Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Астанада Әбіш Кекілбайұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті (ФОТО)

14.12.2015 610

Астанада Әбіш Кекілбайұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті (ФОТО)


Кеше Астанадағы «Көрме» кешенінде ҚР Еңбек Ері, Қазақ әдебиетінің Абызы Әбіш Кекілбайұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.











Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлымен қоштасуға замандастары мен бірге қызмет еткен әріптестері, Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ағайын-туыстары жиналды.







Қоштасу рәсіміне жиналғандардың алдында алғашқы болып ҚР Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі.


- Заманымыздың заңғар жазушысы, кемеңгері, қазақ әдебиетінің абызы, Алаш жұртының әйгілі перзенті, Елбасымен бірге ел іргесін құраған , көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлын соңғы сапарға шығарып салып тұрмыз. Бұл қайғы бүкіл Қазақстан жұртшылығының қабырғасын қайыстырған ауыр қаза болды. Әбіш Кекілбайұлы қазақ руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Қазақ әдебиетін Әбіш Кекілбайұлынсыз елестету мүмкін емес. Маржан сөздің шебері, терең ойшыл, гуманист ғалымның қазақ әдебиетіне әкелген еңбектері әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз, - деді Қ.Тоқаев.







Сенат төрағасы жиналған қауымға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеделхатын оқып берді. Н.Назарбаев жеделхатта Әбіш Кекілбайұлының қазақ әдебиеті мен Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан зор үлесін ерекше атап өткен.



- Белгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың дүниеден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Көрнекті жазушы, терең білімді, жаны таза азамат Әбекең тек қазақ халқының ғана емес, Алты Алаштың әлем алдында бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі еді. Ол табиғи дарынымен жастай танылды. Мазмұны терең, танымдық мәні зор көркем туындыларымен, қоғамның түйткілдерін тап басатын отты мақалаларымен, философиялық толғамдарымен қаламдас әріптестерінің де, қалың оқырманының да жан-жүрегін тез жаулап, мызғымас бедел иесі атанды. Біз қиын-қыстау жылдарда ел игілігі үшін қатар жүріп қызмет атқардық. Оның талай-талай орынды ақыл-кеңестерінің куәсі болдым, жанашырлық көмегін сезіндім. Оның есімі мен шығармалары әрдайым туған халқымен бірге жасай береді. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын!, - делінген жеделхатта.







Академик Серік Қирабаев қаралы қауымның алдында сөйлеген сөзінде Әбіш Кекілбайұлының Қазақстан Тәуелсіздігінің орнығуына қосқан үлесін атап өтті.



- Әбіштің кім екенін қазақ халқы жақсы біледі. Өзінің алып талантымен, қоғамдық және мемлекеттік қызметімен Тәуелсіздік жылдарында Әбіш халқына адал қызмет етті. Барлық жазушылығын да, талантын да осы Тәуелсіздікті түсіндіруге, орнықтыруға жұмсады. Сонымен бірге Әбіш сөзге шешен, тапқыр, алғыр, өте епті тұлға еді. Сондықтан оны Ұлы билердің дәстүрін бойына берік сіңірген адам деп қарайтын едік, - деп еске алды академик.







Мемлекет және қоғам қайраткері, профессор Мырзатай Жолдасбеков уақыт өткен сайын Әбіш Кекілбайұлының сіңірген еңбегі мен мұраларының құны арта түсетінін атап өтті. 
- Азаматтық тұлғасы, қайраткерлік келбеті, суреткерлік болмысы, гуманистік табиғаты, адами бітімі бөлек өз елінің сүйікті перзенті еді. Әбіш ұшан-теңіз, білімпаз және дана еді. Алтын құрсақ аналар аман болса, әлі де талай Әбіштер келер дүниеге, бірақ олардың ешқайсысы Кекілбаев бола алмайды. Шүкір, Әбішті халқы лайықтап бағалады, Еңбек Ері атанды, алқалы жиындардың үнемі төрінде отырды. Артында бай мұра, аталы сөз, асыл өнеге қалды. Сондықтан оның туған халқымен бірге жасай беретініне ешқандай күмәнданбаймыз. Алыстаған сайын Әбіштің рухы да асқақтай беретін болады. Жаның жәннатта болсын, данышпаным! Қош, қимас бауырым!, - деп тебіренді М.Жолдасбеков.


Жиналған қауымның алдында Сенат депутаты Нұрлан Оразалин, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев сөз сөйлеп, Әбіш Кекілбайұлының өшпес мұрасы мен Қазақстан қоғамына сіңірген өлшеусіз еңбегі тарихымызға алтын әріппен жазылатынын атап өтті.









Қоштасу рәсімінен соң Әбіш Кекілбайұлының мүрдесін жерлеу үшін жиналған қауым Астана қаласындағы Ұлттық пантеонға аттанды.













Жақын туыстары мен қалың жұртшылықтың келісімімен, Елбасы шешімімен Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының мүрдесі Астана қаласындағы Ұлттық пантеонда жерленді.

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС, baq.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар