Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Салтанат Мырзалиева: Ешкім де Қадырдай болмайды

05.01.2016 312

Салтанат Мырзалиева: Ешкім де Қадырдай болмайды


Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов «Сөздің сәйгүлігі, ойдың озарманы» деп атаған Қадыр Мырза Әлінің қазақ үшін орны ерекше. Таланты мен еңбекқорлығын ұштастыра отырып артына өлмес мұра қалдырған тамаша талант иесін өткен сенбіде Астана жұртшылығы еске алды. 22 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасының музыкалық мейманжайында «Өлең сөздің зергері – Қадыр ақын» атты еске алу кеші өтті. Мұнда ақынның жары Салтанат Мырзалиева оқырмандармен кездесіп, Қадыр ақынның өмірі мен өнер жолынан әңгіме толғады. Және астаналық зиялы қауым өкілдері ақын туралы естеліктер айтып,оқырмандар сұрақтарына жауап берді. Одан кейін Қадыр Мырза Әліні еске алу шарасы Астана қаласының әкімдігі мен «Қадыр Мырза Әлі атындағы қоғамдық қордың» бірлесе ұйымдастыруымен Конгресс-холл сарайында өз жалғасын тапты. «Жоқ, өлмеймін, правом жоқ өлуге, сөз сыйлайтын халқым аман тұрғанда!» деп аталатын әдеби-сазды кешке елорда жұртшылығы көптеп жиналды. Кеш барысында белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Есенғали Раушанов, жазушы Мереке Құлкенов, танымал композитор, ақын атындағы қоғамдық қордың жетекшісі Донеділ Қажымов сынды азаматтар қабырғалы қаламгер туралы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, көрермендерге Қадыр ақын өмірінің бір сәтінен сыр шертетін деректі фильмнен үзінділер көрсетілсе, Нұрғали Нүсіпжанов, Гүлнәр Дәукенова, Гүлнұр Оразымбетова секілді танымал әншілер ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады. Туған халқының аяулы перзентін еске алуына орай ақынның «Мереке» баспасынан жарық көрген «Ең алдымен ел қамы» атты афоризмдер жинағы бұл күні қалың көпшілікке жол тартты. Сол бір әсерлі кештен кейін ақынмен жарты ғасырдан астам отасқан жары Салтанат Мырзалиеваны әңгімеге тарттық…


– Салтанат апай, тағдыр жазып қазақтың Қадырдай абзал азаматымен жарты ғасырдан астам уақыт өмір сүрдіңіз. Сұхбатымызды сіздердің бозбалалық, бойжеткендік шақтарыңыздан бастасақ…





– 1957 жылы Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектепте оныншы сыныпта оқып жүргенде сол мектепке Қазақ Мемлекеттік университетінен өндірістік тәжірибеге өтуге студенттер келді. Олардың ішінде Қадыр ағаларың да бар еді. Ол кісінің мамандығы филолог екен, бізге әдебиеттен сабақ беретін болды. Университетті жаңа бітірген жап-жас жігіт класқа келіп бізбен танысты. Әрбір оқушының фамилиясын атап, өздерімен танысып жатыр. Содан бір уақытта «Қадырова кім?» деп сұрады. Ол менің фамилиям болатын. «Мен» деп едім, ол кісі күлді де: «Бүгіннен бастап сен менің қызым боласың», – деді. Содан мәселе басталды. Онда интернатта жататынбыз, кілең жартылай немесе тұлдыр жетімдер едік. Жоқшылық заман, қиын кезең. Кешке асханадан тамақтанып болып жатақханаға барамыз. Сағат жеті жарым мен сегіздің ортасында күн сайын бозбала Қадыр келіп тұратын жатақханаға. Сонда біздегі қыздар «Аға, кімге келдіңіз?», – деп сұраса, ол кісі әлгі қыздарға әзілдеп: «Менің қызым қыдырып кеткен жоқ па, соны тексеріп келдім», – дейді екен. Ол наурыз айы болатын. Кейіннен барлығымыз мектепті бітіріп, университетке құжат тапсырдық. Алайда, мен оқуға түсе алмадым. Сөйтіп техникалық училищенің полиграфия факультетінде оқыдым. Соны бітіргесін алты жыл мамандығым бойынша жұмыс істедім. Дүниеге бала келгесін біраз демалып, қайтадан жұмысымды жалғастырдым. Үйленген алғашқы алты жылда әркімнің босағасында пәтерде жүрдік. 1961 жылы тұңғышымыз дүниеге келді,1962 жылы бізге мемлекет бір бөлмелі үй берді. Ол үйде біраз жыл тұрдық. Екінші баламыз дүниеге келгесін екі бөлмелі үй алдық. Ол үйіміз сол кездегі Коммунист проспектісі (қазіргі Төле би даңғылы) мен Гоголь көшесіндегі жеті қабатты үйлердің алтыншы қабатында болатын. Ол үй әлі де бар. Сонда төрт жыл тұрдық. Кейіннен Жазушылар одағы Жамбыл мен Байзақов көшелерінің қиылысынан үлкен үйлер салды. Сол жерден одақ бізге төрт бөлмелі үй берді. Сол жерде жиырма үш жыл тұрдық. Сол үйде тұрып балаларды жеткіздік, институтта оқыттық, үйлендірдік, немерелі де болдық. Ол заманда үй алу деген өте қиын еді. Үй бөлу деген болатын. Төрт бөлмелі сол үйімізді бір бөлмелі және үш бөлмелі үйге бөлдік. Сөйтіп, үйленген балаға бір бөлмелі үйді бердік те, өзіміз үш бөлмелі үйде тұрдық. Сол жылдары ағаларың жұмыс істеп жүріп ақша жинай бастады. Одан тоқсаныншы жылдар келді. Еліміз енді ғана егемендігін алған өліара кезең еді ғой. Сонда біраз қиналдық. Кейіннен Қадекең жинаған ақшаға Алматының маңайындағы Каменка деген жерден екі қабатты жер үй алдық. Ол жер басында колхоздың жері болған екен, кейіннен қалаға қосылды. Сонда Қадекең сегіз жыл өмір сүрді, сол жерде дүниеден қайтты.


– Қадыр ағамыз Қаскелеңде мұғалім болған жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа да әдебиеттен сабақ бергенін естігенмін. Сол туралы айтсаңыз…


– Мен оныншыда оқып жүргенде, Нұрсұлтан Назарбаев тоғызыншыда оқитын. Жеті кластық Шамалған мектебін бітіріп, Қаскелеңдегі Абай мектебіне келген. Қадекеңнің Елбасымызға мектепте сабақ бергені рас. Оны өзі де айтып отыратын.


– Кеңес өкіметі кезінде ақын-жазушылардың беделі халық арасында өте жоғары болған. Сіз сол кездегі қазақ әдебиетінің хал-ахуалы туралы не айтасыз?


– Рас, қаламгерлердің беделі өте жоғары болды. Бірақ, бір қиыны – әрбір ақынның жазғанын Орталық Комитеттің тексеруінсіз баспа қабылдамайтын. Орталық Комитет те қаламгерлердің аузынан шыққан әрбір сөзді аңдып отыратын. Ақын-жазушыларға да оңай болған жоқ. Қадыр да цензураның қыспағынан көп қиналды. Бірақ, астарлап болса да айтатынын өлеңмен айтып жатты. Қадырға өз бетімен, оңай жолмен ештеңе келген емес. Өзі ылғи да «Мырзалиевтерге еңбексіз ештеңе келмейді. Тек еңбекпен келген пұл ғана бізге мал болады» деп отыратын.


– Қадыр Мырзалиев – әдебиеттің барлық жанрында өнімді еңбек еткен тұлға. Дегенмен ол кісі әдебиетпен қатар математика саласына да өте жетік болған екен. Өзінің «Иірім» кітабынан сурет өнеріне бейім болғандығын, студент кезінде Мұхтар Әуезовтің лекциясы үстінде ұстазының суретін салып отырған бала шәкіртке Әуезовтің өзі ризашылық білдіргенін оқыған едім. Жалпы, ол кісінің халық біле бермейтін қандай қасиеттері бар еді?..


– Ол кісі суретті өте жақсы салатын, мектепте оқып жүргенде-ақ математикадан да өте жақсы болған. Үйімізде Мұхтар Әуезовті салған суреті болатын. Балаларға әкесінің ақындығы қонбағанымен, екі баламыз суретші болды. Бірақ, Кеңес өкіметінің құлауы оларға да әсер еткен болуы керек, кейіннен ол шаруамен шұғылданбай кетті. Қағаз, қалам болмады, әйтеуір. Ортаншы баламыз Ленинград университетінің инженерлік бөлімін бітірген. Сол баламыз да өз мамандығымен жұмыс істейді. Екі суретші бала да бүгінде басқа салада жұмыс жасағанымен, үйге келгенде сурет салады. Үшінші баламыз әкесінің басын қарайтудағы идеясын өзі ұсынып, өзі жасады. Кітап-кітап етіп қоршадық. Зираттың басына тұрған беті ашылған кітаптардың суретін өзі салды. Соған ағаларыңның өзінің сөзін жаздық. Қадекеңнің қара тастағы суретін де кіші ұлымыз салды. Астына «Күннің өзі ұясына, қимай оны батады екен» деп жаздық. Ашық кітапқа «Ана тілің – арың бұл, ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп жаздық. Қара тасының астына өзінің қойылған қолы мен «Елім деп, жерім деп өтті-ау өмірің» деген сөздерін орналастырдық. «Жылайтыны туғанда, жамандар бар қинайтын, жылайтыны өлгенде, жақсылар бар қимайтын» деп екінші ашық кітапқа жаздық. Қадыр ақынның өзі өмірден өткенімен, елі құрметтеп жатыр. Өткенде ғана өзінің туған жері Оралда еске алу кеші болған. «Қадыр Мырза Әли атындағы қоғамдық қор» құрылды. Қорды құрған Донеділ Қажымов, Құндыз Нупов деген азаматтар. Донеділ ұйымдастыру жағынан, ал Құндыз қаржы жағынан көмектеседі. Оларға көп рахмет.


– Өмір бойы кітап оқудан, ізденуден жалықпаған ақынның кітапханасы едәуір бай. Тіпті, ондай кітапхана Алматыда жоқ дейді. Мұзафар ақынның «Қадыр – өзіне керекті кітапты дүниенің қай жерінен, қандай бағаға болсын тауып келеді» дейтіні сондықтан шығар. Ендігі жерде ақын кітапханасының тағдыры не болады?!.


– Ол кісінің кітапханасы расында да өте үлкен. Әзірге мен барда ол кісінің кітапханасы да бар. Шамамның жеткенінше сақтаймын. Дүниежүзілік ақыл-ой иелерінің туындылары мен өте сирек кітаптар да осы кітапханаға жинақталған. Оның есебін алып та үлгермеппіз. Студент күнінен бастап жинаған ғой. Ағаң тіріде оны күту болмаса, кітаптарында шаруам болған жоқ. Екі үлкен бөлме толған кітап, онда Қадекеңнің жеке архивтері мен қолжазбалары да бар. Қорды құрған жігіттердің Қадырдың туған жерінде мұражай-үйін ашамыз деген жақсы идеялары бар. Егер ақын атындағы мұражай-үйі ашылып жатса, кітапхананы түгелімен сонда тапсырам. Тіпті, ол кісінің қолжазбалары, күнделікті тіршілікте тұтынған заттары, ең ақырғы күндерінде сөйлесіп жүретін ұялы телефоны да сонда тұратын болады.


– Қадыр ағаның шығармашылығы туралы сөз болғанда, ол кісінің еңбекқорлығы да қатар айтылады. Мысалы, құмырсқа – еңбекқорлықтың символы. Менің естуімше, Қадыр аға өзінің жазу бөлмесіне құмырсқаның үлкейтілген суретін іліп қояды екен. Осы рас па?!.


– Ондай ештеңе болған жоқ. Мүмкін біреу әзілдеп айтқан болар. Бірақ, ол кісі жас күнінен бастап өте еңбекқор болатын. Ертеден кешке дейін қолынан қаламы мен қағазы түспейтін. Кейде аялдамада тұрғанда да алақандай қойын дәптеріне кішкене қаламымен бірдеңелерді жазып тұратын. Өзінен-өзі күбірлеп сөйлеп жүретін. Сыйлас адамдардың тойы не туған күні болмаса, ешуақытта беталды қыдырған емеспіз. Ондайды аса ұнатпайтын. Ол кісі уақытты өте қатты құрметтеді. Жұмыстан келген бетте шәйін ішіп жатып қалатын да, таңғы сағат бесте тұрып алдымен қан қысымын өлшейтін. Содан дәрісін ішетін де жазуға отыратын. Өмір бойы сөйтіп өтті. Бұл кісі жазу үшін өкіметтің де жұмысын істеген жоқ. Өле-өлгенше жазып өтті ғой, жарықтық.


– Ол кісінің «Иірім» мен «Жазмыш» кітаптарынан соң «Мақсат пен мансап» атты кітап жазып жатқанын білетін едік. Сірә, оны аяқтаған болар. Ақынның жаза алмай кеткен, аяқтай алмаған шығармалары болды ма?


– Болды. Ол кісі көзінің тірісінде шығармаларының жиырма томдығын шығаруға дайындалды. Көзі тірісінде он сегіз томы жарық көрді. Он тоғызыншы томын дайындап қойдым деп жүретін. «Ханша мен ханзада» деген бір шығармасы аяқталмай қалды. Көркем шығарма түрінде жазамын дейтін. Егер басқа қаламгерлер оны жалғастырған күнде де, ол Қадыр Мырзалиевтің жазғанындай болып шықпайды. Тек қана ол кісінің беделін түсіру ғана болады. Ең жақсысы – ол кітап болып басылған күнде де, соңына шығарманың толық аяқталмағандығын білдіретін белгі қою керек. Ешкім де Қадырдай болмайды.



Хамит Есаман

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар