26 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Абайдың баласы Ақылбай да ақын болған

11.12.2015 325

Абайдың баласы Ақылбай да ақын болған



508751bb4ccd66349b5c89b64761bc70.jpg



Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы ата жолымен атастырып алған бәйбішесі Ділдәдан 16 жасында бала сүйеді. Осы 1861 жылы туған тұңғыш баласын Ақылбай деп атайды. Ол туғанда Абайдың өзі де жас, енді ғана жаңа отау құрып отырған кезі еді. Құнанбайдың төртінші, кіші әйелі Нұрғаным бала көтермегендіктен, Ақылбайды кішкентайы­нан бауырына алып, асырап алады. Сол себептен де Ақылбай жас күнінен Нұрғанымның тәрбиесінде болып, Құнанбайдың кенже баласы атанып өседі.


Өз кіндігінен бала болмаған Нұрғаным Ақылбайды кішкентайынан бетінен қақпай, айтқанын істеп, ерке бала қылып өсіреді. Құнанбай Ақылбайды тоғыз-он жастарға келгенде молда Ғабитханға оқуға береді. Ғабитхан Ғабдыназарұлы Құнанбай ауылының балаларын оқытатын, қазақ арасына әскерден қашып келе жатып сіңіп кеткен ноғай молдасы еді. Одан сегіз жасынан бастап Абай да мұсылманша дәріс алған. Ғабитхан Есенбай жырасы деген жерде 1857 жылы Құнанбай салдырған медреседе, одан кейін 1880 жылдардан бастап Абайдың Жидебайда тұрғызған медресесінде дәріс берген. 1932 ашаршылық жылдары қайтыс болған Ғабитханды Жидебайдағы Зере мен Ұлжан зиратына жерлеген. Ақылбай төрт-бес жылдай осы молдадан оқу оқиды. Оның діни сауаты осы жыл­дармен, осы оқумен тамамдалған. Нұрғаным қолында өскен Ақылбай Абайға іні ретінде қарап өскен. Жас кезі, бозбалалық шағы әкесінен алыс өткендіктен, ол орысша оқи алмай қалады. Оның оқу-білімі ауылда Ғабитхан молда оқытқан діни, мұсылманша оқумен шектеледі.


Ақылбайдың үйленуі


Баласына текті жерден қыз айттырып алғыз­ғанды қалайтын Құнанбай ескіше сауатын аш­қан Ақылбайды өзі атастырып, үйлендіреді. Ақыл­бай­дың құда түсіп алған қызы да осал жердің баласы емес еді. Құнанбай өзі сияқты қарадан шығып, «хан» болған, яғни аға сұлтан болған, өзімен тең­дес Қисықтың Жұмақан деген баласының қызы — Ізіқанға құда түсіп, Ақылбайды үйлендіреді. Ол 1844 жылы Көкпекті округінен аға сұлтан болып сайланған. Сондықтан ел Қисықты «қара қазақтан шығып, хан болған» деп дәріптеген екен.


Құнанбай Ақылбайды үйлендірген соң, оған енші бөліп беріп, жеке бір ауыл етеді. Атағы зор мырза баласы болғандықтан, жаңа отау көтерген Ақылбай өмірінің аз­даған жылын ауылында сауық-сай­ранмен өткізеді. Жастайынан Нұрға­ным­ның оны еркелетіп өсіруі, Құнанбайдың кенжесі, бай баласы ретінде елге танымал болуы, Құнанбай атына арқалануы, қиыншылық көрмей өсуі Ақылбайды жас күнінен масаттандырып, шаруа ісіне, ел ішіндегі айтыс-тартыстарға, партия болып айтысып жататын дау-дамайға аралас­пауына әсерін тигізеді. Мінезі қызық, сол кездегінің әдетіндей оған байлықтың, басшылықтың, төреліктің керегі болмаған. Абай туыстары­ның, Құнанбай балалары­ның көпшілігі болыс болып, ел билеу ісімен айналысса да, бұл тізімнің ішінен Ақыл­байды көре алмаймыз. Ел естелігі Ақыл­байды бай-кедей, үлкен-кішінің бәрін бірдей көретін, атының айы­лы ағытылып жүрсе де, жығыламын, құлай­мын деп ойламайтын, соншама ақкөңіл, аңқыл­­даған, бейқам адам болды дейді. Дой­бы сияқты ойын­нан ешкімнен ұтылма­ған. Қылқобызды да, домбыраны да Шың­ғыс­­тауы­ның қайыңы мен тал-терегінен өзі жасап алып, ойнай бе­ретін музыкант, ақын әрі ісмер болған. Ең негізгісі – ақындық қа­ры­мы да осал болма­ған.


Ақындықтың оянуы


Ақылбайдың жас күнінен Нұрғанымның қолында тәрбиеленіп, әкесі Абайдан аулақ өскенін, ең негізгісі – оның аңқаулығын пайдаланып, Абайға қарсы адамдар әке мен баланың арасына от жағып, зұлымдық айла жасап, біріне-бірін қарсы қойып, екеуін тіпті ажыратпақ та болған.

Елдің жымысқы әрекетін, баласының сенгіш, аңқылдаған мінезін байқаған Абай осы кезде «Ата-анаға көз қуаныш» деген өлеңін жазған. Абай өлеңінде әр ата-ананың баласын мәпелеп, еркелетіп өсіре­тінін, олардың тәлім-тәрбиесіне айрықша мән беретінін баяндай келіп, егер бала жасынан от басы, ошақ қасынан аса алмай, үйкүшік, жасық болып өссе, онда әке-шеше еңбегі­нің зая кететінін, үміт-арманының орын­дал­майтынын, баланың жағымсыз тәр­бие­лерден пайда болған жағымсыз әдет­терін айтады. Сондықтан ақын жас ұрпақты жаңалық атаулыға үйір, талапты, жігерлі болуға, қатарынан қал­мауға, ма­сыл болмауға шақырады. Елін, жерін сүйер, ата-анасын, туған-туысқанын сый­лар жақсы азамат тәрбиелеуді басты шарт етіп қояды.

Абайдың бұл өлеңі бейқам жүрген талантты Ақылбайға үлкен ой салып, қатты толғантады. Бұл Абай ауылы ақын-жыршыларға толы, Абайдың ақындық мектебінің мағыналы сәттері өтіп жатқан, шәкірттері ұстазы төңірегіне жиналып, нағыз үлкен, үлгілі мектепке айналған тұс болатын. Ақылбайдың жігіт ағасы болып қалған кезі де еді.

Енді бұдан былайғы Ақылбай өмірі Абай алдында ақын шәкірт болып, өзінің талантты інілеріне ақын аға, Ақыл аға атанып өтеді. Абайдың ақындығын танып, оның ақын шәкірттерімен болған мәжі­лістері мен өсиеттері қатты әсер еткен соң, Ақылбай өз бойындағы дарынын, ақындық қасиетін жарыққа шығара бастайды.

Өзінің бір өлеңінде Құнанбайдың ерке  мырзасы атанып, дүние қадірін білмей, уайым-қайғысыз, мағынасыз, еркелеп өткіз­ген жастық шағына мысқылмен қарап, қалжың-шыны аралас төмендегідей өлеңді шығарған:

Бұлғыннан ішік кидім кәмшат жаға,
Сарп еттім дүниені, білмей баға.
Талай қыз «Ақылжан» деп тұрушы еді,
Дейтұғын сұмдық шықты-ау «Ақыл-аға».


Скрипкада ойнаған сазгер


Ақылбайдың ақындығымен бірге, ән шығаратын композиторлық өнері де бол­ған. Осы өлеңнің арнаулы әні де болыпты. Оның әншілік, композиторлық өнеріне байланысты Семейдегі Абайдың мемлекет­тік қорық-мұражайының қолжазба қо­рын­да Рақымжан Мамырқазовтың естелігі сақталыпты. «Ақылбай сауықшыл, әнші, скрипкашы болатын... Домбырада қазақ­тың ескі күйлері – «Азамат қожа», «Бұлаң жігіт», «Бес төре», «Асыр қалша» деген күй­лерді тартатын. Скрипкада Абайдың әншісі атанған Мұқадан үйренген бірнеше түрлі орыс күйін тартатын. Дойбы ойынын­да Ақылбайды ұтатын адам бола қойған жоқ», – дейді Ақылбайдың заман­дасы Рақымжан Мамырқазов.

Абайдың ақындық айналасының әсері­нен Ақылбай ән-күй, музыка өнеріне ден қояды. Оның композиторлығына жоға­ры­да келтірген өлеңімен қатар, Әлмағамбет деген әншінің сұрауымен шығарған тағы да бір әні – дәлел. Матай деген жерге інісі Тұрағұлдың қайнына күйеу­шілеп бара жатқан Әлмағамбет әнші Ақыл­байға келіп, «жаңа ән шығарып бер» деген соң, бірден сол жерде сөзімен бірге бір әнді қолма-қол шығарып берген. Бұл оның импровизацияға жүйрік ақын екендігімен қатар, ерекше таланттылығына дәлел бола алардай. Осы шығарған өлеңнің үзіндісін келтірейік:

Бір ән тауып Әлекең бер деген соң,
Матай да алыс бірталай жер деген соң,
Он минутта ойыма осы ән түсті,
Қапаш-құпаш көңілді сермеген соң.

Ұстазы және әкесі Абайдың өзі жазған өлеңдерін жинап, жариялау ісімен шұ­ғыл­данбағаны сияқты, Ақылбайдың жазған көптеген өлеңі заманында баспа бетін көрмей, жинақталмай, біздің таңға жетпе­ді. Оның жастық, махаббат тақырыбына жазған көптеген өлеңі болды дейді құйма құлақ, көнекөз ақсақалдар. Ақыл­бай 1895 жылы Әбдірахман өліміне жоқ­тау өлең жазады. Ал 1904 жылы інісі Ма­ғауия қай­тыс болғанда жазған жоқтауы сақталған.

Ақылбай әкесі Абаймен бірге 1893-1894 жылдары Семей қаласындағы бас­тауыш білім беру ісіне қамқорлық жасай­тын қоғамның толық мүшесі болады. Сөй­тіп, өз тұсында мәдени-ағарту ісіне де қатынасқаны байқалады.

Ақылбайдың Әлімқұл, Әубәкір және Исраил атты үш ұлы болады. Олар да Абай, Ақылбай тәрбиесінің арқасында, жара­ты­лыс болмыс-бітімдерінің әсерімен әке, ата жолын қуып, өнер жолына түскен. Мысалы, Исраил скрипка, домбыра құлағында ойнаған шебер музыкант болады. Өз әкесі Ақылбайдан және Мұқалардан естіп үй­рен­ген 40-қа тарта қазақ, орыс күйін орындаған. Біразын нақты мысал етсек, олар: «Ала байрақ», «Бұлаң жігіт», «Кертолғау», «Балбырауын», «Саймақтың Сары өзені», «Азамат қожа», «Бес төре» сияқты қазақтың халық күйлері. Абай әндері, орыс музыкасынан «Тоска по ро­ди­не», «Осенняя мечта» деп өз естуінше атап тартатын күйлерден басқа, аттары есінде жоқ талай ән-күй орындайтын бол­ған.


Мұра 


* Ақылбайдың ақындық қарымын танытатын – оның поэмалары. Ақылбай артынан үш поэма қалған. Олар: «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп»), «Зұлыс» және «Жаррах батыр». «Жаррах батыр» поэмасы бізге жетпеген. «Зұлыс» поэмасының басқы бір-екі бөлімі ғана сақталған. Бұл поэманың үзіндісі 1924 жылы «Сана» журналының 2-3 сандарында басылады. «Дағыстанның» («Кәрі Жүсіптің») үзіндісі алғаш рет 1918 жылы «Абай» журналының 5-санында жарияланған. *


*P.S.

Ақын өмірінің соңғы жылдары ауыр қайғымен өтті. Әйелі қайтыс болады. 1895 жылы інісі Әбдірахман (Әбіш) қайтыс болса, 1904 жылы екінші інісі Мағауия қайтыс болады. Мағауияның соңынан көп кешікпей 40 күннен соң әкесі Абай қайтыс болады. Халық Абайдың қырқын Семей қаласында берген. Ақылбай Абай өлімінен 40 күннен соң, әкесінің қырқын берген күні, 1904 жылы 43 жасында Семей қаласында кенеттен қайтыс болған.


Ақылбай бейіті қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы өз қыстауы –Тышқан бұлағының қасында.*



Нұргүл ӘУБӘКІРОВА  

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар