарай әбден кеуіп болып, енді тырс-тырс жарылып жатқандай. Ол осыдан кейін тағы бір бұлыңғыр да бейжай күйге түседі. Осыдан он шақты күн бұрын ғана ішті сояудай өткір тырнағымен осқылап, жанды жегідей жеген аштық алапаты қазір мүлде ұмыт болған. Өмір үшін соңғы жанталас, соңғы күш-қуат өзі мүжіп құлат­қан жартаста өскен жалғыз терек түбіріне жұмсалған. Одан бері аштық пен шөл мұны орнынан тұрудан да қалдырған. Біраз бұрын тізе мен тілерсек тасқа батып, жанға ол да бір қинау болған. Қазір төрт аяқта да жан жоқ, ештеңені сезбейді. Әлі кеткен соң басы-көзге үймелеген шыбын-шіркейдің азабы да бұған қорқынышты емес. Тіршілік ет пен майы кетіп, сүйегі мен көн терісі қалған денені тастап шығып, жанарсыз көзге келіп ұялағандай, кірпіктер ғана ілуде бір қозғалады.


* * *


Енді кідірсе Балабурадан айырылатынын сезгендей Мәкең де он шақты күн бойына атын бұраудай ғып, айыл босатып, ауыздық алған жоқ. Арғы жағы Шағаноба, Кергентас, бергі жағы Қара Ертіс, Кендірлікке дейін ат сабылтып, сұрау салды. «Жоқ іздесең түйе іздеме, денесі алып болғанымен жолы жіңішке» деуші еді бұ­рын­ғылар. Десе дегендей-ақ Балабура жерге сіңіп, көкке ұшқандай із-тозсыз жоғалды. Қозы емес, қой емес, кемедей бураны бір жанның көрдім демеуі Мәкеңді торықтырғандай еді. Бірақ мал көзі ыстықтықтан емес, Балабураға өз тағдыры етене жақындықтан ба, әйтеуір үмітін үзбей, жалықпай іздеді. Сонау Алматыдан сол түйені іздегелі әдейі келгендей-ақ бір айдан астам уақыт бұрын жоғалған бураны іздеумен әлі бел шешіп, аттан түскен жоқ.


Өзенге кетті дейін десе өлімтігі Үйдененің жазыққа шығар аузынан көрінсе керек еді. Жым-жылас. Бір күні болмағанда сүйегін табармын деген оймен жаз ортасында әбден жуасып, жаяу өткел болып қалған өзен бойын өрледі. Үйдененің бүкіл Қарабатпақ, Сәменнен шыққан бұлақтардың басын қосып, тоғысар торабы Қызылқырқа тұсындағы тар қыспақ болатын. Оны жұрт «ауыз» немесе «қақпа» дейді. Табиғаттың өзі көлденең жатқан тауды бел ортасынан кертіп, өзенге биіктігі оқ жетпес, ені алты-жеті құлаштай ғана қақпа жасаған сияқты. Маусымның мол тасқыны кезінде қақпаның арқан бойы қос босағасын су кернейді. Бұрма-бұрма арнаның әр жерін су соққаннан ба, жалама жартас бетінде үңгірлер пайда болған. Кей кездері ондай үңгірлерді су қайтқанда үкі мекендейтін. Мәкеңнің жігіт шақта­рында осы үңгірлердің бірінен үкі балапандарын көргені де бар еді. Ол қақпаның арнасымен жүргенде жан-жағына көз сала отырды. Бір кезде аты көлденең сұлап жатқан көк терекке тіреліп, әрі қарай жол жоқ дегендей су бойындағы жоңышқаны рақаттана ора бастады. Терек­тің айбақ-сайбақ бұтақтары жолды жауып тастаған. Қарт әуелде ағашты дауыл құлатқан-ау деп түйіп еді, бірақ терек түбінің мүжіліп қалғанын көріп, таң-тамаша болды. Тістің табы. Нендей мақұлық болса да қажалап тастапты. Алдымен қабығын сыдырып, содан кейін мүжи-мүжи ағашты құлатқан. Оның есіне осы тұстағы жартас қуысының шетіне өсетін жалғыз зәулім терек түсе қалды. Бірақ қарттың жоғарыға қараған көзіне жартас ернеуінен көрініп тұрған әлдебір бас шалынды. Мәлік қапелімде аңтарылып тұрып қалды да оны жәй елес болар деп ойлады. Көзін сүртіп, жоғарыға қайта қарады.


– Балабура! – деп айқайлады жоқшы. – Балабура!


Жағындағы ай таңбасы-ақ айтып тұр. Бірақ биікте жатқан түйе иесінің дыбысын естімегендей елең етіп мойын да бұрмады. Егер оның орнында түйе болмай адам болса, осынша қатал жаза үшін өкпелеп жатыр дейтіндей. Бірақ хайуан да ондай қасиет қайдан болсын. Оның бар жазығы көруден, естуден қалған. Тек әйтеуір жарық дүниенің сәулесін тағы бір сезіну үшін көзін ашқан болады. Талай күн өзінің сылдырымен, сыңғырымен он қадамдай төменде жатып алып, есін тандырған таудың ерке өзенін де, оның мөлдір суын да ол қазір аңсай білмейді. Кенезені кептірген шөл де тиыл­ған. Тіпті тіршілікте «жеу», «ішу» деген ұғымдардың бары да ұмытылғалы қашан. Өн бойын жайлаған аштық апатынан құтылу үшін кезінде құздан секірмек болды, бірақ тұщы тіршілік жібермеді. Өлім апатынан қорықты. Ақыры міне өлі екенін, тірі екенін өзі де сезбей бейжай тыныштық құшағында жатыр. Қара шал дыбысы осыдан бір-екі күн бұрын естілгенде оның суалып, тереңнен жылтыраған жанарында көк шыбын үймелейтінін де ол пайымдап жатқан жоқ. Бір сезімсіз, рақат күйге батқан. Жүректің әлсіз лүпілін тоқтатып кететін, жымысқы ажалды күтіп жатыр...


– Тәңірім-ау, алпамсадай түйені қай құдай аспандағы қуысқа апарып тығып қойған? Обал-ай, қайран жануар! Тілсіз мақұлығым-ай, қор болыпсың-ау! Үйдененің тасқыны әкеліп тастаған-ау, сірә.


Мәлік жалама жартасқа шыға алмасын білсе де жан далбасамен саптамасын шешіп жатып, иен тау ішінде өз-өзіне самбырлайды. Биікке өрмелемек болды. Бірақ тырнағының көбесін сөгіп, суға құлап түсті. Тек «не қылсаң да ерік өзіңде» дегендей аты ғана жағадағы жоңышқаны ашқарақтана орады.


Жоқшы іздегенін тауып, қуанудың орнына абдырап есі шықты. Шұлғауын орауға да шамасы келмей саптаманы қоңылтаяқ сұғынып, атқа мінді. Қызыл шырайлы өңінің қканы қашқан. Ақбурыл шоқша сақал дамылсыз дірілдейді. Ол артына қарай-қарай атын борбайлап ауылға шапты...


Белдеріне арқан байлап, үңірге жоғарыдан түскен төрт жігіт түйені еш қиналыссыз, қиындықсыз қыл арқанмен шандып байлады да саумалап төмен түсірді. Түйенің жоғарыдан салақтап түсіп келе жатқан денесін көргенде төменде тұрған қара шалдың өне бойын ыстық жалын шарпып өтті. Ат жетер жердегі ең соңғы қос өркешті досының мына мүсәпір халін көргенде сабыр сақтап тұра алмады. «Обал-ай, хайуан-ай» дей берді өңі кашып. Ұзын мойнын көтеруден қалған Балабураның басын бауырына қысты. Шуданың ашқылтым сор иісін жұтты. Жанары мөлтілдеді.


– Е, мұныңызға жол болсын! Жылағаныңыз не, түйе емес, арысыңды тапқандай? – дейді біреуі.


– Обалына қалдым ғой жануардың. Мал да болса тіршілік иесі ғой.


– Нағашы, Балабураның қасиеті бар шығар. Әйтпесе бұл жоғалғалы елу бір күн болды ғой. Жануар көк теректің түбін мүжіп тастапты. Тіршілік үшін жанталасқан ғой, – дейді Ғазиз таңданып.


Жігіттер тері мен тарамысына ілінген арбиған қаңқаны қақпа аузындағы кең жағаға оңай көтеріп апарды. Баладай-баладай қос өркеш тері болып денемен жымдасып кеткен. Өркеш орнында қол басындай ғана шеміршек томпаяды. Әбден кеуіп, шыт-шыт болып жарылған теріні шыбын-шіркей тескілей беріпті. Соңғы кезде орнынан тұрудан қалған соң қос тізе мен тілерсек жазылмай, бүгіліп қалған. Тек бар тіршіліктің куәсі суы кебуге айналған шұқанақтай алыстан жылтыраған көзі ғана.


Қарт оған бірден су ішкізбеді. Ауылдан ала келген жұдырықтай сары майды алдымен талматты. Талматқан жоқ-ау, кең өңештен майдың өзі сырғанап кетті. Сонан кейін шын шөлдегенде жиырма шелек суды қотаратын алыптың аузына бұйрыған мен жоңышқаның басы үгітілген суды кесемен ғана шақтап құйды.


Жігіттер Балабура жайын әңгімелеп ауылға қайтты. Қарт түйе жанында қалып, күндіз-түні су ішкізіп, шөп басын үгіп берумен болды. Қос тізесі мен тілерсегіне борсықтың майын үзбей жағумен болды. Балабура бес-алты күн өткенде басын жерден алды. Айналаға, бар дүниеге таңданғандай меңірейіп қараумен болды. Келесі күні қара көзден жас бұршақтады. Талмап ішкен бар суы көз жасына айналғандай еді.


– Өмірден үміткер екенсің-ау, жануарым! Алғысың ба, қарғысың ба, неге егілесің мүншама? Екеуімізде әлі біраз ғұмыр бар. Асықпа, бәрі де баяғыдай болады. Ауылға барамыз, – дейді оның құлағын қасып.


Сөйтіп ол айдала, құлан жортқан қу медиенде машина тауып ауылға апарғанша бір аптадай түйе жанында түнеді.


Мәліктің бұл қылығын естіген жұрт әр түрлі әңгіме айтысты.


«Е, қартайғанда бір тулақ үшін кең далада түнеп қалғаны қай оңғандық дейсің? Дүниеқоңыздық та баяғы. Әйтпесе немене, ауру күткендей елсіз далада жатқаны» деседі олардың қайсыбірі. Ал енді біреулері: «Қайтсін шіркін, көпті көрген көнекөз, мал қадірін білетін адам емес пе. Бейкүнә малды азаптан құтқару үшін ұйқы көрмей жүр де» десті.


Бірақ Мәкеңнің бұлардың ешқайсысында да жұмысы бол­ған жоқ. Өз қуанышымен болды. Балабура он жеті күн дегенде тәй-тәй басып, жүрер халге жетті...


Шаршап, шалдыққан шал мен мәң болып қайраттан қал­ған түйе Қызылшағылдың өріне қарай ілбіп бара жатты...



1968 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар