Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Кәдірбек Сегізбай: Жұлдызға қараған бала

25.01.2016 271

Кәдірбек Сегізбай: Жұлдызға қараған бала


1cff67892605e451f79ced3a1c7df0db.jpg

– Төлешім бала кезінен-ақ пысық еді. Қайтейін, қу соғыс жалмады ғой, – деп Күләш әжей бір сәт үнсіз отырып қалды.


– Әлі есімде, Төлешімнің тоғыз жасқа тола қоймаған кезі. Енем марқұм, Төлештің әжесін айтамын, Төлеш және мен үшеуіміз ертеңгілік ат шанамен жолға шыққанбыз. Біз жол ортадан асқанда күн райы бұзыла бастады. Ту сыртымыздан соққан жаяу борасын тақыр жолдың қиыршық қарын суырып, жөңкіле бастады. Ирелеңдеп бара жатқан мың сан ақ жылан сияқты. Қыстың онсыз да суық ызғырығы жел тұрған соң бет қаратпастай.


– Әже, боран соғып келеді. Адасып кетсек қайтеміз, а? – дейді шананың алдыңғы жағында көшір болып отырған Төлеш қулана жымиып.


– Тек, жаман сөз айтпа, құлыным. Мына елсіз далада адассақ оңай болмас. Божыңды қаға түс, – дейді тұлып тонға оранып отырған әжеміз. – Айтты-айтпады, сенімді жолбасшы болмаған соң осы жолға шықпай-ақ қойсақ болар еді.


– Мен сенімді жолбасшы бола алмаймын ба, әже? Онда өкпеледім, – деп Төлеш әдейі аузын бұртитты. Жүзінде еш­қандай қорқыныштың белгісі жоқ, қайта көзінде еркеліктің оты ойнайды.


– Айналдым сенен. Саған сенбесек, жолға шығып қайтеміз?! Әншейін сынайын деп айтқаным ғой. – Әжеміз баяғы әдеті бойынша немересінің ыңғайына көне кетті.


Желдің барған сайын күшейе түскені мені де қобалжыта бастады. Суыт жүргеннің өзінде кемі 3–4 сағаттық жол бар әлі. Әжем де үнсіз. Шаңытып келе жатқан батысқа бұрылып қарай береді. Төлеш те қобалжи бастаса керек. «Шу, әй, жануар!» деп жиі-жиі дауыстап, шанаға жегілген қос торыны сар желіске салып келеді. Бірақ, әжесі мен маған сыр бермейін дегендей орнында нық отыр.


Содан кеше он-жиырма шақырым жердегі әжемнің бір бауыры қатты сырқаттанып жатыр деген хабар келіп, жолға суыт шыққанбыз. Бізді алып бара қоятын адамның реті келмей, қысылғанда Төлештің өзі тіленіп қойсыншы, кәне.


– Айналдырған екі атқа ие болмайды деп қорқасыңдар ма? Мені бала санағандарыңды бір қоймайсыңдар, – деген соң алдымен көнген әжесі болды.

– Рас-ау, Төлеш тұрғанда неден қысыламыз, осы?!


Әжесінің бұл құптауын естуі мұң екен, ол аттарын жегіп, шананы әзірлеуге құлшына кірісіп кетті. Үйге келген қонақтың атын мініп, бір шауып келмей, көңлі тыншымайтын Төлештің өз иелігіне екі бірдей ат берілген соң қуанышы қойнына сыймай, бар ынтасымен іске кіріскен...


Барар ауылға қозыкөштей жер қалғанда күн ұясына қонақтаған. Боран басылғанмен үрінді қар тегістеп кеткен жол нобайы әрең көрінеді. Ауыр жол аттарды да титықтатып тастаған сияқты.


– Әже, тоңған жоқсыз ба? – деп дауыстап қояды Төлеш. Ара-тұра өзі шанадан секіріп түсіп, беті-қолын қармен ысқылайды, бірде малтығып жаяу жүгіреді.


Қараңғы түсе жол сорабы көрінуден қалды. Айнала түгел аппақ. Әжемді білмеймін, өзім сасайын дедім. Батыстың қайсы, шығыстың қайсы жақта екенін айырып болмас­тай. Белгісіз, бедерсіз ақ дала. Бір кезде Төлеш божыны маған ұстатты да, аттардың алдына жаяу түсіп алып, домалаңдай жөнелді. Ара-тұра тұра қалып, қалың қарды теуіп-теуіп қояды. Тоңған соң жылынайын деп жүр-ау деп ойласам, сірне болған жол табанын аяғымен іздеп тауып келеді екен ғой. Енді бірде жата қалып, құлағын қарға төсеп, тың тыңдайды.


– Балам, не істеп жүрсің? – деді әжем бір кезде. Төлеш естімесе керек, үн қатпады.


– Ақылынан айналдым, сол. Жүрген адамның немесе малдың дыбысын тыңдағаны ғой. Атасының қасынан қалмау­шы еді, біраз тәлімін үйреніпті, – деп қуанды әжесі. Біраз жүрген соң иттердің үрген даусы да анық естілді.


– Төлеш, бағытымыз дұрыс па өзі? Әйтеуір бір ауылға келдік-ау деймін, – деді әжесі немересі шанаға отырғанда.


– Ой, әже, бір орнынан қозғалмайтын Темірқазықты бетке алып келемін. Сенбе­сеңіздер, әнеки ауылдың жанындағы жалғыз төбе де көрінді, – деп ол божыны қағып қойды.


* * *


Есімі аңызға айналған батыр ұшқыш Төлеген Тоқтаровтың анасы Күләш шешей көлкемедей ақ орамалын алып, көзін сүртті.


– Балалар, Төлешімнің осы Риддер қаласында тұрған тас мүсінін көрген шығарсыңдар. Бұрын зауытта қарауыл болып жұмыс істеп едім. Сонда ылғи ескерткіштің жанынан өтетінмін. Жолын Темірқазыққа қарап, жортып бара жат­қандай елестейді ылғи.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар