Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Василий Шукшиннің әңгімелері

18.12.2015 84

Василий Шукшиннің әңгімелері



ӘПЕНДІ


Әйелі оны - Әпенді дейтін. Әрекідік еркелетіп.

Әпендінің бойында, қалайда бірнәрсеге ұрынбаса жүре алмайтын ерекше бір қасиет бар. Осыдан талай таяқ жеп, зәрезап болса да әйтеуір, тағы бір ұсақ-түйек, кісі жанын ауыртатын кілтипандарға ұрынып жатқаны. Мына жағдай оның бір сапарының ұсқыны. Демалыс алды да жиырма жыл көріспеген, Оралдағы ағасына барып қайтуды ұйғарды.


- Жылпың балыққа ұқсайтын алдамшы жылтырағым қайда?! – деп Әпенді кілет жақтан айғай салды.

- Е, мен қайдан білем?

- Түгелімен осында жатқан! – деп Әпенді таза көк аспандай түйме көздерін қатулана ойнатып, сұстанған сұр танытты.

- Бәрі осында, ал оны жер жұтқан ба.

- Битүрге ұқсайтын ба?

- Иә, шортанға арналған.

- Мен оны байқамай, қуырып қойған шығармын.


Әпенді сәл-пәл үнсіз қалды.


- Иә, сонда қалай?

- Қалайы несі?

- Дәмді ме екен? Ха-ха-ха!.. – Ол біреуді мұқатып сөйлеуге мүлдем шорқақ еді, бірақ: – Тістерің аман ба? Ол дүрәлумен емес пе!.. – деді тілінің ащылығына айызын қандырғысы келіп.


...Түн ортасына таман әрең жиналып болды.

Таңертең елең-алаңда шабадан ұстаған Әпенді талтаңдап көшеде келе жатты. Қайда жол тарттың деп сұраған жұртқа: - Оралға тарттым! Оралға! – деп қояды. – Аз-маз сергіп қайтуға! – Оның тана көздері мен былшиыңқы, қалың бетінен ештеңеден сескенбейтін, алыс жолдан да қаймықпайтын асау ұмтылыс ұшқындайды. – Оралға тарттым! Десе де әлі Орал қайда, бұл қайда еді. Сонымен ол аудандағы билет алып, поезға отыратын қалашыққа ат көлігі аман жетті. Біршама бос уақыт бар еді. Әпенді жиендеріне кәмпит, прәндік сияқты тәттілерді сатып алуды ұйғарды. Азық-түлік дүкеніне кіріп, кезекке тұрды. Бұның алдында қалпақ киген ер адам, ал қалпақтының алдында ернін шимандай бояған толық әйел тұрды. Әйел қалпақтыға үстемелетіп сөйлеп жатыр:


- Ойлаңызшы, осыншалық дөрекі, көргенсіз болуға бола ма! Ол ұмытшақ, жарайды, оның ұмытшақ болғанына аттай жеті жыл болды ғой, бірақ ешкім оған зейнетке шық деп қолқа салған емес. Ал мынау ұжым басшылығына күні кеше ғана келіп, төр менікі дегендей: «Александр Семеныч, мүмкін сіздің зейнетке шыққаныңыз орынды болар?» дейді. Бет-сіз не-ме! Қалпақты оны қоштап қояды.


- Иә, иә... Олар қазір осындай. Ұмытшақтық та тұрған не бар. Сумбатович ше?.. Ол да соңғы кезде сөзден жаңыла бастады. Анау әлгі, кім еді?.. Әпенді қаланың адамдарын пір тұтатын. Әрине барлығын емес, сатушылары мен бұзықтарын суқаны сүймейтін. Олардан сескенетін. Оның кезегі жетті. Үш тал шоколад және кәмпит пен прәндік сатып алды. Шабаданына жайғастырмақшы болып, ысырылып шықты. Еденге қойып ашты да сала бастады. Сөрені жағалай кезекте тұрған қалың аяқ арасынан бір нәрсені көзі шалып қалды, елу сомдық қағаз. Өзімен-өзі, әлдеқандай боп жатқан көгерген немені ешкім байқар емес. Қуаныштан Әпендінің тұла-бойы қалшылдап, көздері отша жанды. Кезекте тұрғандарға осы көк қағазды қалай күлкілі етіп, аса тапқырлықпен жария ету жолын жедел ойластыра бастады.


- Азаматтар, тұрмыстарыңыз жаман емес екен! – деді ол көтеріңкі, көңілді дауыспен.


Оған жаппай қарады.

- Мысалы, біз жақта бұндай сытырлақты аяққа таптай бермейді.

Тұрған жұрт алаңдай бастады. Бұл жай ғана үштік не бестік емес, бақандай елу сомдық, жарты ай бел жазбастан жұмыс жасау керек. Аяқ-асты иесі де табыла қалмады.

«Неде болса, қалпақ кигендікі шығар» - деп шешті Әпенді іштей. Сөйтіп ақшаны сөренің үстіндегі көрнекті жерге қоюды ұйғарды.

- Қазір жоғын іздеп біреу жететін шығар, - деді сатушы.


Әпенді дүкеннен танауы көкті сүзіп шықты. Осылай қисынды да қызықты қиыстыра салғанын қайта-қайта сүйсіне есіне алды: «Мысалы, біз жақта бұндай сытырлақты аяққа таптай бермейді!» Кенет тұла-бойын жалын шарпып өткендей болды: жинақ кассасында оған жиырма бес сомдық пен жаңағыдай көк қағазды ұстатқаны ойына түсті. Жиырма бес сомдықты ол жаңа саудаға салды. Ал елу сомдық қалтасында болуы тиіс. Қалталарын ары ақтарды, бері ақтарды – жоқ.

- Әлгі менің көк қағазым екен-ау, қап! – деп Әпенді баж ете қалды,

Енеңді ұрайын!.. Менің сытырлағым ғой - ол.


Бұл қасіреттен жүрек тұсы шымырлап кетті. Бастапқы ниеті қайта барып айту еді: «Азаматтар, бұл менің көк қағазым. Жинақ кассасынан екі сытырлақ алғанмын – біреуі жиырма бес сомдық, ал келесісі елулік еді. Бірінші, жиырма бес сомдығына жаңа сауда жасадым, ал екіншісіне тиіскем жоқ». Ол өзінің осындай мәлімдемесімен жұрттың берекесін кетіретінін көз алдына елестетіп және көпшілігі: «Әрине, иесі табылмаған соң, қалтасына басқысы келген ғой» – деп ойлар деді. Сол оңбаған көк қағазға созылған қолын тежеуге әлі жетпестей көрінді. Бермеуі де мүмкін-ау.


- Япырай, менің жаратылысым неғып осындай болды екен? – деп өзімен-өзі сөйлескен Әпендінің қабырғасы қайысты. – Енді қайттім?..


Үйіне қайта оралуға тура келді. Дүкенге таяп, көк қағазға анадайдан болса да бір көз тастағысы келіп, кіре берісте біраз тұрды... Кіре алмады. Жаны мүлдем күйзелетіндей көрінді. Мүмкін жүрегі де шыдамас. Автобус ішінде: әйелінің алдында ақталар сәтке күш-қайрат жинап, өзімен-өзі ұрсысып келе жатты. Кінәжкесінен тағы елу сомдықты шегерді. Бұның түкке тұрғысыз екендігін әйелі миына тағы құйып, (әйелі оның басынан ожаумен бір-екі рет салып та өтті) содан қайғы жұтқан Әпенді пойызда келе жатты. Бірте-бірте ол уайым да сейіле бастады. Терезеден орман, алаңқайлар мен ауылдардың сұлбалары қалықтап, өтіп жатыр... Бірі кіріп, бірі шығып жатқан ығы-жығы ел, шертіліп жатқан әрқилы әңгіме-дүкен. Тамбурда шылым шегіп тұрғанда бір зиялы көрінген жолдасқа Әпенді де бір оқиғасын айтып берді.


- Біздің көрші ауылдағы бір нақұрыс бар ғой... Оттың шаласын ұстап алып – шешесінің соңынан түсті. Мас. Шешесі қашып жүріп дауыстайды. «Ұлым қолыңды күйдіріп алма, қолыңды деп айғайлайды!» Оған жаны ашып жүр де... Ал тіреліп алған ана неме онан сайын өршеленеді. Анасына қарай. Осындай дөрекі және көргенсіз болу көңілге сия ма...


- Өзіңіз қиыстырдыңыз ба? – деп қатқыл сұрады зиялы жолдас, Әпендіге көзілдірігінің үстінен қарап.


- Неғып? – деп, ол ұқпады. - Өзеннің арғы бетінде Раменское деген ауыл бар... Зиялы жолдас терезеге теріс айналды да ары үнсіз қалды. Пойыздан соң, Әпенді жергілікті ұшақпен бір жарым сағат ұшуы тиіс-тін. Ертеректе бір қабат ұшқаны бар. Баяғыда. Ұшаққа жүрексіне отыратын-ды. «Шынымен бір жарым сағатта бірде-бір тетігі істен шықпауы мүмкін емес қой!» - деп ойлайтын. Біраздан соң еті үйреніп, өжетсінді. Қасындағы газет оқып отырған кісіні сөзге тартпақ болып еді, анау тірі адаммен сұбхаттасқанның орнына газетке шұқиғанды қалап, бұны тыңдағысы келмеді. Әпендінің білгісі келгені: естуінше ұшақта тамақ береді. Әлденеге әкелетін түрлері көрінбейді. Ұшақта тамақтанғанды таңсық көріп, сілекейі шұбырды. «Өздері жымқырған ғой», - деп ұйғарды ол Төменге көз салды. Астыда шуда-шуда бұлтар. Әпенді бұның әдемі яки әдемі еместігін ажырата алмады әлденеге. Төңірегіндегілердің барлығы: «Ах, қандай ғажап!» деп тамсанып жатты. Оның бойын оқыс бір ақымақтық қалау баурап, мына бұлттарға мақтаға секіргендей құлай кеткісі келді. Сосын тағы ойлады. «Мен неге осы таң қалмаймын? Менің астымда кемінде бес шақырым жатқан жоқ па». Осы жерге дейінгі бес шақырымды ойша көз алдына елестетіп, оны тігінен қойып көріп таңырқағысы келіп еді, таңырқай алмады.


- Әй адамдардар-ай!.. Ойлап тапты ғой, - деді ол көршісіне. Анау бұған мойнын бұрды да ләм-мим деместен газетімен қайта алысып кетті.


- Белдіктеріңізді тағыңыздар! – деді әдеміше келген жас келіншек. 


– Қонуға бет алдық. Әпенді айтқанды орындап, белдігін тақты. Ал көршісінің қаперіне кірер емес. Әпенді оны ақырын ғана түртті.


- Белдік тақсын деп жатыр.


- Ештеңе емес, - деп көршісі газетін былай тастады да орындығына шалқайып, әлденені есіне түсіргендей: - Бала – өмірдің гүлі, оларды салғанда бастарын теріс айналдырып қадау керек.


- Сонда қалай? – деп Әпенді түсінбеді. Оқымысты қарқылдап күлді де ары томаға тұйық қалды.


Күрт төмен құлдилай бастады. Әне, жерге дейін қол созым ғана, апшысы қуырылып кері зырылдауда. Солқ етер түрі жоқ. Кейін, көзі ашық адамдар үшқыш «мүлт» кетті деп жатты. Ақырында солқ ете түсті де елді жан-жаққа шашты, тістер соғылып, шықырлағаны естілді. Бұл - әлгі газет ұстаған оқымысты еді, орнынан ұшып жалтыр баспен Әпендіні сүзіп, одан терезеге соғылып, аяғында еденнен бірақ шыққан. Ол осы аралықта қыңқ еткен дыбыс шығармады. Айналадағының бәрі де тым-тырыс – бұл Әпендіні қатты таңырқатты. Ол да үнсіз. Түрегеле бастады. Алғашқы естерін жинағандар терезеге қарап, ұшақтың картоп алаңында тұрғанын аңғарды. Өз кәбеңкесінен қабағы қарс түйілген ұшқыш шығып, сыртқа бет алды. Одан біреу жайлап сұрап жатты.


- Біз картоп алаңына қонған сияқтымыз ба?


- Не, көрмей тұрсыз ба, - деп жауап берді ұшқыш.


Қорқыныштары сейіліп, ішіндегі қуақылары қалжыңға ерік берді.


Жалтыр бас оқымысты жасанды жағын іздеп әлек. Әпенді де белдігін ағытып, іздесуге кірісті.


- Мынау ма?! – деп ол қуанып кетті. Анаған ұстатты. Оқымыстының жалтырына дейін басы қызара жөнелді.


- Қолмен ұстамаса болмас па еді? – деп анау сақаулана баж етті.


Әпенді сасып қалды.


- Енді немен?..


- Қайдан ыстық су тауып қайнатам енді?! Қайдан?!


Әпенді оны қайдан білсін.


- Менімен бірге жүріңіз? – деп ұсыныс жасады ол. – Осында менің бауырым тұрады. Мен микроб жұқтырды деп қауіптенген шығарсыз? Менде ондай жоқ...


Оқымысты оған таңдана қарады да қақсауын тоқтатты.


Аэропортан әпенді әйеліне жеделхат жазды: «Жерге қондық. Жұпаргүлдің бұтағы кеудеме құлап тұр, айналайын Грушам мені ұмытпағын. Васяжаның».


Сырықтай арық, қатқыл мінезді телеграфшы әйел жеделхатты оқып шығып: - Сіз үлкен адамсыз ғой, бала бақша жасынан кеткен. Басқаша жазыңыз. – деді.


- Неге? – деді Әпенді. – Мен оған хат жазған сайын осылай жазам. Ол менің әйелім ғой!.. Сіз басқаша ойлап қалған сияқтысыз...


- Хатқа не жазсаңыз оны жазыңыз, ал жеделхат – байланыс түрі. Бұл ашық мәтін.


Әпенді қайта толтырды. «Жерге қондық. Бәрі ойдағыдай. Васяжаның». Телеграфшы әйел «Жерге қондық» пен «Васяжаның» деген екі сөзді өзі өзгертті. Енді: «Жеттім. Василий» болды.


- «Жерге қондық». Сіз не ғарышкерсіз бе?


- Жарайды. Солай-ақ болсын – деді Әпенді.


... Әпенді Дмитрий деген ағасы мен үш жиенінің бар екенін біледі... Ал, жеңгесі бар екендігі туралы ойланбады да. Ол оны ешқашан да көрмеген еді. Осы жеңгесінің кесірінен бүткім демалысы зая кетті. Ол Әпендіні көрген сәттен кірпідей жиырылды.


Кешкісін ағасы екеуі сілтеп алды да Әпенді дауысын дірілдетіп: Тополя-я-я. – деп әнге басты.


Жеңгесі, Софья Ивановна басқа бөлмеден шығып, ашулана: - Аттандамаса болмай ма? Вокзалда отырған жоқсыңдар ғой, рас па? – деді де есігін тарс жапты.


Ағасы Дмитрий қатты ыңғасызданды.


- Анау... анда балалар ұйықтап жатыр. Тегі ол жақсы адам.


Тағы біраз ішті. Жастық шақтарын, әке-шешесін еске алды.


- Есіңдеме? – деп ағасы Дмитрий көңілдене сұрайды. – Қайдам, сенің қайбір есіңде болсын! Емшекте едің ғой. Мені саған қарауға қалдырып кететін-ді, сені шопылдатып сүюші ем кеп. Бір жолы сен тұншыққандай көгеріп қалдың. Сол үшін таяқ та жедім. Сонон соң қалдырмайтын болды. Бәрібір, теріс қарап кетсе болды, сенің қасыңнан бір-ақ шығам да тағы сүюге кірісем. Сайтан білсін, бұның нендей қылық екенін. Өзімнің маңқам тіземе дейін салбырап жүр, бірақ...бар ғой... аузымды сүюге ала жүгірем...


- Есіңдеме?! – деп Әпенді де бірдеңені еске түсірді. – Мені қалай...


- Дабыраны қоясыңдар ма? – деді жүйкелеген Софья Ивановна мүлдем ашуға булығып. – Кімге таңсық сендердің қайдағы маңқаларың мен сүюлерің? Сырласқан түрлерін.


- Жүр сыртқа шығайық, - деді Әпенді. Ауладағы орындыққа жайғасты.


- Есіңдеме? – деп қайта жалғастырды Әпенді. Бірақ ағасы Дмитрийдің көңіл-күйі бұзылып, қос тізесін жұдырығымен төбелеп, жылап қоя берді.


- Осы менің өмірім! Көрдің ғой? Бойында осынша жауыздық!..


Осынша жауыздық!


Әпенді ағасын жұбатуға кірісті.


- Қойшы, ол үшін күйінбе. Қажет емес. Олар ешқандай жауыз емес, олар – жүйкесі тозғандар. Менікі де тура осындай.


- Неге бұлай тырыса қалды?!! Не үшін? Шындығында ол сені жақтырмады... Ал не үшін?


Ненің не екенін Әпенді енді ғана түсінді, жеңгесі оны жақтырмады. Расында не үшін?


- Сен ешқандай басшы, жауапты адам болмағаның үшін. Білем мен ол ақымақты. Жауаптыларымен миы айналып кеткен. Өзі кім десеңші! Басқармадағы буфетші, тегіс жердің дөңайбаты. Күні бойы аналарды көреді де бұл да өзінше боп, бастайды...Жауапты еместігім үшін ол мені де иттің етінен жек көреді, ауылдан шыққан деп.

- Қай басқармада ?

- Әнебір.. таума... Айтуға тілімде келмейді қазір. Шығып қажеті қанша еді? Ол немене білмеді дейсің бе?

Дәл осы арада Әпендінің де жанды жеріне тиіп кетті.

- Бұл, не жағдай осы? – деп дауыстап сұрады ол, ағасынан емес, басқа біреумен сөйлескендей. – Иә егер білгісі келсе, атақты адамдардың талайы ауылдан шыққан. Қаралы жақтауға қарасаң – ауылдан шыққандар. Газет оқу керек. Қай тұлғаны алсаң да еңбекке ерте араласқан ауыл түлектері.

- Мен қанша рет дәлелдеп бақтым, ауылдағылардың танау шүйіруді білмейтін, жақсы адамдар екенін.

- Степан Воробьев есіңдеме? Оны білуші едің ғой.

- Әрине, білем.

- Ауыл деп қайтіп айтасың! .. Әні – қарада ғой: Кеңес Одағының

Батыры. Тоғыз танкінің талқанын шығарды. Қошқарша сүзісті. Енді оның шешесіне өмірбақи алпыс сом зейнетақы төлеп тұрады. Оны хабарсыз кетті деген, тек таяуда ғана анық-қанығы анықталды.

- Максимов Илья ше!.. екеуміз бірге аттандық қой. Әнеки – Даңқ орденінің үш дүркін иегері. Степан жайлы айтпаса да болады... Қажет емес.

- Мақұл. Ал анау ше!..


Талайға дейін ағайынды екеуі гүжілдесті. Әпенді қос қолын қайшылай сермеп, отыра алмай ауланы ойқастады.

- Қарашы-ей, ауыл дейді!.. Оның бір жұтым ауасы неге тұрады!


Таңертең терезені ашқан кезде – айтшы өзің, салқын самалға шомылғаныңды. Небір гүлдер мен шөптің аңқыған иісіне толы тап-таза, кәусар ауаны – сіміріп жұта бер...


Біраздан соң олар шаршады.


- Шатырыңды қайта жаптың ба? – деді ағасы жаймен.


- Қайта ашып-жаптым. – деп Әпенді ақырын ғана күрсінді. – Веранда салдым – қарасаң көз тоймайды. Кешкісін верандаға шығып... қиялға ерік бересің: Шіркін, әке-шешеміз тірі болып, сен балалармен келіп жатсаң – сол веранда да таңқураймен шәй ішіп отырар ма едік. Биыл таңқурай өте бітік шықты. Дмитрий сен бар ғой онымен бет жыртыса берме, ол одан әрман жек көріп кетеді. Ал мен шамам келгенше сыпайы болуға тырысам, мүмкін жібитін де шығар.

- Оның өзі де ауылдан ғой! – деп Дмитрий ақырын ғана таңырқай күрсінді. – Әнеки... Балалардың да есін шығарды, ақымақ неме біреуіне пианиномен күн көрсетпесе, екіншісін мәнерлеп сырғанауға апарып тықты. Жүрегім қарыс айырылады, ал аузыңды ашсаң, қолма-қол айғай.

- Хым!.. – деп қойып Әпенді қайта қозды. – Осы газеттерді түсінбеймін, дүкенде пәленше деген дөрекі жұмыс жасайды деп жатады-мыс. Е дариғай... ол үйіне келген соң да сондай ғой. Сордың бәрі осында жатқан жоқ па! Мен де ештеңені ұғар емеспін! – деп Әпенді жұдырығымен тізесін бір соқты, - Ұғар емеспін: олар неге жауызданып кетті?


Әпенді ертеңгілік оянғанында пәтерде ешкім болмады; ағасы Дмитрий мен жеңгесі де жұмысқа кеткен, балалардың үлкендері аулада ойнап жүрсе, кішілерін балабақшаға апарып тастапты.


Әпенді төсек-орнын жинап, жуынып-шәйінді да жеңгесіне қандай жағымды бір іс жасап қойсам деп толғанды. Көзіне баланың арбасы түскенде Әпенді қуанып кетті. «Эхе! Осыны бояп, әшекейлеп қоймаймын ба». Ол өз үйіндегі пешті сондай әдемі етіп әшекейлеген еді, ішегін тартпаған ел кемде-кем.


Балалардың бояуларын тауып алып, қылқаламды ұстап шаруаға кірісті. Бір сағаттан соң бәр іс бітіп; арба адам танығысыз өзгерді. Арбаның үстіңгі жағына Әпенді үш бұрыштана ұшқан тырналар тізбегін салып, етегіне әрқилы гүлдер мен шөп-шалам, құрт-құмырсақаларды, бір-жар қораз бен балапандарды түсірді. Арбаны шыр айналып қарап шықты – көз тұндырар ғажап. Арба емес, құлпырған қуыршақ дерсің. Жеңгесінің қалай ішегін тартып таңырқайтынын көз алдына елестетіп, мардымси мырс етті.


- Ауыл – дейсің, өзіңше боп. Аусар неме. Балақай алтын бесікте жатқандай болмай ма. – деп ол жеңгесімен татуласқысы-ақ келді.


Әпенді витриналарға көзін сата, күні бойы қаланы аралады. Жиеніне қайық сатып алды, шамы бар, әппақ, әдемі қайық екен. «Бұны да әшекейге малындырам», - деп ойлады.


Сағат алтыға таман ағасының үйіне келді. Енді кіре бергенде ағасы Дмитрий мен әйелі екеуінің ұрсысқанын естіді. Негізінде ұрсып жатқан әйелі еді, ал ағасы Дмитрий тек өз сөзін қайталай береді:


- Қойшы, сонша не болды!.. Жарайды... Сонь... Жарайды енді...


- Ертеңнен бастап бұл үйден мына нақұрыстың қарасы жоғалсын! – деп Софья Ивановна айғайлап жатты. – Тура ертең қарасы батсын!


- Сонь... Жарайды енді!..


- Жарамайды! Жарамайды! Шабаданын итке сүйек тастағандай лақтырғанымды тоспасын, бітті осымен!


Әпенді апыл-ғұпыл кері шегінді... Ары не жасарын білмей абдырады. Тағы да жаны күйзеліп кетті. Оны әлдекім жек көрген кезде қабырғасы қатты қайысатын. Және үрей билейтін. Байқағаны: енді бәрі бітті, ары қарай өмір сүріп те қажет емес- ау? Өзін келемеж етіп, суқаны сүймейтін адамдардан қашық, аулақ кеткісі келді.

- Неғып мен осындай боп жаратылғам? – деп ол сарай ішінде отырып, күйіне күбірледі. - Алдын-ала аңғару керек еді: бұған оның жетесі жетпейді, халық шығармашылығын ұғуға жетесі жетпейді.


Қас қарайғанша ол сарайда отырды. Жүрегінің ауырғаны қояр емес. Сосын ағасы Дмитрий келді. Бауыры Василийдің осы сарайда талайдан бері отырғанын ол білген адам сияқты таң қалмады.

- Міне... – деді ол. – Әлгі... тағы айғайға басты. Арбаны... қажеті жоқ еді.

- Мен оған ұнайтын шығар деп қалдым. Ағасы, қайтайын мен.

Ағасы Дмитрий күрсінді... Бірақ ештеңе демеді.


Әпенді үйіне оралғанда жылы, қалың жаңбыр жауып тұрды. Автобустан түскен соң Әпенді жаңа аяқ киімін шешіп, жылы жаңбырды кешіп жүгіре жөнелді – бір қолында шабаданы, екіншісінде бәтеңкесі. Секеңдеп, бар дауысымен ән салды:

Тополя-а а, тополя а...


Аспанның бір жақ бөлегі көгеріп, түріле бастады, күннің көзі де таяу тұста. Жаңбыр да саябырсып, ірі тамшылардан көлшік беті көбіктеніп, бақ-бақ гүлдей ұшып жатты.


Бір жерде Әпендінің аяғы тайып кетіп, жығыла жаздады. Оның аты-жөні – Василий Егрович Князев еді. Ол жаралғалы отыз тоғыз жыл болды. Ауылда киномеханик болып жұмыс жасайды. Із кесушілер мен иттерді қатты ұнатады. Бала кезінде шпион болуды армандаған.



ЖАУЫРЫНҒА ТҮСІРДІ 


Хал-жағдайын біліп және демалып қайтуға, Агафья Журавлева деген кемпірдікіне - әйелі мен қызын ертіп, Константин Иванович деген ұлы келді.

Новая ауылы - шағын ғана елдімекен, ал Константин Иванович болса таксимен қайқайып келді де көліктің артынан талайға дейін шабадандарын шығарды... Оқымысты әрі дәулетті, ортаншы ұлы Костя отбасымен Агафьяға келгенін бүткім ауыл естіді.

Кешкіқұрым мәлімет толық таралды: ол – кандидат екен, әйелі де – кандидат, қызы – мектеп оқушысы. Агафьяға тоқ самауырын, гүлді халат пен ағаш қасықтар әкеліпті.

Кешке қарай Глеб Капустиннің есік алдына мұжықтар жиналды. Глебті тосты. Олардың одан нені күтіп, не үшін жиналғанын білу үшін Глеб Капустиннің өзі жайлы айтпаса болмас.


Глеб Капустин – қалың ерінді, сабан шашты, оқығаны бар, тілі ащы, қырықтардағы еркек. Новая ауылы айтарлықтай көлемді болмаса да әлдеқалай осы жерден біраз көрнекті тұлғалар шықты: бір полковник, екі ұшқыш, дәрігер, тілші... Енді міне Журавлев – кандидат.


Ауылға төркіндеп көрнекті тұлғалар келгенде, сол көрнекті жерлестердің үйіне кешкісін ел жиналып – небір қызықты оқиғаларды тыңдап, немесе өздері туралы баяндайтын, егер жерлестері елітіп, қызығушылық танытса - онда Глеб Капустин келіп, көрнекті қонақты жауырынға түсіру дәстүрге айналған-ды. Жұрттың біразы бұны жағымсыз қылық санайтын, тек еркектер қауымы ғана Глеб Капустин көрнектіні қашан жауырынға түсіреді деп ынтыға тосатын-ды. Тосқаныңыз не, алдымен Глебке барып, сосын тобымен қонақтың үйіне келеді. Құдды сахналық қойылымға жиналғандай. Өткен жылы Глеб айтары жоқ, полковникті жауырынға өте әдемі түсірді. 1812 жылғы соғыс туралы сөз қозғалды... Мәскеуді кім өртеткенін полковник білмейтін болып шықты. Әрине, оның бір граф екенін білді, бірақ аты-жөнін шатастырып - Распутин деді. Глеб Капустин полковниктің төбесіне тұйғындай шүйлігіп кеп, жауырынға жалп еткізді. Жиналғандар қатты абыржып, полковник аузына келген боқтығын аямады. Өртсалғыш – графтың жөнін білу үшін мұғалиманың үйіне де кісі жібертті. Глеб Капустин қып-қызыл нарттай боп, шешуші сәтті тосып: «Полковник жолдас, сабыр, сабыр, біз Филяда отырған жоқпыз ғой, рас па?» - деп қайталай берді. Глеб жеңімпаз атанды; полковник басын төбелеп, дал боп болды. Ол қатты қапалы еді. Осыдан соң Глеб жайлы әңгіме ауылда талайға дейін басылмады, оның: «Полковник жолдас, сабыр, сабыр, біз Филяда отырған жоқпыз ғой, рас па?» деп қайталай бергенін естеріне алып, Глебке таң-тамаша болды. Қарттар да ол неге бұлай деді екен деп қайран қалысты.


Глеб миығынан күліп қояды. Тесірейік көздерін сығырайтқанда уыт шашады. Ауылдағы барша көрнекті кісілердің шешелері Глеб десе суқандары сүймеді. Бір кесірден сескенетін.

Енді мінеки, кандидат Журавлев келіпті...

Глеб жұмыстан келген соң,(ол ағаш тілетін жерде істейтін) жуынып-шәйініп алды да киінді...


Кешкі асқа қарамады. Есік алдынадығ мұжықтарға шықты.


Шылымдарын шекті... Біраз қысыр әңгімені талғажау етіп, тек Журавлев жайлы әдейі тіс жармады. Соның арасында Глеб Агафья Журавлева апайдың үйі жаққа бір-жар рет көз тастап, сұрады:


- Агафья апайдың үйіне қонақтар келген бе?


- Кандидаттар!


- Кандидаттар? – деп таңырқады Глеб. - Өй-өй!.. Құр қолмен ала алмассың.

«Алмайтындар алмас, алатындар алар» дегенсіп, мұжықтар мәз болысты. Шыдамсыздана Глебке қарасады.

- Барайық енді, кандидаттармен сәлемдесуге, - деді Глеб биязы түрде.

Сонымен аттанды.


Екі қолын қалтасына салған Глеб елден озыңқырай жүріп, кандидаттар түскен Агафья апайдың үйі жақа сыздана қарап қойып, маң-маң басып келе жатты. Негізінде Глебті ертіп әкеле жатқан аналар емес пе. Әдетте, тәжірибелі төбелескішті: жауығып жүрген көрші көшедегі жаңадан шыққан бұзықпен жұдырықтасуға – осылай әспеттеп ертіп апарушы еді. Жол бойы онша дабырласпады.

- Қай саланың кандидаттары екен? – деді Глеб.

- Қай саланыкі? Сайтан біліпті... Маған әйелім айтты – қандидаттар деп.

Әйелі екеуі де...

- Тегі, техникалық ғылымның кандидаттары болады, жалпы білім бойынша, ал мыналар негізінде оттаумен айналысатын сыңайлы.

- Костя математиканы жақсы шағатын. Үздік болды - деп Костямен мектепте қатар оқыған біреуі есіне алды.

Глеб Капустин көрші ауылдың тумасы еді, сондықтан бұл жердің көрнекті адамдарын жақсы танымайтын-ды.

- Көререміз, көрерміз, - деп Глеб күмілжи уәде берді. – Қазір тас лақтырсаң кандидаттың басына тиеді.

- Таксимен келіпті...

- Өзін көрсету керек қой!.. – деді Глеб күліп.

Кандидат Константин Иванович меймандарды құшақ жая қарсы алып, дастархан жайғызды... Агафья апайдың дастархан мәзірін әзірлеуін ізетпен тосқан меймандар – кандидатпен сұбхаттасып, балалық шақтағы бірге жүрген кездерін еске түсіре отырды...

- Беу, балалық шақ, балалық шақ! – деді кандидат. – Енді дастарханға келіңіздер, достар.

Барлығы стөл басына жайғасты. Глеб Капустин де тізе бүкті. Ол әзірше тым-тырыс. Бірақ, секіруге әзірлене бастағаны аңғарылады. Ол езу тартып қойып, балалық шақ хақындағы әңгімені қолдағансыды, ал іс жүзінде кандидатты барлап – қай тұстан килігерін аңдуда.


Дастархан басында әңгіме жарасымды өрбіп, тіпті Глеб Капустинді ұмыта бастаған-ды... Осы арада ол кандидатқа тап берді.

- Өзіңізді қай салада анықтап жүрсіз? – деп сұрады ол.

- Қайда жұмыс істейтінімді айтасыз ба? – деп кандидат ұқпады.

- Иә.

- Филфакта.

- Философия ма?

- Нақтылы ол емес... Жалпы солай деуге де болады.

- Қажетті дүние. – Глебке керектісі де, философия еді.

Бойына қан жүгірді. – Бастапқылық туралы не демексіз?

- Қандай бастапқылық? – деп кандидат тағы ұқпады. Сосын Глебке зейін сала көз тастады. Қалғандары да Глебке қарады.

- Рух пен материяның бастапқылығы. – деп Глеб оны сайысқа шақырды. Немқұрайлы қалып танытып, оның қашан жекпе-жекке шығуын тосты. Кандидат сайысқа шықты.

- Әдеттегіше, - деді ол күліп. - Материя бастапқы...

- Ал рух ше?

- Рух – сонан кейін. Жай ма?

- Бұл минимумға жатама? – деп Глеб те күлімсіреді. – Сіз айып етпеңіз, біз мында... қоғамдық орталықтардан шалғаймыз, шер тарқатқымыз келеді-ақ, бірақ оның орайы әмісе келе бермейді – лайықты кісі жоқ. Қазір салмақсыз кеңістік ұғымын философияда қалай анықтайды?

- Байырғыша анықтауда. Неғып – қазір?

- Бірақ бұл құбылыс таяуда ғана ашылды. – деп Глеб кандидаттың көзіне күле, тіке қарады. – Сондықтан мен сауал қойып отырмын. Натурфилософия, мысалы, өзінше анықтаса, стратегиялық философия мүлдем өзгеше...

- Ондай философия жоқ – стратегиялық деген! – деп кандидат абыржи бастады. Сіз жалпы не жайлы?

- Иә, бірақ табиғаттың диалектикасы бар емес пе, - деп барлығының ынтасын аудара, жайбарақат сөзін жалғастырды Глеб. – Ал табиғатты философия анықтайды. Табиғаттың бір элементі ретінде таяуда ғана салмақсыздық ашылды. Сондықтан да: «Философтар арасында қарама-қайшылықтар туындап жатқан жоқ па?» деп сұрап отырмын.

Кандидат шын жүректер күліп жіберді. Бірақ күлген жалғыз өзі ғана... Соған ыңғайсызданды. Әйелін шақырды:

- Валя, келші, біз бір... оғаштау әңгіме көтеріп отырмыз!


Валя стол басына келді, бірақ Константин Иванович ыңғайсыз күйден арыла алмады, өйткені мұжықтар сұраққа қалай жауап беретінін тосып, оған қарап отыр еді.

- Былай етейік, - деді кандидат шынға көшіп, - айтар әңгімеміздің басын ашып алайық.

- Жақсы. Екінші сұрақ: Солтүстіктің кей аудандарындағы шаманизм проблемасына деген сіздің жеке көзқарасыңыз қандай?

Кандидаттар күліп жіберді. Глеб Капустин де жымиды. Кандидаттардың мейілінше күліп алғанын бұл төзімділікпен тосты.

- Әрине, бұндай проблема жоқ деп түр көрсетуге болады. Өзім де рахаттанып сіздермен бірге күлер едім... – деп Глеб жомарттана жымиды. Әсіресе кандидаттың әйеліне ерекше жымиды, ол да кандидат қой, кандидатша былай айтқанда, - Бірақ проблема бұдан жоғалып кетпейді ғой. Рас па?

- Осының бәрін Сіз шын ба? – деп сұрады Валя.

- Рухсат етсеңіз. – деп Глеб Капустин орнынан көтеріліп, кандидатшаға ұстамды ізетпен басын иді. Сосын қызарып кетті. – Әрине, сұрақ, ғаламдық емес, бірақ, өз тұрғымыздан қарағанда, білгеніміз дұрыс-ақ.

- Қайдағы сұрақ? – деп кандидат шар ете түсті.

- Сенің шаманизм проблемасына көқарасың туралы. – деп Валя аңдамай күліп қойды да есін жиып Глебке: - Өтінемін, кешіріңіз. – деді.

- Ештеңе етпейді, - деді Глеб. – Сұрақты мамандыққа орай қоймаған шығармын, оны түсінемін...

- Бұндай проблема атымен жоқ! – деп кандидат шорт кесті. Ол бекер бүйтті. Бүйтпеу керек еді.

Енді Глеб күлді. Сосын: - Жарайды, іс жоқ болса, сот та жоқ! – деді.

Мұжықтар кандидаттарға қарады.

- Қатын арбадан түссе – атқа жеңіл, - деді тағы Глеб. – Проблема жоқ, ал мыналар... – Глеб қолымен бір нәрселерді ыммен көрсетті, - билейді, қоңырауға ұқсап сыңғырлайды... Солай ма? Бірақ ниет болса... – Глеб қайталап: - Ниет болса – олар жоқ сияқты. Рас па? Өйткені, егер... Жақсы! Тағы бір сұрақ: Айдың да пайда болуы рухтың әсерінен дегенге қалай қарайсыздар?


Кандидат Глебке үндеместен қарап отыр. Глеб жалғастырды: - Ай жасанды орбитада тұр, оның ішінде саналы тіршілік иелері бар деген ғалымдардың жормалы айтылды...

- Енді не? Онда тұрған не бар? – деп сұрады кандидат.

- Табиғи траекториясының есеп-қисабы қайда? Күллі ғарыштық ғылым қайда қолданылады?

Мұжықтар Глебті ұйып тыңдап отыр.

- Адамзат күннен-күнге, былайша айтқанда ғарыштық көршімізге баруды жиілете берсе, күндердің күні ондағы саналы тіршілік иелерінің төзімі түгесіліп, бізбен жолғығуға шығама деген ой келеді. Бір-бірімізді түсінісе алатындай, біз дайынбыз ба?

- Сіз кімнен сұрап отырсыз?

- Сіздерден, ойшылдардан...

- Ал өзіңіз әзірсіз бе?

- Біз ойшылдар емеспіз, біздің жалақымыз келіспейді. Егер сіздерге қызықты болса, провинциалдардың қай бағытта ойлайтынымен бөлісейін. Айдың бетіне саналы тіршілік иелері шықты делік... Қандай амал айтар едіңіз? Ит боп үру ме? Қоразша шақыру ма?

Мұжықтар мәз болысып, қозғалақтай бастады. Сосын тағы да Глебтің аузына мұқият қарауға кірісті.

- Дейтұрғанмен, бізге, ең құрмаса бір-бірімізді түсінуміз керек. Дұрыс па? Қалай? – деп Глеб сұраулы жүзбен кідіріп, барлығына көз тастады. – Менің ұсынарым: күн жүйесінің схемасын құмға сызып, өзімнің Жерден екенімді оларға көрсетуіміз керек. Скафандр кигеніме қарамастан мен де басы бар, саналы тіршілік иесімін ғой. Осының дәлелі ретінде схемадан оның қайдан екенін ұқтыру үшін Айды көрсетіп, сосын өзін нұсқау қажет. Қисынды ма? Осылайша біз көршілер боп табылдық. Бірақ одан аспадық! Одан ары осы қалыпқа жетуге дейін қандай заңдылықтармен өркендегенімізді түсідіруіміз қажет...

- Солай, солай. – Кандидат жыбырлап, әйеліне астарлы көз тастады. – Бұл өте қызық екен: қандай заңдылықтармен?


Бұнысы бекершілік болды, оның астарлы көзқарасы да қалт кетпеді; Глеб шырқай жөнелді... Соноу, ұшар биіктен кандидатқа соққы берді. Әр жолы ауылдың көрнекті кісілерімен әңгіме үстінде Глебтің өстіп аспанға шырқайтын кездері болатын-ды. Ол сірә, осы сәтті тосатын, оған қуанды, себебі ары қарай өзі реттеліп кете беретін.

- Әйеліңізді күлкі бөлісуге шақырасыз ба? – деді Глеб. Жайбарақат сұрады, бірақ оның іш-құрылысы дірілдей бастағандай. – Жақсы шаруа... Тек, ең алдымен біз газет оқуды меңгергеніміз абзал шығар? Ә? Қалай ойлайсыз? Бұның кандидаттарға да зияны жоқ деп жатады...

- Тыңдаңызшы!..

- Иә, біз тыңдап болдық! Былайша айтқанда, рахаттандық. Сондықтан кандидат мырза ескертуге мұрсат беріңіз, кандидаттық деген – костюм емес қой, сатып алған соң - басы-байлы қалатын. Егер кандидаттықты біз костюм емес деп келіссек, онда оны мұқият... күтіп ұстау керек. – Глеб дауысын көтермей сөйледі, бірақ үзіліссіз, нығарлап – оған қанат бітті. Кандидаттың жүзіне қарауға ыңғайсыз еді: ол шынымен сасып қалды, біресе әйеліне, біресе Глебке, біресе мұжықтарға жалтақтады... Мұжықтар оған қарамауға тырысты. – Әрине бізді таң қалдыруға болады: үйге таксимен қайқайып келіп, одан бес шабанды шығарып... Бірақ сіздер ақпарат ағымының барлық жерде бірдей таралатынын ұмыттыңыздар. Менің айтқым келгені: бұл жерде керісінше таң қалдыруға болатыны. Олай да болады. Бұл жерде кандидаттардың қарасын ешкім көрмеген шығар деп үміттенуге болады, тек оларды көрді – кандидаттарды да, профессорларды да, полковниктерді де. Олар туралы жағымды естеліктер жадымызда қалды, себебі, әдетте олар, өте қарапайым кісілер. Қысқасы, менің сізге айтар ақылым, кандидат жолдас: жиірек табаныңызды жерге тигізіңіз. Құдай ақы, бұнда ақылға қонымды бастама бар. Және соншалықты қатерлі де емес, құласаң да жаныңа қатты батпайды.


- Бұны «Бөшке домалату» дейді – деді кандидат. – Сен не, шынжырыңды үзіп кеттің бе? Қай атаңның басы...

- Білмедім, білмедім, - деді Глеб асығыс, - бұның қалай айтылатынын да білмедім, бас еркімнен де айырылған емеспін, шынжырды да үзген жоқпын.


Не үшін? Мында, - деді Глеб еркектерді шола қарап: - ешқайсысы отырмаған, түсінбеуі мүмкін. Әнеки, сіздің әйеліңіз таң қалған сыңай танытты... Ана жақтан қызыңыз естиді. Естиді де Мәскеуге барғанда біреуге «Бөшке домалатар». Бұл жаргон, айтпады деме... жақсылыққа апармайды кандидат жолдас. Иландыруға тырысайын сізді, қүралдың барлығы қолайлы емес, барлығы емес. Сіз кандидаттық минимум тапсырғанда профессорға «Бөшке домалатпаған» шығарсыз. Дұрыс қой? – Глеб түрегелді. – Және «Көрпені де өзіңізге тартқан жоқсыз». Абақтының тілімен де сөйлемедіңіз. Неге десеңіз профессорларды құрметтеу керек – оларға тағдырың тәуенді, ал тағдыр бізге тәуенді емес, бізбен абақтының тілімен де сөйлесуге болады. Солай ма? Бекер. Біз де азды- көпті... «қағамыз». Газет те оқимыз, орайы келгенде кітапқа да үңілеміз... Әуел десеңіз теледидар қараймыз. Байқасаңыз: «Кабачок», «КВН», «13 орындық» бізді есімізден ауыстырардай мәз қылып жатқаны шамалы. Неге деп сұрайсыз ғой? Себебі онда да сол – көкірек керу ғана. Иә, қарамағанда қайда барады. Иә қарайды, басқа амалы жоқ. Ондағылардың барлығы данышпан деп әлдеқандай етудің қажеті шамалы. Түсінетіндер де бар. Иба сақтау керек.

- Нағыз жалақор-көкіме, - деді кандидат әйеліне қарап. – Барлық құрамы сай...

- Мүлт кеттіңіз. Барша ғұмырымда біреуге жала жауып, сыртынан домалақ арыз жазып көрген емеспін. – Глеб мұжықтарға көз тастады: олар бұнысының рас екенін білетін-ді. – Олай емес, кандидат жолдас. Қажет десеңіз өзімнің ерекшелігімді түсіндіріп берейін.

- Қажет, түсіндіріңізші.

- Танаудан шерткенді ұнатамын – сызықтың сыртына шықпа!

Инабаттылық керек, қымбатты жолдастар...

- Біздің инабатсыз екенімізді қай жерден көрдіңіз? – деді шыдай алмай Валя. – Оны неден байқадыңыз?

- Өздеріңіз жеке қалғанда жақсылап ойланыңыздар. Ойланыңыздар – сосын ұғасыздар. – деді Глеб кандидаттарға әлдебір өкінішпен қарап. – «Бал» деп жүз мәрте қайталауға болады, бірақ одан тілің бал татымайды. Осыны түсіну үшін кандидаттық минимум тапсыру қажет емес. Дұрыс па? «Халық» деген сөзді мақала сайын жүз қабат жазуға болады, бірақ одан білімің тасымайды. Осы халық жаққа бет алғанда аздап жинақылау болғандарыңыз абзал. Әр нәрсеге дайын бол дегендей... Өйтпесе оп-оңай жындының кебін киіп қаласың. Сау болыңыздар. Ел арасында... жақсы тынығып қайтыңыздар. – Глеб кекесінмен мырс етті де асықпай шықты. Ол көрнекті адамдардың үйінен жалғыз өзі ғана шығатын-ды.


Кандидаттікінен шығып бара жатып: - Тірідей терісін сыпырды!.. Иттің білмейтіні жоқ. Ай туралы бәрін қайдан біледі? – деген еркектердің әңгімелерін ол естіген жоқ.

- Жауырынға түсірді.

- Бәрі қайдан шыға береді!

Мұжықтар таңырқай бастарын шайқап:

- Иттің білмейтіні жоқ. Константин Ивановичты басынан оңдырмай кертоқай алды... Ә? Балақайларды жетістірді! Ал, ана Валя болса, жағын аша алмады.

- Не дейсің бұл жерде? Дәнеңе дей алмайсың. Әрине Костяның айтқысы-ақ келді... Бұның бір сөзіне анау он сөзді боратып, аузын аштырды ма.

- Қайтпексің... Иттің білмейтіні жоқ!


Мұжықтардың дауысынан кандидаттарға деген жанашыр, аяушылық аңғарылады. Ал Глеб Капустин болса, сол баяғыша таңырқатуда. Таң-тамаша етуде. Тіпті тамсандырды. Аяушылық атаулы болмаған сыңайлы. Жоқ, аяушылық болмады. Глеб қатал, ал қаталдықты ешкім, ешқашан да еш жерде құптаған емес.

Ертең Глеб Капустин жұмысқа келген соң, (әдейі) әншейін ғана:

- Кандидаттың хәлі қалай? – деп кекесінмен жымиып, сұрайды.

- Сен оны жауырынға түсірдің, - дейді олар Глебке.

- Оқасы жоқ, - деп қояды Глеб кеңпейілділік танытып. – Бұның пайдасы бар. Қолдары боста ойлансын. Әйтпесе тым есірген...



МИКРОСКОП


Не де болса тәуекелге бару керек. Ақыры бел байлады. Бір жолы үйіне келді... түрі кісі танығысыз... боп-боз; әйелінің бетіне қарай алмай: - Ана бар ғой... мен ақшадан айырылып қалдым. – деді. – Оның сынық мұрны (өркешті, қисық) бозарып барып, шимандай қызыл болды. – Жүз жиырма сом.

Әйелінің жағы түскендей аузы аңқайып, жүзінен жалыныш көрінді: мүмкін бұл әзілі шығар? Жоға, бұл қисықтанау ешуақытта әзілдемейді, ондайды білмейді.

- Қай жерде? – деп ақымақтың сұрағын қойды ол.

Анау аңдаусыз мырс етті.

- Егер білсем, өзім-ақ барып...

- Е-е жо-оқ!! – деп әйелі күшене айғайлады. - Енді сен талайға дейін миықтан күлгенді қоясың! – Саптыаяқты алуға тұра жүгірді. – Тоғыз ай бойы, жексұрын!

Басын қорғау үшін төсектегі жастықты жұлып алды. (Ертедегілер жалт-жұлт еткен қалқандарын тек мақтан үшін ұстаған сынды. Жастыққа не жетсін!) Бөлменің іші қуыспаққа айналып кетті.

- Жастықты, жастықты былғайсың! Өзің жуасың ғой!..

- Жуамын! Жуамын, қисықмұрын! Ал екі қабырғаң менікі! Менікі!

Менікі!

- Келістік, тыңдашы!..

- Ол қысқа- қол қықса!.. Қисық қана қу танау!

- Келісейік, көк шешек! Ертең мен бюлитенге жатып қалам ғой! Өзіңе сор емес пе.

- Жат!

- Өзің сорлайсың ғой!

- Мейлі!

- Ойбай!

- Со керек бәлем!

- Қойшы, жетер?

- Жоға, мені бір мәз қылдыр! Шерімді бір шығарт, қисыққмұрынды қылғұрт! Қара қарға... – Оңтайлы сәтін тауып күйеуінің басынан оңдырмай салып өтті.

Өзі сәл-пәл шошып қалды.

Анау жастықты тастады да басын ұстап ыңырсыды.

Әдейі жасап отырма, әлде шынымен жанына батты ма дегендей ол оған аңди қарады. Иә, рас екен деп шешті. Саптыаяқты қойып, орындыққа жайғасты да зарлауға кірісті. Жылауға салып:

-Неғып маған мындай тағдыр бұйырды?.. Тірнектедім, тапқанымды тірнектедім!.. Өзімнен аяп, бір түйір ақ нан аузымнан жырылды!.. Бала-шағама тәттіні де көп бермедім!.. Жинастырып басын қостым, жинастырдым, өй қисықмұрын қылғұрт! Ойбай-ау, ойбай! Бір тиынның басы қосыла қуанып едім: қыстың суығында балаларым жылы да жарасымды киініп жүрсе екен деп! Мектепке жыртық киіп, бүрсеңдеп бармаса екен деп!..

- Қашан олар жұлым-жұлым боп жүіп еді? – деп анау шыдамай кетті.

- Жап аузыңды, қылғұрт! Жап. Өз балаларының несібесін жұттың сен!

Жұтып тұрып, түйілмедің... Онан да түйілгенің жақсы болар еді, бізде есеміз кетпегендей жеңілдеп қалар едік.

- Тәуір тілегіңе рахмет, - деп жыландай ыс етті анау.

- Ө-йй, қылғұрт!.. Қайда болдың а? Мүмкін есіңе түсер?.. Әлде жұмыста бір жерде қалтырған шығарсың? Не болмаса верстактың астына тастап, ұмытқан шығарсың?

- Жұмыстың қай жерінде!.. Жинақкассасына жұмыстан соң бардым ғой.

Қайдағы жұмыс...

- Мүмкін біреудікіне соққан шығарсың, қылғұрт?

- Ешқайда мойын бұрған жоқпын.

- Дүңгіршекке кіріп маскүнемдермен сыра ішкен шығарсың?.. Түсір есіңе. Әлде еденге түсіріп алдың ба... Жүгір, әлі қайтарып беретін шығар.

- Дүңгіршекке кіргем жоқ!

- Сонда қайда жоғалтуың мүмкін, қылғұрт?

- Қайдан білем?

- Бұны сонша тостым!.. Сол мезетте балаларды ертіп апарып, киіндіріп жатар ма едім... Қандай-қандайын таңдап кетіп едім. Енді бәрін талап кететін болды. Өй, сен бір қылғұртсың, қылғұртсың...

- Қойсаңшы енді! Қылғұрт, қылғұрт дей бермей...

- Сонда кімсің?

- Енді қандай амал бар?

- Екі ауысымды қатар істейтін боласың! Сені біз жүдетеміз...Сен енді моншадан соң шәтөшкені ішетін боласың, ішесің! Құдықтың шикі суы...

- Керек еді маған шәтөшкең. Онсыз да өлмеспін.

- Сен енді жұмысқа жаяу салақтайсың! Автобуста отырып шалқисың енді сен.

Осы арада ол таң қалды.

- Екі ауысым жұмыс жаса, сосын – жаяу? Қатырасың...

- Жаяу! Ары-бері қылғұрт, жаяу ғана! Тиісті жерінде – кешікпес үшін өкпеңді қолыңа ұстап жүргіресің де. Ол ақша сенің желкеңнен шығады, талай рет шошып оянасың.

- Екеу болмаса да бір жарым ай бұрқылдатам – ештеңе емес, - деді шынымен ол ауырғанын жерін сипалап тұрып. – Мен шебермен келісіп те қойдым... – Ол аузынан шығып кеткен сөзді аңғармай қалды. Тек әйелі бұған аңыра қарағанда ғана аңғарып, қайта түзелді: - Мен ақшаны жоғалтқанымды біле сап, қайта жұмысқа барып, келіскем.

- Әкелші бері, жинақ кінежкесін, - деп ол қарап шығып күрсінді де тағы бір қабат азалы дауыспен: - Қылғұрт. – деді.


Ауылдан тоғыз шақырымдағы «Заготзерно» шағын шеберханасында ағаш шебері болып істейтін Андрей Ерин бір апта қиналып жүрді. Әйелінің ашуы тарқамады; аракідік «қылғұртты да» естіп қояды, өзінің де жыны қайнайды, бірақ тәжікелесуге дәті бармады.


Дейтұрғанмен күндер жылжып өтіп жатты... Әйелі де тынышталайын деді. Андрей тосып жүрді. Ақыры уақыты жетті деп шешті.


Терең іңірде (ол расында бір жарым ауысыммен «бұрқылдатты») үйіне келді, қолында қапшық, ал қапшықта бір салмақты зат бар екені аңғарылады. Андрей үнсіз гүл-гүл жайнайды. Кіре берісте, бұған қашан көңіл аударар деп күтіп тұр. Оған көңіл ауды.


- Немене... айға шағылысқан жалаңаш құйрық сияқты жарқырап тұрсың?

- Міне... екпінді еңбегім үшін берді, - деп Андрей стөл басына барып, біраз әуреленіп қапшықты ашты. Стөлге қойды... микроскоп.

- Микроскоп.

- Саған қажеті қанша?

Осы арада Андрей Ерин дегбірсізденді. Бірақ әдеттегідей кінәлі болып емес, кісімсіген үстем дегбірсіздікпен.

- Айға үңілеміз! – деп шек-сілесі қатты. Бесінші сыныптағы ұлы да қоса күлді: айды микроскоппен!

- Не болды сендерге? – деп отанасы ренжіді.

Әкесі мен ұлы күлкіден домалап жатыр. Отанасы Андрейге ашулы көз тастады. Ол да сабырға келді.

- Білесің бе сен, төңірегіңнің толған микроб екенін? Бір ожау су алдың делік... Солай ма? – деп Андрей ожаумен су алды: - Сен су ішіп тұрмын деп ойлайсың ба?

- Кетші бар!

- Жоға, сен жауап бер.

- Су іштім.

Андрей ұлына қарады да еріксіз тағы күліп жіберді.

- Су іштім дейді анау!.. Ақымақ емей?..

- Қылғұрт! Қазір саптыаяқты алсам.

Андрей қайта байсалды күйге түсті.

- Ішкенің микробтар, көгершінім, микробтар. Сумен бірге ғой. Бір-жар миллионын сіміріп алсаң – боп тұр. Тіске басарға! – Әкесі мен ұлы күлкіден тағы құтыла алмады. Зоя (әйелі) саптыаяқты алуға ыңғайланды.

- Қарашы мынаны! – деп айғай салды Андрей. Бір ожау суымен микроскопқа жүгіре жетіп, микроскоптың құлағын ұзақ бұрап, дөңгелек айнашасына бір тамшы су тамызды да ұңғысына үңілді, бір-жар минут дем алмастан сығалады. Оның артында қарағысы келіп емініп ұлы тұрды.

- Пап!..

- Мінеки олар, иттің балалары!.. деді сыбырлап Андрей Ерин. Жантүршігерлік бір шаттықпен сыбырлады: - Тайраңдап жүр.

- Пап деймін!

Отағасы аяғын сермеп қалды.

- Ары-бері, ары-бері... Үй, иттің балалары!

- Папа!

- Берсеңші, бала да көрсін! – деп отанасы зекірді, сірә өзі де таңсық бола бастаған сыңайлы.


Андрей ұңғыдан әрең дегенде айырылып, ұлына жол берді. Ішіне пышақ айналмастай қызғанышпен баласының желкесінен төне қарады. Шыдамсыздана сұрады:

- Қалай?

Ұл да үн жоқ.

- Қалай деймін?!

- Мінеки олар! – деп айғай салды балақай. – Әппақ қана...

Әкесі ұлын микроскоптан ысырып, шешесіне орын берді.

- Қара! Су ішіп жүрмін дейді...

Отанасы ұзақ үңілді... Біресе оң, біресе сол көзімен...

- Мен мұнан ештеңе көріп тұрған жоқпын.

Андрей мүлдем арқаланып, тіпті таңқаларлық батыл боп кетті.

- Көзің ағып кеткен бе! Қалтадан тиынның сынығын тауып алғанда, мындағы микробтарға көзі жетпей қалды. Олар сенің көзіңе қарай секіріп жүрген жоқ па, ақымақ- ау! Шетінен әппақ...

Әкесі мен ұлы әппақтарды көріп, өзі соларды көре алмаған соң ғана ашу шақырмады отанасы.

- Былай тұр... – Өтірік айтуы да мүмкін, оның қолынан келеді. Ысқырта салған сияқты. Андрей әйелін микроскоптан өктем итеріп, ұңғысына өзі жабысты. Оның дауысы қайта сыбырға көшті.

- Енеңді ұрайындар, қайтеді ей! Қайтеді ей!..

- Бұлыңғырлау сияқтыларма? – деп арт жақтан анасы ұлынан сұрап жатты. – Көженің бетінде қалқыған май тамшы секілді ме?.. Солар ма?

- Тый-ыш! – деп Андрей барқ етті, микроскоптан басын алмай. – Май тамшы... Өзің май тамшысың. Шошқаның бүтін бұжысың. – Ғажап,

Андрей Ерин үйдің айғайшыл қожайынына айнала бастады. Баланың үлкені - бесінші сыныптағы ұл күліп еді, шешесі желкесінен бір түйді. Сосын микроскопқа кішкенелерді алып келді.

- Қанеки, ашыған көженің доқтыры!.. Балалар да қарасын. Шұқия қалыпты.

Әкелері микроскопты босатты да көңілі алабұртып, бөлмеге симады.

Бір нәрсе туралы ойда жүр.

Кешкі асты ішіп отырғанда да Андрей ойдан арылмады, микроскоп жаққа көз салып қойып, басын шайқайды. Бір қасық көжені көсіп алып, ұлына көрсетті:

- Мында қанша екен? Мөлшермен?

Ұлы маңдайын тыржитып:

- Жарты миллион бар шығар. – деді.

Андрей Ерин қасыққа сығырая қарады.

- Одан кем емес. Ал біз оны – әп! – деп ол көжені ұрттады да төсін ұрды.

- Бітті. Ішке барған соң ағзаның өзі олармен айқасады. Оларды ол жөнге келтіреді!

- Өзің сұрап алғанға ұқсайсың? – деп әйелі микроскопқа жақтырыңқырамай қарады. – Мүмкін, шаңсорғыш берер ме еді. Шаң сорғызайын десең – құр алақансың.

Жоқ, Құдай әйелді жаратқанда бірдеңені бытқытып алған. Алданып кеткен, жаратушы, алданып кеткен. Суретшілерге тән нәрсе ғой тегі. Бір жағынан оның жасағаны - Ойшыл адам емес қой.


Түнде Андрей екі рет түрегеліп, шам жақты, микроскопқа үңіліп: - Ақ, иттің балалары!.. Не жасап жатыр. Не жасап жатыр десеңізші! Не ұйқылары жоқ!

- Ақылыңнан адасып жүрме, - деді әйелі, - сенің қуып кетуің үшін көп те керек емес сияқты.

- Таяу арада аша бастаймын, - деді Андрей әйелінің жылы қойнына кіре бере. – Сен ғалымның құшағында жатып көріп пе едің?

- О несі тағы!..

- Ғалымның құшағында жатасың, қымбаттым, жатасың – деп ол әйелініңмамықтай иығынан аялай сипады.


Бір жеті Андрей Ерин түс көріп жүргендей күй кешті. Жұмыстан келген соң, тыңғылықты жуынып-шәйініп, апыл-ғұпыл тамақтанады... Бір көзі микроскопта.

- Мәселе мынада, - деп ол әңігмесін бастайтын, - адамға тиісті өмір жас - жүз елу жыл. Неге ол алпыс немесе ары кетсе жетпіске жетіп тырқияды деген орынды сұрақ туындайды? Микробтар! Сол доңыздар адамның ғұмырын қысқартатын. Ағзаңа кіріп алады да сәл сыр берсең, төбеңе шығады.

Ұлы екеуі күны ұзақ микроскопқа тесіліп, зерттеумен шұғылданды. Құдықтан алған және шелектегі судың тамшыларын қарады... Жаңбыр жауған кезде жауын тамшыларына да үңілді. Сонымен қатар әкесі ұлына сынамаға көлшіктен су да әкелдірді... Онда да әлгі әппақтар құжынап жүр.

- Енеңді ұрайын- ай, қылапаттарын қарашы!.. Енді бұлармен қалай күресу керек? – деп Андрейдің салы суға кетті. – Шалшықты басқан кісінің ізі еденге түсті. Артынша жалаң аяқ бала жүріп өтті де жабыстырып алды. Баланың ағзасы деген қандай!

- Сондықтан әрдайым аяқтарыңды сүртіңдер, - деп ұлы ескерту жасады.

– Сен болсаң сүртпейсің.

- Мәселе онда емес. Оларды сол көлшікте құртуды ойластыру керек.

Мен сүртерін сүртермін, білемін оны, ал ана Сенька Маров... дәлелде оған: ол еселаң, қалай шалпылдатты солай шалпылдата береді.

Тердің түйіршігіне де үңілді, сол үшін ұлын қаратерге түскенше көшеде жүгіртіп, шекесінен қасықпен қырып тамшы алып, микроскопқа бас түйістірді...

- Бар! – деп Андрей тізесін қапалана бір салды. – Жүз елу жыл өмір сүріп көр!.. Теріде де бар.

- Қанды тексеріп көрсек қайтеді? – деп ұлы ұсыныс тастады.

Әкесі инемен саусағын пісіп, алқызыл кішкентай дәнді айнашыққа сілкіп түсірді... Ұңғыға төнде де ыңырсып кетті.

- Құрыдық, ұлым, - қанды да жайлапты! – Андрей Ерин бойын түзеп,

төңірегіне таңырқай қарады. - Со-лай. Біледі олар, арамтамақтар, менен артық біледі – бірақ тіс жармайды.

- Кімдер? – деді ұлы ұқпай.

- Ғалымдар. Олардың микроскоптары біздікіне қарағанда әлдеқайда

тәуір – көрмейтіні жоқ. Бірақ тым-тырыс. Халықты алаңдатқысы келмейді де. Айтпасқа неге болмас? Мүмкін жабылып жүріп, оларды құртатын бір амал табар ма едік. Жоқ, олар келісіп алған, сосын тіс жармай отыр. Толқу басталауы мүмкін.

Андрей Ерин тәбіреткеге тізе бүкті.

- Қандай биттей нәрседен адамдар қырылып жатыр! – Андрей Ериннің

түрі кісі түңілерлік. Ұлы микроскопты сығалап отыр.

- Бірін-бірі қуалап жүр! Әнеу ұсақтары өзгеше... Домалақша.

- Олардың барлығы – домалақша, ұзыншақ – бір қалыптан шыққандай.

Әзірше шешеңе айтпа, менің қанымнан да көргенімізді.

- Менікінен де көрейікші?

Әкесі ұлына бажайлап тұрып қарады... Отағасы Ериннің көзінен қызығушылық пен қорқыныш қатар ұшқындады. Оның талай жылғы жұмыстан шайыр сіңіп пісіп-қатқан, ауыр қолдары тізесінде сәл-пәл дір-дір етеді.

- Қажеті жоқ. Мүмкін, ең болмаса балаларда... Әй! – деп Андрей

түрегелді де ызаланып тәбіреткені бір тепті. – Бит, қандала, сіркелерді өсіріп үйрендік, ал мында қайдағы бір... ең ұсақ сіркеден де кішкентай ғой – оған еш амал таппады. Қайда ғылыми дәрежелерің!

- Бит жарайды, ал мыналарды... Оларды қалай?

Отағасы көп ойланды.

- Скипидармен?.. Алмайды. Арақ одан күштірек те... өзім ішіп жүрмін

ғой, бірақ қанымды да ойран қылыпты!

- Арақ қанға құйыла ма?

- Енді қайда дейсің? Кісі неден еселаңданады?

Бір жолы Андрей жұмыстан ұзын, жіңішке ине алып келді... Жуынды, ұлына көзін қысты да екеуі төргі бөлмеге өтті.

- Кел тырысып байқайық... Сымды қайрадым – мүмкін бір-екеуін түйреп

алармыз.

Сымның ұшы - қылдай үшкір еді. Андрей талай уақыт бір тамшы суды піскіледі. Ыңқылдады... Шылқ тер болды.

- Жан-жаққа қашады, антұрғандар... Болмады, жуан, түйрей алмайсың.

Әлі де ұштау керек, бұдан әрі жіңішкерте алмайсың. Мақұл, кешкі асты ішіп алайық, сосын оларды тоқпен көрейік... Мен батарея ала келдім: екі сымды шығарып, басын біріктіреміз. Көреміз сонда олардың қайтер екенін...

Кешкі асты алдыға алғанда төбеден түскендей боп, Андреймен «Загозернода» бірге істейтін Сергей Куликов сап етті. Сенбінің сәтіне қарай ұрттап алып, Андрейдің үйіне әншейін бас сұға салған сыңайлы.

Соңғы кезде Андрей ұрттаудан да қалған, ішкен адамды жақтырмағанына өзі қайран қалды. Олар тіптен ақымақтың қылығын жасап, аузына не келсе соны лепіреді.

- Жоғарылат, - деп Андрей ешқандай ынтасыз дастаханға шақырды.

- Несіне? Бізге не? Бізге мына жерде... Бізге – бұрыш та жарайды!

«Немене жетім баланың кебін киіп, мүләйімси қалды?»

- Қалауың білсін.

- Микробтарыңды көргізші?

Андрей абыржып қалды.

- Қайдағы микробтар? Сергей, бар ұйқыңды қандыр... Менде ешқандай

да микробтар жоқ.

- Несіне жасырасың ә? Қару-жарақ емес қой тығатын? Ғылыми шаруа...

Менің ұлым құлақ етімді жеп болды: Андрей аға бүткім микробтарды жойғалы жатыр деп. Андрей! – деп Сергей көкірегін бір түйіп, «ғалымға» қахарлана қарады. – Алтыннан ескерткіш құямыз!.. Күллі әлемге атыңды жаямыз! Мен сенімен үзеңгілес еңбек еттім!.. Андрейжан!

Зоя Ерина да мастарды төзбегенмен, өзінің күйеуін - ғалым деп жатқаны майдай жақты. Көңілі сүймегеннен емес, үйреншікті ғадетімен:

- Бұдан өзге басқа бірдеме тарту етсе болмады ма? Микроскобы несі.

Байым ұйқыдан айырылды – басы кетіп қалмаса игі. Шаңсорғыш сияқты бірдеме тарту етпеді ме екен... шаң сорғызайын десең - қолың сынғандай, не сатып алатын түріміз жоқ. – деп бұрқылдады.

- Нені тарту ету керек еді? – деді дәнеңе түсінбей Сергей.

Андрей Ериннің тұла-бойы мұздап сала берді.

- Әне, жүлде беріпті... Әлгі микроскопты...

Андрей ретін тауып, Сергейге көзімен бір белгі берейін деп еді... қайдағы! Ол мәңгі қой құсап, Зоядан көзін алмайды.

- Қандай сияпат?

- Сендерге сияпат берді ғой!

- Кімге

Зоя күйеуіне, сосын Сергейге қарады...

- Сендерге сияпат берді ме?

- Берер атасының басы жүлдені! Қуып жетіп тағы береді. Жүлдешілін...

- Әнеки Андрейге екпінді еңбегіне... микроскоп тарту етті... – Ериннің

жұбайының даусы кісі шошырлықтай қырылдап барып, жоғалды – ол бәрін түсінді.

Бұрышта мас боп отырған Сергей: - Олар берер! – деп, есірсе түсті. – Өткен айда мен жүз отыз пайызға наряд жапқыздым... солай ма? Өтірік айтсам Андрей куә...

Күллі дүние бір сәтте опырылып, шыңырау түбіне қарай құлдырай жөнелді.

Андрей түрегелді... Сергейді желкесінен алып, сыртқа шығарды. Аулаға шыққан соң шүйдесінен бір нұқып: - Үш сомың бар ма? Айлыққа дейін... – деді.

- Бар... Не үшін мені ұрдың?

- Жүр дүңгіршекке. Батпақтың албастысы!.. Қай атаңның басына елдің

үйін аралап жүрсің, ішіп алып? И-и... Көзі бақырайған бөрене.

Бұл түнді Андрей Ерин Сергейдікінде түнеді. Маңқалары аққанша сылқия тойды. Өз ақшаларын түгесіп, елден айлыққа дейін деп қарызданды. Келесі күні түске таман үйіне оралды. Әйелі жоқ екен.

- Қайда ол? – деп сұрады ұлынан.

- Қалаға кетті, қалай еді... қомиссионкаға.

Андрей стөл басына жайғасып, қолын маңдайына жастады. Осылай талай отырды.

- Ұрысты ма?

- Жоға. Біраз ғана. Қаншаға іштің?

- Он екі сом. И, Петька... ұлым... – деді Андрей Ерин, басын көтермеді,

жаны қайысып тыжырына, тістерін шықырлатты. – Онда тұрған не бар?! Жасың жетпеген соң, оны түсіне алмайсың... түсіне алмайсың...

- Түсінікті ғой: ол оны сатып жібереді.

- Иә... Сатады.Сырт киім керек қой. Жарайды, сырт киім – жарайды.

Ештеңе етпес... Керек: қыс қыр астында. Петька, оқы! – деп Андрей дауысын көтерді. - Төрт аяқтасаң да ғылымға қарай еңбекте – керемет шаруа ғой. Тиын салғышыңда қалған-құтқан бірдеме бар ма?

- Жоқ, - деді Петька. Мүмкін өтірік айтты.

- Жарайды онда, - деп Андрей келісті. – Оқитын бол. Сосын ешуақытта

ішпе.. Ғалымдар өздері де татып алмайды. Несіне ішпекші? Былай да жұмыстары бастарынан асады.

Андрей тағы біраз қайғыра басын шұлғып отырды... Сосын түрегеліп, төргі бөлмеге ұйқыға бет алды.



БАСТЫҚ


Таң бозынан күн бұзылып, қиыршық қар есіп өтті. Сосын үрейлі, ішін тартқан тыныштық орнады. Өстіп, талайға дейін тым-тырыстық жайлады. Содан соң басталды... Таудан бет қаратпас, өткір жел соғып, айнала аңырап сала берді. Бекіген қарды түтетіп, жер-дүние қара түнекке айналды. Екі тәулік аспан мен жер астасып: азынады, ұлыды. Әлі ескіре қоймаған кейбір ағаштар кенет жаны бардай айғайлай қисайып, тамырлары адырая түбірінен қопарылып, ақырындап жантайып жатты. Орман іші адам түршігерліктей сықырлап, шатырлауда.

Шалғайдағы жер учаскесінің он бір ағашкесушісі тамақсыз қалды. Боран басталмай тұрып, жұмыс орнын аралап жүрген учаске бастығы бұларға жолығып, тамақ алған машина жолға шықты деген-ді. Содан боран басталып, бастық учаскеде қалды.

Он екі адам, уақыт өткізуді амалдап: ұйықтады, шылым шекті, домино соқты, ана бұрыш пен мына бұрыштың арасында сенделді. Әңгімелескендері шамалы. Тамның шатырын жұлып кеткенде, бір сәт тіл біткендей болды.

- Талай уақыт шыдады, - деді бастық, жартыкеш бөренеден дөрекілеу

үстіріктеліп жасалған стөлге - домино тасын тарс еткізіп қойып жатып.

- Шыдады, шыдады, шыдады, - деп қайталады жуан қолды ағаш кескіш,

қай тасты соғарын қинала ойланған күймен. Ол да былш еткізіп бір салғанда көз-көз тастар қатарымен бір-ақ қарғыды. Ойнап отырған төрт ойыншы тастарды үн-түнсіз мұқият реттеді. Сосын үшіншісі ойға шомды... Ол да құлақ тұндыра былш еткізді.

- Шыдап болды!

- Қалпақтай ұшты! – деп төртінші өз тасын ойланбастан тастады. -

Санаңдар жұмыртқаларыңды.

Үшінші тәулікке ауғанда сәл саябырси бастады

Бастық шолақ тонын киіп, сыртқа шықты. Он минуттай жоқ болды. Қайта кіріп, бас киіміндегі қарды сілкіп, шолақ тонын шешті. Барлығы, ол не дер екен деп тосуда.

- Жолға шығу керек, кім бар? – деді бастық.

Екі тракторшы: Колька мен Петька. Колька Петькаға қарады, Петька Колькаға. Екеуі де еңгезердей жас жігіттер.

- Қалай, басылайын деп пе?

- Саябырсыпты аздап. – деп бастық Колькаға көз тастап, мырс етті. –

Сонымен кім?

- Жарайды, мен-ақ, - деді Колька, көші-қон кезінде қиылған ағаштарды

бір жаққа тартып беріп, қомақты сырт табыс тауып, тығыздағышым жарылды деген сылтауды желеу етіп, екі күн қыдырған-ды. Жайын ауыз бастық бұдан хабардар еді, әр жолы Колькамен амандасқанда: «Тығыздағышың қалай?» деп ыржиятын.

Сол сырт табысты - қашан желкесінен шығарады деп тосатын Колька, бірақ бұны әлденеге жайына қалтырды. Колька жинала бастады. Жан-жақтан кеңес төгілді:

- Бұлақтан алаңқайға қарай тарт, қазір ол жақтың қары онша қалың

емес.

- Алаңқайдың қай тұсынан?

- Бірақ.

- Басқа біреуге айт. Керісінше, бұлақтан солға қарай...

- Колька ешкімді тыңдама, өз білгеніңмен тарта бер...

- Мүмкін, біраз тоссақ па? – деген ұсыныс білдіріп, Колька бастыққа

жалтақтады. Анау түксиіп алып, қойын дәптеріне бірдеңені сүйкектетіп жатыр.

- Бері кел, - деді ол. – Қара, міне бұлақ, міне алаңқай – алаңқаймен тарт.

Сонымен Марушкиннің қолтығына жетесің – міне ол, тағы жолға қарай бұрыласың, сол тұстың бір жерінде тұр ол. Тіркеп алуға тырыс. Мүмкін болмаса, тракторға молырақ салып алыңдар... Шошқа майы, нан. Қаптардың астындағы жасыл құтыда спирт бар – ала келіңдер.

Ағашкесушілер бір-біріне қарасты. Арасындағы біреу тамағын кенеп қойды.

- Ол құты ендігі кабинада, Митяның қойнында шығар. Онымен жеке

шүйркелесіп отыр.

- Айдан анық, құтыны жүдетті.

- Иә, Митя... Ол тек құтының ғана тілін тауып қойса, әрине...

Бастық бұл ескертулерді естімеді.

- Мүмкін, тоса тұрсақ па? А? – деп Колька тағы ұсынысын айтты.

Бастық қойын дәптерін сарт жауып, ойланды.

- Есеп бойынша оның жанармайы бес сағат бұрын түгесілді. Сен үш

сағаттай жүресің... Сегіз. Жарайды. Алты сағаттан соң сендерді күтеміз.

Колько әлдене деп сыбырлады да сыртқа беттеді. Он минуттан соң оның тракторының пускашы (мотордың от алдырушысы) жағымсыз тырылдап, сосын двигателі құмыға гүрілдей жөнелді.

- Жылжыды, - деді бір ағаш кесуші.

Қалғандары үндемеді.

Босых Митька, бұрындары ауылдың ұрысы болған, ақын, сөзуар және құдайды қарғаушы, кабинасында боқтанып отырды. Бұдан бес сағат бұрын жанармайдың соңғы тамшысы сарқылып, оны сауырына дейін қар басты.

- Өліп барам, уәла! Біткен жерім осы!.. Әрі кетсе - аяқ-қолым үсір.

Жасыл құты бірталай орталанып, расында оның кабинасында жатыр.

Калина красная,

Калина вызрела;

Я у залеточки

Характер вызнала!..

Митька құтыдан бір ұрттады да майды тісіне басты.

- Өмір!.. Көрген түстей, таңғы тұмандай, уәла...

Кенет ұлыған желмен араласып, трактордың дауысы шыққандай болды. Ойым шығар деді де тың тыңдады: рас, трактор.

- Үра-а! – деп айғайлап, Митька кабинадан сыртқа ұмтылды. – Жаным!

Құйтақандайым менің!..

Трактор қиыншылықпен жылжып келеді; біресе қайқайып тікке салады, енді бірде қалың қарға радиаторына дейін сүңгиді, әсіресе сол кезде шығуға соңғы күшін сала ышқына гүжілдеп, түтіндеп, буы бұрқырап, сақылдап жанкештілікпен алдыға ұмтылады. Колька тамаша тракторшы болатын.

Қарға батқан машина мен оның қасында тұрған Митьканы көрген Колька кідіріп, тракторды сол арқыраған күйі қалдырып, қабинадан шықты.

- Ісіп- кеуіп жатырсың ба?!

- Ау?!

- Мә!.. Құты аман ба?

- Ау?!

Ақ түтек аяққа тұрғызар емес; қайта-қайта күшене соғып: байлауды үзе ұмтылғанда төңірек көзге түртсе көргісіз болып, бір қалыпты, қорқынышты шатырлап, аңырайды, бейнебір қалың матаны далбырлатып жыртып жатқандай, енді бірде оқыс тым-тырыс бола қалып, осыған дейін көтерілген түтік - тымық сәтте төбеден ақ мамық болып сауылдайды. Сосын тағы да жел не етектен, яки жоғарыдан екені белгісіз қайта екпіндеп, күш ала бастайды...

Машинаны байқап шықты; екі немесе үш трактордың ғана сүйреуі мүмкін. Азық-түлікті тракторға тасуға кірісті.

- Құтыны орындадың ба?!

- Е немене, өлуім керек пе? Бастық сонда ма?

- Сонда!

- Мен жайлы газетке жазсын, уәла... Қалай ерлікпен үсіп қала

жаздағанымды!

- Құты да көп пе әлі?

- Ау?

- Көп сілтедің бе?

- Жетерлік онда... – Митька желге қақалып, бірталай жөтелді. - Бәріне

жетеді! Кеттік кері қарай.

Калина красная-а,

Калина вызрела-а! – деп Митька бар дауысымен ән салды; қуаншыныда шек жоқ: аман қалды. Колька талайға дейін шыдап келді де тұтқаны тапсырып, құтымен айналысты. Екеуі біраз ішті де сым темірмен өлшеп, қанша қалғанын тексерді. Сосын тағы азғана ұрттасты.

Ойнап-күліп дегендей, әпсәтте жетіп келді. Оларды тосқалы қашан. Қарайған жұрт азық-түлікті тоқал тамға жабыла таси бастады. Жасыл құтыны бастықтың өзі алып, жатақ-төсектің астына қойды. Аядай тамның іші у-ду болып кетті. Масайған Митька дәлдірлей бастады.

- Басеке, «Еңбек вахтасына» мақала: «Митька Босыхтың ерекше

әрекеті». Менің кері қарай кете салуым да мүмкін еді ғой! Мүмкін бе еді? Мүмкін болатын... Маған жете алмайсың деп те айтты. Мен оларды тікесінен енелеріне бір-ақ аттандырдым да тартып кеттім, уәла. Шынында серейіп, үсіп қалуым ықтимал еді ғой. Ал сендер отыратын едіңдер осында там төбеске қарап...

- Қаншасын іштіңдер? – деп сұрады бастық Колькадан.

Қолька тыржиып, сау адамға ұқсағысы келді. Егер ішкен болса, жылыну үшін ғана – ерін жібіткен шығар.

- Білмеймін. Шашылып-төгілгені көп болды. – деді ол.

Бастық құтыға үңіліп, шайқап көрді...

- Бір жарым литр. – деп қойын дәптерін шығарып жазды да: -

Айлықтарыңнан ұстап қалам. – деді.

Барлығына жарты стақаннан құйып берді де Митькаға құймады.

- Жетеді, - деді бастық.

Митька бүлік шығарып, бастыққа қарай ұмтылды:

- Солай ма? Иә? Мен сәл болмаса жан тапсыра жаздадым ғой, уәла!..

Бастық өзінің үлесін қақшып алды да жайынаузын тыжырып, нанды тіске басты.

- Жайынауыз! Мен ғой алып келген, ал сен болсаң... - деп Митька

азалана айғайлады.

- Сабыр сақта, Босых. Мақаланы жазамын, ал спирттен бермеймін. Өз

үлесіңді іштің. Әйтпесе Жалаңаяқов емес Қылжыров боласың.

Ірі денелі Митька бастықты жағасынан бүріп:

- Білгің келсе, мұны мен басыма төңкере салатын едім ғой!.. – деді.

Бастық оны итеріп жіберді. Митька қайтадан жұдырығын ала жүгірді... Бастық аласа бойлы, сырттай жұқалтаң мұжық еді, орнынан көтеріліп, Митьканың іш жағынан құлаштамай түйіп қалды. Митька қос бүктеліп, жатақ-төсекке отыра кетті. Әрең дегенде тыныс қайтарып, шағымданды:

- Төс сүйектің астынан, уәла... Бұның қалай?.. Ең болмаса житпис грамм

құйсайшы?

- Болмайды, - деді ол. – Жетер. Бар тамақ іш.

- Ішпеймін, - деп Митька қыңырлық танытты. – Егер сен өстісең, мен де

сөйтем: аштық жариялаймын, уәла.

Барлығы күлді. Бастық та күлді. Ол біртүрлі, қатындар құсап сыңғырлай күлетін. Тек өте сирек күлетін.

- Қазір осы, бәріне айтайын ба? – деді аяқ-асты Митька, бастыққа

қара бұлт төндіре қарап.

- Айта бер, - деді анау салқынқанды.

- Айтайын ба, жоқ па?

- Айт.

- Ә-ә... бәсе.

- Немене «бәсе»? Айт. – Бастық Митькаға мұқият зер сала, мысқылды

көз тастады. Тосып тұр. Бәрі тым-тырыс. Митька бастықтың көзқарасына шыдамай теріс қарады...

- Отырмын жатақ-төсекте, стосс қарта атып! – деп ол әндетіп, жатақ-

төсекке артылды. Сосын соңғы рет бағын сынағысы келіп: - Елюю грамм? Сосын – біс! Үнім шықпайды. Ә? Иван Сергеич?

- Жоқ.

- Бітті – құрыды, Ақтөсім өлді. Айналайын басекем, алтыным-күмісім!..

– деп Митька тағы біраз әндетті де тым-тырыс боп, ұйқыға ауды.

- Әй, Митька-ай... Қай жерінен шыға береді екен? – деп ағаш кесушілер

дабырласты.

- Біраз отырсаң – өзің де үйреніп қайтасың.

- Иә, о жақта әбден үйретеді.

Бастыққа ұрлана қарағыштап қояды: ол туралы Митька не біледі екен деп?

Бастық ештеме болмаған сыңай танытып, шошқаның майы мен нанды күрсілдетіп, шәймен айдап отыр.

- Мен де енді болмаса үсіп қала жаздадым ғой? – деді Кольканың

есі кіріп. Ол жол-жөнекей тағы үстемлеткен-ді, содан да масайыңқырады.

- Ары бара жатқанда өшіп қалдым. Бір сағаттай арпалысқан шығармын...

Қолдарымды үсік шалды. Сөйтсем, қарабасқыр түтін шығарға қар кептеліп қапты!.. Оны бензинмен өртеп ағыздым... Өзім өртеніп кете жаздадым: міне! – деп күпәйкесінің күйген жеңін көрсетті. – Байқаусыз шашып қалып ем, лап ете түсті...

- Тығыздағышың тесілген жоқ па? – деп сұрады да бастық тұтқиылдан, 
әйелдерше сыңғырлай күлді.
- Қашан сен сол тығыздағышты ұмытар екенсің? Немене, өмір бойы 
бетіме басып өтпекшісің бе?!!
- Жоқ, - деді бастық байсалды. – Бар ұйықта. Біз де біраз демаламыз, 
ішкеніміз бойға тарасын, сосын шатырды бекітеміз. Әйтпесе оның тас-талқаны шығады ағаштарға ұрылып. Немесе мүлдем алып кетеді. 
Колька жатақ-төсектегі Митьканың қасына беттеді.
Тоя ішкен түскі астан кейін ағашкесушілер шылымдарын бұқыратты. 
Бастық қойын дәптерін алып, стөл басына жайғасып, мақала жазуға кірісті. «Шопыр Дмитрий Босых пен тракторшы Николай Егоровтың айырықша әрекеттері». Солай деп жазды да сызып тастады. Өзгеше жазды: «Ағашкесушілер құтқарылды!» Тағы да сызды. Қайта жазды: «Жол. Редактор! 7-ші учаскедегі ағашкесушілердің боран басталған дейін азық-түліктері түгесілген еді. Олардың басына кәдімгідей қиыншылық төнді. Шопыр Дмитрий Босых пен тракторшы Николай Егоровтың айырықша әрекетінің арқасында азық-түлік учаскеге жеткізілді». Бастық жазғанын оқып шығып, көңілі толды. 
- Иван Сергеич, - деді бір ағашкесуші, - егер құпия болмаса: Митька не 
айтпақшы боп еді?
- Митька?.. – деп бастық жақтырмай жымиды. – Ол екеуміз бір лагерде 
отырдық. Ол менің бригадамда болған.
- Мәссаған... сізде ме?
- Он екі жыл. Митька болса қоқан-лоққы көрсетеді. – Бастық тағы өзін 
ұстай алмай, осымен үшінші қабат ашық та адал күлкісіне басты. Күлкісіне қанып болған соң: - Тегі оны қандай азапқа салсаң да тіс жармас еді. Мастықтың арқасында аздап қоқан-лоққы көрсеткен түрі ғой. Ол тамаша жігіт.
- Не үшін Иван Сергеич?
- Отырғаным ба? Жүз он алтыны екіге бөлгендегі. Кеттік, бауырлар, 
шатырды тауып әкелейік те.
Бастық киініп, арқанды қолына алып, айтопыр тозаққа үйден бірінші болып шықты. 
Боран қайтадан күшіне ене бастапты. Ақпанның ақ түтігі – кемінде бір жеті түтейтін тәрізді. 
 
 
НӨЛ-НӨЛ БҮТІН
 

Совхоздың конторына Колька Скалкин есеп айырысуға келді. «Осындай қайнаған уақытта...» деп кеше оған директор ұрысқан-ды. – «Сіздерде өмір-бақи қайнаған уақыт! Айлықтарың ғана суық, қалғанының барлығы ыстық». «Өз еркімен босатылсын» деп оның арызына директор қол қойып берген. Еңбек кітапшасын алу ғана қалды. Сол еңбек кітапшасына Кольканың келген беті.

Кітапшаны ақ костюм киген, семізшелеу, жылтыраған момын бетті, қасы әппақ Синельников Вяче­слав Михайлович деген біреу беру керек екен. Синельников сырттан келген кісі, Кольканың естуінше ол қытымыр адам.

- Неге жұмыстан кетіп барасың? – деді Синельников, Колькаға

шаршаған кейіппен қарап.

- Аз төлейді.

- Қанша?

- Не «қанша»?

- Сен қаншаны азсынып тұрсың?

- Алпыс-жетпіс... Кейде одан да төмен.

- Мақұл. Саған қанша керек?

Қольканың намысына тиіп кетті.

- Маған ба? Үш есе осынша.

Синельников бұндай өрескел қылыққа таң қалмады да күлмеді де.

- Яғни, жетпеді ме?

- Жетпегені түгілі айтуға ұят: аяқ-қолым сау, жұмыстан қашқан емеспін,

ал...Тфу! – деп Колька айлығы туралы біраз наразылық таныта янаттанды, совоз басшыларының басына да су құйді, содан соң ары қарай езе бергенді жөн көрмей: - Болды. – деді.

- Енді қайда?

- Қазір ме? Тіреуіштерге шұңқыр қазам. Отыз жетінші шақырымға.

- Мамандығың қалтаңда, ал шұңқыр қазбақшысың. Сен екінші класты

жүргізуші емеспісің...

- Енді қайтпекпін?

- Арақты азырақ ішу керек, - деп Синельников Колькаға еш

қызығушылықсыз, немқұрайлы, ылжырай қарады. Осыны сұрап, сөз ғып отырғанының өзі түсініксіз еді.

Колька Синельниковтың қойыртпақ түсті, момақан көздеріне қадалды. Танауын жыбырлатып, (кейін елдің бәріне осылай дегем деп) сыпайы түрде:

- Еңбек кітапшамды алақаныма салыңыз. Бюрократшылдықты қойыңыз. Білесіз бе, анау-мынаусыз.

- Қандай анау-мынаусыз?

- Мен лекцияға келмеген сияқтымын, дұрыс па? Еңбек кітапшама

келдім.

- Лекцияны да тыңдаған зиян емес. Лекцияға келген жоқпын дейді ол...

Арақты шелектеп ішкенге ақшалары жетеді, қарашы-ей бұны, аз төлейді, – Синельников бір ғажабы қазір де сөзінің мақамын өзгертіп, асығып-аптығып, көтерілген жоқ... тіпті қабағын да шытпады.

- Жұтқылар. Жұтып жатыр, жұтып жатыр, жұтып жа-тыр қу арақты!..

Қалай жалықпайды-ей? Жынданып кетуге болады. Жұтқыр сорлылар.

Колька бұған лайық емес еді. Әрине ішті, тек осылай «жұтқыр» деуге, және «сорлы» деуге... Жоға, бұл бекер. Бір қызығы Кольканың шамына тиген оның сөзі емес, сиырдың мөңіресіндей күңіренген, бір сарынды үні былай дейтіндей: Колька үміттенуге болмайтын жаман, болары болып-бояуы сіңген адам, соншалықты діңкелеткені - тіпті жүйке тоздыруға да тұрмайды, бұның бәрі әншейін айту қажет болған соң айтылып жатыр да, бірақ еш қайрансыз.

- Бұ не сұмдық, атаңа нәлет! – деп Колько ашудан шоршыды. – Сен

немене... көк сияны ішіп алғансың ба? Неғып сілкілеуге кірістің? Қарашы-ей, атқа мінер болдым деп, қамшы сілтеуден дәмелі. Сен не осы? Саған басқа жасайтын жұмыс жоқ па, бюрократ?

Синелников осының бәрін жиналыстағыдай жайбарақат тыңдады: төралқада отырып шымбайға тимейтін үйреншікті сын тыңдаған сияқты жағын таянған.

- Жалғастыра бер.

- Мен еңбек кітапшама келдім, жалғастыратын дәнеңесі жоқ. Арызға қол

қойылған ба? Қойылған. Әкел еңбек кітапшамды.

- Егер керек етсең, мен саған бір бапты тауып берейін.

- Не үшін? – деп Коля сасып қалды.

- Бүлік шығарғаның үшін. Тәртіпсіздігің үшін... Титімдей ғана таңба

түсірем, сосын сен менің алдымда билеп бересің... краковякты, - деді Синельников Кольканың абдырағанына рахаттанып, бірақ оның рахаттанғаны да біртүрлі солғын, бейжай еді. Дейтұрғанмен Колька өзін-өзі қолға алды.

- Не үшін маған таңба салмақсың?

- Таңба салып берсем, сен тіреудің астына шұқыр қазуға келгеніңде,

саған: «Е-е, қарағым, сенің мына жеріңде... Жоға, былай дейді, бізге бұндайлардың қажеті жоқ». Сонымен бітті. Сөйтіп шұқырыңнан екі жүз сомыңды алып жарылқандым дей бер. Сондықтан танауыңды тым көтере берме. Қарайгөр мынаны, арпылдағысы келеді бұ жерде... Шірік неме, - деді Синельников дауысын әлі де көтерместен, жағын тіреген қолын да түсірген жоқ, сол баяғыша төралқадағыдай отыр.

- Кім? Қалай дедің? – деп сұрады Колька.

- Немене «кім»?

- Мені ше? Қалай дедің сен?

- Шірік неме дедім.

Колька сиясауытты алды да Синельниковтың әппақ костюміне бір-ақ ақтарды. Өзінен-өзі осылай боп кетті...Қолына сиясауытты ұстаған кезде Колька не істегісі келетінін ойлап та үлгермеді... Қалай да солай, әйтеуір – шашылды. Синельников таянған қолын түсірді. Сәл ойланды да тез пиджагін шешіп түрегелді, сиясы еденге ағып болғанша созған қолында ұстап тұрды. Сия ағып сарқылды... Синельников пиджагін жайлап сілкіп, тағы тосты, сосын орындықтың арқасына ілді. Сонан кейін жейдесі мен шалбарына қарады: пиджакқа сіңіп үлгермепті, шалбарына да тимеген екен.

- Солай... – деді Синельников. – Таңдай бер: костюмді бояу мен

химиялық тазалауға жиырма сом, әйтпесе қорлаған әрекетің үшін сотқа берем.

- Сен өзің бастадың ғой қорлауды...

- Мен – сөзбен ғана, ешкім естіген жоқ, сия – міне көз алдыңда тұр.

Есесіне химиялық, - Синельников тағы да баппен, түр-түссіз сөйледі. Ғажап адам! - Сенің бағыңа орай мен оны боятайын деп жүргем. Әлі білмей тұрғаным, химиялық сияны тазалауға алама екен... Жиырма бес сом, - Синельников телефон тұтқасын ұстап: - Бір жағына шық. Әйтпесе милицияға қоңырау шалам.

Колька төлей салғанының дұрыстығын түсінді. Бірақ оның жынына тағы тигені, мына заңкөйдің көзді бақырайтып қойып бағаны өсіргені.

- Неге жиырма бес сом? Біресе – жиырма, енді ес жидырмай – жиырма

бес. Тағы біраз отырсақ, сен елуге жеткізерсің?..

- Бес сом – бұл ауданға дейінгі жолға: ары мен берісі. Қапелімде ойыма

келмеді.

- Сонда не, бір жағына екі сом елу тиыннан ба? Сені елу тиынға кім

көрінген жеткізіп тастайды.

- Кім көрінгенмен барғым келмейді. Олай қарай – кезіккенмен, ол

жақтан – такси алам.

- Төре боп кеттің ғой!.. «Таксимен»!

- Иә, таксимен. Немене – таң көрінеме?

- Таң ештеңесі жоқ, тек... тегінге тойып кекірген – шынында ұят емес

пе?

- Сен мені сияға шомылдырдың – саған ұят емес пе? Өзімнің жекеменшік костюмім үшін мен немене, көрінген көлікке жабысуым керек пе? Жиырма бес. Жаз.

- Нені?

- Қолхатты.

Синельников бір бет қағазды Кольканың алдына жылжытты.

Колька бетті жиіркене ұстады...

- Қалай деп жазу керек?

- Мен, осындай да осындай, - аты-жөніңді толық, - жолдас Синельников

Вячеслав Михайловичке төлеп беруге кепілдік беремін: жиырма бес – жазбаша – сом, нөл-нөл тиын...

Колька ызалана мырс етіп, басын шайқады.

- «Нөл-нөл тиын»!.. Кәмандір, мля!..

- Нөл-нөл тиынды жолдас В.М. Синельниковтің ақ костюміне әдейі

залал келтіргенім үшін.

Колька жазуды тоқтатты.

- Не үшін «әдейі» деп жазам? Егер мен өз еркіммен төлеуге келісім беріп

отырсам, жазып керегі не? Ана жақтағы біреу оқиды да бастайды... тисуді бастайды.

Синельников ойланды.

- Мақұл, жаз: жолдастың ақ костюміне залал келтіргенім үшін...

В.М.Синельников жолдастың ақ костюміне.

Колька «жолдастың» деген сөзді тастап кетіп, «Синельниковтің ақ костюміне» деп жазды.

- Химиялық сиямен...

Колька сауытты алып қарады да:

- Автоқаламдарға химиялық сия қолданушы ма еді? – деді.

- Енді қандайын? Есеп-қисап қағаздарын тек химиялықпен жазамыз.

- Жазғыштар, мля... – деп бұрқылдады Колька.

- Қолың. Күні.

Қолька қолын қойды. Қай күн екенін жазды. Қолхатты Синельников алды.

- Есеп айырысуға саған қанша тиісті?

- Мен қайдан білемін? Осындағы сен жақсы білетін шығарсың.

- Түстен кейін есеп айырысуға кел. Кітапшаңды да ала кетесің.

Колька орнынан көтерілді.

- Сен бар ғой... ешкімге тіс жарма, негып... мені жиырма бестікке

ұшырғаның туралы. Әйтпесе менікінің құлағына жетсе... бас бәлеге қалады. Бірдеңе деп жаза сал.

- Мақұл.

Колька есікке беттеді. Табалдырықта кідіріп, әппақ қасты, тығыз денелі адамға қарады. Синельников те бұған қарады.

- Не?

- Хо-о – деді Колька. Басын шайқады да кабинеттен шықты.

Дәлізде іштей тағы бір боқтанып алды.

«Жиырма бестік – иттің құйрығына қыстырғанмен бірдей болды. Қурайдың сынығындай ширатып, тықтың да жібердің». Бірақ, енді шұқыр қазуда екі жүз, екі жүз елу сомнан табатыны есіне түсті... Жаны жай тапты. «Көрмегенім осылар болсыншы! – деп ойлады, - Сол үшін өкініп...»



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар