Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Пір Бекет ата туралы өлеңдер мен толғаулар, поэмалар

12.01.2016 2243

Пір Бекет ата туралы өлеңдер мен толғаулар, поэмалар



 

 

Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ (1928-1994)

 

БЕКЕТ АТА ТУРАЛЫ АҢЫЗ


 

Әулие Бекеттің қабірі жан-жағы құз-шатқал, жетуі қиын-қыстау бір шыңның басында көрінеді. Қазіргі күнде вертолет болмаса бару мүмкіндігі қиын деседі. Мен де бара алмадым.

 

Туғанда қауіп-қатер, күн зымыстан,    

Немесе кездескенде қиын дұшпан.

бекет ата.jpg

Кезінде ер басына бұлт айналған,

Бекетке ел тірісінде-ақ сыйынысқан.

 

Кісі екен сәлемінің өзі рахат,

Кететін кездескенде шерің тарқап.

Көзінде көкшіл жалын жанады екен,

Қапыда қалса біреу атын атап.

 

Сондықтан оның атын көп айтпаған,

Күні жоқ қасиетін молайтпаған.

Алдында жатады екен жолбарысы,

Ит-құсты маңайына жолатпаған.

 

Жалғыз-ақ бір құрдасы тиіп-қашып,

Онымен ойнайды екен иықтасып.

Ел айтқан әруағына сеніңкіремей,

Әр жерде көлденеңдеп жүріпті асып.

 

Ер Бекет оныменен сөзге ерінген,

Кезі жоқ бір қалыптан өзгерілген.

Өзгеге өзі түгіл, сәукеледей,

Шалынған көлеңкесі көз көрімнен.

 

...Бір күні сол құрдасы жолға шыққан,

Ауғанда атан түйе арбасынан.

Қатыны баласымен қоса қабат,

Құлдилап құлап кеткен жар басынан.

 

Сорғалап төмен құзға бара жатып,

Қалыпты «Иә, Бекет!» деп бір тіл қатып.

Дік етіп аман-есен жерге түскен,

Түсінен оянғандай ойға батып.

 

Қадірін құрдасының сонда аңғарған,

Еңіреп айдалада жылап алған:

«Бекетжан, айналайын, сен болмасаң,

Мен үшін құрып еді мына жалған»...

 

Депті ол бір жиында Бекет ерге:

Талай жыл түсіп кеппін текке терге,

Кеш, батыр, кеңдігіңнен шапағат бер,

Кетпесін әзіл тарап шет-бөтенге.

 

– Ол рас, – депті Бекет, – қолдағаным,

Шырқырап ұшарында сонда жаның,

Маған да әзіл айтар біреу керек,

Обал ғой сенің тірі болмағаның.

 

Жалма-жан жауырынымды тоса қалғам,

Сары атан белімнен кеп баса қалған.

– Нанбасаң қарай ғой, – деп шешінгенде,

Құрдастың сол арада шашы ағарған.

 

Түйенің төрт табаны түскен аттап,

Тұр екен жотасында мөрдей қаптап,

«Сабаз-ай!» – деп күрсінген қараған жұрт,

Жөнелген әулиенің атын жаттап.

 

Осы аңыз естігенде есімді алған,

Сондай бір ел жадында есім қалған.

Адайлар: «Иә, Бекет!» деп сыйынғанда,

Кеңейіп сала берген есіл жалған.

 

Біз-дағы пендеміз ғой бұлт кешкен,

Сауында қауіп-қатер шығыпты естен:

Құлдилап сондай құздан құларымда

Арман не, «Иә, Бекет!», – деп тұрып кетсем?!

 

 

 

 

 

 

 

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА (1939-2014)

 

ОҒЫЛАНДЫ

 

Адасып келем,

дала асып келем елсізде

түн менен ойға қамалып,

Жусан иісінен нәр алып.

Жұлдыздар көктен қарайды самсап қадалып.

Алдымда тұтас көкжиек құшып тау жатыр

ықтын болардай жолаушы жетсе жаны арып.

Ойымша – сонда маған да пана болатын жылы бір ұя бары анық.

 

Құлама құзы – тайғанақ,

тәубаға келдім – қарап ем,

қатерін төгіп тұрғандай маған бар әлем.

Қастерлі тауда қасиет бардай жарылқар

шықпай жүргенді жаны әрең.

Келесің мұнда сырласу үшін сақтанбай

өзіңмен, армен, даламен.

 

Түн құшып жатыр бұл маң да...

Жарқ етер екен таң қашан?

Сенімсіз түнде үмітімді немен жалғасам?

Ал, менің әлі сапарым қанша алдымда,

күш құяр жанға жолымда сәуле – бар ма шам?

Әлі де біраз жолым болмайтын секілді-ау,

Оғыланды тауда бір түнеп қуат алмасам.

 

 

Қабиболла СЫДИЫҚҰЛЫ (1934-2001)

 

БЕКЕТ АТА РУХЫНА

 

Бекет Ата – қасиетті бір есім,

Қайда барсам қасымда сен жүресің.

Жоқ деп сені айта алмаймын ешқашан,

Жүрегім мен санамда өмір сүресің.

 

Не көрмес жан, дәм-нәсібе бұйырса?!

Бұл өмірде қысып талай қиын шақ –

Қасірет бұлты торлап алған кездерде,

Күнім шықты бір өзіңе сыйынсам.

 

Сол ақиқат жанып-жанып сөнесің,

Сол себепті бір құдіретке сенесің.

Бұл пәниде тірегім боп уа, бабам,

Қамқорым боп жөн сілтеумен келесің.

 

Жүрегімнің жалынымен жазамын,

Рухыңа таза тілек – таза мұң.

Әруағыңды ардақтайды адайың,

Қасиетіңді қадірлейді қазағың.

 

Бір өзіңе бас иетін көбейді ел,

Жаным жүдеп, жабырқасам, жебей гөр!

Тайғақ кешу, тар жерлерде, уа, бабам,

Жар бола гөр, қолтығымнан демей гөр!

 

 

Темірхан МЕДЕТБЕК (Алматы)

 

БЕКЕТ АТА БАСЫНДА

 

Астасатын Үстірттің қиырымен,

Басталатын алып ой бүйірінен.

Бекет Ата басында арқар деген

Үйірімен жүреді, үйірімен.

 

Тәкаппарлық, паңдық бар қарасында,

Ескерткіштей кұйылған жарасымға,

Қауіп сезбей тұратын емін-еркін

Ақар-шақар тастардың арасында.

 

Емін-еркін секіріп тау-тасынан,

Қарап тұрар жартастан, жар басынан.

Адамдарды бұл жерде ол туыс көріп,

Маңғаз басып өтеді дәл қасынан.

 

Бұл жерде арқар айналған асыл аңға,

Тимейді оған таңқы да, тасырың да.

Оларды ешкім шошытып, қорқытпайды.

Оларды ешкім атпайды осы маңда.

 

Ішін кезіп таулардың  ұзын көштің,

Демес мұнда  аңдардың ізін кестім.

Қонып жатқан, қайтадан ұшып жатқан,

Үркітпейді бұл жердің кұсын да ешкім.

 

Бұл жерде адам жат ойды аластайды,

Өтірік те, өсек те жақ ашпайды.

Бұл жерде адам даурығып, таласпайды.

 

Осы жердің тау-тасын кезіп кеттім.

Кезіп кеттім, қаншама ой сезіп кеттім:

Кей адамнан безінсем, келер кейде

Бекет Ата жағына көшіп кеткім.

 

 

Есенғали РАУШАНОВ (Алматы)

 

БАБА БЕЙIТIНДЕ

 

Өзiң бiлесiң,

Дұғамнан тастамадым есiмiңдi,

Ашпасаң ашпа, баба, есiгiңдi.

Кiм бiлсiн, мүсiркеуден шаршадың ба,

О бастан бақыты кем кесiр ұлды?

 

Сен түгiл мен өзiм де шаршап бiттiм,

Себебi сендiм, Ата, аңсап, күттiм.

Күткенiң, аңсағаның не десеңiз,

Оты екен жалғандық пен жаңсақтықтың.

 

Мiнеки, тауың жатыр шөккен нардай,

Ентiгiп шөккен нарға жеткен қандай?

Жоқ менде тiлер тiлек, айтар арзу,

Басыңа келсем-дағы көптен қалмай.

 

Бiр күнi қуғанменен қырсық қанша,

Мен-дағы көгерермiн бүршiк талша.

Ал бүгiн жарым түнде жалғыз келiп,

Отырам босағаңда күн шыққанша.

Күн шыққан соң кетемiн...

 

 

Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА (Оңтүстік Қазақстан)

 

ПІР БЕКЕТ

 

Не кешпеді, не көрмеді бұл дала,

Қорлық, зорлық, сұмдықтарды сұрама.

Мың-мыңдаған шақырымнан тіл қаттым,

Арыстанбаб жанындағы жыр ана.

 

Шабыс қана тілегені тұлпардың,

Намыс қана жүдегені сұңқардың.

Я, Пірім деп тебірендім, толғандым,

Зікірімен Әзіреті Сұлтанның.

 

Ата-бабам мойындаған бес парыз,

Құдай деген момындарға дос қарыз.

Қаратаудан Бекетіне қайырылды,

Баба ата мен, Бабай түкті шашты Әзіз.

 

Ак шапанды аса таяқ бұйырған,

Әулиелер жасай бермек әр мезет.

Бұрғызып ең, аттың басын бір кезде,

Әруағыңнан айналайын Пір Бекет.

 

Арылсын деп іште күнә түйнектен,

Алла өзі көбейткен де сиреткен.

Жаратқанның достары ғой достары,

Бауырмалдық, мейірбандық үйреткен.

 

Жамандыққа мұсылманның бөгеті,

Дүние мен малдан берген зекеті.

Аламанға ат қосыпсыз, ас беріп,

Қабыл болсын, Тұрғараның Бекеті.

 

Әулиенің аңғарған соң пейілін,

Мешіт болып Тау да төккен мейірін.

Ащы су да тұщып, балдай сусын боп,

Сауын қылған секеңдеген Елігін.

 

Мәдинада – Мұхаммед ұстағаны,

Түркістанда – Қожа Ахмет нұсқағаны.

Маңғыстауда – Пір Бекет аталарым,

Бір Алланың жердегі үш тағаны!

 

 

Шота-Аман УӘЛИХАН (Алматы)

 

УА, ӘРУАҚ, ӨЗІҢ ҚОЛДА

 

Бекет Ата Адайдың болған басы,

Ұрпағының үзілмес берген асы.

Лувр мен Эрмитажға қоярлықтай,

Көздің жауын алады әрбір тасы.

 

Неткен Адам өмірден өткен деймін,

Болашаққа кір шалмай жеткен деймін.

Әруағын аттаған жамандардың

Бүгін-дағы түбіне жеткен деймін.

 

Жүрегімді гүл етіп алып қолға,

Жалаң аяқ жол кештім барар жолда.

Дұға оқыдым, бас идім мәйітіне

Мені-дағы, уа, әруақ, өзің қолда!

 

 

Есенғали БӨКЕНБАЕВ (1921-2002)

 

ҰРАНЫМЫЗ – ПІР БЕКЕТ

 

Келінбердінің кенже ұлы Мұңалымыз,

Көреге көрмегеннің құмарымыз.

Мұңалдан аты әйгілі Бекет шыққан,

Әркімнің қолы жетпес шынарымыз.

Таңғажайып төзімі тозбайтұғын,

Суырылған болаттай шыдамымыз,

Ерлерім жауға шапса сыйынатын,

Әулие Бекет Ата ұранымыз.

Әділдік, ақиқаттың түп қазығы,

Келді қайтып қасиетті Құранымыз.

Адасқанды тура жолға сілтейтұғын,

Мәңгілік сөнбейтұғын шырағымыз.

Батыр да,әулие де  ел тірегі,

Халқымның нақ сүйенер сыңарымыз.

Жеті жұрт кетсе-дағы тұрақ таппай,

Маңғыстау  құтты қоныс тұрағымыз.

Егеменді ел болып Қазақстан,

Серпіліп келе жатыр тұманымыз.

Сол тұманмен кетпекші өмір-бақи,

Үш ғасырдай орныққан мұнарымыз.

Дарынды жауынгер ел Адай дейтін,

Бәріміз Пір Бекеттің ұланымыз.

Қалайда Бекет Ата орны бөлек,

Рухани сусындайтын бұлағымыз.

Ағайын, Пір Бекетке тәубе етелік,

Құдіретке шын келсе ұнағымыз!

 

 

Өмірзақ ҚАЛЫБАЙҰЛЫ (1926-2008)

 

ПІР АТА

 

Білдірдің бүгін, алаш, бірлігіңді,

Бірлікшіл қазақ айтты елдігіңді.

Атасаң, ерің де бар, пірің де бар,

Өзектес өзгелермен теңдігіңді.

 

Мереке бүгін байтақ елімізде,

Киелі Маңғыстаудай жерімізде.

Айтқанда мынау жиын, мынау құрмет,

Жарасар Бекет Ата пірімізге.

 

Пір Ата бүгін халық тіліндесің,

Айтылып, әр қазақтың тіліндесің.

Бола гөр шапағатшы бәріне де,

Пір атам мүсіркер деп көңілденсін.

 

Естідік қасиетті ауыздардан,

Аңыз боп ел аузында сөз де қалған.

Ұшқанда құздан түйе, арқаң тосып,

Не керемет Хиуаға ұшып барған.

 

Айтысады, ақиқат деп осы сөздер,

Болған дейді өз тұсында көрген көздер.

Атаның арқасында сақталыпты,

Түйенің тас табаны түскен іздер.

 

Кете алмас тілге салмай осы сөздер,

Көк Асаң аққу болып ұшып келген.

Киігің қыр басында қораланып,

Жолбарыс мешітіңде түнеп жүрген.

 

Тоба еттім осындай сөз естігеннен,

Құдығың, бұлағың тұр мөлдіреген,

Барғандар дәрет алып, ниет етті,

«Жан ата, демей гөр!» – деп, ішке кірген.

 

Жетіпті мұратына ниет еткен,

Әр пенде әр қиялмен үміт еткен.

Перзентсіз бала сүйіп, дертке дауа,

Көріпті шапағат нұр тілек еткен.

 

Кейде мен жалғыз жүріп үрейленсем,

Жабырқап әлденеден жәбірленсем.

Сонда мен ауызға алып, әруағыңды,

Батылданып кетемін «Бекет!» десем.

 

Ол рас батылданам, батылданам

Өзің келіп тұрғандай жақын маған.

Бас иіп, рухыңа тілек еттім,

Шапағатшы бола гөр, Бекет Бабам!

 

Әруақты пірімсің ғой жебейтұғын,

Қысылғанда рухың ғой демейтұғын.

Өтсе де қанша ғасыр ел есінде,

Сақталар ел есінде өлмейтұғын.

 

Қаларсың қазағымның атасы боп,

Сыйынғанда демейтұғын панасы боп.

«Қосай, Бекет қолда», – деп қарттарыңның,

Қол жайып көпке берер батасы боп.

 

 

Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ (Маңғыстау)

 

БЕКЕТ АТА

 

Ер Бекет Ата, өзіңсің елдің ұраны,

Көтерген туың желбірей жайнап тұр әлі.

Маңғыстау ойы, даласы қазақ Пір тұтты,

Өзіңе арнап лаулайды жаққан шырағы.

 

Жұртыңа елі сыйлапты ер деп найзаны,

Ақтады соны, жау көрсе көзі жайнады.

Ту ұстап талай қол бастап жауын қашырған,

Өзіңсің, Ата, Адайдай елдің айбары.

 

Шұғыла шашып мейірін маңға тарата,

Алысты жақын етеді ғажап бір Ата.

Желей гөр, Ата, жебей гөр, Ата – бата бер,

Ер Бекет Ата, Әулие Ата, Пір Ата!

Ер Бекет Ата, Әулие Ата, бата бер.

Пір Бекет Ата!

 

Әулие Ата, өзіңсің басы дәулеттің,

Өзіңсің демі тентектеу туған әулеттің.

Жатырсың сәндеп әлі де жанның сарайын,

Төрт мешіт соққан, өнері асқан сәулетшім.

 

Анттасқан шақта ары да болған елінің,

Ұл-қызын қорғап арқасын тосқан керімім.

Адассам бағдар, нұр шашқан Темірқазығым,

Жасыса намыс суарып алар көрігім.

 

Қасиет дарып тірілей «Пір» деп аталдың,

«Иә, Бекет!» – демей бастауға ісін батар кім?

Сенімді жанға пейілін Тәңір таныта

Жайраңдай күліп Сіз жақтан ғана атар Күн.

 

Пір Бекет Ата, ізіңді басқан сүйгіздің,

Сәждеге аппақ маңдайын елдің тигіздің.

Оғыланды-Ордаң ниетін кісі тазартар,

Еңселі ердің, ханның да басын игіздің.

 

 

 

Айтуар ӨТЕГЕНОВ (Маңғыстау)

 

АНТ

немесе суын құлын хикаясы

(поэмадан үзінді)

 

I. Боз бие... Суын айғыр... Қара құлын

 

Жыртатұғын намысқой өз ұлтының жыртысын,

Түгендейтін көзбенен малдарының түр-түсін

Түрікпеннің Жәуміті,

Қазекемнің Адайы,

Қатар жайды бір жылы жағалауға жылқысын.

Бұл теңіз ғой екі елді тел қоңырдай емізген,

Дейтін екі ел бақталас «өздеріңнен неміз кем?!»

Екі байдың жылқысы қатар жатты сол жылы

Ада атты қолтықта сұғыныңқы теңізге.

Талай бастан ғаламат, адам сенбес өтті іс,

Бұл дүниеде жыртылып, жамалғанда көп тігіс.

Бір көріпкел-әулие әлгі-әлгі байларға,

«Судан суын шығар кез осы көктем»,  депті-міс.

 

Жылқыларын жағадан ұзатпады екі Бай,

Жағалаудың ну шалғын биыл тіпті отын-ай.

«Суын айғыр шапқаннан туады тек қас тұлпар»,

Кімнің бағы үстем боп жанар екен, япыр-ай!

Жауапты істің салмағын кім қалады сезінбей,

Жылқышылар күзетті кезектесіп, көз ілмей.

Суын айғыр шығатын түнді асыға күтті олар,

Төзім болмас сірә да аңсап күткен төзімдей.

... Қияқтанған Ай сұлу сүттей жарық түн еді,

Қабыл болып бір байдың көптен күткен тілегі.

(Айта алмаймын оны мен сол байыңыз кім еді)

Суын Айғыр күмбірлеп кісінеген сәтінде,

Биелер мен байталдар дүр сілкініп түледі.

 

Ақ толқындар ақ шулап, ақ көбігін шашады,

Күміс-құйрық, алтын-жал және жібек-шашағы

Суын айғыр келді де боз биеге артылды...

Бұл кезде ұйықтап кеткенді жылқышылар жасағы.

Әлқисса, бұдан кейін аңыз былай дейді: Түрікмен байы ертесіне қасына жасы тоқсанға келген сыншы, әрі сейіс ақсақалды ертіп қосқа келіпті:

– Иә, біліштерім, суын айғыр жанасты ма? – деп сұрайды сонда сыншы жылқышылардан.

Көз ілмей күзетудеміз, бірақ суын шығар емес.

Ұйқы  дұшпан болады, біліштерім. Сыншы осыны айтып үйірлерді аралауға кіріседі.

Балауса көк құрақты күрт-күрт үзіп тұрған боз биенің жанына келіп тоқтайды. Боз биенің алдына бір, артына бір шығады. Сосын: «Көзден таса қылмаңдар, суын тұлпар осының ішінде» дейді де өз жөніне кете береді.

Боз бие ерекше күтімде болсын, оның амандығына бастарыңмен жауап бересіңдер,  дейді бай да жылқышыларына.

Бұдан былай судың мөлдірін әрі тұщысын боз бие ішті. Жердің отына боз бие жайылды, жемді боз бие жеді, жал-құйрығы жұма сайын таралды, қыста жібек жабу жабылды. Көктем шыға құлындады.

Жылқышылар қосына сыншы мен бай тағы келді. Боз биенің бауырында мөлдір қара құлын ойнақтап жүр. Жүнінің түгі мақпалша құлпырады.

«Исі түрікменді ауызына қарататын болашақ дүлдүл, ақалтеке тұқымының асыл қанын тағы бір жаңғыртатын осы жануар», – деп тебіренеді сыншы.

Бір жұма өте сыншы тағы келді. Келе боз биенің қасына барды. Мөлдір қара құлын ойнақтап жүр. Бірақ... Сыншы өз көзіне өзі сенбеді. Өткендегі дүл­дүл шығар құлын тәрізді емес. Әлде тоқсан жас көз жанарына кіреуке түсірді ме екен?

Құлын басқа, тұлпардан айрылыппыз.

Мүмкін емес, біз құлынды көзден таса етпей бағудамыз.

Қазақтар келген жоқ па еді?

Жоқ.

Сыншы атына мінді де көршілес қазақ ауылдарына тартты. Жоқ қараған болып, жылқы табындарын аралады. Кенет... көзі бір боз биеге түсті. Өз ауылының боз биесінен айнымайды-ау, айнымайды. Бауырында мөлдір қара құлын ойнақ салады. Әр қадам басқан сайын қарабурыл, көкбурылданып түлеп, ең соңында ақбоз айғыр болып арқырағалы тұрған тұлпар құлынды көріп, таныды. Сол. Дәл сол. Япыр-ай, бұл қазақтар қапысын қалай тапқан? Енелеріне қалай телінген? «Мынау біздің түрікмен малы суын айғырдың тұқымы, іздеген жоғым осы», – деді.

Сыншының бұл сауалын қазақтар келеке қылды.

Су жылқысы суын ертегіде ғана айтылады. Сізді пері еліктеген болар. Жүріңіз Бекет-әулиеден дұғалық алып берелік. Мойныңа бойтұмар етіп тағып жүр. Ха-ха-ха!

Жын қаққан болар.

Алжыған кезде адам сәбидей болады.

Ха-ха-х-а-а!

            – Отағасы, ол құлын, өзіміздің қолтума бәйге Ақтанкер айғырдың баласы. Көр де тұр, ертең сол атасындай ақбоз-ақтанкер болып шыға келеді.

Сыншының іші удай ашыды. Қазақтар сөзге кезек берер емес. Маубас жылқышыларының суынның судан шыққанын да, ақбоз биеге шапқанын да көрмеген, тіпті көз алдындағы құлынды ауыстырып кетуін де сезбеуін қарашы. Өң бе, түс пе?

Келе сыншы запыран ойын, көрген-білгенін байға айтты.

Бай орнынан атып тұрып айқай салды.

Аттан! Шабыңдар қазақтарды, құлынды үйірді айдап әкеліңдер!

Аттанса екі елдің арасы қан төгіс болады. Бір қан төгіс кеше ғана басылған. Сыншы ақсақал байға кеңес айтты:

– Қан төгіс халқыңа сын. Олармен анттасайық. Антқа шылқыған бай Қожаназардың сұлу, жас тоқалы Ақшолпаннан туған алты жасар Оғыланды ұстасын, – делік. Бір құлын үшін қазақтар оған бара қоймас. Малымызды қайырар.

Мұны естіген соң қазақтар да ақиып тұра келді.

           – Анттасамыз!

           – Құлын өзіміздікі. Өз енесінің бауырында. Бұл не басынғандық.

           – Қожаназар байдың асыл тұяғы Қошан баланы антқа ұстаймыз...

Іс насырға шапты.

Түрікмендер талабы: «Не қан төгіс, не анттасып құдай алдында өздерін ақтап алсын».

Қазақтар уәжі: «Анттассақ анттасамыз!»


 

Бекет Ата байламы


 

Сұлулардың мықынындай мықыны,

Кекіліне тағар сәндеп үкіні.

Көшпелілер үшін қымбат бәрінен,

Қас тұлпардың тұқымы.

Көкейімнен көмкерілген сырғы жыр,

(Қатпарларың неткен көп ед нұр-ғұмыр).

Екі елдің намыс-ары боп шықты,

Сырты түк-түк

Қарны жыныс

Бір құлын.

 

Бір құлынға бола екі ел дауласқан,

Бір құлынға бола екі ел жауласқан.

Сосын қыз ап татуласқан, қайтесің,

Мінездері болса солай,әу бастан.

Жүре алмайсың сонда да елді аңсамай,

Қызықтырмас өзге елдегі сән-сарай.

Сөз асырмау бастан жөнсіз қайтесің,

Даладағы жазылмаған заң солай.

Күннің нұры күлімдеген-Гүлдікі,

Ләззатың төсектегі-Түндікі,

Дүниеге келмей жатып сынға түскен тағдыры,

Сонда, сонда...

Мынау құлын кімдікі?

Бұл адамның көзі жіті, болжампаз ғой санасы,

Бала Мұхаммедті де

Өлтірмек боп іздеу сапты қарашы.

Өмір заңы (оққа ілігер қай кезде де дарасы)

Ал осы ғой,

Ал осы ғой,

Ал осы.

Мұндай сәтте үзілген жөн тек мықтының жұлыны,

Сонда ғана кек қайтады шығып ырым-жырымы.

Боз биенің бауырында ойнаған сол құлындай,

Қожаназар-Ақшолпанның оққа ілінбек құлыны.

Бекет Ата қалың ойда, түйіліңкі қабағы,

Ойлануда күтсе-дағы мешіттегі сабағы.

Бір құлын бұл...

Бір құлынның әрі кетсе құны да-

Бір тай-жабағы.

Істің мәнін ақылға сап, безбендеп көр, қара көр,

Боп тұрғандай қазақ жағы айыпкер де,

Түрікмен жағы талапкер.

«Жауластырмақ жаушыдан да, бітістірмек елшіден»,

Жаппар ием, пендеңізге осы тұста қанат бер.

Екі жақты табыстыру, осы істің қиыны,

Қайткенде де шешкен дұрыс ши байланған түйінін.

Ант үстінде мәмлегер болуға Ата бел буды,

Бір Аллаға сыйынып.

 

 

Тілек


 

Анттасу Маңғыстау өңіріндегі атақты 360 әулиенің бірі Қараман Атаның басында өтуі тиіс. Қараман Ата, Қошқар Ата, Масат Ата, Шақпақ Ата... киелі де қасиетті Аталар мекені болған Маңғыстау өңірінде екі елді бітістірер, не кетістірер тағы бір ұлы жиын болғалы тұр. Тірілердің мынау дүние жалғандағы пақыршылық әрекеттеріне өлілер патшалығының әулие-әмбиелері риза ма екен? Қараман Ата әулие әруағы «өлімде де дұрыс жатқызбадың», – деп ертең құмырсқадай қаптаған қалың жұрттың алдында бұлқан-талқан ашуланып, күн көзін жабатын қара бұлт болып түнерсе немесе қара жер топырағын суырып, тойымсыз көздерге тықпалаған дауыл болып соқса... онда екінші жақтың, яғни айыпкер болып саналатын жақтың бел омыртқасының үзілгені. Қалай болғанда да Ант күні Әруақ көңіліне кіді алмай: «Ұрпақтарым, қал-қарекеттеріңді өздерің шешіңдер, бір жабағыға бола біріңнің жағаңа бірің жармасқандарың не, ол ақылгөйлер жасар іс емес, ұят, ұят», – деп жайма шуақ қабақ танытып, шалдуар балалардың асыққа таласқанына қызыға қараған әкедей болып жатуы керек.


Бекет Ата Қараман Атаның басына үш рет келді. Сырт кісі келу-кету сапарын ғана жіпке тізді, бірақ оның әр келісінің сыр-құпиясын аңғара алмады. Оны Бекеттің бір өзі ғана білді.

Әйтеуір, үшеуінде де Ата жерасты ғибадатханасында ұзақ болды...

 

 

Құрбандық

 

Кесілді үкім ая мейлі, аяма,

Нағыз шындық бермейді ғой бояла.

Шашын жайған жатты Ақшолпан талықсып,

Садақаға ұлын қимақ қай Ана?

 

Еркін өскен ерке тоқал пәк, салқам,

Талайлардың жүрегіне шоқ салған.

Қошан бала мінген кезде қара атқа,

Талып жатты, талып жатты Ақшолпан.

 

Солдыруға кім қияды Гүлді өскен,

(Дәл осылай біздің қазақ күн кешкен).

Қоштасқанда ағайындар аңырап,

Жымың қақты, көзін қысып күндестер.

 

Шыққаннан соң береді күн қысқара,

Болған болса Ант басында іс қара.

Екі «құлын»-құрбандыққа шалынбақ,

Тым қатыгез неткен жандар, масқара?!

 

 

Әруақ ашу танытпады

 

            Қараман Ата қауымының басы қаптаған қарақұрым халыққа толды. Жүздері суық, қабақтары қатыңқы, өмірде күлкі дегеннің не екенін білмей өткен жандардай. Екі жақ бір-біріне қара бұлттай төніп тұр. Қылыштар әзірге қынында тұрғанымен, әп-сәтте лыпып, жарқ етуге дайын-ақ. Істің ушыққанын тілеп жүргендер қаншама?

            Бірақ адамдардың қабақтары түнеріңкі болғанымен аспандағы алтын күннің қабағы жадыраңқы, жайма шуақ еді. Лып етер жел де жоқ, әншейіндегі аяқ астынан көтеріліп лаң салатын тентек құйындардың да қарасы өшкен. Әруақ оқыс мінез танытпады. Екі жақтың ділмарлары жүрелесе отыра қалып, бие сауым мезгіл қызыл тілдің майын тамызып салғыласты. Ортада – кекілін, құйрығын қара матамен түйген қара арғымақ үстінде қара киім киген, бұл фәниге қылдай қиянаты жоқ Қошан сәби. Қара тоқымды, қара бас ердің қасына қара жүген қаңтарылған, Қошан баланың оң қолында кәдімгі етік тігетін, ағаш сапты ілмек қармақты біз. Қара құрмен ноқталанып, қара қазыққа байлаған, адамдардың не істегелі жатқанынан еш хабарсыз, даудың басы-қара құлын.

            Айтыс шарықтау шегіне жеткен кезде Бекет Ата Қараман Ата бейітіне қарап тізерледі де:

– Уа, әруақ, қара болсақ қара атты, біз болсақ бізді ат! – деп айқайлады.

            Осы сәтте Қошанның қолындағы біз ортасынан қақ жарылып, қара ат құлап бара жатты. Оңтайда тұрған бір жігіт Қошанды жерге құлатпай ат үстінен көтеріп алып кетті... Екінші жігіт құлаған қара аттың тамағынан қанжармен шалып жіберді. Осының бәрі қас-қағым сәтте, ешкім есін жиып үлгере алмайтындай жағдайда өтті. Көпшілік қауымның әруақтың құдірет күшіне тәнті болып, құлшылық етуге ғана шамасы жетті.

            «Әруақ қара атты ғана атып, татулыққа, бітімшілікке шақырды. Бір құлынға бола ел ішін ала тайдай бөрліктіргеніміз болмас. Қараман Ата басында жарықтық Қожаназардың қара арғымағының етінен ауыз тиіп, сорпасын ішіп, бата жасасып, туысқан болып тарасалық», – деді Бекет Ата.

            Бұл уәжге талапкер жақтың көнбеске еш лажы қалмады. Сөйтіп, Бекет екі елдің арасын қантөгіс болдырмай, бейбіт татулықта сақтап қалды. Айтушылар Бекет Ата үш күн бойы Қараман Атадан тілдесуді тілек етіпті. Үшінші күні Қараман Ата әруағымен тілдесіп, жоғарыдағыдай байламға келіскен екен дейді. Ал, әлгі суын құлын тұқымы адай жылқыларынан қуса жететін, қашса құтылатын ұзақ жолда шаршау мен шалдығуды білмейтін талай тұлпарларды шығарыпты.

 

Қателессем кешірім өтінемін

 

Қиыстырып қиялдан жаздым мен де шығарма,

Мұның үлкен мәні бар түсінуге, ұғарға.

Биесі еді ол қай байдың, айта алмаймын дәл басып,

Біледі оны

Ер Бекет,

Қараман Ата,

Бір Алла!

Көмулі сырың көп, Маңғыстауым-Бесігім,

Сол Сырларды ашуға талаптансам несі мін.

 

 

 

Светқали НҰРЖАН (Маңғыстау)

 

ҚАРАМАН АТА БАСЫНДАҒЫ АНТТАСУ

 

«Түркпен» деп жүрген, әрине, түбі түркі еді,
Түркінің қазір тоқсан тарап боп тұр төрі.
Аруаналардың қомында туған,
Арғымақтардың жалында туған
Бұл да бір тағы сынды жұрт еді.

 

Түркі еді, дедік – түбірі,
Жылқы еді, дедік – түлігі.
Түркпеннің өзін екіге жарып баратыр
Бұқардан келген нақышпандия Сүлігі.

 

…Аттары қалып,
Адайлар келіп бәйгіден
Түркпеннен бүгін кетіпті қашып айдын, өң.
Аты озбай қалса атасы өлгендей болушы ед –
Шөгермесі шөгіп, шөкелеп отыр қайғымен.

 

– Жетті енді! –
Маңғыстауыңды қанжығасына бөктерді.
Құлыныңды ұрлап, бәйгіңді тартып алады, –
Дүрдімұрат бек дүрдие сөйлеп кеткен-ді. –

 

– Кешегі бәйгі ат –
айнымай қапты бітімі,
Баяғы біздің «Суынғараның» тұқымы.
Байрағын алсын, бәйгі атын бірақ қайтарсын,
Түркпеннің басқа болмайды, – деңдер, – Бітімі!..

 

Пәтуа – осы! –
Жаушы жіберді жолға сап,
Адай деген ел – ол да сақ.
Қарамаяның тауынан күтіп, қайтарған
Сүйінғараның соңында шұбап мол жасақ.

 

– Шақшабасыңа сәлем айта бар! –
Шатпасын!
Дәмесі болса бері қарай енді аттасын!.. –
Депті де батыр тарс жауыпты қақпасын,
Жапқаны емей не, шорт бұрып кетсе ат басын?!.

 

…Келеге түсті билердің не бір ақылы,
Кергіге түсті ерлердің темір тақымы.
Адалдығын ақтап, Қараман Ата басында
Адай мен түркпен анттаспақ болды ақыры.

 

Мұндай күн туса салушы ед елге салт қыспақ,
Нар орнына жібере алмайсың көрт-қоспақ.
Бәле-жаладан арылып елің шығу шарт –
Ең ардақтыңның ең аяулысын Антқа ұстап.

 

Түркпен де тейлі ел, –
Адайдың баққан осалын,
Айнымай тапты – Қожаназардың Қошанын.
Жетпіс бесінде – Қошан ед көрген қызығы,
Он бесінде алып – Ақшолпан атты қосағын.

 

Қос Назар кеткен, –
Адайдың соңғы Назары
Сексеннен асып тарқаған шақ ед базары.
Оңалтпай басып, омалтып кете жаздады –
Екі елдің түскен назары.

 

Қошанын ертіп жетекке,
Қожаназар бай Оғыландыға тартты – Бекетке.
– Хақ пайғамбардың сүлбілінен едің, Ақ Пірім,
Ел мен ағаңның өтінішін енді екі етпе!

 

Қартайғанда көрген Қошаным еді – ақтығым,
Ел-жұртыңды – ақта!
Қошанды – сақта, Ақ Пірім! –
…Дүниенің ісіне араласпаушы ед, шара не,
– Болсын! – деді Пір, ағаның басып аптығын…

 

…Қараман Ата басы еді…
Қара атты Қошан алтынды тұрман қасы еді.
Қазақ пен түркпен самсап кеп қарсы қонысты…
…Қалай, оқырман, бар ма өзі сізге – әсері?..

 

Көздері шоқты,
кірпіктері – мұз,
сыз – қабақ,
Екі жақта да кек жалыны жүр жүз жалап.
Күбірледі Пір:
– «Қара» десең, Алла, қара атты ат,
«Біз» десең – бізді ат! –
Жіберді ол ерге біз қадап.

Қара атпен Қошан үш өтуі шарт алаңнан,
Садағын қамдап түркпен мерген тұр жаланған.
Жөнелді бала:
– Жар бола гөр, – деп, – ЖАН-АЛЛАМ! –
…Құралай елік қарғып барады – араннан.

 

Қалқып барады оқтан.., жоқ, оттан – көбелек,
Қанатын қазір шарпып өтеді жебе кеп.
Сарғалдақ еді қауызын жарған –
Қара тас
Төбеден ұрып тастайды мәңгі шегелеп…

 

Сақтады Құдай! –
Бірінші оқ кетті далаға,
Екінші жебе – бізді ұрды, тимей балаға! –
Үшінші өткенде – жалп етті қара ат! –
Бала аман, –
Бай айтты Пірге:
– Кетейін сенен – садаға!…

 

Бектұрлы ишан дүр – түркпеннің дауын ұстаған,
Бекетке келіп,
тоқтады жетпей үш қадам:
– Өзіңе тартып кеткенің қалай, Пір Бекет,
Бұл емес Хақтың біздерге жолы – нұсқаған?!

 

Наразы боп тұр жиылған түркпен осында:
«Анттасамыз, – деп, – Шайх Күбірәнің басында».
– Болсын! – деді Пір. –
– Ендеше, таңғы намазды
Оқиық бірге – гүжім-ағаштың қасында!

 

Осы сөзді айтып, ішінен бірақ Бектұрлы:
«Суынға мініп шабамын қазір», – деп тұрды.
«Жалғыз құлынның дауына сонша бүлініп»,
Сансырап самсоз ойларға кетті көп түрлі.

 

– Болсын! – деді Пір, –
Қошанды алды да арқалап…
Екі елдің ойы:
«Бұл жиын қалай тарқамақ?..»
Дүр сілкінді Пір –
Аққудың еніп кейпіне,
Жым-жырт боп алап,
тыншыды тылсым шартарап.

Дүние кетті бозарып,
Халықтың тегіс түскендей болды көзі ағып.
Аққудың мойнын құшақтап алған Қошан тұр,
Алты-ақ жастағы титімдей бала – өзі арық.

 

Гу етіп бір үн –
жүректен ұрды төтелеп,
Бектұрлы ишан кеп жығыла кетті шөкелеп:
– Ақ Пірім – сенсің!
Аққуым – сенсің, Пір Бекет,
Ақ туым – сенсің! –
Баста елді Хаққа жетелеп!..

 

Шайтаным қашты –
Рухымды алған некелеп,
Хақ жолын таптым! –
Өтемін енді мәпелеп…
…Қалпына келді Пір Бекет сәтте,
Ал Қошан
Қожаназарға жүгіріп кетті «көкелеп!»

 

Дау солай бітті…
…Ертегі емес бұл, шырағым!
Аққу-Піріме бар ма әлі қояр – сынағың?..
Тарасты қос ел – ұстасып Хақтың Құранын,
Ясауидің жүрекке жағып –
Шырағын.

 

Сол Шырақ еді бәледен қорғар – Тұмарым,
Бәріне куә –
Маңғыстау мекен – мұнарым…
…Келеді, әнеки, аламанның тағы алдында –
Қошаннан өнген шақырып ұрпақ – ұранын,
Көсілте шауып –
Бабадан қалған пырағын!..

 

 

 

 

Сабыр АДАЙ (Маңғыстау)

 

БЕКЕТ АТА

 

Я, күнәһар

Құлыңмын,

Құдіреті күшті жан Алла!

Жүректің басын зәр алса

Сәждеге басты саларға

Бес мезгіл намаз бізде жоқ.

Бет түзер едік адалға

Қабырға бойы қайғымды,

Шеміршек бойы шерімді

Егеулі найза ерімді,

Ат қолтығы жыртылып,

Маңдайдан үккен терімді

Ісім бар ма бұлдарлық?!

Атадан қалған

Қасқа жол,

Қапыда сенен тұл қалдық.

Иманның шамы

Өшкен күн,

Иванның заңын құлдандық.

Құдіреті күшті

Жан Алла!

Құлай да сүйсем мінім бе?

Жылай да сүйсем мінім бе?

Атамыз Бекет

Бас иіп,

Он сегіз мың ғаламның

Жалбарынған тілінде.

«Ере көрме, Елім» -деп,

Ен жайлаған түбектен.

Ібіліс көше іңірде.

Құран ашып, нұр ішіп,

Сәулесін шашқан тәңірдің.

Зайырына кәмілтін.

Тығылар жерің

Бір құдай,

Сыйынар жерің Пір Бекет,

Осы отырған бәріңнің.

Қол жаюға қорсынба.

Батаға қылар бақ тұрақ.

Дүние керуен-

Біз қонақ,

Өтпеді кімдер шапқылап.

Құлдық қылсаң әруаққа.

Ұрпағыңның ұрпағын

Бәледен жатар қаққылап,

Атамыз Бекет қолдасын!

Ниеті құбыла пенденің

Береке алды бірлікпен,

Дәулетке қолын малдырып.

Әумин!

11.08.1999

 

 

 

 

Рахмет АЯПБЕРГЕНҰЛЫ БЕКЕТТЕГІ (1950-2008)

 

БЕКЕТ АТА

(поэма)

 

Ашылмаған құпия көп тірлікте,

Әрбір адам зерттелмеген бір нүкте.

«Бекет!», «Бекет!», дейді әркім әр жерде,

Бірақ біздер оны терең білдік пе?!

 

Бәрін құрттық одан қалған мұраның,

Басқа болып кетті айтар жыр, әнім.

Қазақтар-ай, ұмыттық қой әруақты,

Жауға шапсаң Бекет те бір ұраның!

 

Билік болса кілең мықты іріміз,

Сөз бермейміз бірімізге-біріміз.

Қорыққанда, торыққанда жебейтін,

Естен шығып кетті көптен піріміз!

 

Тасын теуіп сықылықтар дәу жиен,

Мен басымды ауырмай-ақ сауда ием!

Ағайындар осы Бекет емес пе?

Сырқаттансаң түнейтұғын әулиең!

 

Көп адамның сөзі ол біздің жерде өскен,

Ал, сенбесең елді аралап көр, дос, сен.

Қарсыласын жеңу үшін алаңда,

Палуандар да «Иә, Бекет!» деп белдескен.

 

Сан ұл-қызды көрдік талай жиыннан,

Сөз нөсері атыңды айтса құйылған.

Көл-дария шабыт сұрап сондықтан,

Ақындар да «Иә, Бекет!» деп сыйынған.

 

Аңыз-шындық сен жайлы далаң толған,

Қорғап жүрер жақсыңды жаман жолдан.

Тау құзынан құлаған құрдасың да,

«Иә, Бекет!» деп сыйынып аман қалған.

 

Қандай мәңгүрт еске алмайтын атасын?

Ұмытты ма ел абызының батасын?!

Білесің бе, бауырлар-ай, неліктен,

Сүрінсең де «Иә, Бекет!» деп жатасың?!

 

Сенер оған көп кезген жан даланы,

Қалың қарда бұл жай жиі болады.

«Иә, Бекет!» деп көрші сол сәт сыйынып,

Киігі оның сені жолға салады.

 

І бөлім

 

Кәтеп. Ауыл. Отыр едім сыртта мен,

Бірде осындай болды оқиға күтпеген.

Машинадан қой сүйреп түсті екі-үш жан,

Жолықпаған бұрын-соң бұл жұртта мен.

 

Қазақшалап амандастық қарсы алып,

Киімдері малшы атын тұр жар салып.

«Айекеңнің үйі осы ма?» десе де,

Танымадым мың ойланып, зер салып.

 

Шай үстінде қонақ сөзін өргізді,

«Танымайтын, міне, ағайын көр бізді.

Барлығына Бекет Ата себепші,

Өзі әкелді қасиетті төрге ізгі.

 

Шаруа, шаруа өмірде бір бітпеді,

Қыстауымыз алыс қия шетте еді.

 

Жолда Атаға соғайықшы десем де,

Мына балам, айтқанымды етпеді.

Әке сөзін тыңдамады ұл, о жастық,

Ақыр жеңді ол, аздап кейін жарастық.

Көп кешікпей жапалақтап қар жауды,

Жол көрінбей шыныменен адастық.

 

Қысқы мезгіл ай төбеден ауыпты,

Ақ көрпесін қалың қып қар жауыпты.

Азық біткен, бензин де аз, не істейміз,

Жолда қалып қою аса қауіпті.

 

Өкініштің отына ұлмен жылындық,

Кешір, әруақ, мөлдір таза жанымды ұқ.

Бекет Ата бір боз қасқа жолыңа,

Киігінді жіберші деп жалындық.

 

Өткен істі мойындадық айып деп,

Бұл атаға мың бас ию лайық деп.

Көп кешікпей киік пайда болды да,

Жолға салып кетті тағы ғайып боп...

 

Бұл сөзімді өтірік жоқ, дос, тыңда!

Мейлі ғой сен кәрісің бе, жассың ба?!

Ертең, ертең деп жүргенде уәде,

Қалып қойды көп шаруаның астында...

 

Айналайын шаңырақ қой бұл текті,

«Сөзі қайда? Әкеңе бар, тұр!» депті.

Тұрмыстағы қыздың кіріп түсіне,

Ата өзі осы үйге жол сілтепті...

 

Қазаққа анық бұл атаның атағы,

Әруақтың бір белгісі ғой о дағы.

Тағы басқа адамдарға жолығып,

Осындай іс қайталанып жатады.

 

Әруақ кезіп жүрер жолда, молада,

Айта алмаймын енді жоқ деп оны, аға.

Міне, мұны көзбен көріп отырып,

Атаға артық сөз айтуға бола ма?!»

 

ІІ бөлім

 

Алып тұлға теңдесі жоқ нар бабам,

Әруағым сен қайда жүрсем қолдаған.

Талай-талай жауға атылған жебе боп,

Бекет-батыр туған жерін қорғаған.

 

Қолын салса шелектегі су қызған,

Хабары мол адам болған тұрмыстан.

Егер дұшпан бара жатса күшейіп,

Керек болса қолдан дауыл тұрғызған.

 

Жас кезінен сөзі ар-намыс, серт екен,

Туған жердің тыныштығы дерті екен.

Құдіретті адам екен ғажайып,

Қажет болса жау ордасын өртеген.

 

Жеңіп шыққан жау құрған мың тозақты,

Өз басынан өткізген сан азапты.

Батысында желбіреген елімнің,

Бекет туы – жығылмаған қазақтың!

 

Өз еркің де десе де көп бөседі ер,

Көлденеңдеп сен де алдымды кесе бер.

Бекет егер алыс жолға жиналса,

Ақ сары бас қу боп ұшқан деседі ел!

 

Амал бар ма? Сөйлемейді өлгендер,

Ол заманда өтірікті білген бе ел?!

Тау шыңында құсқа айналған Бекетті,

Өз көзімен болған екен көргендер!

 

Аталардан жеткен сөз бұл имандай,

Азаншымен көп кісілер жиналмай.

Маңғыстаудан Хиуадағы намазға,

Әр күн сайын ұшып барған қиналмай.

 

Біздің кезге аман жеткен сан жылдан,

Көргендерді көркіне таң қалдырған.

Бекет – сәулет өнерінің шебері,

Тау күмбезі жердің төсін талдырған.

 

Ұрпақтарың қуғын көріп қаңғыған,

Торда қалды қасиетті Ән-Құран.

Құлсары, Бейнеу, Баялыда дем бітіп,

Медресе, мешіттерің қалғыған...

 

Сан алыпты туған біздің елде кең,

Адам бар ма? Ол кісіге сенбеген.

Бұл өмірден үміт үзген талайды,

Бекет-тәуіп өз қолымен емдеген.

 

Дәу ауызды жылдар сорып жалмаған,

Бір дана ой ел есінде қалмаған.

Талай мәрте шешкен жесір, жер дауын,

Бекет-шешен алдына жан салмаған.

 

Оның сөзін далам ұйып тыңдаған,

Басын изеп мақұлдаған мұңды анам.

Хиуада білім алып оқыған,

Бекет-молда, шәкірті бар мыңдаған.

 

Әр адымын кен ақылмен басатын,

Оқу – теңіз айдынында тасатын.

Шәкірттердің жүрегінде күн сайын,

Бекет-ұстаз білім дәнін шашатын.

 

ІІІ бөлім

 

Хиуа. Хиуа ару қала ақ маңдай,

Көшер әлі сан ғасырға мақтанбай.

Мұнаралар ойлы, бойлы ұл-қызы,

Би билеуге тойға бара жатқандай.

 

Көп болыпты өзбек, түрікмен достары,

Арқалаған тау-білімнің асқарын.

Қарақалпақ, тәжік, қырғыз, ұйғырмен,

Жиі-жиі қосады екен бастарын.

 

Тосқауылдар болса бұзып өтіпті,

Тек бірлікті елге үлгі етіп кетіпті.

Солар егер иә қуанса, қайғырса,

Ең алдымен Бекет досы жетіпті.

 

Көп кісілер сенер-сенбес осыған,

Мейлі досым, десең кімге қосылам?!

Тау төбе ғып Бекет лезде үйетін,

Қызық екен кезі де отын тасыған...

 

Тағдыр айдап Хиуада олар жолықты,

Сол кісіден ақыл ойы толықты.

Пақыржан деп естіп жүрміз есімін,

Ал Бекеттің ұстазы өзбек болыпты.

 

Сол ұстазы жинап барлық шәкіртті,

Кең алаңға келіңдер деп шақыртты.

«Медресе бітті бүгін осымен,

Бұл сендерге сөзім» депті ақырғы.

 

«Айналайын жас шәкірттер жалынды,

Мен сендердің бірдей көрем бәріңді.

Себеп бәрің келешекке жалғайсың,

Бастарыңа сепкен білім-дәнімді.

 

Барлығыңа бір сыйым бар беретін,

Адал шәкірт болса ізіме еретін.

Ол да жалғыз аса еді киелі,

Жері бар ма дейді оның бөлетін.

 

Мен жарысқа салам барша ботамды,

Ұмытпаңдар Пақыржандай атаңды.

Осы асаға ең бірінші кім жетсе,

Жалғыз соған берем» депті батамды...

 

Асаны ұстаз лақтырғанда көк сермеп,

Барлық шәкірт іздеп кеткен жүгіріп.

Депті сонда: «Олардікі бос ермек»,

Жалғыз Бекет қалған қартқа жүгініп.

 

«Ұстаз, аса бұл жерде емес, білемін,

Алыс кетті сезіп отыр жүрегім.

Ақ көңілден мен сұраймын батаңды,

Осы жалғыз тілегім!»

 

«Бекет деген атың балам мәңгілік,

Бүкіл ұлтың айтып жүрер ән қылып.

Аса түскен жерді атамекен қып,

Жаса сонда салтанат пен сән құрып.

 

Ұрпағыңа жалғасар көп азығың,

Аса – қаққан қазығым!

Оғыланды жіберермін жол сілтер,

Ал, қош сау бол, жан ұлым!»

 

Сөйтіп, қарттың батасын ап қайтыпты,

Осыны ел аңыз етіп айтыпты.

Ұстазыңнан бата алу ерсі ме,

Мақұл емес дейді мұны қай мықты?!

 

Төрле әруақ өз орныңа лайықты,

Ескек ертіп ес де заман-қайықты.

Құдіретті дарындарға сенбеген,

Ел басынан өткен жылдар айыпты...

 

Жастар-жастар сендерді шын түсінем,

Бірі өзім неге бөсіп ісінем?!

– Жар бола гөр, Бекет Ата, өзің, деп

Тек үлкендер сыйынды ол кез ішінен.

 

Атқа мініп жігіт болдық кекілді,

Аталарға көңіл толық бекінді.

Қазағымның кең даласын осынау,

Өлі әруақтар ұстап тұрған секілді.

 

Бұл өмірде көп қой алғыр ойлы адам,

Ғұмыр бойы үлгі, өнеге жинаған.

Өзге ұлттар озық тұр ғой қалайда,

Әруақтарын, тарихын сыйлаған.

 

Түсті ме? Оған бір ұрпақтың назары?

Мұның бәрі бос тірліктің ғажабы.

Ей, қазақтың баласы, айтшы маған,

Сол Бекеттің қайда қазір мазары?

 

О, білгіштер мен түсейін алдыңа,

Көз жібер сен өнегелі салтыңа.

Оғыландыда тұр ескерткіш-күмбезі,

Соны ұрпағы аман сақтап қалды ма?!

 

ІV бөлім

 

Оғыланды жер басасың жасқана,

Ата рухы жатыр тауды жастана.

Қалай сені тастап кеттік, апырмай,

Мұнда да үлкен бір сыр бар-ау, масқара?!

 

Дала ма? Бұл суға кепкен ындыны,

Керек бізге әр дәуірдің шындығы.

Ата өзі менен бұрын бар деген,

Зират еттік алғаш Оғыландыны.

 

Қара алдыңа күмбезі бар мола тұр,

Өткен күннен мол ғибрат ала біл.

Сол Хиуадан лақтырған Асаны,

Алғаш көріп, қорғап жүрген бала бұл.

 

Осы Асаны көргендер ат іріккен,

Тартқан сайын жатқан жерге кіріп кең.

Ғайып болған мекен-жайды көрсетіп,

Оғыланды, әлбетте, дос, түрікмен.

 

Сол Асаны Бекет келіп алыпты,

Таң қалдырып ала алмаған халықты.

Оғыланды тауға жол сап қашапты,

Зират еткен жерде ол мәңгі қалыпты...

 

Бұған, достар, сүйін, мейлі сүйінбе,

Жылдар таптап сәл ескірген күйінде.

Кең бөлмеде ілдірулі тұр Аса,

Бір баласы – Аяпберген үйінде!

 

Сан жолыққан азулы қыс, көктеммен,

Көп жаз, күзді қанжығаға бөктерген.

Қасиетті бұл Асасы Атаның,

Өз басынан түрлі оқиға өткерген...

 

«Кең-кең бөлме неге ол үй ат-көлікті,

Бұл асаны оларға кім беріпті?!»

Жоғарыға арыз түсіп жазғыштап,

Ойда жоқта тексеруші келіпті.

 

Деп қалыпты әжем сонда: «Хақ, бабам,

Біздің үйде артық нәрсе жоқ, балам!»

Барлық жерді күндіз-түні тінтсе де,

Іздеушілер сол Асаны таппаған.

 

Қызыл жаға мың қарасын көп болып,

Ата аруағы таптырмаған сеп болып.

Төрде ілулі тұрған жерден о, ғажап,

Өз-өзінен кеткен Аса жоқ болып...

 

Олар шыға әжем: «Уа, әруақ, пірім!» деп,

Үйге кірсе аяқ қолы дірілдеп.

Ілулі тұр сол күйінде төрінде

Өз орнында киелі Аса күлімдеп...

 

Ол күн шын той, жорғалаған ән қырдан,

Тайқазанға жас марқа етін салдырған.

Барша адамның көзінше әке Асаны,

Тек бір ұлға аманат қып қалдырған.

 

Дәуір, ұрпақ өтіп жатыр алмасып,

Өмір-өзен қашқан ұл-қыз қолдасып.

Киелі Аса қолдан қолға өткенде,

Осы дәуір келеді әлі жалғасып.

 

Бірақ бір ұл сол тәртіпті бұзыпты,

Ата-анамен байланысты үзіпті.

Озамын деп Асаны алсам бәрінен,

Арам ойдың кемесінде жүзіпті.

 

Сөйтіп, бұл ұл өмір-көлде тасыпты,

Шын қулықпен түлкілікке басыпты.

Ұлықсатсыз Момын ұлдан өктем боп,

Қызғанышпен Асаны алып қашыпты...

 

Әкесіне, өлі әруаққа тас ұрып,

Түк сездірмей жүрген айла асырып.

Үйіндегі сандығына Асаны,

Өз қолымен құлыптаған жасырып.

 

Астындағы жүйрік торы сылаңдап,

Бүгін ерек көңіл күймен сыр аңдап.

Бірде Момын келе жатса алдынан,

Қызыл түлкі жол бермепті бұлаңдап...

 

Бүкіл ел боп іздеу салған бүлінген,

Хабар болмай Асадан жұрт түңілген...

Түлкі кірген інді Момын қараса

Өз қолына өз Асасы ілінген!..

 

Ат үстінде маң далада тұрып кең,

Құлағыңды тосшы қырға түріп сен.

Айтысса да, тартысса да ал, бірақ,

Дос болыпты қазақ, өзбек, түрікмен.

 

Әр мықтыға жүгінгенше әлемде,

Кемісіңді өз атаңнан ал емдеп,

Көрші-қолаң барша адаммен дос бол деп,

Бекет соны кеткен толық дәлелдеп.

 

Қоқыстардан тарих сыр аршысын,

Оқшауланып тұрған жоқ па нар мүсін.

Байқа уақыт сақасының алшысын,

Бекет – нағыз шын достықтың жаршысы!

 

Бұл не деген ғажап әлем мәссаған,

Қайтсем екен көңілімді босаған.

Сосын шағын қонақ үйге тоқтадық,

Ұрпақтары өз қолымен жасаған.

 

Құлама шың тауың, Ата, дін аман

Сенесіз бе, сенбейсіз бе мынаған?!

Әулиені жоқ етем деп жұлқынған,

Талайлардың машинасы құлаған...

 

Төмен түсіп келеміз біз ақырын,

Адымыңды абайлап бас, ақыным.

Таба алмайсың әлі Атаның күмбезін,

Қанша жүйрік тазы болсын ақылың!

 

Қандай көркем ақ бұлтты аспаны,

Бұлқып ақты жүрегімнің жас қаны.

Сәл төмендеп қарап едім «Сақтан!» деп

Үйдей тастар тұр төбемнен басқалы.

 

Ұрпақтарың келіпті деп алыстан,

Алдымыздан қобыз тартып жарысқан.

Басын шұлғып қол шапақтап жатырған,

Бір кез шықтық қалың әскер-қамыстан.

 

Қайғы-уайым еске түсіп қайдағы,

Іріп кетті жақсы ойымның қаймағы,

Мені қатты толғандырды, бауырлар,

Көз жұмғалы жатқан Ата қайнары...

 

Көңілсіз күй пайда болды көргеннен,

Ата өкпелеп жатқан сынды желкемнен.

Мен бабамның қайнар көзін ашып ем,

Жыр-бұлағы саулап кетті кеудемнен...

 

Кешір Ата, балаңды кеш оралған,

Бір-ақ шықтық тағдыр қуып Аралдан...

Мал-жаны аунап-қунап бір кезде,

Осы бұлақ бүкіл қазақ нәр алған...

 

Жүрегімді өртеп қайнар күйігі,

Бір уыс боп қалды асқар тау иығым.

Қайнар бітсе қырылмай ма Атаның,

Арқарлары, тауды кезген киігі...

 

Кеш болады бұдан кейін жоқтауың,

Ескертулер орындалса жоқ дауым.

Маңғыстаудың көз жұмуы деп білем,

Бұл қайнардың сарқылуын, тоқтауын!

 

Онда мені қоршап алар жүз қайғы,

Сол жүз қайғы мың дертімді қозғайды.

Жер бетінде бір бұлақ сәл қалғыса,

Ақын жүрек қырық күндей сыздайды...

 

Міне, Атаның күмбезі қол бұлғады,

Ғажап екен таумен тау боп тұрғаны.

Күллі әлемді сілкінтетін секілді,

Жүрегімнің жиі соғып ұрғаны.

 

«Ассалаумағалейкум!» деп жатсақ та,

Бірақ, Ата бізге мойын бұрмады,

Ұйықтап кеткен орнынан тұрмады.

 

Рахмет – «жаман сарың» ой бағар,

Аяпберген, Көкен сосын Қойбағар.

Одан әрі Самалығың бір мықты.

Шежіре етсек ұлдарыңды ойлап әр.

 

Құлмәмбетің Бәйтеліден әрі асып,

Өзіңе ата жатырмыз біз ұласып,

Сол ұрпағың іздеп келіп тұр, Ата!

Алыс жұртқа кеткен сонау қыр асып.

 

Ертең біз де боламыз-ау сондай деп

Аспан көңіл, жер боп қалды құлазып.

Сен тұрмадың тау бейнелі арысым,

Орнымыздан біздер тұрдық жыласып...

 

V бөлім

 

Бекет Ата күмбезі

 

Биік қара шаңырағы ақ шашты басын сәл сүйеп, жиексіз жатқан созылып, көгілдір көк әлемге.

Бекет Ата күмбезі көп жылдардың төсінен мойнын созған түйедей сұранып тұр өлеңге.

Қаптаған қыруар құмырсқалардай, адамдар легі таусылар емес жалғасар, сірә, мәңгілік,

Бәрі де соның шапағат тілеп, жүректен келсе сәлемге!

Нағыз таза шындықтар жеңеді екен ғой әрдайым, қаншама жылдар көмілсін, әділдік болса түбінде,

Мына күмбезің осы даланың шын ұлылығын паш етер, қалдырған елге қазына толы жүгің бе?!

Көп көсемдердің ескерткіштерін тас-талқан етіп жоқ қылып жатқан аласапыран дәуірде,

Атаға деген ел махаббаты қайта өршіп кетті бүгінде!

Құнарлы жерде көгерген дәні ме ең, Ата, халқыңның үлгі болар әр ісі қуат алған күн, айдан?!

Пайда тапқан ақыры мазалап отты сезімі, бұзуға өмір құрсауын жөңкіле көшкен сең ойдан!

Алпыс үш жыл жасаған шаңырағын қия алмай, ақылын өрге жүздіріп, табиғаттан тапқан үйлесім,

Бекет Ата күмбезі тау киіз үй кәдімгі керегесін кең жайған!

Әулие қарттар сен сынды көркі болған ғой, қашанда осынау біздің ғажайып көсілген дарқан даланың,

Үйінде тыныш жата алмай, желбегей шапан жамылып базарлап кеткен алысқа жолдарын күткен баланың.

Қолына қайнар-құманын ұстап төгілген суын байқамай, жолшы іздеп тұрған көз жетпес шексіз қиырдан.

Күмбезіңді, Ата, алыстан түргеліп тұрған бір кезгі өзің бе деп те қаламын?!

Күллі ғалам көгінен кірпік қақпай қараған, дүниені айналып тұр үстінде күн көзі,

Шатырлаған найзағай, сатырлаған жел-дауыл ашуланған кездегі бүгінгі айтар үн сөзі.

Бүкіл қазақ даласын қарауылдай күзеткен ізде туыс-бауырыңды жерге құласа,

Жарқырай бер әйтеуір, Бекет Ата күмбезі!

 

VІ бөлім

 

Келді кезің жарқырайтын жұлдызың,

Бақытымыз шығар, сірә, бұл біздің.

Ата атыңды ардақтаған өнерде,

Мен оқыған толып жатыр ұл-қызың!

 

Орындалды, Ата, көп ой-мұратың,

Есіміңді ту қып алды жыр, ақын.

Маңғыстауда ұраны деп адайдың,

Энциклопедиямда тұр атың!

 

Жақсыларын мәңгі ұмытпас туған жер,

Ел есінде тау білімді өр тұлғалы ер.

Сен жайлы, Ата, алғаш айтқан ғалымдар,

Эверсман, Алексеев, Дюгамель.

 

Ғасырда бір туар ұлы ол даланың,

Мақтанышы толғатқан Жер-Ананың.

Жақындатқан еліме алыс ғасырды,

Аға ұрпаққа мың исең де аз басыңды.

Күмбезіңді суретке түсіріп,

Малбағарың зерттеді тау-тасыңды!

 

Қайда жүрсем сол жырды оқып келем мен,

Көрінеді сонда елесің, көлеңкең!

Аңыз етіп есіміңді халыққа,

Ғафу балаң қойды ескерткіш өлеңнен!

 

Сенің даңқың көп ұрпаққа азық кіл,

Тек ала алсақ шыңыраудан қазып бір.

Туған жерін әңгіме етсе қай жерде,

Әбіш балаң хатқа сені жазып жүр.

 

Асқақ жырмен жаулап алған бір ұлтты,

Әр өлеңі жеке аспан бұлтты.

Өз жүрегін, қарақшысын сөйлетіп,

Фаризашың атыңды сан тірілтті.

 

Кеудесінде қара сөзбен, маздап жыр,

Денсаулығы берсе дағы аздап сыр,

Есіміңді тебірене еске алып,

Қабиболлаң әр жерде гәп қозғап жүр.

 

Көңілінен шығатындай баршаның,

Сен жайында ақтарып сөз маржанын.

Газет, журнал беттеріне атыңды,

Өшпестей ғып жазып кетті-ау Маршалың!

 

Ей, ағайын таста мәнсіз ұйқыңды,

Қара, байқа әруақсыз сиқынды...

Басыңа бір түнеді де тілдесіп,

Ал Шәмілің есіміңді күй қылды!

 

Қабылдар ел жүректен бұл жақұтты,

Мүсінші ағам өзге өнерде тағы ұтты.

«Жас алашта» Бекет Ата деп толғап,

Шота балаң жыр-бұлағын ағытты.

 

Жүрегінен ұшар жыр-шағала,

Маңғыстаудан ескен жаңа самала,

«Жар бола гөр, Бекет Ата!» деп бастап,

Темірханың жазды ойлы мақала.

 

Ата жайлы көп білмеймін жете кең,

Мүмкін, достар, қалып қойды неше мен.

Маңғыстаудың қайта облыс болғанда,

Есіміңді мақтана айтты Өтеген.

 

Астындағы жыр-тұлпарын сабалап,

Есіміңді жұртпен сырттай бағалап.

Ата сені еске салар кей-кейде,

Есенғали Бейнеу барса жағалап...

 

Сондықтан ба көмейіңде шалқып жыр,

Қайда барса тек жеңіспен қайтып жүр.

Айтысса да, жыр жазса да атыңды,

Сабыр, Мэлс жиі-жиі айтып жүр.

 

Жатыр сонда бар алаштың өмірі,

Әсем жырды оқы толар көңілің.

Бекет Ата рухына сыйынып,

Ұрпақ үнін жеткізді елге Темірің!

 

Мен де міндім жыр-жорғасын қамшылай,

Есіміңді мың қайталап жаршыдай!

Әлі де аз білем көңіл толмайды,

Мұның бәрі жыр-мұхитқа тамшыдай!

 

Мен шәкіртпін Төлегенге, Абайға,

Қашағанға, Фаризадай апайға.

Махамбет, Қасым көкірегімнен атойла,

Жұмекен, Мұхтар шақырып тұр соны ойға!

 

Өз атамды мен де бүгін кіргіздім,

Өлең дейтін көркем-алтын сарайға.

Оны уақыт ертең өзі салмақтар,

Бір керекке жарамай ма, жарай ма?!

Бар білгенін ел-жұртына ақтарды,

Риза бол, балаңа, Ата, қалай да!

 

 

АТА АСЫНДА

 

Пір Бекет – әулиенің дара шыңы,

Әруағы бейне көздің қарашығы.

Атаның ұлылығын танытқандай,

Тігілген киіз үйлер қалашығы.

 

Кие бар Оғыланды құз басында,

Тірідей мойындатқан түс тасында.

Өлі аруақ Шопан Ата жол сілтеген,

Атаның мықтылығы ұстазында.

 

Заманның өзгерте алмас түрленуі,

Қуантар діннің қайта гүлденуі.

Ғажайып қанат байлап, Хиуаға ұшып,

Сол кезде Пақыржанға пірленуі.

 

Сыры бар адам білмес тасасында,

Құдырет әңгіменің басы осында.

Өсиет, өнегеге толып жатқан,

Қасиет жатыр Ата Асасында.

 

Бәрі бар сан үлгіге бай елімде,

Бас иер қай перзент, қай келін де.

Алуан жыр айтып жатқан бүгін бізге,

Алуан сыр жатыр бұлақ, әйкелін де.

 

Адайлар Алла пір дей жаса осында,

Кие мен бабалардың батасында.

Жүректі дірілдетті Әбіш сөзі,

Түбекті дүрілдеткен Ата асында.

 

Бұл аста өзбек, қырғыз, түрік жүрді,

Дүние дөңгеленіп күліп тұрды.

Тұр Ата орныңнан, бер батаңды,

Пір Ата барлық ұлтты біріктірді.

 

 

СЫЗАТ ТҮСТІ АТАНЫҢ КҮМБЕЗІНЕ

(телеакция кезінде оқылған өлең)

 

Құдіреті ұқсаған Күн көзіне,

Сызат түсті Атаның күмбезіне.

Айтыңдаршы, халқым-ай, не істейік,

Бұл сұрақты мың қоям күнде өзіме?!

 

Тау бесік те, табиғат төл Анамыз,

Тербеп жатқан Әке байтақ даламыз.

Ботаңыздан боздаған үн жетсе елге,

Атамыздан неге айрылып қаламыз?!

 

Тауым – қария қалған белі бүгіліп,

Аяз, желден мың соққы жеп түңіліп.

Пір Бекетті сосын қайдан табасың,

Қос өркеш шың кетсе рас үгіліп?!...

 

Барлығына куә Күн мен Ай төрде,

Масқара бұл – Егеменді, бай елге?!

Әулиесін жоқ қып алса байқамай,

Сосын халық зиярат жасар қай жерге?

 

Көріпкелін сый тұтпас ел бұл қандай?

Тұра алмадым тебіренбей, толғанбай.

Оғыланды жаққа қарай береміз,

Тағдырымыз қыл көпірде тұрғандай.

 

Аузымызға сөз түспей тұр сасқанда,

Аруақ ұшып кететіндей аспанға...

Киесіз боп, Иесіз боп қалса елің,

Не айтасыңдар келешекте жастарға?!

 

Ата даңқы мәңгілік самғау үшін,

Ел алдында ұятқа қалмау үшін.

Акция қажет болды жалпы көпке,

Тыңда, халқым, бұл соңғы жан дауысым!

 

 

 

Темір МЫҢЖАС (Маңғыстау)

 

ҰРПАҚ ҮНІ

немесе Бекет Ата рухына сыйыну

 

Тас қорымдарға айналып,

Жатсың ба, баба, жайланып.

Мінәжәт етем, о, әруақ,

Кешеңдеу қайта ойға алып.

 

Төбемнен заман торланып,

Ұрпақ ем жүрген сорланып,

Балапаныңбыз, әулием,

Ұша алмай жүрген қомданып.

 

Үстемдік көріп жасқанып,

Жанардан мұңлы жас тамып,

Бар тапқанымыз даурығып,

Бас шұлғулардан аспадық.

 

Күн кешіп ырду-дырдумен,

«Бұл күндер бақыт, нұр» деумен.

Уақытты алтын өлтірдік,

Мастықпен және мүлгумен.

 

Көсем деп білдік олқыны,

Шешен деп білдік таңқыны.

Иіріп қойша жалпыны,

Көтердік көкке жалқыны.

 

Билікті беріп қыртыңа,

Көндіріп көпті ырқына.

Жоғарыға қарап бас шұлғып,

Шығарды ол қолын жұртына.

 

Асылымызды айдадық,

Жасығымызды сайладық.

Ақыл сөз айтар көмейден,

Суырып тілді байладық.

 

Жоғалып дінім, иманым,

Дөкірлік болды жиғаным.

Ұмытып қазір барамыз

Атаны бала сыйлауын.

 

Жойылып ұлттық сипатым,

Қазаққа келмес тұрпатым.

Шүлдірлеп бәрі тұрғанда,

Артады жүрек-сырқатың.

 

Еліңді сөйтіп тоздырдық,

Тұлпардан тұғыр оздырдық.

Жер бетін жайлап барады

Мейрімсіздік пен озбырлық.

 

Өшпеген енді қалды нем,

Тобырды қалай сендірем.

Шапағатыңды бер, баба,

Ер Бекет, қолда, әулием,

Ер Бекет, қолда, әулием!

 

 

БӘРІМІЗ ДЕ БЕКЕТ АТА ЕЛІНЕН

 

Түркістан бардым,

Арыстанбабта көп халық,

Ағылып жатыр,

Ақ ниеттерін ақтарып:

«Жебемесе өлі – тірлікте кетпес бақ дарып!»,

Тәуба айттым іштей,

Ғұрыпқа қалған сақталып.

 

Мешітке кірдім,

Ұсынды орын төрінен,

«Келген жігіт деп Бекет Атаның елінен».

Толқыдым қатты,

Мерейім кетті асқақтап,

Келгенім рас,

Пір Атам жатқан жерінен.

 

Сонан соң сонау,

Ғайып Ерен қырық Шілтен басында,

Аңыз тарихтың іздерін көріп тасында.

Тізені бүгіп, тәу етіп тұр ем,

Шырақшы:

«Оғыланды мұнан биік пе?» – деді – расында.

 

Толғандым іштей,

Биік дегенім жарамас.

Бүтін бір елміз,

Қашаннан жатқан аралас.

Жауабын күткен ағаға қарап дедім мен:

«Оғыланды біздің осы таулармен шамалас».

 

Шымкентте естіп,

Әулие атағын,

Қашық та болса,

Басына бардық атаның.

Құдығына оның барғандар қауға ататын,

Қауғасы жұрттың

Бос қайтып және жататын...

 

Құдыққа мен де:

«Бекет!» деп қауға тастадым,

Ұятты ойлап,

Рас-ты және сасқаным.

Сыйынып Пірге арқанды тарта бастап ем,

Су толы қауға!

Биіктеп кетті аспаным!

 

Жол бастаушы Талғат:

«О баста-ақ сізге сенгенбіз,

Ата еліненсіз алдымен кезек бергенбіз».

Дегенде көптің назары маған ауды анық,

Сөз айттым сонда оларға қарап, толғанып:

«Әлемдегі жалғыз Қазақстан деген жерденбіз,

Бәріміз де Пір Бекет туған елденбіз».

 

 

Ғалым ӘРІП (Маңғыстау)

 

РУХ ПЕН ЖІГЕР

 

О, әруақ, демей гөр,

О, Бекет, желеп-жебей гөр!

Оғыландының басында –

Ордабасын тіккен кемеңгер!

Автор

 

Арқаландым,

Ар биік,

Марқаландым

Жал биік,

Ата-бабам бойыма

Асау етті нәр құйып!

Өртеніп тұр,

өнбойым,

Қыз-қыз қайнап,

Маңдайым!

Күйіп-жанып жүремін,

Күңсік болмай әрдайым,

Шыңым шырқау айбатты,

Далам шалқар байтақ-ты.

Кезген екен Ерлерім

Көсілген кең Аймақты.

Сұрғылт сынды боз дала,

Сырын терең қозғама.

Күңіреніп жатса да,

Боз маядай боздама,

Тектілікті төл еткен

Тентіремес ел өктем.

Тума тұрық-болмысы –

Жаралған дейді бөлектен.

Алпамсалы тұлғалы,

Арда мінез ұлдары,

Аттандаса жауына.

Талақ етер мұрғалы.

Кесек пішім-тұрпаты,

Тұяғын тарпып тұлпары,

Батырына мәп келген,

Қазанаттың сымбаты.

Төрт құбыла тең келген,

Шеттерінен мәрт келген,

Бес қаруын жасанып,

Сәйгүлігі ерттелген.

Құлақ тері бусанып,

Құрыш қанып, бап келген.

Көшіп-қонған ел едім,

Түзден тапқан қорегін,

Түлетіп ту өлкені,

Тірлікке бөтен бөледім.

Тентектің де тентегі, –

Табиғаттың төлі едім.

Кие мекен – тым құтты,

Маңғыстау мен Үстіртті,

Мың-сан жылдар жайлаған,

Ұлыс едім дің мықты.

Түлікке толды жазирам,

Түледі түбек – қазынам.

Атышулы аймақ деп,

Тарихқа мәңгі жазылам.

Бұрынғы өткен бабамның

Жұрнағы болып жаралдым.

Қайсар да мінез қожасы –

Осынау жарты аралдың.

Сертке салсаң берікпін,

Сенімді жанға серікпін.

Ұсақтық – ұят іс болар,

Ірілеу турап келіппін.

Мен, мен едім, мен едім,

Тасиды толып кемерім,

Тегімді айтып толғасам,

Өрікпін өршір өлеңім.

Маңғыстау – маңғаз мекенім,

Өркендеп, өсіп, өнермін.

Артық та туған Бекетім,

Тәңіріме бейнетеңермін.

Шыдармын талай шаттанбай,

Сөйлермін қалай мақтанбай,

Әз әулием – тірегім

Қолтықтан демеп жатқандай.

Саңқылдап шығар үніміз,

Жасық емес, іріміз.

Оғыландының басынан

Қол бұлғайды Піріміз!

Қазаққа біткен даралық,

Қазаққа біткен даналық,

«Бекет» деп білек біріксе,

Ел болар едік нар-алып!

Есіңді жый, ел-жұртым,

Есті алмасын, жан, құлқын.

Рух пен Жігер оянса,

Ерекше болар сән-ғұрпың.

Тағзым етсек Атаға,

Талайлар түсер сабаға.

Тағзым етсек Атаға!

 

 

СЫЙЫНУ

 

Әр істе, достым, болғай-ды санада түйін,

Санаң бір болса, түркілік санаңа сыйын!

Тәңір деп көкке қарайды Құдайдың құлы,

Тәңірдей көріп баһадүр бабаңа сыйын.

 

Бөгдеге бодан делқұлы санадан арыл,

Ақ жүрегіңмен әрдайым Аллаға жарыл.

Көкірегіңе кір жұқса, көңілің – соқыр,

Мәңгүрттік ғұмыр кешкенге – дүние-ғапыл.

 

Ақыл мен сезім үйлессе үрейің болмас,

Періште жанды пендеге Құдайың жолдас.

Шабыт та қонар бойыңа самғауға биік,

Қырандай қиял қалықтап қанатың талмас.

 

Көңілің қуыс тартпасын сыйынар жатқа,

Түркілік санаң сүйресін бұйырар баққа.

«Қазағым!» деген текті ұлан, Қазаққа сиын,

Қаныңды қозғап, қайралып, сілкінер шақта!

Сыйыну үшін түйе біл санаға түйін,

Қастерлі баба-дәстүрді санама қиын.

Көк Тәңір менен Көк Бөрі айбарың болып,

Көсіліп жатқан киелі Далаңа сыйын!

Қорғаның болар атаң мен анаңа сыйын!

 

Жақпайды маған, жігітім, желөкпе күйің,

Ағымдар, елес-сағымдар – нәлетке – тыйым!

Үш жүз алпыс әулие,

Пайғамбар соңы,

Пірлердің Пірі,

Кие-Әруақ –

Бекетке сыйын!!!

 

 

 

Мэлс ҚОСЫМБАЕВ (Маңғыстау)

 

ӘУЕЛІ БЕКЕТ БОЛЫП СЫЙЫНҒАНЫМ

 

Бағыңды сенің біле бермейді басқа адам,

Батыр Отаным!

Байрақпен бәйге бастаған.

Құтырған жырмен құрсақтан тұрған қағынып,

Қашағандардың қақсаған.

 

Тыңдайтын болсаң таңғажайыптар міне, көп,

Түбегім менің түз тұйғынындай түлемек

Құлшар – Құдай ғой, күйінің бәрін құл қылған

Домбыраменен дүрелеп.

 

Есіл ерлерді ертегі қылсаң ел сенбек,

Қара шалдарым қарай береді кемсеңдеп.

Армандап жүр ғой адуын ұл мен ару қыз –

Ақбөбек пенен Қайыптай болып өлсем деп.

 

Ақтауға келсең, ақ тілек айтып тойлап кел,

Отбасы емес, Орданың қамын ойлап кел.

Қазақтың Пірі – әулие Бекет Атамның

Әруағымен ойнап көр!

 

Көзін көрсетсең көкпарға тігер көмбенің,

Көсіле шабар көкмойнақ аттан кем бе едің?

Берен жырменен берекелі іске бел буған

Бекеттен қалған белгі едім.

 

 

* * *

 

Әуелден Бекет болып сыйынғаным

Бәйгенің алып жүрміз бұйырғанын...

Ассалаумағалейкум, ағайындар,

Бүгінгі құтты болсын жиындарың!

 

Ұйқысыз талай-талай таң атырдым.

Күн болып күллі әлемге жаратылдым.

Сыйынып Пір Бекетке ақ жүрекпен

Алла деп атқа мініп баратырмын.

 

 

 

Әзірбайжан ҚОНАРБАЕВ (Маңғыстау)

 

ТУҒАН ЕКЕН ҚАНДАЙ ҒАНА АНАДАН?!

 

«Маңғыстауда – Пір Бекет!» деп атандың,

Қолдаушысы шапағатты сапардың.

Бір өзіңе сыйынады мәңгілік

Тірліктегі атар таңым, батар күн.

 

Бекет Ата, саған сірә сөз бар ма?

Қол жете ме қия шыңға созғанда?

Артта қалсам қолтығымнан демедің,

Жебей бердің алға шығып озғанда.

 

Қайда жүрсем ораласың тіліме,

Бір өзің деп дөңгеленді дүние.

Қиналғанда қыл көпірден өткізіп

Қуанғанда күй толтырдың күйіме.

 

Бекет Ата сенен жәрдем тілейміз,

Тәубе етеміз, басыңа көп түнейміз.

Құдайдан соң құдіретті әулием,

Қайда жүрсек маңдайды кеп тірейміз.

 

Бекет Ата, саған бәрі сыяды,

Жетер ме екен адамзаттың қиялы?

Көз жұмғандар атыңды атап соңғы рет

Кеудесінен шыбын жанды қияды.

 

Пендеміз ғой, пендешілік қалмайды

Біреуге жан, біреулерге мал қайғы.

Бекет Ата, сонда бізді кеше гөр,

Әруағың бірді-бірге жалғайды.

 

Сен тірісің, ұрпақ үшін қорғаным,

Әр жүректің туы болып орнадың.

Қасиетті кие тұтып халқың тұр

Жапырағын қалың жайған орманың.

 

Қайда жүрсек сен кетпейсің санадан,

Атыңды атап ұрандайды бар адам.

Әулиелер әулиесі Пір Бекет,

Тудың екен қандай ғана анадан?!

 

Кейде тіпті жаратқанға таң қалып,

Отырамыз ой көзімен шам жағып.

Бекет Ата деген шақта, о, ғажап,

Көкіректер ашылады жап-жарық.

 

Бекет Ата – мәңгілігім, ұраным,

Тас төбемде жанып тұрған шырағым.

Тілек тілеп отырмасақ өзіңнен,

Жетпейді ғой құдіретіңе қиялым...

 

 

 

Қожа-Ахмет ДЕМЕУБЕРГЕНҰЛЫ (Маңғыстау)

 

МАҢҒЫСТАУДА – ПІР БЕКЕТ

 

Бекет Ата!

Ғажайып едің Сен неткен?!

Машайық болып өтіпсің.

Әр ісің аңыз боп кеткен,

Ұран боп елге жетіпсің.

 

Сырларың мол ашпаған,

Тануға соны талпындым.

Бұрынғы бейнетаспадан,

Із таба алмай алқындым.

 

«Маңғыстауда – Пір Бекет»,

Сіз жайлы хабар бастадым.

Өмірімді етіп бір зекет,

Міндеттен ауыр қашпадым.

 

Алланың сүйген құлысың,

Тұлғаңды ешкім өшірмес.

Айта алмай қалсам дұрысын,

Алдымен АЛЛА кешірмес.

 

Құдіретсің бүгін де

Қолдап тұрған еліңді.

Жаңылып кетсем ӨЗІҢ де

Тастарсың күрмеп тілімді.

 

Баршаның Ұлы Пірісің,

Сыйынған әркім өзіңе.

Ағат кетсе бір ісім,

ХАЛҚЫМ салар тезіне.

 

Тындырдым деп мол істі,

Айтуға ауыз бармайды.

Атқарылған жұмысты,

Кейінгі ұрпақ жалғайды.

 

Мақсатқа бая жетсем де,

Батаңды Баба жолдай гөр.

Бақилық болып кетсем де,

Бекет Ата қолдай гөр!

 

 

Қайырбек ЛҰҚПАН (Атырау)

 

БЕКЕТ АТА ТОЙЫНА

 

Иә, Пір Бекет, қасиетіңнен айналдым,

Жаратқанның құдыретімен сайландың.

Мен де өзіңдей дүниеге кеп Жылойда,

Жерлесің боп, ұрпағыңдай байландым.

 

Табыныпсың Қожа Шопан Атаға,

Қарық болып сауап пенен батаға.

Тірі кезіңде қасиетіңмен танылып,

Таңданыпты шаһар менен сахара.

 

Екі жүз жыл бұрын өткен заманда,

Оғыландыдан мешіт салдың ғаламға.

Ойладың ба қасиетті Пір Ата,

Тойлайды деп өзге ұлт пен балаң да.

 

Бейнеу менен Оғыланды, Ақмешіт,

Ұрпағыңды тербеткен үш ақ бесік.

Жүрегіңнің жылуы боп аялап,

Өз қолыңнан қалған бізге ақ несіп.

 

Ақмешітте дүниеге келіпсің,

Адалдықтың ұраны боп еніпсің.

Бала оқытып, медресе салдырып,

Шындық іздеп, желмаядай желіпсің.

 

Мирас болған Елдің сұры өзгерген,

Жер байлығын тасып жатыр өзге елдер.

Ластануда табиғат пен Жер Ана,

Озбырларға жем болуда төзгендер.

 

Жебе, Пірім, көтер жұрттың назарын,

Жойшы мүлде «асқандардың» мазағын.

Ел басқарған «пысықайлар» тәубеге,

Келсе егер, көркейер еді қазағым.

 

О, Пір Ата, күш қуат бер бойыма,

Нұрын сепші ізгіліктің ойыма.

Өзің туған жерге келіп, бас идім,

Осы жырым шашу болсын тойыңа.

 

 

 

Қаржаубай РЕЙІМБАЙҰЛЫ (Маңғыстау)

 

АЙНАЛАЙЫН ПІР БЕКЕТ

 

Алты алашқа, қарақалпақ, өзбек, түрікменге қасиет-киесімен жасытайынан танылып, Алланың ақ жолын насихаттап, тура жолға бастаған Мырзағұлұлы Пір Бекеттің 250 жылдық мерейтойына арнаймын.

Автор

 

Бисмилла деп ақиқат

Сөз бастаймын, жамағат.

Халқымменен сырласып,

Айтсам, тыңда, насихат.

 

Алла берді білімді,

Ақын етті тілімді.

Ел алдында сөйлесем,

Жүйріктігім білінді.

 

Шымырлатып жүректі,

Жеткізейін тілекті.

Алла жар боп күн сайын,

Шабытымды үдетті.

 

Лә Илаһа ил Алла,

Серігім ұлы бір Алла.

«Иманым толық болғай!» деп,

Сеніммен тұрам әр таңда.

 

Халқымменен жаным бір,

Ең аяулы арым бір.

Адам ата-Хауа анамнан,

Түп-тегіміз ұраным бір.

 

Мәдинада – Мұхаммед,

Мұхаммедке біз үмбет.

Түркістанда – Қожа Ахмет,

Маңғыстауда – Пір Бекет.

 

Хақ жолына бастаған,

Адалдықты қостаған.

Әруақты Пір Бекет,

Сыр-сезімім ақтарам.

 

Айналайын Пір Бекет,

Қысылсам Ата тұр демеп.

Адассақ тура бағыттан,

Рухыңменен жүр жебеп.

 

Жас та өтті балалық,

Әлі де жетер шалалық.

Кең пейілді адамсың,

Көрсеткейсің даналық.

 

Оқу оқып, ес біліп,

Дінді – дедік – «ескілік».

Хақтың ашық жолдарын,

Түсіндік ақыр кеш біліп.

 

Діннен бездік, не таптық?

Рухани жан аштық.

Тұманды теріс жолдардан,

Кейін қайттық, шу бастық.

 

Ойыңа алма арамды,

Арамдық түбі – қараңды.

Менмендікпенен дінсіздік,

Түсірер түбі бағаңды.

 

Он сегіз мың ғаламды,

Бүкіл тірлік адамды,

Жаратқан жалғыз

Ұлы Алла

Сеніммен таны панаңды.

 

Алғашқы қауым құрылыстан,

Адамзат дінді ұғысқан.

«Борыш» деп, құрбан шалуды,

Белгілеп жылда тұрысқан.

 

Құрбан айт деген жан үшін,

Пітір, зекет – мал үшін.

Құлшылығың Аллаға,

Айнымас шын – ар үшін.

 

 

 

Нұрлан ҚОСЫМБАЕВ (1975-2015)

 

БЕКЕТ АТАНЫҢ 250 ЖЫЛДЫҚ ТОЙЫНА АРНАУЫ

 

Мен қалай осы тойға бос келемін.

Жырыммен алып-ұшып жеткен едім.

Бұйырған Жаңаөзеннен топырағы,

Тигізген сыйынғанда көп көмегін.

Оңдай гөр сапарымды, көкте Құдай,

Қолдай гөр, жерде Бекет, деп келемін.

Армысың, асыңды Алла қабыл етсін,

Атаға тойын жасап жатқан елім!

 

Лайық жампоз нарға қом тұрады.

Лайық жолаушыға жол тұрады.

Кетті деп тойға барым қамықпаңыз,

Құдайым той есесін толтырады.

 

Ізінде шапқан аттың қақ тұрғандай.

Аузыма Алла өлеңді сап тұрғандай.

Адайдың әруақты пір шалына,

Алты алаш басын қосып кеп тұрғандай.

Кетейін қуат беріп жырымменен,

Бекеттің көк асасын лақтырғандай!

 

Сабырсыз алтын балық ілікпейді

Зердесі зиялының тұнық дейді.

Адайым бергі атамыз Бекет болса,

Қазағым түп атамыз түрік дейді.

Асыңды Алла қабыл қылмағанда,

Бастарың осы тойда бірікпейді.

Айтуынша шалдардың,

Бекет Ата әруағы,

Оғыланды таудың басында

Арқар болып көрінген.

Жылқы тектес қазаққа,

Тарпаң болып көрінген.

Ақ Каспийдің төрінде

Шалқар болып көрінген

Ниеті жаман адамға

Жылан болып көрінген.

Пейілі түзу адамға

Қыран болып көрінген.

Бекет аты Адайға

Ұран болып берілген.

Ұрпағыңның көзіне

Баба болып көрінген.

Болашақтың өзіне

Дана болып көрінген.

Өзін бір тапқан Адайға

Бала болып көрінген.

 

Басқаларға бұл мекен

Зәру арман Маңғыстау.

Бұлдырайды өзіңдей

Сағым алған Маңғыстау.

Махаббаттан сен деген

Арыла алман Маңғыстау

Ерегескен түрікпеннің

Соры болған Маңғыстау.

Адай деген жұртымның

Бағы болған Маңғыстау.

Ақбөбектей арудың

Ары болған Маңғыстау

Қайыптайын жігіттің

Жары болған Маңғыстау.

Бәрін айт та, бірін айт,

Басқа жерге бұйыртпай,

Ер Бекеттің асасын

Қағып алған Маңғыстау.

 

Теңіз өлең болғанда

Шағала шабыт шалқыған.

Бір Аллаға сыйынып,

Бір қауым өскен ел едік,

Анамыз біздің Хауа Ана,

Адам Ата жалпыдан.

Аллаға мойын бұрғызған,

Төрт жерден мешіт тұрғызған

Атамнан Бекет айналдым

Мен үшін адал зор тұлғаң.

Бекеттейін ұл тапқан

Айналайын Адай халқынан!

 

 

Қыдырбай ТҰРМАҒАНБЕТҰЛЫ (1954-1992)

 

* * *

 

Басыңа келдім жағайыншы деп жасыл от,

Төбемнен менің тірліктің дәнін тасып өт.

Жұртыңды жебеп, халқыңды демеп жатырсың,

Үш ғасыр бойы үш жүз алпыстың басы боп.

 

Басыңа келдім енді арман қандай бар еді,

Әдемі екен ғой әулиелердің әлемі.

Күн де ұясына керемет болып өзгеше,

Әдемі болып батып барады, әдемі!

 

Ернекте сен боп ер мүсін тастар қалғиды,

Ел-жұрты жайлы ойларға кетіп сан қилы.

Жалау боп жанға жағылар шырақ керексе,

Оғыланды жақтан от болып келіп шарпиды.

 

Сан ғасыр бойы халқына берген керегін,

Солмасын сенің сындарлы Сеңгір Терегің.

Құс жолы жақтан қабыл алса егер тілекті,

Құдыретіңе қылау түспесін дер едім.

 

 

 

Әнуарбек БИМАҒАМБЕТ (Маңғыстау)

 

ОҒЫЛАНДЫ ЖЫРЛАРЫ

 

1. Пір Бекеттің туысы

 

Құдай, Сені жоқ деп жүр ғой адамдар...

Айт-Ман

 

Ата,

Сені пенделері ақырдың

Жоқ дегенде абыз қашты, би тайқып,

Жіберші өзің осыны айтқан кәпірдің,

Аузы-мұрнын қисайтып.

 

Мен өзім-ақ қисайтар ем ауызын,

Қитар соттың тым бұзылғыш тәртібі.

Қолына алса қыл-құрығын жау ұзын

Қоңырау қағар жер түбі.

 

Көп біріккен әмірліктер, штаттар...

Айтыңызшы, оған қандай бар күшім?

Пәкістан мен Лондондағы штабтар

Құйған кезде қаржысын.

 

Жоқ атамыз...

Олар мүлде болмаған!

Мүп-мұнапық пәтуалар мөр басып.

Тап көр де тұр,

Өлген кезде сол надан,

Кетеді одан көр қашып.

 

Бекет деген кім болыпты, тәйірі...

Деді кеше тағы да бір зәнталақ.

Сені Бірден, Мені Пірден айырып

Алу сонда бар талап.

 

Атыңды атап, жер қорғаған батыр да,

Атыңды атап, ел қарғаған байғұс та,

Алла қисап алған күні ақырда

Қалар екен қай тұста?..

 

Кездесіп қап – алған дінкәс у ішіп,

Кімсіңдер деп сұрай қалса кекеттім:

Е, біздер ме,

Біз жәй ғана туысы

Бірдің досы, Пірдің соңы –

Бекеттің!

 

2. Жер жүрегі

 

Мен ол жерге шөлдеп барам,

Қаталап.

Таппай қалып жүрегімнен нұр түк те.

Жер бетінен мен іздеген махаббат

Тамшы болып шығар сонда кірпікке.

 

Тоғай жыңғыл тілеулесің жолға өсіп,

Айдың жасы тамып көне сүрлеуге,

Жұдырықтай жүрек құсап сол мешіт,

Кеудемізге нұр-шырасын үрлеуде.

 

«Иә, Бекет!» – деп,

Жүрегіме еніп ем,

Құжырасын араладым армансыз.

Бет пердемді жұлып тастап егілем,

Осы жерде өтірік жоқ жалғансыз.

 

Жүрек-Мешіт...

Кім жазады жарасын?!

Ұстам, қані, көз жасымды тия алар?

Махаббат пен Құмарлықтың арасын

Бөліп тұрған Ұят атты ұя бар!

 

Сол ұядан аса алмаған құл қанша?

Жүрегінің әр лүпілін есітіп,

Аман тұрғай, бұл дүние тұрғанша

Жер жүрегі – Пір Бекеттің мешіті!

 

3. Түйеқожа оғыланмен танысу

 

Кешегі бір күндері

Мына шыңда Түйеқожа оғылан

Жау жарағы құрулы,

Мірдің оғын артық көрмей

Шілдің боғынан,

Қасқайып бір тұрулы.

 

О дүние-ай...

Тау еді ғой төбелер...

Найза басы ол күндегі жебелер.

«Бұл түрікменнің қойшысы екен әуелде,

Жұртта қалып қолға түскен жау елге...»

Шырақшыға іләм деме, сене бер!..

 

Оғыландыны қайғы алды.

Шәһәрінің төбесінде ай бар-ды...

Түзетерің қай қате?

Түгендерсің қай малды?..

Әттең, сенің Әмір-сана әз басың

Түрікменнің нәшүкірлеу қойшысына айналды.

 

Қойшы болса, ақыл сұрама.

Түйеқожа төңірегіне қаранып,

Күнде кеңес құра ма?!

Шырақшыңыз, мен танысам – дуана!

Орыс-орман қабағына қараған

Хан Тоқтамыс қой баққаннан туа ма?!

 

Кешір, құлдық!..

Біз ұмыттық айбарды.

Бекет Атам болмағанда

Оғыландыны қайғы алды.

Мына тауда шәһәр болды дегенге

Сене алмастай жәй бар-ды.

Қала түгіл қауым да жоқ орнында,

Жалғыз мешіт...

Төбесінде ай қалды...

 

 

 

Асылбек ЖАҢБЫРБАЙ (Маңғыстау)

 

ОҒЫЛАНДЫДАҒЫ ОЙЛАР

 

Иә, Бекет!

Әруағың бұлттай аспанды шексіз торлады-ай,

Мен білсем, Ата, машайықтардың соңысың.

Кезің жоқ жатқан зәузаттарыңды қолдамай,

Қиналған сәтте ғайыптан бердің қол ұшын.

 

Сыйынды бүгін Мағырып пенен Машырық,

Тәу еткен жұрттан босаған емес босағаң.

Көңіліме қайтем кәпірдей күмән жасырып?

Пендеңді жебеп жарылқауыңды қош алам.

 

Бұлдырап тауың, сылдырап мөлдір бұлағың,

Жүрекке сіңіп дертіме дауа дарытқан.

Мүбәрәк түнде Ай болып таққан тұмарым,

Тілейін тілек – атқанша мәңгі жарық таң.

 

Ғаршыдан түскен жұпарын нұрдың жұтам деп,

Келіп тұр саған дұғасын арнап бір бала.

Алдымен – Алла, содан соң – нәби Мұхаммед,

Шапағатыңды тигізе гөрші, Пір Баба!

 

 

 

Нұрбейбіт АУХАДЕНҰЛЫ (Атырау)

 

АРНАУ

 

Сынығы сұлу мүсін баталы ұлдың,

Танылған дүйім жұртқа атағың мың.

Рухына әдейі арнап жыр бастадым,

От ауыз, орақ тілді баһадүрдің.

 

Дір еткен ел мейірімнен жылынатын,

Жүректен өшпес мәңгі ұлы атың.

Жарыққа елді тартып, мешіт салып,

Халыққа шашқан шипа шұғыласын.

 

Тарихта қайталанбас дара болған,

Ықтасын, желді күні пана болған,

Жасында Пайғамбардың дүние салдың,

Ажалдан адам бар ма аман қалған?!

 

Жинақтап байтақ өлке бастарында,

Шақырған имандылыққа жастарын да.

Бүгінде туғаныңа екі ғасыр,

Алпыс жыл да өтіпті қас-қағымда.

 

Алмастай өткір тілді жарқылдадың,

Ойлаған діндар бабам халқының қамын.

Бұлағыңнан дүйім жұрт шипа іздеген,

Ұраны да өзің ең батырлардың.

 

Жүзінен шуақ шашқан шырайлана-ай,

Дарытқан қасиетті Құдай қалай?

Сен жүрген Жем бойы мен Кең Жылыойдың

Асты да, үсті де әзір мұнайға бай.

 

Өтсе де заман жылжып ұмтыла,

Есімің елің үшін ұлы тұлға.

Рухыңды зиярат қып ұмытпаймыз,

Өйткені хақымыз жоқ ұмытуға.

 

Серкелі сұлу елдің тапқан емін,

Еңселі елі сыйлар ақтаңгерім.

Құдайым торқа қылып топырағыңды,

Ылайым жарық болғай жатқан жерің!

 

 

 

Бақтыбай ЖАЙЛАУ (Маңғыстау)

 

ПІР БЕКЕТ АТА

немесе кедергісіз кеңістік һәм уақыт хақында

 

Дүнияуи ілімді біз анық деп жүрдік,

Мектептің оқулығынан қанық боп жүрдік.

Өлшемі қылып уақыттың кеңістіктегі,

Ең жылдам құбылысты – жарық деп білдік.

 

Жаратылыс жұмбағы кешегіде екен,

Алдымнан шықты дүниенің есебі бөтен.

Сауалым тым көп болып барады, зинһар,

Жауабын кім дөп тауып, шешеді екен?

 

Айшылық жолдан өзгелер қиналары анық,

Күй кешіп жетер – кейпінде диуана ғаріп.

Пір Бекет таңғы намазын оқиды екен

Оғыландыдан Меккеге, Хиуаға барып...

 

Жұртының жәрдем-мұратын қабыл, оң көріп,

Мешіт салғанда тұратын шалың жөн беріп.

Және сол сәтте жорықтас жолдасымен ол

Көрінген жауға қаптаған қалың қол болып...

 

Әзілі ортақ (Атамен болар жасы тең)

Бір досы таудан ауғанда жол арбасымен

Үйде отырған Ер Бекет көмекке келіп,

Түйе табанын тіреген жон арқасымен...

 

Бұл істеріне Алыптың қылған-ды күмән,

(Әулием, Өзің таныттың тұлғаңды мұнар).

Қажет жерінде әп сәтте табылатұғын

Қимылы жүйрік жарықтың жылдамдығынан.

 

Тарихаттың ол көрген астар түбін шын,

Шариғаттың меңгерген асқар шыңын тым.

Мағрифат пен Ақиқат әлемін кезген

Өлшеп береді Рухтың шапшаңдығын кім?

 

Ілім жолында арнаған сауғаға жанын,

Әруағыңнан айналдым, уа, Пәруана Ғалым!

Тылсымы терең танымың мен білсем, Ата,

Пірдің соңы Өзің мен тек Аллаға мәлім!

Рамазан айы, Қадыр түні, 2010 жыл

 

 

 

Асан-Темір ҚАРШЫҒАҰЛЫ (Атырау)

 

АТА ЖӘНЕ АҚМЕШІТ

 

Қолыңызда болған соң Құраныңыз,

«Лә илаһа илаллаһ» – ұраныңыз.

Ақмешіт – кіндік қаның тамған жерің,

Оғыланды – мәңгілік тұрағыңыз.

Алты Алаштың ұраны – я, Пір Бекет,

Қазаққа тие берсін шуағыңыз!

Автор

 

Пір Бекет деп басталсын басы жырдың,

Қыркүйекте гүлдесін тасы гүлдің.

Әулие Ата, ұлысың ұлықталған

Мына жиырма бірінші ғасырымның.

 

«Бекет» дейміз тұра сап құла таңнан,

Баба әулие болған соң Пір Атанған.

Сен әулие болмасқа амалың жоқ,

Тараған соң Адайдай ұлы атаңнан.

 

Алла барда арналар өлең ізгі,

О, Пір Бекет, жебей гөр, деме бізді!

Аллаһ өзі әлемнің ардақтысы,

Сондықтан сіз деп білем төремізді.

 

Кешір, баба, арналса артық өлең,

Шабыттанғам шайырлық салтыменен.

Пір Ата, қолдай көрші әруағыңмен,

«Бекет» деп жиылғанда халқым ерен.

 

Я, әруақ, қайтарма ер меселін,

«Адыраспан секілді жерде өсемін».

Мен Бекетті пірім деп танымасам,

Ей, Ақмешіт, тойыңа келмес едім.

 

Ақмешітте ұлы той, тамаша күн,

Өлеңмен өрнектелер болашағым.

Пір Бекетті тудырған, о, Ақмешіт,

Мойында ақын ұлын Алашаның!

 

 

 

Амандық САСАЕВ (Атырау)

 

ЖЫР БЕКЕТ

 

Бірі едім елім деген ерікті ұлдың,

Жанымды жас баладай желіктірдің.

Пір Бекет, қасиетіңнен айналайын,

Тойыңа толғаныспен келіп тұрмын.

 

Жоқ менің көптен бөлек жұмбақ сырым,

Көрмеппін иман жолын жырлап бұрын.

Тезіне салып енді бар ойымды,

Өзіңе бет бұрамын шындап, Пірім,

 

Өткізген талай жастық көктеміңді,

Бір Алла жаратпаған текке күнді.

Бір биік иман беріп білем, Пірім,

Нұр құйып жүректерге жеткеніңді.

 

Беретін көңіліңе Күн-Айы нәр,

Көрікті Жем бойының шырайы бар.

Пір Бекет, қорыққанға сабыр беріп,

Болыпсыз торыққанға ұдайы жар.

 

Мінгенің астыңдағы пырақ болған,

Жаққаның жүректерге шырақ болған.

Болыпсыз туған жерге жау келгенде

Алладан әділетті сұрап қорған.

 

Өсиетің өшпейтұғын өмірге азық,

Қасиетің дарыды елге Тәңір жазып.

Жаратқан жұлдыздарға бағыт берген,

Сіз де бір аспандағы Темірқазық.

 

Ақ жолың Құс жолындай әркімге айқын,

Ілімің жай отындай жарқылдайтын.

Жалының жалпақ елге жарық беріп,

Дарының дариядай сарқылмайтын.

 

Көрікті көркем ойды үрлететін,

Жаныңды жақсылыққа бірлететін.

Туған жер топырағында кіндік қаның,

Жем бойы – «Мысыр шәрі», Пір Бекетім.

 

Тектісін төрелі ел төрлетеді,

Демеймін елден бөлек ер кетеді.

Соңыңа ерген, Пірім, көп халықпен

Мені де осы дала тербетеді.

 

Жоқтарға қайырымды қарасатын,

Бір Алла салған сізге дара сәтін.

Көріпкел, ел қорғаны, ерен Пірім,

Ғұлама, ұстаз, иман-парасатың.

 

Білмеймін өз міндетін өтеп пе өлең?

Қалмаспын Пір қолдаса етекте мен.

Жанына медет сұрап табынса адам:

«Иә, Бекет!», «Уа, Бекет!», «Бекет!» деген.

 

 

 

Артур ЯҺУДА (Атырау)

 

УА, БАБАТАЙЫМ!

 

Уа, Бекет бабатайым!

Қасиетіңді қалай айтам, даңқыңды?

Көк пен Жердің қос арасы – жалқын нұр!

Көңілімнің кенезесі қанар ма

Кепиетіңнен ішсем егер сарқынды?!

 

«Я, Бекет!» деп медет етіп ныспыңды,

Ібіліске ілкі сәтті күш қылдым.

Бесігімнен тұрғанымда-ақ өткіздім

Бес күн дейтін бұл жалғанда үш күнді.

 

Қарашығыма қамап мұңды, әрнені,

Қапелімде әфсанаммен әуремін.

Бабатайым, өзіңменен өлшедім

Бір халықтың тағдыры һәм дәуренін.

 

Сойың – Тәңір (сыйы Хақтың, әмірі),

(Соны біле бәйіт айтты-ау ғарібің!)

Тудыратын әулиесін, батырын

Кей ғасырдың бар жаңаша дәуірі!

 

Әзелінде тартып көрмей ар-ызғар,

Ай сәулесін аспан суын тамызған.

Адам болып туады да шын ұлы

Айналады аңызға!

 

Оғыланды жақтан қобыз үнді зар тыңдап,

Зарлы жүрек тебіренген, тарпынған.

Аласа боп қалмау үшін пенделер

Адамнан бұрын тау туған...

 

Таудан да биік болмысың біздің ес елге,

Ода айттым, мадақ өлең еселеп.

Пенделікпенен, кенделікпенен ақылдан

Саф алтынды бояуға малсам кеше гөр!

 

Табанымыздан топырақ көшсе, бір нүкте

Боламыз-ау, Туған жер атакүлдікте.

Сенің орның – алақаны ғой Алланың,

Пенделер орны – мәңгілік төзу тірлікке!

 

 

 

Жасұлан МАЙЛЫБАЙ (Маңғыстау)

 

ПІР БЕКЕТ

 

Жолдарыңды, бабатай, бұраң көріп,

Бұл қым-қиғаш тағдырың шығар дедік.

Бірақ елдің еңсесі түспеуші еді

Сен келгенде ауызға ұран болып.

 

От жағылса Отпандай тау басына,

Тентектеу жұрт жиналар жауға асыға.

Сондай шақта сен қорғап Адайымды,

Түркмендерді түсірдік тәубасына.

 

«Мына Бекет осал-ау» демес пенде,

Кесімді сөз айтар ең кеңескенде.

Есем кетіп көрмеп ед, Пір Бекетім,

Сен ту ұстап дұшпанмен егескенде.

 

Жылдар көшсін жөңкіліп жөніменен,

Уақыт бірақ бөле алмас сені менен.

Оғыландыдан жатарсың нұр таратып,

Мен жүрермін сен жайлы төгіп өлең.

 

 

 

Арғынбек ҚАЛБАЕВ (Маңғыстау)

 

АТАҒА АРНАУ

 

Қызарып қора жақтан батқан күнді

Көргенде асау шабыт атқа мінді.

Толғанды мендік жүрек жырлау үшін

Оғланды баурайында жатқан Пірді.

 

Ұлы едім кие қонған өнерлі елдің,

Ерлік пен құдіретті сенен көрдім.

Болмайды жырдың соңы сізге деген,

Пірдің соңы Бекеттей кемеңгерім.

 

Құдіретіңе куә боп бұл бір басым,

Ендеше ақын балаң құр тұрмасын.

«Қолдай гөр мені бүгін, иә, Бекет!» деп

Талай ақын бастаған жырдың басын.

 

Толды бүгін жан-жағым маңайға гүл,

Тойыңа төгілсінші арайлы жыр.

Әуелі Алла, содан соң Пір Бекет деп,

Жаудың бетін қайтарған талай батыр.

 

Аңыз боп бізге жеткен ғасырлардан,

Құпияң көп әлі де ашылмаған.

Желеп-жебеп жата гөр ұрпағыңды,

Адайға ұран болған асыл бабам!

 

 

 

Талғат ҚАЙБҰЛЛАҰЛЫ (Маңғыстау)

 

МАҢҒЫСТАУДА ПІР БЕКЕТ АТА

(поэма)

 

«Маңғыстау – Пір Бекеттің туған жері...»

Түмен

 

І

 

Тәңірім оңғарса егер талап алдын,

Төрешісі жалғыз сен бар адамның.

Кешегі шығыста өткен шайырлардай

Қолыма бисмилла деп қалам алдым.

 

Қолыма қалам алдым шайырлардай,

Айтатын мынау жұртқа ойым бардай.

Ұсақтық пен қысастық неге керек,

Қастыққа алдиярлап бой ұрғандай.

 

Атымды шығармаймын қастықпенен,

Асау көңіл сен дағы бастық дер ем.

Сыйластықтың төріне шығаратын,

Жасай бер мәңгілікке достық деген.

 

Көңілім доссыз болса бытырайын,

Қалайша бір суынып, ысымайын.

Жырымды қабыл алсаң, жұртым-елім,

Сендерге дос көңілмен ұсынайын.

 

Атбегі емен жүретін бие сынап,

Араб емен жүретін түйе сынап.               

Талғаттың жазған жырын қабыл алғын,

Сендерге, туған елім, ниетім ақ!

 

Бітеді дос көңілдің мұраттары,

Шықпай қалмас қайтадан бір ақ таңы.

Аққудай қанат қақсам айдынымнан,

Қазақтың тарлық етпес жыр аспаны.

 

Ақын ем жырдан басқа не берейін,

Қызыл сөзді өлеңменен тең өрейін.

Жаңбырдан соң жер құсап көгерейін,

Халқым-ау, алғысыңа бөленейін.

 

Алтын шапақ күн батса ұясына,

Құлдилап қыран қонар қиясына.

Жүрегін жыр қысқанда шайырларым,

Қаламның сыр ақтарған сиясына.

 

Сезімнің қыл пернесін бір басайын,

Ел ме екен келешегін қылмаса уайым?

Ақ қағаз айдынында қалқытқандай,

Қауырсын қалам, сенімен сырласайын.

 

Мінеки, болып қапты кіші бесін,

Кеш болса көлеңкелер кішіретін.

Ей, қауырсын қаламым, шабыт қысса,

Қырандай маған қанат бітіресің.

 

Дәл мұндай келе бермес шабыт дәйім,

Естісем дәуір даусын неге ұқпайын.

Тарихтың сан соқпағын жерден оқып,

Көк аспан құшағында қалықтайын.

 

Сипатшы маңдайымнан сөз самалын,

Қаңқылдап көл шулатса қазша жаным.

Жұмбағы мол құпия сырыңды оқып,

Сан қилы тарих саған көз саламын.

 

Алайын көтергенше керегімді,

Дәйектейін болжам мол дерегіңді.

Берешекпіз, қарызбыз, қастерлейміз,

Біздей ұрпақ алсын тек сенен үлгі.

 

Дүние тұра бермес қалыбында,

Нақ ақиқат осы ғой анығында.

Тарих, шежірең мол шерлімісің,

Көп сенде тәлім менен тағылым да.

 

Басайын, тарих, саған қалай қадам?

Әр қадам басу үшін сан ойланам.

Өзіңді толық білу мүкін емес,

Көп уақыт өтті, сенен талай заман.

 

Өтті рас қилы-қилы талай заман,

Әрбір таң атты сенен арайлаған.

Сан қилы тағдыр да көп бір өзіңде,

Соның бәрін өлең қып қалай жазам?

 

Уа, тарих, сенің ізің суда да бар,

Уақыт бар жылғасынан су боп ағар.

Алтын күн қызуымен көп елесің,

Аспанға көтерілер бу боп олар.

 

Бу болып кетеді елес бұлтқа айналып,

Уақыт – жел, бар деймісің бұлтта ай бағыт.

Теперішін тағдырдың талай көріп,

Іргелі қазақ отыр ұлтқа айналып.

 

Тарих, кенде емессің өкпе-наздан,

Басшыда ақыл болмаса бастан азған.

Қағаз, қалам іздемей біздің қазақ,

Тарихын өшпестей қып тасқа жазған.

 

Сол тарих жатыр бүгін тау-тасымда,

Тайпалар таңбасы көп қой тасымда.

Біздерге қарап тұр ғой тасқа айналып,

Сан түрлі бейнелерің әр тасыңда.

 

Тарих орын емес ол күл төгерлік,

Қырқылдық та қиылдық, күлтелендік.

Ақиқаттың жолынан ауытқымай,

Тарихты жырға қосу − білсең ерлік.

 

Адамдай суға кеткен тал қармайтын,

Мен емес алды-артымды аңғармайтын.

«Өлең – сөздің патшасы» деген жұртқа,

Әруағы ұлы Абайдың жар болғайсың.

 

ІІ

 

Басына айбалтаның қада сына,

Тарихтың түсер болсам тазасына.

Сыр да көп, сиқыр да көп бауырыңда,

Көз салсам Маңғыстаудың даласына.

 

Құзың бар аждаһаның өңешіндей,

Төбеңе қаһарланса төнетіндей.

Төрт түліктің төресі түйелерің,

Шөл даланың желкенді кемесіндей.

 

Көкмойнақ пырағың бар тұяқты да,

Желдей ұшса жете алмас қияқты да.

Көне жұртқа түйемен барар болсаң,

Жібек жолын білетін сияқты ма?

 

Маңғыстау, бір сен деп жыр ақтарамын,

Тек қана мен өзіңнен бақ табамын.

Алшаң басқан атанды көрген кезде,

Асанның желмаясы деп қаламын.

 

Ата-бабам жайлаған бар қыстағын,

Жатқа біліп сай-сала сан пұшпағын.

Асан қайғы іздесе Жерұйықты,

Сенсің маған Жерұйық − Маңғыстауым.

 

Жеті жұрт келіп-кетіп тұрмаған жер,

Мойынын қайтып кері бұрмаған жер.

Суыннан көкмойнақтай құлын шығып,

Қарт Каспий көк толқыны тулаған жер.

 

Қарт Каспий көк толқыны тулаған жер,

Айдында шағаласы шулаған жер.

Талай көне тайпалар мекен қылған,

Талай-талай қамалдар қираған жер.

 

Өксігін әлі күнге тимаған жер,

Талайдың түсіне еніп қинаған жер.

Мұрынның жыраулығына кім сенбейді,

Қырымның қырық батырын жырлаған жер.

 

Ия, рас Мұрындайын дүлдүл де өткен,

Жырын айта білетін жыр дүрмектен.

Кешегі Есір менен Құлшарларым,

Күйімен кең даланы күмбірлеткен.

 

Десеңіз көшкен жұрттың нешеуі өткен,

Қыранмын тағат тапқан кесек еттен.

Жеті атадан дарыған ұлы өнер ғой,

Сондықтан да қайқының жетеуі өткен.

 

Өмірін жеті қайқы сән қып өткен,

Көңілге жарасады мәңгі көктем.

Менікі, сенікі деп бөліп жармай,

Маңғыстауын жетеуі ән қып өткен.

 

Осындай бабалардың ұлы істерін,

Табылмас ішімізден бұрыс дерің.

Ән мен күйді ұрпаққа үлгі етіп жүр,

Бүгінде Сержан менен Күріштерім.

 

Күріштей ешкім әнді сала алмайды,

Сержандай ешкім күйді қаға алмайды.

Артында жоқтаушысы болса осындай,

Ұлы өнері қазақтың жоғалмайды.

 

Бұл жерден небір қайсар батыр да өткен,

Найзағай-намыс тілгілеп жасын беттен.

Асар сұпы, Дауымшар, Мыңбай, Құдабайлар,

Айтулы ерлерімнің сапында өткен.

 

Ер Шотан, Иса менен Досандарым,

Сүйінқара, Құлбарақ атандарым.

Ер Шабай, Қармыс, Сармыс, Балта балуан,

Сендерді жырға қоспай жата алмадым.

 

Қарасын да тең көрген төресін де,

Осындай ерлерім көп көресің бе?

Бәрімізді айтпады деп назаланбаң,

Бәріңде ер, есімдерің ел есінде!

 

Бұл өзгеше әңгіме жатыр бөлек,

Бұл жерде батыр түгіл ақын да ерек.

Ел тірегін ойласақ батыр дер ек,

Ел жүрегін сөйлетсек ақын керек.

 

Жыр – атасын сыйлаған, сөз – анасын,

Өлеңімен ұйытқан жамағатын.

Халық та, батырың да тайсалмаған,

Ақынның жырынан қуат ала алатын.

 

Таусылмас дүниенің базынасы,

Қам көңілдің тым ащы азынасы.

Жылаған жұртын ақын жұбататын,

Халықтың рухани қазынасы!                   

 

Білері аз ақындар несін бастар,

Білгені көп көсемдер шешім бастар.

Сөздің көшін Майқы би қолына алса,

Асан атам жыраулық көшін бастар.

 

Одан соң Абыл, Нұрым, Ақтандарым,

Аралбай, Сәттіғұл, Сүгір атқан жалын,

Елібай, Ұзақбай мен Есенғали,

Қашаған елге әйгілі мақтандарым.

 

Өздеріңді жұртым бар мақтан қылған,

Мың түрлі саз шығады басқан қылдан.

Кектескен жауын жеңген ерлерімнің,

Сенсіңдер ерліктерін дастан қылған.

 

Ылдиынан өрлетпес құлама шың,

Тау биігін төбелер құп аласың.

Өзеуреген еліңе кей пасықтың,

Өлеңменен бердіңдер сыбағасын.

 

Мен сендердің жырыңды тыңдап өстім,

Таудан айбат алайын, шыңнан екпін.

Ақтық демің қалғанша, шайыр шалдар,

Арғы-бергі тарихты жырлап өттің.

 

Тербетілген сезімің жыр – кемеге,

Есің болса асылға тіл беземе.

Айтып кеткен жыр менен дастандарың,

Келешек ұрпақтарға үлгі-өнеге.

 

Алғансыңдар сан мәрте ел мақтауын,

Сом алтыннан кем емес салмақтарың.

Талғат балаң сендерді жырға қосты,

Сөзден бәйге бермеген саңлақтарым!

 

Міне, осындай мақтаулы шалдарым бар,

Әр сөзін ақын ұлдың аңғарыңдар.

Іздеуші жоқ деп бізді қамықпаңдар,

Іздеріңді жалғаған балдарың бар.

 

Балдарың Светқали, Сабыр деген,

Сіздердей айтып жүр ғой шалымды өлең.

Елбасы да біледі Сабырымды,

«Әр қазақты – жалғызым» жаным деген!

 

Айтыста бір балаң бар Мэлс деген,

Айтыста талайларды тегістеген.

Қолға алса Қашағандай домбырасын,

Төгіліп кете берер келісті өлең.

 

Шапқанда шалқұйрықтай желдей жүрген,

Жұрт жүрегін жырымен емдей жүрген.

Мэлісім Абыл, Нұрым, Қашағандай,

Шапқанда бәйге ешкімге бермей жүрген.

 

Жыр жаздым сөзден өлең түзілгесін,

Қара өлең қара нары бүгілмесін.

Іздері міне осындай ақындардың,

Ұрпаққа жұғысты боп үзілмесін.

 

Жалғанға кім кетпеген созып қолды,

Жасампаз жарқын ойы анық болды.

Өмірінің әр күнін саған арнады,

Маңғыстау білесің ғой Серікболды.

 

Көңілі Серікболдың карта сынды,

Зерттеді, зерделеді тау-тасыңды.

Өзгенің алтынынан артық көрді,

Маңғыстау, сенің әрбір жай тасыңды.

 

Көз салды талай тайпа көшкен жерге,

Өз ұлын туған елі өш көрген бе?

Талай ғалым ағалар елең етті,

Тарихты түу тереңнен тексергенде.

 

Көненің көзі ме екен деп қаласың,

Көненің сөзі ме екен деп қаласың.

Сұм ажал Серікболды көп көрді ғой,

Ел үшін ісі көп еді атқаратын.

 

Жазбадың сен еңбекті атақ үшін,

Мал үшін не болмаса атан үшін.

Маңғыстау көне жұртын зерттеп кеткен,

Қазақтың сен екінші Шоқанысың!

 

Жұртым-ау, Маңғыстаудың тектісін күт,

Серікті Шоқан екен деп түсіндік.

Серікболың өлген жоқ Маңғыстауым,

Тарихтың қойнауына кетті сүңгіп!

 

Маңғыстаудай менің ата қонысым бар,

Маңғыстау, небір текті арысың бар.

Әдебиетте әлемде мойындалған,

Өзгеден дара туған Әбішің бар.

 

Ақының айтар ойын дестеледі,

Өнерден орын алар өскелеңі.

Маңғыстау, сенің жұмбақ тарихыңды,

Әбекең көркем сөзбен кестеледі.

 

Тарихты арғы-бергі қол жетімді,

Сендегі ибалы қыз, жендет ұлды.

Әбекең сиқыр сөзбен суреттеді,

Маңғыстау, болмыс-бітім, келбетіңді.

 

Маңғыстау батыр сілтер қару деді,

Босқан ел тек өзіңе зәру деді.

Маңғыстау жарын күткен төсегінде,

Әбекең «Ұйқыдағы ару» деді.

 

Сезім – жыр сіркіреген жауын ба еді,

Маңғыстау менің асқақ тауым да еді.

Бұл сөзге түсінбеген кей топастар,

«Ұйқыдағы аруға» жар іздеді.

 

Маңғыстау, бола берсін үстем бағың,

Беттен от алаулайды, іштен жалын.

«Ұйқыдағы аруым» , беу, Маңғыстау,

Таңы еді тәуелсіздік күткен жарың!

 

ІІІ

 

Өлеңмен кіргізейін сөз реңін,

Тебіренсең шалқыған теңіз едің.

«Үш қиянды» жырлаған Мұрат ақын,

Жайлысы да майлысы өзің едің.

 

Қимайды атажұртты өзгеге ешкім,

Жат жұртта сұлтандықтан без демес кім?

Маңғыстау, 362 әулиең бар,

Сен тіпті киеден де кенде емессің.

 

Өзіңді мекен еткен бір кездері,

Жаңғырып жүрегімде жыр безбені.

Зеңгір көкпен тілдесіп жатырғандай,

362 әулие күмбездері.

 

Сыр тартсаң саған сырын айтар еді,

Бойыңыз бір жеңілдеп қайтар еді.

Ақ шүберек байлаған, тәу еткен жұрт,

Киелі ағаш саналған бәйтерегі.

 

Қандай ғажап өсуі бір шыбықтың,

Белгісіндей жалғыз сол тіршіліктің.

Тамырыңа көктен нәр сұрағандай,

Бұтағың жайған қолдай ұмтылып тұр.

 

Көкке қарап өсетін күнге ұмтылып,

Тұма туады екен тілден тұнық.

Әр әулие басында жапырақ жайған,

Расында байқасаң бір-бір шыбық.

 

Кімің бар бұл сөзімді аңғарғандай,

Кімің бар бұл сөзіме таң қалғандай.

Бақилық болып кеткен бабалардан,

Малы емес, мына бізге тал қалғандай.

 

Бұл талдың бабаларға керегі не?

Келместің кеткен сүңгіп тереңіне.

Әр әулие басында бір-бір желек,

Біздерге ормандай өс дегені ме?

 

Ендеше, қазақ елім, ормандай бол,

Жайқалған жас шыбыққа қорғандай бол.

Бабалар басындағы бәйтеректен,

Ұғынып үлгі-өнеге алғандай бол.

 

Жайқалған бәйтеректей келісті бол,

Көлеңкесі саялы жемісті бол.

Ұлтым-ау, ұлың өсіп ырысты бол,

Жұртым-ау, қызың өсіп өрісті бол.

 

Киеге құрметпен игізгейсің,

Кесірін кесапаттың тигізбейтін.

Ұлтымыздың ұрпағын мына біздей,

Жолымен ата-баба жүргізгейсің.

 

Ел едік қадір тұтқан әруақ басын,

Ақының айтар ойын салмақтасын.

Мыс-жезіне қызықпай өзгелердің,

Қолындағы алтынды ел ардақтасын.

 

Ардақта алтыныңды қолда барда,

Бір күні ыршып түсер қолдан ол да.

Дау мен жауға тәңірі тап қылмағай,

Елімді түсірмегей байбаламға.

 

«Ердің соңын біздің ел Есет деген,

Пірдің соңын біздің ел Бекет деген.

Айналдым атам Бекет әруағыңнан,

Тілегін жақсылардың екі етпеген!»

 

Ақынға бола берер сөз ыңғайлы,

Шабытсыз киелі өлең жазылмайды.

Талғаттайын ұлыңды қолдашы, ата,

Ұрпаққа жыр жазайын өзің жайлы.

 

Өзіңді пірдің соңы дескен елім,

Айбары тек өзіңмен өскен елім.

Абыз болған күніңнен сөз қозғайын,

Халыққа аңыз болып кеткен ерім.

 

Айырған ақ-қараның ара шебін,

Әділдікке дайын еді ғана төрің.

Мың жылда бір туылар бұл өмірге,

Мырзағұл атамыздың баласы едің.

 

Тарихты тарқатайын тыңдаса адам,

Мың жылсыз дәл өзіңдей тумас адам.

Мырзағұлдай әкеде арман бар ма,

Дәл өзіңдей ұрпақпен мың жасаған!

 

Бақсың ғой Алла берген бағымызға,

Бағымызда өзіңсің, нарымызда.

Оқып білім алмаққа талаптандың,

Он төртке аяқ басқан шағыңызда.

 

Бұл аңызды менсіз де білер елім,

Тілегін сенен ата тілер елім.

Әкеңнен ақ бата алып, жолға шығып,

Басына Шопан ата түнеп едің.

 

Бұл жайт жамағатқа баян болды,

Көңілің дей алмаймын қаяу болды.

Үшінші күн дегенде бала Бекет,

Шопан ата түсіңде аян берді.

 

Сонда түсінде аян берген Шопан ата бала Бекетке былай деп ақыл-кеңес берді:

 

– Хиуаға енді басқын қадам, –  деді, –

Білім берер Бақыржан бабаң, –  деді. –

Таң намаздан соң жолыңа шығарсың, – деп, –

Бір пырақ мінгіземін саған, – деді.

 

Ел білер сөзді солай ұғыналық,

Айғақты аңыз бұл ғой сыры қанық.

Бір Аллаға сыйынып жолға шықты,

Ата берген пырақты мініп алып.

 

Міне, сүйтіп пырақты мініп алып,

Хиуаға жеткізді түсте мұны барып.

«Талапты ерге нұр жауар» − дейтін елім,

Аталы сөз деп ұққын мұны да анық.

 

Талаптың тұлпарын Бекет мініп алып,

Аңыздан жыр ұғалық, сыр ұғалық.

Ұстазының бөленіп ықыласына,

Жеті жыл жатты сонда білім алып.

 

Талапты ерге әрқашан бақ қонағанда,

Пендесін қақпайды екен бақтан да Алла.

Жеті жыл мол білімді алды Бекет,

Енді ауылға қайтатын шақ болғанда.

 

Ұстаз тұтты Бақыржан дана шалды,

Көп оқыған, көп білген дара шалды.

– Ізбасарым деп білем, − деді ұстазы,

Лақтырам кім тапса көк асамды.

 

Бір Алладан күш-қуат сұрап тұрды,

Міне осындай ұстазы сынақ қылды.

Сөзін айтып болған соң ұлы ұстаз,

Айналдыра көк асаны лақтырды.

 

Даналыққа айналған бала көңілі,

Жаны пәк арамдықтан дана көңілі.

Шәкірттері табам деп жүгіргенде,

Бекет бала орнында қала берді.

 

Шәкірті бала Бекеттің бұл қылығына таң қалған ұстазы Бақыржан ата былай деп сауал қойды:

 

– Қай жері ұнамады сізге ненің?

– Бердім ғой шәкірттерге біз керегін.

– Көк асамды көп шәкірт іздеп кетті,

Деді ұстаз: – сен неге іздемедің?

 

Сонда Бекет жауабын пысықтап ап,

– Жоқ менде арам ой мен мысық талап.

– Әуелі Алла, алайын сізден бата,

– Аса жерге түскен жоқ ұшып барады.

 

Аң-таң қалды бұл сөзге қартың әлгі,

Асылдың басқалардан нарқы барды.

Алласыз ешбір істі бастамайтын,

Бекеттің жауабына тәнті болды.

 

– Өзіңе ең шәкірттерден тым ерегім,

– Бүйтпесең сенен үміт үзер едім.

– Жолың болсын, батамды бердім, балам,

– Алдыңнан бір оғылан жіберемін.

 

Жолға шықты ұстаздың батасын ап,

Шықпай қайтсін қылған соң ата сынақ.

 

Бақыржан ұстазының пір Бекетке,

Болыпты білімі азық, батасы бақ.

 

Ұстазы білім нұрын шаша түсті,

Қасиетін бала Бекет аша түсті.

Көктен Құран түскендей пайғамбарға,

Маңғыстауға киелі аса түсті.

 

Шабытты өлең-жырдан жалын шығар,

Жүйріктің тұяғынан дауыл тұрар.

Ата менен асаны Аллам берсе,

Маңғыстау, бұл да ерекше бағың шығар!

 

Ең бірінші дін-аман халқым болсын,

Халқыма осы өлеңім тарту болсын.

Бірлігіңнен берекең ажырамай,

Маңғыстау келешегің жарқын болсын!

 

 

 

ПІР БЕКЕТ АТА

 

Жаудан елін қорғаған,

Батыр Бабам – Пір Бекет!

Шешен боп сөз бастаған,

Ақыл Бабам – Пір Бекет!

 

Қанша жылдар өтсе де,

Сөз патшасы жоғалмай,

Толғауы жатқан табылып,

Ақын Бабам – Пір Бекет!

Жауын көрсе әруағы

Қысатын Бабам – Пір Бекет!

Маңғыстаудан Хиуаға

Оқу үшін әр күні

Қанат байлап кәдімгі

Ұшатын бабам – Пір Бекет!

 

Таусылмайтын халқына

Жыр, ән салған Пір Бекет!

Ол да сәби бір кезде

Ұлан болған Пір Бекет!

Есейген соң халқына

Үлгі болып әр сөзі

Ұрпаққа ұстаз,

Ұлысқа ұран болған Пір Бекет!

 

 

ПІР БЕКЕТ АТА

 

Бейне көкте самғаған,

Қыран болған Пір Бекет,

Жауға қарсы қаптаған,

Ұран болған Пір Бекет.

 

Тұлғасы жерде қозғалған,

Аққу құс болған Пір Бекет.

Қысылған кезде қолдаған,

Әулие болған Пір Бекет.

 

Жалбарынып тәңірге,

Топ бастаған Пір Бекет,

Дара тұлға өмірде,

Көш бастаған Пір Бекет.

 

Құйын, дауыл, желменен,

Жарысса шапты Пір Бекет.

Бір болған дәйім елменен,

Оқу-білім дарытқан Пір Бекет.

 

Әр істе алғыр шешімді,

Батыл болған Пір Бекет.

Кім білмес бұл есімді,

Батыр болған Пір Бекет.

 

Өр істерін қазақтың,

Жалғастырған Пір Бекет.

Арманды ойын талайдың,

Алға астырған Пір Бекет.

 

Мен қазақтың тұяғы,

Нағыз бабам Пір Бекет.

Алтынның асыл қияғы,

Абыз бабам Пір Бекет.

 

Алла, аталар жар болып,

Көбейе берсін бірлігің, Адай.

Биіктей берсін Нар болып,

Осының бәрі – тірлігің, Адай.

 

Бекет Пірі тұр көңілде,

Кезінде қорқып қысылған.

Жалғыз емес өмірде,

Адай – қазақ, мұсылман.

 

Атамызға бірігіп,

Бүкіл ел ас беріп жатқанда.

Өлгеніміз тіріліп,

Ортамызға келіп жатқанда.

 

Егемендік келгесін,

Мәртебе алды тіліміз.

Жайнатайық өлкесін,

Біз қазақ – Адай гүліміз.

Гүлдендірсін жер төсін,

Қызымыз бен ұлымыз.

 

 

ӘРУАҚТЫ АТАМ ПІР БЕКЕТ

 

Заманынан туылған,

Озып кеткен Пір Бекет.

Туған жерді киелі,

Қазық еткен Пір Бекет.

Бүгініме керек ол,

Біртуар ұл − Пір Бекет.

Жас басынан зерек ол,

Білім құмар ұл − Пір Бекет.

 

Ауырғанды емдеген,

Емші болған Пір Бекет.

Белгілі сәулетші,

Көріпкел болған Пір Бекет.

 

Сан шәкірт оған жолықты,

Жер мақтанышы Пір Бекет.

Ағартушы, білімді болыпты,

Ел мақтанышы Пір Бекет.

 

 

БЕКЕТ АТАМНЫҢ 260 ЖЫЛДЫҚ АСЫНА АРНАУ

 

Отпан тауға асыңа келдік жиылып,

Бекет Ата, ардағым.

Рухыңа табынып,

Қыранша қанат қомдадым.

Мен ғана емес бұл асқа

Дүйім халық қуанып,

Жап-жарық болды бар маңым.

 

Қасиеті асқан кемерден,

Шықтаған жері көгерген.

Соңынан ізгі сөз ерген,

Әруағы асқан Бекет Атама.

Бір-екі ауыз сөзімді,

Берейін айтып өлеңмен.

 

Қазақ деген еліміз,

Ішінен Бекет Атадай Пір шыққан.

Адайға күллі ұран боп,

Түнекті жарып Күн шыққан.

Пиғылы жаман дұшпандар

Тұра алмай қарсы тұншыққан.

Әруағы асып халқымның,

 

Теңіздейін тебіреніп,

Толқынын көкке ыршытқан.

Сол атақты ауылдан,

Өзің шықтың, киелім.

Асыл ед неткен сүйегің,

Менің анық білерім –

Қаншама уақыт өтсе де

Халқымның сізді сүйерін

Мешітіңе жиналып,

Сыйынып басты иерін.

 

Жанына жанның нұр еккен,

Жүрекке иман түнеткен.

Пиғылы жат жамандар,

Көргенде-ақ сізді дір еткен,

Қасиетіңнен, Бекет Ата, айналдым,

Ізгілік елге сый еткен.

 

Әлсізді сүйеп, демеген,

Ден қойғандарды жебеген.

Ертеңін болжап елінің

Кесапаттарды бөгеген...

Осылай сыр шертеді,

Тарқатсақ сөзді көнеден.

 

Бекет ата бүгінде

Тәуелсіздіктің таңы атты.

Елеусіз жатқан Маңғыстау мен Атырау

Дүниенің төрт бұрышын

«Қара алтынымен өзіне қаратты».

 

Ұлықтап дәстүр-салтыңды,

Жүрекке иман, ар тұнды.

Халқың Асын беруде,

Арттырып, Ата, нарқыңды.

Мәңгілік сақта осындай,

Әулиелік қалпыңды!

Бекет Ата,

Әруағыменен от өрер,

Халқының барлық мұң-зарын,

Жалғыз өзі-ақ көтерер.

Басыңа талай мінәжат

Етіп келерміз,

Ұрпақтық парыз

Сонымен Ата өтелер,

Халқыңды рухыңмен қолдап

Жата гөр!

 

 

БЕКЕТ АТАМНЫҢ ТІЛЕГІМЕН ТУҒАН, БӨКЕН ЖЕМЕНЕЙ

МЫҢКІСІ ТУРАЛЫ АҢЫЗ

 

Дейді жұрт Пір Бекетті абыз болған,

Ішінде көріп келдің нағыз болған,

Оғыландыға мешітін салар кезде.

Ел есінде мынадай аңыз қалған:

 

Әлқисса, сол аңызды тарқаталық,

Ол күннің қаншасы өшті, қаншасы анық.

Төгейін кемерінен кестелеп жыр,

Тарихтың тереңіне барса шабыт.

 

Адайда Бекет деген пір өтіпті,

Шайырлар кереметін жыр етіпті.

«Пірдің соңы Бекет», – деп шалдар айтқан,

Бекеттей кереметті кім көріпті?

 

Келіпті Маңғыстауға асаны іздеп,

Оғыландыдан тауыпты асаны дөп.

Мұсылман баласына дәріс оқып

Бекітті мешіт, мектеп ашамын деп.

 

Мешітті Оғыландыдан салдырыпты,

Шеберді әрбір жерден алдырыпты.

Құдайдан перзент сұрап күні-түні,

Байыпты бір Байсалдай ер жүріпті.

 

Айбары атамыздың үстем екен,

Алланың оған нұры түскен екен.

Алла үйі − атамыздың құт мекені,

Мерзімді уақытында біткен екен.

 

Кім жүрмес хақ жолында бұл қалыппен,

Атымтай аты шыққан мырзалықпен.

Мешітін салып берген шеберлерге

Беріпті ер еңбегін ырзалықпен.

 

Кім сүймес басқа қонған дара бақты,

Байсал да Пір Бекетке бара жатты.

Алдына еңбегің деп, мал салғанда,

Байсекең ақысына қарамапты.

 

«Жігітім, неге алмадың мына малдан?

Еңбегің ғой, мал емес сұрап алған».

Байсекең: «Бір перзентке зармын, – депті,

– Перзентсіз қызық емес, мына жалған».

 

«Түсіндім, – депті, – Бекет тілегіңді,

Кіршіксіз көріп тұрмын жүрегіңді.

Бәйбішең торсық шеке бір ұл туар,

Бір Алла қабыл етсе тілегімді».

 

Атаның дәл осылай үлгісі көп,

Аңыз соңын жұрт тұрса білгісі кеп.

«Перзентің кереметті ұл болар, – деп,

Есімін қойғын депті Мыңкісі деп».

 

Туыпты Байсекеңнің тұңғышы боп,

Балаға ат қойыпты Мыңкісі деп.

Байсекең ашылмаған бұлақ болса,

Бұлақты Бекет ашқан Пір кісі боп.

 

Бұлақтың көзін ашса бір кісі кеп,

Қасынан су ішпей ме мың кісі кеп.

Адайда дәл осындай аңыздар көп,

Ағайын, ала берсең үлгісі көп.

 

 

АС

 

Алладан тілек сұраған,

Тілегі қабыл ел едік.

Өз мінін білген адамдар,

Таразының тең басындай,

Өзгеге айтар төрелік.

Ақындықтың белгісі –

Алқалы топқа келгенде

Көрмеген сөзден бөгеліп.

«Хас жүйріктің белгісі –

Топты көрсе жұлқынған,

Салдырмай қамшы ұмтылған»,

Шаба да кетер жөнеліп.

Арамдықтың белгісі –

Көпшіліктің көзінше,

Тырысар көзге еленіп.

Ақымақ адам белгісі –

Әр нәрсені бір айтар,

Ойында жоқ-ты өрелік.

Хас сұлудың белгісі,

Қиғаш қасты, күлім көз,

Дегендей екен көрелік.

Сөз басын енді басталық,

Шаба бермей далақтап,

Аттың бір басын тежелік.

Мырзағұлұлы Бекетке,

Әруағын сыйлап атамның,

260 жылдығын,

Алты Алаш ас берді әр жерден,

Шама келсе, ағайын,

Термелеп соны берелік.

Атамыздың есімі,

Ұран болған Адайым.

Алдымен бас боп ас берді,

Алматыдағы ағайын.

Ат шабысы тағы бар,

Балуан күресі тағы бар,

Осындай қызық көп болды,

Қалдырмай тайлы-таяғын.

Сыдық Дәулетұлы ағамыз,

Ұйымдастырды осы асты,

Шақырып асқа маңайын.

Астанасы қазақтың,

Астанада ас өтті,

Әруағын атамның қастерлеп.

Астаналық ағайын,

Сауап алды астан көп.

Оңтүстікте ағайын,

Олар да қосты асқа үлес,

Демеймін мұны қош көрмет.

 

Ақ Жайықтың бойында,

Жылойдың мына ойында.

Әбіш ағам мен Фариза апам,

Осы аста бас болып,

Екі саңлақтың қашанда,

Ел деп соққан жүрегі,

Халыққа тілек тіледі,

Болсын деп бірлік лайымда.

Атыраудың әкімі,

Бергей ағам еліне,

Тебірене сөйледі,

Атамыз Бекет жайында.

Бақтыбай Жайлау ініміз,

Жыр мүшәйрасына қатысып,

Алып еді жүлдені,

Қас жүйріктің баласы,

Жуаннан озар тайында.

Ал, Маңғыстауымдағы асымды,

Айтпасам да белгілі.

Отпан тауда ас өтті,

Барша ағайын жиылды,

Болмады астың кемдігі.

Айналдым атам Бекеттен,

Айналайын, Алашым!

Міне, осылай әр жерден,

Дүркіретіп ас берген,

Бұл пейіліңнің кеңдігі,

Бұл Алашымның елдігі!

 

 

«Маңғыстауда Пір Бекет Ата: Тағылым мен деректер» кітабынан,

құрастырушы-автор: Талғат Қайбұллаұлы.

Ақтөбе, 2011 жыл, – 388 бет. (223-391 беттер)

ISBN 978-601-7273-67-5


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар