Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Марк Цукерберг оқуға ұсынған 22 кітап

31.12.2015 438

Марк Цукерберг оқуға ұсынған 22 кітап


zuck.jpg





Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаушы, әлемдегі ең жас миллиардерлердің бірі Марк Цукерберг 2015 жылдың басында аптасына бір кітап оқып отыруға өз-өзіне серт берген екен. Кітап оқу үрдісіне арналған A Year of Books қауымдастығында ол сол оқыған кітаптарын талқылап отыруға да уәде берген. «Кітап оқу интеллектуалдық тұрғыдан ләззат әкеледі, кітаптар белгілі бір тақырыпқа дендеп енуде басқа медиалардан гөрі көбірек мүмкіндік береді», - деп жазды ол өзінің Facebook парақшасында. Жыл соңында Business Insider журналистері Маркке ұнаған кітаптардың тізімін жариялаған болатын. «Әдебиет порталы» келе жатқан 2016 жылда сіздер де аптасына болмаса да, айына бір кітап оқып отыруға өздеріңізге серт берер деген сеніммен сол кітаптардың тізімін ұсынады.









Джон Гертнер


Сонымен, Цукербергеке ұнаған алғашқы кітап Джон Гертнер деген жазушының «Идеялар фабрикасы: Bell Labs және америка инновацияларының ұлы дәуірі» деп аталады.

Кремний Жазығының қазіргі ғалымдары келіспеуі мүмкін, алайда Джон Гертнер өзінің «Идеялар фабрикасы» атты кітабында Америкадағы басты инновациялар 1920 -1980 жылдар аралығында Bell Labs қабырғасында туындады деп пайымдайды. (Bell Labs - бұрынғы америкалық, қазіргі франко-американдық телекоммуникация, электронды және компьютерлік жүйелер саласындағы ірі зерттеу орталығы).

Кітапта Гертнер ХХ ғасырда дүниеге келген ең ғажайып өнертабыстары туралы айтады, олардың ішінде факс-машина, алыс қашықтықтарда жұмыс істейтін тұңғыш телевизиялық трансмиттер және мобильдік технологиялар саласындағы алғашқы қадамдар туралы деректер бар. Қазіргі заманда қандай керемет құрылғы ойлап табылса да, автордың ойынша, олардың барлығының бастауы Белла лабараториясында жатыр.






2.jpg


Екінші кітап Генри Киссинджердің «Әлемдік тәртіп» атты туындысы.

Жуырда Цукербергтің қызы дүниеге келгенде, ол әлемді қалай жақсартуға болады деген ойға шомады. Сөйтіп, ол жоғарыда аталған кітапқа ден қояды. Онда түрлі елдердің бір-бірімен қалай қарым-қатынас жасайтыны, тарихта қандай қателіктер болғаны, өмірдің түрлі кезеңдерінде қандай шаралар қолдану керектігі туралы егжей-тегжейлі баяндалады.









3.jpg


«Мемлекеттер неге жеңіліс табады?», Дарон Аджемоглу және Джеймс Робинсон


Мұнда МІТ экономисі Дарон Аджемоглу мен Гарвард саясаттанушысы Джеймс Робинсонның 15 жылдық зерттеулері топтастырылған.

Авторлардың пайымынша, «шикізаттық үкіметтер» билікті «таңдаулылардың» гүлденуі үшін ғана пайдаланады, ал «асыраушы үкіметтер» ашық нарық құрып, азаматтардың өз қаржыларын қалауынша жұмсап, қалауынша пайдалануына жағдай жасайды. Сондай-ақ, олардың ойынша, экономикалық өсім барлық жерде елдің дамуын көрсете бермейді.

Соңғы жылдары Цукербергтің қайырымдылық шараларына деген қызығушылығы байлығымен бірге өсіп келе жатыр деуге болады. Өзінің айтуынша, оған әсер еткен осы кітап.






4.jpg


«Оңтайлы оптимист», Мэтт Ридли

2010 жылы шыққан бұл кітапта автор адамзат дамуының кілті – сауда-саттық дейді. Және де сол сауда-саттық неғұрлым ашық болған сайын, даму үдерісінің әлеуеті де соғұрлым кұшті болады.










5.jpg


«Кедейлік портфолиосы», Даррел Коллинс, Джонатан Мардок, Стюарт Разенфорд, Орланда Ратвен

Авторлар Бангладеш, Үндістан және Оңтүстік Африка елдерінде 10 жылдай жүріп, кедейлердің өмірін зерттеу нәтижесін осы кітапқа енгізген. 

«Әлемде 3 млрд.-тан астам адам күніне 2,5 долларға, ал 1 млрд.-тан астамы 1 долларға өмір сүріп жатқанын ойласам, жан-жүрегім түршігеді. Осы кітапты оқу арқылы сондай адамдарға қалай көмектесу керектігін түсенемін деп ойлаймын», - дейді Цукерберг.








6.jpg


«Үш дене мәселесі», Лю Цысинь

2008 жылы шыққан кітап үздік новелла және үздік сай-фай деген аталымдар бойынша бірнеше жүлдеге же болды. Оқиға желісі Мао Цзедунның мәдени төңкерісі кезінде өрбиді. Қытай үкіметі ғарышқа құпия хабарлама жіберіп, оны алған жатғаламшарлықтар Жерді басып алмақ болады.

Цукербергтің айтуынша, бұл кітап оның бұған дейінгі оқыған «ауыр» кітаптардан демалып, «жеңілдеп» қалуына көмектескен.







7.jpg


«Геном», Мэтт Ридли

Ридли — Цукербергтің тізімінде аты екі рет аталатын жалғыз автор. Оның 1990 жылы шыққан «Геном» кітабында гендердің эволюциясы мен генетика саласындағы технологияның дамуы туралы баяндалады.









8.jpg


«Мукаддима», Ибн Халдун «Мукаддима» немесе «Кіріспе» кітабын 1377 жылы ислам тарихшысы Ибн Халдун жазған.

Халдунның тарихқа басқаша көзқараспен келуі оны қазіргі әлеуметтану мен тарихтанудың атасы етті. «соңғы 700 жылда көп нәрсе өзгергенімен, сол кездегі адамдардың көзқарасы мен түсініктері мен үшін өте маңызды» - дейді Марк.








9.jpg


«Саналы адам», Ювал Ноа Харари

Иерусалимдегі Еврей университеті профессоры Ювал Хараридің бұл кітабын сыншылар 2014 жылдың бестселлері деп атаған. Онда ғалым адамның бұрынғы терімшіден болашақтағы өзін-өзі жариялаған «құдайға» дейінгі эволюциясын көрсетеді.








10.jpg


«Діни тәжірибенің әралуандығы», Уильям Джеймс

Уильям Джеймс — ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы белгілі америкалық философтардың бірі. Кітапқа оның дінді сана арқылы түйсіну туралы лекциялары енгізілген.








11.jpg


«Жаңа Джим Кроу», Мишель Александер

Огайо штаты университетінің профессоры Мишель Александрдың пайымынша, «есірткі соғысы» бүтіндей бір «мәдениет» қалыптастырды. Соның кесірінен түрмелерге қара нәсілді жас жігіттер қойша тоғытылды. Олар бостандыққа шықса да, екінші сұрыпты адам ретінде саналады.








12.jpg


«Биліктің ақыры», Мойзес Наим

Кітапта биліктің беделді үкіметтерден, әскери және ірі корпорациялардан жекелердің қолына өтуі туралы тарихи зерттеулер топтастырылған.









13.jpg


«Жасампаздық», Эд Катмулл

Бұл кітапта компьютерлік анимация саласындағы ең ірі компаниялардың бірі Pixar туралы айтылады.










14.jpg


«Біздегі бар жақсылық», Стивен Пинкер

Цукеребргтің айтуынша, 800 беттік бұл кітап бір қарағанда қорқынышты көрінгенмен, ішіне еніп кеткенде, тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді. Сондай-ақ, автордың 24 сағаттық жаңалықтар мен әлеуметтік медиа әлемдегі агрессия мен зорлық-зомбылықты күшейтеді деген зерттеулері құптауға тұрарлық.










15.jpg


«Иммунитет сақшысы», Эула Бисс

Цукербергтің ойынша, қазіргі кезде бүкіл әлемде вакцинацияға қарсы наразылық туындап жатқанда осы үдерістің барлық артықшылығын ашып беретін бұл кітап таптырмайтын құрал.










16.jpg


«Ойыншы», Иэн Бэнкс

«Мәдениет» сериясымен 1988 жылы шыққан екінші кітапта автор адамдар ойлап тапқан супер-технологиялар олардың ойлағандарынан асып түссе, өркениет қандай болатынын елестетеді.










17.jpg


«Бандының бір күндік басшысы», Судхир Венкатеш

Колумбия университетінің профессоры Судхир Венкатеш 90-жылдары чикаголық бандылардың біріне жасырын мүше болады. Цукербегтің пікірінше, автордың бұл ерлігі адамдардың экономикалық және мәдени барьерлерге қарамастан тіл табыса білуінің жарқын үлгісі.









18.jpg


«Ғылыми төңкерістердің құрылымы», Томас Кун

Егер де бір физик философия туралы кітап жазса, мұны «Ғылыми төңкерістердің құрылымы» деуге болады. 1962 жылы шыққан бұл кітап ғылымдағы эволюция мен оның қазіргі заманға әсері туралы тқжырымдарымен әлемдегі ең танымал ғылыми кітаптардың біріне айналды. 













19.jpg


«Оруэллдің кегі», Питер Хубер

Манхэттен саяси зерттеулер институтының қызметкері Питер Хубер Джордж Оруэллдің «1984» атты романының ресми емес сиквелін 1994 жылы басып шығарған. Ол кезде интернет пен телекоммуникацияда байланыстың жаңа түрлері ашылып жатқан болатын. Романда суреттелген әлемде адамдар өздерін бұрын құлға айналдырып жіберген технологияны пайдалану арқылы құлдықтан құтылуға жасаған әрекеттері айтылған.











20.jpg


«Қуат: әуесқойларға нұсқаулық», Вацлав Смил

Кітап қуат деген не деген қарапайым сұраққа жауап беруден басталып, қоршаған ортаға қауіпсіз, залалсыз қуат көздері туралы күрделі мәселелерге ойысады. Оны Манитоб университетінің оқытушысы Вацлав Смил жазған, ол Билл Гейтстің сүйікті авторларының бірі.













21.jpg


«Қытаймен қатынас», Генри М. Полсон-кіші

Соңғы бірнеше жылда Цукерберг қытай мәдениетіне ерекше назар аударуда. Ол мандарин диалектісін үйреніп алды және ұзақ мерзімдік мақсаты – қытай үкіметіне өз азаматтарына Facebook-ті қолдануға рұқсат беруге көндіру екенін талай рет айтты.
Аталған кітапты АҚШ-тың бұрынғы қаржы министрі жазған. Онда автор Қытайдың әлемге ықпалы қалай өсіп келе жатқанын зерттейді. 











22.jpg


«Рационалды рәсім», Майкл Сук-Янг Че

Цукербергтің айтуынша, Калифорния университетінің экономисі Майкл Сук-Янг Ченің кітабы оған әлеуметтік желілерді қалай дұрыс пайдалану керектігін үйретті. 















Дайындаған Әбу-Асқар Мекешұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар