Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ерік Асқаров: Бозауыз ат

10.01.2018 869

Ерік Асқаров: Бозауыз ат

(Шұбыртпалы Ағыбай батырдан қалған сөз)

Аңыз анасы – ақиқат
Ғабит Мүсірепов

Бұл шығарма 1979-1980 жылдары жазылды. Қылышынан қан тамған кеңестік цензурадан өткізе алмасымды білген соң, аяқталмай тастап едім. Сол кездерде қазақ қауымын өксіткен жалғыз идея – ұлт азаттығын көксеген көңілдің көрінісі. Жиырма жылдан соң, бас-аяғын бүтіндеп, оқырманға ұсынуды жөн көрдім.

Автор

Келемін құбылаға бетімді ала –
Сары дала, сайын дала, жетім дала.
Сұлық жатыр,
Көмкеріп мөлдір сағым шетін ғана.
Даламды тонап кеткен –
Қаскөй дұшпан –
Қарғыстың қаны жапқыр.
Қарайды қарайғанға ел ме екен деп,
Сай-сал ішін тартып, аңырап қыр.
Ей, елім!
Туған елім!
Өскен елім!
Шұбырып ақтабан боп көшкен елім,
Сары далаң қаңырап тұр;
Ел де жоқ,
Дұшпан да жоқ
Соғыс та жоқ –
Жоңғар мен қалмақ кетіп,
Елімнің ен дәулетін жалмап кетіп,
Сарыарқа тұлдыр жатыр.
Адамның қурап қалған басындай боп
Барады домаланып қаңбақ кетіп…
Болдырды күрең ат та астымдағы,
Өзім де қалжырадым.
Қайтейін қалжырасаң,
Қайта көрме!
Батырым, алжымағын, алжымағын!
Иіскедім жерден уыс топырақ ап,
Сездім де қанның иісін,
Қан жыладым.
Сарыарқам, көңіліме арзымадың.
Тыя алмай қанды жасым қалжырадым.
Қайтсам ба екен?
(Қой, батыр, алжымағын!)
Ағыбай емес пе едім,
Ерлігім қайда менің?!
Ерлікпен қанатымды
Алашқа жайған едім;
Алтайға шалғайдағы
Бара алмай қайта көрме,
Таба алмай қайта көрме
Найман елін!
Атағы асып жеткен
Алтайдан Көкшетауға –
Бозауыз тұлпарды алып
Қайтады ерің!..
Қалсыншы бір қуанып
Науандай қайран ерім.
Тұлпарым – Бозауыз ат –
Құсқанатым!
Мен сені ұрламақпын,
Көрсін деп Науан Сұлтан –
Жүректі жолбарысым –
Қызығын ұшқан аттың.
Бозауыз – құсқанатым,
Мен сені ұрламақпын,
Жалыңнан ұстамақпын,
Көкшеге бастамақпын.
Қара көзден талай түн ұйқы қашып,
Алма беттің қызарған қаны қашып,
Жапанда арып-ашып,
Жортып келем,
Бозауыз ат!
Бозауыз ат!

Түн жүріп таң атқанда
Көзіме тау шалынды –
Көрінді Алтай!
Сиындым Жаратқанға;
Осы екен жер көбесі,
О, тоба!
Жер ғой жаннат,
Аңқидым қарап маңға.
Ағыбай енді армансыз
Алтайды аралайды…
Сәскеде келіп кірдім,
Орманға қарағайлы.
Орманға қарағайлы,
Сәскеде келіп кірдім
Орманнан адам емес, -
Шалғында кісендеулі
Бір атты жолықтырдым –
Жұлындай қара арғымақ.
Көп тұрдым сол арада,
Тұлпарға санам құлап.
Сүйсіндім жануардың
Көлеңдеп тұрғанына.
Қызықтым күміс жапқан
Айшықты тұрманына.
Жетектеп алып шығып,
Шабысын көрер ме еді!
Бозауыз осы екен деп,
Науанға берер ме еді!
Ер Науан ерін салып арғымаққа,
Қолына алдаспанын жалаң алып,
Сан қолға кірер ме еді дара барып!
Кетсем бе, кетпесем бе
Жетекке қараны алып?
Қу нәпсі:
- Арғымақтың
Тізгінін білегіңе іл, — деп еді,
- Арқаға жүр, — деп еді;
Ар келіп:
- Ілме, — деді.
Ешқайда жүрме, — деді.
Ағыбай қақ жарылды,
Арды да, нәпсіні де қолдамады.
Ләм-лим деп үндемеді.
Сол шақта қарағайдан бір шал шықты,
Сүйретіп қомақтылау бірдеңені.
- Асалаймағалейкум, қария!
- Уағалейкумәссәләм! Кім боласың?
- Ақсақал, не көрінді, танымайсың қазақтың түмен қолға татитын Ағыбайын.
- Жөн-жөн…
Сонда ғана көзім шалды – қарияның орманнан сүйреп шыққаны еңгезердей аю екен.
- Балам, аттан түс! (Аюын нұсқап) Мынадан сауға сұрамадың ғой.
- Алла разы болсын, ақсақал. Арық атқа қамшы ауыр. Атымның да халі жоқ.
- Содан болар, қара атқа көз сұғыңды қадағаның? Байқаймын, алыс жолдан келе жатқан түрің бар. Ерліктен де кенде болмадың, әліптің артын бағып, күткеніңе қарағанда.
- Ер болсаң атқа қалай аңсар аумас? Ат үшін арып-ашып жол шексең және қалай ер болмассың?
- Ат үшін деймісің? Арып-ашқан сапарыңа татитын бұл өлкеде қай жылқы екен? Бозауыз ат болмаса еді дітіңе?
- Ақсақал демей, әулие дейін. Адаспай таптыңыз. Сол үшін шықтым сапарға, маңдайға алып Алтайды, артқа тастап Көкшені.
- Кенесарының жаушысы болдың ғой.
- Иә, ақсақал.
- Олай болса айтайын жөн, сілтейін жол, қарағым Ағыбай. Мына тауды қамшылар жағыңа алып, мына көлді мінер жағыңда ұстап, маңдайыңды ана шыңға беріп тарта бер. Ақшам болмай бір сайға құлайсың. Жалғыз үй бар отырған. Сонан сұра ендігі жол мен жөнді. Тек айтарым – тымақты жігітпен күреспе. Жолың болсын, балам!
-Әумин!

Жолым анық.
Бетім айқын –
Жақсарғандай халім шын.
Оң жағымда – биік тау,
Сол қапталда – айдын көл,
Қарсы алдымда –қалың шың.
Айналамда – қарағай,
Қайың менен самырсын.
Табанымда – қара жер,
Төбемде – аспан мауыты.
Жарқыл қағады үстімде
Ақ кіреуке сауытым.

Бозауызды көргенше,
Тізгінін қолға ілгенше,
Сарыарқаға жүргенше,
Өрекпиді жүрегім.
Сергек басып келемін,
Серпе аяңдап күреңім.

Енді сені көрейін,
Іліп алып, жөнейін,
Жөнемесем, өлейін,
Бозауыз ат,
Бозауыз ат!..

Бозарған көк түнеріп,
Мұңға батқан секілді.
Ағарған күн қызарып,
Шыңға батқан секілді.
Қараңғылық тұмшалап,
Қатпар-қатпар тауларды,
Ұрлап атқан секілді.
Түсті қара екінді,
Қас-кірпігін шаң басқан,
Қаранар түн келеді,
Маң-маң басқан, маң басқан.
Аз уақытта болды ақшам.
Жер менен көк тұтасып,
Біртін-біртін жалғасқан.
Ызғар жайлап барады
Салқындатып ауаны.
Бір сайға кеп құладым –
Тастақ екен табаны.
Қарш-қарш басып келеді,
Сал күреңім тағалы.
Темір таға көк тастың
Үстін басып барады.
Тас пен таға қаржасып,
Ұшқындасып қалады.
Батыр-батыр десек те,
Дүрсілдейді жүрегім,
Алқынады қос өкпе,
Алғанымша тұлпарым –
Бозауызды жетекке…
…Кешікпей – ақ кезіктім
Жалғыз үйге етекте.
- Уа, сөйлес!
Ешкім жауап қатпады. Үш мәрте сөйлес қылдым. Тым-тырыс. Аттан түсіп, ергенекті түріп, ішке ендім. Тас шамның жарығы үй ішін айқын көрсетті. Оң жақта, жер төсекте теріс қарап шағын денелі біреу жатыр. Әйел болар, жамылған шапанының қаптырмасы жарқ-жұрқ. Төр алдында – басына қауқиған тымақ киген, еңгезердей бір жігіт… кесте тігіп отыр. Қарқылдап ала жөнелуге шақ қалдым. Ол маған бас көтеріп қарамады да – көз қиығын серпе тастап бір өтті де, кестесімен бола берді.
- Ассалаумағалейкум!..
Сәлемімді де ешкім керек қылмады. Сәлден соң жатқан адам басын көтерді. Қартаңдау әйел екен. Мына жігіттің шешесі болар.
- Төрге өз, балам.
Дулығам мен қамшымды адалбақанға іліп, кісемнің бауын бостау байлап, наркескенімді жүкаяққа сүйеп, төрге барып отырдым. Тымақты жігіт төмен ысырылды. Ісін үзбеді.
- Қай баласың?
- Жоқ, шеше. Алыс елдің баласымын. Шалғайдан келем шалдығып…
- Құдайы қонақ болдың ғой. (Жігітке) тұр, мал сой.
- Не соям? Ұсақ мал таудан ертең түседі.
Еңгезердей жігіттің дауысы жіңішке екен. Шолпыдай сыңғыр етті.
- Торы биенің тайын сой.
Әйел маған сырлы керсеннен бір тостаған қымыз құйып берді. Қотарып ап, жігітке қолғабыс қылайын деп сыртқа шықтым. Жігіт күреңімнің ер-тұрманын алып, ашаға қаңтарып қойыпты. Тайды жығып, бауыздап та болыпты. Жалғыз жігіттің бір жылқыны лезде жыққанына таңданбасқа болмады.
- Көмектесейін…
Жігіттің сапысына қол создым.
- Аулақ тұр!
Ол мені иығымен қағып қалды. Әрине, оқыс ұрды – кескен теректей жалп еттім. Жүрек тулап ауызға тығылды, қан шапшып басқа тепті. Ызыдан талағым тарс айырылды. – Тамтырап тұрғанда қапыда ұрғанды қайдан үйрендің, бала?! Алыспағың бар ма өзі?
-Кел, кел!
Сапысын тайдың қоңына кірш қадап, бері басты. Белдесе кеттік… Масқара! Алып ұрды! Масқара!.. Қыз! Жігіт деп тұрғаным – қыз. Әне, басынан ұшып түскен тымағын алды, құлап түскен бұрымын түйіп жатыр төбесіне.

Тұңғыш рет жеңілдім,
Тұңғыш рет жерге тиді,
Қос қақпақтай жауырын.
Тентіреп кеп таптым-ау,
Қорлықтың ең ауырын!
Шарт сынатын шарболат ем ежелден –
Оның арты қашанда
Жақсылыққа беттемейді –
Сезем мен.
Алыс әрі ауылым.
Жазым болсам,
Басым сүйер,
Жоқ Алтайда жанашырым, бауырым.
Жер болдым-ау, жер болдым!
Бір өрекпіп, бір басылам.
Тұңғыш рет жеңілдім –
Масқара-ай –
Ұрғашыдан!..
Енді не етем,
Енді не етем?!
Неге Алтайға келдім екен,
Бұл жорыққа жүрдім екен,
Сұлтанға серт бердім екен?
Елге қарай жөнейін бе,
Қорлыққа әлде көнейін бе?
Жолыңа әлде басты байлап,
Құрбаның боп өлейін бе,
Бозуаыз ат,
Бозауыз ат!..

Әл-хал дегенде саябырлап басылдым да, қыз шешесімен тілге келдім. Жайға түгел қанықтым. Бұл кісі Бошан байдың бәйбішесі екен. Жалғыз құрсақ көтеріпті. Ол әлгі қыз, есімі – Айпара, әкесінің атастырған адамына шықпапты, дегеніне көнбепті, сөзіне ырық бермепті. «Өзімнен күші асқан жігітке ғана шығам, нәуетекке қатын болар көп төмен етектінің бірі емен», — деп серт таққан. Наразы әке шемесі мен екеуін сай табанында жалғыз үй қалдырған, алайда талақ тастамаған. Қызынан күші басым боп, алапасы асып туар бір жігіттен Бошан бай да үміткер.
Ақтабан боп шұбырып қалжыраған, қарындастан айырылып қан жылаған, керегесі кертіліп, іргесі түрілген ел енді-енді еңсе көтеріп келеді. Талайдан бері Алтайдың елі де, жері де көрмеген той болады екен ертең. Ат аяғы жетер жердегі дүйім алаш жиылмақ. Той болған соң, бәйге болар. Бәйге болған соң, жүлдесін шаппай алар Бозауыз ат те келер… Ендігі істі бара көрейік.
Еділден арғы қалмақтан,
Ертістен арғы жоңғардан,
Жөңкіліп қалың қырғынға,
Кетердей болған құрдымға,
Амалсыз басы біріккен,
Құрымас күнге іліккен.
Қайратын жиып беркініп –
Болаттан берік жауының,
Ұйығанын іріткен.
Ертістен арғы жоңғарын,
Еділден арғы қалмағын
Ініне қуып жайратып,
Жеңіске жеткен алаштың,
Көптенгі көрген тойы екен.
Жалғанған шақта үзігі,
Алғашқы көрген қызығы.
Ұлан да асыр мына той –
Қоңырат пен қыпшаққа,
Керей менен Уаққа,
Үйсін, Дулат, Албанға,
Арғын менен Найманға,
Қанатын түгел жайғанда,
Әуелеп ұшқан ән мен күй,
Жаңғыртып төбе-сайларды,
Алтайдың басы айналды.
Құйрықта жалы сүзіліп,
Бәйгеге аттар айдалды.
Айдалып аттар кеткен соң,
Балуандар топта сайланды.
Айпара барып отырды –
Ортаға кілем жайған-ды.
Бас балуан осы деп,
Жаршылар түгел сайраулы.
Сайраған сайын жаршылар,
Зығырданым қайнаулы,
Отыз тісім қайраулы!
Шықпасам ба, шықсам ба?-
Таба алмадым байламды.
Сайлана шығып жықпасам –
Бағым анық байланды,
Бармағым кетер шайнаулы.
Қысылғаннан Ағыбай
Бір Алланы ойға алды:
- Басыма туды қиын күн,
Жаратқан, саған сиындым!
Әзірет Әлі қайраты
Бойыма менің құйылғын.
Жалғыздың жары – бір Алла,
Абырой бүгін бұйырғын! –

Дедім де қадам бастым топқа қарай,
Дем беріп періштелер жақтағаны-ай.
Келдім де Айпараны алып ұрдым –
Ризамын құдіретіңе, Хақ тағалай-ай!

Ел – Айпараның елі ғой, күйініп күпілдескені де, сүйініп «бағы қайтты, шүкір» дескені де бар; әйтеуір, гуілдеп кетті. Айпараның сөзі байлау болды: «Өзімнен күші асқанға тием деген сертім бар еді, сен жолаушыға алсаң да тием, алмасаң да тием», — деді. Менде шегінер жер жоқ еді. Түйе тоғыз бастатқан бар бәйгемді (қыз түгілі ердің құнына татыр дүние) Бошан байға қарғыбау есепті тартым.
Кешегі жалғыз атты жолаушы – бір белдескенде үйлі-баранды боп шыға келдім. Тәубә, Жасаған, тәубә!
Алғашқы күннің айқасы сәл саябырлап, ентік басылған шақта Айпараға бар сырымды баян қылдым.
- Ағыбай, деді сонда жарым маған, -
Жаратқан несібеде жаңылмаған.
Біздерге бұйырғаны осы болса –
Алғашқы, соңғы ерімсің қабылдаған.
Білемін енді Алтайда қалмасыңды,
Бір маған басыбайлы болмасыңды.
Көкшеге тез жеткенің мақұл болар
Күттірмей Ер Науандай жолдасыңды.
Жеткендей болып едім арманыма,
Тағдырдың көнеміз де салғанына.
Өтермін шүкір етіп, ердің ерін,
Бірер түн құшағыма алғаныма.
Жоқ саған ере кетпек талабым да,
Білесің, қарт анам бар қарауымда.
Қалдырып ол бейбақты кете алмаймын,
Қаптаған көп тоқалдың талауына.
Аз күнгі қызығымды көп көрермін,
Жұбанып соғын ғұмыр өткерермін.
Бойымда қалған сенің нәсіліңді,
Иншалла, өзіңдей ғып жеткерермін..

Айпара осылайша жан сарайын ақтарып келіп, көз жасына ерік берді. «Жыламай қайтем, сен менің затым әйел екенін білдірдің. Енді қалған тірлікте ерге шығуым халал болмас. Сендей ер табылмас та. Аяғыңа тұсау да болмайын. Хан Кене мен Наурызбай, қала берді қалың ел саған менен де гөрі мұқтаж. Тілектеріңе жеріңдер!» — деді.
Бұдан соң Бозуаз ат жайын кеңестік. Айпара айтты:
- Кешегі той әлі тарқаған жоқ. Бозауыз ат тойлы ауылда. Ат иесі – ер талабы бар сері жігіт. Ауылының жастары Бозауыз аттың жанына алтыбақан құрып, айналап от жағып, түні бойы күзетіседі. Әйтсе де, амалы табылар. Ертең сол ауылдың жастарына екеуімізді алтыбақанға шақыратын қылайын. Бара көрерміз істің орайын.
Ертеңіне кеште бәрі де дәл Айпараның айтқанындай болды. Айнала – самсаған от, шырқалған ән, қаптаған қыз-бозбала, Бозауыз ат көп көздің назарында.
Таңға жақын Айпара орайын тауып мені оңашалады.
- Қазір мен ән бастаймын. Ел менің әніме айналған сәтте Бозауызға мін де, жөнел. Қайтып көрісеріміз екіталай… – деп, сәл босап, мүдіре берді.
- Жұбайылық тілеулестігіңнен жолдастық қамқорлығың асып түсті-ау! Ердің әйел алдында көп парызы болушы еді, бәрін де өтей алмай барам. Өле-өлгенше ризамын. Қош, Айпара!
- Қош бол! – деп, Айпара лезде бойын тіктеп алды да, топ ортасына беттеді. Бір жігіттің қолындағы домбырасын алды да, тез күйге келтіріп, ән бастады.
О, дүние жалған! Көмей біткенде мұндай әнші көрсемші. Таңғы аспандай ашық та таза, мөлдір үні алпыс екі тамарымды идіріп, бар денемді баурап алды. Елтіп қалсам керек. Сөзін де Айпара осы шақтағы өз халіне лайықтап, жанынан шығарып, жанымен салып тұр. Арманды асық күйін айтады. Енді аңғардым, Айпара екінші, әлде үшінші қайырымға келгенде: «Жөнел, батыр», — деген сөзді әнге қосып, маған жалт етіп бір қарады. Мен лезде есімді жидым.
Бозауыз ат тұсаулы емес еді. Мама ағашқа байлаулы тізгінін шешіп алар мұрша жоқ, қанжармен қиып жіберіп, жайдақ атқа қарғып міндім. Сол кезде етегіме қақпандай екі қол жабыса түсті, аттандаған әйел дауысы қоса шықты. Ат иесінің әйелі, түн бойына ат маңынан ұзамай жүр еді. Айпара әнін үзбесе де, ел назары маған ауып, жігіт-желең аз уақытта ес жиысып, маған қарай ұмтылысты. Енді болмаса аттандап ойбайын салған келіншек мені аттан аударып алардай. Шылбыр кескен қанжарымды әлі қынға салмап ем, сол абырой болды, шапанның етегін әйел ұстаған жерден шорт кестім. Бозауыз ат ойнақтап жөнеле берді, қаптай ұмытлған елден үрікті ме, ытырына тартты. Мен де тақымды қағып қалдым. Төңіректе Бозауыздан басқа ат жоқ еді, ел соңымнан улап-шулап жаяу жүгірді.
Ұзап алған соң Бозауызды шылбырдың ұшымен ауыздықтап, тізгін тарттым. От басында алтыбақан ағашына сүйеніп Айпара жалғыз тұр екен. Әлі де әнін үзбегендей көрінді…
Ағаш арасындағы алдын ала жабдық қамдаған жеріме келіп, Бозауыз атты ерттедім де, бес қаруымды асынып, жол азығын бөктеріп, Сарыарқаны бетке алдым.
Сарыарқам қолын жайып қарсы алғанда,
Артымда алтындай тау Алтай қалды;
Еске алсам ет жүрегім езіледі –
Ай маңдай Айпарадай қалқам қалды… – деп Шұбыртпалы Ағыбай батыр қартайған шағында қарлыққан дауысымен әнге салар еді. Ел естімеген ескі ән. «Айпараның әні», — дейтін. «Алтайдан шыққан Бозауыз тұлпар Сарыарқада Наурызбайдай ерді алып сан майданға кіріп еді, сүйегі Алатауда қалды», — деп қарт батыр әңгімесін тұжыратын.
Бұл күнде Бозауыз атқа мінген Наурызбайдай ерлерді шексіз сағынамыз. Келер ме екен?!.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар