27 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Амангелді Кеңшілікұлы: Формалық жаңалықтарымен ерекшеленеді

18.01.2016 173

Амангелді Кеңшілікұлы: Формалық жаңалықтарымен ерекшеленеді


(Жазушы Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романы туралы)


bde66e5a11dfc3ef35f9b3f4b8816292.jpg

Проза - табиғаты күрделі жанр. Терең білімі, жан-жақты ізденісі жоқ талапкердің онда табан тіреп, тұрақтап қалуы екіталай. Бұл - бір. Екіншіден, кестелі оймен көмкерілген көркем туындыны өмірге әкелу үшін біліммен бірге байқампаздық қабілет пен табиғи интеллект те керек адамға. Осылардың бәрі бойыңда болмаған жағдайда прозалық шығарманың құлақ күйін келтіру қиын. Өте қиын. Сондықтан да прозада бағын сынап жүргендердің ішінде нағыз жазушы болу мәртебесіне қол жеткізе алмағандар бұрын да аз емес еді, қазір тіпті көп... Кейбіреуі тілді жақсы білгенімен адамның назарын бұрып әкететін ситуация жасай алмайды, содан соң көпсөзділікке жол беріп, жасандылыққа ұрынады. Енді біреулерінің жан-жақты ізденісі болғанмен, тілі қасаң. (Зады тілде білмейтіндердің әдебиетке жоламағаны абзал). Көркем прозаға деген талаптың төмендеп кеткені соншама, біз қазір очерк деуге де жарамайтын шалажансар дүниелерді әңгіме деп әспеттейтін жаман әдет шығардық. Әсіресе, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары еркіндіктің арқасында ондай дүниелер әдебиетімізде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті.


Дей тұрсақ та, өзіне үлкен талап қоя білетін, «құмнан су іздеген құландай» (Мұқағали), творчествосы оқырманды сүйсіндіретін таланттар, сирек те болса, біздің әдебиетімізде бар. Солардың бірі – жазушы Нұржан Қуантайұлы.

Ұмытпасам, жазушының «Қараөзек» деп аталатын романы тоқсаныншы жылдардың аяқ шенінде жарық көрді. Өкінішке қарай, «байтал тұрмақ, бас қайғы» болған аласапыран заманда жазылған бұл шығарма өзіне лайықты бағасын ала алмады. Рухани кеңістігіміздегі болып жатқан өзгерістердің бәріне сергек қарайтын әдебиетіміздің мэтрі Герағаң ғана (Бельгер) бұл романға ерекше тоқталған-тұғын: «Қазақ әдебиетінде бұрын-соңды сондай дәлдікпен, нақтылықпен, шынайы деталь-көріністермен бейнеленген кеңестік дәуірдегі түрме өмірінің қыртыс-қалтарыстарын нанымды және жан-жақты ашып суреттеген көркем шығарманы тұңғыш рет оқығаным. Есіме әрдайым Достоевскийдің «Записки из мертвого дома» деген романы түсіп отырды.... «Қараөзек» – қазіргі күрделі өміріміздің бет-пердесін жұлып тастап, жан-жақты ашып, айқын суреттеп, ащы шындықтың көріністерін әшкерелеп, тартысты һәм әсерлі бейнелеген роман екеніне көзім жетті. Жас адамның зеректігіне, ойлылығына, байқампаздығына тәнті болдым, сүйсіндім».


Кеше «Қараөзек» романын қайтадан бір оқып шығып, Герағаңның осы сөзінің рас екенін мойындамасқа амалым қалмады. Шығармада Хақназар есімді жас жігіттің аянышты өмірі арқылы Тәуелсіздік алғаннан кейінгі өліарада өмірден өз орнын іздеген тұтас бір ұрпақтың тағдыры шебер суреттелген. Романды оқып отырғанда Нұржан Қуантайұлының алған тақырыбын тиянақты зерттеп, жан-жақты ізденгеніне дән риза болдым. Басы артық детальдар мен сюжеттер атымен жоқ бұл шығармада. Тілді жақсы білгендіктен емін-еркін сілтеп, көсіліп-көсіліп жазады. Алайда тілді жақсы білетінін көрсету үшін көпсөзділікке ұрынбайды. Жазушы оқырманның көңілін магнитше тартып әкете алатын ситуация жасай біледі. Шығармадағы кейіпкерлердің мінез-құлқы түрлі ситуация барысында ашыла түседі.


Романды оқып отырғанда Нұржанның тақырыпты түбін түсіріп тұрып зерттегенін бірден байқадым. Кейіпкерінің де өмірден алынған адам екеніне еш шүбам жоқ. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған Хақназардың іс-әрекеттері соншалықты нанымды, адамдық сезімі соншалықты табиғи суреттелген. Шығармадағы жағдайлар өз заманының оқиғасы, өзі куә болған дәуірдің көрінісі болғандықтан роман өте шынайы шыққан. Жалпы, кез келген жазушы ең алдымен өз заманының суреткері болуға тиіс. Өмір сүріп отырған қоғамның шындығын көрсете алмаған адамнан нағыз жазушы шықпайды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары әр түрлі жағдайлар болды ғой, елімізде. Әсіресе, өліара кезеңде, 92-96 жылдары. Романды оқи отырып, солардың бәрін қайтадан көзіммен көргендей, сол уақыттың суық лебін арқаммен тағы бір сезгендей ауыр әсер алдым.


Батыстың алдыңғы қатарлы жазушыларында ғана кездесетін стильдік, формалық ерекшіліктерді Нұржанның бұл шығармасынан көп кездестірдім. Яғни, жазушы романды жазуға бел буардың алдында әлем әдебиетінің классикалық туындыларын қайта-қайта парақтаған. Олай дейтін себебім, Нұржан Қуантайұлының шет ел жазушыларының көптеген прозалық шығармаларын қазақ тіліне өте сәтті аударғанын жақсы білемін. Бұл – үлкен дүние. Америка жазушылары Эрнест Хемингуэй мен Альберт Мальцтың «Үндіс ауылы», «Ойын», орыс жазушылары Варлам Шаламов пен Владимир Набоковтың «Жидек», «Үрей», көпшілік жыға тани бермейтін испан жазушысы Фернандес де ла Регераның «Жалғыздық», түрік жазушысы Сейфеддин Омердің «Прогресс», Сирия жазушысы Үлфат әл-Идлибидің «Кек», жапон жазушысы Сюгоро Ямомотоның «Улану - қиын нәрсе» т. б. суреткерлердің классикалық әңгімелерін ол ана тілімізде сөйлетті.


Жалпы, аударманың адамның шығармашылығының өсуіне тигізетін пайдасы көл-көсір. Өйткені аудармамен айналысқан адам сол ұлы жазушымен рухани бәсекеге түскендей болып, шығармашылығын шыңдайды. Міне, осындай жан-жақты дайындықтың да романның сәтті шығуына зор пайдасы тиіпті.


Романда әрқилы жағдайлар баяндалатын эпизодтар, оқиғалар бар. Біресе өмірді автор хат арқылы көрсетеді. Мысал үшін, романның өзі Хақназардың досы Құрмаштың хатынан басталады. Жазушы хат арқылы қоғамның шындығын боямасыз суреттейді. Кейіпкердің жан күйзелісін де хат арқылы әдемі сипаттайды. Оқиғаны бірінші жақтан баяндай келіп, жазушы бір кезде жымын білдірмей екінші жаққа көшіп кетеді.


Романда қолданылатын түрме терминдері сырт көзге елеусіз ғана нәрсе болып көрінгенімен, кейіпкерлердің табиғатын ашуда үлкен қызмет атқарып тұр.


Өз басым «Қараөзек» романын тәуелсіздіктен кейінгі жылдары дүниеге келген классикалық туындылардың қатарына батыл қоса аламын. Сонау алпысыншы жылдары әдебиетімізді дүр сілкіндірген Әбіш Кекілбай, Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, Төлен Әбдікұлы.., сексенінші жылдардың орта шеніндегі Несіпбек Дәутайұлы, Рахымжан Отарбаевтар, берідегі, тоқсаныншы жылдардың басындағы Нұрғали Ораз, Жүсіпбек Қорғасбектердің шығармаларынан кейін, соншалықты қарапайым, соншалықты шынайы, соншалықты көркем жазылған туындыны бірінші рет оқып отырмын. Бұл романның алдағы уақытта әдебиетіміздегі өзіне лайық бағасын алатынына бек сенімдімін.


«Қараөзек» - тақырып қуып жазған көп шығармалардың бірі емес. Бір жігіттің тағдыры арқылы бүкіл ұрпақтың трагедиясын көрсеткен кесек туынды. Ремарктің «Үш дос» деген романы бар ғой. Біздің әдебиетіміздегі сондай үлкен туынды бұл.



Амангелді Кеңшілікұлы,

сыншы,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар