24 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Бейбіт Сарыбай: "Ақынның жауап хаты"

03.01.2016 312

Бейбіт Сарыбай: "Ақынның жауап хаты"


Vj-wcdKe3Zk.jpg
Әлгібірде ақын жігітке хат жазып, әлеуметтік желіні шулатқан екі балалы музаға ақын жігіт те жауап хат жазыпты. Бірақ, ақыныңыз дейстібітильно қырт екен. Жауап хаты түк қызық емес. Мыжың екен. Сонымен ақынның жазған хаты мынау.

Өзгермепсің. Анаукүнгі жолдаған хатыңды оқып отырып осыған көз жеткіздім. Тіпті даусың мен дикцияңа дейін өзгермеген сияқты. Өзгерсе өзің айтпақшы бәденің өзгерген шығар. Ал, жандүниең сол баяғы абитуриент қалпыңда қалған екен. 

Ол хатты маған жазғаннан кейін, өзіме ғана жолдағаның дұрыс еді. Әлеуметтік желіге салып, әлем-жәлем әлемді шуылдатып қойғаның жарамады. Елбасының жолдауын сенің жолдауың басып кеткендей болды ғой. Осы жұртты адам түсініп болмайды. Осыншама кең тарататындай не жаза қойып едің?. Мүмкін астарында бір нәрсе бар шығар деп алты қайтара оқыдым. Түк те жоқ. Түсінбедім. Неге осыншама дуылдады. Мың сегіз жүз адам лайк басып, жеті жүз отыз адам бөлісетіндей ештеңе көре алмадым. Иә, бұл жұртқа қызық керек. Сонау Оралдың Жымпитысындағы жездем де, ЖенПИ-да оқитын қарындасым да, Қызылорданың Қазалысындағы құдашам да, Керекудегі курстасым да, Тарбағатайдағы танысым да, бәрі-бәрі ватсаппен жолдап жатты. Аты-жөнімді жазбағаның қандай жақсы болған. Жазсаң жағдайымыз қиын болғандай екен. Енді менің жауабымды оқы. Менің жауабым сенікі сияқты жұртты дүрліктіретіндей дүние емес. Мына жұртқа күлкі керек, қызық керек. Ал, өзің білесің, мен ешқандай да қызық адам емеспін. Жазғандарым да қызық болған емес. Сондықтан бұл хат сенікі сияқты кең таралмайды. Тіпті бұны тарату ойымда да жоқ. Сен тағы да жеңілтектігіңе салып, желілетіп, желпілдетіп жібермесең, екеуміздің арамызда ғана қалмақ. Сонымен,..

Сен менің күллі шығармашылығыммен таныс адам сияқты тақырып аяң кеңитін еді депсің. Менің ақындық тақырыбым емес, өзіңнің оқырмандық тақырып аяң тар шығар мүмкін. Осы өлең дегеннің тоқсан пайызы өлең түсінбейтіндерге арналады ғой. Сені мүлде таяз адам көріп отырған жоқпын. Бірақ, сен махаббат туралы өлеңдер мен күлкі шақыратын дүниелерге көбірек құмарсың. Содан да болар сондай дүниелер ғана есіңде қалып жатады. Әйтпесе дүниені тындырып тастамасақ та біраз нәрсенің басын қайырған сияқтымыз. 

Өзіңше өлең талдамақ болыпсың. Талабыңнан айналдым. Әкең мен анаңның төрт жыл бойы бар тапқанын аузыңа тосып, филфакта оқытқан есіл еңбегінің сәл де болса ақталғаны осы шығар. Филолог ретінде бір жазғаның осы болды-ау. Айтпақшы сен байғұс дипломдық жұмысыңды да өзің жазған жоқсың ғой. Табалағаным емес, шындығы осы. Курстық жұмысыңды да мен жазып беретінмін. Енді сол филолог екенің есіңе түсіп, осы мамандық бойынша алған дипломыңды сандыққа салып қойып, күйеуіңнің есіл еңбегімен келген тамаққа тойынып алып, сол алып берген соткамен, сол салып берген бірлікпен интернетке кіріп, өзіңше ой қозғай қалыпсың иә. Алда жарылқағыр жаным-ай, әке-шешең сені оқытқанда бұрынғы жүрген жігітіңнің екі өлеңіне жауап жазуға сауаты жетсін деп оқытты ма екен. Жә, өмірің алда, сол көк қағазың түбі бір керегіңе жарар-ау. Қазірше, бізге жарап тұр екен. 

Сенің өлеңді талдауларыңа жауап бергім келген. Бірақ керек емес екен. Осылай қала берсін. Жауабымның жоқтығынан емес, сол жауапты түсіне қоймайды-ау деген оймен жазудан бас тартып отырмын. Оданда өмір туралы айтайықшы.

Иә, дүние жалғанда уайымсыз өмір сүргенге не жетсін. Өзің білесің, мен сондай уайымшыл адаммын. Мен ертең бір қызды алармын. Оған обал ғой. Егер оны мен алмасам, ол бір жақсы жігітке тұрмысқа шығады. Ал, мен алсам, маған байланады да қалады. Маған байланды деген сөз – бағы байланды деген сөз ғой. Сені алмағаным да сол – бағыңды байламайын деген едім. Жә әңгіме менің алмай жүрген әйелдерім жайында еді ғой. Иә, сонымен мен бір қызды әйел қылдым дейік. Алғаннан кейін құры жатпайсың ғой. Өліп бар жатпасаң да, ай сайын төлеп отырған пәтерақы ақталсын, ақшаны бекерге төлемейік деп, құшақтасасың... Оның соңы не болатыны тағы белгілі. Ең қорқыныштысы сол. Білесің бе, елбасының сындарлы саясатының арқасында дамыған қоғамда әкесінің үйі жоқ балалар онсызда көп. Мен солардың санын тағы төртеуге арттырғанда не табам? Менің Бейбіт деген досым бар. Сол досым үш баласымен бір бөлмеде өмір сүріп жатыр. Ал, Қазақстан кең байтақ. Қолынан келсе үлкен үйде тұрғысы келеді. Бірақ келмей жатыр ғой. Әйеліне тап-тап беріп, шап бергісі келеді. Бірақ балалары ұйықтаймын дегенше өзі ұйықтап қалады. Маубас қой. Сол әйтеуір ара-арасында, ара-арасында ретін тауып көбейіп жатыр. Кешірерсің, мен ол сияқты санасыз емеспін. Сөздің қысқасы сол, мен үйсіз қазақтың санын арттырғым келмейді. Денсаулық саласы, білім саласы дегеніңіз де ақсап тұр. Мен мемлекеттің мына жүйесінен қатты қорқамын. Егер балам болса одан ары қорқамын ғой. Он есе уайым ғой. Мына бетемізден қайтпасақ олардың болашағы не болады деп тұнжырап өлермін. Жаңағы Бейбіт деген досым: - Ең кенже балам өз қолы өз аузына жеткенде өлсем арманым жоқ...- дейді. Құдай тілеуін берсін. Шынымен баланы тудырып-тудырып алып, шиеттей кездерінде өліп қалу дегеніңіз жауапкершіліктің жоқтығы ғой. Құдай сақтасын. Жетпіске келіп өлетініңе гарантия жоқ болғаннан кейін бұл да адам үшін қорқыныш екен. Анау досым өзі үйленіп алып, үйленгелі жүрген мені осылай қатты қорқытады. 

Жә, жарайды, көңіл-күйіңді бекерге түсірмейін. Нұрлы өмір туралы айтайық. Әлеуметтік желіден суреттеріңді көріп тұрамын. Балаларың қандай тәтті. Шеттерінен әдемі екен. Беттерінен сүйіп-сүйіп алғым келеді. Сенің балаларың болғандықтан. Бірақ әкелерінің рұқсат етпейтінін білгендіктен ол ниетімнен бас тартамын. Жалпы саған мына хатты не үшін жазып отырғанымды білмеймін. Рас, бұрын бір-бірімізге жақын болдық, бір-бірімізді жақсы көрдік. Қазір де жек көріп тұрғанымыз шамалы. Бірақ сен біреудің некелі жарысың ғой. Ал, біреудің некелі жарына хат жазып отыру да жігіттік емес. Мен ваще мына хатты не үшін жазып отырмын. Қой құрсын, доғарайын. И так басым сынып, әрең отырмын... Түнде караокеде болған едім, миым музыка, есім эстрада болып отырмын. Саған айтпағым көп еді, бәрінен айнып қалдым... неге екенін білмеймін. Сау бол.

P.S. Хатты оқып болған муза келіншек мырс ете қалыпты да: "Ол сотканы күйеуім әперген жоқ, екінші баланы туғанда декретныйыма өзім алғам. Единицаны да сол екінші балама алатын ай сайынғы 16 мың теңгелік посовияма салып жүрмін. 1990 теңге ғой, тариф қой"-деп күбір ете қалған көрінеді. Алдағы уақытта екеуі жеке чатта әңгімелеспек. Нағыз қызық сонда болады-ау... Күйеуі біліп қоймаса екеуінің арасында нағыз қызық әңгімелер кетеді. Көресіз...

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар