Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Кәдірбек Сегізбай: Құзғын

25.01.2016 254

Кәдірбек Сегізбай: Құзғын


cb3f63d3a4730049fa3d96d9a7478a02.JPG


«Құзғын сияқты құңқылдамай отыршы» деген сөзді Оралтай талай естігенмен, оның қандай құс екеніне мән беріп көрмепті. Түрі қара қарғадан аумайтын құстың биіктен құңқылдаған дыбыс шығарып, ұшып бара жататынын анда-санда көретін.


Қысқы демалыс күндері де Оралтай былтырдан бері қойларын өріске өзі шығарып, әкесінің үйдегі ұсақ-түйек шаруаларын тындырып алуына жағдай жасайтын. Мектебінен кеше келсе де бүгін өріске шыққан.


Отарды қары көп жатпайтын беткейге өргізеді де бір биікке шығып, атын тұсап қойды да айналаға дүрбі сала бастаған. Қойлары киігздей ұйысқан бетегені бырт-бырт жұлып, жайылып жатыр. Ауылдың бір топ сиыры айналаның шөбі жетпегендей Саятеректің шатқалына қарай шұбырып барады екен. «Сиырларға да көз қырыңды сала жүр. Ит-құс шығып тұр» деген сөзі есіне түсті. Сөйткенше Жамансай жақтағы қалың быдырықтың үстімен Саятеректі бетке алып, баяу ұшіп бара жатқан жалғыз құсың құңқылдаған үнін естіді.


«Құзғын – құс атаулының сүйкімсізі. Ол – жердегі қасқырлардың аспандағы барлаушысы. Құзғын қасқырларға: «Мұнда иесіз мал жатыр» деп хабар беріп, өзі жол бастайды», деген әкесінің сөзін есіне түсірген бала орнынан тұрып, қарагердің тұсауын шешті.


– Сендер осында қалыңдар, – деп соңынан ілесе жөнелген екі төбетіне бұйрық берді де Саятеректі бетке алды. Иығындағы құс мылтығын қолына алып, оғының бар-жоғын тексерді. Жалғыз құзғын болса, қалың ағаш өсетін шатқал үстінде айнала ұшып жүр. Жағы бір тынар емес. «Осында-осында» дейтін сияқты.


Ол шатқалдың бергі биігіне жете беерді де атының шылбырын үлкен тасқа орай байлап, дүрбісі мен мылтығын алды да кезеңнің үстіндегі бір жартастың түбіне жасырынды.


Сай жақтан қызыл қасқа бұқаның айбат шеге өкірген даусы естілді. «Иә, құзғынның құңқылы тегін болмады» деп ойлады Оралтай. Мылтығын бауырына басып, қарсы беткейді дүрбісімен тінткілеген. Сөйткенше еліре өкіріп, сиырлар да бері қарай бет алыпты. Қызыл қасқа бұқа болса, қарды тарпып сай жаққа қарап өкіреді. Әрі қарай отыра берудің жөні жоқ еді. Ол мылтықты бір рет гүрс еткізді. Ит-құс тайынша-торпақтың біреуін ұстап қалса, қашсын деген ойы еді. Бала атына мініп, сайға қарай құлдилаған. Сиырлар түгел сияқты. Жалғыз-ақ үлкен қоңыр сиырдың соңынан қан саулап тұр. Жыртқыштар бір кесек етін жұлып алыпты. Бәлкім, оны бұқа құтқарды, бәлкім мұның аспанға қаратып атқан мылтығының үні құтқарды. Құзғын да қарасын батырды.


Қой мен сиырын қоса айдап, жаралы сиырды үйге айдап әкелген Оралтайға әкесі: «Қалай болды?» деген жалғыз сауал қойған.


Ол өзінің ешқандай да қасқырды көрмегенін, тек сиырлар кеткен жақта құзғынның құңылдап жүргенін естіп барғанын айтқан.


– Оны білгеніңе де шүкір, – деді әкесі не риза болғанын, не ренжігенін білдірмей.


Оралтайдың бір кітаптан «Қасқырдың сарқытынан дәметкен құзғыннан боқтықты шұқыған қарға артық» дегенді оқығаны бар еді. Есіне сол сөз түсті.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар