Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ерболат Баятұлы: Кітабымды он оқырман оқыса да, бек разымын!

22.12.2015 316

Ерболат Баятұлы: Кітабымды он оқырман оқыса да, бек разымын!


ереке.jpg


Жуырда белгілі журналист, ақын Ерболат Баятұлының «Уақыт белдеуі» атты жыр жинағы «Қазғұрт» баспасынан жарыққа шыққан болатын. Кітаптың тұсаукесері Алматыда өтеді дегенді естіп, «Әдебиет порталы» ақынды қуанышымен құттықтап, шағын сұхбат алған еді. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.


- Аға, жарыққа шығып, оқырмандарына бет алған кітабыңыз құтты болсын! Біздің білуімізгше бұл сіздің екінші кітабыңыз. Қандай тақырыптағы өлеңдеріңіз енді?


- Иә, бұл менің екінші жыр жинағым. 2008 жылы «Түсіме тау кіреді» атты алғашқы жыр жинағым Көкшетауда жарық көрген болатын. Ертерек қалам ұстағаныммен жалпы поэзияға кештеу келген адаммын. Оның объективті де, субъективті де себептері жоқ емес. Осы «Уақыт белдеуі» жыр жинағыма соңғы бір жарым жылда жазылған өлең-жырларым және бір поэмам енгізілген. Өлеңдердің негізгі тақырыбы - адам, қоғам, заман, табиғат және мәңгіліктің мазасыз сұрақтары. Қысқасы осы ғұмырда көрген, сезген, түйсінген өмір құбылыстары мен заңдылықтарына деген менің көзқарасым, ой түйіндерім, өзіндік бағам.


- Жалпы, Уақыт деген ұғым өте терең ғой. Бұл кітаптың сол тылсыммен байланыстырылуы да тегін емес шығар?


- Әрин Уақыт - өте күрделі философиялық, теологиялық категория. Кім де болса, Ұлы уақытқа тәуелді, соның шеңберінің ішінде. Сартрдың былай дегені бар: «Біз өзімізді ұстап алу үшін жібереміз және ұстап алып тағы да ұмтыламыз». Расында, адам бір белдеуден екіншісіне өтіп отырады. Ол бір жағынан кеңістік. Адамның ғұмыры да, бақилық тұрағы да осыған саяды. Осы жинақта «Уақыт белдеуі немесе әкемнің сағаты» деген өлең де бар. Сол да себеп болған шығар...


- 24 желтоқсанда кітаптың тұсаукесері өтеді екен. Сол іс-шара туралы кеңірек айта кетсеңіз...


к3тап.jpg

- Алматыдағы Ұлттық кітапханада 24 желтоқсанда сағат 11.00-де тұсаукесер рәсімі өтеді деп күтілуде. Осы шараның мұрындығы болып жүрген досым, ақын Темірғали Көпбаев екендігін айта кету жөн шығар. Тұсаукесер кешіне Алматыдағы елімізге танымал ақын- жазушылар, ғалымдар, актерлар, дос- жарандар, менің оқырмандарым шақырылды.


- Кешке Қазақ әдебиетінің алдыңғы буын ағаларынан кімдер қатысады?


- Осы кештің құрметті қонағы ретінде Алаштың аты мәшһүр ақындары Исраил Сапарбай, Жәркен Бөдеш қатарлы жақсы көретін ағаларым төрден орын алмақ. Сондай-ақ, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының және өзім оқыған Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-нің ғалымдары қатысып, әдебиет жайында ойларын қозғамақ.


- Тағы да басқа қалаларда әдеби кешіңізді ұйымдастыруды жоспарлаған жоқсыз ба?


- Ондай ой да жоқ емес. Алдағы таяу уақытта «Тағылымды сөз» атты көркем- публицистикалық кітабым жарық көре ме деп отырмын. Ол да бар. Ал, жалпы уақыт, мүмкіндік болып жатса Астанада, Көкшетауда әдеби кеш өткізбек ой жоқ емес. Оны уақыт көрсетеді.


- Кітап қанша данамен шықты? Оны қайдан сатып алуға болады? Оқырмандарды осы сұрақ та мазалайтын болуы мүмкін...


- Мына заманда өз қаражатыңмен кітап шығару да аса абыройлы, оңай шаруа емес. Бірақ түрлі- түрлі кітаптардың шығып жатқанын білесіздер. Талғау да, таңдау да әр түрлі. Ақшалының заманы. «Қазғұрт» баспасынан 1000 данамен шығардық. Құдай абырой берсе, осы да жетер деп. Ал, сатылым, оны өткізу туралы әлі ойламаппын. Қалай болғанда да ойлы оқырманға жол тартып жатса болды ғой. Онан кейінгі тағдыры патша көңілді оқырманның қолында. Оған мен әзір ештеме айта алмаймын. Он оқырман тұщынып оқып, разы болса, оған мен де бек разымын! «Әдебиет портолына» рахметімді айтамын және әдебиет майданында жеңістер тілеймін!


- Рахмет, аға! Қаламыңыз мұқалмасын!


Сұхбаттасқан Әбу-Асқар Мекешұлы.

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар