Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мәуітқазы Зүкенов: уәйіс шондыбайұлын ұмытып кеткен жоқпыз ба?

11.12.2015 236

Мәуітқазы Зүкенов: уәйіс шондыбайұлын ұмытып кеткен жоқпыз ба?

Кешегі Кеңес өкіметінің солақай саясаты салдарынан талай ақындарымыз ел-жұртқа, кейінгі жас ұрпаққа жария етілмей келгені көпке мәлім. Солардың бірі – аса талантты, сегіз қырлы, бір сырлы ақын Уәйіс Шондыбайұлы. 

Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әріптермен бірге жүріп, ақындық өнерін шыңдаған ол 1873 жылы бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданы, Баршатас ауылына қарасты Доғанды болысы, 12-ші ауылының Жылтыр деген жерінде дүниеге келіпті. Руы – Керей.
Шондыбайдың Уәйістен басқа төрт баласы болған екен. Олар: Мұхамарияр, Жүніс деген ағалары болса, Исатай, Естай атты інілері. Кейінгі екі інісі де әнші болыпты. Ал аса талантты Уәйіс өнер жолына ерте түсіп, серілік құрып, өлең айтып, ән салып, сол елдің өнерпаз ақын-жыршы және әншілерімен етене таныс, сырлас болған көрінеді. Бұған қоса ол ақындық пен шешендікті, тіпті, композиторлықты меңгеріп, саясат пен күрес жолында талай ел қамын жеген күрескер ардагерлермен сырлас, ниеттес те болған екен. Бұл жөнінде Уәйіс туралы жырлаған бір ақынның мынадай өлеңінен байқауға болады. 
- О сол кісі мықтыға ұрынбайды,
Ақындар арбасып та, қырындайды.
Уәйіс сүйкеп өтсе, несі сөкет,
Әлихан мен Міржақып, Құрымбайды? 
Міржақып себеп болған қақтығысқа,
Ат жалы, түйе қомы – қапылыста.
Ақынды сөйлетудің жөні бөлек,
Уәкеңмен айтысқанның қолы қысқа. 
Уәйістің ақындық өсу жолын зерделей қарасақ, оның ұлы Абайдан үлгі-өнеге алып, өсиетін көп тыңдап, ақындық жолын терең түсінгені, ұлы суреткердің сүйікті шәкірті болғаны анық байқалады. Жас таланттың ақындығын ерте аңғарған Абай оны 1894 жылдары шақыртып алып, қамқорлық жасайды, өнер жолына баулиды. 
Уәйіс:
- Шырқасам, жан шыдамас айғайыма,
Ән мен күй ұялаған таңдайыма. 
Найза да бойламаған көмейіме,
Бақ, дәулет, өнер біткен маңдайыма, - деп өзі айтқандай, сол өнерді болашақ өмір үшін қару етеді. Сөйтіп, Уәйіс Абайдың ақын, білімдар, дарынды шәкірттері – Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әріп, Әсеттің тобында жүріп, ақындық өнерін шыңдай түседі. 
Таяуда қолыма 2006 жылы бір топ авторлардың құрастыруымен Талдықорған қаласында басылған «Өмір өрнектері» атты кітап түсті. Осы кітаптың «Уәйіс әнші» деген бөлімінде бұрын көп жария болмаған ғылыми деректер беріліпті. Онда былай сипатталады: «Уәйіс Шондыбайұлы 1873 жылы Ташкент қаласында дүниеге келді. Аталған қаладағы 113 адамның ішінде Түгел Қозыбақұлының баласы Ибрагим, Ибрагимнің туған баласы Шондыбай мен келіні Сыпайы да болған. Аяғы ауыр Сыпайы сол жерде босанады. Содан Шондыбай Шұбартауға Уәйіс бір жастан асқанда бір-ақ келеді.
Уәйістің арғы атасы Көлібайдың мекені – Сартерек- Жылтыр деген жер. Ибрагим немересіне ұлан-асыр той жасайды. 1881 жылы Уәйіс Семейдегі бір жылдық медреседе Әбіш Петрұлының үйінде жатып оқиды. Ол пысық, көзі ашық адам екен. Уәйісті ертіп жүріп, нелер жақсы жерлер мен адамдарды көрсетеді. Ол осында жүріп Абайды, Ақылбай мен Төлеуді, Әзімбай мен Шәкерімді, Көкбай мен Мағауияны көреді. Әбіштің ұлы Темек арқылы орыстың Державин, Ломоносов, Пушкин, Некрасов, Лермонтов сияқты қаламгерлерінің аттарына қанығады. Әбіштің Семейдегі үйінде жүрген кезінде Уәйіс Өскеменнен, Павлодар мен Омбыдан, Қызылжар мен Қараөткелден келген зиялылардың ұлағатын естіп өседі. Оның ақындығы мен әншілігі де осында елге тарай бастайды. Ал 1888-1889 жылдары болыс Бегеш Сабанұлына хатшы бола жүріп, Омбы, Қарқаралы, Семей, Өскеменді аралап, Игісін, Бақтыбай, Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан серінің алдын көреді. Содан 17 жасында Жетісуға келіп, Құлмамбет, Жамбыл, Албан, Асанмен жүздеседі. Жетісу елі ақын шығармашылығына үлкен әсерін тигізеді. Уәйістің өнеріне сүйсінген Бодау ақын: 
- Өнер, кәсіп оятар жұрттың санасын,
Айыра біл халал мен харам арасын.
Байлық, тірлік ол да – тұрған мақсатың,
Ғылымға тарт үш арыстың баласын, - деп жол нұсқапты.
Осы ұлағатты ақылды ойға түйген жас ақын үш арыстың бүгесі мен шігесін, адамдарын, ел деп еңіреген ерлерін танып, мемлекеттік, елдік шеңберінде ойлап, өле-өлгенше оқуын да, тоқуын да тоқтатпай, жырлап өткен. Осы кезеңдерде ол былай деп жырлаған екен:
- Саясат бір-біріңді жау қылады, 
Тірілтіп, өліңді де қау қылады.
Адам деген ол үшін бір ойыншық,
Науқасты емдемей-ақ сау қылады. 
Керек болса төбені тау қылады, 
Қайыршыны қаңғыртпай, бай қылады.
Ақыл, иман, ақиқат табанында, 
Ақылдыны ақымақ, шау қылады.
Өмірде болмағанды бар қылады,
Әлемді адамзатқа тар қылады.
Халық, құдай, намыс деп өлесіңдер,
Құдайды халыққа да жау қылады.
Осы жырдың мазмұнына қарап, оның заман ағымын дұрыс түсініп, халықтың келешек өмірін аңғара білген, саяси бағдары айқын, еңбекші кедей табының жырын жырлаған азамат ақын екенін көреміз. Ол бұл туралы былай толғайды: 
- Кеңшілік кедейлерге заман бар ма,
Қайғымен көп қамыққан адамдарға.
Әлсізді әлі жеткен аңдып, жеп жүр,
Болған соң уақыт осы амал бар ма?
Сөйлеп сөз, айтып арыз жетер емес,
Сөз өтпей, соқса жетпес шабандарға.
Заманды әділетсіз аз сөйлейтін,
Қызыл тіл, қимылдап қал шамаң барда.

Шығармаларының жарық көруіне Қайым Мұхамедханов көмегін тигізіпті

Жалпы, Уәйіс ақынның шығармаларына 1940 жылдары Мұхтар Әуезов: «Абай шәкірттерінің қатарында Уәйіс ақын да бар. Оның шығармаларын жинап, зерттеу керек» десе де, кезінде түрлі себептермен жинақталмай қалған екен. Тек кейін, 1983 жылы белгілі абайтанушы-ғалым Қайым Мұхамедхановтың қолына Уәйістің жиендері – Нәсіпбек Сәменбетов пен Майдан Құрмаш жинақтаған қолжазба өлеңдері хат арқылы тиеді. Міне, сол мұра Қайым ағаның 1994 жылы жарық көрген «Абайдың ақын шәкірттері» атты екінші кітабынан орын алды. 
Уәйіс – жай ақын ғана емес, әнші, сазгер, айтыскер, дастаншы ақын, сондай-ақ, заман ағымын терең түсінген саясаткер. Ол 1923 жылы Шыңғыс болысы Әбуғали Алдажаровтың үйінде суырып салма ақын Иса Байзақовпен сөз қағыстырыпты. Ал 1925 жылдың жазында атақты әнші Әміре Қашаубаевтың құрметіне Семейдің атақты байы Қаражан Үкібаевтың үйінде болған сауық кеште Көкбай мен Уәйіс тап болса керек. Сол кеште Көкбай үлкендігін жасап: «Әміренің құрметіне ән сал» деп Уәйіске қолқа салады. Уәйіс ауырып тұрғанына қарамай, бірнеше ән шырқапты. Есіл өнерпаз осы кездесулерден соң көп ұзамай қайтыс болып, 1925 жылдың 29 қыркүйегі күні қазіргі Абай ауданына қарасты Ши дейтін қорықтың бойына қойылыпты.
Артында осыншама мол мұра қалдырған ақынды әлі де қалың қауымға толық айтып, жеткіздік деуге болмас. Биыл ақынның туғанына 140 жыл болады. Осыған орай облыс көлеміндегі оқу орындары мен мәдениет ошақтарында ақынды еске алу кештері өткізілсе, Семей қаласындағы бір көшеге оның аты берілсе, нағыз лайықты құрмет сол болар еді. 

Мәуітқазы Зүкенов

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар