Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Кәдірбек Сегізбай: Жоғалған жұлдыз

28.01.2016 259

Кәдірбек Сегізбай: Жоғалған жұлдыз



37.jpg

І

– Сен тағы келдің бе? – деді жаралы адам дәрігерді көрген бетте. – Дәл осы ісің үшін әлі өкінерсің. Рас айтамын, өкінесің. Ой, неменеге ежірейе қалдың? Тарт деймін, ана мылтығыңды көстеңдетпей.


Қақ маңдайдан сойылменен бір қойғандай, мына сөзді естіген дәрігер әуелде абдырап қалғанмен, науқастың сандырақтап жатқанын біле қойды.


– Өкін бауырым, өкін, Тұрсын бауырым. Өкін енді. Ойпырым-ай, кеміріп жатыр аяғымды. Мені мына бәледен құтқарар біреу бар ма?..


Кешір деймісің? Әй өзің де бір маңдайыңның қырсығы төрт елі адам екенсің. Мына аяғымды кеміріп жатқан бәлені алып тасташы. Сонда кешірейін. Мүжіп жатыр-ей кәдімгідей. Жоқ, ол болмайды, рас айтамын мен. Тұрсын-ей, сен онан да анау Сәлімді кешірсейші. Қайтесің ол байғұсты. Өнімсіз, болымсыз жан ғой. Кешіре сал... Әй, тентектігің қалмайды-ау. Енді неге бір санымды түгел отқа қақтап отырсың? Жоғал әрмен, көзіме көрінбей! Бар деймін енді маңымнан түгел аулақ жүріңдер!


Дәрігерді науқас жігіт бар күшімен итеріп қалды. Сонан кейін ғана көзін ашып, есік жаққа тесірейе қадалды.


– Мен қайда жатырмын осы?.. Кәмиләш, бұл сенбісің?


Есіктен кірген Кәмилә науқасты көрген бетте, босағадан бері аттар-аттамасын білмегендей, орнында тұрып қалған.


– Кәмиләш! Сенбісің бұл? Мен қайда жатырмын осы? – деді жігіт тағы да.


– Менмін ғой, Рәсіл аға. Сабыр етіңіз.


– Аяғымды қарашы, Кәмиләш... Шыдатпай барады ғой...


– Қазір, аға.


Дәрігер жігіт екеуіне кезек қарады. Кәмиләнің жанарынан жылт еткен жасты көріп қалды. Албыраған алма беттің қаны қашып, сол сәтте-ақ күнге күйген бөздей болып бозара қалған. Кәмилә екеуі бес-алты айдан бері талай жауаптыа операцияларды бірге жасап, қиындығын бірге көріп жүрсе де, оның дәл осындай толқыған сәтін көрмеген еді. Кәмиләнің дәрігерге тән кейде қатал, кейде мейірбан мінезіне бұл әр уақытта сүйсінер еді. Бірақ оның дәл осы сәттегі осалдық көрсетуіне дәрігер жігіт жіп таға алмай тұр. Кәмилә мен науқастың бір-бірінің есімдерін атап, екеуінің де абдырап қалулары оның көкірегінде қызғаныштың шоғын үрлей бастағандай. «Несі бар, жанашыр жақын достар болуы мүмкін ғой» деп, өзін өзі алдарқатса да, талай жылдар алдынан арман отындай шақырып жеткізбей жүрген қыз ықыласының бөгде жанға бір сәтте-ақ елти құлауын жақсылыққа жори алмады. Ол қыз жанының құпиясын ашатып, ләззат қазынасын игертер жүрек кілтін өз көкірегінен іздейтін. Аяулысын бүкіл болмысымен өзіне ғана балайтын, онымен қоймай бар болашағын һәм бақытын, тіршілігін Кәмиләнің жанынан ғана елестете алатын. Соңдықтан да болар оның көкірегін қыз күлкісі, қыз назы тек өзіме ғана бағышталғай деген бір тілемсек сезім жайлаған еді.


Дәрігер жігіт науқас жүзіне қарайды. Қарайды да оның жан дүниесіндегі аласұрып, кеудесіне симай буырқанып жатқан әлдебір күйді сезінеді. Сан құбылып жеткізбей, сан соқтырып кеткен әлдебір өкініш өзегін өртеп жатқандай. Жанына батқан тән азабынан жан азабы бекем шығып, қинап жатқандай. Кере қарыс кең маңдайда сол қиналыстың куәсіндей болып, моншақ-моншақ тер тамшылары мөлдіреді. Отты жанары Кәмиләні бар болмысымен арбап, ішіп-жеп бара жатқандай.


– О, ескі таныс болып шықтыңыздар ғой, – деді дәрігер осынау бір сәтте орнай қалған тыныштықты пайдаланып. Жігіт міз бақпады. Тек Кәмилә ғана шошып оянғандай түр танытты. Ол өзінің дәрігер екенін жаңа есіне түсіргендей, жігіт жарақатын асығыс қарай бастады. Оның сүйріктей саусақтарының да сәл дірілдегенін дәрігер жігіт аңғармай қалған жоқ.


– Кәмиләш! – деді Рәсіл. Үніңде еркелетумен қоса өтініш бар. – Кәмиләш, сен араласпасаң етті! Жаман ағаңның мүшкіл қхалін сен көрмей-ақ қойсаң деп едім.


Дәрігер жігіт «ағаң» деген сөзді естіп, өз күдігінен арылып, іші жылып қалғандай болды.


– Жо-жоқ, Рәсіл аға, мен өзім емдеймін!


Жарақатты көрген соң Кәмилә дәрігер жігітке оңашада:


– Айбар, жарасы асқынып кетіпті. Дегенмен тамырды кеулеген дертті газды шығаруға болатын сияқты. Қарасанның белгісі көріне бастаған екен. Егер қолдан келмей бара жатса ғана аяғын кесуге тура келер. Тамырларды үрлеу арқылы ісікті кеулеп бара жатқан газды шығарып тауыссақ, сүйектің сынығын іліктіру қиын емес. Қане тұрмайық, – деді.


Рәсіл жаралы аяғының қатты шаншып ауырғанын көп уақыт сезіп жатты. Ол жанарын Кәмиләнің ақша бетінен, қарақат көзінен алмады. Кәмилә кінәлы адамдай бұған көп назар аудара қойған жоқ. Өз ісімен айналыса берді. «Аяғымды кесетін болды ма екен? Қарасанға айналғанын өзім де сезіп едім. Шіркін, бір шарасын табар ма екен, Кәмиләш, әлде... Ол «кесе көрмеңдерші!» деп жалынғысы келді. Бірақ үні шықпады. Денесін әлде не зілдей басып барады. Бүкіл жан-тәні балбырап, тәтті ұйқыға бой ұрғандай. Көз алдына қызыл галстук байлаған балдырған қыз бейнесі елестеді. Ол ағалап келіп, мойнына асылады... Іле-шала мұны көріп, көзінің жасы мөлтілдеп тұрған дәрігер қыздың ақ құба өңі көз алдынан көлбеңдеп өтеді. Ол сол бір балаң бейнені көруді жан-тәнімен аңсайтындай. Елестетіп жатқысы келді. Бірақ көз алдына қос ауыз мылтықтың үңірейіп, қос ұңғысы тұра қалды. Тұрсынның қып-қызыл көздерін, сұсты өңін анық көрді. «Әй, мына ессіз шынымен атқалы тұрғаннан сау ма өзі? Тарт былай мылтығыңды!» дейді бұл. Бірақ сол кезде мылтық аузынан жарқ еткен жалын мұны қалпақтай түсірді. «Әй, иттің баласы-ай, қанша ит болсаң да балағымнан алар деп ойламап едім!»


Ол осыдан бір-екі күн бұрын болған оқиғаның қайтадан ойына оралып жатқанын сезді. Әрі қарай ештеңе де ойлауға шамасы келмей, тәтті ұйқы құшағына еніп бара жатты...


Айбар мен Кәмилә операцияны аяқтап, тысқа шыққанда таң шығыстан құланиектеніп атып келе жатқан.


– Кәмиләш, бұрын-соңды кездеспеген кесел болды ғой мұның өзі. Көрініп тұрған жараны емдегеннен де адамның тәнін кеулеген дертті газбен алысқан қиын екен. Дегенмен өзінің бағы бар жігіт болды, операция сәтті өтті, – деді Айбар.


Кәмилә Рәсілдің тағдырын білгісі келіп, түнімен аурухана маңында жүрген адамдарға қарай бұрылды.


Жігіттердің түнімен бұларды сыртта күтіп, Рәсілдің жанашырлары болып жүргендеріне сүйсіңді. Сонан кейін өзі де осынау күйге Рәсілдің қалай душар болғанын білуге ынтықты. Операция алдыңда ғана Айбар оны әлдебіреудің атқанын айтқан.


– Немене, аман қалатын түрі бар ма?


– Айтыңызшы, сүйегі біте ме, әлде мүгедек болып қала ма солай?


Кәмилә баршасына қарсы сұрақ қойды:


– Неге кешіктіріп жеткіздіңіздер?


– Жарығым-ау, итарқасы қияңдағы жерде емеспіз бе?! Сонау таудан атпен ілбіп түсіріп, машина келе алатын жерге жеткенше-ақ біраз уақыт өтіп кетті ғой, – деді ат жақты, шоқша сақал қария кемсеңдей сөйлеп. – Аузымен су тасып құйған қарлығаштай ақ ниетіңмен келіп арашаға түскен соң жүрегім жылып қалып еді. Жалғызымның жолына жаным пида деп жүрген жан едім... Қай пиғылымнан тапқанымды қайдан білейін?.. Қолыммен Алтайды уыстағандай болып едім, жеткердің бе, жеттім бе тәңірі деп едім, желкемді қиып, жетемді үзіп кетті ме, қайдам?!. Айт қарағым, сүйіншіңе жаным садаға! Аман қала ма?!..


Ол кемсеңдеп, жылап жіберді. Кәрі көзден домалап түскен жас сақалға тамды.


– Қайтсін жазған! Оңай деймісің?! – деді жастау жігіттердің бірі теріс айналып.


– Сабыр, Молдаға. Жаман ырым бастап, осалдық көрсетпе. Жалғыз сенің ұлың емес, бәріміздің де ұлымыз. Жарты жайлау қотарылып, соның жоғын жоқтап, сенің қолтығыңды демей келмеп пе едік. «Ер жігітке өмірде жеті сыннан өтпек бар». Бір сыны болар ұлыңның. Жұртқа ақыл айтар мына сенің мөлтектейтін жөнің жоқ. Жеті сын емес жетпіс сынды қыңқ демей көтерген Молдаш емес пе ең! Қартайғанда сүйегіне таңба салып сықсыңдамай тұр, түге! Мына лөктір баланың лебізін тыңда онан да!


Қапсағай денелі қара шал Молдашты тиып тастады. Үнінде зеку сарыны болғанмен, ер намысына салмақ сала айтқан достық базынасы басым.


– Онда, сүйінші, ата! Рәсіл 3-4 айдан кейін бұрынғы қалпына келеді.


– Рас па, қарғам?! – Жаңа ғана досынан ескерту алса да жақсы хабарды естіген Молдаш қарт көзінің жасы сорғалаған күйі Кәмиләні құшақтай алды. Өз баласындай мейірлене құшып, бейтаныс бойжеткеннің маңдайынан өпті. – Өркенді бол, қарағым, дегеніңе жет!


– Шіркін-ай, сол! Мешкей көңіл, қу әке-ай сол! – дейді жаңа ғана Молдаш қартқа тоқтау айтып, ақыл салып тұрған ақсақал өзінің де көңілі босап.


– Оқасы жоқ, сауығады әлі-ақ, – дейді Кәмилә тұрған топқа күле қарап.


– Айтқаның келсін, қарағым!.. Тумай ғана туа шөккір ит-ай, тал түсте арысымды қанға бояп, қапияда соғып кетті ғой, – деді Молдаш күрсініп. – Жаманның кесепатына ұшырап, ұңжырғам түсті-ау, шіркін.


Сол кезде Айбар Кәмиләға:


– Шаршадың ғой, біраз тынығып ал. Жүр, мен шығарып салайын, – деді.


– Рақмет! Біраздан кейін өзім қайтамын. Жүре бер.


Айбар өзің біл дегендей сыңай танытты да, көше бойлап, жүріп кетті.


– Ағасы, айтыңызшы, қалай ұшырап қалып жүр бұл күйге? – деді Кәмилә қойшы жігіттердің біріне.


Сол кезде тағы да Молдаш ақсақал сөйлеп кетті.


– Әй, қарағым-ай, «Кесел қайдан дермісің, қауыз шықса асыңнан, пәле қайдан дермісің, жауыз шықса қасыңнан». Алты алашта ағайынға қару көтергенді көріп пе едің?!


– Айналайын, отыршы өзің, – деді ол әлі ширақ, тым сергек денесімен ықшам бұрылып. Тұғырға қонақтаған қырандай түксиіп, түйіліп біраз отырды. Содан кейін жайлап күрсініп алды. Ол ұзақ әңгіме айтатын сыңай танытқандай.


ІІ


Рәсіл оқу бітіріп келген бетте үйінде анық бес-алты күн тынығып жата алмады. Әкесі байғұс: «Жалғызым диплом алып келді, құдай қаласа өз қолы ез аузына жетіп, ел қатарына қосылды деген осы», деп шала шабылып той жасаған. Ат шаптырып, балуан түсірген ұлы дүбір болмағанмен, көңіл жетер ағайын мен фермадағы қойшылардың басын қосып, бір дүрілдетіп алған болатын.


– Колхоз «жасың жетті, пенсияға шық, деміңді ал» десе де “Рәсіләм оқуын бітіріп келгенше шыдаймын” деп, кәрі сүйегімді біраз сүйредім. Енді осы жалғызыма ақылымды айтып қана үй бағып отырмасам, бұл кәрілік деген итің дендеп барады, – деген ол.


Той тарқаған соң Рәсілді біраз ағайындар мен ауыл ақсақалдарына сәлем бердіре жіберіп алды да, үйде көп жатуын қаламайтын сыңай байқатты.


– Ер жігітке дем алу деген не, тәйірі. Науқан болса мынау, қызып жатқан, колхоз болса анау, балшықтан адам жасай алмай отырған. Жұмысқа ертерек орналасып, ел жайлауға шықпай тұрғанда шаруаңа бастыға бергенің жөн, – деген-ді.


Ол сол күні-ақ баласын колхоз орталығына аттандырған болатын. Әйтеуір, істейтін жұмыс болған соң бір күн де болса төселе берсін, деп ойлады. Екіншіден, «Молдағаңның жалғыз ұлы оқу бітіріп келіп, жұмысқа орналасыпты» деген көптен көңілінде жүрген мақтанышқа ұқсайтын жан қалауының орындалуың ол көптен бері, Рәсіл оқуда жүргенде-ақ армандайтын. Міне, сондай атты бақытты күнге оның қолы енді жетіп отырған соң баласын әрі қарай үйде отырғыза алмады. Рәсілдің өзінің де байламы осы еді, оның үстіне әке сөзі қамшы болды да, орталыққа сол күні баруға бірден келіскен.


Обалы қане, өзін жастайынан танитын колхоз бастығы орнынан тұрып келіп, мұның қолын алды.


– Міне, жігіт, естіп қуанып жатырмыз. Өзіміздің қолда өскен бала еді, еңді қараңызшы ортан қолдай маман болып оралып отыр. Бәрекелді! Ақсақал да қуанып жүрген болар, – деді ол Рәсіл кеңседе отырған жүз таныс шаруашылық басшыларымен сәлемдесіп шыққан соң. Бәрі де қауқылдасып, құтты болсын айтысып жатыр.


Баяғы өзінің бала кезінде шолақ белсенді болып жүретін Сәлім де осында екен. Жұрттан ерек ықылас көрсетіп жүрген де сол.


– Маладес! Азамат деген осы. Оқу деген де оңай деймісің, өзіңді әбден жеп қойыпты-ау. Нешауа, енді құтылдың ғой, әйтеуір.


«Әлі баяғы мінезіңді қоймаған екенсің-ау» деп ойлады Рәсіл. Ол Сәлімді сонау қаршадай бала кезінен жақсы білетін. Тіпті ол кезде Сәкеңнің тасы өрге домалап, колхоз бастығы да бола қалған. Қысы-жазы жалы қарағайдай құр айғырға мініп алып, күн демей, түн демей аш бөріше жортар еді. Қой күзететін әйелдер қалғып кетсе немесе қойшылар отарды уақытыңда өргізе қоймаса, ойда жоқ жерде сайтандай сап ете қалып, ауыл үстінде ат ойнататын, қойшы-қолаңды бір шыбықпен айдайтын. Әйел демей, ер демей ат бауырына алып, көкала қойдай сабап жіберетін Сәкеңнің содырлығын да Рәсіл көп ұмыта қойған жоқ. Тіпті оның алғаш колхоз бастығы болып келе қалған бетінде мұның әкесімен қалай жанжалдасып қалғаны да қаз-қалпында жадыңда сақталыпты.


Соғыстың соңғы жылдары болса керек. Онда Рәсіл қара сирақ бала. Ұмытпаса сол жылы әкесі Көкбастауды қыстаған болатын. Әкесі ауыл төңірегінің шөбін көзінің қарашығындай қорып, мал төлдеген кезде іскектетем деп қыстай отарын Үйдененің қолат-қолат аңғарына дейін апарып, жайып жүрген. Аяқ астынан ақпанның ақ бораны киіп кетіп, мал қорада бірнеше күн бойы қамалып қалды. Ақ боран сол соққаннан төрт күн тыныс алмай, ышқына ұлыды. Ақ түтектен ат құлағы әрең керінеді. Әкесі мен шешесі су-суанын да алаңсыз отырып іше алмай, таудан қараған, бұта шауып әкеліп, қойларға қажақтатқан болады. Бірақ ол өртке қасықпен су шашқандай ғана мардымсыз тіршілік. Арқалап әкелген бүрген алты жүз бас қойдың жұмырына жұғын болмай қалады. Төртінші күні де боран басылмаған соң бар үміті әбден үзілгендей болған әкесі белсенді атаулыларды түгін қоймай сыртынан жіпке тізіп алып, сықпыртып нәлеттеумен болды. «Осы қысқа сенбеңдер, қайрылып, келіп соғары бар мұның. Ерте бастан бірер мая пішен жеткізіп беріңдер» деп ферма меңгерушісіне талай ескертсе де естімей керең болып келгендерін айтып налыды. Айтты-айтпады, ашығып бір-бірінің жүнін жұлып жеп жатқан қойларды көргенде Рәсілдің да тебе шашы тік тұрған. Іштері қабысқан аш қойлар кіріп барған адамнан өмір сұрағандай үздіге маңырап, шулап қоя береді.


– Мынаны қарашы, саулықтардың жартысы қозы тастаған, әй обалы жібермегірлер-ай, сендерге болсын обалы, – деп әр жерде көңге аунап жатқан қызыл шақа қозыларды етектеп теріп жүрген әкесінің түрі өрт сендіргендей еді. Оның сол кездегі кейпі өмір бойы жинаған бар байлығын құрдымға жіберіп алған адамның бейнесіндей еді. Бірақ Рәсілдің қолынан да келер не бар, әкесінің шолақ қызыл тонын сүйретіп алып, дірдектеп қораға қайта-қайта келеді. Келген сайын мал қамымен қайғылы болған әкенің жадау көңілі, жабырқау қабағын көріп, онан әрі дірдектей түседі. Оның қолынан келер қайрат-қажыр бар ма, отарды қойып, өзі де таңертең құрт салып ішкен бір-екі кесе ақ судан басқа нәр сызған жоқ. Екі тәуліктен кейін азыққа бес-он кило арпа жібертемін деген ферма меңгерушісі бұжыр Мұқаштың да қарасы батып көрінбей кеткеніне көп болды.


Ол тағы да бүрсеңдеп, қораға таяй беріп еді, ат дүбірін есітті. Рәсіл келіп қалған екі салт аттының бірі бұжыр Мұқаш екенін ат үстіне қоңдырған қарақшыдай обиып қолапайсыз отыруынан-ақ танып, қуанып кеткен. Баланың көз алдына ақ суға сеуіп жүздіріп жейтін баданадай-баданадай қызыл күрең арпа елестеді. Ол тамсанып қойды.


– Әй, бала, шал қайда?


Бұл – бұжыр Мұқаштың сөзі. Сол кезде әбден қалжыраған әкесі де мойнынан суы кеткендей сүйретіліп, қорадан шығып келе жатыр еді. Салт аттылар аман-саулық сұрасып, сызылысып жатпай-ақ «іске» көшті.


– Әй, шал, қой қайда?


Бұл – екінші аттының сөзі.


Онсыз да азуын кімге басарын білмей ашуға булығып жүрген әкесі де тілегенге сұраған дегендей, шап ете қалды.


– Қой ма, олар мына қалтамда жатыр.


– Онымен не айтқың келіп тұр?


– Қойың қорада қамалып тұрмағанда сен әкелген көк пішенді жастанып жатыр деп пе едің?


– Неменеге тұлданып, қыңыр шауып тұрсың, сен шал?


– «Қой қайда? » дегенде арқалап әкелген шөбің бар ма еді? Мал ашуы – жан ашуы. Дікектемей аулақ жүріңдер!


– Мен кіммін саған?


Бұл да – екінші аттының сөзі.


– Берері жоқ, қаңғыған көп қаратаяқтың бірісің де.


– Ә, солай ма?! Тіліңе шоқ түскір! Мен саған көрсетейін! Өкімет адамын «қаңғыған» дейтін сен кім едің сонша?! – деп, тақылдады жуан торы айғырдың бел ортасына отырғызып қойғандай қасқыр тұлыптың жағасынан анда-санда қылтыңдаған бейтаныс бастың иесі...


Рәсіл сол сәтте әкесінің төбесінде әпжыландай ысылдап жүрген қамшыны көрді. Қос танауынан будақ-будақ бу атқылаған ақжал айғырдың көзі шатынап, үстіндегі иесінің бір шалғайынан жармасқан жаяудаң үркіп, ала қашып жүр. Ойда жоқта шыққан жанжалдан аулаққа-аулаққа иесін алып жоғалайын дейтіндей. Бірақ иесінің шірене тартып, ауыздықтауынан ғана амалы таусылып, тықыршық атқандай. Рәсіл бар даусымен шар ете қалды. Бір қарағанда әкесі ала қашқан айғырмен бірге дедектей ілесе жүгіріп бара жатқандай еді. Әудем жер сүйретіліп барып, құлап түсті. Басындағы құлақшыны да қарға көміліп, анадайда қалған.


– Қап, иттер! Тал түсте келіп ойрандады-ау. Бүйткенше қолында өлгенім бағана артық еді, – деп сүйретіліп орнынан тұрып келе жатқан әкесінің бір жақ бетін қамшы осып түсіпті. Боран ішін тарта гуілдеп, жаңа ғана құйындатқан күйі бел асқан салт аттылардың ізін қиыршық қармен жаба бастады. Ендігі боран сыртта ғана емес Рәсілдің ішінде, бүкіл тұла-бойында ала құйын салып жатқандай.


Ертеніңде боран ашылды. Бірақ орталықтан келген екі милиционер әкесін айдап әкетті. «Қоғамға зиянкес, онымен қоймай бізге қол жұмсады» деп арыз берген сол боранды күнгі екі атты екен. Бірақ көп ұзамай Молдаш қайтып келді. Қасқыр тұлыптың ішіндегі ауыл үстіне ат ойнатып жүрген адамның колхозға келген Сәлім деген жаңа бастық екенін, сот болып, өзінің ағарып шыққанын, ал бастықтың колхозшыға қол жұмсағаны үшін жазасын алғанын айтып келген...


Сол баяғыдағы азуын айға бағалаған Сәлім осы. Артынан ферма меңгерушісі болып біраз жүргенде де бұрынғы әпербақан мінезін қойған жоқ болатын. «Текені жезде, ешкіні апа» дейтін жағымпаздығын, әлі жеткенге әңгір таяқ ойната жүретінін, қиырдағыны қияннан шалып, соның ыңғайына қарай кесіртке сияқты түсін өзгерте қоятын бақал есепшіл бақи тіршілігін білуші еді Рәсіл. Оның ферма меңгерушілігінен түскен соң бірер жыл ветеринарлық санитарлар даярлайтын курсты оқыған болып, кейінгі жылдары ферма зоотехнигі деген кішігірім лауазыммен күн кешіп жатқанын да естіген. Рәсілдің көз алдына күн-түн еркін жортар күнінен айрылған пішпе бұқаның мүсәпір де мүләйім түрі елестеді.


Осының бәрін бағамдаған Рәсіл Сәлімнің қазіргі елпелектегеніне ішін бермей, сүлесоқ тыңдап отырды.


– Мына біздерді қашан босатасыңдар жұмыстан? Шаруашылыққа сонау колхозда екі жүз бас қана қой бар кезде келіп едік, шүкір, қазір ұзын саны алпыс мыңның әр жағына асып кетті. Енді осы біздің кәрі сүйегімізді жайлау-қыстау деп сүйрей бермей, шаруашылық тізгінін өз қолдарыңа алмасаңдар, шаршап-шалдығып қалғандаймыз.


– Рас айтасыз, шыңдығыңда шаршап жүрсіз ғой, – деді отырғандардың бірі. Басқалары мырс-мырс күлісті. Сәлім жақтырмаған сыңай көрсетті. Шынында, «Сәлімді қызметінен босатып, орнына Молдаштың оқып келген баласын зоотехник қояды екен» деген сыбыс ауыл арасыңда сыңар аяқтап, жүре бастағанын Сәкең әлдеқашан білгенмен, Рәсіл әлі ести қоймаған.


– Сендер туғанда неге қуаныппыз. Міне, ат тұяғын тай басар деген осы...


– Әйтеуір, екеуміздің тұяғымызды баспаса жарар еді, – деді жаңағы жігіт. Сәкең бірақ сыр берген жоқ. Өсиетін жалғастыра берді.


– Сені жұрт дипломын алып, ауылға қайтып келе жатыр екен деген кезде-ақ қуанышымызда шек болған жоқ. Нешауа, қалада қалып қалмай қайтқаның жақсы болған. Қала дегеннің өзі ит байласа тұрғысыз жер көрінеді ғой. Біз сияқты, мына тау-тастың арасында жүрген, былайша айтқанда, тауда туып, таста өскен адамдар онда барса, қамаудағы адаммен бірдей болады екен. Көк тіреген үйлері де екі өкпеңнен қысып, бір түрлі адамды көп халықтың ішінде жүрсең де жалғызсыратқаңдай ма, әйтеуір. Сөйтіп, қайсыбіреудің баласына ұқсамай, туған жеріңе ат басын бұрғаның әбден абзал болған, шырағым.


– Сәке, кішкене тұра тұрыңызшы! – Колхоз бастығы Сәлімнің орынсыз жалпақтай қалуын жаратпаған кейіп танытты.


– Енді былай, інімізбен амандасқанға да кінәлі бола қалдық па!


– Амандасқан артық болмас-ау, бірақ сөзге қонақ бергенді қойдыңыз ғой, түге!


Сәлім бір қызарды, бір бозарды, еңсесі түсіп, емінген күйі қамшысының сабымен саптамасының қонышын ұрғылап, шұқынып отырып қалды. Өз әлінше заманында шайқап қалған, енді бүгіндері өрісі тарылып, май ішкен мысықтай мүләйім ғана монтаны күйге түскен жан. Оның мына отырысы Рәсілге кісі мүсіркерлік болып көрінді.


Сол күні кешке-ақ басқарма жиналысында Рәсілді Сәлімнің орнына тағайындаған. Басқарма мүшелері бір отар қой ал дегенге Сәлім ер-тоқымын бауырына алып тулаған соң, оны Кішкенетаудағы қора-жай, пішенге қорықшы етіп жіберуге пәтуаласқан. Оған да көнгісі келмей бұлталақтап көрген Сәлімге бастық: “Есен-сау құтылғаныңызға рақмет айтыңыз, Сәке!..” деп ызғарлы жүзбен бір қарап-ақ келістірген. Соған қарап, Рәсіл де мойныңда біраз кінәң бар-ау, шамасы деп бағымдаған болатын Сәлім туралы...


Сол күні Сәлімнің шамы ерте сөнді, ал Молдаш қарт әр кепті әңгімелеп, үркер ауа жастыққа бастарын әрең тигізген...


* * *


Ертеніне-ақ Рәсіл Сәлімнің тоқпақ жал торысына мініп, одан малды санап өткізіп алуға шыққан. Сәкең сыр берген жоқ. Шындығында, өзінің орнына білімді де, білгір маманның келгеніне қағанағы қарқ болып қуанатын адамның сыңайын көрсетіп келеді. Бір ауылдан бір ауылға жеткенше мұныменен жеке жүріп, өмірден түйген өсиеттерін құлағына құйды. Мал санағын қалай өткізуге болатындығы, жем-шөпті қалай пайдалану керектігі, әрбір қойшылармен қалай сөйлесіп, кімге сену, кімге сенбеу керектігі – бәрі-бәрі жөніңде көп уағыз айтты. Бірде:


– Іс басында жүрген соң біреумен түс шайысасың, біреумен қабақ шытысасың, бірақ қай адамның қай жағынан жүру керектігін білгейсің қашаңда. Мұңдайға өмірдің өзі мысал. Мына өзіңнің бүгін тақымың толып келе жатқан торыны он жыл мәпелеп міндім. Бірақ әлі күнге дейін маған ішін берген емес. Тағдыры мұны мал ғып жаратқан соң амалсыздың күнін кешеді. Байлап-матамай бір еркін жіберіп көрсең, «өлмесең өрем қап» деп ай-далаға қаңғыртып кете беруге бар. Онысы аздай, орайы келсе омпаңнан түсіруден, қос аяқтап тебуден де қашпайды. Хайуанның хаяры. Ал аяқ артар мына күреңді мінгеніме де төрт-бес жыл болды. Жо-жоқ, жануардың обалы қане. Алып соғып, кеңірдегіне пышақ апарсаң да «тәңірі салды, біз көндік» деп жата береді. Ерекше момын жаралған жануар. Ал адамдар да жылқы мінездес. Қайсы біреуі алды-артын орап өте беруіңді жаратпайды. Жанды жеріңнен теуіп, шалқаңнан түсіруі қиын емес. Назыңды екінің бірі көтере бермейді. Сөзің өтер, замандас құрбы, я туыстарың болмаса, бөгде жанға ағат айтып, артық кетсең, өзіңе қара күйеше жұғады. Баяғыдағыдай дымға түсінбесе де ымға көнер жан жоқ бұл күнде. Қолы өңешіңе жетпесе, өңіріңде жүреді. Бұл күнде жұрттың бәрінің көзі ашық, көкірегі ояу, қымс етсе салып ұрып, аудан басшыларына кіріп барудан тайынбайды. «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» демекші, баяғыда сенің бала кезің. Білмейсің. Осы қолхозға бастық болып келе қалғаным бар. Сонда Молдағама бір артық еркелік жасап едім.


Рәсіл мұның не айтқалы келе жатқанын ұға қойған.


– Ә, оны жақсы білемін ғой, – деді әдейі. Бұдан кейін қайтер екен дегендей, ол Сәлімнің жүзіне барлай қарады. Жоқ, сыр беретін емес, сабазың. Айылын да жиған жоқ, ағытылып келеді.


– Білсең тіпті жақсы. Молдағаңдар нар ғой, шіркін. Парық қылған да жоқ. Көрген сайын өзім қипақтап, қысылыс тапсам да, ол кісінің қаперіне де кірмейді-ау, шіркін. Әнеки, көрдің бе? Соңда осы күнгі жау жүректер болсыншы, соңыңа тура шырақ алып түссін. Біз не көрмедік. Біраз нәрсені өмір үйретті ғой. «Қоянды қуып бір қорқытсам, тазыдан қашып бір қорықтым» депті ғой түлкі. Сол айтқандай, жаман ағаң бұл тіршілігіңде қуып та көрген, қуылып та үйренген. Қуғанда жету, қашқанда жауыңа шаң қаптырып кету жағын әр уақытта естен шығармаған абзал. Осы Кішкенетаудың жоталары қаншалықты үлкенді-кішілі болса, адамдарының да сондай үлкенді-кішісі бар. Бойыңа қарап емес, ойыңа, жаратылысыңа қарап айтып отырмын. Үлкеніне күле қарап, кішісіне түйіле қарауды үйренсең, өз пешенеңнен ешқашан құр қалмақ емессің. Жүз адамды басқарсаң, жүз түрлі мінезді зерттеп, ұрымтал, оңай жерін біле жүргін. Жылқының «бәрі мына күрең ат сияқты емес, адамның бәрі ана Молдағаң емес.

Келіп, әдейі сұрақ қойды.


– Қазіргі бет алысымыз қай жақ, Сәке?


– Мынау Құрсайдың тұмасыңда Тұрсындар отыр. Алдымен соған соға кетсек деп келемін.


– Ол қай Тұрсын? – Рәсіл Сәлімге сұраулы жүзбен қарады.


– Жазықбайдың Тұрсыны ше!


– Оу, әлгі тентек Тұрсын ба? Білем, білем. Мен ана жылдары мектеп бітірген соң Сарыталдағы интернатта тәрбиеші болып бірер жыл жұмыс істей қалғаным бар. Сонда ол сегізінші класта оқып жүретін. Әй, өзі де бір тынышсыз тентек еді-ау.


– Иә, иә сол. Ой-хой, несін айтасың, нағыз сен тұр, мен атайын, дейтін көкжал жігіттің өзі болып өсті. Сол жылдары болса керек, мектепті тастап, бұзық та болып кете жаздады. Жаздады деймін-ау, айтулы бұзық атанып, шулатқаны да бар. Қойшы, әйтеуір, ақыры, бірер жыл түрмеге отырып келген соң тыныш тапты ғой. Нешауа, қазір үйлі-баранды, ара-тұра ептеп “ақаңнан” ұрттап алатыны бар иттің, әйтпесе қай жұмысыңды болсын қақырата, қабырғасын сөгіп, тыңдырып істейді. Алғаш алдына бір отар қойды салғанда жынды неме “қолымнан келмеді” деп, басы ауған жаққа бір күні тартып отыра ма деген қорқынышымыздың болғанымыз да рас. Жоқ, аз уақытта-ақ ел қатарына қосылып кетті. Биыл аудан бойынша бетке ұстар озат шопаныңыз сол болып отыр. Төл алуда алдына жан салмады ғой нарың.


– Солай деңіз, онда жарады. Көзіңде оты бар бала сияқты еді, болса болар, – деді Рәсіл шын риза кейіппен.


Бұлар Құрсайдың биік жотасына шыққанда, оның терең аңғарында отырған жалғыз үйлі қойлы ауыл бірден көзге ұрды. Түскі ыстықта үйездеген қойлар қойнауға шөккен ақша бұлт сияқты бүтін бір аппақ дене боп, әудем жерден көрінеді.


Осынау өлке, мынау бунақ-бунақ болып қатар-қатар тізілген үлкенді-кішілі жоталардың ортасымен Үйденеге қарай етпеттей құлаған ұзыннан-ұзақ терең сай, қыз бұрымынан түсіп қалған күміс шолпыдай жалтырап жатқан дөңгелек тұма, үй алдындағы сары дөңдегі өзі мотоцикл ғып ойнай беретін екі бунақ қойтас, анау жыртқыш аңның тісіңдей сойдиған шағыл жартастар, боз қарағанды бозалаң жоталар, сай түбінен қарағанда түңліктей болып көрінер көгілдір зеңгір аспан – бәр-бәрі де сол қалпы, аз да болса өзгерсе неғыл дейсіз. Бірақ мынау шағын ғана ақ боз үй орныңда мұның әкесі Молдаштың бес қанат киіз үйі тұрар еді. Жайлауға шығарда, жайлаудан түсерде көктеулігім мен күзеулігім деп әкесі осы құтты қонысына келіп, жайғаса кететін. Бұл қонысқа Молдаш мал шетіңде жүрген кезде ешкім таласып көрген емес. Сондықтан да болар осы жер өздеріне мәңгі мекен болып қалатындай көрінер еді Рәсілге. Ол қателесіпті, жер шіркін енді Молдаш емес, Тұрсындардың құт мекеніне айналған. Сол баяғы келбетімен, сол баяғы кереметімен келесі буын, келесі ұрпақтың көктеулігі мен күзеулігі. Рәсіл балалық шағын өткізген үйреншікті жайлы мекенге ерекше ыңтықтықпен назар тастайды.


Қойшының үш-төрт иті бұларды көріп, жау қаптап келе жатқандай, арсылдасып, өре түрегелісті. Келе ауылға жібермейміз дегендей аттылардың алдарын орап, алаөкпе болды да қалды. Талай қойшы иттерінің «базынасын» көріп үйренген аттар оларды қаперлеріне де алған жоқ. Тек тілерсекке жақыңдап қалған төрт көз сабалақ қара төбетті Рәсілдің аты қос аяқтай теуіп, шөкесінен жатқызып кетті. Жер-көкті басына көтеріп, төбет қалды орнында. Басына таяқ тигені бір бұл емес шығар деп ойлады Рәсіл. «Апырым-ай, кейбір адамдар да басына талай-талай соққы тисе де өстіп әр жағаға жармасам деп жүріп, шөкелеп қалады-ау кейде».


– Жәмән неменің бәжілдәуін қарашы! – деді Сәлім айызы қанғандай. Сыртта жүрген қара борбай бала да аттыларға үдірейе бір қарап алып, үйге зытты. Іле киіз үйдің есігінен талдырмаш келіншектің бейнесі көрінді. Еңістен төмен қарай келе жатқан үш аттыға сәл ғана назар сап тұрды да, үйге қайтадан сүңгіп кетті. Сөйткенше бұлар да келіп, ат басын белдеуге тіреп, түсісіп жатқан.


– Өй, неғып жатырсың омалып? Тұрсайшы былай, кісілер келіп қалды ғой.


Бұл – жаңағы келіншектің дауысы.


– Жаңдарал келгендей неғып сабылып жүрсің? Келген кісі болса кірер, кірмесе жолын нұсқап жіберерсің. Есікті ішінен бекітіп қойған жоқпыз ғой!


“Бұл – Тұрсынның дауысы болар. Ит-ай, баяғыда көгала қырсықтың өзі еді, әлі қоймаған екен?” деп ойлады Рәсіл.


Шыдамаса керек, келіншектің өзі қайтадан тысқа жүгіріп шықты. Тұрсын үйде жатып: «Кім екен-ей?» деп дауыстады.


– Ағай! Тұрсын!.. Ағай-ау, бұл шынымен сіз...


Келіншек келе Рәсілдің мойнына асыла кетті. Өзімсінген бүкпесіз ақ ниетті адал ықылас.


– Ақмарал-ау, сен екенсің ғой. Иә, есен-саусыңдар ма?


«Жас кезінде шолжаң, еркелігі бар еді, әлі де сол қалпы. Жұдырықтай ғана қызды арадан өткен біраз жыл қалай ғана бұлықсытып жіберген!..» Рәсілдің көз алдына өзінің бір кезде тәрбиесіңде болған, бар болғаны алтыншы класта ғана оқитын ерке қыз Ақмарал елестеді.


– Міне, қызық! Мен осы келінжанның ағасын тауып әкелгенмін-ау, шамасы, бүгін дүрілдетіп той жасап жүрмейік. – Сәлім әзілге айналдырып айтса да екеуінің талтүсте қымтырылмастан, қысылмастан қауыша қалғанын жаратып тұрмағанын сездіріп алды.


– Өй, жетер енді былай... Біз де бір... Амандасайық та.


– Иә, бауырым, есен-сау жүрсің бе?


Рәсіл дәл жанында тұрған кесек тұлғалы қара торы жігітті көріп, бірден таныды. Сол баяғы қадалған жерін тесіп өтердей отты жанар, қалың қабақ, дөңгелек жүз. Тек нар көтергендей палуан денелі болып, ер жетіпті.


– Есен-сау келдіңіз бе, Реке?!


Тұрсын баяғыдағы әдетінше «ағай» деп сызылып тұрмай-ақ, “Реке” деп батыл атап, әр саусағы сабаудай жалпақ алақанын ұсына берді.


– Оқу бітіріп келгеніңізді естісем де арнайы барып, сәлем беріп шығуға мұршасы құрғыр болмай қалды. Молдағам әнеу күні қуанышына шақырған екен... сол жалғызілік қой баяғы аяғыңды тұсай беретін.


– Оқасы жоқ. Отау тіккен екенсіңдер, қайырлы болсын.


– Иә, мынау өзіңіздің жаман бір шәкіртіңізбен бірлесіп жүріп, әйтеуір, түтін түтетіп дегендей...


Қонақтар төрге шығып жайғасты. Сәлім төрдегі орынның Рәсілге тиісті екендігін біраз дәлелдеп барып көндірді. Өзінің талай төрде талай жылдар бойына шалжиғанын айта келіп, ендігі жөн алыстан, сонау Алматыдан келген Рәсілге тиіс екеніне жұрттың да көзін жеткізіп берді.


Ақмарал шай қамына кірісіп жүргенде Тұрсын ақ марқаны жетелеп үйге кірді.


– Жоқ-жоқ. Атай көрме, інім. Ел шетіне ат тұяғын іліктірдік қой. Алдымен жұмысты бітірейік. Қонақ болу қашпас. Бүгін Белбастау жаққа шығып кетсек деген де ой бар.


– Есігімді тұңғыш ашып отыр екенсіз, бүгін осында қадірлі мейманым боласыз. Кетем дегеніңіздің еш жөні жоқ, оған берер келісімім де жоқ, – деді Тұрсын үзілді-кесілді.


– Бәсе, соны айтсаңшы. «Асықпаған арбамен қоянға жетер». Сен қашпасаң жұмыс қаша қоймайды сенен. Бала болып, біраз серуен құрасың. Жігіт болып, біраз жыл сергелденмен жүресің. Ал азамат атанып жұмысқа жегілген екенсің, өле өлгенше оны мойныңнан кетпес қамыт деп біл. Ініңнің дастарқанын дәл бүгін аттап кетер жөнің жоқ. Нешауа, мына жаман ағаң осылай асықпай, аяңдап жүріп-ақ, азды-көпті жиырма бес жыл ел басқарған. Жассыңдар ғой әлі, жассыңдар.


– Сәкең аман болса Белбастауларыңа ертең қонаға жетсеңдер де үлкен олжа.


Бұлардың қасына санақшы болып орталықтан қосылған Құсыман әлгі сөзді әзіл ғып күліп айтты. Бірақ Сәлімнің жыла қонақтап, жұмыс жайы емес, өз құлқынының қамымен ғана қозғалатын сырын таныстыра кеткендей раймен сөйлеп еді.


Рәсіл мен Құсыман Тұрсын мен Ақмаралдың ақ көңілдері үшін ғана келісті. Сәкеңнің де көңілі сабасына түскендей жамбастай жатып алып, осы үйдің қара сирақ күлшашары Қуанышбаймен ойнай бастаған.


– Әй, су мұрын, бері кел, екеуіміз біраз әңгімелесіп алайық.


Қуанышбай да жиі келіп, өзімен әзілін жарастырып жүрген «сырлас» ағасының шақыруын күтіп тұрғандай-ақ оған қарсы сұрақ қойды.


– Әнеугүні әкейем дегенің қайда?


– Қап, келер жолы болсын, бүкіл магазинді көшіріп алып келейін, бәлемді. Арақ көп пе үйлеріңде? Хе-хе-хе...


– Арақ бар ма деймін, айт. Әйтпесе шүметайыңды кесіп алам. Қайда кетті әлгі бәкім. Хе-хе-хе...


– Бал.


– Көп пе?


– Көп. Мынандай көп, – деп бала он саусағын тарбита түгел жайды.


– «Балалы үйдің ұрлығы жатпайды» деген осы екен ғой, – деп күлді үйге кіріп-шығып жүрген Ақмарал.


– Баланы жақсы көремін, – деді Сәлім басын көтеріп. – Шіркін, сәби ғой бұлар. Мына біз сияқты жердің жеті қат астындағы қулық-сұмдықты білер қасиеттен бұлардың жаны әзір ада.


Құсыман тағы да мырс етті. Сәлім ішегін біреу жұлқа тартып қалғандай кіржің ете қалды. Жақтырмаған сыңайы. Рәсіл олардың осы бір сәттегі қам-қарекетіне назар аударған жоқ. Өз ойымен отыр. Арақ ішу, бас мүжу. Өнбейтін көксоқта әңгіме. – Баяғы өзінің бала кезіндегі ауыл белсенділерінің тіршілігі тағы да сол қалпымен алдынан шыққандай. Басқасын қойғанда, сондай бір сылбыр ғана күнкешті күйге өзім де көнер ме екенмін. Болмаса өзімше жаңаша жұмыс жасармын ба? Шіркін-ай, не керек, мына Сәкеңдер де жиырма бес жыл ел басқардым деп жүр-ау. Бір үйде түстігім, бір үйде кештігім деп жұртқа өтілі өтіп кеткендей арақ іздеп жүріп «баяғы жартас – сол жартас» күйінен тайсашы бір. Атқа мінгенді ғана емес, алты аласы, бес бересі жоқ көлденең өткен көк аттының шылбырын алып, шылауына оралатын халықтың жақсы қасиетін өмірі өз пайдасына асырып жүргендер ғой бұлар...


– Сәлеметсіздер ме?!


Үйге бес биенің сабасындай етжеңді әйел кіріп келе жатты.


– Жаным-ау, мынау Рәсіл ме? Иә, аман-сау келдің бе-ей.


Үйге кірген әйел алдымен келіп, Рәсілдің қолын алды. Үнінен, қимылынан өзімсінгендік байқалады.


– Сен келді деген соң, шыдай алмай жүгіріп келгенім.


Рәсіл көңілге болмаса, жастайынан бірге өскен құрбысы Раушанды танымай қала жаздады. Қайда, бұлар көріспегелі де оннан астам жылдың жүзі болған.


Раушан осы ауылда қартайғанынша қошқар баққан Қожантай деген шалдың қызы болатын. Екеуі мектепке бір жылы барып, алтыншы класқа дейін бірге оқыған еді. Одан әрі қарай Раушан жетіншіден көше алмай қалды да, о ғып-бұ ғып алтыншыны екі жыл оқыған соң Шілікті жақтағы біреуге күйеуге шығып кеткен еді. Одан кейін көріп отырғаны осы. Тері-тарамысына ілінген, шілбиген арық сары еді. Нағыз кең-молынан пішілген бәйбіше болыпты. Рәсіл әлі өзін жаспын деп жүргенде құрбысының жә деген сарықарын әйел болғанын көріп, торығып қалғандай күйге түсті. «Уақыты құрғыр, қалай өте шығады бұл?!» деген ой келді оған.


– Осы совхозға былтыр көшіп келдік. Замандасыңды «қайда барсаң да бір отар қой табылар, ет бауырыңды елжірететіңдей қимайтын, ағайын-тумаң қалып бара жатқан жоқ. Ерте бастан ел жаққа таман жылжиық» деп құлақ етін күндіз-түні кеміріп жүріп әкелгенмін, әйтеуір. Шүкір, қазір біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей жүріп жатқан жайымыз бар.


– Бала-шаға бар шығар?


– Үйбай-ау, сен оқудың түбіне жетемін деп жүргенде бұл жақта біз не бітіреміз? Құдай тіл-көзінен сақтасын, тоғыз жаманымыз бар, әйтеуір... Өзіңде әлі қатын да жоқ деп естідім-ау деймін. Әлде өтірік айтып отырмын ба?


– Иә, ол жағынан ұяттымыз.


– Үйлену керек. Пенсияға шыққанда үйленбесең, қашан үйленбексің? Алматының сүрме көз, тік бақай біреуін әкеп бермедің бе Молдағама. Ол кісі де немере иіскей алмай сені тосып, сарсылып жүрген болар.


– Асықпа, енді бір оншақты жыл мұрсат берсең, өзіңе жетпесек те, жетеғабыл болармыз.


– Үйбай-ау, ол кезге дейін біз қарап жүреміз бе? Он үш-он төрттің қарасын мөлшерлеп қалмаймыз ба? Тіфә-тіфә, кесірінен сақтасын... Жаман замандасың екеуміздің деніміз сау болса, әлі тізгін тежейтін түріміз жоқ. – Ол рақаттана, сылқылдап ұзақ күліп алды. Күлгенде мол денесі ерекше бір жарасымдылықпен түгелдей селкілдейді екен.


– Құдай-ау, Жайлаубегім туған жылы ма, әлде Боранбай туған жылы ма еді?.. – Раушан әлденені есіне түсіре алмағандай сұраулы жүзбен бір сәтке кідіріп қалған.


– Е, сенің қай ұлыңның қашан туғанын білетіндей беліңді біз тартып па едік?! Хе-хе-хе...


Раушан өзінен екі мүшелдей үлкен Сәлімнің әзілін парық та қылған жоқ, әңгімесін жалғап кетті. – Е, иә, Жайлаубек туған жылы екен ғой. Асусайды жайлаған момын қайнағаның үйіне екі қонып аттаныпсың. Біз іргесіңдегі Қанжығалыны жайлағанбыз. «Баяғы Рәсіл болса, бізге де бір соқпай кетпес» деп замандасың Шіліктідегі магазинге түнделетіп шапсын. Ертеңіне орныңды бір-ақ сипағанымыз.


– Сол жолғы және бүгінгі сый-сияпатыңды жиып-теріп бір-ақ көрсетудің мүмкіндігі енді келді. Ертең түс әлетіне таман ауылыңның тұсынан шаң беріп қалармыз. Сен бұл жерде отырып бұлбұлша сайрағанша, онан да байыңды магазинге тағы да шаптыра бер. – Сәлім әңгіменің төркінін үйреншікті әуеніне қарай қақпайлай берді.


– Тақыр жездеке-ай, құлқыныңа құрт түссе, сендік бірдеңе үйден де табылып қалар... Қой, үйбай, мен әлгі келінжанға көмектесейін. Рәсіл аттан түсіп үлгермей-ақ өкпемді айта бастаппын ғой.


Ол қолымен жер тіреп, орнынан ауыр көтерілді. Өз қатарынан озып, егделердің ортасынан көрініп қалған құрбысын Рәсіл көз қиығымен шығарып салды. Сәлім ұйқыға бас қойған. Шәй қайнап, қуырдақ піскенше мызғып алмақшы. Құсыман етігінің қонышына тыққан әдеби журналға үңілді. Рәсіл болса институтты ойлады, Алматыны еске алды. Өзін аспирантураға қал деп өтінген ұстаздарын ойлады. Сонан соң туған жер деп сағынған атамекенінің шетін көрген соң, өрекпіп келген өр көңіл шіркіннің демде басылғанына таңқалғандай. Таңқалмай қайтсін, ер жетіп, есейіп оралған шағында балалық күндерінің ізін көріп, толқығанымен, сол кездегідей бұл өлкенің тіршілік-тынысымен бірге тыныстай алмай өзін аспаннан түскендей, елінен де, жерінен де тым-тым оғаш сезініп отыр. Мүлде басқа ортаға сіңісіп, табиғатымен өзгеріп, бөтен де бөгде болып келгендей. Кеше ғана тығылмақ ойнап, қысқа күнде қырық төбелесетін сары қыздың бүгінде салпы етек, сарықарын әйел болған түрі мынау. Иі қанбаған көн теріден үлгісіз пішіліп, жобалап қана көктей салған қаусырма тондай пошымсыз болып кетер ме осынша. «Тоғыз балам бар» дейді-ау тағы да...


Үйде жатқан үшеуге тыста жүрген үшеу ақ марқаның уыздай қуырдағы мен буы бұрқырап деміккен сары самауырды алып келді.


Тұрсын жиюлы жүктің астына қолын сүңгітіп жіберіп еді, шөлмектердің нәзік сыңғыры естіліп қоя берді. Ұйқысын аша алмай есінеп отырған Сәлім жымиды. Сөйтті де: «Біздің Тұрсынның гастрономы жүгінің астында ма деймін», деді.


– Қонақ келіп қалар деп сақтық жасаймыз да, әйтпесе әкеле қоятын жаныңда тұрған магазинің жоқ, – деп Тұрсын жуып-шайып жатты.


Сол күні түстен кейін қой күндегідей ұзап жайыла алған жоқ. Ауыл алдындағы өріске шығар таптаурын сары доңғалда жатты. Қонақтары бар, қойшысы бар төрт азаматтың дастарқаны ымырт үйіріліп, қараңғы түскенше жиылған жоқ. Талай шөлмектер іштеріне сақтаған ашулы сұйығынан босаған соң көк тиындық құны қалмай, домалап жатты. Шөлмек ішінен адам ішіне ауысқан ашулы су талай-талай әңгіменің тиегін ағытып, талай-талай кептерді қайырттырды.


Құсыман өзгеден сақ ішті. Аз сөйлеп, көп тыңдады. Қабақтың астына шалқалай салынған үтір сияқты қысық көзін әркімге қадай қарайды, сынай қарайды. Бір ескі, бір жаңа, бір кәрі, бір жас – қос зоотехникті өзінше салмақтап, екеуіне шақтап, өзінше тон пішеді.


Тұрсын кеше ғана аңдаусызда аңғырттықпен өткізіп алған балалық шағын жиі-жиі еске ала берді. Жайшылықтағы тұйық жігіт арақтың әсері ме, әлде бөгет болар Сәлім ұйқыға кеткен соң ба, әйтеуір, әңгімешіл болып алды.


– Өткен күнде белгі жоқ, әйтпесе заманында тізеңіз біз байғұсқа тәуір-ақ батып еді-ау, – деді ол күле қарап.


– Е, баяғыда Мәкеңнің бір үйлі жанның, бар жасауын мыңқ демей арқалап алып, маң-маң басып жүре беретін баяғыдағы Мәкеңнің Балабурасыңдай жігіт болып жеткен екенсін. Еңдеше соңда кеткен өшіңді енді алуға болады ғой.


– Жоқ, – деді ол стақанын қолына нығарлай ұстап. – Мұны сізге, ағаға айтар зілсіз еркелік, базына ретіңде ғана әншейін еске алып отырмын. Әйтпесе менің де адам сүйер қылығым бар ма еді?! Мен үшін күйіп-пісіп, ашуланатынсыз, мен үшін сөз естіп, мұғалімдердің жиналысына түсетінсіз, бәрін де білетінмін. Иен бөлмеге қамап алып, нығарлап та алар едіңіз ондайда. Соңда да маған деген бір бүйрегеніздің бұрылып тұратынын сезетін едім. Ақыл айтатынсыз. Адам болуымды тілейтінсіз. Сіз қанша тізе батырсаңыз да ол жайлы ешкімге ләм деп тіс жармаушы едім. Айтсам сізге тым жақсы бола қоймайтынын да білетінмін...


Ол қолыңдағы арағын аузына құя салды да, тоңази бастаған бағланның бауырын тісіне басты.


– Бір күні Нағышбай жездем қойын өргізіп, ауылдан екі-үш шақырым шығып кеткен соң, екі етегі екі жаққа далақтап, ауылға қайтадан шауып келіпті. Әлі ұйқыдан ояна қоймаған апайымызға үй сыртында тұрып: «Уәй, бейбіше, бермен шығып кетші тезірек» деп айғайласа керек. «Не болып қалды, байқұс-ау? » деп үйден ұйқылы көзімен жүгіре шыққан апайымызға не айтыпты дейсіз ғой... «Бәйбіше-ау, айтылмаған бір сөзім қалыпты. Өткен жылы осы уақытта, дәл осы жұртқа келіп қона қалдық қой. Сонда осы Қараарықтың жағасында Кәлім екеуміз мұқыр мүйіз қара өгізге таласып, қатты тәжікелесіп қалған едік. Ол да сен тұр мен атайын дейтін қызыл көздің өзі емес пе. Екі ауыз сөзге келмей ат үстінде тұрып, шаппа-шұп ұстаса кетейік. Әйдәй, жұлқысып жүрміз, жұлмаласып жүрміз. Қойшы, әйтеуір, сүт пісірімдей уақыт өткенде көкпарға тартқан көк серкедей өңгеріп-ақ әкеткенім... Жоға деймін-ау, пәтшәғардың сонша қарулы екеніне таңғалғаным.


– Өй, оныңды неге айтып тұрсың маған? Әңгүдік-ау, малың қайда? – деген апайымызға: – Беу, соны айтқалы келдім емес пе саған. Еске түскеңде айтып тастамасам тағы бір жыл ұмытып жүрермін, – деп қойына қарай қайтадан далбаңдай жөнеліпті ғой.


Рәсіл жәй ғана жымиып қойды.


– Не айтайын деп едім? – деді Тұрсын. – Е-е, иә, «айтылмаған сөзім қалыпты» демекші есіңізде ме, бірде интернат жаныңдағы қара моншаны жағып, алдымен ұлдар жуындық. Бізден кейін қыздардың кезегі болатын.


– Иә, есімде. Күні кешегідей. Айта бер, бауырым. Екеуіміз де біраз дәуреңді кешіппіз ғой. Мен өз өмірімдегі ең бір елеулі уақыт деп сол өздеріңе тәрбиеші болған бір жылды айтар едім. Тұңғыш рет ғашық болу деген дерттің дәмін де татқаным сол жылы болатын. Сол кездерді бұл күнде еске алу жанның рақаты сияқты... Иә, айта бер.


– Содан, желкеме мінген сайтандарым бүйірден түрткілесін-ай кеп. Тағы бір сұмдықты бастауға тәуекел еттім. Ол жаман ой моншадан шығып, киініп отырғанда есіме түсе қалғаны. «Балалар, – дедім мен сияқты желөкпелерге, – мен осы моншаның ішіне тығылып қалайын. Қалай болғанын сендерге шыққан соң айтып беремін», деген сөз аузымнан шығуы мұң екен, әйтеуір, қызыққа жандары құмар залымдар ду ете қалысты. Арқамнан қағысып, тамаша идея тапқаным үшін гуілдесіп берді дейсің. Не керек, моншадағы буланатын бөлменің сәкі тақтасының астына жасырынып қала бердім. Дәл сол күні сіз аудан орталығына жолаушылап кеткен болатынсыз. Бар шаруаны ортасында менің мына жаман әйелім бар, қыздарға тапсырып кеткенсіз. Айтпақшы, біздің Ақмарал да бір кезде төбемізге шәй қайнататын шолақ белсенділердің бірі еді ғой. Бәрібір сол кезде-ақ ұнатып жүретін қу екен. Қыз қулығы қырық есекке жүк деген рас-ау. Маған қоқаңдауы өзінше қулықсымағы болса керек баяғы... Басшыларымыз – осылар.


Содан бір кезде интернатта жататын ірілі-ұсақты қыздардың жиырма шақтысы келді шуылдасып. Киініп даяр отырғанмын. Нар тәуекелмен сәкі тақтайдың астынан тұрдым да бір-бір елегендерін құшақтап алып, арық тоқтыдай тыртиып-тыртиып жүрген жалаңаш қыздардың қақ орталарын жарып өтіп, тысқа бір-ақ шықтым. Қасқыр тиген үйірлі байталдай шұрқырасып, шуылдассын-ай келіп. Біздің балалар болса мәз болысып, сұрақтарын жаудыртып жатыр. Амал не, он минут өтпей барлығы жылап-еңіреп, мектеп директорының кабинетінен бір-ақ шықсын. Сонымен не керек, сіз ауданнан оралғанша интернаттан қарамды өшірдім. Сол бір кездегі менің жалғызілікті халімді білсеніз, әттең... Өзімді интернаттан қудырған барша қыздардың алдарыңда еңсемді түсірмей, қабақ шытпай сол жайраңдаған күйімде кетсем де былай шыққан соң езіліп көп жыладым, Реке. Өгей шеше жазықсыз ұрғанда да, сіз жеке бөлмеге қамап алып, аяусыз жазалағанда да бала болып, көзіме жас алмаушы едім. Тек әзиз анамды ойлап, ол болса менің бүйтіп көрінгенге иесі өлген иттей жеккөрінішті болып жүрмесімді ойлап, жабығатынмын, қамығатынмын. Бірақ, бала да болсам әр қиыншылықты қасқайып тұрып, қарсы алар едім. Жылау деген әйел затына ғана тән осалдық деп білетінмін. Иә, аға, мен сол жолы қатты жыладым. Тұңғыш рет қатпаған қабырғамның қайысқанын, бекімеген бұғанамның майысқанын мойыңдағандай болдым.


– Сен бір жыласаң көзіңе көлегей болып біткен қыңырлық пен қайсарлықты жас жуып, кетірер деуші едім... Естуімше одан кейін де түзу жолға түсе алмай, біраз сүрінген көрінесің...

– Меңзеп отырғаныңыз менің түрмеге түскен жайым болар. Рас, кінәсіз едім деп ақтала алмаймын. Бірақ қиратып тастаған қылмыстымын десем өз бетіме өзім күйе жаққаным болар еді. Мен сізге бір шынымды айтайын, бұл жанымнан шығарып отырған пәлсапам емес, өмірдің өзі үйреткен ақиқат... Адам іштен ақымақ болып тумайды – бұл жаңалық та емес. Ақымақтың да, ақылдының да өздеріне сондай айдар тағыларына алдымен төңірегіңдегі адамдар себепші болатын сияқты. Әсіресе мен сияқты оң мен солын танып үлгірмеген, оның үстіне қызыл иті қыңыр шауып жүрген адамның жолдан тайып құлап түсуі қиын емес екен. Кім біледі, сол кезде менің жанымды да ұға білген жан болса, «сотталған» деген сұрқай сөзді тағдырыма жалғамаған болар едім... – Ол қолындағы орта стақанды үстемелей толтырды. «Ішесіз бе? » деді Рәсілге отты жанарымен түйіле қарап. – Ішпейсіз, ә?!.. Мен тағы бір шындықты айтайын ба? Сіз дәл қазір мен жайлы «бұрын ақымақ бала болса, енді ақымақ жігіт болған екен» деген ойда отырсыз ғой.


– Тұрсын, аз-кем тынығып алғанымыз жөн шығар, – деді Рәсіл әңгіме ушығып кете ме дегендей.


– Әңгімем аяқталған жоқ әлі... Адамдардың адымын аштырмайтын, төрге сүйремей, көрге итеретіндер де тек өз қамымен қалтырап жүретін жандар. Әрі-бәріден кейін, ақымақтан соңдай алаяқтар зияңдырақ келеді. Оңдайлар өз беделіне кішкентай ғана кір түсіріп алмаудың жолында басқаның қанатын қырқудан да қымсынбайды...


– Сөйтіп өзіңді неге қылмысты емеспін дедің?


– Қылмысым жоқ дейтінім, мектептен қуылған соң айналамнан демеу болар жылы қабақ іздеген едім. Егескеңде тым ақымақ емес екендігімді ісіммен дәлелдегім келді. Бірақ, жасың жетпейді деген сылтаумен ешқайда жұмысқа алмады. Ақыры механизаторлар даярлайтын училищеге келіп түстім. Оншақты күн оқыдым. Менің техникаға деген ыңғайымды, ынталылығымды жетекші мұғалімдерім мақтап та жүрді. Ойламаған жерден бір күні директор шақырады дегенге, алдымнан қарбыз жарып тосып отырғандай, аңқалақтап жетіп келейін. Томпақ көз төртбақ қара еді директорымыз, суық қарсы алды. Сәлеміме ернін де жыбырлатпастан, әңгімені сауал қоюдан бастады.


– Шырағым, не бүлдіріп жүрсің? – дейді ол «үй-ішің аман ба?» деген сияқты жайбарақат қана. Қара күрең жүзінде мысқыл бар.


– Ештеңе де бүлдірген жоқпын, – деймін мен сасқалақтап. Кінәм жоғын білсем де, аузым күйіп қалыпты. Айдарымнан жел есіп, есіктен еркін кірсем де екпінім қайтып, айылымды жия алмай төменшіктеп қалдым.


– Шырағым, оқудан шығарамыз, – дейді ол сызданып.


– Неге? – деймін мен таңырқап.


– Сен сияқты айтулы бұзықты оқытып опа таппаспыз, – дейді ол түпкілікті шешімін айтып.


– Менің «айтулы бұзық» екеніме көзіңіз әбден жетіп отыр ма? – деймін мен.


– Жетіп отыр, шырағым. Оқыған мектебіңнің директоры жаңа бәрін де қолмен қойғандай ғып түсіндірді, – дейді ол.


– Артық кеткен жерім болғаны рас, ағатай. Бірақ оның бәрі өткен іс еді ғой. Болашақта ондайлар қайталана қоймас, – деймін мен оның үкімінен зәрем ұшып.


– Сөз қысқа, шырағым, ерте бастан табаныңды жалтырат. Әйтпесе, милициямен айдатып жіберемін, – дейді ол онсыз да қара күрең бетіне қаны теуіп.


– Кетпеймін, – деймін мен де қасарысып. – Милиция шақыратыңдай кісі өлтіргем жоқ.


– Жоқ, кетесің, – дейді ол мені итеріп тастамақ болып. Бой бермедім. Күш жұмсағанда мен де күш жұмсадым. Сақалды басымен ұялмай-қызармай қаршадай мені жұлмалап жүрген адамды мен де аяғаным жоқ. Алысып жүргенде аузыма түскен бас бармағын тәуекелмен қышырлатып шайнай бердім. Бар болғаны сол, аға. Содан кейін «сотталған» болып шыға келдім.


– Бауырым, қате болған. «Өткен іске өкінбе» деген, өз жолыңа түсіпсің, өмірлік жар тауыпсың. Сәкең сені жеткенше мақтап келді. Табан ет, маңдай терімен, әділдік жолмен еңбек етсең болғаны да.


– Әділдік дейсіз бе? Иә, әділдік деген жақсы нәрсе ғой. Бірақ...


Ол көмейіндегі сөзді айтпай, аз-кем томсарып отырып қалды. Содан кейін удай ащы мысқылмен мырс етті. Көмейдегі айтылмай көміліп қалған сөзді ол күлкімен бірге сыртқа шығарып, бойын жеңілдетіп алғандай...


– Аға, жақында мен туралы аудаңдық газет очерк жариялап, суретімді де басыпты. Бала кезімдегі біраз сүрінгенімді тәптіштеп-ақ жазған екен. Қазір жүз процент түзелгенімді, еңбектегі көрсеткішімнің дәлелдей алатынын атап көрсетіпті... Егер көрсеткішім төмен болса, мінезімнің түзелмегенін білдіретін сияқты. Сонаң соң менің дұрыс жолға түсіп, саналы азамат болуыма келіншегім Ақмаралдың үлкен ықпал етіп, оның нағыз ер серігі бола білгенін айтыпты. Оған да дауым жоқ. Бірақ «өз еңбегімен бүкіл аудаңдағы ең озат шопаңдар қатарына қосылды. Оған Тұрсынның жүз саулықтан 144 қозы алғаны, әр қойдай төрт килограмм жүн қырыққаны куә» дегені қинайды ғой мені. Өз арымның алдыңда, азаматтық арымның алдыңда қиналамын. Амал не, әттең, бәрі де кеш... Жарайды, – деді ол, – тысқа шығайықшы...


Рәсіл әңгіменің арғы жағын сұраған жоқ. Сосын Сәлімді көтеріп апарып, үйге жатқызды.


– Реке, – деді Тұрсын отты жанарын мұның өңменіне қадап тұрып, – құдайшылығыңызды айтыңызшы... Кәмиләні шын сүйдіңіз ғой ә?! Сіздің әр қимыл, әр сөзіңізден оған ғашық екеніңіз білініп тұратын...


– Қой, олай деме! Ол шәкіртім емес пе?! Бар болғаны алтыншы класс...


– Оны енді несіне жасырасыз? – деді Тұрсын мұның сөзін бөліп, – Сіз де ол кезде оныншы класты жаңа бітірген сарыуыз балапан екенсіз ғой...


– Е, деді Рәсіл, – ол енді қайта оралмас күндердің бір мұңды естелігі ғой...


Үйде қалған төрт азамат кешті осылай батырғанда Ақмарал мен Қуанышбай отарды ауылға қарай беттетіп келе жатыр еді.


ІІІ


Сәния нағыз жезтаңдай әнші еді. Оның майда толқынды нәзік үнін естігенде Рәсіл бәрін де ұмытып, жан дүниесімен ерекше бір әсемдік әлемін аралап кеткендей сезінетін. Үзілдіріп Абай әндерін айтқанда бұл ерекше бір рақатқа бөлене, емірене тыңдайтын. Өз-өзінен елжірей, қос жанарының аясына әлдебір мұң ұялағандай болатын. Ол Абай ауылының «желсіз түнін», «айының сәулесі суда дірілдеген» терең сайын көз алдына елестеткісі келетін. Сол маужыраған мөлдір тыныш түнде қол ұстасып, қыдырып жүрген қос ғашықты – Абай мен Тоғжанды көз алдына елестеткісі келетін. Бірақ олар көкірек түкпірінен көмескі елес бергенмен, жанды сурет болып әсер бермейді. Көз алдына Абай ауылы емес, өз ауылы, көбінесе көктеуде әкесі барып, қозы аяғын сергітер Үйдене жағасындағы қонысы, не Айғыркөмген жайлауы елестей беретін. Түн құшағында мүлгіген қолат-қолат қойнаулы таулар, қалың қарағай ну болып өскен сыңсыған орман, сай-салалы, терең шатқалды жайлаудың арқар-маралы жортқан жондарын елестетеді. Құлағына Үйдене өзенінің айбыңды сарыны келеді. Ауыл маныңда серуендеп жүрген қос ғашық – Абай мен Тоғжан емес, өзі мен Сәния болып елестейді. Бір кезде оның қасыңдағы Сәния емес Кәмилә болып: «Ағай, мен қайтайыншы, тоңдым», дейтін сияқты. Оның жәудіреген қарақат көзі ай сәулесімен ойнап, жарқ еткендей. Ол осындай ойлар әлегімен, осындай елестердің әлегімен отырғанда ән аяқталар еді. Бар жұрттың дүрілдете қол соғып, әншіге көрсеткен қошаметі тағы да Рәсіл көңліңдегі кішкентай Кәмилә бейнесін жырақтатып, көз алдыңдағы бойжеткен Сәния дидары оның орнын басар еді. Орнын басар еді де өзінің болашақ жан жарының осыңдай үлкен өнер иесі болғанына мақтанғандай жанында отырған курстас жігіттерге көз салар еді. Әрине, олар да кеу-кеулесіп, Сәнияның қол-аяғын жерге тигізбей мадақтаған күйі, аспаңдата берер еді. Қайсыбір еті тірі пысықтары Рәсілмен бірге қыдырып, жанындағы өнерпаз қыздармен танысуды көздейтін. Шындығында, қыз өнері Рәсілдің өзін ғана емес, жанындағы жігіттерін де сүйсіңдіретін. Әрқайсысы осыңдай сегіз қырлы, бір сырлы жар табуға жан салар еді. Рәсіл Сәния жанында жүргенде өзін әмәңда бақытты сезінетін. Тілерсегіне түскен қос бұрым, келісті сымбат, еш міні жоқ ақша бет, оймақ ауыз – нағыз жігіттің жігітін мойын бұрғызар қаса сұлуға бітетін мінсіз мүшелер.


Олардың танысқанына да бір жылдан асып қалған. Одан бері Алматы кештерін жұп жазбай бірге өткізіп келеді. Соңғы кезде үй болып, отау тігу мәселесін де жиі сөз ететін бұлар.


– Асықпайықшы, – дейтін Сәния. Оқуымызды бітірейік. Тек институтты ойдағыдай аяқтап, аспирантурада қалуды ойлан. Мен институтты қалай бітірсем де бәрібір, әйтеуір, диплом алсам болғаны. «Қазақконцертке» орналасудың мүмкіңдігі бар сияқты.


Бұл тұсқа келгенде Рәсіл қиналар еді. Оқуды өте жақсы оқығанымен, өзінен ғалым шығатынына күмәңданады. Шаң басқан ескі архивтерді ақтарып немесе қорадағы жемге байлаулы малдардың төңірегінде ғылыми зерттеу жүргізіп, ғалым болғаннан салқар жайлау төсіңде нағыз өмірмен қоян-қолтық жүріп білгір болғанды жоғары санайды. Оның үстіне «ертең ұлым оқуын бітіріп келіп, туған жердің өрісін малға толтырар маман болады» деп өзіне үлкен үміт артып отырған әке арманын ешуақытта жер еткісі жоқ. Қара ормандай алды-артында қаптап жатқан аға-іні, апа-қарыңдас болса бір сәрі. Жалғыз шалдың жалқы тұяғы, жалғыз үміті өзі ғана. Астанада қалып, алшандай басқанмен ата-мекеннен алты шақырым жер ұзап баспаған, басқысы да келмейтін әкені мұнда көшіріп әкеле алар ма? Бәрін қойғанда, аспирантураға түсуінің өзі де неғайбыл бір үміт емес пе. Қалай да менің Сәниямен үй болуым үшін әйтеуір, екеуіміздің біріміз кішірейіп, екіншіміздің айтқанымызға көнуіміз қажет. Осы жайларды ойлаған Рәсіл өзінің қыздың дегеніне көнуін қисыны аз қиял екен деп түйеді. Сол сияқты Сәнияны да ауылға алып бару оның үлкен өнерге, табиғи дарынына аяусыз қиянат жасау екенін де мойыңдайды. Әрине, ауылға барғанда да оған сахына табылар, бірақ үлкең өнер ортасынан жырақтатып, шалғай шығарып әкету оның қанатын қырыққанмен бірдей емес пе. Бірақ ол «бәрін уақыты келгенде көре жатармын» деген оймен өз пікірін ашып айтпайтын. Кейде: «Мен саған қашан үйленемін, қай жаққа алып барамын, ол өз еркімдегі іс. Өйткені, мен сені лотореяға ұтып алғаным жоқ па!» дейтін әзілдеп.


– Сен лотореяға машина немесе басқа бір зат ұтып алсаң, ерік өзіңде болар еді. Менің өзімді ұтсаң да еркімді ұта қойған жоқсың, мен пікірі бар адаммын, оны да ұмытпа, – дейтін ол да күліп.


Рәсілдің «мен сені ұтып алдым» дейтіні екеуінің алғаш танысуларына дәнекер болған бір үйлену тойындағы лоторея ойыны еді.


Рәсіл ол кезде екінші курсты тәмамдап, студенттердің құрылысшы отрядтарымен бірге тыңға аттанғалы жүрген. Соңғы курста оқитын ауылдас бір жігіті үйленіп, мұны да тойға шақырған. Студент халқы қаңдай, той десе жанып түседі. Барша студент атаулының тойға апарар орамалы – кесімді он сом. Шамасы жетер, жора-жолдастардың бүтін бір стипендияға дейін мырзалық жасап, той жасаушыға көмекке беріп жіберуіне болады. Ал бір қызыл қағаздан, яғни он сомнан кем беру – ұят. Студент шіркінді шақырмаса амал жоқ, шақыра қалса, көйлегін сатса да шашу-жоралғысының кесімді пұлы табылып тұр дей бер. Оны өздері той жасаушыға жолдастық көмек деп түсіндіреді. Сондықтан да той иесі жүз студент шақырса кемі дөңгелек мың сом келіп тұр деп есептейді. Студенттер жалпы кедей халық деп аталса да той жасарда олар осындай жолдастарының көмегіне сенгендіктен, «жығылсаң нардан» дегендей, ресторан-кафенің жалынан бір-ақ жармасады.


Рәсіл да тойға апарар шашуға қиналған жоқ, өз бөлмелеріндегі мөлтек «колхоз кассасынан» қарызға алды. Бір жақсы жері жігіттердің біреуі ақшаға тарығып қалғандай болса, өздері ұйымдастырған «колхоз» қиыншылықтан құтқарады. Олар әр стипендия алған күні жарты ақшаларын тамаққа деп бір адамға жиып береді. Мұндай «қолхоздар» әр бөлмеде бірден бар, әр «колхоздың» өздері бекіткен қатаң жарғысы болады. Рәсілдің «Ұйымшыл» атты «колхоздарының» жарғысы бойынша ақша тойға барушыға, қызбен тұңғыш рет қыдырушыға ғана үш-төрт күнге қарыз түрінде берілетін. Бұлардың «кассирлері» өздері «щеткебас» деп атайтын бәкене сары жігіт, бекер обалы қане, Рәсілге он сомдықты сөз айтпай ұстата берді.


Ол кеш бата кердеңдей басып, той өтер ресторанға жетті. Несін айтасың, ақ көйлек, қара костюмді сайдың тасындай жұтынып тұрған жігіттер, аққудай мамырлаған аршын төс қыздар жиналып-ақ қалыпты. Қалыңдық пен күйеу келгенше «жар-жар» айтып, қызу әзірлік жасап жатыр. Әр жақ, бер жағы ат шаптырым кең үстелдердің үсті көздің жауын алады.


Екі жақтың ауылынан келген құда-құдағилар төр басына жайғасып алып, жастардың қызыл танау қарбаластарын алыстан ғана болжасып отыр. Әдетте той қызығы қалыңдық келіп, салтанатты бірінші бөлімі біткенше басталмайды. Бұл жолы да тойдың бірінші бөлімі аяқталғанша жұрт шүпір-шүпір әңгімеден, қаужаң-қаужаң ас алудан көп аса алмады.


Той басқарушы тамада әбден талай тойдың басына су құйып, ысқаяқтанған қу екен, бірде өлең, бірде желдірме қара сөзбен-ақ елді күлкіге көміп жүрді. Бірнеше тосты дүркін-дүркін алдырып тастап, ыстық ас алдыңдағы жарты сағаттық бірінші «бас жазар» демалысын жариялады.


– Әнге конкурс! – деді ол дауыстап. Жеңіп шыққан үш өнерпазға бәйге бар. Біздің кіші бәйгеміздің өзі кішігірім тойдың бас бәйгесімен таласа алады. Қане, үміткерлер, ортаға шық!


– Оу, міне Алпысбай айтамын деп алты күн даярланған, осы айтсын.


Орта бойлы, төртбақ жігіт жанындағы жалпақ бет сарыны нұсқады.


– Қой-ей әрі, біздікі әншейін ауыл арасындары жаяу әншілік емес пе, – деді ол шегіншектеп. Бірақ, тым тартынып, бетінің оты шығып тұрғаны байқалмайды. Әншейін кішіпейілдік үшін ептеп қана жал айтқаны болмаса, ортаға шығар сыңай танытып-ақ қалды.


– Қане, қане, «Қаракесекті» аңыратшы бір.


– Міне, бәрекелді, қане жігітім ортаға шыға қал. Өнеріңді қыздарға осындайда көрсетпесең соңынан өкініп жүрерсің. Кім біледі, маңдайың жарқырап, мына көп күлім көз арулардың бірі ғашық бола қалғандай болса... – дейді тамада сумаңдап.


Жалпақ сары қамшылаушы бірер сөзді күтіп әрең тұр екен. Талтаңдай басып, ортаға шықты. Жұрт оның тұрқы мен көлденеңі бірдей жуан денесіне, салбыраған бұғағына қарап, жерді тітіретердей күркіреген жуан дауыс күтіп тұрғандай еді. Жалпақ сары қыз үнінің әнтек алдыңдағы ғана жіңішке үнмен сызылтып қоя берді. Қыздар жағы мырс-мырс күлді.


– Келе жатсам көшеде көңілім тасып,


Бір сұлу қыз келеді кердең басып...


– Апырай, қызық болмаса игі еді, – десіп қалды бір қулар.


– Жедел басып жанына келсемдағы


Сөз таба алмай, шіркін-ай, қалдым сасып...


– Қап, бүлдіреді-ау өстіп...


– Содан не болды? – Аузы қышыған жігіттер әншінің алдын орай берді.


– Келсемдағы жанына жанасалап.


Алып кетті, Қошқарбай құдашалап.


– Уа, бар бол!


– Жігіт-ақ екенсің онда!


Дегенмен жалпақ сары жол ортасына келгенде өнер шығарды. Әннің орта тұсынан ауа үнін мүлде өзгертіп, гүрілдеп қоя берді. Жігіттер тына қалды. Қыздар бір-біріне қарасты. Қызыққойлар қол соғып, әншіге үлкен ықылас қойды. Өнерпаздарды сарапқа салатын жюри мүшелері сияқты төр алдында жайғасып отырған құда-құдағилар да: «Өркенің өссін, шырағым, өркенің өссін!» десті.


Әлдебіреуі Рәсілді да сыртынан сатып қойыпты.


– Жолдастар, зооветтің студенті Рәсіл деген жігіт ортаға шығуға сұранып тұр, – деп қойып қалды тамада.


Рәсіл институтқа түскелі факультеттің көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүрген, әдемі ғана майда қоңыр даусы бар еді. Қала болмаса да ауыл тойларының бетжүздік әншісі атанған кезіңде. Ол өзінің сүйікті әні «Сырымбетті» бастады. Үні бабында сияқты. Кең тыныспен, асықпай, абдырамай ғана тереңнен толғап шырқайтын Ақан әні оған талай жерде абырой әперген. Рәсіл әннің сәтті басталғанына қарап, ойдағыдай аяқталарына кәміл сенді. Әуелетіп, аспаңдата сорғалататын әннің ең құдіретті жеріне келгенде ол шын шабыттанып, бұйра шашын сілкіп тастап, ерекше екпінмен шырқады. Тіпті өз дауысына өзі риза болып қалғандай.


Өлең айтып тұрған оның көзі мана өзімен дастарқандас отырған қолаң шаш аққұба қызға түсті. Бір-біріне ұрлана көз тастасып қалған. Рәсіл оны көріп, бүйрегі бүлк ете қалғанмен қыз жаныңда отырған қайрақ қара жігітті көріп, өзіне сап-сап тоқтау айтқан. Ән айтып тұрған Рәсіл өзіне деген қыз назарының бөлек екенін байқағандай. Ортадағы әншіге көрерменнің бәрі де қарап тұрары белгілі, дегенмен ол қыз ықыласын бөлек аңғарып, бөлекше сезінеді. Кім біледі, мүмкін өзіне де солай көрінген болар. Рәсіл де жанарын тайдырған жоқ. Қызға қадалған күйі:


– Бөктергіге қор болып барасың ба, еркем-ау, – деп шырқады.


Қыз жанында тұрған қайрақ қара жігіт бойжеткенге бірдеңе деп сыбырлады. Қыз жақтырмаған сыңай танытты. Рәсіл оны да аңғармай тұрған жоқ. Ол Ақан айтқан ән жолдарын өзі шығарып, осынау аруға арнайы айтып тұрғандай сезінді.


– Алтын қайық жарасар күймесімен,


Наздана алмас сұлу қыз сүймесімен...


«Жасырма, сұлу қыз, жаныңдағыны жаратпай-ақ тұрсың ғой, мен оны бір қарағаннан-ақ сезіп тұрмын. Сондықтан да Ақан әні арқылы айтып тұрған өз ойым ғой», дейді ол жанарымен ұқтырмақ болып. Рәсіл әнді аяқтап болған соң да жаңағы қыз тұрған жаққа көз салды. Ол шын риза болған рай танытып, ықыластана қол соғып тұр екен. Жігіт үлкен бір сыннан сүрінбей өткендей еркін басып, оңаша барып тұрды. Ортаға шыққан күйшілерге, бишілерге көп назар аударған жоқ. Әйтеуір әзір өзінен ешкімнің аты озбағанына іштей сенулі. Бір кезде: «Ортаға Сәния шықсын, Сәния шықсын! Әу дегенін есту үшін ғана ат арытып келсең де өкінбейтін Сәния тұрғанда оның бұлбұл үнін естімеу кешірілмес күнә ғой» десті жігіттер.


Рәсіл керіле басып топ ортасына шығып келе жатқан манағы сұлуды көрді. Оның әрбір қимылы, жүрісі бәрі де ерекше жарасып тұрғандай. Өзіне сынай қараған оңдаған көздер де қызды қаймықтыратын емес. Шаршы топта талай-талай сынға түсіп, төселіп қалғанын танытып тұр. Сәл иіліп, көпке алдын ала тағзым етті де жанына жақын келген сырнайшы жігітке сыбыр еткендей болды.


Рәсіл бейтаныс қыздың да сахнадан абыройлы оралуын іштей қалайтын сияқты.


Бойжеткеннің мөлдір үні бірден-ақ тыңдаушыларын елең еткізді. Жанға жайлы, кедірі жоқ, бұдыры жоқ қалықтаған әсем әуен қыз аузынан төгіліп, барша тыңдаушыларын тәтті ләззатпен қымтап алғандай. Рәсіл де әншіден көз алған жоқ. Қыз да оқтын-оқтын жанарын тастайтындай. Абайдың әсем сазды «Желсіз түнде жарық ай» әні қыз аузымен жаңаша түрленіп, жаңаша әрленіп шыққандай. Ғажап ән өз құдіретін халыққа жеткізе алатын орындаушысын тапқан соң жігіт жанын ерекше мөлдір сезімге бөлеп алды.


Тұңғыш рет осы әнге осылай ғашық болып, тұңғыш рет Сәния бейнесін сол әнімен, сол сәнімен көкірек қойнауының саялы түкпіріне осылай ұялатып еді. Ол манағыдай емес, дәрменсіз күйге түскен. Өз өнерін еңсеріп кеткен қыз әні оның мысын басып, діңкелетіп кеткендей. Бұрынғыдай қыз тұрған жаққа жанарын тура тіктей алмай, ұрланып қана көз салады. Оның үстіне бас бәйгеге сеніп тұрғанда үшінші – кіші бәйгеге қолы әрең жетті. Сәния бас бәйгені – үкілі тақияны иеленді.


Тақылдап қалған қу тамада үшінші бәйге иесі деп Рәсілді шақырған соң ол бұған да шүкірлік айтып, ортаға шыққан.


– Жүз грамм коньяк басытқысымен. – Бұл бәйгесінің түрі. Жұрт ду күлді. Рәсіл не дерін білмей, бір қызарып, бір бозарды. Кері бұрылып кетудің ретін таппай тәуекелмен рюмкені төңкере салып, орнына қарай беттеді. Сөйтті де қалтарыстау бір орындыққа жайғасып алып, бірден шөлмекке жармасты. Біреулер тойға айналғанда бұл жаңағылардың көрсеткен жәбірін, кеудесіңде тұтана бастаған намыс отын арақпен өшірмекші болды. Бокалды ерніне тақай берген кезде:


– Сізбен билеуге болар ма екен? – деген қыз даусы оны жалт қаратты. – Шөлдеп қалған екенсіз.


– Рас, шөлдеп... аздап су ішейін деп... – деді ол күмілжіп. Оның жүзінде өз ісіне ұялғандықпен қоса жұрттың бәрін аузына қаратқан қыздың өз жанына арнайы келгеніне таңданғандық бар. Ол ықшам көтеріліп, вальс екпінінен қызды қолтықтаған күйі дөңгелене жөнелді. Алақанында жатқан нәп-нәзік сүйрік саусақтар, қыз шашының ерекше бір сүйкімді хош иісі, көз алдыңда күлімдеген бота көздер бәр-бәрі де оны мас еткендей. Тізесі дірілдей бастады. Қыз кеудесіндегі қос анардың сүйір ұшы мұның да жүрек тұсын мамықпен сызып өткеңдей, сызып өткен сайын тұла бойын ерекше бір ыстық жалын шарпып кеткеңдей болады.


Рәсіл оған бірдеңе айтпақ болып оқталды. Тілі күрмеліп, аузына сөз түспеді. Осы қиыншылықтан қыздың өзі құтқарды.


– Сіздің әніңіз маған өте ұнады.


– Жоқ-ә, біздікі әншейін той қызығы үшін әу деген ғой. Нағыз әнші сіз екенсіз.


– Ә-ә, рақмет! Мақтағанды кім жек көрсін, – деді қыз күліп. Осы кезде музыка тоқтап, олардың әңгімесі аяқталмай қалды.


– Сізді биге шақырған мен ғой, жүріңіз орнынызға апарып тастайын, – деп күлді қыз. «Күлкісі мұңдай жарасымды болар ма» деп ойлады жігіт.


– Жолдастар, лоторея ойыны басталады. Бақтарыңды сынаңдар. Түйенің тағасынан басқа ұтыстың бәрі бар, қыздардың жігіт, жігіттердің қыз ұтуы да әбден мүмкін. Қыз ұтқан жігіт осы тойда сол қызбен билеуге толық хақысы бар. Әрі қарай бір ошақ қасында, бір шаңырақ астыңда өмір бойы «билеп» өткілері келсе, оны өздеріңе тапсырдық, – деп жар салды тамада.


Рәсілдің бір сәтке болса да пәс болып қалған көңіл-күйін Сәния келіп, көтеріп кеткеңдей. Ол да барып бір билет алды. Он үшінші номерлі екен. «Бақытсыз билет екен» деп ойлады ол. «Нем кетті, ең жаманы ұтыс шықпайтын билет шығар». Біреу айна, біреу тарақ дегендей ірілі-ұсақты ұтыстарын жұрт алып жатты.


– Номері он үшінші билет, – деді тамада. – Оһо, жолдастар. «Он үшінші билетке бүгінгі бас бәйгені алған әнші қызбен еркінше билеу» деген сөз жазылыпты. Салымын-ай, ә! Мұның жанында машина ұту деген бес тиындық бақыр ақша тауып алғанмен пара-пар.


– Жолдас, он үшінші билеттің иесі, «ұтысыңызды» алыңыз.


Ол орнынан көтеріліп, ортаға таман жақындады. «Он үшінші сан нағыз бақытты билет болып шықты» десті жігіттер, өздерінше қызғанған түрлері.


– Билетті дұрыстап тексеріңдер, жалған болып жүрмесін, – деді тамада. Өзінше сақсынғандағысы. Оның да ішін қызғаныштың ала күшігі тырнап жатқанын Рәсіл де сезіп түр. Ол келген бетте қайрақ қараға «кешірерсіз, ойын заңы» дегендей иіліп тәжім етті де қызға білегін ұсынды. Ол да тілегенге сұраған дегендей іркілген жоқ, «мен де ойын тәртібінің құлымын» дегенді жанарымен білдіріп, жанындағы жігітке ишарат көрсетті де Рәсілдің қолтығында кете барды.


Екеуі сол күні ұзақ биледі. Қатар отырды. Атар таңды бірге қарсы алды. Рәсіл қала халқы оянып, күндегі тіршілігіне кіріскен шақта ғана жатақханаға оралды. Төсегінде бір уыс болып, әлі ұйқысын аша алмай жатқан «щөткебасты» жұлмалады. Бүгінгі танысып келген қызы жайлы айтты. Тыңдаушылары әбден мезі болып жалықса да айта бергісі келді...


Оның Сәнияны «Лотореяға ұтып алдым» деп әзілдеуінің мәні осында болатын.


* * *


Солтүстікті бетке алған жолаушылар поезы сары даланың апшысын қуырып, сар желіп келеді. Әр жерде шөккен нардай дөңкиіп жатқан жалқы төбелер болмаса жол бойы кедір-бұдыры аз, жылмиған жайдақ жазық. Поезбен жарысқан бағандар ғана қалыспай серік болып келе жатқандай. Шілденің ми қайнатқан шіліңгірі бүкіл жалпақ дала төсіндегі қылайған өсімдік атаулыны әлден-ақ сап-сары бояуға малып үлгірген. Әр жердегі аялдамаларда ұшырасатын жапырайған тоқал тамдардан көрінген бірлі-жарым кісілер болмаса, осынау маңнан қараңдаған көп адамды ұшырата бермейсіз.


Әйтеуір, елге барамын деген сағыныштан туған бір ынтықтық қана болмаса, поезд Алатаудан алыстаған сайын Рәсіл бойын көңілсіздік билеп алғандай болды. Жол жағалай қапталдап өскен саялы қалың ағаш Үштөбеге дейін ғана шығарып салып, жерін қимай қалып қойғандай. Жасыл өлке бірте-бірте сарғыш тартты. Кепкен балық, помидор, қияры ма, әйтеуір бірдемесін әкеліп, алмасыңа жаныңды қоймайтын әр стаңциядағы сатымшақ әйелдер де бұл жақта ілуде бір ғана ұшырасады. Тіпті поезд біраз аялдайтын станциялардың халқы да саған бар мәзірін ұсынып, «қамқорлық» жасап жатпайды бұл жақта.


Ол оның себебін бұл жақта жолаушыға ұсынар зат жоқтықтан емес, оңдайды ұсақ тіршілік санап, ар көретін халқының бір жақсы қасиетіне жориды.


Журналға үңілген болып, өзін алдаңдырып жатқан Сәнияға қарады ол. Жаңағы азғантай қабақ шытысудан кейін өзінше өкпелеп жатқан түрі. Бұлар бағана Аягөзге аялдағанда ол Рәсілге: «Алма ма, помидор ма, бірдеңе сатып әкелші», деген болатын. Рәсіл купеге екі шөлмек қымызбен ғана оралған. Ол Сәнияға бұл жақта жемістердің көп бола бермейтіндігін, болған күнде де әлі пісе қоймағанын айтып, түсіндірмек болған.


– Елі де, жері де қурап тұр екен, қаңсып, – деді Сәния зілді үнмен. Даусында жатқан удай ащы мысқылды Рәсіл сезбей қалған жоқ. Жігіт аңсап келе жатқан жұмағына жақындаған сайын қу далаға қуғынға кетіп бара жатқандаймын деген сөзі еді ол. Рәсіл мұның бәрін Сәния жанарынан қалт жібермей оқып тұрғандай.


– Және бұл маңнан енді жеміс сатқан жанды ұшырата қоймаспыз. Мә, мына қымыздан ішіп, сусыныңды қандыр, – деді ол кінәлі адамдай кібіртіктей сөйлеп.


– Көк шалабыңды өзің-ақ ішіп, қарық бол! Қайдағы бір ит арқасы қиянға сарсыламыз деп жүріп...


Ол әрі қарай сөйлей алмай, булығып қалды. Жанарынан мөлтілдеген жас моншақтары көрінді. Амалсыз айдаумен келе жатқандай бейне. Рәсіл де осы арада төзімі таусылғандай бірден морт кетті.


– Саған қиыр шет көрінген жер – менің кіндік кескен, туған өлкем. Жарды жеріне қарап бағаламайды, ал өзіме көңілің орта болса, жерім жәннат болса да тұра алмасың белгілі емес пе. – Ол осыны айтып, купеден тоң-теріс шығып кеткен. Сәнияда үн жоқ. Екі-үш сағат бойына теріс қарап, жатып алды.


Рәсіл өмірлік жарым деп қосылған соң тойлары өткеніне он күн болмай жатып, Сәнияға ауыр сөз айтып, оны ренжітіп алғанына опынды. Бірақ осы бір ауыз сөзді айтуға ол талайдан әзірленіп те жүрген еді. Өйткені той дастарқаны жиналмай жатып, Сәния Алматыда қалудың амалын ойлаумен басын қатыратын.


– Апырым-ау, әлі екі жыл бар ғой біз бітіргенше. Реті келер, сонда көрерміз, – деген жауап оны көп қанағаттандыра бермейтін. Рәсіл Сәнияның осы мінезінің барлығын бірсыдырғы әйел затына тән осалдық деп бағалап, көп мән бермесе де мұның жазғы демалыс кезіңде «үйге барып, жолымызды тосып отырған қарт әкемді қуантып қайтамыз» дегеніне келіншегінің көнбегені шымбайына қатты батқан. «Рәсілжан келгенше түтінімді өшірмеймін» деп, туған қызының да қолына бармай, қаңқиған төрт керегені бағып жатқан қарт әкемді сен үшін көрмей кетейін бе сонда?!” деп, айтып тастай жаздап, әрең қалған. Бірақ отбасының бас иесі өзі екенін тұңғыш рет пайдаланып, берік шешімін бірден айтқан.


– Екеуміз соңғы емтихандарды тапсырып болған соң кідірмей елге жүріп кетеміз. Аз уақыт болса да әке алдыңда болып, батасын алып қайтамыз, – деген. Бұған Сәния да амалсыздан көңгендей еді.


– Папаңның өзі күзге қарсы келіп қайтса деп едім. Біз оның есесіне ауылға бармай-ақ Ыстықкөлге жолдама алып, бірер ай күнге қыздырынып қайтсақ деген ойым ғой. Жарайды, сенің көңілің ауылға ауып тұрса, барсақ барып қайталық, – деген еді амалсыздан.


Сәнияның жаңағы сөзі де еріксіз ғана келе жатқан жанның көкірек түбінде бұрыннан бұғып жатқан өзіндік қарсылығын бір сездіріп қалдыру үшін айтылған пікір еді. Олар сол үнсіздікпен өздері түсетін Жалғызтөбе станциясына да жетті. Екеуі үнсіз киініп, жүктерін алды да перронға түсті.


Сол кезде вагонға мінгелі тұрған үш-төрт қыздың бірі бұлар тұрған жерге қарай жүгірді.


– Ағай!


– Кәмиләш!


Кәмилә өзінің бұрынғы ерке қылығымен келген бетте Рәсілді құшақтай алды.


– Ой, азамат, жол болсын! – деді Рәсіл сасқалактап. – Қайда бет алып барасың?


– Семейге. Оқуға.


– Жөн, жөн. Мектепті биыл бітірдің ғой?


Кәмилә басын изеді.


– Мен сендерді таныстыруды ұмытып барады екенмін... Кәмиләш, мына кісі – Сәния. Жеңгең болады.


Кәмиләнің кірпігі дір ете қалғандай болды. Ол «Шын айтасыз ба? » дегендей, құралайдың көзіндей мөлдіреген мұңсыз жанарын алдымен Рәсілге тіктеп қадады. Содан кейін Рәсіл Кәмиләнің үлбіреген қызыл ерніндегі ұялап тұрған балаң күлкінің нышаны әп-сәтте жоғалып, оның орнына әлде бір таңдану, әлде бір түсінбеу сияқты аңғал ғана сауалдың пайда болғанын аңғарып тұр. Кәмилә онан кейін Сәнияға қарады. «Шын айта ма, мына кісі, рас па? » деген сұраулы жанармен қарады.


– Сіңлім, бір жерде мені бұрын көріп пе едің?


– Жоқ-жоқ. Сау болыңыздар! – деді Кәмилә ақырын ғана. Ол жүгірген күйі вагонға барып мінді. Қадала қарап тұрған жанарларды сезгендей артына мойнын да бұрмай кетті. Іле поезд да қозғала берді.


– Есі дұрыс па өзінің? Тапыр-тұпыр келіп, сені құшақтай алғанға жоғалтып алған қарыңдасың ба десем... Өзінің көзқарасы қызық екен тіпті. Кісіні ішіп-жеп жіберердей тесірейе қадалады.


– Танымаған адамыңа сонша не ғып ат қойып, айдар таға қалдың. Жүгіріп келіп, сәлем бергеніне жазықты ма еді? – деді Рәсіл қатқыл үнімен.


– Білмей қалдық, сенің шамдана қалатындай жанашыры екеніңді.


– Иә, ол – тумаса да туғандай қарындасым. Әр уақытта оның жанашыры болғанмын...


– Қайдан, әйтеуір, ауылыңнан ұшырасқан бірінші адамға жақпай қалған сияқтымын.


Кәмилә жайлы екеуінің әңгімесі осымен үзілді. Бірақ кешегі бала Кәмилә мен бой түзеп, бойжеткен атанып қалған бүгінгі Кәмиләнің сұрақты жанары олар автобусқа отырғанда да Рәсілдің көз алдынан бір кетпей қойды.


«Жолың болсын, кішкентай Кәмиләшім!» деп күбірледі ол іштей. «Мен сенің қашан да жанашыр жақының болатынмын, әрқашан саған айтар ақ тілеуім: қайда барсаң да жолың болсын». Ол сол бір күңдерін, осы кезге дейін талай-талай еске алып, ойын оңға бөлген тәтті күңдерін тағы да аралап кетті.


Автобустағы түнгі жолаушылардың біразы қалғып-шұлғып ұйқыға кеткен. Сәния ояу отыр. Маңдайын терезенің әйнегіне сүйеген күйі қараңғы түнге көз тігеді. Кім білсін, ұзатылып бара жатқан болашақ қайын жұрты туралы ойлап отыр ма, әлде олдағы балалық шағын, болмаса тұрса ойынан, жатса түсінен кетпейтін алғашқы махаббатын еске алып отыр ма, ол жағы Рәсілге әзір беймәлім.


Оның да алғашқы махаббаты демекші, таяуда ғана Рәсіл өмірлік қосағының өзімен қол ұстасқанға дейінгі кездерінің кейбір жайынан хабардар болған. Ол ойда жоқта келіншегінің қол сумкасында жүрген бөгде біреудің хатын тауып алып оқыған еді. Қызға қолы жетпей қалған жігіттің үйреншікті гөй-гөйі баяғы. Рәсіл тұңғыш рет қызғаныш деген сұмдықтың жан-дүниені оңды-солды осқылаған кесапатын сезінген, талай жанның арманы болған аруды талайлардың қолына тигізбей, тек өзінің, өзінің ғана пешенесіне еншілегеніне, жігіттің өмір жолындағы үлкен бір сында өз жұлдызының басқадан жарығырақ туғанына тұңғыш рет масаттанғандай болған. Қатар оянған қос сезім – қызғаныш пен насаттану бір-бірін бәсеңдеткендей жігіт жанын қайтадан сабырлылық соқпағына қарай бұра берген.


Рәсіл өз ойының құшағыңда әлі отыр. Оның көз алдына осыдан біраз жыл бұрыңғы сол бір балалық шақтары келе береді...


* * *


Ол тәрбиешілік жұмысын бастағанына небәрі бір-ақ апта болған. Интернаттағы отыздан астам оқушыларды бұл кезде түгелдей танып үлгермесе де бөлме басшылары, вожатый сияқты белсенділері мен және Тұрсын, Садық сияқты көп ішінен содырлығымен оқшау танылған оқушылармен әлден-ақ білісіп үлгірген. Он жылдықты жаңа ғана бітіріп келген тәжірибесіз жас тәрбиеші өзінше педагогика ғылымын зерттеп оқыған болады, өзіне сеніп тапсырылған қойшы-малшылардың ұл-қызының ақылшы ағасы да, жақсы істеріне қуанып, жаман істеріне ренжитін әке-шешесі де, білмегенін үйрететін мұғалімі де бір өзі іспетті болған соң, бәрінің міндетін мүмкіндігінше ойдағыдай атқаруға белді бекем буған. Сол үшін де ол біреуін әкедей ақ пейілімен еркелетсе, біреуін оғаш басқан қадамы үшін жазалаған болады. Бар ойы әйтеуір солар жақсы болсын деу ғана. Балалар да тәрбиешілерінің жайдың бұлтындай сәтте өзгеретін мінезіне үйреніп, еркелетсе еркелеп, ұрыса қалса, үрпиісіп отыратын. Әсіресе алтыншы класта оқитын Зейнеп пен Ақмаралды ол ерекше жақсы көретін еді. Екеуі тойған қозыдай томпиып, қатар жүргенде қандай десеңізші. Өздері сабақта болсын, мектептің, интернаттың қоғамдық жұмысында болсын, басқалардан көш ілгері жүретін пысық-ақ. Рәсіл алғашқы күндерден бастап-ақ интернаттағы негізгі биліктің тізгінін сол екеуінің қолына ұстатқан. Өзі сырттай ғана бақылайды. Бір күні екеуі сүйінші сұрағандай болып асығып-аптығып, Рәсілдің бөлмесіне кірді.


– Ағай, Кәмилә келді! – десті жарыса сөйлеген екеуі.


– Е, ол кім еді соншама?


– Жолдасымыз ағай, ол биыл алтыншы класта оқиды. Әкесі науқастанып, келе алмай жатыпты.


– Шын айтыңдар, егер жақсы оқитын болса ғана интернатқа қабылдаймыз. Ал жалқау оқушылардың бірі болып жүрсе, ертеңгі күні екеуің жауап беретін боласыңдар, – деді ол шындығында оқушыларды интернатқа осындай шартпен ғана алатын адам сияқты.


– Ой ағай, ол бәрінен де жақсы оқиды. Өзі алтыншы кластың старостасы, – деді екеуі қатарласа.


– Ә, жарайды оңда, келсін, әңгімелесейік. – Он үш-он төрт шамасындағы ақсары қыз ұяла басып, ішке енді.


– Ал, Кәмилә, отыра ғой, – деді ол қыздың тап-тұйнақтай киінген сырт тұлғасын көзімен шола қарап.


Кәмила қолындағы төрт бүктелген қағазын үнсіз әкеп, Рәсілдің алдына қойды. Мектеп директорының оны интернатқа қабылдау жөніндегі Рәсілге жазған тапсырмасы екен.


– Сөйтіп, аты-жөнің кім болды?


– Кәмилә. Кәмилә Ибрагимова, – деді ол үлкен адамша балаға тән емес, ерекше бір салмақтылықпен. «Нұрлы бала екен» деп ойлады Рәсіл ішінен. Шындығында, қос бұрымдап өріп, ұшын әппақ лентамен бантиктеп түйген, қоңырқай шашы тілерсекке төгіледі. Мөлдіреген қос жанар әлі пәк, кінәмсіз, кінәратсыз аңғал қарайды. Он екі мүшесі бір-біріне үндес жаратылғандай өзара жарасымды, қыздың жалпы сырт бейнесі, бейкүнә ғана момақан тұрысы Рәсілге ақ кептердің балапанындай сүйкімді көрінді.


– Ал Зейнеп, Ақмарал, достарыңды орналастырыңдар. Өз бөлмелеріңде бір орын бар сияқты еді ғой...


– Ағай, біз ол орынды Кәмилә үшін әдейі сақтап жүргенбіз, – деді олар.


Арада оншақты күн өтпей-ақ Кәмилә да жаңа тәрбиешісімен әбден үйренісіп алды. Қашан да озат оқушының шолжаң мінезіне басып, ол да тәрбиеші алдыңда өзін еркін ұстай бастады. Зейнеп, Ақмарал үшеуі бірлесіп алған соң бүкіл интернаттағы оқушыларды ашса алақанында, жұмса жұмырығыңда ұстайды. Тек Тұрсын, Садықтар ғана бұлардың билігіне көпке дейін көне алмай жүрісті. Ондайда екеуінің үстінен Рәсілге шағым түсіріп келген қыздар тәрбиеші алдынан мерейлі болып оралады. Тұрсындар болса: «Ағайдың шауып кел шабармандары болғанға құдайдың құлағын ұстағандай болып жүргендерін қара бұлардың», десіп үшеуін сыртынан мұқатысып бағады. Егер бұл бесеудің өзара қарым-қатынастары шиеленісе қалғандай болса, олар төрелік сұрап, Рәсілге келер еді. Ал тәрбиеші болса, еш қиналмай-ақ екі содырды үшеуінің алдына жығып беріп қарап отырады. «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегендей, мұндайда екеуі еріксізден өздерінің кінәлі екендіктерін мойындайды. Содан кейін өздері «қызыл көз пәлелер» деп атайтын үшеуінен іргені аулақ салып жүруге тырысар еді.


Рәсіл өзінің оң қолы болған үш «атқа мінер» белсенділерін күн өткен сайын жанындай жақсы көріп кетті. Интернаттағы тәртіп, тазалық мәселелерін арнайы келіп шолып жүретін мектеп директоры да бұларға әзір риза сияқты. Тәрбиешінің қолы жеткен табысына ол үшеуінің де біраз ықпал жасап жүргенін ол жақсы түсінеді. Әр сенбі сайын Рәсіл он шақырымдай жердегі ауылда тұратын үйіне барып, ертеңіне оралатын. Сол жылы науқасты болып, төсек тартып жатып қалған анасының халін біліп тұруға асығатын. Ол ауылға кеткенде интернаттағы бар басшылықты баяғы сол үшеуіне тапсырады. Барлық оқушылар да тәрбиешілерінің ауылынан қай мезгілде келерін біліп алған, өз шаруаларын тап-тұйнақтай тәмамдап қойып, қарсы алады. Соңдай кездерде мұның алдынан өзінің «меншікті» үш оқушысы шығып амандасар еді. Олар шәкірттің ұстазға деген қатаң ғана сыпайы сәлемімен емес, қарындастың ағаға деген еркін, еркелік сәлемімен есеңдесер еді. Тіпті олар шын көңілімен, пәк ниетімен, еш аласыз ақ жүрекпен келіп, Рәсілді құшақтасып жататын. Сәл кешіксе, ол үшін өздерінің мазасызданғандықтарын айтатын жарысып. Содан кейін барып, Рәсіл басқа оқушылармен сәлемдесер еді. Олар өгей шешенің баласы сияқты, мына үшеуіндей тәрбиешілермен емін-еркін сәлемдесе алмай, анадай жерден бас изесетін. Сойған қасқырдай қашан да ыржаңдап, қашанда «Сырдың суы сирағынан келмей» жүретін Тұрсын, әйтеуір, таяқ тастам жерден сол ыржиған күйі бас көрсетеді. Ондайда неше түрлі сұмдықты бастап алып, қойдан қоңыр болып отыра қалатып Садық та біртүрлі мүләйім күйге түсіп, қипақтап алдыңда тұрар еді.


Рәсіл кішкентай шәкірттерімен жұмыс істеуге үш-төрт айдың беделінде әбден үйреніп алған. Тіпті үйіне барса бесікте баласы қалған анадай мазасызданып, қайтқанша асығады. Өзін тыңдап, өзін сыйлаған, сыйлағандықтан ғана емес, өзгеге өнеге бола білген балаларды өзі де жан-тәнімен жақсы көретін. Содан ба, әйтеуір интернатта бір күн болмаса, оларды көргенше асығатын. Көбінде ең алдымен көз алдына Кәмилә бейнесі елестейтін. Әлі аузынан уыз сүті кеппеген балауса қызды топты баладан бөле-жара артық көретініне оның өзі де таңғалады. Өзі әке-шешенің кенжесі болып, соңынан іні-қарындас ермегеннен кейін бе, әйтеуір өзгеден бөлек, туған қарындасы іспетті Кәмиләні жанына басқалардай әлде қайда жақын санайды. «Шіркін, өз қарындасым болар ма еді» деп те ойлайтын кейде. Сондықтан да ма, Кәмилә ағайлап келіп қолтығына кірсе, өзін ең бір бақытты жаңдай сезінер еді. Оған деген көкірегіндегі ағалық ықылас асып төгіліп, құралайдай сүйкімді қызды жерден көтеріп алғысы келетін. Бірақ оның педагогикаға мүлде жатпайтын, шектен тыс мейірімділік екенін аңғарып, өзіне сап-сап сабыр айтатын.


Рәсіл кейде шәкірттерін жиып алып, болашақ туралы сырласады. Кімнің кім болғысы келетінін сұрайды. Кәмилә – дәрігер, Зейнеп – мұғалім болғысы келетіндерін айтады. Бұл дүниеде қанша мамандық барын білмесе де өздері білетін мамандық түрлерін шамаларына қарай бөліске салған болады. Ондайда Тұрсын жұрттың ортасына жерден шұқып тапса да бір қыңыр әңгіме тастауға тырысатын. Оның бірде айтқан сөзін Рәсіл әлі ұмытпайды.


«Ағай, мен қойшы болатыныма әбден сенімдімін. Ал сол үшін менің оныншы класты бітіріп, аттестат алып жүруімнің қанша қажеті бар? Мысалы ана бұжыр Мұқаш деген қой фермасының меңгерушісінің мен барсам «Әй бала, аттестатың жоқ екен, сені қабылдамаймыз» деп қуып жібермейтіні анық. Шынында, ағай, түбі қой жаяды екенмін, мектеп бітірем деп уақыт өткізгенше тәжірибе жинақтай берсем, пайдалы болмас па?», деген ол.


– Ол – қате пікір. Қазіргі әрбір азамат қойшы болсын, жұмысшы болсын, білімді болуы керек. Сонда іске тәжірибе мен білім қоса жұмсалады. Оның үстіне оныншы класты бітірген соң әрі қарай оқуыңды жалғастырасың... – деп оған Рәсіл жалпылай жауап берген.


– Дегенмен, менің түсінбейтінім, аттестат алып, әрі қарай оқығысы келетіндерді алдап-сулап, қойшылыққа, сауыншылыққа жібергілеріңіз келеді де тұрады, керісінше, мен сияқты оқудан жолы болмай кежегесі кейін тартып, қойшы болуға даяр тұрғандарды «оқы-оқы» деп нығарлап, жібермей қоясыздар... Сонда қалай, өзі?


Рәсіл, шынында да, қаршадай қырсықтың қыңыр сөзіне ә дегенде тосылып қалды да, содан кейін оның пікірінің мүлде шикі екенін түсіндірген болды.


– Біріншіден, – деді ол. – Оныншы бітіргендердің әрі қарай оқуына ешкім де бөгет болмайды. Сенің айтайын деп отырғаның, оныншы класты былтыр бітіріп, өз алдарына бригада құрған жастар жайлы ғой. Олар жұмысқа өз тілектерімен кеткен. Екіншіден, бірер жыл жұмыс істеп барып, білім алса, әр жеткіншек парасатты өмір туралы, адам еңбегі туралы кеңінен пайымдай алатын жан болар еді. Білімнің тек жеке бастың жеңіл өмір сүруі үшін ғана емес, қоғамы үшін, елі үшін қажетті өмір талабы екенін түсінер еді. Үшіншіден, сен сияқты қыңырларды «оқы-оқы» деп нығарлағанда барша мұғалімдердің мақсаты сенің біліміңе қоғамның зәру болып тұрғандығынан емес, өзіңді қалай да ақылды азамат қатарына қосуды көздегендіктен. Ал төртіншіден...


– Аға, бір-ақ сұрақ қояйыншы, – деп Тұрсын оның сөзін бөлді. Оның жаңағы айтқан сөзден қыңбағаны көрініп-ақ тұр.


– Айт, – деді Рәсіл.


– Сонда, сіздің ойыңызша, орта мектепті бітірмеген адамдардың бәрі ақылсыз болғаны ма?


– Рәсіл, шындығында, өз сөзінен ағат пікір жіберіп алғанын енді сезіп, қысылып қалды. Бірақ онысын білдірмейін дегендей, іле жауап беруге тырысты.


– Тұрсын, сенің өз басыңа келетін болсақ, тым ақылсыз бала емессің. Қандай іске болса да жететін қабілетің де бар. Бірақ бойыңдағы қабілетіңнен қырсықтығың, қыңырлығың бекемірек. Сол қыңырлықпен хош айтыспасаң түбі барып маңдайыңмен жер соғарың анық. Енді сөзді қой да сабағыңды қара! Қане, бәрің де сөйтіңдер.


Ол ендігі әңгіменің реті жоқ дегендей сыңай танытты. Тұрсын сол жайнаңдаған күйі орнынан тұра беріп: «Рақмет!» деді. Оның бұл алғысты шын пейілімен айтпағанын Рәсіл да түсінбей қалған жоқ. Содан кейін де оның ойынан жаңағы әңгіме кетпей қойды. Өзінің қаршадай балаға пікірін дәлелдеп жеткізе алмағанына қашан да болмасын Тұрсынның өзіне қарсы шығып, бір сүріндіріп қалуға әзір тұратындығының себебін іздейді іштей. «Ол терісауыз күшік біле білсе, бұл соның нағыз азамат болуы үшін ғана қашан да қамқор, қашан да жанашыры болып жүр емес пе? Не ол жақсы сөз жанына жақпайтын туада қыңыр қу болар, не мұның педагогтік аяқ алысында үлкен ақаудың болғаны. Осы екеуінің бірі ғана. Айтушысы табылса ақылға көнбес адам болар ма, сірә кемшілік өзінде болар. Түбі менен педагог шыға қоймас». Ол іштей осылай ойлады. Бір қыста ақылмен де, ашумен де Тұрсынды иліктіре алмағандығын өз кінәсіне жорыды. Мектепте болсын, интернатта болсын, күніне бір шу шығаратын Тұрсынға онашада аяусыз тізесін батырса да, мұғалімдерге оны әйтеуір бір дарынды бала деп сыртынан қызғыштай қоритын. Айтты айтпады, оның бір оқыған кітабын жатқа соғатын ерекше зейінділік, сонан соң шешеңдік қабілетін, оң болсың, теріс болсын дегенінде тастай қатып, табаңдап қалатың бірбеткейлігін, қажетті жеріңде қасыңдағы досы үшін жан қиюға әзір тұрар жақсы қасиетін сырттай өзінше бағалайтынң. Сол үшін де оны оң жолға салып, өзінің бекерге шыж-быж болып жүрмегендігін түбі бір ұқтырсам деп қиналатын. Анадан жастай жетім қалған соң түзу өнсе де өгей шешенің өгей тәрбиесімен қисық өсуге мәжбүр болған бала жайымен бұрыннан сыралғы болғандықтан ба, ол өзі интернатқа келген күннен оны ерекше тәрбиелеуге бар тәсілін қолданып баққан. Мектептегі қабырға газетте Тұрсынның жазғы демалыс кезінде суға кеткен баланы құтқарған ерлігі туралы мақала да жазған болатын. Шынында да, оның сол жолғы батылдығы мектеп қана емес, барша оқушыларға үлгі етер іс еді. Бірақ оны ескерген ешкім бола қойған жоқ.


Рәсілдің өз басы оны үлкен ерлік деп бағалайды. Қаншама қыңыр болса да, қаншама қисық болса да бұл тентек қараны өзінің ерекше жақсы көруіне сол бір оқиға да себепші болған еді. Рәсілдің оны мақтап қабырға газетке мақала жазуы арқылы тәртібін түзетпек болған тәсілі басында біраз жемісін бергей сияқты еді, бірақ жарты ай өтпей-ақ Тұрекең, бұрынғы әуеніне қайта басқан...


Ол сол күні, Тұрсын қыздар моншасына жасырынатын күні ауданда жүрген еді. Ертеңінде Тұрсынның интернаттан ғана емес, мектептен де біржола қуылғанын бір-ақ естіді. Өкінгенмен өндірері шамалы болған соң амалсыздан бәріне де көнген.


* * *


Рәсіл аулын бетке алған автобус қою қараңғылықты өткір сәулесімен оңды-солды осқылап, тоқтаусыз зырлаумен келеді. Автобустың ырғағымен тербеліп, Сәния да тәтті ұйқының құшағына енген. Оның басы қисайып келіп, Рәсілдің иығын жастаныпты. Рәсіл келіншегінің әлдеқандай бір хош иіс шығарар қолаң шашынан иіскеді. Бір қолымен қаттырақ құшақтай отырып, өзіне қарай қысып-қысып қойды. «Кәмиләштар Семейге жетті ме екен?» деп ойлады ол. «Әлде бейтаныс қалаға тұңғыш рет барғандағы өзі сияқты вокзалда чемоданын құшақтап, қалғып отыр ма екен? Мүмкін, ол да бұл туралы ойлап отырған шығар? Апыр-ау, оның бағана «мынау жеңгең» дегенде жалт бұрылғаны қалай? Қызық. Дегенмен, кешегі аңғал шәкірт қыз бүгінде балауса болып бойжетіпті».


Рәсіл ұйқыдағы келіншегін бір қолымен қаусыра құшақтап отырып, көңілімен Кәмиләны іздеді. Бүгінгі бойжетіп қалған Кәмилә емес, осыдан төрт жыл бұрынғы балғын да балаң Кәмиләні іздеді.


... Қалай болып еді әрі қарай? Сол бір қарақат көз, ерке қызды бұл оқу жылы аяқталған сәтте бұрынғыдан да елжірей жақсы көріп кетіп еді-ау, оқуға жүріп бара жатқанда жарты жанын сол бір сәби жүзді қыз жанарында тастап кеткендей болған... Иә, дәл солай болған.


* * *


Ол кезде бастауыш класс оқушылары сабақты бітіріп, ауылдарына қайтқан. Ертең-бүрсүгүңдері алтыншы-жетінші кластың оқушыларын үйлеріне шығарып салып, жұмысымды тапсырармын деп жүрген болатын. Бір бала келіп, былай деген:


– Ағай, сізді мектеп директоры тез келсін деді.


Ол кабинетке кіргенде мектеп директорының қасында екі-үш мұғалім отыр екен. Тымпи ойнап отырғандай, бәрі де төмен қарап, тұқырайысып қалған. Тек директор ғана күндегіден де ерекше жылы амандасып, ықылас көрсетті. Сонан соң: «Иә, қалың қалай? » деген болды. Рәсіл оның шылым ұстаған саусақтарының сәл дірілдеп тұрғанын сезіп қалды.


– Рәсіл, ауылыңа барып қайт! Ептеп... шешең науқастанып жатыр екен. Соған...


– Шынын айтыңызшы, бар ма екен өзі, шының айтыңызшы, ағатай? – деді Рәсіл өңі бұзылып.


– Ештеңе жоқ, абдырайтын. Қарт адамдар басының сақинасы түссе де...


Рәсіл бұлардың осынша абдырауына қарап, бір сұмдықтың болғанын сезгендей, жүрегі кеудесінде бұлқынып, «сұм-дық, сұм-дық» деп соққандай. Оның бүкіл тұла бойын өрт шалғандай, бар жан-дүниесі от болып кетті. Іштегі жалын лықсып кеп, дем арасыңда қос жанарда мөлтілдеді. Көз алдыңда кеше ғана өзін бетінен сүйіп шығарып салған ана бейнесі «Рәстай, мен болсам бір аяғым көрде, бір аяғым жерде тұрған жанмын, әлбамыңда сүйкімді-сүйкімді қыздардың суреті көп екен. Осылардың бірі келінім болса, жетектеп әкеп көрсетсейші, жаным», деп еді ол соңғы барғанында. Ананың болашақ келінін көріп кетсем деген тәтті қиялға батқан сол бір әжімді жүзі көз алдынан кетер емес. «Шынымен көрмеймін бе, шынымен мәңгілікке қоштаспай аттанғаны ма?» деген суық ой оның оттай лапылдаған жан-жүрегін қарып өтті.


Ол жүгіріп келеді, жүгіріп келеді, қарсы соққан өкпек жел ғана беттен өбіп, сабыр сұрағандай. Өзінен озып барып тоқтаған мектеп машинасы мұны отырғызып алды. Қартаң шофер ауыр күрсініп алып, алдымен шылымын тұтатты. Сонан кейін жолға қадалған күйі: «Сабырлы бол, шырағым, өмір заңы осылай болса шараң бар ма?! Алды-артыңды аңдаған азамат болдың мінеки. Сен сияқты артыңда жылап қалған ұрпағы бар еш ана бақытсызбын деп айта алмас... Ақылға келіп, бекем болғаның абзал!» дегенін ол жылап отырып естіді. Сөйтіп оның жарты аспаны ойда жоқта осылай құлап түсті...


Бір апта өткен соң ол интернатқа қайтіп оралған болатын. Бұрынғыдай ағалап келіп, тұс-тұсынан оқушылары қарсы алған жоқ. Бәрі де оқу біткен соң алыстағы мал жайылымындағы үйді-үйлеріне тарап кеткен. Бұрынғы өз қызығы өзімен тұратын бүткіл интернат ауласы да көшкен жұрттай құлазып қалған. Анадан айрылған ауыр күнде оқушыларының тарап, аз уақытқа үйлеріндей болған ортақ мекендеріне қара құлыптан күзетші қойып, иен тастап кете берулері оған екінші бір соққы болын тигендей. Рәсіл есікті ашып, ішке енді. Барлық бөлмелер тап-тұйңақтай жинастырылып қойылған. Бірақ осынау үйге мүлде жарасымсыз өлі тыныштық орнаған. Ол үстелінің үстінде жатқан қағазды алып оқыды.


«Ағай! Қайғыңызға ортақпыз! Оқуға түссеңіз бізді ұмытпаңыз. Сізді тоса алмағанымызға ренжімеңіз. Зейнеп, Ақмарал, Әмір, Садық»


Сол бір төсекке киімшең құлаған сәттегі оның қиналысы ерекше еді. Езіліп, ұзақ жылап жатты. Тоқтау айтар ешкім жоқ, иен үйде оның қайғысына ортақтасқандай үнсіз. Әбден көз жасы таусылып, ұйқылы-ояу бей-жай халде, бар дүниеден бейхабар, еш ойсыз, еш қиялсыз қүйде көп жатты.


Кенет ол көзін ашып алды. Оның алдыңда өзінің жанындай жақсы көріп, аяулы қарындасым деп жүрген Кәмиләсінің балаң жүзі тұрды. Жас тамшылары оның да көзіне мөлтектеп ұялай қалған. Ұзын кірпіктерінің арасынан домалап түсіп, мұның бетіне келіп тамады. Ол шалқалап жатқан күйі Кәмиләнің басын өзінің кеудесіне қарай тартты. Ып-ыстық, өзі ерекше бұрын-соңды сезіп көрмеген бір тәтті дем оның бетіне білінді.


– Неткен аяулы едің, Кәмиләшім! – деп сыбырлады ол. – Мен сені, мен сені мәңгілік ұмыта алмаспын! Сен менің жанымның гүлісің. Сен менің ең аяулы... Ең аяулы қарыңдасымсың!


Ол көзін ашқан жоқ. Өзі өмірінде тұңғыш рет кездескен жаңағы бір рақат сәтті қыздың ыстық қолынан, балдай тәтті демінен, құс мамығыңдай үлпілдек жұмсақ бетінен де, бәрінен де артық санады.


– Үйіңе неге қайтпадың?


– Сізді тостым, ағай.


– Неге, Кәмиләш?


– Жалғызсырамасын деп, ағай... Және заттарды көшіруге көмектесейін деп ойладым.


– Кәмиләш, егер оқуға түсе қалсам, хат жазып тұрайын, жарай ма?!


– Жарайды, аға...


Олар сол күні интернаттың бар мүлкін колхоздың шаруашылық меңгерушісіне өткізді де, кешкісін екеуі интернат ауласындағы баққа барып, ұзақ отырды. Рәсіл өзінің шәкірті алдыңда бұрын-соңды көрмеген бір дәрменсіздік халге түскендей сөйлесе де үні дірілдеп шығады, жылап жіберетін сияқты. Кәмилә да үнсіз, қызарып батқан күн шапағына жәудіреп көз тігеді. Оның да бұрыңғы шолжың еркін де ерке әңгімесі жоқ. Үлкен жолға оқу іздеп ертеңдер аттанғалы отырған ағасындай көрер тәрбиешісімен қоштасар сәтте қиналатын сияқты. Ол да тұйыққа тіреліп, жүрегін шымырлатқан белгісіз күштің сырын іздейтін сияқты.


– Кәмиләш, – дейді Рәсіл.


– Әу, – дейді Кәмилә.


– Мен саған хат жазып тұрайын, сен де жазып тұр, жарай ма... Ағаңмын ғой.


– Жарайды, аға, – дейді Кәмилә.


Сыйлаған адамына айтылар «ағайды» айтпай, одан да жақын жанға балап «аға» деп атады бұл жолы.


Ауылдың жұп-жұмсақ барқыт кеші бірте-бірте барқын тартты. Күндіз-түні жер шарын айнала беруден әбден жалыққаңдай, еріне жылжып көкжиектен көгілдір күмістей ай көрінді. Жұлдыздар да тым биіктен өлеусіреп қана жылтырайды. Кеңсайдың ұшар басынан көтерілген жалғыз жарын жұлдыз ғана қозыкөш жерде жарқырайды. Дәл сондай бір жұлдыз олардың алдынан арық тола ағып жатқан судың түбінде де жарқырап жатыр. Кәмила еңкейіп барып, оны саусағымен сүзіп алғысы келді. Су ішінде ойнап, бұлталақтап ұстатар емес. Жаңа ғана үнсіз томсарып отырған Кәмилә қайтадан балалық бейғам қалпына түскендей, сумен бірге сыңғырлап күледі.


– Аға, жерде де, осындай сулардың ішінде де жұлдыздар болса ғой, теріп ала беретін, – дейді ол.


– Жұлдыз болған соң ол жерде қайдан болсын, болмайды ғой. Бірақ жүрегі, жаны сол жұлдыздай жарқырап тұратын адамдар бар жерде. Олар адал жандар, олар... Олар жұлдыздай кіршіксіз махаббат иелері.


Кәмила ойланып қалды. Бірақ ештеңе айтқан жоқ.


– Аға, мен қайтайыншы, тоңдым, – деді бір кезде ол. Рәсіл тұңғыш рет иіліп келіп, Кәмиләның маңдайынан сүйді. Еш бөтен ойсыз, қарындасына деген ағалық әппақ ықыластың белгісіне балап сүйді. Қыздың кіп-кішкентай қолдары Рәсілдің қос қолын іздеп тауып, әлсіз ғана қысып-қысып қойды да ақырын басып, шегіне берді. Қос денені жалғап тұрған саусақтар бір-бірін аялай сыйпады да алыстай берді. Кәмиләш сол баяу шегінген күйі есік пен төрдей жерге барды да бұрылып алып, жүгіре жөнелді. Бұның “Кәмиләш тоқташы!” дегісі келген. Бірақ дей алған жоқ.


Рәсіл ақ бантигі ағарандап бара жатқан Кәмиләні көпке дейін жанарымен шығарып салды. Ол Кеңсайдың ұшар басынан көрінген жалғыз жарық жұлдызды бетке алып бара жатқандай. Рәсіл сол сәтте-ақ жанында бір жалғыздық күйі ойнағандай, жаңа ғана қасынан кеткен Кәмиләні сол сәтте-ақ сағына бастағандай күйге түсті. Ол кішкентай қарындасын, сол сағынған күйі алысқа, сонау Алматыға аттанған. Бірақ ол адам шын туысын немесе туысқа бергісіз кісісін ғана осылай сағынуға тиіс деп ойлады...


* * *


Автобус жол апшысын қуырып, біраз жерді артта қалдырды. Оның есесіне түннің де бір шамасы өткен сияқты. Оның әлі ұйқысы келетін емес...


Одан кейін ше? Одан кейін ол студент партасына отырды. Дәл сол күні Кәмиләш та жетінші кластың есігін ашты деп ойлады ол. Дәл сол күні қарындасына арнап, ұзақ хат жазды. Жақсы оқуы керектігін, тіпті үнемі озат оқушы болуы керектігін мұқият тапсырды. Өзі бардағыдай жаңа тәрбиешіге тым шолжаңдай берудің қажеттігі жоқтығын себебі еркелікті көтеретін немесе көтере алмайтын кісі болатынын айтып, сырттай ұрысқан да болды. Өз хал-күйін айта келіп, интернатты, оқушыларын сағынып жүргенін жазды.


Ол бұдан кейін де Кәмиләға хатты күнара жазып тұратын. Одан да дүркін-дүркін екі-үш хат келіп қалды. Зейнеп, Ақмарал, үшеуінің түскен суреттерін салыпты. Оны Рәсіл кішкентай оюлы жақтауға салып, тумбочкасының үстіне қойып қойған. Содан кейін ең қиыны «Сәлеметсіз бе, аға! Оқуыңыз жақсы ма? » деп басталатын, бұл үшін ең аяулы хаттар пышақ кескеңдей тиылып қалды. Бірер ай өткен соң ғана «аға, енді жазбай-ақ қойыңызшы» деген жалғыз ауыз жұмбақ сөзді хаты келген. Оның соңынан өткен жылы өзімен бір мектепте аға вожатый болып бірге жұмыс істеген таныс жігітінен хат келген.


«Рәсіл!.. Бұл кезде пәле іздеп жүрген жұрт аз ба? Қыстаубаев деген мұғалім сенің Кәмиләға жазған хатыңның біразын қолына түсіріп алыпты. Педсоветте оқушы тәрбиесі туралы арнаулы мәселе қарауға дейін жеткізді. «Былтырғы тәрбиешінің оқуға кетіп құрығаны абырой болды. Әйтпесе қуырдақтың көкесін биыл көретін едік» деп соқты ол жиналыста. Абырой болғанда, хаттарыңда ешқандай бөгде сөз жоқ екен, әйтеуір, сонымен ғана әрең басылды. Ол ақымақ Кәмиләға да: «Сенің қандай қыз екенің белгілі болды» деген көрінеді. Ол үш күн жылап, интернатта жатып алды да, төртінші күні басқа мектепке ауысып кетті.


Бөтен ойың болмаса да ол мектепте де Қыстаубаев сияқты теріс ауыздар болмас деймісің. Қайтесің хат жазып, байғұс балаға зияны тиіп жүрер...»


Ол төбесінен әлдебіреу қос қолдап ұрып қалғандай, мелшиіп отырды да қалды. Өгіз мұрнын жұдырықпен тескендей мынау жосықсыздыққа, қисынсыз қиянатқа қатты налыды. Бірақ сол бір қатал шартқа Кәмилә үшін ғана көнуіне тура келген.


Ол Кәмиләні қанша сағынса да іштей тынумен жылдарды өткізді. Содан кейін қаршадай қызды соншама жақсы көруінің жай ғана ағаның қарындасын жақсы көруі сияқты нәрсе екеніне өзін зорлықпен сендіргендей болған. Шындығында, ағайым деп ала-бөтен жақсы көріп жүрген бала жайлы бөгде ойға бару дегеннің өзі күнә ғой. Бірақ бір кезде оның да бойжететінін, оның да әлдебіреудің жары болатынын ойлағанда жігіттің жанын белгісіз бір құпия күш келіп шымшылай бастайтын. Ондайда оны өзімнің қарындасым деп өзін сеңдірсе де қызды бөгдеге қимайтын сияқты. Осындай дел-сал күймен Рәсіл екі-үш жылды артқа салды. Адамның қарындасымен екі-үш жыл емес, одан да көп уақыт хабарсыз жүре алатынын өзіне әбден дәлелдегендей болған соң, ептеп ұмыта бастағандай еді. Сәниямен танысқаннан кейін оны есіне сирек түсіретіндей де көрінген. Оны қанша ұмыттым десе де ұмыта алмапты, ойда жоқта бүгін кездескен соң... «Неше жыл бойы хабарласа алмағаным үшін ғана жан етімді жегідей жеп жүрсем де ол мені ұмыта бастаған ба, қалай? Уақыт деген адамдарды тас бауыр ғып жібере ме деймін. Әйтпесе сау бол, аға деуге де жарамай кете бергені қалай болғаны? Иә, бәріне де уақыт шығар кінәлі. Ал өзі жаман болып өспеген екен. Түнде жанар гүлдей жайнап тұр-ау» деп ойлады ол. «Семейге барған болар ендігі, мүмкін, қазір ол да вокзалда қалғып-шұлғып отыр ма! Әлде бұл жайлы ойға берілді ме екен?..» Ол өзі-өзінен жымиып күліп қойды. Кәмиләнің вокзалда отырған бейнесін сырттай елестетіп, сырттай мейір білдіреді. Сонау Семейге жеткен Кәмилә бейнесін көңіл түкпірінен тауып, көз алдына ойша әкелген ол одан пәлен шақырым шалғайдағы жол үстінде бара жатып, өткен күндерді ойша аралайды. Құшағыңда отырған Сәния автобустың бірқалыпты жүрісіне үйренгендей, ол да ұйықтап кетіпті. Рәсіл болса әлі ояу.


* * *


Рәсіл Сәниямен елге келгелі Молдаш қарттың көңіл жетер ағайын, жора-жолдасы той өткен соң да түгелдей келіп, құтты болсын айтқан. Кемпірін оралмас сапарға аттаңдырып салғалы жарым көңілді күн кешіп, жалғызілік тауқыметін тартқан қартқа бәрі де бір күнгідей болмай өте шыққандай көсеу қара мылтығын арқалап, қырмаса да күн сайын қыр асатын қарт бұлар келгелі тіпті үйкүшік болып алған. Қысқа күнде қараша үйге қырық рет кіріп, қырық рет шығады, екеуін айналып-үйірілуден бір жалығар емес. «Тәубә тәңіріме, үш жыл бойғы түтінімді өшірмеймін деп төрт кереге бағып жатқаным үш күнгідей болмай өтті-кетті, жеткізе көр деген тұяғымның жетілгені, жеткені осы да. “Молдаш шалдың баласы сонау Алматының тура өзінен келіншек әкеліпті” деген сөздің өзі бойға қуат құйған жоқ па! Ендігі қалған жас осы екі қарашығымның садағасы болғай-ды. Бұл пәниден дәл қазір аттанып кетсем де арманым жоқ» дер еді ол. Аз күнде сыртта ұл, үйде келін жұмсап, бір жасап қалды.


Санаулы күндер сау желіп өте шығыпты. Ұл мен келін қайтадан оқуларына аттанатын күн де жетті. Қоштасарда Молдаш қарт екі баласын емірене құшаққа алып, өмірі көрсетпеген осалдық байқатып қойды. Кемсеңдеп, көзіне жас алды. Шығарып салушы көрші-қолаңға онысын жуып-шайғандай: «Орны бар, оңалар» деген емес пе. Тұяғым болып, шаңырақ көтерген балаларымның қуанышы да кәрі көзді шылап тұрған. Оның үстіне мынау жаман немені келді-кетті демеуші едім, Сәниямді қия алмай... – деді ол ақтала сөйлеп.


Олар мінген машина тау арасыңда таспадай иіріліп жатқан жолды қуалап, орталықты бетке алып жүріп кетті.


Сәния алдынан көз алмайды. Машинаның жүрдек жүрісіне көңіл шіркін қанағаттанбай, қайтар жолды ойша шарлап келеді. Ақпа-төкпе адамы ағылған астанаға жетуге асығады. Бұл жоқта бүкіл қала жетімсіреп тұрғандай көрінеді оған.


Рәсіл қыр басында қалқайып жалғыз қара болып қалған әке жаққа қайта-қайта мойын бұрады. Ата-бабаның ғасырлар бойы арпалыспен қорғап қорып, иемденіп, құтмекені ғып келген осынау қыземшек қырлар, шағылды, адырлы, асқар белді таулы алқабы бар тағдырын осыған ғана тапсырып қойғандай қия алмай, қыңжыла кетіп барады. Туған өлкесінен алыстаған сайын жігіт жаны жетімсірей түскеңдей.


Болашақ бір отаудың қос тіреуі жас күйеу мен жас келіншек осылайша екі түрлі ойда, екі түрлі күйде аттанды. Бірі құба жон, қу даладан екі өкпесінен қысып, жанжақтан қаумалаған меңіреу таулардан құтылғанына қуанғандай болса, бірі аз уақытқа болса да жерұйығындай өз мекенінен жырақтап бара жатқанына ренжігендей...


Молдаш қарттың «Сәнияшым – егізімнің сыңары» деген келінін бірінші көруі де, соңғы рет көруі де сол болыпты. Ауылға барғаннан кейін екі-үш ай өткен соң Рәсіл әскери міндетін өтеуге аттанған болатын. Сәния екі айдын әр күнін жібермей үзбей хат жазып, қатты сағынғанын жазып жүрді. Содан соң аман-саулықты салғырт қана білдірген хаты қосағын сағындырып жететін болды. Ал содан кейін қаңтардың қара дауылы соққан күні Сәниядан барлығы үшін де кешірім сұраған хат келді. Әрине, ол жерде Рәсіл кешірмеймін десе де етер шара, істер амалы жоқ болатын. Тек соңғы рет келіншегіне бақыт тілеп хат жазды.


ІV


Құрсайда отырған Тұрсын ауылының күні ерте батып, ымырты ерте үйірілді. Ақмарал қойды қоралап, үйге оралғанда арыстай-арыстай төрт бірдей азаматтың үшеуі шағын киіз үйдің ішінде оңды-солды айқаса сұлап жатыр еді. Жалғыз ғана Рәсіл бас қарайтып, үйден шыққан. «Бәріне де мен кінәлімін, Ақмарал» дегендей жапақтап, келіншек жанарына қарай береді.


– Ағай, серіктеріңіздің бәрі жолда қалыпты ғой!


Рәсіл Ақмаралдың бұл сөзді қандай оймен айтқанын аңдамай қалды. Мысқылмен айтты дейін десе, сол баяғы ақжарқын, зілсіз жүзі.


– Иә, төртеуіміздің бірдей отырып, жалғыз саған тағам әзірлетіп, саған қой жайдырғанымыз жараспады-ау, Ақмарал?!


– Е, ағай, онда тұрған не бар дейсіз? Үйрендік қой біздер.


Бұл келіншек сөзінен әлде бір қажығандық, әлде бір торыққаңдық па, әйтеуір өз тіршілігіне наразы жанның әуенін танып қалғандай болды. Ақмаралдың бір сәтке кірбің ұялай қалған қабағы да, ішіндегі көлеңкелі бар сырды ала шыққан күрсінісі де соны айтып тұрды.


«Апыр-ай, аз жылда қалай өзгеріп кеткен, – деп ойлады Рәсіл. – Ұшып-қонып жүрген жас қыз еді. Басына қонған балғын балалық дәуірдің ақ көбелегі іспетті ақ бантигі жоқ қазір. Оның орнына гүлді орамалды икемсіз де ебедейсіз етіп, басына тарта салған. Мұның да балалық базарлы күні сол ақ бантикпен бірге ұшып, бір отбасының ыстық-суығын бөліскен салауатты адам бола қалған. Жас кезіңде пысық-ақ бала сияқты еді. Байғұс бәрін де жоғалтып алғандай ма, қалай?! Әлде Тұрсынмен тату тұрмай ма екен?!»


Рәсіл өз ойының түйінін шеше алмады. Ауыл үстіне түннің қара барқыты жабылды. Өрістен қайтқан қойлардың бырт-бырт жусауы естіледі. Терең шатқалдан түнгі аспан түңіліктей ғана болып көрінеді. Жұлдыздар жамырайды. Ауыл үстінен төнген биік шағылдың иек артпасынан жартыкеш ай сығалап еді, Рәсілдің алдыңда таяқ тастам жерде мөлдіреп жатқан бастау суының түбінен де бір жартыкеш ай сығалады. Рәсіл есік алдыңда отыр. Ақмарал тыпыр-тыпыр үйге бір кіріп, бір шығып әлі тыным көрмей жүр. Енелерімен бірге сай құлдап, су бойымен кетіп қалған бұзауларды айдап әкеліп байлады. Онан кейін отын бұтап, от жақты. Шаңырақтан ұшқан түтін жұлдызды зеңгір аспанға қарай жел лебімен көлбей ұшып барады. Тау ішіндегі қойлы ауылдан от жанып, түтін шығып жатқанымен, бөтен үн естілмейді. Қозысын іздеп маңыраған қойлар да тыншыған. Тамақ дәметкен иттер ғана әрі-бері өткен Ақмаралдың аяғына оралады. Құр сияқты жалғыз ойнап, жалғыз жүріп үйренген баланың да үні естілмейді. Ол да ұйқыға кетсе керек. Қарауытқан таулар да қалғып бара жатқандай. Жусап жатқан қойлардың көздері де жап-жасыл болып жанады.


Екеуі ғана – Ақмарал мен Рәсіл ояу. Бірі – бар қызығын, бар бақытын еңбек пен жар болашағынан күткен, жас та болса жаманды-жақсылы дүниені көрген, шет жайлап, қыр қыстаған малды ауылдың қарапайым енбекқор әйелі. Еңді бірі малды ауылда туып, осынау ен жайлау, кең даланы бесігі етсе де үлкен шаһар тіршілігімен таныс болып, білім алған, бірақ... Бірақ... сол шаһарда жастық жалынын емес-ау, өмірлік деген серігін, сонымен бірге сенімін қалдырған, енді сол сайын даласының кәдесіне керек-ақпын, жоғалтқан серт пен сенімді осы даламнан қайта табармын деген үлкен үмітпен келіп, еңбек жолын бүгінгіше масаң да мазасыз күйде бастағанына опық жеп отырған, ұшқан ұясына топшысын бекітіп қайта оралған өлкенің өз түлегі. Бірі – бір кездегі алаңы аз, алданышы көп албырт қана еркетотай қыз емес. Бірі – бір кездегі сол «еркетотай қыздардың» арманшыл «ағайлары» емес. Араларынан жымысқы, ұры жүрісті уақыт өтіп кеткен. Бірі бұрынғыдай «ағай» дейді. Бірақ бұрынғыдай мойнына оралып, еркелей алмайды. Екіншісі сол күндердегідей-ақ жақсы көреді. Бірақ бұрынғыдай еркелете алмайды...


– Ағай, шай дайын болды!


Ол селт етіп, үй жаққа мойын бұрды. Бағана сөніп қалған шылымының тұқылын өкшесімен өші кеткендей езіп тастады да үйге қарай аяңдады. Алғашқы келгенде алып тастардай болып ала өкпе мінезбен ұмтылысқан иттер де «бір байқамастық өтті, жаздық-жаңылдық» дегендей, құйрықтарын бұлаңдатты.


– Мыналарды оятамыз ба, ағай, қайтеміз? – деді дастарқан әзірлеп жүрген Ақмарал.


– Көрейік.


Рәсіл әуелі Тұрсынды оятпақ болды.


– Тоқ-т... тоқташы, әке-ау... – деп түсініксіз былдырлап алды да Рәсілдің қолын тым дөрекілеу қимылмен қағып тастады.


– Өй, жатушы ма едің? Тұрсайшы былай, мына кісілерге төсек салайық.


Ол Ақмаралға да жаңағыдай түсініксіз екі-үш сөзді былдырлаған болды. Тағы тербете бастаған соң бір жеріне от басып алғандай, басын көтеріп алып, келіншегін бар күшімен итеріп жіберді де теріс аунап түсті. Керзі етік дастарқан шетіңде тұрған кесені домалатып түсірді. Ақмаралдың бота көзінен мөлтілдеген тамшы көріңді.


Рәсіл теріс қарады.


Ол енді Сәлімді оятпақ болды. Рәсіл таяй бергенде-ақ ол ұйқысырап әлденені былдырлады. «Сені құртамын!» Рәсілдің, жүрегі мұздап кетті. Тұп-тура өзіне арнайы айтылып жатқан сияқты. Ол сол орныңда тұрып қалған еді. «От солай, жаман ағаң жиырма бес жыл ел басқарған... үйренген... Ұғып ал, бала... Е, жарайды, басеке, орыңдаймыз...»


– Орыңдарсың, жаманнан қатты! – деді Ақмарал. – Жиырма бес жыл ет жеуден, жиырма бес жыл арақ ішуден орындаған шығарсың! Нажағайдың ұшқыны тиген ешкі беттеніп алып, бұл да бір жітікке қосылған саяқ болды ғой, әйтеуір...


Олар басқасын оятқан жоқ. Дастарқанның екі басыңда екеуі шошайып отырып, үнсіз шай ішті.


– Өмір деген қызық, – деді Рәсіл.


– Иә, қызығын көріп жүрміз ғой, – деді Ақмарал.


Шай үстіндегі бар әңгіме осымен тәмәмдалды. Рәсіл тағы да есік алдына барып көгалға отырды. Бұл кезде Ақмарал да тысқа шыққан еді. Иттерге жуыңды-шайыңды құйды да, түн құшағыңда жатқан шатқалға қарап, «Әй-й-й! Әйт-әйт!» – деп сызылта айғайлады. Кеудесін кернеген жаңағы ренішін тап бір сол үнімен сыртқа әдейі шығарып тұрғандай.


«Қойшылар өмірінен бөгде адам болса, үйден шыға келіп, айғайлаған кісіге күлер еді» деп ойлады Рәсіл. Бұл қайта күзетші әйелдердің осылау түн қараңғылығын қақ жаратынп абай үңдерін сағынып қалған сияқты. Өзі де бар дауысымен айғайлағысы келді. Ақмаралдың жіп-жіңішке нәзік, бірақ өткір үні түнгі даланы дір еткізді. Ұйқысынан шошып оянған құз-жартастардың өздері де үн қосты. Байғыз да ащы даусымен терең сай түкпірінен шаңқылдайды. Құрсайдың бас жағынан тағы бір келіншектің даусы естілді. Мен де ояу отырмын дегендей, бір тұстан үшінші бір әйелдің барлыққан жуан даусы келіп жетті.


– О-у-у-у!


Біртүрлі, бейбіт үндер. Бәрі де аманшылық деген сияқты. Әйелдердің осынау дауыстары тау ішінің түнгі сәніндей, түнгі әніндей.


– Ақмарал, кел отыр. Біраз әнгімелесейік, – деді Рәсіл. – Біртүрлі, ұйқым келетін емес. Күндізгі араққа емес, мынау кешкі саф ауа тыныштығына масайып отырғандаймын.


Бағанағы жартыкеш ай жүзген бойы төбеге келіп қалыпты. Бастау суының жиегінен қылтиған жартыкеш ай да су түбіңде жатқан үлкен күміс сырғадай жарқырайды.


Екеуі сол бір мөлдір түн құшағында қатар келіп отырды. Әуелі олар бірінің оқушы, бірінің тәрбиеші болған жылдарындағы алаңсыз өткен кездердің кей сәттерін еске алып, соған қазіргі ересек адамдардың көзімен барлап, риясыз күлісті. Бір сәтке әрқайсысының басынан өткен содан бергі жылдардың ізін ұмытысып, балаң қыз немесе балауса жігіт күндеріне қайта оралғандай болды. Содан кейін бір-біріне сол жылдар арасындағы өздерінің қайда болып, не істегендерін айтысты.


Рәсіл студенттік жылдарың, үй болып, отау тіккен күндерін әңгімеледі. Ақмарал Сәния мен Рәсілдің аз уақыт тұрмыс құрғанын, одан кейін екеуінің келісе алмай, ажырасып тынғанынан хабардар екен. «Демек, бір-бірлеріңізді шын сүймегенсіздер» деп қойды ол сөз арасыңда.


– Тұрсынның жаратылысын сіз жақснй ғой. Бірақ оның менен басқа жанашыры бар ма, сірә. Соны адам етсем, жанындағы жақсы қасиетін аршып алып, адал істің азаматы етсем деп едім. Сол үшін де бар болашағымды, бар бақытымды Тұрсыннан ғана іздеп едім. Оған жетемін де...


Рәсіл манағы бәріне де мойыған, бәріне де көнген момақан тіршілікке әбден үйреншікті қойшы әйелі емес, бұрынғы Ақмаралды қайта көргендей болды. «Жастық жалыныңды жоғалтпапсың-ау, көкірегіңе сақтап жүрген екенсің ғой» деп ойлады ол. Рәсіл үн қатқан жоқ. Келіншек сөзінің жалғасын сабырлылықпен күтті.


–... Тұрсын қазір де ақ емес, адал емес. Оны мынау Сәлім сияқты сұмырайлар қылмысқа қарай қақпайлап жүр. Мен бәрібір оны ешкімге теңгермеймін.


Рәсіл Ақмаралдың күйеуін «ақ емес, адал емес» деуін анық естісе де әрі қарай қазбалап сұрай алмады.


– Оған сіздің көмегіңіз қажет, ағай. Сіз бәрін де түсіндіруге тиіссіз. Оның тағдыры өз қолыңызда ғана қалғандай...


Сол кезде «келін, а келін?!» деген Сәлімнің үні естілді. Іле қазан-ошақ салдырлады. Ақмарал ұшып тұрып, үйге қарай жүгіре бергенде алдынан:


– Қарағым, келінжан-ау, мынау айраныңа у құйып жібергенбісің? Тіпті бүткіл өңешімді қырнап кетті ғой, – деген даусы естілді.


Киіз үй туырлығының саңлауларынан жарық көрінді.


– Қаталап жатыр екенмін, сені оятпай-ақ өзім тауып ішейін деп мынау шелектегі ағарғанның екі ожауын жұтып жіберіп едім... Тіпті өңешімді өртеп...


– Қайнағасы-ау, ол айран емес, терінің иі еді ғой...


Ақмаралдың сыңғырлаған күлкісі естілді. Тыста отырған Рәсіл де мырс етті.


– Тө-өһ, шіркін, даланың һауасы-ай, – дейді Сәлім сыртқа шығып. – Өу, Рәсілжан, сен де әлі ұйықтаған жоқсың ба? Келінжанмен бірге қой күзетіп отырғаннан саумысың өзің?


– Күзетсек, күзетіп отырған шығармыз. Күзетіп көрмеген қой ма еді бұл?


– Жә, жә, айғайлама! Мен жәй әзілдеп...


Ол енді тері иінің шуашы мен арақтың иісі қосылып анқыған ауызын Рәсілдің құлағына тақап сыбырлады. Рәсіл теріс айналды.


– Нешауа, жастық итке бәрі де жарасымды. Біздер де сендей кезімізде ұйқы көрмей, талай ауылдың итін шулататынбыз. Ой-й-й, мына басы түскір сынып барады ғой тіпті...


– Өзіңіз сасық теке сияқты қандай жексұрын болсаңыз қашан да ішіңізде ит өліп, сасып жатады екен, – деді Рәсіл. Ашумен сөз сойылып көме сілтеп алғанын артынан аңдап қалды. Бірақ айтылған сөз – атылған оқ, қайтып ала алмайсың. Ол орнынан ықшам көтеріліп, үйге қарай адымдады.


– Не-ме-не! Өй, боқ мұ-р-ын. Әкеңді танымай жүр екенсін ғой сен.


Рәсіл оған үн қатпастан Тұрсынның жанына келіп, жантая кетті. Көрпенің астына кіріп бара жатып, Ақмаралдың үрейлі көзін көрді. «Енді қайттік? » деген сұрау тұрды жанарыңда. Сәлім ештеңе болмағандай «келіннен» айран сұрап ішті де теріс қарап, жатып қалды.


Рәсіл таң ала кеуімдене бастаған кезде ғана көз шырымын алды...


* * *


– Малыңның ұзын саны түгел, – деді Рәсіл Тұрсынның отар кітапшасына қарап отырып. – Саулығың – 452 бас, қозы – 634. О-һо, сонда жүзінен жүз қырықтан айналдырып тұр екенсің ғой. Жарайсың, қара тентек.


– Аудаңдағы шопандардың ең озаты осы болып тұр ғой.


Бұл – Сәлімнің сөзі. Тұрсын төмен қарады. Ақмарал әрі-бері сипақтап тұрды да шелек көтеріп, сыртқа шыға берді.


– Әрі қарай кеттік, – деді Рәсіл. – Одан басқа жүз он еркек қой бар екен... Оны неғып саулық қойға қосқансыздар?


Ол Сәлім мен Құсыманға қарады. Құсыман естіген емеспін дегендей иығын бір қозғап қойып, отар кітабына үңіле берді.


– Ә, ол әлгі... күзде... отар шағын болған соң... Және қыста еркек қой дегеніңіз қарды жылқы сияқты теуіп, аршиды... Сонан соң...


– Жоқ! Ондай мал менде жоқ!


Тұрсынның даусы жарықшақтана шықты. Рәсіл оның мұнша түнеріп, түйілуінің себебін ұға алмады.


– Жоқ, – деп отырмын ғой мен, сізге! Жоқ ондай еркек қой атаулы. Мына сүмелектердің істеп жүрген айла-шарғысы ол! Мені даңққа бөлемекші. Осы былықтырғандарың да жетер! Одан әрі шырмалып жүре алмаймын. Адамша өмір сүргім келеді менің де. Адамша!


– Әй, бала, албаты тантымай отыр сен. Былығыңды аулақ тарт әрі. Білмедім ғой, әйтпесе сен итті сол үшін сотқа беріп, екі көзіңді тор темірден бір-ақ жылтырататын едім!


Бұл – Сәлімнің сөзі.


– Аһ, солай ма еді! Онда мен саған қазір-ақ көрсетейін. Ине жұтқан иттей ілінген сүмелек.


Сәлімге қарай тұра ұмтылған Тұрсынды Рәсілдер әрең ұстап қалды. Ештеңеге түсінбеген Рәсіл мынау аяқ астынан тұтанған жанжал отының басталу себебін ұға алмай дәл болды.


– Не болды? Айтыңдаршы, кәне? Неге бүлініп жүрсіңдер, түге? – деді ол. Бірақ өзі де бір былықтың шетін сезіп қалғандай. «Кеше Ақмарал да «ол ақ емес, адал емес» деп еді-ау. Тоқта, мұңда бір сыр бар».


– Ұқпайтын несі бар, зоотехник жолдас, Бұл сырды менен қорыққанынан айтып отыр деп ойлама. Өзімнің де жеткен жерім осы ғана. Мына сүмелектің еңді жол ортадан жалт беріп, танып жатқанын қарасаңшы!


* * *


Ол кезде қаңтардың қақаған қысы болатын. Тұрсын отарды Қызылшағылға қарай өргізіп бара жатқан. Ауылға беттемей өзіне қарай төтелей салып келе жатқан жалғыз салт аттының Сәлім екенін Тұрсын оның атқа бір жамбастай отырысынан-ақ таныған. Жуан тобық, тоқпақ жалды монғолы торының буын аспанға шығарып, тізгінін Тұрсынның жанына келгенде бір-ақ тартты.


– Жол болсын, аға!


– Әлей болсын! Үй-іш, келіннің дені сау ма. Қуанышбай қалай, үйленем демей ме?


Ол бастырмалатып, келінінен бастаған амандық сұрауын ақсақ-тоқсақ қойға әкеп бір-ақ тіреді. Тұрсынның жауабын күтпей-ақ бәріне тоғайғандай: «Маладес» деп қояды.


– Тұрсынжан, сені қуантайын деп келдім, – деді ол.


– Иә, айта отырыңыз. Сүйінші бізден! Ортақ қуаныш болғай, әйтеуір.


– Жақын отыр онда, – деді ол иен далада олардың әңгімелерін біреулер тыңдап тұрғандай сыбырлай сөйлеп. – Кеше басқарма жиналысыңда «қошқарлар» ферма меңгерушісі екеуімізді біраз мүйізден алды. «Әр ферманың сорпа бетіне шығар бет-жүздігі бар. Сендерде көптен суырылып шығар біреу болсайшы», дейді.


Сәлім аузынан қуанышты хабар күткен Тұрсын оның ұзын-сонар әңгімені бастағанына қарап, айтпағын алдың ала білуге асықты.


– Қуанышыңызды айтпайсыз ба? – деп қалды ол.


– Сабыр ет. Содан меңгеруші екеуміздің басқармадан құр сүлдеріміз шықты. “Нешауа, ақылын өзім табамын”, дедім меңгерушіге. “Осы жұрттың бәрі етегіне намаз оқып жүрген жоқ” дедім.


– Ағасы-ау, неғып қоян бұлтаққа салып кеттіңіз?


– Асықпа, қазір айтайын... Ал өзің озат шопан болғын келе ме? Атағың дүрілдеп, аудан, облыс, Алматыға дейін кетеді. Әйда, сонан соң мінбеде сөйлеген әрбір бастық сөзінің, бісмілләсін сенін фамилияңнан бастайды.


– Ал, болғым келеді дейік... Қане, озат болудың ішірткісі бар ма, ішкен бетте жұрттың алдына шыға келетін?


Ол күліп, зоотехникке алақанын жайды.


– Өй, қалжыңдағаңды қоя тұр былай. Тәк, мәселе былай, келісемісің?


– Жарайды, келісейін.


– Онда қолды әкел.


Екеуі қол алысты.


– Тәк, мәселе былай... – деді Сәлім қайталай. – Меңгеруші екеуміз өзіңнен артық еті тірі, еңбекқор жігітті таба алмадық. Содан нетіп... өзіңді озат шопан етуге келісіп...


– Жұмбақтамай бар ойыңызды айтпайсыз ба, Сәке?


– Қазір қолыңдағы 460 саулыққа 110 еркек қой қосамыз.


– Маған соғымға ма?


– Сөзді бөлме. Бірақ ол қағаз жүзінде еркек қой болып жазылғанымен, шындығында саулық қойлар. Демек, қозы күнінен жыныс түрі өзгертіліп жазылған “қамқор малды” қосамыз.


– Түсінсем бұйырмасын.


– Есеп жүзінде колхозға 460 саулықтың қозысын беру кереқ болса, сен іс жүзінде 570 саулықтың қозысын тапсырасың. Демек, 570 саулықтың қозысы 460 қойдың өнімі болып табылады. Себебі «еркек қой» қоздамайды ғой. Түсінген боларсың, енді? Жаман ағаңның басы кейде істеп кетеді, шорт пәбери хи-хи-хи.


– Түсінікті дейік. Сонда осы мен үшін ғана жасалып отырған қамқорлық па, әлде...


– Өй, осы сенің тергеп-тексеріп алмай, жарайды дейтін күнің бар ма, сірә. Өзіңе де абырой, атақ, фермаға да, тіпті колхозға да мақтаныш болмаспысың.


– Жоқ, мен бұған келісе алмаспын.


– Әй, сені де жігіт деп салмақ салған біздің миымызды тауық шұқып кеткен ғой. Анау «Қызылжұлдыздың», анау «Ұйымшылдың» Қыдыр, Көкебайлары шын мәңіндегі озаттар деп ойлап па едің? Ж-жоқ, бауырым, әне, олар тазы болып шала білетін жігіттер...


– Сіз өзіңізге өзіңіз сенбей жүргендіктен жұрттың бәріне күйе жағуға неге даяр тұрасыз, осы?


– Жә, бауырым, бүгін осымен әңгімені доғарайық. Ертең айналып соғармын. Қабырғаңмен кеңес, бірақ келінмен кеңесіп жүрме. Еркектің шаруасына әйелдің қол сұқпағаны абзал.


Ол торының ауыздығын салып, сипай қамшылап, жолға түсті. Тұрсын ойланып қалды. Бір сәт көз алдына газеттің бірінші бетіндегі өз суреті елестеді. Күліп тұр екен дейді. Ол апыл-ғұпыл папиросын суырды...


* * *


– Оқасы жоқ, – деді Рәсіл.


– Жала, – деді Сәлім.


– Тұрсын, сенен көптен күткенім осы еді ғой, – деді Ақмарал.


– Да-а-а! – деді Құсыман инесін жоғалтқаңдай от басына үңілген күйі.


– Колхоз бастығына барамын, бәрін де өз аузыммен айтамын. Мейлі, мені пісіріп жесе де өздері біледі. Бірақ әлден-ақ атымды айтып, бүкіл облыс шулап кетті. Газетке шыққан өз суретіме өзімнің қарар бетім жоқ... – деді Тұрсын.


– Оқасы жоқ, – деді Рәсіл. – Адасқанның айыбы жоқ, азаматша қасқайып тұрып, мініңді өзің айттың. Арың таза болса болғаны. Ал колхоз басшылары қалай жазалауды өздері біледі. Ақиқатын түсінулерін сұрармын.


Ол Ақмарал мен Тұрсынның қолын алып, аттануға ыңғайланды.


– Аға, бүгін қуанышқа ішем әкесін танытып. Ал одан кейін... тек адамша ғана өмір сүрсем деймін...


Рәсіл жас досының ақ пейілін білдірген тілегіне қарсы тұра алмады.


– Мен жүрмеймін, ініммен татуласамын бүгін. Ертең жоннан жолығармыз.


Бұл – Сәлімнің сөзі. Жаңа зоотехник оған да дау айта алмады.


– Оқасы жоқ, – қарағым, – деді Сәлім екі жігіт аттанып кеткен соң. – Мені де тілдеп, жұдырық ала жүгірдің, көрген бас, көнген бас біздікі. Мен шыж-быж болып сол іске жетектесем өзім үшін емес, өзің үшін еді ғой. Марқұм шешеңнің қолынан дәм татып, замандасы болған жан едім.


Жаман ағаңның артық айтып, ағат кеткен жері болса, әдейі істегені демегейсің, жаным. Бізден қажыр-қайрат кетіпті, аюдай ақырып, осы қоғам малы үшін жиырма бес жыл отқа түсіп едім, қасқыр жеген қотыр байталдың тулағыңдай кәдесіз болып қалған күй болса мынау. Мен жазған әйтпесе, кешегі ат ұстатуға жарамайтын боқ мұрынның бүгін келіп, атымды аударып мінерін біліппін бе?!.. Солай, бауырым, мені кінәлі десең кешіргейсің...


Тұрсынның Сәлімге жаны ашыды. Шынында, бұл міскіңді бекер ренжіттім-ау деп оңдады.


– Жоқ, Сәке, сіз емес, мына мен өзім бәріне де кінәлі. Бәрі де өтті, оны ұмытыңыз. Балам десеніз бала болуға жараймын, інім десеніз, іні болуға жараймын. Бәрі де осы жерде қалсын. Бәрін істеген өзім деймін ертең-ақ. Сізге артпаймын пәлемді. Бүгін арнайы қонағым болыңыз. Бағана айттым ғой. Бүгін жақсылап отырып ішемін. Бұдан кейін қайтадан ащы судан ұрттап алсам, жер баспайтын боламын. Соған куә боласыз.


Ол осыны айтып, жедел магазинге аттаңды. Екінші күн Ақмарал мен Қуанышбай қой жайып кетті...


Құрсай күні батқан шақта Тұрсын мен Сәлім құшақтасып отырған болатын.


– Жарығым, Тұрсын-ау, жануарым, тоқпақ жал торым-ау, Молдаштың жаман ұлының тақымыңда кетер деп кім ойлаған? Пырағым-ай, бағана мен қалып бара жатқанда өзіме қарап оқырыңды-ау. Ол қорлықты көргенше өлсем нетті... «Жақсы адам, жайсаң ағам дейсің-ау», сен сорлы. Атымнан айрылып, бүгін мен жылағанда қатыныңнан айрылып, сен көрерсің ертең көресіңді.


– Не! Не дейсің? – деді Тұрсын бірден есін жиып.


– Естігем ол итті. Баяғыда интернатта жүргенде-ақ елдің қаршадай қыздарын аламайлап бітіргенін.


– Өй, не деп кеттің сен?!


– Қойдым, қарағым, алтын басыңды аяққа тепкізбе, қарқарадай Тұрсын атыңмен ер қазынасына қаңғырғандардың қолын салдырма дегенім де. Ер жігіттің жары – асыл қазынасы.


– Кәрі төбет! Тағы неңді қоңырсытып едің?! Айт, қане, жаныңның барыңда. Әйтпесе шыбын жаныңды қылқа мойныңнан суырып аламын.


Ол Сәлімнің кеудесіне алпамсадай болып мініп алды. Түрі өрт сөндіргендей.


– Тәрт әрі былай, кимелемей. Әкеңдей адамға әкіреңдегенше қатыныңа ие болсаңшы, – деп ол түзеліп отырды. Сонан кейін өте бір байсалды хабар жеткізіп отырған адамдай күйіне сөйлеп, «көзіммен көрдім» деді. «Түнде, осы түнде екеуі түні бойы...» Сол кезде Тұрсын оны алқымынан сығымдап ала түсті. Көзі ақиған Сәлімнің «біткен шаруа» дегенге ғана тілі келді. Оның нені біткен шаруаға санағанын Тұрсын пайымдай алған жоқ.


– Ойбай-ай, мынау не дейді? Өлім! Өлім! Өлті-ре-йін!..


Ол Сәлімді көтеріп жерге бір ұрды да, құс мылтықты ала сыртқа атып шықты. Сәлім басын көтермек болып, бір ұмтылды да оған шамасы жетпеген соң сылқ етіп, құлап түсті. Іле қорылдап, ұйықтап кетті.


Тұрсын жайдақ атқа міне ұмтылды. Ол Қуанышбайды жетектеп отарды ауылға қарай қаптайлатып келе жатқан Ақмаралға қарай ат қойды.


– Қане, айт! Тек шыныңды айт! Екеуміздің дәм-тұзымыздың таусылған жері осы!


Ол Қуанышбайды бауырына қысып, үрейленіп тұрған Ақмаралды жонынан қамшымен көме бір сілтеп өтті. Баланың шырылдаған даусы жер жарды. Жүрегі ұшқан сәби анасының кеудесіне шырылдап, жабыса түседі.


– Жаным-ау, кінәмізді айтып, өлтірсеңші, – деп зарлады Ақмарал құлындай даусы шығып.


– Ә, қайлақы! Мекерсуді шығарған екенсің. Кеше не болды, айт қане?


Ол әйелін тағы бір осып өтті.


– О, айуан! Солай де! Мә, онда мына шикі өкпеңді жетім етіп қалдырмай екеуміздің де қанымызды ұртта! Мә, енді неғып тұрсың мелшиіп? Өз обалым өзіме, сен малғұнды адам етпек болған! Неғып тұрсың, қане? Ат енді!


Тұрсын алды-артына қарамай екі кештің арасындағы бей уақытта атын оңды-солды борбайлап, Молдаштың ауылына бет алды.


Өлі мен тірінің арасыңда қалған Ақмарал әлі дірілдеп, қолды-аяққа тұрмай селкілдеген баласын құшақтап, Раушаңдардың үйіне қарай жүгірді. Өрістен тойып қайтқан қой үйреншікті қораға қарай өздері шұбырып барады. Найзадай биік шағылдың иек артпасынан жартыкеш ай сығалады. Ұйықтап жатқан Сәлімнен басқа жан жоқ иен үй алдындағы таяқ тастам жерде мөлдіреп жатқан бастау судың түбінен де дәл кешегідей жартыкеш ай жалтырады. Қыз түсіріп алған сыңар сырға сияқты...


* * *


Рәсіл мен Құсыман жаңа ғана келіп аттан түсіп отырған беттері сол еді тыстан тасырлаған ат дүбірі естілді. Отырғандар «не болып қалды? » деп елеңдескенше, суыт жүрісті адам ат басын белдеуге келіп бір-ақ тіреді.


– Уә, Рәсіл, бармысың! Шық бермен!


– Бұл бар болғырға не жетті, мен білейінші, – деп Молдаш қарт орнынан тұра берген.


– Әке, тоқтаңыз. Өзім...


Рәсіл есікті ашып, сыртқа аттай бергенде «Мә, саған, менен сыбаға!.» – деген Тұрсынның ашулы айғайы естілді де, дәл іргеден мылтық гүрс етті.


Рәсіл қиралаңдап барып, белдеуге жармасты.


Молдаш қарт аттандап баласының жанына жете бере сүрініп жығылды. Есік алдына жиналып қалған жігіттер жалғыз аттыға жабылып, қолын байлап жатты.


Сөйтіп бір түнде екі ауыл бір адамның ылаңымен жау шапқаңдай шуласып қалды. Бұл кезде Сәлім тәтті түс көріп жатыр еді. Түсінде тоқпақ жал торы өз тақымыңда ойнап келеді екен дейді...


V


– Кәмиләш, Тұрсын мен Ақмаралдың осындай күйге ұшырағанына өзім себепші болдым. Сол үшін қиналамын. Бір жолы болмаған жігіт екен өзі де. Өзімді мүгедек ете жаздаса да, есіл ердің еңкейген бойын тіктей алмағаны өкінішті-ақ. Біз оны ақтап ала алмас па екенбіз? – Рәсілдің сөзі.


– Жоқ, Рәсіл! – деді Кәмилә.


Кәмила тұңғыш рет оны өз есімімен атады. «Ағай» дегенді айтпағаны қазір бала емеспін дегені болар деп ойлады Рәсіл.


– Жоқ, Расыл! Оны ақтап қалу мүмкін емес. Ақмаралдың махаббатын ақтай алмады, алар жазасы соның өтеуі болар.


Кеше ас әзірлеп апарып едім, жөнді сөйлеспеді. «Рәсіл аға Ақмарал мен Қуанышбайыма көз қырын сала жүрсін, мен үшін емес, кінәсіз жаңдар үшін. Мені кешірулерін бәрінен де сұраймын. Бірақ адам дегеннің өмірдегі міндеті не екенін кеш ұғып қалдым ғой. Осыны айта бар. Ал жаным ұяда болса, Сәлімге айтар соңғы сөзәім басқаша болажы. Тек оралғанымша тірі болсын деп тілермін...» деп еді.


– Иә, адамға артынан өкініп, опық жегеннен артық ауыр жаза бар ма? – деді Расыл.


Сол кезде аурухана алдындағы орындықта отырған бұлардың жанына Айбар келді.


– Иә, Рәсіл, қалай, айығып келесіз бе? Асықпаңыз, аз күнде құлан-таза сауығып шығасыз әлі...


Ол шылым тұтатты. Содан кейін: «Кәмиләш, қайтпайсың ба? Бірге өрлейік», – деді келгендегі бар бұйымтайын жасыра алмай.


– Рақмет, Айбар, мен Рәсілдің жанында да көп отырмаймын. Сенің де тоспай-ақ қойғаның жөн.


Айбар орнынан сылбыр көтеріліп, самарқау ғана қоштасты.


– Жұлдыздардың жамырауын-ай, – деді Рәсіл.


– Білесің бе, Рәсіл. Баяғыда жерде де жұлдыздар болады деуші едің ғой.


– Иә, Кәмиләш, есімде, олар жүректері сол жұлдыздай жанған кіршіксіз махаббат иелері дегенім де есімде... Мен әлі ол пікірімнен айни қойған жоқпын, қайта, ол ойымды екеуміз алшақ жүрген жылдар орнықтыра, бекіте түскендей. Бірақ... Бірақ... Мен сондай жарық жұлдызымды жоғалтып алғандаймын. Ол жақында болса да менен алыстан, тым алыстан көрінетін сияқты.


– Иә, адамға артынан өкініп, опық жегеннен артық ауыр жаза бар ма? – деді Кәмилә. Рәсіл өзіне арналған бұл сөздің қай мағынада айтылғанына түсіне алмай Кәмиләнің жанарына тіктеп қарады. Сол кезде қыз жанарынан мөлт еткен мөлдір жасты көрді. Ол теріс айнала берді. – Мен қайтайын! – Ол екі-үш адым алға жүрді де қайта бұрылып: «Науқастардың демалатын уақыты болды» деді. Дәрігердің қызмет бабындағы үні.


Рәсіл Кәмилә кетіп бара жатқан жақтағы Кішкенетаудың ұшар басыңдағы жалғыз жарық жұлдызға қарады. Кәмилә соны бетке алып бара жатқандай.


* * *


Жұрт айтып жүрді: «Кәмилә Семейде бірге оқыған жігітіне ұзатылып бара жатқандағы тойына Рәсілді де шақырған екен, әлдебір жұмыстарын сылтауратып бармапты» деп. Еңді біреулері айтады: «Жоқ, Рәсіл тойға барыпты-мыс. Кәмилә ақ жолына аттанғалы тұрғанда жаман ырым бастап, Рәсілді құшақтап алып, егіліпті-ай». Кім біледі, рас та шығар.



1971 ж.

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар