Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Рымғали Нұрғалиұлы . Аяқталмаған трагедия (полигон әңгімелері)

29.12.2015 508

Рымғали Нұрғалиұлы . Аяқталмаған трагедия (полигон әңгімелері)

 


 



ҚЫЛМЫС

 

egemen-3115.jpg

Құлыны кісінеп, қозысы маңырап, айран-қымызын ішіп, құрт-ірімшігін жеп, тып-тыныш жатқан Абыралы атырабы аяқ астынан әбігерге түсті де қалды. Ең алдымен жеңіл машиналарға мінген офицерлер келген, артынан жүк машиналары, солдаттар қаптап кетті. Аудан орталығы, село атанғанымен, алақандай Қайнар үшін бұрын болмаған оқиға басталды: жер де гүр-гүр, аспан да гүр-гүр. Бұрын анда-санда бір ұшып келетін кішкентай самолеттің өзін қызықтап, тамашалап, таңырқап, улап-шулап қалатын балалар үшін ерекше бір көрме – жәрмеңке басталғандай. Ел-жұртты таңқалдырған ғажап нәрсе: пошымы шегіртке секілді, төбесінде айналатын қалақшалары бар, тік етіп қалаған жеріне қонып, зыр етіп тұрған орнынан көтеріліп кететін вертолет жас-кәрінің аузынан су ағызып, көзін бақырайтты.


Аяқ Қайнарда, мектептің төменгі жағындағы тастақ үстінде заводтан жаңа шыққандай жалтырап тұрған, бір мұрты бұзылмаған, темірлері күнге шағылысқан, қорбаныа жалғыз сызат түспеген әскери жүк машиналары қаздай тізіліп қалған. Шатырлар құрылып, түрлі шөптен, майдан пісірген дәмнің иісі шығып, шаң-шұң орысша сөйлескен сөздер естіліп, ылғи сыптай жас жігіттер әрлі-берлі жүріп, әп-сәтте, аспаннан түскендей жаңа тіршілік, жаңа дүние пайда болған.


Әуелде бата алмай, тосаңсып, үркіп тұрған балаларды, шоши қараған үлкендерді солдаттардың өздері су, сусын сұрап, бойларын үйретіп, тілге келіп, әңгімеге тартып, жақындата бастады. Пысықай балалар мектепте үйренген шала-шарпы орысшаларымен бірінің басын, бірінің аяғын келтіріп, тіпті болмай жатса, ымдап түсіндіріп, қолмен көрсетіп, солдаттармен оп-оңай ұғысты да, өздері айында-жылында көрмейтін таңсық жеміске тойды, иісі бұрқыраған колбасаға ауыздарын толтырды, сілекей ағызған консерваға қарқ болды.


Райком, райсполком алды қаптаған кісі: жан-жақтағы колхоз басшылары, ауыл атқамінерлері, белсенділері түгел осында, офицерлер, солдаттар жыртылып айрылады, басқа да бейтаныс адамдар толып жатыр, Семейден, Алматыдан, тіпті Москвадан келген секілді.


Райкомның алдына жиналған жұрт бірінің аузына бірі қарайды. Орақ тұмсық, бұйра бас хатшы көп сөйлеген жоқ: Дегелең тауының бауырында үлкен әскери дайындық, бомба күшін сынау болады екен, сол кезде халықтың денсаулығына зияны тиіп кетпес үшін бір аптаға күллі аудан жұртшылығын көшірмек.


Әр жерден әр түрлі сөздер естіліп жатыр, алғаш ұмтылған белгілі Байсақ:

- Қырық тоғызыншы жылдан бері қарай Дегелеңнің бауыры күнде тарс-тұрс емес пе? Жер-дүниені өртегендей болады да жатады, әйтеуір. Ешкім көшпей-ақ, жұмысын істеп, малын бағып отыр ғой, жарылған бомбаға еттері үйреніп алды. “Адам ит жанды” деген рас, іргелерінде соғыс болып жатқандай жарқ-жұрқ, жер сілкінгендей қозғалыс, бұның бәрін елемейді. Ал енді қиян шеттегі бізде не ақылары бар? Дегелең қайда, Абыралы, Қайнар қайда, жүз шақырым арасы, бомба жаратын жерлерді көшірсе көшіре берсін, бізді неге әурелейді? Күз болса, мынау, жұмысты қайтеміз? Шөпті кім шабады? Малды қайтеді? Оны да көшіре ме? Солдаттар ерікті екен деп біз де ерігеміз бе, о несі-ей? Хатшы жолдас, осы жағын айтпайсыңдар ма? – деп шұбырта бастағанда, танымал Жұмаділ кірісті:


- Бір есептен, әрине, өкімет айтса, көнбеске шара жоқ. Бірақ, өзі, бір есептен, қисынсыз көшу болайын деп тұр ғой. Құр төсек-орынды ғана алғанда, басқа заттарымызды, қалай, кімге сеніп қалдырып кетеміз? Бір есептен, бала-шағаны, қатын-қалашты көшіріп, үй иелері, шал-кемпір жағы қалып қойсақ қайтеді? Үйді-үйге кіріп тексере қоймас, біз осында қалсақ қайтеді өзі? Мен өзім Қайнарда қалам. Бомбаларын жара берсін.


Ендігі сөз полковникке тиді; ол совет армиясының күш-қуатын, бейбітшілікті қорғаудағы қызметін айта келіп, ғалымдардың бұрын-соңды болмаған ғаламат жарылыс күші бар бомба жасағанына мақтанды. Көшудің өзі тұрғындардың қауіпсіздігі үшін деді. Уақыт тығыз екен, бүгіннен қалмай көшіре бастайды, сынау ертең басталады. Сондықтан ырғалу-жырғалуға жол жоқ, уақыт тығыз. Кейбір еркектер қалса қалсын деп емексітті.


Алғашқыда тартынған көпшілік, енді жұртта қалып қоятындай, бір-бірімен кимелесіп, машинаға таласып-тартыса бастады: “Мен әскер семьясымын”, “Мен аурумын” деген сылтау-желеу айтып, шаң-шұң шығарды.


Үй бас сайын бір-бір машина. Жалаң қаққан солдаттар. Опыр-топыр, асығып-үсігіп заттарды буып жатқан кісілер. Күлшім апам әдеттегі сабырлы мінезінен айнымаған:

- Шырақтарым, көппен көрген ұлы той, саспаңдар. Өкімет айтты – алдамас. Көр-жер, шоқпытты артып қайтесіңдер? Алаша-сырмақ, көрпе-жастықты мол қылып алыңдар, балалар тоңып қалмасын, жылы киімдерді ұмытпаңдар. Айтпақшы, ана ер-тоқымдарды, бесікті, домбыраны қалдырмаңдаршы. Болды, осы екі-үш тең жетіп жатыр. Сендер ғой, жатақ болып, үйелеп бір жерде отырып қалған, е, біз көштің талай қызық-шыжығын көрдік, - деп отырғанда Қызтумас келді.


- Ойбай-ау, бұларыңыз не? Дүние-мүлікті ашық-шашық жұртқа тастап кете бересіздер ме? Қызыл Қайнардағылар үй басы екі-үш машинадан алып, заттарды айтасыз, есігінің алдындағы малдың қиына дейін тиеп жатыр. Ойбай-ау, апатай-ай, мынадай күйде, үш теңмен кісі көше ме? Обал емес пе? Ертең біреу үптеп кетсе, қайтесіз? Қайтып оралмаймыз, осы кеткеніміз кеткен дейді ғой. Анау шешендерді, анау немістерді кезінде осылай алдап көшіріп жіберіпті ғой, ел біледі ғой, ел айтып отыр, осы кеткеніміз кеткен, енді оралмаймыз. Жаратын бомбасының түрі жаман екен. Мал-жанды қырып салуы мүмкін. Қорыққаннан екіқабат әйелдер баласын тастап, жастар жынданып кетеді дейді ғой. Біздің басымызға қара түнек орнады десеңізші, - деп жылап жібергенде, Күлшім апам ақырып қалды:

- Әй, жүзіқара, аузыңа құм құйылсын. Жағыңа жылан жұмыртқалағыр. Ақыр заманды орнатуын албасының. Өкімет айтты – алдамас. Басыңа көрінгір, қайдағы сұмдықты айтып елді шошытуын. Бар жөнел, құдай қарғаған, сумаңдауын қарашы. Сені құдай қарғамаса, байыңды жұтпас еді-ау. Өкіметке жер құрып қалып па, бізді тентіретіп не болды дейсің? Өкімет  айтты – алдамас. Өсекші қатындар сандалмасын. Өз халқын өзі қырып жынданып кетіп пе? Жүзіқаралардың тілдерін кесер ме еді? Пәруәрдігер! Аруақтарға тапсырдым. Аманат. Қане, мен құран оқып жіберейін, - деді де, апам тізе бүкті.


Бәріміз алақанымызды жайдық, ішімізден үйретіп қойған сөздерді айттық та, дұға қайырдық.

Көш-қонның әбігермен жүргенде, қуанышты хабар лап ете түсті: көмек үшін жан басына елу сомнан берілмек. Аяқ астынан ат басындай алтын тауып алғандай, енді барлық жартығы бүтінделетін секілденіп, аңқау жұрт қуана мәз болып, шытырлаған жап-жаңа ақшаны қайта-қайта санап, жымың-жымың етеді. Нар түйедей колхозшы жыл аяғында қолына бас-аяғы бір-екі жүз сом тисе, мәз болушы еді, жоқ жерден ділдә ұстағандай болып, кенелді де қалды.


Алдында қауіп-қатер ойлаған ел-жұрт, кәрі-жас, әйел-еркек, бала-шаға енді тіпті көңілденіп кетті, дүкенді қант-шәй, тәтті-кәмпит, өрік-мейіз, колбаса, консерва, дәмді тоқаш, арақ-шарап басып кетті, гүрілдеген сауда, аузы-мұрнынан шыққан дорба, қапшық, ду-ду, мәре-сәре нағыз жұмақтың ішіне кіріп кеткендей.


Қымыз, арақ-шарап ішіп, қызып алған үлкендер, тәтті, кәмпит жеп, мәз болған бала-шаға, жүздеген әскери машинаға тиелген қалың ел жаңа қонысқа – Құр өзенінің бойына қалай барып, қалай қонғандарын өздері де білмей қалды. Улап-шулаған жұрт, маңыраған мал, гүрілдеген машина, ана жер мына жерде қазылған ошақ, жағылған от, тігілген шатыр, киіз үй, бұлақ басына, дөң төбесіне жиналған топ-топ адам – осы бейбіт тіршілікті кенет бұзып, бұл атырап естімеген ғаламат жойқын қуатпен бұрқ ете түскен, жерді сілкілеп, аспанды тітіркенткен, кісі көзі қарай алмайтындай қып-қызыл дөңгелек от шығарып, ол саңырауқұлақ болып көкке көтеріліп, қорыққан, зәресі ұшқан тіршілік атаулының жандарын қоярға орын таптырмай, құт-берекелерін алып, зәрелерін ұшырып, бірін-бірінің бауырына тығып, бүрістіріп, жүректерін ауыздарына келтіріп, қол-аяқтарын дірілдеткен зұлматты құдіреттің аты, осы атыраптың қазіргі буын, келер ұрпағының қасіретінің аты – сутегі бомбасы еді.


Бұл жарылыс 1953 жылы 5 август күні болды.


Бір жұмадан кейін халық бұрынғы қоныстарына қайтып оралды: ауылда қалып қойған бірен-саран ит, мысық, малдардың жүні жидіп түскен, терілері қызыл шақаланып сыдырылған, жол соқпақты, тіпті үйдің төбесіне шейін сорайып өскен рабайсыз ұзын шөп басып кеткен. Алғаш бұл құбылысқа таңырқаған ел бірте-бірте үйреніп кетті, көңіл бөліп назар аударуды да қойды, кейін келетін көп кесепаттың алғашқы хабаршы белгісін ұққан жоқ.


semipalatinskii_poligon.png

Әр түрлі әңгімелер шықты. Бүкіл ауданның жерін әскер алады екен де, халықты жан-жаққа бөліп-бөліп көшіретін болыпты деген сөз тарағанда, әсіресе үлкендер көздері суланып, ата-мекен, бабалар зираты, өскен-өнген топырақ – бұлардан айрылып қалай күн көруге болады деп торықса, жастар тамаша бір жер ұйық тауып, сонда жаңа өмір бастайтындай елегізіп, қуанғандай болды, аса қинала қойған жоқ.


Бір-ақ күнде, 1954 жылдың күзінде ауданның тарайтыны, оның бұрынғы территориясының жартысы полигонға айналып, Дегелең, Мыржық, Тайлан секілді атақты, шұрайлы жерлердің бәрінен елдің көшетіні белгілі болды. Қалған жерлердің өзіне бұрынғы аудан халқын сыйдыру керек деген ұсынысты ешкім тыңдаған жоқ, сөйтіп бірталай ел атамекен, туған жерлерімен жылай-жылай қоштасып, жан-жаққа көшіп кете барды, торғайдай тозып кетті.


Бұрынғы колхоздар негізінде совхоздар құрылғанда, Қайнар совхоз орталығы болып қалды да, Абыралы ауданының жұрнағынан “Қайнар”, “Абыралы”, “Қызыл Ту”, “Ақбұлақ”, “Саржал”, “Доғалаң” тағы басқа бірнеше совхоз жасалды. Ауданның біраз жері Қарағанды облысының Егіндібұлақ, Қарқаралы аудандарына кетті де, негізгі бөлігі Абай ауданының құрамына енді. Ел әр жерге көшірілді. Бірте-бірте Абыралы деген ат ұмтылып, оның кезінде бай, іргелі, берекелі елді мекен болғанын біреу біліп, біреу білмейтін күйге түсті.


Жұртты көшіріп, сутегі бомбасын сынағаннан кейін, тағы бір жаңалық шықты. Жан-жақтан дәрігерлер қаптады, неше түрлі түтікше, шөлмек, ине, сан-алуан дәрі-дәрмек, жарқ-жұрқ еткен құрал, аппарат дегенді жергілікті халық сонда көрген. Қысым өлшеткен, қан, зәр, нәжіс тапсырған, рентген сәулесімен тексерілген, шаш, тері қабатын кестірген, сынған тісті тапсырған дегенді кім біліпті. Семейден, Алматыдан, Москвадан мамандар қаптады. Тау-тасты, мал-жанды, өзен-көлді түгел зерттеді. Ауру-сырқау адамдарға дәрі-дәрмек берді. Семейге, Алматыға, тіпті Москваға алып кетіп, емдеген аурулар шықты.


Алғашқыда халық әскери адамдардың айтқанын бұлжытпай орындады; шынында да, далаға шығып, қалқаға жасырынып, жерге жатып, бомба жарылған жаққа қарамай, айтқан уақытқұа дейін жұмысты қойып, не істе десе, соны істеп жүрді. Бірте-бірте жарылысқа ет үйренді, тарс-тұрс бойға сіңді. Аспандағы қызыл от – тажал сәуле емес, күннің кішкентай сіңілісі, атом саңырауқұлағы – ажал апаты емес, кемпірқосақ көлеңкесі секілденіп кетті. Кішкентай балалар ғана “Занятие!”, “Занятие!” деп, бейнебір жақсылық қуанышқа сүйініші сұрағандай шапқылап жүретін. Үлкендер жағы: “Е, қайтейік, алланың бір ажалы тұрған шығар. Қайда көшіп кетеміз? Құдай салды – біз көндік. Өлсек, бұрынғы өлгендерден артықпыз ба?” – деп, кейде екпінді ауа толқыны әсерінен пештен шыққан жалын-түтіннен шегініп қалып, отыра берер еді. Кезінде дәрігерлер қалай аяқ астынан келсе, солай аяқ астынан келулерін тоқтатты. Әсіресе сынаулар жер астына түскеннен кейін бұл ел назардан мүлде ұмытылды. Бірақ ауру-сырқау, өлім-жітім тіпті көбейіп кетті. Бұрын естімеген, ел-жұрт көрмеген, кездеспеген аурулар пайда болды. Түсік көбейді, жарыместер көбейді, ең жаманы ақ қан, рак деген пәлекеттер қаулады, өлім қаптады.


Он бес жыл жер бетінде, жиырма бес жыл жер астында жарылған атом, сутегі бомбаларының кесапаты ма, басқа да қырсық бар ма, оны дәл айыру қиын шығар, алақандай бір Қайнар селосында соңғы жылдары рактан өлгендердің, ақ қан ауруынан опат болғандардың, іштен есалаң боп туғандардың, өзін-өзі өлтіргендердің саны қаптап кетті.


 

 

ПОЛКОВНИК КАШКИН, СТУДЕНТ АСАНОВ


 

Полковник Кашкин тал бойында бір міні жоқ, сұлу жүзді, қыр мұрынды, өткір тілді, жан-жақты білімі мол офицер еді. Әскери кафедра мүшелерінің ішіндегі суық, қатал оқытушылардан бөлектеніп тұратын. Басқалар өз пәнін ғана білетін, басқа тақырыптарға бармайтын, студенттермен ара-қатынасты қатал сақтайтын ресми кісілер болатын. Рас, өтірігін кім білсін, көзінде Кашкин маршал Рокоссовскийдің адъютанты екен, кейін ана кісі Польшаға кеткен кезде, басқа қолбасшыларға ұнамай, үлкен біреуінің қаһарына ұшырап, отставкаға шығып, оқытушы болып жүр деген қауесет айтылушы еді. Қалай десе де, Кашкиннің  түр-түсі, жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, ең бастысы білімі, әзіл-қалжыңы өзге офицерлерден ерекше.


Кейде ол негізгі тақырыбынан шығып кетіп, Александр Македонский, Шыңғысхан, Наполеон, Суворов, олардың әскери жорықтары, жеке бастарындағы оқиғалары туралы сөйлеп кеткенде аузымызды ашып тыңдар едік. Сталин, Ягода, Ежов, Берия, Голощекин қылмыстары да айтылатын. Бір сәт алыстан орағытып келіп:

- Бізді алда қандай тағдыр күтіп тұр, кім білсін. Соғыс болдырмас үшін күресіп жатырмыз. Тарихқа көз салсақ, елшілер құшақтаса сүйісіп, кәмпит шайнап, бал сорған кезде соғыс басталған. Сондай жаманат күн туса, жандарыңды сақтап қалатын мына винтовка, мына пулемет, мына бомба, қалам емес, қағаз емес, сөз емес, - деп барып полковник атом, сутегі бомбаларының жарылыс күшін, сан-алуан әсерін, кейінгі зардаптарын қабырғада ілулі тұрған плакаттарды таяқшамен нұсқап қойып, тәптіштей түсіндіре бастаған.

vzriv.jpg

- Сонымен, қорытып келгенде, атом, сутегі бомбалары жарылған жерде еш нәрсе қалмай өртеніп кетеді де, аспанға от-жалын саңырауқұлақ – радиоактивті бұлт көтеріледі; жолдағыны түп-түгел жайпайтын екпінді толқын атылады; алдыңдағының бәрін тесіп өтіп күйдіретін сәуле заулайды; бір сәтте завод па, фабрика ма, тұтас қала ма – күлі аспанға ұшады; қолма-қол қырылып қалған адам баласы, жан-жануар өз алдына, зардап-кесепаттың ең үлкені жылдарға созылатын дерт артта жатыр: радиоактивті сәуле, күл, шаң жан-дүниені, адамдарды, малдарды, үйлерді, заттарды, топырақты, өсімдікті, өзен-көлді, тау-тасты, орман-тоғайды түгел залалды етеді, былғайды; осылайша радиация өлімді шаң-топаны, ажалды күл-қоқысы басқан аймақ пайдалануға жарамайды; ол төңіректегі адамдар, олардың  үрім-бұтағы сәуле ауруына ұшырайды; қандары ағарып кетеді, рак жайлайды, психика бұзылады, өзін-өзі өлтіру, жынданып кету көбейеді; мұның өзі атом бомбасы түскен, ядролық жарылыс болған жер үшін тозақ, ақырзаман, христиан тілінде айтқанда, Судный день,  - деп барып полковник Кашкин күрсінді. – Адамның ақыл-ойы ядролық жарылыс жасаудың кілтін тауып, өз басына ғаламат пәле тілеп алды. Қарулану жолындағы тоқтаусыз жанталас тоқталмас, сірә. Сынау мақсатымен аспанда, суда, жерде мың сан бомба жарылып, күн сайын оның күші өсіп келеді. Дәл қазір қолда бар атом бомбалары жарылса, жер бетінде тіршіліктің құрып кетуі де мүмкін. Түбі келісімге қол қойылса, ядролық жарылыс жер астына түспек. Бірақ оның өзін қауіпсіз болады деп мен айта алмас едім. Адам баласы жер бетіндегі тіршілікке, цивилизацияға қауіп төндіріп тұрған тажал қаруды өзі ойлап тауып, енді содан қалай құтылуды өзі білмей екі-ұдай жарылған, дал болған шақ бұл.


Полковниктің осы сөздерді айтқанда екі шекесі қызарып тұрды.


Бөлімдегі әскерге барып келгендер, халқы аралас жерлерде, стнацияда, қалада оқығандар болмаса, көбіміз алыс аудандардан шыққан, орыс тіліне шорқақ едік, сондықтан әскери дайындық сабағында пейіл салып тыңдағанымызбен, сұрақ қойып, ұстаздармен тілдесуге бара алмай, бұғып отырар едік. Мұндайда суырылып шығатын – университетке дейін Қарағандыда шахтыда істеген, кейін республикаға атағы шыққан жалаң қылыш фельетоншы болған Нұржан Мұқанов пен Омбы облысынан келген орысша, қазақшаға бірдей жүйрік Естай Асанов. Нұржан ылғи басың қайда, көзің қайда демейтін, турашыл болушы еді, бұл жолы да, “Америкада, бізде қанша бомба бар, соғыс басталып кетсе, қандай қалаларды алдымен жою керек, бірінші болып қимылдап қалса қайтеді?” деген секілді ұрда-жық сұрақтарды жаудырып, полковник Кашкин соның бәріне ерінбей жауап беріп болғанда, көзілдірігін көтеріп қойып, анда-санда “Скажите, пожалуйста” деп алып, Естай кіріскен.


- Жолдас полковник, сіз айтқан, анау плакатта көрсетілген нәрселердің бәрін біз білеміз, өз көзімізбен көрдік, - деді.

Кашкин таң қалып,  жалт қарады.

- Көрдік, көрдік! – деп шуластық.

- Ал, тынышталыңдар. Сен не айтып, не қойғаныңды білемісің, Асанов?

Естай орнынан тұрып, тақта алдына барды, қолына таяқшаны ұстап, плакаттарды түртіп-түртіп көрсетті:

- Мыналардың бәрін біз жақсы білеміз, жолдас полковник. Өз көзімізбен көрдік, - деді.

- Сен не айтып тұрсың?

- Биыл жазда Павлодар облысында жұмыста болдық. Алыс отардағы қыстауда қойшыларға үй салып жатқанбыз. Жаз ортасы. Июль. Күн ашық. Топтағы он жігіт түгел далада, сол күні істелмек шаруаны ақылдасып бітіп, енді жұмысқа кіріскелі тұрғанбыз. Кенет шығыстан, Семей облысы жақтан аспанды тұтас өрт қаптағандай болып, бағана от көтеріліп, құлақты жарып кетердей жарылыс естілді, аспанда қып-қызыл шар пайда болды; саңырауқұлақ шықты, гүрс-гүрс, аяғымыздың астындағы жер қозғалып кетті. Сау етіп қалап қойған қабырға құлады. Ауада көк жасыл толқын жүре бастады, біз сағым ішінде қалғандай болдық.


Полковник Кашикн әрі қарай айттырмады:

- Жетті, Асанов! Жетті!

Бірақ аз үнсіздіктен кейін Естай қайтадан сөйледі:

- Жолдас полковник, мұндай жарылыстар қалың елдің жүрегінде, бір жағы Қазақстанның Семей, Өскемен, Павлодар, Қарағанды, бір жағы Россияның Барнауыл, Омбы, Алтай өлкелерінің ортасында неге жасалады? Радиация зардаптары неге ойластырылмаған? Желмен, бұлтпен зиянды заттар, шаң, күл қайда тарап жатыр? Әлгінде өзіңіз айтқандай, мұның бәрі адамдарды бауыздамай қырып жатыр емес пе? Соны қалай тиямыз?


- Мен қорғаныс министрі болсам да, сенің сұрағыңа толық жауап бере алмаспын, - деді Кашкин, - бәрі қорғаныс үшін. Қорғанысқа кететін шығынды халық шаруашылығына пайдалансақ, біз қазір нағыз бай елге айналар едік. Қорғанысқа бола шығынға батамыз еріксіз, қорғанысқа бола құрбандыққа барамыз еріксіз. Ақыл, ой, талант қорғаныс жолында қызмет етеді. Жер, су, энергия, байлық – олар да құрбандыққа шалынады. Сен көргенді әскери адамдар көрмеді дейсің бе, соның ішінде жүр емес пе? Ең әуелі солар жазым болады, ең әуелі таяқ соларға тиеді.


- Мұның бәрі жалпы сөз ғой, жолдас полковник, - деді Естай келіспеген ыңғайын жасырмай, - Мен қорғаныс үшін атом бомбасы керек емес деп тұрмын ба? Керек! Бірақ жарылысты адамға зияны тимейтін шалғайға, елсізге әкету керек деймін. Семей полигоны ең алдымен қазақ халқының, одан кейін көршілес, қойындас отырған орыс халқының қасірет-дерті, күллі совет халқының трагедиясы деп білем.

Осы сөздердің тұсында өңі өзгеріп, сұрланып кеткен полковниктің даусы ащы шықты:

- Жетер, Асанов! Атом бомбасына байланысты дискуссиямыз осымен бітті. Сен қай кафедрада, қандай сабақта отырғаныңды ұмытпа! Әскерде болып па ең? Әскерде болсаң, ант берген шығарсың? Бердің ғой? Ендеше әскери құпияны ашу – қалай жазаланатынын білесің. Бұл әңгіме осы жерде қалсын. Бірде-біреуіңнен жалғыз ауыз сөз шықса, жақсылық күтпеңдер, оқудан шығарыласыңдар. Ешқайсың бома сынауды, саңырауқұлақты, екпінді толқынды көрген жоқсыңдар. Ұқтыңдар ма? Көрген жоқсыңдар. Ал бүгінгі сабақта ешқандай талқы болған жоқ. Менің де семьям, бала-шағам барын ұмытпаңдар. Шындап келгенде, атом бомбасын сынайтын совет полигоны қай жерде, оны мен білмеймін, сендер де білмейсіңдер. Қара бұларды, полигонның қасында жұмыс істеген, бәрін көрген. Өтірік мұның бәрі! Сендер еш нәрсе көрген жоқсыңдар, қайталап айтам, көрген жоқсыңдар. Полигон, атом бомбасы туралы ешқандай талқылау болған жоқ.


Полковник Кашкиннің бұлай ашуланып, бұрқ-сарқ қайнағанын біз бұрын көрген жоқ едік, таңырқаған кейіппен бір-бірімізге қарадық. Елдің бәрі білетін нәрседен несін құпия жасап тұр, неден қорқады, бізді неге қорқытады деп күлісіп қойдық.


Естай төсек үстінде малдасын құрып алып, домбыра тартып, ұзақ хиссаларды айтып отыратын сері, жыршы жігіт еді. Көбінесе ол түнімен кітап оқып, таңертең ұйқысы  қанбай, сабаққа бара алмай қалатын, осы дағдысының кесірінен әскери дайындықтан көп кешігіп жүрді, сол сылтау болды ма, басқа себебі бар ма, кім білсін, әйтеуір, сырттан оқуға ауысуға тура келіп, еліне, Омбы жаққа кеткен болатын, кейін естідік, университетті бітіріп, Көкшетау жағында мұғалім болып жүріп, отызға жетпей ақ қан ауруынан қайтыс болыпты. Ал полковник Кашкин отыз бес жасында әскери жұмысты мүлде қойып, Ригаға қайын жұртына көшіп кетті. Осы екі адамның тағдырына – студент Асанов пен полковник Кашкин тағдырына атом бомбасына байланысты арнаулы дайындық сабағында оқылған лекция, сонда айтылған сөздердің әсері болған секілденеді де тұрады.


 

 

ӨЛГЕН ТАУ

 

IMG_6585.jpg

Семейде көп аялдаған жоқпыз, әсіресе той иесі Сапарғали Бегалиннің өзі қырға қарай тез жүріп кетуді өтінген соң, Күшікбайдың басына бір ат шалдырып алып, зулап отырып Жидебайға жетіп келдік. Абайдың үйі атандырған еңселі биік киіз үй сыйлы қонақтарға арнайы тігіледі екен. Іші толы адам: облыс, аудан өкілдері өз алдына, Сапарғалидың сексен жасқа толуына байланысты қасына ерген нөкерлері іспетті бір топ адам бармыз: Жүсіпбек Елебеков, Кәукен Кенжетаев, Жаппар Өмірбеков, ұлдары Хамит, Мәжит, Қасым және мен.


Той иесінің қолқасы облыс өкілін, аудан басшыларын қатты қинады, өздері оңаша шығып, қайта-қайта күбірлесіп, кеңсеге кіріп кетіп, әлдебіреулермен айқайласып, орысша сөйлесіп, жалынғандай, өтінгендей болып, ақыры бір шешімге келген секілді. Негізгі мамандығы әдебиетші-мұғалім, аузын ашса көмекейі көрінетін ақкөңіл, елдің, жердің көп әңгімесін судай ағызатын, Абай, Мұхтар шығармаларын жатқа айтып, талай кісіні аузына қаратқан, шешендігімен небір ақын-жазушыны таңқалдырған, ұзын бойлы қара сұр жігіт Бәтташ Сыдықов қилы мінезді, көп сыйлы қонақ күтіп, тіс қаққан, әккі, қас-қабақтан танитын сұңғыла; әдеттегі ақпа-төкпе мінезін сездірмей, райком хатшысына лайық, ел ағасына тән сабыр-салмақпен Сапарғали мен Жүсіпбектің көңілінен шығып, разы етіп жүр. Ыммен, қабақпен талай шаруаны бітіріп жатыр. Шаруа келісілген болу керек, қайтадан жолға шықтық.


Көңілі түсіп, шешілсе, Сапарғали талай қызық, ұзын-сонар, әр қиырға тартатын, мол сарынды, көп әуезді әңгімелер айтушы еді. Арғыдағы Өскенбай, Құнанбай, Абай дәуірлері, одан кейінгі аласапырандар, талай тарам-тарам хикая болып өріледі. Жер атына, зират, бейітке қатысты аңыздар бір төбе. Шыңғыс бөктерінен бұрынғы Дегелең, Абыралы атыраптарына қарай еңкейгенде, Сапарғали тіпті ағыл-тегіл көсіліп отырды. Бұл өңірдің атақты батырлары, дәулет біткен байлары, ерекше жаратылған әнші-күйшілері, реті келгенде жүйрік ат, сылаң тазы, алғыр құсына шейін сөз болды.


Бір оқиғаны екінші оқиғамен шатастырмай, үнемі сабақтастыра, жарыстыра өрбітіп, тіршіліктің көп сырларын, сан алуан тағдырларды көз алдыңа алып келеді, әрбір адамның түр-түсі, жас шамасы, мінез қалпы, сөз мақамы, - бәрі өз орнында, ұзақ романды тыңдап отырғандай боласың, жазығы қағазға түспеді демесең, бас-аяғы жұп-жұмыр көркем шығарма.


Алдағы машиналар тоқтай бастады.


- Бұдан әрі баруға болмайды, - деді облыстан мініп келген “Волганың” шофері, жасы елудің ішінде, салмақты, орнықты.

Бәтташ оған жақындап келіп, құшақтап, арқасынан қағып, оңаша шығарып алып, сөйлесе бастады:

- Виктор Тимофеевич, тағы кішкене тақай түсейік, ештеңе бола қоймас, - деді.

- Жоқ! Енді бір адым да ілгері баруға қақымыз жоқ. Мына белгіні көрдіңіз бе? Оның ар жағы тор, өтуге болмайтын тор.


Райком хатшысы күліп жіберді:

- Ойбай-ау, қазір бұл далада не белгі жоқ, не тор жоқ, солар бойынша жүріп, тұрсаң, жан баға алмай қаласыз ғой.


Виктор Тимофеевич түсі салқын тартты, даусы қатқыл шықты:

- Сіз бұл белгіні білуіңіз керек. Отпен ойнауға бола ма? Жалғыз сіз ғана емес, аудан халқы түгел қатерлі таңбаны білуге тиіс. Радиоактивті аймақ деген сөз. Оның зиянын сіз менен жақсы білесіз. Ендеше мен запастағы офицер ретінде халық жазушысының, халық артистерінің, режиссердің, басқа да жігіттердің, сіздің, ең соңында өзімнің өміріме балта шапқым келмейді. Сондықтан кері бұрылуға тиіспіз.


Бұл кезде басқа машиналардағы жігіттер де түгел түсіп, көгалға сырмақ төселіп, кілем жайылып, көрпе, жастық тасталып, алқа-қотан жайғасып, аяқтарын көсіле бастаған.

Жылап ағып жатқан бұлақ сумен Сапарғали, Жүсіпбек, Мәжит беті-қолдарын жуа бастады.


- Балдай тәтті, дәрі-дәрмек, хлор-слор қосылмаған бір жұтсаң да, шөліңді қандырады, - десіп, кесемен су алып, кезек-кезек ішіп жатыр.

- Ойбай-ау, қымыз ішпейсіздер ме? Өлі суды қайтесіздер? – деп Бәтташ мазасызданып қалды.


Кей кезде Сапарғали мен Жүсіпбек арасындағы әңгіме бізге бейтаныс сарынға ауысады. Олар ешкімді елемейді,  аяқ астынан сұрақ қойсаң, жақтырмаған сыңай аңғартады, сондықтан ондай кездерде сөздерін бөлмеуге тырысамыз. Жүсіпбек баяу ғана ән әуенін, не күй сазын естілер-естілмес тартып жатады. Көбінесе есімін біз білмейтін, дүниеден өтіп кеткен бұрынғылардың, өз замандастарының тіршілік әрекеті, бастан өткендері, әке-шешелерінің тарихы, ескі ауылдың хикаясы, аңшылық-серілік әңгімелері.


Кәукен мен Мәжиттің сыбыры таусылмайды, әсіресе ұзақ жылдар бойы Москвада тұрған Мәжиттің оқымаған кітабы, білмейтін күлдіргі әңгімесі жоқ, ал Кәукен репертуарындағы белгілі тақырыптың бірі – Абай аулынан шыққан өзімен құрдас актердің айтқан сөздері, бастан кешкен оқиғалары. Оның Абай, Аманкелді рольдеріне таласып, бойың шағын дегенге намыстанып, басшы қызметте отырған бойы шағын азаматтарға барып, олардың жауаптарына қанағаттанбай, ақыры “Ара” журналының редакторы жазушы Қанекей Жармағамбетовтен естіген ащы сөзден кейін тоқтағанын ұзақ сонар күлкілі хикая етіп айтудан жалықпайды. Ең соңында Кәукен “сол ағаларыңмен айтқан мың қалжыңға былқ етпей, оттапсың, Түйетірсек дейді, Түйетірсек – маған қойған аты. Бір сөзбен өлтіреді антұрған. Қойған атын қараңдаршы - Түйетірсек”, - деп қарқылдап күліп алады.


Жаппар мен Хамит бірыңғай. Жаппардың қолынан дәптері мен қаламы түспейді, ылғи сұрайтыны жер, су, аң, шөп, тау, өсімдік атаулары, күндіз-түні, жиналыста, отырыста, киіз үйде, машинада жүріп келе жатып, сөйлесіп тұрып жаза береді. Кейде белгілі нәрсенің өзін қайта-қайта сұрайды, бір ақсақалға селеуді көрсетіп тұрып, “мынау не?” дегенде ана кісі “Туу, шырағым-ай, қала әбден шаршатқан ба, селеуді білмейсің бе, селеу емес пе, әлде мені мазақтап тұрсың ба?” – деп ашуланған.


Хамит көбіне екі ақсақалды жағалайды, солардың тілін табуға тырысады. Қасым екеуіміз бір жұппыз.


Ұлдары Хамит, Мәжит, Қасым әкелерінің қас-қабағына қарайды, ол кісіні “аға” дейді, артық сөз айтпайды, арақ-шараптың өзін байқап ішеді, қызу кезде ол кісінің көзіне түспеуге тырысады. Бұл топта өзін еркін ұстайтын, ойына келгенін айтатын – Кәтукен. Сапарғали оның аталарын, елін, жерін жақсы біледі, ағаларымен үзеңгілес дос, дәмдес, табақтас болған, тіпті Шәйбай ағасымен бірлесіп аңшылық туралы кітап та жазған, сондықтан шығар, Кәукенді еркелетіп, қалжыңға өзі тартып, күлісіп отырады.


- Сапеке, - деді Кәукен көзі күліп, - қалай ойлайсыз сіз осы, әскери адамдарда бас бар ма?

- Сондай сұрақ бола ма екен?

- Болғаны ғой, меніңше, әскери адамдарда бас бар деп ойлаймын.

- Мынау данышпандық екен, Кәукен. Әскери адамдарда бас бар дейсің, ә, - деп Сапарғали жымиып күлді. Басқалар да күліп жатыр.


Кәукен басын көтеріп, малдасын құрып, бойын түзеп отырды, қақырынып алды, дауға енді кірісетін бидің кейпіне кірді.


- Күлмеңіз, Сапеке. Әскери адамдарда бас бар дейтін себебім мынау. Сіздің туған жеріңіз Дегелең тауына, оның маңайына полигон орнату үшін әскери адамдар ойланбады дейсіз бе, ойланды. Жүз рет, мың рет ойланды. Ақыры лайық деп тапты. Елсіз жер. Өзен-көлі жоқ. Шөл. Қу дала, қу медиен. Ата-балаларыңыздың күнәсі де бар шығар, мүмкін, - дей бергенде Сапарғали саңқ ете түсті.


- Ей, Түйетірсек, не тантып отырсың? Қайдағы шөл, қайдағы қу дала, қу медиен, тапқан екенсің, Бетпақ пен Кербаланың шөлін. Біле білсең, Баяның не, Қарқаралың не, Шыңғыстауың не, Тарбағатайың не, Дегелеңің не – бәрі бір құйқа, бір атырап емес пе? Бұл менің аяғыма кірген шөгір деп отырмысың, біле білсең, қазақ халқының жүрегіне қадалған оқ емес пе? Жазылмайтын жара, арылмайтын дерт. Бұл зілзаланың басы бар да, аяғы жоқ секілді ғой. Ұрпағыңның қылтасын кесетін зұлматтан қалай құтыласың, тәңірім-ау...


Көп уақытқа дейін Сапарғали түйіліп, тілін тістегендей болып отырды, өзгелерде де үн жоқ. Бір кезде Хамитке иек қағып, бірдеңені әкелші дегендей ымдады. Жолдорбаның ішінен шүберекпен жақсылап оралған дүрбі шықты. Сапарғали орнынан тұрып, ешкімге тіл қатпастан, жота басына көтерілді де, алыстан дөңкиіп көрінген Дегелең тауын дүрбімен қарай  бастады. Тапжылмай ұзақ отырды. Намазға ұйыған діндар мұсылман іспеттес, қаққан қазықтай қатып қалған. Аяғымыздың ұшынан басып, дыбыс шығармай төбеге біз де көтерілдік. Сапарғалида қан жоқ, сөл жоқ, өңі бұзылып кеткен екен.


- Құдайым-ау, бұл не сұмдық?! Дәл осындай болар деп үш ұйқтасам ойыма кірер ме? Дегелең тауын құртып жіберіпті ғой, тауды құртқан! Тау жоғалған! Ұялының шыңы, Әулие асу қайда? Ұзынбұлақ, Қарабұлақ қайда кеткен? Өзен-бұлақ өлген, арнасы да жоқ. Тау құрыған, оның орнында тас-қиыршық төбе жатыр. Хамит, Мәжит, бала кезінде бауырында асыр салған тауларың өліпті! Ата-бабаларыңның зираты да жойылған. Енді ол жерлерді біз ешқашан көре алмаймыз. Бұдан әрі қарай аттап басуға болмайтынын анау белгі айтып тұр, анау қоршау тор айтып тұр, оны мен де білем, неге білмейін. Әй, балаларым, інілерім, о заманда, бұ заман, тау өлгенін көрген кісі бар ма, міне, соған да жеттік, менің атамекенім, туған тауым – Дегелең өлген екен, маған көңіл айтыңдар, - Сапарғалидың көзінен бұршақ-бұршақ жас ыршып-ыршып кетті.


Бұдан кейін Ақбұлақ, Қайнар, Қызылту совхоздарында, аудан орталығы Қарауылда, басқа да жерлерде көп жұрт жиналған, халық жазушысының сексен жасын қошемет еткен талай қызықты бас қосулар, оқушылармен кездесу кештері өткенімен, Сапарғали аса көп қуана қойған жоқ, көбінесе Жүсіпбекпен сөйлесіп, әйтпесе мұрты салбырап, жүдеу кескінде, өз ойына беріліп, топ ішінде оқшауланып қалды. Күтім, сый-сияпаттан кемшілік болған жоқ, Семейдің дала, қаласы сүйікті перзентіне құшағын кең ашқанмен, Сапарғали жүргенідегі ауыр бір шеменді, құса-мұңды, зіл-зала қайғыны еріте алмаған секілді.


Алматыда өткен салтанатты Ғабит, Ғабидендер басқарып, көп жылы сөз айтылып, әсіресе қарт қаламгердің беріктігі, денсаулығының мықтылығы, қайрат-күші ерекше дәріптеліп, Бұқар жырау, Жамбыл жеткен жерге барады деп қошемет көрсетілді. Әлде бәйбішесінің, әлде ұлы Мәжиттің өлімін көтере алмады ма, Сапарғали тоқсанға ілікпей күрт кетті. Әлде туған жері – Дегелең тауының өлгенін көтере алмады ма?


 

 

 

ҚАБІР ҚАНША ТҰРАДЫ?


 

B4F38442-5988-49D1-94E6-BA5F1B54E400_mw1024_s_n.jpg

Телефоннан даусы қарлығыңқырап естілгенмен, Орынғали әдеттегі қалпынша әзілдесіп тұрды:

- Білем ғой, бауырым, сендердің жағдайларыңды, уақыттарың жоқ, қолдарың тимейді. Тас бұзып, тау қопарып жатырсыңдар. Дүниенің бар тіршілігі сендерге тіреліп жатқандай тырбанасыңдар. Өкпелеп қалған жоқсың ба? Қатты айтып жібердім бе? Ел-жұрт, ауыл-аймақ аман. Қазір мен келем. Көшеге шығып тұр. Айтпақшы, үй-ішіңе айтып кет. Күні бойы менімен боласың. Тамаққа әуре етпе, бүгін қол тимейді. Кейінірек барармын. Жақсы. Қазір келем. – Трубканы қоя салды.


Біз бір ауылдың балалары едік, аталаспыз, арамыз қыз алысуға жеткен жоқ. Бұрынғы перзенттері шетіней берген соң, дәмелі үмітпен соғыстың алдында туған нәрестенің атын, өшкені жансын, өлгеннің орны толсын деп Орынғали қойған. Садуақас шопанның бұл ұлы тырнақтайынан пысық болды, сабақты жақсы оқыды, педагогика институтын бітірді, мектепте істеді, Абай аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына көтерілді.


Ауылдың дарынды жастарын ұйымдастырып, ансамбль, театр құрып, дүркіретіп жіберді, сөйтіп ел ішінде үлкен абыройға бөленді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының сахнасына Абай ауданынан келген өнерпаздар “Қарагөз” трагедиясын шығарды. Сырымды қалыптаған - өзі журналист, өзі өнерпаз композитор, халық арасына кең тараған “Сағындым Сарыарқамды” әнінің авторы Мейрамбек Жанболатов, Қарагөз болып шыққан көмейіне бұлбұл қонақтаған, сырлы әуезді әнші Баян Сағымбаева, құйып қойған Нарша – Орынғали Садуақасов – бұлардың бәрі де сахараның табиғи мінездерін көрсетті.


Көрермен қауым, әсіресе Орынғадидың толық  денесіне, балпаңдаған жүрісіне, дөңгелек бет-пішіне қарап: “Ойпырмай, қалай дәл таңдаған мына жігітті, нағыз бай баласы дегенің осындай-ақ болған шығар”, - деп күліскен.


Осы тұста Абай ауданы өнерпаздарының айы оңынан туып, даңқтары көтерілді, Москвада өнер көрсетті, шетелге барды, халық театры атағын алды. Соның ыстығына күйіп, суығына тоңған сал-серінің бірі – осы Орынғали.


Көп күттірген жоқ, такси сумаң етіп жетіп келді.

- Асссалаумағалейкум!

- Уағалайкумссалам! Астана қазақтары сендер де мұсылмандыққа келе бастағандарың жақсы болған екен, - деп Орынғали қалжыңға бұра, сәлем алып жатыр.

- Ел-жұрт аман ба? Жігіттер қалай?

Бұрынғыдай емес, Орынғалидың жүзі сынық, жүдеу көрінді. Көзінде мұң бар секілді. Сәл аңырып барып тіл қатты:

- Шүкір. Анау сенің досың, курстасың мың жасағыр Мейраш ән шығарам деп әуре. Кейде далаға, өзен-көлдің жағасына қонып қалады. Соны жын-пері соғып жүрмесін. Байқа деп ескертейсіңдер ме? Қаражаяу  болса екен, райкомның пілдей бір хатшысы. Бұл шіркін әрі сері, әрі қайраткер болмақ, екі кеме құйрығын бірдей ұстамақ, - деп шұбыртып, құрдасына қарай ойысып бара жатты.

- Қоя бер таксиіңді. Үйге барайық.

- Жоқ, түспеймін. Бүгінгі билік менде. Айтқанымды істейсің.

-  Әлде, Алматыда бір үй сайлап қойып па едің?

- Ондай айтқан күн туса, жақсы ғой. Ал, тарттық. Абай ескерткішіне, - деп Орынғали шоферға иек қақты.

- Мың рет көрдің емес пе?

- Бәрібір көргім келеді де тұрады. Астанаға келсем, алдымен Абай атама тауап етіп, сәлем берем. Олай етпесем, жолым болмайтын секілді. Қаһарына ұшырайтындай көрінем. Мен осы ескерткішті қазақтың биік тұғыры, қасиетті, әулие төрі санаймын. Пой-пой жарықтық Абай атам-ай, күйбең тіршіліктің, жалған дүниенің төбесінен қарап тұрған қалпын қарашы, - деп Орынғали тұңғыш рет көрген кісідей таңырқай тамашалап, тас мүсінді айналып адымдай бастады.

Алаңқайда балалар ойнап жүр. Біреулер көгершінге жем тастап отыр. Мұртты фотограф әрі өткен, бері өткеннің шылбырына жармасады. Көпшілік көзден, үлкен-кішіден қысылмай, екінші қайтара көріспейтіндей, өліп-өшіп сүйіскен жұптың қасына келіп Орынғали:


- Қандай бақыттысыңдар! Осылардікі дұрыс, - дегенде, аналар бірауыздан дүрсе қоя берді:

- Какое Ваше дело? Тоже мне...


Бұған ренжіген Орынғали жоқ, күлді де қойды, домаланып шауып жүрген бір баланы шап беріп ұстай алды. Кішкентайдың қол-аяғы тырбаңдап, қытығы келіп, күліп тұр:

- Жіберіңіз. Жіберіңіз дедім, жіберіңіз.

- Ой, өзің қазақша сайрап тұрсың ғой.

- Менің көкем де, апам да, атам да, тіпті әжем де қазақша біледі. Әлия білмейді.

- Е, ол жаман бала болды, сірә.

- Ондай жаман балалар біздің ауылда көп. Мен орысша да білем.

- Е, оның жақсы екен. Кел, танысайық, атың кім?

- Менің атым Берік, фамилиям Көпжасаров.

- Сен жақсы бала екенсің. Мә, мороженое алып же.

- Қазақша балмұздақ дейді. Әне, атам келе жатыр. Біреуден ақша алсам, ол ұрсады.


Орынғали аппақ күмістей мұрты едірейген, таяқ ұстаған кісіге сәлем беріп, ескі танысына еркін сөйлей бастады:

- Аға, мына немереңіз Берік жақсы бала екен. Екеуміз танысып алдық. Мороженое деген қазақша балмұздақ көрінеді, біз, ауыл қазақтары, оны қайдан білейік, күнде жемеген соң.

Ақсақал саусағымен мұртын басып, қауқылдап қалды.

- Сен оны айтасың, бұл батыр көп ертек, жұмбақ біледі. Солай де жігітім. Түр-түсіңе, сөзіңе қарағанда, қырдан келген секілдісің білем. Қай жұрағатсың? Ру сұрап тұрғам жоқ, айыпқа бұйырма, шырақ.

- Абай ауылынан.

- Жә, текті жердің баласы екенсің. Онда қолыңды қақпаймын. Ал, Берікжан, ағаң берген ақшаға балмұздақ алсаң ала ғой, біз де жейік, үшеуін әкел, - деді.

Бірақ уақытқа дейін Орынғали ақсақалмен ұзын-сонар әңгіме соғып, ақыры Беріктің бетінен сүйіп, қимағандай болып қоштасып еді.

- Бала-шағаңды сағынатындай уақыт болған жоқ. Саудыраған шал-кемпірдің ортасынан келдің емес пе? Несіне жабыстың бұларға? – дегенімде жауап тез қайтарылмады.

Біресе “Арман” кинотеатрынан шыққандарға, біресе тротуар бойлап жөңкілгендерге мұңды көз тастап, біресе Алатауға қарап, кейде ақырын күрсініп қойып,  Орынғали:

- Алматыға келсем-ақ, осы Абай атамның ескерткіші түбінде бірер сағат болғанды ұнатам. Маған жарықтықтың сүйегі жатқан Жидебайдағы зиратынан гөрі осы ескерткіші әсерлі. Абай пайғамбар жер астында жатып-жатып, бір күні шыдамай жер үстіне шығып, тас мүсінге айналып кеткендей болады да тұрады.


Кеңсайға көтеріліп бара жатқанда, Орынғалидың өңі қуқыл тартып, танауы қусырылып,  бір-екі рет терең күрсініп қойды. Зиратты көп араладық. Белгілі адамдар бейіті тұсында көбірек бөгелеміз. Өзі не есімін білетін, не көрген, не дастарқандас болған өнер адамдары, жазушылар, ғалымдар, әлеумет қайраткерлеріне қойылған ескерткіш, белгіні көргенде Орынғали “Е, осында жатыр екен ғой”, - дейді.

Анда-санда ешкімге керексіз болып қалған, тозған, маңайын арам шөп басқан, белгі тасы құлаған иесіз зираттар кездескенде, көңілің құлазиды, қайғы езе бастайды, құса-мұң торлайды.

Бірнеше рет қаралы шеру өтті. Бейіт жұмысшылары үйреншікті, күнделікті әрекеттерінен айнымай қабір топырағын шығарып жатыр.

Алматы аяқ астында. Жабағы жүн секілденген қалың түтін басқан қала аспаны тұмшаланып жатыр.


- Мынамен қалай дем аласыңдар, бауырым-ау, - деді Орынғали.

- Жалғыз мен емес, миллион халықтың жұтқаны осы ауа, қайт дейсің? Айтпақшы, сынауды кейінгі кезде тіпті көбейтіп жібердіңдер, қашан қоясыңдар соны.

- Менімен ақылдасады деп пе едің?

- Дегенмен тоқтатпай ма?

- Е, ондай айтқан күн туса, той жасар еді халық.

- Сендердің дұшпандарың – шаң, түтін, газ – көзге көрініп тұр, ал біздің жауымыздың – не иісі, не түсі белгісіз, ішкен судан, жеген дәмнен, басқан топырақтан, жұтқан ауадан шыға келе ме, ешкім білмейтін жұмбақ, тілсіз кесепат. Оның аты – радиация деген зілзала дерт. – Орынғали қабағын түйіп, қатты шытынып, тістенгендей болып, әрең тоқтады. Бір үлкен, ерекше маңызды құпияны ашық қойғандай қуыстанып, қиналып жан-жағына қарады.


Қабір қазушылардың үстінен түстік.

- Бір қабір қазғанға қанша аласыңдар? – деді Орынғали.


Кеудесі жүн-жүн, жуан қара жақтырмай алайып қарады, тура жауап бермец, өзі сұрақ қойды:


- Немене, қабір керек пе? Қабір керек болса, айтыңдар. Қашан өліп еді? Жас па, кәрі ме? Рұхсат қағаздарың бар ма? Қай тұстан берді жерді?

- Қанша аласыңдар дедім ғой?

- Онда сенің не шаруаң бар? Табысымызды санайын деп келіп пе едің? Қазатын біз ғой. Келіссең, жақсылап қазып береміз. Біз көрді жаман қазбаймыз. Әзірге біз қазған көрген шығып кеткен адам жоқ, - деп жуан қара сүйкімсіз ыржиып, кеңк-кеңк күліп қойды.

Орынғали алақанына шымшып, топырақ алып, одан кейін насыбай атқан кісіше уқалады да, танауына апарып иіскеді.

- Томырылған май секілді екен. Бір түйір тас жоқ. Қабірге құлап түсіп кетпей ме? – деп төмен қарай үңілді.

Жуан қара өрескел сұрақ қойғандай, алайып, жақтырмай қарады:

- Өлікке май топырағы не, құмы не, тасы не, бәрібір емес пе? Сен өзің осы бейітте бұрын кісі көміп көрмегендей сөйлейсің ғой. Ана дайын қабірді көрдің бе, табаны кірпіштен көмкерілген, сол астаушыға өлікті саламыз, тағы кірпіш қалаймыз, бетіне плита жабамыз. Үстіне топырақ үйеміз. Сонымен бітті.

- Лақат жасамайсыңдар ма?

- Поу! – жуан қара қолыңдағы күрегін лақтырып жіберді. – Ей, сен өзің жындыдан саумысың? Қалай көметінін көргің келсе, әне, ана жерде көміп жатыр, бар, көр. Ана жерде, ана жерде – жан-жақтан бәрін де көміп жатыр. Сенің өзіңді де көміп көруге болады.

Шынында да айналаның бәрінен жылап-сықтаған дауыс естіледі, топ-топ қаралы адам.

- Қағаздарың бар ма? Әкел. Кешке қарай қазып тастаймыз. Таңертең дайын тұрады. Саудаласып қайтеміз, басқалардың бергенін сендер де бересіңдер.  Артық сұрамаймыз.


Жас қабірге еңкейіп қарап тұрған Орынғали қолына бір уыс топырақ алып, “нағыз торқа деген осы болар” деп күбірледі. “Қандай пендеге бұйырған төсек, мәңгілік мекен екенсің”, - деп және қосты.

Сол күні Орынғали неше түрлі мінез көрсетті: Алматыға бірінші рет келген ауыл баласының қылығына басып, Көктөбе, Медеу шығып, Әуезов музейіне барып, Шоқан ескерткішіне айналсоқтап, көшелерді кезіп, оқыс сөздер айтып, аяқ астынан күліп, жоқ жерде көзіне жас алып, ең соңында қоштасуға да шамамды келтірмей, мені түсіріп тастап, өзі такси ішінде, көзінен тарам-тарам жас ағып кетіп бара жатты.

Арада көп уақыт өткен жоқ, Орынғали қайтыс болды. Кейін білдім ғой, онкологиялық ауруханада жатқанын, одан қала аралауға ұрланып шыққанын менен жасырған екен.

 

 

САҒЫНЫШ

 

Салдыр-гүлдір ауыр жүк машинасының кілт тоқтаған даусы естілісімен, үйдегілер шу ете түсті:

- Төлеубек! Төлеубек шофер ғой!

Есікті тарс еткізіп ашып, өне бойы шаң сасып, бензині бұрқырап, кіріп келе жатқан дәу сарыны мен де бірден таныдым. Сол. Соның өзі.


Әкесі соғысқа кетіп оралған жоқ. Шешесі шүйкедей ғана кішкене кісі еді. Шаруасына пысық, тиянақты болатын. Майданға аттанарда күйеуі салып берген, ортасы пешпен бөлінген шағын қоржын үйін жұмыртқаның ұясындай етіп, тап-таза ұстайтын. Іші-сыртын сылайды, аппақ етіп ағартады. Қара қожалақ көп құжыра ортасында бұл бір әдемі арал секілді. Су сеуіп сыпырып, тазалап, үй-айналасында көлденең қылшық қалдырмайды.


Төлеубекті көрмегеніме, ойлап отырсам, отыз бес жылдай уақыт болған екен. Жетінші класты бітіргеннен кейін ол шоферлер курсына түсем деп, Қарағанды жағындағы нағашыларына кеткен. Содан көріп отырғаным осы.


Қояр да қоймай, қолды-аяққа тұрғызбай, зорлағандай етіп алып кетті. Бұл өңірде кездесетін, мәнісін біліп салған, сыңғырлап тұрған алты бөлмелі үйі бар екен, сыртқы қоршауы, ауласы, қора-қопсысы бәрі қала үлгісінде.  Қонақ бөлме – залдағы заттары, жиһазы бәрі жарқырап тұр. Төлеубектің әйелі қаланың қызы екен, кісі күту, дәм әзірлеуі – барлығы тап-тұйнақтай.


Өткен-кеткен айтылды, бала кез еске түсті, көбінесе Төлеубек сөйлеп отырды:

- Қарағандыны көрген шығарсың. Қала деп соны айт, әне. Әсіресе ауылдан барған балаға керемет әсер етеді ғой. Нағашым мені шофер курсына емес, кенші дайындайтын училищеге берді. “Мұны бітірсең, тамағың тоқ болады, келіншек тауып берем, шахтадан үй аласың, шешеңді көшіріп әкелеміз”, - деді. Соның бәрі де болды. Жер астына түстім, ақшаны күреп таптым. Апам ылғи балконға шығып алып, далаға қарайды да отырады. Ол кісі орысша қайдан білсін, ешкіммен сөйлесе алмайды. Ылғи ішқұса болып, тұншығып жүргенінде, ауыл жақтан таныс біреу келсе, жарылып қуанады. Жылы-жұмсақтың бәрі соның аузында, хан күткендей әбігер. Өзі білетін адамдарды, көрші-қолаңды, ауыл-аймақты түгел сұрайды. Басқаны айтпағанда, кімнің сиыры бұзаулады, кімнің биесі құлындады, кім қанша шөп шапты, кім қанша отын түсірді – осының бәрі сұралады. Қонақта да, апамда да түнімен ұйқы жоқ: күбір-күбір әңгіме. Ақырында жолаушының тізгініне оралып, “Жата тұр. Қайда асығасың? Демалып кет”, - дегенді шығарады. Біреу-міреу келіп қала ма деген үмітпен елегізіп, апам есік тықырына, телефон сылдырына құлақ түріп алаңдап отыратын болды.


Оны айтасың, бірте-бірте қала тіршілігі мені де жалықтырды. Жұмыс орның – шахта, жер асты; ылғал, қапырық, көмір, тозаң, шақыр-шұқыр, жер бетіне шықсаң, тағы у-шу, тау-тау үйілген көмір – террикон. Ақшаны күреп таптым дедім ғой, машина алдым, үйді затқа, ағашқа толтырдым. Балалар өсе бастады. Суретім тақтадан түспейтін болды. Бірақ көңіл олқы. Бірте-бірте апамның жер сағынышы, туған топырақты аңсау ауруы маған ауды. Бұл да бір дерт екен. Бұрын шахтаға түскен соң, бәрін ұмытып кетуші едім, енді бәрі жайына қалды. Есіл-дертім, аңсар-ойым – ауыл, туған жер, Қайнар болды да тұрды, - деп Төлеубек басынан кешкен халдерді, тіршілік хикаясын ағыл-тегіл ақтарып отырды.


Совхозға қазір ең сыйлы механиазтордың, маңдай алды шофердің бірі екен. ӨЗі де ішіп, өзгелері де тақымдап ішкізіп отыр. Арақ-шараптың неше түрлісін жәшіктеп алғызып қойыпты. Бұл аудан ішімдікке тиым салып, басқаларға ұран тастап, бір шиша ащы су табу қиындыққа айналғанда, Төлеубек  саспапты. Қарағандыға ескі кенші достарға бір-ақ тартыпты, сөйтіп, керектісін бірнеше машинаға тиеп әкепті, кейін басшылардан сөз естіпті, үйреніп қалған ауыз, кеберсіген кеңірдек қойсын ба, әлі де түнделетіп Қарағандыға тартып кетіп тұратынын жасырмады. Бір сәт Төлеубек арақтың аузын ашып жатып:

- Мені жұрт сыртымнан шофер Төлеубек, кейде ішкіш Төлеубек дейді. Алғашқы балалары өліп қала берген соң, біздің ауыл кейінгілерінің атын Төлеужан, Төлеухан, Төлеубек деп қоя берген ғой, сондай көп Төлеубектің бірі – мені, өзгелерден ажырату үшін әуелде шахтер Төлеубек деуші еді, кейін шофер Төлеубек, қазір ішкіш Төлеубек атандым. Несіне жасырайын, осы ауылда менен көп ішетін ешкім жоқ. Ішуді қашан бастадым? Қарағандыға барғаннан кейін, училищеде оқып жүргенде. Үлкен жігіттер, бәрі солдат болған, көрмегендері жоқ, ылғи қу мүйіз. Инемен тесіп отырып, білегіме оратылған жылан суретін салды. Соларға ерегескенде, тістеніп алдым, көзіме жас келген жоқ. Ішуді де солар үйретті. Мақтанды деме, қанша ішсем, мас болған емеспін. Аса көбейіп кеткенде, неге екенін кім білсін, еңіреп бір жылап алам. Содан кейін қалай қор ете түскенімді өзім де білмеймін. Талай рет қойып кетіп, қайтадан бастадым. Соңғы жылдары күнде ішетін болдым. Арақ ішсең, сәуле ауруына, ракқа жеңдірмейсің деген сөзді малданып жігіттер ғана емес, әйелдер, тіпті кемпір-шалдар да ішетін болды. Бәрінен жан тәтті. Дауасы бар десе топырақ асаудан қашатын түріміз жоқ. Кейінгі кезде бір сұмдығы – рульде келе жатып көзім ілініп кететін болды. Өй, сен тартынба. Алып қой. Ішіп жібер. Арақ тұрған жерде радиация тұрмайды. Арақ бәрін айдап шығарады. Біздің жанымызды сақтап қалып жүрген осы арақ қой. Арекең, Ақмағамбет, Ақаң дейміз, тажалдың дауасы дейміз. Білгішсінген біреулер ішпе дейді. Ішпесек, күнде бұрқырап жарылып жатқан ядролық сынау ауданында тұратын біздер қырылып қалмаймыз ба? Жанымызды сақтап жүрген осы арақ, тажалдың дауасы, - деген Төлеубектің көзінің қиығы қызара бастады.


- Өй, сендер ауылға неге келмейсіңдер осы? Сағыну деген болмай ма сендерде? – деп тиісті.

- Жылына алатының бір айға жетер-жетпес демалыс. Қол тимейді, уақыт жоқ, - деп сылтау айта бастағанымда, Төлеубек тағы сөзді бөліп, ешкімді тыңдамай, қолын сермеп тастап, дүркірей жөнелді.

- Темекі тартып отырып, бұлақ басында шоферлар кейде жоқтан өзгеге дауласамыз. Қызыл кеңірдек боламыз. Бұрынғы өткен анау батыр, қазіргі пәлен мықты біздің ауылдан деп бөскенде көр, сен, бізді: айдарымыздан жел еседі-ау, жел еседі, бөркіміз қара қазандай болады.


Анау Шәкең, генерал, мына Қаратұмсықта туыпты. Бір рет сол кісі келеді деп осы жұрт түгел дүрлікті. Үй сыланды, қора-қопсы жөнделді, көше сыпырылды. Мал дайындап, киіз үй тігіп қойды. Әнші-күйшілерді жинады, сұлу келіншектерді күтушілікке әзірледі. Екі көзіміз төрт болып, жол қарап, қанша күткенімізбен, ол кісі келмеді. Суретін көрдім, осында жиендері тұрады ғой, солардың үйінде бір қабырғаны түгел алып ілулі тұр: шашы тікірейген, ұзын бойлы кісі  екен, нағыз генерал формасында. Неге келмей кетті екен? Әлде денсаулығына қатер болар деп қорықты ма? Генерал қорқа ма екен? Генерал қорықпауға керек еді ғой.


Анау Рекең, министр, Мыржықтың бауырында туыпты ғой. Ой, ол нағыз сабаз екен. Сөз жата ма, біздің жақтан кісі барса, есігін ашып қояды деп еститінбіз. Жас па, кәрі ме – бәрібір. Ауру-сырқау, қаріп-қасерге түгел қол ұшын береді екен. Студенттер бірі етігін, бірі көйлегін, бірі тонын киіп жүре берсе, не әйелі, не өзі қыңқ етпейді. Талай жігіт пен қызды солар аяқтандырыпты. Қойшы, әйтеуір, сыртынан жұрт мақтаған сол кісі ауылға бір рет келгенде, мен оны көрдім. Өзі де дәу-ақ екен, менен ұзын емес, бірақ кеудесі арыстанның кеудесіндей, екі иығына екі кісі мінгендей, балтыры бесіктей, басы қазандай, нағыз шомбал сарының өзі екен. Кісіге қарағанда көзі күлімсіреп сөйлейді. Министр болмаса, не нағыз шахтер, не нағыз шофер болатын ердің өзі ме дедім. Ақмағамбетіңді де сілтеді, бізден қалысқан жоқ. Содан кейін ол да келмей кетті.


Анау Ақаң да, академик, осы Абыралының бауырында туыпты. Мектепте оқыған “Қазақ тілін” жазған сол кісі екен ғой, оны кім білген. Қазір ол кітап менің балаларымның қолында жүр, енді немерелерім содан оқитын шығар. Жарықтық өзі де сексен-тоқсандарға келген шығар. Осындағы қаусаған шалдар: “Ақаң бала кезінен зерек еді. Молданың алдын бірге көріп едік. Қаршадайынан араб, парсы, түркіні біліп, “Құранды” жаттап, шариғатты судай ағызатын. Біз ойын қуғанда, ол ала қағазға үңілді. Сол ала қағазда тапты ғой барлық несібе-дәулетін, абырой-атағын”, - деп отырады. Елуінші жылға дейін жиі келеді екен, қазір сол кісі де туған жерге ат-ізін салмай қойды.


Газеттен оқимыз, телевизордан көреміз, радиодан естиміз: пәленшекең деген ғалым, жазушы, композитор туған жеріне барып кездесу өткізіпті. Сонда мен ойлаймын, біздің мықтылар неге келмейді деп. Күтіп ала алмаймыз ба, құрметке жоқпыз ба? Себеп, мен білсем, басқада шамасы. Жандарынан қорқады бәрі де. Радиация деген тажалдан шошиды. Әйтпесе менің марқұм жаман анам мына тұрған Қарағандыға сыймай, ауылды сағынып, осында бір тығып кеткен көмбе алтынымыз бардай-ақ, қаладағы ыстық су, жайлы үй, дәмді тамақ, ақшасы көп жұмысты тастап, Қайнарға көшіп келгенде, халқымызға тұтқа болған, атақтары жер жарған генерал, министр, академик ағаларымыз туған ауылын  сағынбайды дегенге мен сенбеймін.


Олардың жандары тәтті болсын, ал жаман-жәутік инженер, қаланың қабырғасы қабысқан жатағы, саған не жоқ? Сендер неге келмейсіңдер, ей. Сағынбайсыңдар ма, сағынбай қалай өмір сүруге болады? – деп Төлеубек енді маған жабысты.


Осы кезде қонақ бөлмеге солдат киіміндегі біреу кіріп келді. Сөйтсек, осы үйдің баласы екен. Қолдан домбалдап жасаған ағаш мылтық асынып алыпты, қылышы да бар. Келе сөйлей бастады:

- Көрдіңдер ғой, тағы бәрін қырып салдым. Түк қалдырмай дұшпандарды жағып жібердім. Бәрі күл боп ұшып кетті. Күл! Топырақ! Шаң! Әне, газ, газ! – деп саусағын шошайтып, көзі алайып бір нүктеге қарады да қалды. – Ертең Дегелеңге барып, бомба әкелем. Әй, аға, саған бомба керек пе, айт, қандайы керек? Қызыл? Жасыл? Сары? Ұзын? Қысқа? Неге үндемейсің? – деп менің қасыма жетіп келді де, дастарқаннан алма алып, тағы сөйлей бастады: - Мынау, міне, бомба. Жарып жіберейін бе, бәрің аспанға ұшасың да кетесің. Төсек, кітап, машина, үй, бейіт, тау, бәрі де аспанға ұшады да кетеді, мен де ұшам. Мен де аспанға ұшам. Күл, топырақ, шаң аспанға ұшады. Әне, газ, газ! – деп бала сыртқа жүгіріп шығып кетті.


Төлеубек ауыр күрсінді:

- Менің ұлым. Жасы биыл тура он бесте. Қарағандыдан көшіп келген соң, бір жылдан кейін туды. Атын Қуанышбек қойдық. Рейске өзіммен ылғи бірге алып жүруші едім, далаға, өзен-су жағасына талай қондық. Бесінші класта оқып жүргенде, аяқ астынан ауырды. Ылғи айтатыны соғыс әңгімесі: Қыру, Жою. Мұндай сырқаттар, неге екені белгісіз, көбейіп кетті. Асылып өлуші бар. Біреулер жарылыс, сынақтардың әсері дейді, кім білсін. Құрысын бәрі, отыз бес жылдан кейін әрең кездесіп отырмыз, қане, алып жібер, бұдан кейін жолығамыз ба, жолықпаймыз ба? – деген Төлеубек аздан кейін диванға жатып, қор ете түсті.


Ауылға тағы бір барғанда естідім: Төлеубек ішіп алып, рульде ұйқтап кетіп, ұлы Қуанышбек екеуі жардан құлап опат болыпты.


 

 

Үш аяқты құлын

 

0b02c8662c721ca6905650a5e3e36483.jpg

Бейбіт немерелері аяқ астынан бүлінді:

- Мен ертең сабаққа бармаймын!


Атасы мән берген жоқ, Әжесі:

- Бір жерің ауырып тұр ма, құлыным? Әлде тентек балалар ренжітті ме? Мұғалім ұрысты ма? Мен оларға  көрсетейін зорлық жасағанды! Кәне, қайсысы тиісті, қай жүгірмектің жұдырығы тиді, айтшы соны маған. Құдайдың ұлы болса да мойнын үзіп қолына берейін, - деп безектеді де қалды.


- Ешкім де тиіскен жоқ, - деді Бейбіт нығызданып. Бәрібір мен ертең сабаққа бармаймын. Бармаймын дедім бармаймын.


Әжесі бұрынғыдан бетер күйіп-пісіп, быж-быж етеді:

- Менің қоңырқозымның ақылы көп. Сабақты беске оқиды. Биыл тіл-көзден сақтаса, бастауыш мектеп бітіреді. Есепті қандай шығарады? Кітапты қалай суылдатып жібереді? Жаман балалар ғана себепсіз  оқуынан қалады. Менің балапаным есті, ақылды.


Көзінің астымен атасына бір қарап алған немересі тағы тулады:

- Алдамай-ақ қойыңыз, өтірік мақтағанға көнбеймін. Бармаймын деген соң бармаймын.


Әжесі күлімсіреп:

- Бейбітжанға бүгін бауырсақ пісіріп берем. Қуырдақ қуырам.

- Мені алдамай-ақ қойыңыз. Одан да ана ет жинайтын Сәспенді сыйлап алмайсыз ба?

Енді әжесінің дауысы қатқыл шықты:

- Әкеңдей кісіде не шаруаң бар сенің? О не дегені мұның?

- Сол Сәспеніңізді жек көрем. Келмесін біздің үйге.

- Неге, балам? – деп әжесі қайтадан жуасыды.

- Ол жаман кісі. Үш жыл келіп, үш тайымды да алып кеткен сол Сәспен. Бізді жаяу қалдырды.

Әжесі күліп жіберді:

- Баламысың деген. Шырағым-ау, ол тайларыңды  текке алды дейсің бе, есесіне уыс-уыс ақша ұстатты емес пе?

- Иә, - дейді Бейбіт жақтырмаған раймен. – Ол ақшаны сіздер қаладағы аға мен тәтеге бердіңіздер, “қатарларыңнан кем болмаңдар, ананы ал, мынаны ал, біз тірі тұрғанда ешкімнен қор қылмаймыз” дедіңіздер ғой. Бір тайым – телевизор, бір тайым – мебель, бір тайым – кілем, паласқа айналып кете барды.


Бағанадан үндемей, кемпірі мен немересі арасындағы әңгімеге селқос қана құлақ салып, бір сөзді естісе, бір сөзді естімей отырған атасы кенет мырс етіп күліп жіберді:

- Өй, балам, өзің немене, ағаң мен тәтеңнен ақша қызғанайын дегенсің бе? Сен үйленгенше құдай жазса, олардың да өз қолдары өз ауыздарына жетер. Саған олар да қарайласар. Біздің жақсылығымызды ұмытпас. Жақын адамдар ғой.

- Қарайласпай-ақ қойсын, - деді Бейбіт күшейіп. – Мен жігіт болғанда өзімді өзім асыраймын. Олар секілді екі күннің бірінде Семейден салақтап Қайнарға келіп, біресе ет сұрап, біресе ақша сұрап, сіздердің мазаларыңызды алмаймын.


Атасы мен әжесі бір-бірінің бетіне қарап, түсінісе жымиып, іштей қуана күлімсіреп қалды. Бейбітті жөргегінде бауырларына салып, туған әкесі мен шешесін ескі қазақы дәстүр бойынша “аға, тәте” атандырып, олармен арасын суық ұстауға дағдыландырған өздері. Бүгінде қаладағы көкесі мен шешесі мұның бәсекелес дұшпаны секілді, демалыс кезінде бара қалса, олардың  басқа балаларымен, тіпті өздерімен сиыспай, жауласып, тез ауылға қайтып келеді. Шаһар өміріндегі кейбір жағдайларды, ағасы мен тәтесінің қонақ шақыруын, көршілерімен араласуын  келеке етіп, мазақтағандай сыңай танытады. Бұған атасы мен әжесі мәз болып қуанысады.


Немересі күнде қыңқылдап мазасын алады, ылғи айтатыны Торбиенің құрсағында жүрген, әлі тумаған құлынның әңгімесі. Қыс қатты. Ит-құс көп. Кейбір малдар іш тастап жатыр деген жылқышы Темірбектің сөзін естіп алып, тіпті берекені қашыра берген соң, бір күні таңертең ақсақал атқа қонды да, бір аптадан кейін бетін аяз шалып, өңі қоңырайып, жылқышылардың қара қосынан қазы-қарта жеп, құрткөже ішіп, әңгіме-дүкен құрып, разы көңілмен оралған. Жетегінде есік пен төрдей Торбие. Ұрғашылығынан басқа міні жоқ, талай жүйрік, сәйгүлік тапқан төңірекке белгілі атақты мал.


Жылы қораға кіргізіп, алдына жем-сұлысын, көк шөбін төгіп, мезгілімен суарып, баптап күте бастаған. Бұл әрекет әжесіне ғана жақпаған:

- Атасы-ай, әбден еріккен кісінің шаруасын істейсің. Жылқышы Темірбек айтты емес пе, Торбиенің айғырдан қашан шыққанын. Әзір құлындамайды. Босқа әуре болып несіне алып келдің? Ерке немерең не істе десе, соған көне бересің бе? Ертең аспандағы жұлдызды алып кел дейді, сонда не қылар екенсің, жарықтығым.


Атасы көп ашуланбайтын, аузы ауыр кісі. Әрең сөз қайырады:

- Бейбітжанның малсақтығы, жылқықұмарлығы жақсы. Әсіресе жүйрік ат дегенде ішкен асын жерге қойып, аузын ашып әңгіме тыңдауға бар. Құдай бұйыртып, нәсіп жазса, бұл жолы Торбие еркек құлын, жүйрік сәйгүлік табар білем. Күтімді болғаны артық емес, бәйбіше. Саспа, басқа шаруаларыңды да бітіріп жатырмыз ғой. Несіне тарыласың, тарылма, бәйбіше!


Бейбіт мінезінде жаңа бір өзгеріс пайда болды. Мектептен қайтқан соң, апыл-ғұпыл тамағын ішіп алып, сабағын тез оқып бітіреді де, мал қораға жүгіреді. Бар аңсары, есіл дерті Торбиеге ауған. Алғашқыда кебеже қарын жануарға онша жақындамай, қорқақтап сескеніп тұрса да, кейін бойы үйренген соң, жалдан сипап, сауырдан қағатын болды, тіпті кекілін тарақтап та қояды. Атасының қас-қабағынан танып, лыпып, зыр жүгіріп,  қолқабыс етеді, сағдар тазалау, су әкелу, жем беру – мұның бәріне Бейбіт бапандай.


Ниетіне қарай құдай тілеулерін беріп, осы жолы Торбие еркек құлын туып, немересі тақымына басып жүретін сәйгүлік  әкелсе екен.

- Ата, - деді Бейбіт, - біздің Абыралы өңірінде тағы қандай атақты жүйрік аттар шыққан дедіңіз?

- Талай айттым ғой, қарашығым. Арынғазының Кержайдағы, Құсайынның Көкқасқасы, бәйгеде шауып келе жатып, дұшпанның қастандығынан мерт болған Манайдың Сарыала аты туралы ұзақ өлең бар еді, есімде бір ауызы қалыпты, нобайы былай секілді:

Дариға-ай, жатыр сұлап сал Сарала,

Қазаға тура келген бар ма шара,

Арқада желдей ескен жануарым,

Қалды ғой бас, сирағың  қу далада.

Бұл көп өлең. Ар жағын ұмыттың. Тағы қайсысы еді? Иә,  айтпақшы, Сылдырбай, Сәттің Қарааттары. Бұлар ағайынды екі кісінің малы. Үлкен Қараат. Кіші Қараат – аузымен құс тістеген сәйгүлікті ат.

Немересі бір нәрсені ойына түсіре алмаған қиналысты кейіпте:

- Олар емес, ана бір батырдың аты туралы қызық әңгіме айтып едіңіз ғой, - деді.

- Е, құлыным-ау, Бигелді батырдың Сумаңкөгі туралы ма?

- Иә, иә. Сол, сол туралы.

Атасы тамағын бір қырнап алып,  сөзін сабақтады:

- Рас, өтірігін кім  білсін, шырағым, біздің өзіміз аталарымыздан естіген хикая, аңыз.


Есте жоқ ескі заманда біздің бабаларымыз солтүстігі Семейтау. Көкен, сұңқар оңтүстігі Тұлпар, Мейізек, батысы Балқан, Қарқаралы, шығысы Шыңғыстау аралығындағы Дегелең, Мыржық, Абыралы, Жалаулы, Жалғызтау, Тайлан, Шөладыр, Самай, Шаған, Ащысу, Тасбасқан, Саржал өңірлерін жайлап, қора-қора қой,  үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе айдап, сапырып қымыз ішіп, кертіп қазы шайнап, жүйрік ат мініп, қоңыраулы найза көтеріп, ақшаңқан киіз үй тігіп, қаздай қалқып көшіп жүріпті ғой, шырағым. Бошан, Қамбар, Жалықпас, Жүгіней, Қыдыралы, Есбалақ сынды қаһарынан дұшпаны қалтыраған, не бір жүрегінің түгі бар арыстандай ақырған батырлар өтіпті деседі. Солар қатарлы еліне қамқор, пана, ық, жауына сес, селебе болған Бигелдідей батыр өмір сүрген. Сумаңкөк  деген тұлпары жылқы баласын алдына түсіріп көрмеген. Бір жолы ауылдары Дегелең құшағындағы қыстаудан төменгі бауыр елге, жайлауға – Тұлпар тауының етегіне көшіп кетіп, қонып жатады. Батырдың бәйбішесі аяқ астынан қыстауда ұмыт қалған Бигелдінің ақберен сауыты есіне түсіп, бармағын шайнап, өкініштен күйіп кетіп, жылап жібереді. Сонда батыр Тұлпар тауының басына шықса, Дегелең тауында жарқырап жатқан өзінің торкөз сауытын көріп, “бәйбіше, шайыңды қайната бер” деп Сумаңкөкке қамшы басқан, үйлер тігіліп, ет пісіп болғанша, сауытын киіп, қайтып келген екен деседі. Тұлпары тұлпар-ақ емес пе, шіркіннің. Ой, сабазың, заулатқан-ақ жер апшысын қуырып.


- Ата, сонда барған-қайтқаны қанша километр? – деді Бейбіт аузын ашып.

Атасы сылқ-сылқ күліп:

- Ол кезде километр-силометрді  білмейді, шырағым, сірә, екі жүз шақырымдай болып қалар, - деді.  – Тұлпар деген жай жылқы емес, еті қызғанда қанат пайда болатын асыл текті арғымақ қой, құлыным.


Бұрынғы бұрынғы ма, көктемгі демалыс кезінде Бейбіт мал қорадан шықпай, Торбиенің жанынан бір елі ажырамай  қалды. Ғажайып бір оқиға күткендей түрі бар, әсіресе атасының мазасын алып, “бие неше рет құлындайды, жылқы қанша жасайды, жүйрік болудың себебі не – деген секілді сан алуан сұрақ жаудырып, көбінесе “ат қанша жасай алады, бәйгеге қанша жылқы қосылуы мүмкін, ең көп дегенде қанша жылдамдықпен шабады” деп, атасын әбден мезі етіп, кейде жалықтырып жібергенде, еститін жауабы: “шырағым, бұл жағын мен дәл айта алмаймын, мұғалімнен сұрасаңшы”.


Атасы есебінен шатасты ма, кім білсін, соңғы бірер күндегі Торбиенің көзі, қабағы, жүріс-тұрысы ұнамай тұрғанын бәйбішесіне  айтып еді, ол да қауіп ойлап жүргенін сездірді. Осы қалай болып кетер екен деп алаңдағанын байқаған немересі:

- Ата, Торбие көкектің аяғы, мамырдың ішінде құлындайды дегенің қайда? – деп салды.

- Солай мөлшерлеп едім, қарашығым, шатастым білем. Сірә, мені құдай қателестірмесе, сенің бәйге құлының бүгін-ертең жарық дүниеге келіп қалар. Мына жарықтықтың көзі соны айтып тұрған секілді. Сондықтан бүгін қораны жақсылап тазалаймыз, сағдарды, ескі шөпті шығарамыз, қыл-қыбыр, тезек дегеннен түк қалдырмаймыз. Қазір Торбиені сен аулаға шығарасың, мен астаудың ішіне жаңадан сұлы салайын, әкел ана ат дорбаны. Менің бірдеңе білетінім рас болса, ертеңдер құлыныңның жалын тарарсың, балам.


Күні бойы атасының қасында қимылдап жүрген Бейбіт кешкі астан кейін танауы пысылдап ұйықтап етті. Кенет атасының құлағына мал қора жақтан қолайсыздау дыбыс естілді. Орнынан асығыс тұрып, дереу электр шамын жағып кеп жібергенде, Торбиенің бауырындағы тыпырлап-жатқан құлынның жонарқасы сап-сары алтындай боп жарқырап көрінді. Атасы күбірлеп:

- Е, құдай, Бейбітімнің тілегі орындалып, еркек құлын туғай, - деп ұмтыла бергенде, әжесі табанымен от басып алғандай, шошып, айқайлап жіберді:

- Ойбай, не пәлекет, мынау не мақұлық? – деп қалды. –Атасы-ау, шыққыр көзім не көріп тұр? Сен әлі байқаған жоқсың ба, Торбиенің тапқаны құлын емес, бір масқара мақұлық қой, ойбай-ау!


Атасы тіксініп, аяқ астынан айдаһар көргендей, өне-бойы  суынып, түсі бұзылып, басынан біреу шоқпармен салып қалғандай мең-зең болып, тұрды да қалды.

Қанша күндер бойы үмітпен күткен, немересінің еншісіне беріп, бағып-қағып, үкілеп, түбі – бәйгеге қосам деп дәметкен, текті тұқым Торбиенің нәсілінен жүйрік шығады деп арман  еткен еркек құлынның орнына қос құлақтың бармақ басындай ғана нобайы бар, қисық көз, бұзау бастанған, бітеу мойын мақұлық тыпырлап жатыр. Енді аңғарды: алдыңғы екі аяқ қосылып бітеу біткен, туа салып жүріп кететін, төрт аяғы қалт-қалт еткен құлыншақтың орнында үш аяқты, тарбиған ойқы-шойқы бірдеңе жыбыр-жыбыр етеді. Мұндай пәлені кім естіп, кім көрген! Сұмдық-ай!


- Атасы-ау, шаңырағымызға келейін деп тұрған бір пәлекеттің белгісі ме, мынау. Енді қайттык? О, сұмдық-ай! О, алла-ай! Ел-жұртқа не бетімізбен қараймыз. Есіл, Торбие, мына мақұлықты құлын деп қалай тауып тұрсың, қайран, жануарым, сен де аздың ба? Жер азды ма? Су азды ма? Адам азды ма? Не болды? Қайдасың, Қамбар ием, неге  көрмейсің мына пәлені? Қайдасың, аруақтар, атыңдар зілзала кесепатты! – деп әжесі кісі өлгендей дауыстап жылады.


Түнімен ұйқы болған жоқ. Туысқандарының қарулы-қарулы деген төрт-бес жігіті шақыртылып, олар апыл-ғұпыл қимылдап, құлын орнына туған үш аяқты мақұлықтың көзін құртып, терең қазып, жерге көмді. Сол түні талай жүйрік, не бір сәйгүлік тапқан атақты Торбие сойылды. Осы әрекеттердің ішінде болған ағайынды адамдар бұл оқиғаны тістен шығараймыз деп анттасты, өздері қылмыс жасағандай, орасан сұмдық іс еткендей қысылып, бір-бірінің бетіне қарай алмай, үндеспей тарасты. Тек іштеріндегі ең жасы “жылқы полигонға тым жақын жерде жатыр, соның кесепаты” дегенде, үлкендері “ойбай,  полигонды қайтесің, пәленшекенің  малының ішінен осындай мақұлық шығыпты деген жаманатымыз тарап кетпесін, дыбысыңды шығарма” деп басу айтты. Басқалары да тынып тұрмай, сыбырлап “мұндай пәле малдан ғана шықса бірсәрі, масқара болғанда неше түрлі жарымжан, мүгедек сәбилер де туып жатыр ғой. Шетінеп кетсе, кетті, әйтпесе өмірбақи өзіне де, ата-анасына да арылмас бейнет, айықпас сор. Әй, соның бәрі іргедегі кесепат. Қырық жыл бойы жарылып жатқан бомбаның зардабы. Біз асарымызды асап, жасарымызды жасадық. Бүгінгі ұрпақ, ертеңгі нәсіліңді не қиямет тосып тұр десеңізші. Табиғат ана құлын орнына үш аяқты мақұлық жаратып, әлдене зобалаң, қатерден хабар, белгі беріп, ишарат жасап, ескерткені ме, кім білсін. Әлде маған жасаған зорлығыңды тыймасаң, сенің өзіңнің де ертеңің осы дегені ме? Бұл пәлені әйтеуір ешкімге айта көрмеңдер, біздің әулеттің қотанынан мұндай сұмдық шыққан жоқ!” десіп барып әбден шаршап, таң алдында тарқасқан.


Атасы мен әжесі де бір түннің ішінде тозақ отына түскендей, көздері шүңірейіп, өңдері қуқылданып, біруыс болып шөгіп қалып  еді. Қылмыс жасаған құныкер секілді бүгіліп кеткен.


Бейбіт таңертең тұра салысымен күндегі әдетінше мал қораға барса, Торбие жоқ, ауланы, маңайды қарап таба алмаған соң, үйге жыламсырап кірген:

- Ата! Әже! Торбие жоқ.

- Е, қайда кетті дейсің, жүрген шығар төңіректе. Аяқты мал жайыла береді, - деді әжесі.

- Сол жарықтықты Дегелеңнің сыртындағы қысқы тебіннен бекер әкелген екенмін. Бұл жылқы деген жануар өзге малдай қораға қамағанға шыдамайды, үнемі еркіндік аңсайды. Ақ қар, көк мұз, таза ауаны сағынып, теуіп жейтін шөпті іздеп, өз үйіріне тартып берді ме екен? – деп қосты атасы.

- Бүгін-ертең құлындайды, желіндеп тұр деп едіңіз ғой. Далада туса, құлыны өліп  қалмай ма? Іздемейміз бе?

- Мың жылдар бойы қазақ жылқысы қорада емес, далада, боранда-ақ құлындап жатты ғой. Басқа пәле-жаладан сақтасын, - деп күрсінді атасы. – Торбие қайда кетер дейсің, түбі бір табылар. Ол табылмаса, мал құрып қалды дейсің бе, дүкенге тағы велосипед түсіпті түсіпті, жүр, сатып алып берейін. Құлын-құлын деп өлетін болдың ғой, балапаным. Әлде мотоцикл алып берейін бе? Әжесі, ақша берші. Қай бала бүгінде құлынтай мініп жүр, құлыны құрсын! – деген кезде атасының иегі кемсеңдеп кетті. 




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар