26 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Кәдірбек Сегізбай: Талапты ер

25.01.2016 144

Кәдірбек Сегізбай: Талапты ер


Кәдірбек Сегізбай.jpg


– Әй, не істеп жатырсың?

Қуаныш шауып отырған шоты мен аршаның келтек кесіндісін жанына қойып, Әлішерге маңғаздана қарады.


– Көрмей тұрсың ба? Ожау жонып жатырмын. Апамның ағаш ожауы сынып қалып еді. Содан жаңасын жасап бере қояйын деп едім.


Сыныптасы Әлішердің миығында аты-жөні белгісіздеу бір күлкі тұрды. «Ой, мақтаншақ сол!» деген сөзді ойлап тұрғаны анық еді. Ептеп қана мақтаншақтығы барын Қуаныштың өзі де біледі. Мақтанса несі бар екен? Үшінші сыныпты ең озат оқушылардың бірі болып бітірді. Қатарластарымен күрессе жығады, жарысса озады. Ең бастысы, атасы мен апасының айтқандарын екі етіп көрген емес. «Қолғанат болды деген осы!» деп мақтайды олар. Тіпті ертеңгілік атасының атын ұстап әкелу, өзеннен апасына су әкеліп беру, тамақтан соң ыдыс-аяқты жинастырып, жуа салу сияқты жұмыстарды айтқызбай-ақ, өзі біліп орындайды.


– «Әлішер, атты ұстап әкелші.

– Иә, қазір.

– Әлішер, өзеннен су әкеліп берші.

– Тұра тұршы, барамын ғой.

– Әлішер, ыдыс-аяқты жуа салшы.

– Туһ, ойнатпадың ғой, тіпті...». – Бұлардың үйіне барсаң еститінің осы.


Мектепте орташалау оқитын оқушы атанған соң, үйінде әке-шешесінің бір айтқанын жүз қайталатып барып орындаған соң, мұның «Мақтаншақ болмағаны бар болсын!» деп ойлайды Қуаныш. Ол аршаның келтегін одан әрі жона берді. Онысы: «Жұмыс істеп жатқан кісіге кедергі жасама» дегені. Әлішер ұқты. Ол көңілсіздеу басып, үйіне қарай бұрылды.


Әлішерге ренжіп тұрып, шотын қаттырақ сілтеңкіреп алғанын байқамай қалды. «Ожауының» нобайлап қойған басын шауып алғанын сол кезде бір-ақ біліп өкінген. «Қап, енді қайттім?!» деп біраз ойланды. «Е, апама шайға сүт құятын қасық жасап берсем де олжа емес пе!»


Оның шоты тағы да еркін қимылдай бастады.


– Әй, ожауың тіпті кішірейіп кетіпті ғой! – Бұл тағы да біраздан соң қайта оралған Әлішер еді.

– Көрмей тұрсың ба? Қасық жонып жатырмын.

– Жаңа ғана ожау жонбақ едің ғой. – Әлішердің миығындағы бағанағы аты-жөні белгісіз күлкісі дәл қазір белгілі күлкі болатын. Оның «Ә, мақтаншағым, қолыңнан келмейтін істі орындаймын деп, ұятқа қалғаныңды мойындағың келмейді!» деп мазақтап тұрғаны анық еді.


Сол кезде бұлардың жанына Әлішердің ағасы Ораз келген. Ол мектептің соңғы сыныбына көшкен үлкен бала болатын.


Әлішер ішке сақтаған ойын сыртқа шығарды.


– Аға, мына мақтаншақ Қуанышты қарашы, мана келгенімде «Апама ожау жонып беремін» деп мақтанып отыр еді, бір айналып келсем ожау емес, қасық жонатын болып қалыпты. Енді біраздан кейін келсем тіс шұқығыш жасап отырар, – деп мәз болып күлсін. Қуаныштың құлағына дейін қызарып кеткен болатын. Дау айтайын десе, Әлішердің сөзінің жаны бар еді. Өйткені жонып отырғанының ұсқыны қасыққа да ұқсамай бара жатқаны анық болатын. Оны осынау қиын жағдайдан Ораз құтқарды.


– Әлішер, сенің Қуанышқа күлетін жөнің жоқ. Бір рет қателесер, тіпті екінші ретінде де ойлағанын жасай алмауы мүмкін. Ең бастысы, Қуаныштың талабын айтсаңшы, «Талапты ерге нұр жауар!» дегенді сен естімеген болдың-ау, бауырым! Мақтаншақтың да мақтаулысы болады.


Енді Әлішердің құлағы қызарды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар