Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әділбек Ыбырайымұлы: АБЫЗ ДАЛА АҢЫЗЫ (хикаят)

11.12.2015 208

Әділбек Ыбырайымұлы: АБЫЗ ДАЛА АҢЫЗЫ (хикаят)



І

Соңғы екі тәуліктің райы бұлыңғырлау, аспанды бауыры түнек сұрғылт бұлт шалып, ауаны дым басқан. Бүгін таң ата сілбіреп жаңбыр жауды. Мойнына су құйылған беймәлім жалғыз жолаушы шатқалдарды шарлап, басы ауған жаққа тартып барады. Осы жықпыл-жықпылдың арсында өзін еркін сезініп, бейқам тірлікке түсе алатындай.

Аты арыды. Өзі қалжырады. Ыңғайы болса суық көздің сұғынан жасырынып, біраз уақыт аялдап, солығын басуға құлқы бар. Өйткені мына саялы қарағай, шөбі бітік құйқалы жер тақымындағы күрең қасқа атымен екеуіне де жағып келеді. Бір жұма тынығып іркілсе тыңайып, қоңданатындай.

Байламсыз сырдақтаған ойдың жетегіне іліксе де қарсы маңдайдағы қолаттың ар жағынан сыздықтаған түтінді аңдады. «Мүмкін, бұлың-сұлың күннің райымен жер бауырлай желіккен шөкім бұлттың қайта әуелеген жіңішке сыздығы ма?» деген де дүдәмалдық көлденеңдеді. «Жоқ, мынау түтінге көбірек ұқсайды». Соңғы байламын бекемдеп, еркіне жіберген атының тізгінін қағып, жүрісін ширата түсті.

Түтін таяу маңнан білінгенімен арада бір шатқалдың жатқанын қоңыр дөңді айналғанда аңғарды.

Талай күнгі жалғыздық қауіп-қатерді ұмыттырды. Мұндай шың-құзда жылқы баққан қос болмаса, жалпы жұрт отыра бермейді. Сондықтан секемал көңілдің ығында кетудің қисыны жоқ. Біреу-міреу жолығып, тілдесетіндей болса жоқ іздеген малшының кейпіне айнала қоймақ.

Әжептәуір терең сайдың табанына құлдап, кезеңге қайта көтерілгенінде барып, киіз үйді көзі шалды. Түтін сол үйден будақтайды. Маңында қыбырлаған мал көрінбейді. Оқшау орнатылған атағаш та бос.

Күрең қасқасын аяңдатқан қалпы келіп, ерден түсті. Атын байлап, үйге беттеді. Тіршілік белгісі жоқ. Әшейінде кез-келген жыртық қостан ұшқаса кететін қайқы құйрық арпылдақтар да ізім-ғайым. Әйтеуір, іште от жанып жатыр.

– Ассалаумағалейкүм! – Маңдайшаға шекесін соғып алмайын деп, иіле табалдырықтан аттады.

– Уағалейкүмассалам!

Сәлемін алатын біреудің болғанына қуанып қалды.

Түтін мен күңгірттік жайлаған алакөбең үйде ешкімді тап басып аңғармаса да тымағын босаға жақтағы керегенің көзіне ілді.

– Төрлет.

Енді бажайлап қарады. Ортаға ошақ қойылыпты, оған асылған қазан шымырлай қайнайды. Аш өзегін шулатып, исі мұрнын жара жөнелді. Алты қанат ортаңқол үйдің оң жақ төрінде шалжиып, кескіні келіскен атан жілік азамат жайғасқан. Бұл кіргенге шынтақтаған жастығынан кеудесін көтеріп, малдас құрып жайланғанға ұқсайды. Меймандостық үніне іші жылыды. Адымдап барып, қос қолын ұсынды.

– Ат-көлік аман ба?

– Шүкір. Өздеріңіз қуаттысыздар ма? – Сөйлеген қалпы үй иесінің жанынан алшақтамай тізе бүкті. Төменгі жақта түтіннің нобайы сұйықтау байқалды.

– Аманшылық. Сырт пошымың бұрын көрмеген адамыма ұқсайды, алыстан келесің бе?

Есікке бетін бұрып жамбасын жерге басқанда аңдады, босаға жақта бір бойжеткен шөкиіп отыр. Бұған мойылдай көзін жалт еткізіп, төңкере қарады. Жолаушы жігіттің өзегі от қарығандай дуылдай жөнелді. Кеңсірігін кеулеген ет исі мен ішегін шұрқыратқан қомағайлық түйсік ыдырап, оның орнын әлдебір өзіне де беймәлім күй жайлағандай.

– Алыстан, Сырдың бойынан атқа қонып ем.

– М-м, қашықтан келем де. Сен ат басын тіреген мына Қаратаудың үстірті ол маңнан он күндік жер ғой.

Жолаушы жігіт үндемеді. Жалғыз жортқан тірлігіне опынды ма, әлде қисынсыз әңгімеге ұрынармын деді ме, одан әрі суырылып сөйлемеді. Жауырынын сүйек төсекке беріп, аяғын ошаққа қарай көсіп жіберді. Суықсыраған денесі маздаған оттың жылуына балбырап, бей-жай күйі отыра бергісі келді. Бұл құлқына қарай үй иесі де тақымдап ештеңе демеді. Шыны-аяқтың тұсындағы бойжеткеннің қарашығы нұр шашқанымен қабағында кейіс бар сияқты. Тек осы кескін ғана көкейінде сауалдың селеуетін көлбеңдеткен.

Жолаушы жігіттің көзі ілініп кетіпті.

– Мырза, жүр, сыртқа шығып қол шаялық, – деген қожайынның қоңырқай үнінен оянды.

Қара тұяғынан әлі кеткен мәстекідей хал байқатқанына ыңғайсызданды. Бірақ бұл босаңдығын аңдатпауға тырысып, орнынан ширақ көтеріліп, тысқа беттеді.

Қыз қазаннан етті шанышқы таяқпен іліп алып, астауға түсіріп жатыр екен.

Үй иесі соңынан ілесті.

Көк аспанды қара түнек құрсап, даланы әлгіндегіден де күңгірттендіріп жіберіпті. Ымырт үйіріліп, көз байлануға айналғандай. Күрең қасқа да шылбырына басын сүйеп, кілгіре мүлгиді. Жануардың оттағанынан емес, байлауда тұрып тыныққанынан тез әл жинайтын қасиеті бар еді. Осы бір сырын білетін иесі іштей елжіреді.

Алпамса денелі қожайынның жас мөлшері өзімен шамалас сияқты. Қақпақтай жауырынына лайық апай төс. Құрыштан құйғандай сом тұлғасында қырым ет жоқ. Сұңғақ бойы мен бөлек бітіміне қарай ширақ қозғалады. Он екі мүшесі жолбарыстың тұрқындай шалымды да алымды екенін танытып, адырнадай керіліп-созылатын қалпын байқатады.

– Бұл жерде жылқы баққан қостай неге жалғыз үй отырсыздар? –Абайсызда көмекейін бүлкілдеткен сауалын теткіп ұстай алмай қалды.

– Неге дерің бар ма ... Жүр, ас ішіп, әлденіп алалық.

Екеуі ішке енгенде сәтеннен дастархан жайылып, астау ет соның үстіне қойылыпты. Қос жігіт өз орындарына малдас құра жайланды.

Қожайын жанынан кездігін шығарды. Бұл да кісесінде жүретін пышағын қыннан алды.

– Ал, бұйырған ас екен, желік. – Үй иесі бұған тоқпан жілікті ұсынып жатып, өңіне барлай бір қарады. Жолаушы жігіт оның жүзінен ақайраң жолақтарды аңдады.

– «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» деген, ныспың кім, елің қайдан, айта отыр.

– Есімім – Анике, ел-жұртым Сыр өңірінде.

– Орда жақтан екенсің, бауырым.

Екеуі сұхбаттаса астаудағы асты біраз еңсеріп тастады. Қыз дастарханға таянбай әлденәрселермен алданып жүрді де бір қауым уақыттан соң төменгі жақтан жайғасты. Бір-екі тал қабырғаны алып, талғажау етейін дегендей саусағының ұшымен етін сыдырып жеді.

Әңгіме, жалпы, ел жайлы өрбігендіктен үй иесіне мейманы, мейман жігітке шаңырақ иелері беймәлім қалпы қала берді.

– Мына өлкені кімдер мекендейді? – Әңгіменің әлпетін Анике әдейі осы өңірге бұруға тырысты.

– Бұл өңір кімге пана болмады дейсің? – Қабағын сәл керіп, екіұштылау жауап қайырды. – Бірақ бәріне опа әпермеді.

Жолаушы «мұнысы қалай?» дегендей бетіне бажайлай бір қарады. Үй иесі мұны қасақана аңғарғысы келмегендей төстің кіртілдек майын кертіп ап, аузына жөнелтеді.

– Кімнің үйіне түстім, кіммен дәмдес болдым деп айтам?

– «Жапандағы Жаһан» десең ат аяғы жететін ел тани береді.

– Жөн-ақ екен. – Сөз аялғысы болғаннан кейін ғана қоштағандай, әйтпесе әңгіменің мәнісін келтірмеді. Екеуінің ас ішуі ғана үйлесім тапқанымен, сөз сыңайлары қиюласа қоймады. Ылғи шолақ қайырылып, үзіле берді. Міне, тағы да ет шайнаған жақ пен танаудың пысылы естіледі.

– Опасыз жалған қызығына да батырды, шыжығына да салды, – деді бір кезде сүреңсіз тыныштықты бұзып Жаһан. – Даңққа да бөледі. Ақыры опасыздығына басып, қырын айналып барады. Үш арманым бар. – Қоңыр даусы әуезді естілді.

Жолаушы жігіт іштей «әуелгіден осылай болуы керек еді-ау» деп, иесінің ләміне құлағын түрді.

... Жаһан он үшінде жауға шауып, он төртінде не бір мен деген батырларды жекпе-жекте дегелек қақтырған. Әсіресе Мауренахр жорығында маңдайы жарқырап ашылып, айбыны да, абыройы да асқақтап еді. Маңғылай Сүбе өлкесіндегі дулат әмірлері бала жігітті қолпаштап, насатын асыра түскен.

Оған дейін ойын құмар көп баланың бірі еді. Өзі құралпы ұлдармен кешке дейін шапқылап, үй бетін көрмейтін. Соңғы кезде тыңнан ермек тапты. Жар қабақтағы көк қарғаның ұясынан балапанын алып қызықтайтын. Сотанақ топ бала өзекке жақындағанда-ақ көк қарға қиқуға салып, төбелерінде шырқ үйірілетін. Бұлар оны жау шаптылап, қолдарындағы таяқтарын сермеп, жасытатын. Сосын, тік жарқабаққа өрмелеп, қаптаған шұрық тесіктің біріне башпайының басын сұғып, келесі шұқанаққа бір қолымен ұстанып, назары ауған енді біріне қолын иығына дейін сүңгітіп жіберетін. Уысына жұп-жұмсақ қызыл шақа балапан іліккенде қуанып кететін.

Күнде солай. Жазығы жоқ құстардың балапанына бықпырттай тиді. Бірде, алдыға екі-үш баланы жіберіп, үйреншікті әдетімен жар қабақтағы шұрық тесікпен өрмелеп бара жатыр еді. Ар жағы есінде жоқ.

Есін жиғанда жыламсыраған анасының үні құлағына шалынды. Бірақ көзін аша алмады. Дәл сондай халде қанша күн азап шеккені беймәлім. Ерніне көпіртіп әкеп бірдемені жағады, ара-тұра қасықпен әлдебір жылымшы нәрсені тамшылата тамызады.

Кейіннен білді. Сөйтсе екі бала бірдей биіктен омақаса құлаған. Бұлардың қапелімде жардан ұшып түскенін көріп, өзге кішкене ұлдар шүпірлесе қастарына жиналады.

Екеуінің бірі – Бекмахан төре де, келесісі – Жаһан. Күнде жар бетінде жарғанатша жабысып тұра беретін кәнігі ісмерлерге не болғанын сумұрындар түсінбей әлек. Тек Бекмаханның «қолым, қолым» деп зар қаққан үні үрейлерін ұшырды. Қайсыбірі ауылға қарай тұра жүгірді.

Үлкендер келгенде кішкене ойынпаз ұлдар тілден айырылып, сұлқ жатыр еді. Көпті көрген көнелер «жылан шақты» деп ұйғарды.

Жыланның уын қайтару үшін қазақтар ежелден аттың терін және бұрқырап шыққан ақ көбігін пайдаланатын. Сол себепті төрт атты қатар боз боран шабыспен қан сорпа қылды. Борбайының арасында сабынданған ақ көбігін саусақпен сылып алған бетте балалардың аузына жақты. Ал, ұмадан тамған тамшыға ыдыс тосып, тақыр шаптан саулаған сорды қасықпен қырып ап жинап, оны да ауыздарына тамызды.

Тараздан балгер мен бақсы алдыртуға кісі шаптырды. Бірақ, Бекмахан төре сол күні жантәсілім етті.

Екі-үш тәуліктің шамасында жеткен құшынаштарға мына әбілетке қарсы бір амалын қарастыруды өтінген. Бақсы жынына мініп, балгердің әулиелігі ұстап айтқандары жылан шаққан дегенге сайды. Бірақ, ешбір бала сол көк қарғалардың ұя салған жар қабағында ойнап жүріп, ондай сумаң еткен ештемені байқамаған. Егер біреуі көрген болса, қайтіп ол араны аттап басар ма ...

Жаһан азаппен арпалысып, ісініп-кебіне он күндей жатты. Аузына жылқының терін құю қарбаласы үздіксіз жалғасты. Ақыры, көрейін деген жарығы бар шығар, бір күндерде көзін ашты. Бәрі «Алла, Алла» деп, тәңірдің рақымын салғанына құлдық ұрды.

Көп ұзамай тұла бойы домбыққан баланың беті бері қарап, жағдайы оңшала берді. Тек жүзіне ақ жолақтар түсіп, алапес болған адамдай реңге енді. Бірақ бала оны ерен көрмеді, бұрынғысынша құлдыраң қағып шапқылады да жөнелді.

Алайда, содан кейін көк қарғалардың ұясына ешкім қиянат жасамады. Олардың қарғысына ұшырамайық деп, бәрі аяқтарын аңдап басатын болды.

Арада екі жылдай уақыт аралап, Жаһан Тараздың базарына мал айдасып барған. Адам ығы-жығы, мал одан да бетер. Шәрінің тірлігі балаға қызық та жат болып көрінді. Бір қайран қалғаны – адамдардың танысын-танымасын сөйлесе кететіні. Тіпті күнде араласып жүргендей. Бірде қасына сәлде ораған ақ сақалды қария келді. Бұл «ассалаумағалейкүм» деп сәлем берді. Сәлемін алған бейтаныс қария жөн сұрай бастады.

– Кімнің баласысың?

– Бәленшенің.

– Қайда тұрасың?

– Қаратаудың бойын мекен етеміз.

Бейтаныс адам мұның өңіне әлсін-әлсін қарап қояды.

– Жылан шаққаннан сау ма едің? – деді әлгі кісі тіптен қайран қалдырып.

– Жылан шақпаған сияқты, бірақ жылан шақты деп айтады.

– Айтқаны қалай? – Қария аңтарыла мұның аузына үңілді.

– Осыдан екі-үш жыл бұрын балалар көк қарғаның ұясынан балапанын алып ойнайтын ек. Бірде жарқабақтан құлап, содан ес-түссіз аурып жатып, әзер оңалдым. Үлкендер «жылан шақты» деп, аттың терімен емдепті. Тараздан алдырған балгер мен бақсы да тамырымды ұстап, жылан шаққан деген байлам жасаған.

Түрегеп тұрған қария жүрелеп отыра қап, мұны екі иығынан қапсыра ұстады. Бетіне бажырая қарап, тілі байланған күйі баланың жүзіндегі ақ жолақтарға шұқшия үңілді. Бір кезде барып:

– Сол жерді маған көрсетесің бе? – деді.

– Көрсетейін. Әкелген малды саудалап біткеннен кейін бірге жүріңіз.

– Мақұл.

Жүз қаралы жылқы мен бір отар қой тез арада өте қоймады. Әлгі белгісіз қария да базарға келуін үзбеді. Жаһанмен тілдесіп, оның төңірегіндегі үлкендермен де танысып, шығысып алды.

Оншақты күннің шамасында кірешілер артынып-тартынып ауылға жолға шықты. Уағдаласқандай қария да бірге ілесе жүрді. Оны үлкендер жағы қаумалап, сөйлесе келе ұққаны, бұл адам Ибн Сина ілімімен айналысады екен. Жаһанның бетіндегі ақ жолақтарды көріп, ол жолақтар бұл іздеп жүрген жыланның уынан қалған із екенін білген. Өйткені, кітапта солай болуы ықтимал екені айтылған. Әлгі әбілеттің шаққанынан кейін бірде-бір тірі жан аман қалмайды-мыс. Алланың көрсететін жарығы таусылмағандықтан шығар, бүгінде мүшел жастағы бала тірі қалыпты. Әлде, шашыратқысы тиді ме екен?

Бұл кез мамыр айының соңы болатын.

Ауылға келгеннен кейін қарияны көк қарғалар мекендеген жарқабаққа алып барды. Ақсақалдың сұрауы бойынша оқиғаның қай тұста болғанын және бір тәптіштеп айтып берді. Содан кейін өздері қарияның қасында бөгелмей, оны оңаша тастап кете берген. Ол көп ұзамай ауылға оралып, бір марқаны өңгеріп, қайта көк қарғалар мекеніне жөнелді. Марқаны апарып бауыздап, бүйрек майы мен құйрық майын бөліп алды. Екеуін де білемдеп кесіп, әр тілікті жеке-жеке жалбызға орап, көк қарғалар ұясының аузына қойды.

Оның бұл тірлігі жанында жүрген бірлі жарым кісіге сөлекет іс сияқты көрінді. Бірақ, оқымысты адамның амалы үмітсіз де емес. Жұмыртқаны жаңа жарып шыққан балапанды жұтып дәніккен аждаһа мына жылы-жұмсақтың иісін сезіп, іннің аузына келуі ықтимал. Оның үстіне бұл кезде балапандар қарақанаттанып, ұядан ұшып та кеткен. Қазір обырдың азық етер қылауы таусылып, бұрлығып та жатуы мүмкін.

Жалбызға оралған май іннің аузына болар-болмас ілініп тұр. Тұмсығымен түрткенде жерге құлайды да аш құлқын оның соңынан бірге ілеседі.

Ибн Сина ілімін серік еткен оқымыстының бұған еш шүбәсі болмады. Тек жыпырлаған тесікті мұқият, жіті көз алмай қадағалау керек. Бұл жылан кәдімгі шұбатылған жыландардай емес, шортан балыққа ұқсас, жеңді білектей.

Оның үстіне көк қарғалар жар қабақтағы мекенінен ұшып, ашық аспан астына, тоғайларға кеткен. Мына іннің аузына іліндіріп қойған үлпершек майға олардың дәл қазір кедергісі жоқ. Бұл ойлаған істі нәтижелі аяқтауға септігі тиетін дәйек.

Түс ауғанда қария сырты тоқылған үлкен қыш құмыраны арқалап, ауылға келді. Елдің бәрі оған үдере қарады. Әлгі әбілет қолға түсіпті.

– Кәфир неменің түрі қандай екен?

– Әбілетті арқалаудан тайынбайды екен-ау, ә-ә ...

– Мына биік құмыраның ішіне қалай ұстап салды десеңші?

Осы тақілеттес сауал қойғанмен ешкім маңына таяй алмады.

– Ақсақал, мұны не істейсіз? Жаннан түңілгеннен саумысыз? – деді елдің ішінен біреуі.

– Жанға қас екені – қас. Бірақ тәуекелмен іс бітірмесең, келесі зауалды жоя алмайсың.

– Ол нендей зауал?

– Гүлстан елінде айдаһар шығып, судың бәрін ластауда. Іздесең ұстатпайды, қапияда кісіге қауіп төндіруде. Суға барған бойжеткендерді жұтып қоятын көрінеді.

Тұрғандардың көздері атыздай болып, үрейлері ұшты.

– Бір сұмды бір сұмға қарсы қолданбақ ойым бар.

– Қалай қолданасыз?

– Айдаһардың сары ізінен қалмай тауып, мынаны соның жүрген тұсына жібереміз. Екі аждаһа бірін-бірі жұтып, өледі.

Сәлделі қария сол күні ештеңеге аялдамай Гүлстан еліне қарай аттанып кетті.

– Менің есімнен кетпейтін жайт – осы. – «Жапандағы Жаһан» бір мезет тілсіз бөгеліп қалды. Бұл уақта қараңғылық дүниені тұмшалаған. Үй ішіне селеуі түсіп тұрсын деді ме екен, қыз қоздаған шоққа бір-екі қу бұтақты тастады. Ол шырт-шырт сынып, жана бастады. Үй иесінің бетіне оттың шалығы шауып, жүзіндегі ақ жолақтары саусақтың саласындай тарбиып жатты. Әлден уақытта әңгіме әрмен қарай жалғасты.

... Сүмбіле[1] туысымен-ақ алаңдататын нәрсе – жылқыны жайлы қоныста қыстан аман шығару. Алдағы дәлуді[2] жауырынға үңіліп болжай беретін қазақ, шаруасын да, оның ішінде жылқы жайын күн ілгері қарастырады. Биыл да солай үлкендердің ұйғарымымен бес қосқа бөлінген жылқышылар табынды оңтүстік батысқа қарай жайып, дарияның күнгей бетін қыстап шықпақ болып атқа қонды.

Бес қостың қыл құйрықтысын дүркіретіп қуып айдамай, ілбітіп қана отырды. Саржақ батыр бастаған топ бірінші қосқа ие болды. Қарамағында 17 жігіт бар. Мөңке екінші қостың басшысы. Мұның да қасына өңкей саусылдаған онның үстінде нөкер жиылған. Бесторсық үшінші қостың үлкені. Құзыры 15 азаматқа жүреді. Бұлардың арасында бозбала Жаһан да бар.

Дәл осылай қалған екі қостың да басшылары белгіленген еді.

Бұл жігіттердің бәрі – «жылқышылар» деп атанғанымен, Моғолстанға қарайтын дулат әмірлерінің сайыпқыран сарбаздары. Мына қалың мал ертең жауға шабатын батырлар мінетін көлік. Сондықтан, жүктелген жапуапкершілік жоғары. Өзара шартты түрде бөлінгенімен барлығы бір тұтас елдің адамдары.

Қаптай өрген жылқыдан жер қайысып, ұлан-асыр көш баяу ілбіп отырды. Асықпай жылжыған жұрт, қай жерге барып табан тіреп тоқтайтындарын болжалдап келеді. Ол – Қараспан тауының арғы қойнауы, Сейхунның басы. Әлгі жер жылқыға қолайлы, адамға жайлы – қысы жұмсақ. Әйткенмен, аттан түспей қырағылық таныту – басты қағида.

Бес қос межелі жерге жеткенде араларын онша алшақтатпай әрқайсысы бір дөңді иемдене жайғасты. Түс ауа үзеңгіге аяқ артқан жігіттер өрістегі малды барлап, шашау шыққанын жиыстырып, түнде табынның басында түнейді. Таң атып, әбден сәске болғанда қосқа оралады. Шайланып, суланып алған соң аттарын отқа жіберіп, тынығуға жатады.

Түс ауа келесі бес жігіт арнайы сайланып, жылқыға беттейді. Сөйтіп алма-кезек күнелтеді. Ал, кездейсоқ бәленің шеті білінсе, барлығы дүрк көтеріледі. Және, өзге қостағы жігіттермен күнбе-күн хабар алып, бірінің жағдайын бірі біліп отырады.

Жылқыдағы бұл кез сауыққұмар жігіттер үшін жанның рахаты. Қысырдың сүтін ішіп, қазы-қартаны шетінен кертіп жеп жатады. Таусылмайтын қызықты әңгіме, хиссалар да шертілетін тамаша уақ. Сондықтан, өзін барлық қырынан таныта білген жаужүрек жігіттер ғана мұндай мойны қашық шараға қатысып, шадыман шақты өз көздерімен көрмек.

Кейде сұлтандардың өзі осы жауапты науқанды атқарысуға атқа қонып, жаз шыға елмен бірге жұртқа оралады.

Қытымыр қыстың қақаған аязы қайтып, жылымық білінді. Лептің әсерімен қоңыр бұйраттарды жапқан күрті қардың қабырғасы ойылып, алқандай жер ашылды. Ол ертеңінде тоқымдай, келесі күні талыстай, одан кейінгі күндері терліктей боп жайыла берді. Өзектердегі су тасып, жер-ананың ебіл-дебіл ақтарылған шағы.

Бір күні тәңертең қостан шықса, жігіттердің барлығы дабырласып, әлдене жайлы кеу-кеулесіп жатыр екен.

– Дарияның ар жағына ауыл қоныпты.

– Сылаңдаған қыз-келіншектердің ғана қылпы білінеді.

– Бұл нендей ауыл болды екен, ә-ә? – деген тақылеттес сауалға толы сөз бірден елең еткізді. Олар қарап тамсанған жаққа Жаһан да мойын бұрды. Міне ғаламат, жеті атасынан бері байлықтың қоры үзілмеген нағыз қара көк бекзатылар ғана тұтынатын қаздың жұмыртқасындай әппақ ақ ордалар сап түзепті. Маңында қызылды-жасылды киінген әйел баласы ғана көлбеңдейді.

Кермеде әшекейлі әбзелдері жарқыраған арғымақтар байланған.

Жігіттер қымыз бен етке қарамай, сыртта жүріп алды.

– Су тасып кетті, мына дариядан қалай өтіп бардық енді?

– Жайшылықта болса, бір сәт те бөгелмей, «қоныс құтты болсын!» деп, жетіп барар едім.

Қуақылары әр саққа қашыртып әңгіме айтып, қызыл тілді біраз безеп тұрды. Жаһан олар сияқты елітпегендей түр танытып, қосқа қайта енді. Еттен қарбыта жеп, қымыздан сіреп ішті. Сосын, ертерек атын қамдауға тысқа беттеді. Бүгінгі кезек бұлардікі.

Белдеуден үзілмейтін сандақтардың біріне аяқ артып, мінгі аттарды айдап әкелуге беттеді.

– Әй, Жаһан, сен бүгін ерте қозғалдың ғой, жайшылық па? – Басындағы далбай тымағын шықшытына түсіріп, Әліғали күле үн қатты. – Әлде, дарияның ар жағындағы ауылдың ажары дегбіріңді алды ма?

Жігіттер қарқылдай күлді.

Аттарды айдап әкелді де ақтаңгер шабдарын ерттеп, жылқы бағуға шығудың қамын жасап қойды.

Түс ауа бес жігіт атқа қонды. Өздері жылқыға беттегендерімен көздері де, көңілдері де жұмбақ ауылдың үстінде.

Табынға жеткеннен кейін Жаһан өзіне қарасты жеті үйірді түгендеп, аралап шықты. Қара қасқа айғыр мен боз айғырға бүгін басқа көзбен қарады. Сосын дарияның жағасына барып, иін-иіннен қу қамысты ора бастады. Бойы атты адамнан асатын құла қамыстың түлкі жүн күлтесі бұрқырап, жерде жал-жал болып жатты. Оның көлемін теңдей қылып, төрт бунаққа буып тастады. Сосын шабдарын мініп, жылқының шетінде құрық сүйреткен жолдастарына қосылды.

Белгілі межеде бесеуінің бастары бірікті.

– Оншақты бие құлындапты, – деді қауға сақал кәртамыс жылқышы.

– Бірлі-жарым болмаса биыл іштастағандары жоқ.

– Бір айдың шамасында қос түгел құлындап бітер, сосын амандық болса ат басын ел жаққа бұрамыз.

– Шашау шыққаны жоқ па? – Қауға сақал әңгіменің әлпетін қайта малға бұрып әкелді.

– Қар кетіп, жер құйқасы көрінгеннен кейін үйірлер бір-бірінен ұзап жайылатын болды.

– Енді қызғаныш үдеп, айғырлардың қыдыңдайтын мезеті басталуға шақ.

– Тіпті, қайсыбірі үйірін шығандатып айдап әкетіп, көзден тасаланатыны да бар.

– Сақ болған жөн.

– Қырағылық қашан да қажет.

Осылай әжүк-күжік әңгімелесіп, әркім өзіне тиесілі үйірлердің өрісіне қарай беттеді. Жаһан тікесінен тік қара қасқа айғырдың үйіріне тартты. Барған бетте жылқыны кеңінен айналып, жиыстыра бастады. Үйір шоғырланған кезде жанына қыр көрсете таянған айғырға шалманы тастап кеп жіберді. Кең далада еркін көсілгенімен мінгі жуас мал, мойнына арқан ілінгеннен кейін бірден тұра қалды. Оны ноқталап ап, ілгері жүріп кетті. Ендігі бет алысы ақ боз айғырдың үйірі.

Үйірге таянбас бұрын қара қасқа арғымақты қызыл ағашқа тас қып байлады. Сосын бейтарап қалпы боз айғырдың үйіріне аяңдады. Жау шапқандай қуаламай жылқыны жиыстырып, қапталына таянған тоқпан жал боз айғырға шалманы үйіре лақтырды. Әбден жырынды боп алған бозбала мүлт кетпеді. Шалма айғырдың мойнына түсті.

Боз айғыр да жуас еді. Саржақ батыр жорыққа мініп, белі беріктігінен тұқымын алайық деп үйірге салған. Содан бері түзде азынаған азулы айғыр.

Екі айғырды жетегіне алып, будақ қамыс байланған тұсқа келді. Бұл кезде қас қарайған еді.

Әуелі құшақ толар қос будақты араларына бір адымдай тастап, ұзынынан қойды. Қамыстың күлтесін бірыңғай жіберді. Содан кейін үш кездей қалдырып, белуарына таман екі тұсынан арқанмен қазықбау шалып байлады. Арқанның арасы да үш-үш жарым кездей ғана.

Боз айғырды әкеліп, бунақтың бірін үстінен асырып тастады. Келесі қанаты оң қапталында қалып қойды. Жүк теңлегендей қос бунақ қамыстың ат бүйірінің бірдей тұсынан келуін байқады. Осыдан кейін барып, арқанның ұшын аттың бауырынан алып, бунаққа орап ап тартпадай тартып бекітті. Сосын, арқанды аттың омырауынан да, санынан да айналдырып, шілиядай шегендеді.

Дәл осы амалмен қара қасқа арғымақты да қамыс салмен қомдады. Бұдан соң екі атты парлап, арқанмен белдерінен тартып орап, ажырамастай қосарлады. Енді азулы айғырлар бірінен-бірі озбай не алшақтамай қатар жүретін болды.

Осылай әбден сайланғаннан кейін, қос арғымақты жетегіне алды. Түн қараңғылығын жамылып, дарияны жағалап отырып, арғы беттегі жұмбақ ауылдың тұсына таянды. Сол жерде ақтаңгер шабдарды қызыл ағаштың біріне байлап, өзі сал артылған қос арғымаққа мініп, дарияға қойды да кетті. Тасып аққан су ағызды да жөнелді. Жаһан екі аттың ортасындағы салға тізерлеп, аттардың сауыр тұсына жайғасты. Қос арғымақтың омыраулары көтеріліп, ілгері ұмтылды. Тастай қараңғы түн, қара түнек дария ештемені көрсетпей қап-қара әлемге айдап барады. Анда-санда пырылдап қойып, қабырғалы жануарлар жанталаса жүзеді. Жаугершілікте не бір сүргінді көрген сетерлер мына әбілеттен сескенбеді. Бірақ үш арқан бойы жерде жатқан жағалау жуық арада жеткізе қоймады. Қос жануар жандарын жалдап, үстіндегі адамның құлқын пәрменінен аңғарып, тынымсыз өршеленеді. Арпалысып жүріп, бір кезде арғы бетке алды да шықты.

Өз амалы мен тәуекеліне іштей сүйінді. Долырып аққан дүлей дариядан өтсе де киімі құп-құрғақ, тек шекпенінің шалғайы суға малыныпты.

Жағалаудан онша алшақ емес жұмыртқадай әппақ ақ ордаларға қос атты парлап мінген жігіт салдыртып жетті. Үй іргесінен оқшаулау біткен жиде ағашына қос арғымақты қаңтарып байлап, алып қашқан албырт көңілдің жетегімен алшаңдай басты. Қасақана шеткі үйге бас сұқпай, ортасындағы ордалардың біріне беттеді. Киіз есікті түріп, «ассалаумағалейкүм» деп, кіріп барды.

Оң жақ қапталдағы сандықтың үстінде май шам жанып тұр екен. Өрнегі қанық текеметте есік пен төрдей жерді алып, алпауыт ақ тазы жатты. Одан басқа жан баласы жоқ. Мұның сырықтай бойы мен қақпақтай жауырынын көріп ит бөгде адамнан тайынды ма орнынан тұрып, қыңсылай керілді де жүктің үстіне бір-ақ ырғыды. Жылқының жақ сүйегі мен ақ күмістен қақтап жасаған жиһаз айбарын сыртқа теуіп, май шамның сәулесімен шағылысады. Шілтері төгілген ирани шымылдық төсектің тұрқын тұтас көрсетпей екі жағынан жартылай көлегейлеп қалған.

«Не де болса саят пен сауықты жақсы көретін қожайыны бар шаңыраққа тап келдім-ау» деп ойлады. Ілгері тағы бір адымдап, ендігі қимылының қалай болатынын білмей тұрғанда, сыңғыр еткен үн ту сыртынан естілді. Мойнын бұрғаны сол, есік аузында шолпысы иығына төгіліп, төмілжи күлімсіреп сәулім сұлу тұр екен.

– Қош келдіңіз, мырза! Төрлетіңіз, – деді.

– Есенбісіз, қалқа!

Мына қыздың әппақ маңдайынан құйылған нұрдан үйдің іші одан әрмен сәулеленіп, жарқырай түскендей болды. Тілі таңдайына жабысып, көмейінен дауысы сыбырлай шықты. Жаудың жер қайысқан қолын көргенде селт етпеген жүрегі атқалақтап, тізесі дірілдейтіндей.

Сөйткенше қыз жиюлы жүктен төр көрпе алып, сол жақ қапталға төседі де үстіне қос жастық тастады.

– Жайғасыңыз.

Осыны айтты да өзі сыртқа беттеді.

Жігіт мына ауылды сыртынан көріп таңданғанынан бөлек, ішіндегі мына райды байқап, одан бетер айран-асыр күй кешті. «Кімнің ауылы? Нендей адамдар? Беймезгіл уақытта мұнда неғып көшіп келді? Ер-азаматтары қайда?» Осындай лекіген сауалдың қаумалауында жүріп, шекпенін керегенің көзіне ілді. Құйрық басып жерге отыра кетіп, етігін сыпырып, босаға жаққа тастады. Бір жамбастап сырғып, салулы төр көрпенің үстіне қисайды. Сол-ақ екен бойы байсал тартып, мамық дүние балбыратып алды да жөнелді. Әйтеуір ерекше күй кешіп, тәтті де жұмбақ ләззаттың буындыруына тұншығып бара жатты.

Бір уақта киіз есік түріле ашылып, қолына ақ дастархан ұстаған әлгі жұмбақ жан көрінді. Оның соңынан тегене көтерген және шыны ұстаған екі ару бірге ілесе енді.

– Армысыз, мырза! – деп, сәл бастарын төмен салып, сәлемдесті.

– Шүкір ...

Жігіттің жайғасқан тұсына дастархан жайылып, бойжеткендер көл шетінде отырар ақ шағаладай тізіле тізе бүкті. Сөйткенше, әр нәрсе ұстаған қалпы ордаға және үш-төрт ару бұрала басып кірді. Бәрі еріндерін жыбырлатып сәлемдеседі де, қолдарындағы затын дастарханға қойып, шүпірлей кеп қонған құстай жайғаса берді.

Жаһан мынандай кереметке есі ауып, енді таза тілі байланды. Көзі жәутең қағып, әрбір сұлудың кейпіне сұраулы кепте еміне қарайды.

– Қымыз алыңыз, батыр, – деді біреуі. Бұл алғашқы жолыққан бойжеткен тәрізді, сөйтсе, әуелгі кездескен қыз одан төменірек отырған сияқты. «Шындап есімнен жаңылған шығармын» деп ойлады.

Бір-бірімен сыңқып сөйлесіп, сызыла қимылдайды. Жігіт «жамбасым сынғандай сұлап жатқаным әбестік болар» деп, малдасын құрып, тіктеніп отырды.

– Қай жақтан келе жатырсыз?

– Дарияның арғы бетінен.

– Онда нағыз жүрек жұтқан екенсіз.

– Асау дария мұндайда ешкімге өткел бермейтін еді ...

– Сіздерді сырттарыңыздан көргеннен кейін, шешінген судан тайынбастың кебімен бері өте шықтым.

Мұның үні ожарлау естілді ме, қыздар ду күліп, бір мезетте бірнеше күміс қоңырау соғылғандай сыңғырлай жөнелді. «Хор қыздары осындай-ақ болар ...»

Дастархан сықап тұр, құстың сүтінен басқаның бәрі табылады.

Қалың қыздың ортасында әзіл-қалжыңмен уақыттың қалай өткенін аңғармады.

– Мырза ұзақ жолдан шалдығып келе жатқан шығар, төсегін жайлап берейік, – деді бірі. Бұдан соң Жаһан ас қайырып еді, дүрк көтерілген аққудай арулар орындарынан тұрып, әкелген заттарын әрқайсысы өзді-өзі ұстады да жөнелді. Әп-сәтте иен үйде жалғыз қалды. Тіпті, жаңағының бәрі көрген түстей. Мойнын созып, төсектің үстіне қарап еді шытыралы қарғыбауы шамның нұрымен арбасып, әуелгідегі үкі тазы жатыр.

Киіз есіктен аш бел, әппақ өңді әлгіндегі ару ішке енді.

– Батыр, кездігіңізді өзіңізбен алып жатсаңыз, бір төсек салайын.

Төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей, екі көзі атыздай болды.

– Батырдың кездігі әманда жанында жүрмейтін бе еді...

Сандықтың тұсынан құс төсек салынды. Аттан түсіп, бел шешіп ұйықтамағалы жарты жылдан асыпты. Бүгінгі кештен ләззатқа бөленген жаны одан сайын рахатқа құнығып, борпылдақ көрпеге қойды да кетті. Бешпентін шешіп, қыз да жанына қисайды.

Жұмаққа бергісіз түн көзді ашып жұмғанша зырқырап өте шықты. Таң құланиектенгенде жылы төсектен, сұлудың қойнынан қимай-қимай әзер түрегелді.

Өзімен ілесе тұрған бойжеткен мейманына қымыз сапырып құйып берді. Екі бірдей сапар кесені тоқтамай жұтқан Жаһан сұлу ажардың арайына арбалып, әнтек бөгелді. Тірсегіне түскен тоқпақтай қос бұрым, боталаған қарақат көз, албыраған қып-қызыл ерін «мені қалай қиып кетіп барасың?» дейтіндей.

– Менен сізге бір белгі болсын.

Қыз жанынан шығарып, қып-қызыл жібек орамалын Жаһанға ұсынды.

Маңдайынан өпті де кілт бұрылып, табалдырықтан аттады. Ақ тазының ақ күміспен безенген төсектен секіріп түскенін жауырынымен сезді.

Жұлдыз сиреп, аспан асты бозарған. Қаңтарып байлаған қос пырағы орнынан табылды. Мұның қаралдысын байқап, жарыса оқыранды.

– Жануарларым-ай... – Аузынан осы сөз қалай шыққанын аңғармады. Өйткені, «ер жолдысынан ат жолдысы жақсы» деген қағида көкейінде сайрап тұр еді...

Қара қасқа мен ақ боздың арасындағы салға жүрелеп отырып, тізгінді сәл босатқан еді, қос арғымақ желқайықтай есе жөнелді. Сол қалпымен іркілмей дарияға қойды да кетті.

Қызыл ағашқа байлаған шабдары да елеңдей қарсы алды. Шабдарға ауысып мініп, қос айғырды жетелеп жылқыға тартты. Табынға тақау барып, қара қасқа мен боз айғырды салын сыпырып ап үйіріне қоя берді.

Өзі жылқының нобайын байқаған соң, қосқа беттеді. Ұйқы қысып кеп, ішікке оранған қалпы іргеге қисайған. Абыр-дабырдан оянды.

– Қап, әттеген-ай, тым болмаса жөндерін де білуге жарамадық.

– Жау түсірген өңшең батыр жиылып, арғы бетке өте алмадыңдар ...

– Қалай бір түнде ізім-ғайым көшкен де кеткен ...

Мына әжүк-күжік әңгімені естігеннен еріксіз орнынан атып тұрып, сыртқа ұмтылды. Міне, қызық, ақ жұмыртқадай тізілген ақ ордалар жоқ.

– Әй, Жаһан, неге әукең салбырай қарадың? Құлқың шапқанмен ырқың жетпей үйді айналдыңдар да қалдыңдар. – Әліғали бір жағы өкіне, бір жағы серіктерінің намысына тие тіл қатты.

Жігіт жан қалтасын қарманып, қызыл жібек орамалды суырып алды.

Бәрі оның қолындағы желмен алаудай желбіреген шытқа еміне қарады.

Осы тұста Жаһанның батылдығына сүйінген Анике орнынан қозғалақтап, жөткірініп қойды.

– Есімнен үнемі кетпейтін екінші жайт осы.

Шынында да көңілге қонбайтын жұмбақ уақиғаның жайы Аникені ақылынан алжастырып отырғанда, үй иесі ұзақ-сонар әңгімесінің келесісіне көшкен еді.

... Жете[3] әмірлігінің ханы Қызыр Қожа өлгеннен соң оның орнына Шаки Жаһан, Шерғали, Шах Жаһан деген ұлдары бірінен кейін бірі хандық етті. Бірақ әмірлік ішіндегі өзара талас-тартыс, бақталастық өршімесе бәсеңдеген емес. Осыны әуелден байқап, әлденәрседен дәметкен жиендері – (Қызыр Қожаның қарындасынан туған) Шағатай әулетінен шыққан Уәйіс бұл кикілжіңге білек сыбана араласып, айқайға сүрең қосты. Ақырында нағашысы Шах Жаһанды өлтіріп, өзін хан жариялады. Әуелден көксегені де осы еді.

Көп ұзамай Сауран шаһарының әміріне Моғолстан ұлыс бектері мен бекзадалары бастаған топ келіп, сүйікті бәйбішесінен туған Тоғлаң-Бегімді Уәйіс ханға үшінші бәйбішелікке сұраған. Сауран әмірі жылы жымиып, ол қызына Самарқан уәлиі құда түсіп қойғанын көлденең тартты. Әңгіме сонымен доғарылып, бекзадаларды қошаметтеп күтіп, ертеңінде жолға салған. Бірақ көңіліне қыпыл еніп, қызын көп ұзатпай нағашы жұртының билігіндегі Мауренахр өлкесіне аттандырып жіберген. Алайда осы жасанған керуенге әлдекімдер тұтқиылдан лап қойып, асыл қазына мен мол олжаны оп-оңай әкетпек қамға көшкен.

Ұзын жолдың бойында тосып алған беймәлім жасақ ханшайымды қаумалаған жанындағы күтушілері мен нөкерлерін бықпырт тигендей сабады. Кенет ойламаған тұстан ақ боз арғымаққа мінген әлдебір қыз оңтүстік шығысқа қарай атқан оқтай атырылды. Әулекі істеріне еліккен атжалмандай жұлымыр жігіттердің жиырма шақтысы соңынан түре қуды.

Мына күтпеген оқиғаға сәл абдырап қалған басқыншы топтың өзгелері есін жиғанша, және бір алаяқ кер атты беймәлім адам батысқа қарай құйғыта жөнелді. Оның соңынан екі-үш қуғыншы ілесті.

Уәйіс ханның жігіттері ақ боз аттағы қыз Тоғлаң-Бегім деп топшылады.

Мына көріністен кейін ызбары бетіне шапқан жасақ керуеннің өзге адамдарын қойша иіріп, қарсы келген бір-екеуін шаншып өлтірді. Қалғандары ләббай қағып, айтқанына көніп, айдағанына жүруге бейіл болды.

Дулат әмірлерінің Сыр бойындағы тапсырмасын тындырып, құбақан атымен салдыртып келе жатқан Жаһан жыңғылдың арасымен ұбақ-шұбақ шапқан салт аттыларды сонадайдан көзі шалды. Алаяқ жылқы өршелене оқ бойы ұзаған. Соңындағы үш қуғыншы жақ тартып, алдыларындағы көздеген нысаналарына тигізе алмай әлек.

Жігіт құбақанның тізгінін тежеп, олардың мына әрекетіне біраз қызықтап қарап тұрды да, жалғыз бейшараға ара түсуге ұмтылды. Киіктей орғыған құбақан қуғыншыларға таянып қалды. Бірақ ол қызыл көз бәлелер өздеріне біреудің тосыннан шүйліккенін аңғармай, ілгерідегі ілдірмей бара жатқан қашқынға көңілдері ауған.

Сөйткенінше болмай Жаһан әлгі тізбектің соңындағы салт аттының тұсына тақау барды. Бейсауат жанды енді байқап жалт бұрылған ол құрыш болаттан құйылғандай балуан денелі, айғыз жүзді жігіттің қайдан тап келгенін болжай алмай абдырады. Жаһан ойланбастан оны шоқпармен тізенің тұсынан салып жіберді. Жанына батқан соққы бейшараны ер үстінде қаңғалақ ойнатып, әп-сәтте топ еткізіп жерге жұлындай ұшырды.

Жаһан енді келесісімен құйрық тістесті. Әлгінің басына ораған сәлдесінің ұшы шұбатылып, далақтай желбірейді. Қапталына жуықтаған қауіпті аңғармады. Тек жерге ұршықтай үйіріліп, төбесімен шаншылғанын бірақ білді.

Алдында садағын тартуға оңтайланып, ұрымтал тұсын іздеген тарғыл атты біреу бар. Назарын одан асырып қарап еді, алаяқ кер ат өз ауанымен зырқырай шауып барады. Үстіндегі адам бозбалаға ұқсайтын сыңайлы, сыртқы қылпы талдырмаштау көрінді.

Бұл тақымын сәл қысып, құбақанға емеурін білдіріп еді, жақ ұстаған жасаққа төпелетіп алып жетті. Атының басы оның үзеңгісінің тұсына іліккенде «әй, кімсің?!» деді. Анау оқыс үнге жалт қарағанда топшыдан қағып жіберді. Жамбы тиген асықтай шыр көбелек айналып, жерге былш ете құлады. Не болғанын түсінбеген қалпы топыраққа көміліп қала берді.

Жаһан «шү-у» деп, алаяқ кер аттының соңынан салды. Құбақан бүктетіліп, жазылып, өршелене ексімденді. Әлгіндегі топ жыңғыл әудем қалып, екеуі бұйрат-бұйрат жазыққа ойысып барады. Бір жусанды бетке келгенде алаяқ аттың басқан ізіне ілікті.

– Тоқта, тарт тізгініңді! – деп айқайлады. – Қорықпа, қуғыншы жоқ.

Өзі де соңына әредікте қарап келе жатқан салт атты, әлдеқандай жәрдемші пайда болғанын аңдаған. Сондықтан тақымындағы кер атты жер апшысын қуыратындай шабысына салмай, тізгінін іріккен.

Жаһан қатарласа беріп, шаужайынан алды. Сол кезде ат үстіндегі адамның өңіне қарап, айран-асыр күй кешті. Мынау өзі ойлағандай жігіт емес, ер адамша киінген бойжеткен. Қасы қиылып, баданадай көздері үрке жаутаңдайды.

Аттарының арыны басылып, аяңға көшкенде жігіт:

– Жол болсын, ханым! – деді, мұның жай адам емес екенін аңғарып.

– Айтсын!

– Мыналар не үшін шүйлігіп жүр?

Қыз болған уақиғаның басынан аяғына дейін айтып берді.

– Бұлар Уәйіс ханның кісілері болса керек. – Қайраны таусыла әңгімесін үзді. – Тұтқында қалған адамдарды қалай құтқарамын?

– Алаңдама, жөні болар. Ең бастысы бір қатерден өз басыңды арашалап қалдың.

– Адамдарымнан, нөкерлерімнен ажырадым. Жүрер жолымды білмеймін, сондықтан басымның қайда қалатыны әзірге беймәлім.

– Олай деме, ханым. Мен сені қандай жаудан болса да аман сақтап қаламын, тек ... маған күйеуге шық.

Қыз ер үстінде өкси жылады.

– Бір бәледен құтылғаныммен, екінші аранға ұрындым.

Екеуі аяңдап, қаулай өскен қамыстың иін-иінін қуалап жүріп келеді.

– Мына жерде сақ болмасақ, жолбарыс барын білерсің.

– Мен енді ештемеден қорықпаймын.

– Қорықпайтыныңды байқадым, сақтанудың қажет екенін ғана еске салдым.

Екеуі бір уақта дарияның шетіне ілікті. Аттан түсіп, үн-түнсіз аққан теңіздің тұсына келді.

– Сіз ары бара тұрыңыз, мен жуынып алайын, – деді бойжеткен.

– Мақұл, ханым.

Екі атты жетелеп, кері бұрылды. Белі суысын деп айылдарын босатып, байлайтын көлеңкелі ағаш іздеді.

Ат мойнынан асырып қыз жаққа бір қарағанда ол сырт киімін шешініп, дарияға беттеп барады екен. «Менен қысылар, қашығырақ кетейін» деген ойдың сүресімен сонадайдағы ағаштарға беттеді.

Мәуелі жиде ағашының көлеңкесі жанға жайлы екен. Қос атты байлап, жұмбақ қыздың тақымындағы алаяқ кердің әуелі тұрқына, сосын әбзелдеріне назарын аударды. Тұқымы бөлек жүйрік мал екенін бағана шабысынан көрген. Ал, үстіндегі ер-тұрманы мыңның бірі иелік ететін нәрселер емес. Тек хан мен бекзадаға ғана тиесілі, солардың ғана қолы жететін күмістеп, асқан шебердің жасаған нәрселері. Сондықтан бұл қызға қадалатын сұқ, ұмтылатын дұшпан көп.

Өз ойымен өзі арпалысып тұрып, біраз уақыт өтіпті. Дария жаққа мойынын созып қарап қойды, баруға бата алмады. Бір кезде «осыншама уақыт шомыла бере ме?» деп, жағалауға келді. Ешкім жоқ. Сырт киімі сол қалпы жатыр. Ал тылсым дарияның беті шымырлап, тереңнен ұсақ-ұсақ бүршіктер байқалады. «Әлде, дәретке барып жүр ме?» Дүдәмал халде төңіректі назарымен шолып шықты. Ешкім көрінбейді. Сосын тылсым теңіздің бетіне қайта үңілді. Жаңағы шымырлап жатқан бүршіктің арасынан қызғылтым рең білінетіндей. Енді соған еңсесін сала тұқиды. Кенет судың беті томпайып көтеріліп, күнмен шағылыса үлкен қара жон көрінді. Қос кездей жалы айбалтаның жүзіндей жарқырайды. Дереу садағын алып, шірене тартты. Екінші жебені де жіберіп үлгерді. Бірақ оны ерен санайтын нахан неме жоқ, жайын дарияны бір толқытып тереңге сүңгіді де кетті. Бұл, өкініштен «қап» деп, санын ұрып қала берді.

– Міне, осындай арманда кеткен үш нәрсем бар.

– Иә, өкінетіндей-ақ жай екен. – Анике шынында да қынжылыс білдірді.

– Ана, білімдар ақсақалдың аты-жөнін сұрамаппын. Жұмбақ ауылдың жайын білмеппін. Қолыма өзі қонған ханның қызынан қарап тұрып айырылдым.

Үйдің іші күңгірттенген үстіне күңгірттеніп, алакөбең реңге бөгіп тұр. Ошақтағы әлгінде алаулап жанған от қоздап, шоққа айналған. Үй иесі тереңнен дем алғандай болды.

– Сол ханның қызының басындағы хәл тура менің қарындасымның басына түсіп тұр. Ертең арашалап алып қала алам ба, ала алмаймын ба – бір құдайға аян.

– Төніп тұрған нендей хикмет?

– Ежелгі бітіспес өшпенділік.

– Бірге барайық.

– Ол – екеудің шамасы жететін шаруа емес.

Жолаушы енді төменгі жақта отырған бойжеткенге қарады. Ошақтағы қайың шоғының лыпылдаған алауы жүзіне шауып, қызарта нұрландырып жіберген екен.

Өшпенділік пенделік қызғаныштан өрбіген шилі жараға айналған. Он үш жасынан жауға шауып, батырлығы асқан Жаһанның соңынан бір рулы ел еретін жөні бар еді. Әмір тұқымынан тарағанымен жалғыздығы үнін шығармай, батырлығы жауға шапқанда ғана қажет амалға айналып, өзі әшейінгі ожар кейпінде көрінген де қойған. Мықтымсыған билер мен бекзадалар енді жалғыз қарындасын Уәйіс ханның жамағайыны месқарын Әлі сұлтанға әпермекші. Сөйтсе ғана бұл қазіргі атақонысы Шыңғырбайды жайлап қала бермек. Ондай байламға келмесе мыңғырған жылқысын шауып, өзін мекенінен қуып, қарындасын күшпен тартып алмақ.

Анике сұлтан өмірлерінің ұқсастығына таңданбады, пенде құлқының барлық жерде бірдей болатынына қайран қалды. Ой үстінде отырып:

– Қияметті бір кісідей көрген екенсің, шамасы, жасымыз да қарайлас шығар, құрдас десем айыбы болмас, – деді.

– Еш сөкеттігі жоқ.

– Олай болса өз жайымнан қысқа қайырып айтып берейін.

Жапандағы Жаһан бейқам қалпында мұны үнсіз тыңдады.

– Жошының ұрпағы таққа мұрагер болғаны үшін бірінің басын бірі жұтқаны жалпақ жұртқа мәлім. Қанша заман айналып түссе де осы қасірет билік төңірегіндегілерді иектеп кетпеді. Осындай себеппен басына қатер төнгенде көптеген сұлтандар пана іздеп, бір қиырды бір қиырға қосты. Алда-жалда барған жерінен сая тауып, аяғына нық тұрса – көкейінен кетпейтін хан тағының тақсіретін тартып, туғандарына деген кегі асқындай түсетін. Сосын, сол кек қайтадан ұзын жолдың бойында сабылтатын.

Әріден басталған әңгіменің желісі үй иесін баурап, біртін-біртін иіріміне тарта берді.

... Сондай бекзаданың бірі Тоқтамыс еді. Ол – Алтын Орданың ішіндегі өзіне төнген қатерден күн ілгері бас сауғалады. Самарқанға қашып барып, Әмір Темірдің қолтығының астына енді. Бұл уақытта биліктің дәмін татып, қарақанаттанған Әмір Темірдің ойы мүлде басқа. Іргесінде жатқан көршілес ел – Ақ Орда мен Моғолстанды жаулап, қара басының құзіретін асыра түсуді көкседі. Сондықтан, Тоқтамыс сияқты сұлтанды құшақ жая қарсы алды.

Меймандостықтың сыры көп ұзамай ашылды. Құлқы кетіп, аңсары ауған «байтақ жұртқа иелік етсем» деген ойын білдірді. Ниетіне тезірек жету үшін, Тоқтамысқа мұздай құрсанған мыңғырған қол беріп, Ақ Орда еліне – Ұрыс ханға қарсы айдап салды. «Іздегенге – сұраған» деген осы шығар. Тоқтамыс телпегін аспанға ата қуанды. Себебі, Алтын Орданы шапқанда Ұрыс ханның алмас қылышы оның әкесі Тұйқожа оғланның өліміне себепкер болған еді.

Қиян кескі ұрыстың амал-шартына бәлендей кәнігі емес Тоқтамыстың бұл жорығы сәтсіз аяқталып, жеңіліске ұшырады. Бірақ, кескілескен шайқаста Ұрыс ханның баласы Құтлұқ Бұқа қаза болды.

Әмір Темір мемлекетінен қайыра қарулы қол алған Тоқтамыстың екінші жорығы да тойтарыс тапты. Ұрыс ханның ұлы Тоқтақия басқарған Ақ Орда ғаскерлері шыдатпады. Үшінші шайқас екі жақтың қолы бетпе-бет келгенімен болмады. Төртінші жорықта Ұрыс хан мертігіп көз жұмды. Таққа ұлы Тоқтақия отырады. Бірақ, бақталастықтан Ақ Орданың ішінде өзара тартыс басталады. Осының кесірінен Тоқтақия қастықпен өлтірілді. Сөйтіп, Тоқтамыс Ұрыс хан өлгеннен кейін не бары екі жылдың ішінде Ақ Орда хандығының тағын иеленді. Сол-ақ екен, Ұрыс ханның тұқым-тұқиянының басына зобалаң туып, өңменіне көк найзаның сүңгісі қадалды.

Мен сондай теперіштен елінен ауып кеткен Тоқтақия ханның ұлы – Анике-Болатпын. Хандық 15-16 жылдың шамасында біздің әулетке қайтып оралып, Ақ Орда дәулетіне әкемнің жетінші інісі Құйыршық патшалық етіп еді... оны да көп ұзатпай өлтірді. Енді, бодан жұртқа айналдық.

Жауырынын керегеге сүйеп, селқос қалпы жайланған Жаһан батыр кеудесін көтеріп алды.

Жан-жақтан төнген қысымнан, басына үйірілген қатерден Ақ Орда мемлекетінен ауып кеткен Құйыршық ханның ұлы Барақ сұлтан бұл кезде Алтын Ордадан Самарқанға оралған. Әкесі мен бабасының алтын тағы есін алып, тыным бермейтін. Сондықтан ол да тура Тоқтамыстың ескі сүрлеуімен жүруді көкейіне түйіп қойғанын бұлар екеуі де білмейтін еді.

– Сен ханның ұлысың ба? – Көңілі сенбегендіктен қайта қайырып сұрады.

– Күмәнің орынды – жалғыз атты, сабау қамшылы халімде көріп тұрсың... Менен қандай көмек қажет? – Жаһанға назарын аударып, уәжін күтті.

– Менің жалғыз бауырым, қарындасым Жауһари-Сұлтан-Жамал Бегімді аман сақтауға уәде етесің бе?

– Уәде.

– Қосағың етіп алып, құрметтеп өт.

Анике мына күтпеген жайға аңырып, абдыраңқырай қос тізесін күректей алақанымен сипалай берді.

– Ертең мен жауға қарсы Сұлушоқының етегіне барам. Сендер Шыңғырбайдың биігінен қарап тұрыңдар. Егер қалың қол ары-бері сапырылысып, тоқтамай шабуылдаса – онда менің ұрыс салып жүргенім, яғни, тірі болғаным. Егер, қалың нөпір бір жерге шоғырланып үйме-жүйме тоқтап қалса, менің жеңілгенім, өлгенім.

Қарындасының көзі боталап, солқылдап жылады.

– Әйел баласы қайда қалмаған, мені бер де атамекенде ұрпағыңды өсір.

– Әй, баламысың... – Күрсінді. – Олардың айтып отырғаны желеу ғана, менің көзімді қалай құртудың амалын білмей діңкелеп жүр.

Қыз өксіп жылап, тілге келмеді.

– Таңертең табыннан боз биені ұстап берем, соны жетелеп еліңе бет түзеңдер. Өзге жылқы оның соңынан өзі ереді. Ал, тынығайық, – деді.

Таң саз бергенде-ақ Анике тысқа шықты. Ізінше Жаһан да төбе көрсетті. Дәретін алып, намазын оқыды. Сосын екеуі жылқыға барып, боз биені жетелеп қайтты. Құлынын іздеген бие екі-үш қайтара оқыранып еді, нөпір жылқы бұлармен бірге төмен құлады.

Әлден уақыттан кейін Жаһан есік пен төрдей шұбар атын ерттеп, бес қаруын асынды. Жауһари-Сұлтанның маңдайынан иіскеп, «өзіңе бір Алла жар болсын!» деді. Ізінше шұбарына қарғып мініп, Сұлушоқыға қарай шоқыта жөнелді. Артына қайыра бұрылып қарамады.

– Аға, аман-есен көрісуге жазсын! – Осы бір-ақ ауыз сөз айтып, абдырай оң қолын көтерген қалпы бауырының соңынан елжірей сүзілді. Қарындасы үшін жолға әзірлеп, ер-тұрманын сайлап беріп кеткен қара жорға күлік әлдебір қатердің төңгенін немесе алдында ұзақ-сонар жүрістің тұрғанын сезгендей ішін тартты.

Көшкен жұртта қалғандай құлазыған үйде бұдан әрі бөгелуді жөн санамаған Анике қалыңдығын ертіп, Жаһан сілтеген сілемге беттеді. Шыңғырбайдың биігіне жеткенде Сұлушоқының етегінде сойыл соғарлар қым-қуыт қайшалысып жатты. Алыс болғандықтан кімнің кім екенін ажырату қиын, әйтеуір, жалпы нобайы байқалады.

Екеуі сол жерде міз бақпай сәске ауғанша қарап тұрды. Ары-бері сапырылысқан, шапқыласқан аттылар түске тақау ығы-жығы бір жерге жиналды.

Бағанадан бері ернін тістелеп алабұртқан қыз көздері боталап, сыңсып жылай бастады.

– Жалғыз Жаһанымнан айырылғаным ба! Қанішерлер-ай ... қатыгездер-ай ...

Егілген қаралы жанды Анике ештеме деп жұбата алмады. Бір кездерде барып, қыздың шылбырынан алды да төмен құлдилады.

Жетектегі күңірене кісінеген боз биенің соңынан ақтылы жылқы шұрқырай ерді.

Бұл кетіп бара жатқандар – қазақтың тұңғыш ханы Керейдің ата-анасы Анике-Болат пен оның құдай қосқан жары Жауһари-Сұлтан-Жамал Бегім еді. Екеу ара жалғыз ұл сүйді. Мүмкін баланың «Жапандағы Жаһан» нағашысына тартқандығы болар. Кейін Керей екі кіші ұлын Санджор-Жаһан, ЖаҺан-Бахты деп атады.


ІІ


Атамзаман ақирек әлімжеттіктің, батырлықтың, жаугершіліктің уағы еді.

Ол кезде кімнің тегеуріні басым, сол – төңірегіне қаһарын шашып, жорыққа аттана беретін. Оның үстіне орталыққа мойынсұну көп жағдайда шартты түрде болатын. Тіпті, бір елдің ішіндегі рулар шүйгін өріс пен мол суатқа таласып, көңіліне жақпаса, әлі жеткені әлжуазын баудай түсіріп шауып алатын. Күш көрсетіп, айбат шегу өмір қағидалары ретінде қалыптасқан еді. Сөйтіп, өкіметсіздіктің өрескелдікпен өршіген қилы қаракеті үйреншікті жайға айналды.

Қаратаудың қойнауын мекендеген дулаттар – мединесі Алмалықтағы Моғолстан билігін тән ала бермейтін. Өйткені, бұл өңірдегі билік ұзақ жылдар Әмір Қамариден Дулатидың қолында болды. Оны көріп өскен ұрпағы Уәйіс ханның кезінде де уәжге келуі қиын-тын.

Ал, Ақ Орда мен Моғолстан – Әмір Темір әулетінің ежелден көз құрты. Әрі олар ішкі бақталас, бақа күндестікті өршітіп, жұртты біріне-бірін айдап салуда кәнігілікке жеткен. Сондықтан, хандарды былай қойғанда бір ел ішіндегі ұлыс бектері жиі шайнасып қала беретін. Сондай қолтығына су бүркудің амалымен кейбір ұлыс бектері өздерін, тіпті, хан дәрежесінде көретін.

Осындай іріңгежектікті бақылап отырған сыртқы жау да ұрымтал тұста түркі тұқымдас ел – қазақ ру-тайпаларын тарпа бас салатын. Ауық-ауық шығыс жақтан ойрат жоңғарлары қаптай еніп, бейқам елді шауып, олжаға қарық боп артынып-тартынып кететін кездер жиі ұшырасты. Ал, ата жау қалмақтың шабуылы – Тайбуырылды Қобыланды батыр заманының ар жағынан бастау алған еді.

Сондай зауалды Барақ хан да басынан аз кешкен жоқ.

Дешті Қыпшақ мемлекеті – Ақ Орданың ханы, әкесі Құйыршық қаскөйлікпен өлтірілді. Ендігі қауіп тақ мұрагерлері – балаларының басына үйірілген. Мұны қапысыз ұққан көкілташ[4] Барақ сұлтанды Еділ мен Жайықтың өңіріне жасырын әкеп жеткізді. Хан тұқымына Сарайшықтан онша қашық емес, теңізге таяу нулы жерден мекен тиіп, Алтын Орданың ықыласын таныды. Осы жерде буыны бекіп өсіп, алды-артын екшеді.

Сұлтанның өзіне қарасты ел-жұрты бар, үлкен қауым-тын. Бірде, қару ұстар ер-азаматтардың дені шаруа қамымен сыртқа кетіп, ауыл иен қалғанда телеүт қалмақтар тұтқиылдан тиді. Бейқам отырған жұрт қапелімде не істерін білмей абдырап, кейбір жаужүрек әйелдер сырық пен бақанды ала жүгірді.

Айналасы бие сауым уақытта қанды балақ жөйіттер ауылды ұйпап, көзге түсер келісті қыз-келіншектерді тізіп әкетті.

Екі күннен кейін ғана оралған сұлтан жаман хабарды естіп, іші қазандай қайнады. Әсіресе, жақында қосылған жарының олжаға айналғаны қабырғасына батты.

Жолдан келген торы төбел аттың айылын тартып мініп, жаудың соңынан жалғыз аттанды. Қылыш ұстап, шоқпар сермер жігіттерді әдейі ертпеді. Қалың қолға қарсы барып текке арандап қаламыз ба деп тайынды.

Мұндайда жапандағы жалғыз адамды иектейтін нәрсе – ой. Зығырданы қалмаққа қайнағаннан кейін де қалмақ ұлысы туралы сүрлеуді шиырлады.

Осыдан тура бір ғасыр бұрын, бір мың үш жүз он үшінші жылы Өзбек ханмен бірге ислам дінін қабылдауға келіспеген алтынордалық көшпенділерді «қалмақтар» деп атай бастады. Өйткені олар ежелгі салтты өзгертпей, өз дәстүрінде қалмақ болды. Өзбек ханның елді отырықшылыққа икемдеп, басқару ісіне ислам дінін араластыруға бұлар үшті-күйлі қарсы шықты. Сондықтан қалмақтардың ұлыс бегі Шибанид Бадағұл Хорезмге шабуыл жасаған. Кейін оның інісі Шибанидтің ұлы Күгедейді алып, Сібірге ауған. Сол жерде екеуі Йасбұға ұлысында билік етті.

Дәл осы кезде Орда Ежен ұлысында Маңғытайдың ұлы Қалбақ бар еді. Көбіне «Қалбақ» деген аты «Қалмақ» боп естілетін. Тіпті «Қалмақ» сөзі ауызға орамды боп, жүре келе дәргейіндегі жұртының атауы оның есімімен шыға бастады.

Сонымен, Өзбек ханға бағынып, өсиетін құп көрген қыпшақтар өздерін «өзбектер», ал Қалмақтың құзырына қарағандар «қалмақтар» деп атала бастады. Дәл осы Сарайдың батысы мен терістігін жайлайтын бұлар – ақ қалмақтар – түркі тілдес телеүттер еді.

Сол, ауанынан қайтпай беріштей қатқан жұрттың сілтеген қылышы сұлтанның үлпершегін жарып түсті. Енді, әлгі уытты қылыштың жүзі өзегін қыз-қыз қайнатып мұны қыжыртып-ақ келеді.

Үш-төрт күннің маңайында Құбан-Құла тайшынның ауылына жетті. Бірден ақиып барғанда түк те бітіре алмасын білді. Көнетоз күпі киіп, көп малшының бірі бола қалды.

Бұл ауылда Жырғал деген ескіден сыралғы досы бар еді. Еділдің бойында саят құрып жүріп танысқан. Содан бері қатынастарын үзбей, ылғи түз төсінде аңшылықта жолығатын.

Сұрастыра жүріп, соны тауып алды.

Әуелгіде досы күтпеген жерден ұшқасқан бұған тосырқай қарады. Өйткені Барақ сұлтанның иініндегі киіз күпі оның шын кескінін жасырып тұрған еді.

– Жырғал жампозым, түз төсінде тай шаптырымнан жазбай танып, көпшіліктің арасында жаңсақтыққа жол бердің.

– Ой, барқадарлы Барақ сұлтан, өзіңіз бе?! – Қапелімде мұндай кездесуді күтпеген ол екі қолын екі жаққа жайып, аңыра қарады.

– Сабыр, достым.

Жырғал енді жыға таныды. Ұмтылып барып, қарашаның киіміндегі қадірлі досын құшақтай алды.

– Сіздей бекзаданы өз үйімнің босағасынан көремін деп еш ойламап едім.

– Өмір солай. – Сұлтан іші алай-түлей болса да оны сыртқа шығармауға тырысып, жайдары кепте сөз сыралғысымен жауап қайырды.

Ескі таныстар табалдырықтан аттап, алты қанат киіз үйдің төріне жайғасты. Ізінше әйелі тегенемен қымыз көтеріп ішке енді. Тілі таңдайына жабысып, әбден шөлдегенін Барақ сонда барып білді. Қос сапар кесені бірінен кейін бірін басына төңкергеннен соң кепкен кенезесі кеңіп, демін алды.

– Қаталап қалыпсыз, ішіңіз. – Жырғал мұның шынысын әйеліне ұсынды. – Әй, бағлан әкеліңдер, шөл қысқан батырдың құрсағы да бос шығар. – Үй сыртында жүрген көмекшілеріне төрде отырып, пәрмен берді.

Біраздан кейін досы екеуі оңаша қалып, ат сабылтып келген жайын баяндады.

– Білгем, білгем. Өзім де іштей солай топшылап қойып едім. Тайшының тегеуріні жаман. – Сұлтанмен ашығынан әңгімелесті.

Іңірде жайғасқан бұлар, түннің бір уағында бір-бір ішікті жамылып қисайды.

Екеуі уағда байласқандарындай ертеңінде қоңтайшының қонысына беттеді. Әуелі шаруашылықтың қамы жасалатын шеткергі жалшылардың ұйлығысқан үйіне бас сұқты. Әйелдердің біреуі май шайқап, енді бірі есіктің аузындағы жерошақта іркіт қайнатып, екі-үшеуі қатық сүзіп жатыр екен. Үстері сауыс-сауыс, қазан-аяқ төңірегіндегі істің адамдары.

Бір кеспелтек еркек керегеге таянып ап, үлкен сабаны гүрпілдетіп пісіп тұр.

Бұлардың сәлемін селқос алды. Жырғалды танығаннан кейін қасындағы күпі киген мүскінге көңіл де аудармады. Әлдебір шаруаны тындыртуға ертіп әкелген малайы іспетті біреу.

Сабаның иі қанды ма, пұшпағынан тұлыпқа қотарып ап, піспекші жігіт жүре беріп еді, Жырғал:

– Қайда апарасың андағыны? – деп сөзге тартты.

– Ханның жаңа отауындағы бикеге. – Ол бір-екі адымдап барып, бұған иығының үстінен асыра тіл қатты.

– Мына малайға көрсетіп жібер, апарып келеді. Мен сенімен құла айғыр туралы сөйлесейін деп едім.

Бұл жылқымен бірге түнеп, қамбар атамен қатар өріп жүрген түз телеүті болса керек. Қыл құйрықты десе қызынып кететін жылқысүрейлігі мен қызыл шекелілігі және байқалады.

– Ә-ә, құлан шатыс құла айғыр ма? – Сөйлеген қалпы қолындағы шеңбірек атқан лақтың тұлыбын Бараққа ұстата берді. – Ана шетінен санағанда, басқұры көк жібекпен тартылған екінші үй. Тұлыпты ішке кіргізіп, өз орнына қой да көмекейін керегенің көгіне байлап кет.

– Мақұл. – Күпісінің иығын бір қомдап, сұлтан тұлыпты көтерген күйі тұтқындалып жары отырған үйге беттеді.

Ішке енгенде жартылай ашылған түңіліктен төгілген күн нұры шымылдықтың етегіне құйылып тұрды. Шымылдықтың ішінен біреудің селеуеті байқалды. Бөтен үйдегі бөгде төсектегі бұл – құдай қосқан қосағы екенін біліп, Барақтың шекесі шыңылдады. Қолындағы тұлып толы қымызды босағаға сүйей салып, ілгері адымдады.

– Айқұла-Бегім! – Аузынан әйелінің есімі қалай шығып кеткенін аңдамады.

– Сұлтаным, сіз бе?

– Иә.

– Мұнда қайдан тап келдіңіз, қатердің аузына... – Әйел абдырай сөйлеп орнынан тұрып, шымылдықтың сыртына шықты.

– Жүр, қашайық, – деді әйеліне салған беттен.

– Жоқ, қиық көз, табақ бет қалмақтың төсегіне түнеп тұрған әйелде не қадыр бар? Қашып құтылғаннан менің кеудемдегі бітеу жараға айналған кек тарамайды. – Даусы дірілдей сөзін іркіп барып, қайта жалғады. – Өшімді қайтарғыңыз келсе, Құбан-Құла тайшының үш қызының кенжесі Науат-Бегімді әйелдікке алыңыз. Мені содан кейін келіп құтқарасыз, – деді.

– Оны қалай қолыма түсірем?

– Күнде түс ауа үш қыз ауылдың түстігіндегі алмабаққа барып, сейіл құрады. Сол жерден ұстайсыз. Ал, енді бөгелмеңіз, біреу-міреудің көзіне шалынып жүрерсіз...

– Мақұл, аман бол!

Елеусіздеу қалпы қайтадан күтуші қызметшілердің басы түйісетін қараша үйге барды. Жырғал құлан шатыс құла айғыр туралы әңгімені әлі аяқтамапты.

– Әлемнің ұлы падишағы Темүжүн телеүттің ғаскері жорыққа мінген жылқының бәрі құлан тектес еді. Сондықтан олар болдырып, қалжырау дегенді білмейтін. Бұйырып, біздің де бие құланнан құла төбел еркек құлын туды. Қазір ол дөкей бесті айғыр. Қалмақ жұрты мінетін жылқыны содан өрбітеміз.

Әлгі Барақтың қолына тұлып толы қымыз ұстатқан жылқышы малай:

– Келесі жылы құлалар көбеюі үшін мен кілең ту байталдарды алып барамын, – деді басындағы далбайы жалбырап.

– Жарайды, онда құла айғырдың үйірін таяу маңда ұстайық.

Барақты енді байқаған малай:

– Қымызды апардың ба? – деп сұрады.

– Иә.

– Онда біз жылқыға кеттік, ертең үйірге үйір қосалық. – Жырғал келісіп сыртқа беттеді. Сосын Барақ екеуі көп ұзамай, құла түздің төсіне жапанды бетке алып бара жатты.

Жырғалдың жылқысынан бір боз айғырды және үйірі бөтен құла байталды жетелеп, екеуі таң ата қайта оралды. Бұл жұпары мұрын жарған алма баққа енгенде досы аман-саулық айтып, атының басын кері, дала қосына бұрды. Сұлтан Жырғалдың ендігі жанында жүруі оған қастық болатынын ұғып тұр.

– Саған Алла разы болсын.

Сол сәтте Барақтың Ақ Орда мен Алтын Орданың ханы болатынын, ол Жырғалды телеүттердің бегі қоятынын екеуі де білген жоқ.

Айғыр жөн-жосықсыз азынап, сырт көз бен бөгде құлаққа сыр бермес үшін танауының үстінен қазық бау шалып байлап, ноқталап тастады. Елегізбесін деп жанына байталды қойды. Атын сол маңға арқандап, өзі ерін жастанып, тоқымын төсеніп, көз шырымын алуға жатты.

Сәске түсте ұйқысы қанып, бойы қунақ тартып оянды. Жылқылар тура жайғаған қалпында тұр екен. Арқандағы атын арыққа суғарды. Тұлпарының аяқ басына қарады – кешегі аққан тердің борбайындағы шаң қонған тұсы болмаса, арқалығындағы сортаңы білінбейді. Әбден сүргін жүріске пісіп алған қылбұрау қалпын танытты. Сосын шешініп, жайбарақаттанып отырып жуынды. Қайтадан атын арқандады. Байтал мен айғырдың тұсына таянып, сықпыттарын бір сүзіп өтті. Таң асқандары жөн болған екен, сәл ширап ысылғандай.

Екеуін кезекпе-кезек жетелеп апарып, суғарып қайтты. Күннің көзіне қарап, уақыттың мөлшерін болжалдады. Шамамен қыздардың баққа келуіне әлі екі бие сауымындай мезгіл бар.

Ердің қасында жатқан тұлыпты алып, шайқап-шайқап, пұшпағынан қымызды қылғыта жұтты. Аузын буып саялау жерге тастады да бақтың ішін аралай, тайшының ауылына қарай аяңдады. Ойы – ауылдан шыққан қыздардың қандай соқпақпен баққа келетінін және сейілдеп қай тұсқа дейін баратынын болжау. Бұған қажеті – олардың тоғайға дендеп енгені.

Баудың шетін баспалап, үйден бері беттейтін жолды барлады. Оны мұқият көңіліне тоқып ап, жыныстың ішіндегі жықпылдарды қуалай гүлі мол ағаштарды шолды.

Қыздардың көңілін алаңдатып, өзіне тартуы үшін байтал мен айғырды қай тұсқа байлауы керек екенін топшылады.

Өстіп, бір қыдыру уақыт жүргенінде бие сауымындай мезет жылыстап өте берді.

Орнына қайтып оралып, атын ерттеді. Байталды жетелеп, қалыңның ішіне апарды. Сосын айғырды әкелді. Өйткені, екеуін қатар жетелеп жүру қиын. Айғыр қыдыңдап, әуреге салады.

Осылай бір шаруаны реттеп алған соң, өзі қайта баудың ауыл жақ бетіне барып, қыздардың жолын тосып жатты. Зауза[5] түні тамылжыған жайлы болғанымен, күні – қапырық ыстық. Ыстық қайтпай бикелердің бой көрсетуі дүдәмал нәрсе. Кешіксе де, әйтеуір, күндегі дағдыларынан жаңылып, келмей қойып жүрмесе ...

Көңілі қобалжығанымен мына баудың көлеңкесі, жұпары аңқыған лебі өзіне де, атына да жайлы. Долығы шығып шалдыққанда солығын басып, тыңайып қалды.

«Нудың ішінде осындай жанға жайлы сая тұрғанда ханның қыздары үйде қалай қамалып отыра бермек?» деген байламға бой ұра береді. Айтқанындай құлама бесінде үш қыз бұрала басып, бейқам қалпы баққа беттеді.

Бұл кері оралып, қыздардың жолы – әппақ гүлдері құлпырған мәуелі алма ағашының түбіне құла байталды байлады. Үйірде жүріп саяқ қалып көрмеген тағы неме күмбірлете кісінеді.

Барақ ат пен айғырдың қасына қайтып келді. Боз айғыр дегбірі кетіп, тынышсыздана жер тарпиды. Кісінейін десе жағы ашылмай діңкесі құрыды. Құлағын тігіп, мойылдай бадана көздерін байтал жақтан алмайды. Ауық-ауық шылбырды жұлқиды.

Сұлтан да апалы-сіңлілерді тосып, бұқпантайлай құлағын түреді. Бір кезде сейіл құрған ханшалардың үні жетті. Үзік-үзік дыбыстың арасынан бірі:

– Мына жылқыны неге байлап қойған? – деді. Сол кезде сұлтан ойына алған істің дер шағы екенін біліп, боз айғырдың аузындағы орамын алып, шылбырын шұбатып қоя берді. Ол азынаған қалпы құла байталға барып, танауынан иіскеп, шабынан тын тартып, бір кезде есі кете еліте секірді.

Бұл әбестікті көрген ересек қыздар бетін басқан болып, саусағының арасынан қарады. Жүзін төмен салған болып, көзінің астымен бағдарлай ырғынға батты. Ал, әлі анасының сүті аузынан кетпеген балаң бұраңбел бұған ашуланып, доң лақтырып, мына айуандыққа төзбей шаң-шұң етті.

Мұның бәрін сырттай бақылап тұрған сұлтан осы бір харакетінен Құбан-Құла тайшының кіші қызы сол екенін ұқты. Әрі, сықпыты да өзге екеуінен кішілеу көрінді.

Енді бөгелудің жөні жоқ екенін біліп, торы төбел атымен алма ағаштарының арасынан шыға келді. Келген бетте ер үстінде тұрып құла байталдың шылбырын шешті. Бұл не жанталас екенін түсінбей оқырана таянған боз айғырдың шаужайынан шап беріп ұстады. Байталдың шылбырын басына түрді. Айғырдың шылбырын тақымынан өткізіп, ерді айналдыра орап басып алды.

– Неге бұл жерге мына хайуандарды әкелгенсің? Хан бағында не ғып жүрсің? – Ешкім бетінен қақпаған қыз жігітке таяй түсіп, тап-тап ұмтылды.

Сұлтанға да керегі сол еді, талдырмаш ақмаңдай аруды тарпа бас сап, алдына көлденеңінен өңгеріп жөнелді. «Шүу» деп бергенде жетегіндегі боз айғыр лыпып бірге атырылды. Оның соңынан бауыр басып қалған құла байтал ес тартып, қалмай қоса ілесті.

Мына оқыс көрініске иланбай, жігіттің не шайтан, не жын екенін ұқпай қос апалы-сіңілілі ну тоғайдың арасында абдырап қала берді. Қалың ағаштың ішіне сіңіп жоқ болған жұмбақ жанның қайда бет бұрып, қалай кеткенін тұспалдай да алмады.

Ал, әуелгіде лақша бақырған қыздың үні әудем жер ұзағаннан кейін өшті. Ер үстінде екпетінен жатқан оның бауыры езіліп, өті аузына құйыла жаздады. Тынысы тарылып, айқайламақ түгілі ыңырсып жылауға шамасы зорға жетті. Содан кейін оны ерге оңаша отырғызып, тор төбелдің тізгінін қарына ілген қалпы Барақ ақ боз арғымаққа жайдақтай қарғып мінген.

Әскермен барып, ханның ауылын шауып, қызын тартып алса бұлай әуектетпей, ат артына теріс салып әкелері аян. Өйткені қасында нөкерлері бар, ештеңеден тайынбай, жайымен жүрер еді. Қазір жалғызілікті болғаннан кейін қам-айла, сақтық және шапшаңдық аранның аузынан алып шығуы ықтимал. Сондықтан батпанның бәрін торы төбелге артпай, ақ боз арғымақтың арынын байқамақ. Бір сүйінгені, құла байтал да қалмай жетектеген жылқыдай ілесіп келеді.

Екінтінің кезінде дүрк етіп қозғалған сұлтан ақшам уағына дейін ұры жолдармен суыт жүріп отырып, бұлағы бар қалтарысқа бөгелді. Ондағы ойы – мына кездескен тұмадан бір тұлып су алмақ. Енді ішкі тұспалы бойынша таң саз бергенше тыным көрмейді. Жүре беруі керек, жүре беруі керек. Телеүттердің мекенінен алыстаған сайын тынысы ашылып, жаны жай таппақ.

Тұлыпты шайқап төгіп, шорылдақтан су толтырып жатқанында қыз:

– Мені қайда апарасың? – деді.

– Еліме.

– Не үшін азапқа салдың?

– Әкеңнің қорлығы үшін.

– Әкем сені орта жолда өлтіреді.

– Егер таба алса.

– Мені тұтқындап ұстамақсың ба?

– Қатын ғып ұстаймын.

– Сен сияқты жалшыға қатын болмаймын.

Ашуын сыртына салған Науат-Бегімнің өңіне барлай бір қарады. Сосын тұлып толы суды қыздың артына бөктерді де жүріп кетті. Бұл кезде төңірек алакеуім тартып бірлі жарым жұлдыздар да білініп қалған еді.

Таң саз бере қолайлы бір қолат тауып, тоқтады. Күннің көзі барда тынығып, қараңғылық жамыла жүруді жөн көрді. Бұл, біріншіден, көлденең көзден сақтайды. Екіншіден, киімі жұқалтаң әрі әздектеп баққан ханның қызы Науат-Бегімді ыстыққа ұрындырып, опат етіп алам ба деп тайынды. Біреудің қызының өлетінінен қорыққан жоқ, Құбан-Құла тайшының жанын ауыртатын амалдан айырылып қалудан тартынды.

Түнде жүргеннің және бір қолайлысы – көлікке ыңғайлы.

Айсыз түндерді жамылып, төте жолды кеңінен орағыта бесінші тәулікке қарағанда ауылына келді. Ел-жұрт үрпиісе қарсы алды. Бейтаныс, ақмаңдайлы талдырмаш ару ер үстінен құр сүлдері түсті. Сұлтанның да сұрқынан сұрық жоқ еді.

Жата-жастана ауылдың үлкендері мән-жайға қанықты, мақұлдағандай болар-болмас бас изеу ишаратын білдірді.

Бұдан соң тайшының қызынан назар аудармай, күтімін жақсартты. Ес жиып, буыны бекігеннен кейін жас қыздың некесін қидырып, қатындыққа алды. Көп ұзамай ол лоқсып, құсатынды шығарды.

Бір күні, құрсақтағы бала үш айлық шамасында Науат-Бегім қапысын тауып, сытылып жөнеліпті. Тақымына ат тиісімен бірден еліне тартып отырған.

Оны назарынан тыс қоймайтын күтушілер сұлтан әйелінің жоқ екенін аңдап, байбалам көтерді.

– Құдай атқанда тоқал жоқ! Айырылып қалдық! – Етжеңді Маржани-Шапхат күңнің шарқая дауысы ауылды тік тұрғызды. Жұрттың бәрі жабылып, төңірекке жапа-тармағай іздеу салды. Бірақ ешқандай ұштығы да білінбеді.

Барақ «не де болса еліне тартты» деп, бедеу аттың бірімен түре қуды. Айтқандайын-ақ, төрт-бес белден асқанда қиянның ұшында жалғыз ноқатты көзі шалды. Одан сайын атының тізгінін қағып, шабысын үдемелете түсті. Соңынан қалмай отырып, бір уақыттарда қуып жетті. Әйелдің астындағы ақ көбігі шыққан қойшының мес торысын суылдырығынан барып ұстады.

Науат-Бегімнің көзі жалын атып, аққұба өңі ызбарлана сұрланған.

– Мен – Құбан-Құла тайшының қызымын. Әкеме арнап, қалмаққа батыр туатын едім, сен алдымды орадың. Ішімдегі бала қазақ болмайды, қалмақ болады, – деді тайсалмай.

Оның сөзін ерен көрмей Барақ торы атты шаужайынан алған қалпы үйге қарай бұрылды. Қашқан қатынды қайырып әкелген соң сұлтан ауыл жұртына әйелден көз жазбауларын таптап тұрып тапсырды. Содан көп өтпей қол жинап, бәйбішесін азат етуге телеүттерге аттанды.

Бес жүз қолмен бұйрат даланы кесіп өтіп, тайшының ауылына іліккенде, жылан жалағандай жұрты ғана қалыпты. Алдын-ала жансыздары арқылы әскер шыққанынан хабар тиген соң ізін жасырып, көшкені байқалады. Көз көрім жерде ештеме білінбейді. Шарқатын жел алып қашқан кейуананың кейпіндегі дала төсінде сағым ғана үздіксіз бұлдырайды.

Сұлтан нөкерлерін жанына жиды.

– Дереу үш ондық жасақты үш тарапқа аттандырыңдар! Жер шолып, барлап қайтсын, – деді. – Біз осы бағытымызбен ілгері жылжимыз.

Барақтың топшылауы бойынша телеүт ханы түп көтеріле қозғалғанына қарағанда шыққан түбіне тартуы ықтимал. Өйткені, алған беттері Сібірге қарай бастайтын еді. Арғы жағы бақадай бықыған қалмақ.

Өңкей салт атты сарбаздар лап етіп алға қозғалды. Күрең жорғаның лыпылдай тайпалғаны сұлтанды әп дегеннен топтан оқшаулап, құрық тастамдай, бара-бара арқан бойындай жерге оздырды. Ер үстінде қаққан қазықтай отырып, талайдан мазалаған ойына тағы да оралды. Құбан-Құла ханның неге бұған ұрынғанын түсінбей дал. Араларында шәлкем-шалыстық, жанжал болған емес. Тек ата жаулық пиғылы қозып, қайткенде қазақтың қарын сындырам деген қараулығынан өрбіген іс тәрізді. Әрі ер-азаматтардың дені сыртта жүргенде ұры иттей жымып басып, тұтқиылдан ауылға шабуылдауы ханға лайық қаракет емес. Ұзыннан өші, қысқадан кегі болса бала-шағаға бықпырттай тимей майдан даласында қырқысып, бірінің-бірі әуселесін байқап көруі керек еді.

Көз ұшына бір, басқан ізіне екі қарап келе жатқан сұлтан күрең жорғаның шұбырған сүрлеуге түскенін аңдады. «Иә, сәт, алысқа ұзай қоймаса екен» деп тіледі.

Осыдан төрт ай бұрынғы бәйбішесі Айқұла-Бегімнің сөзі жадына оралды: «Менің кегімді қайтарғың келсе...»

Қалмақтың қызын қатындыққа алды. Иә, егер дәл сол шартпен өшпенділік өрті өшетін болса, әлдеқашан бұл жайды ұмытар еді. Олай болмады, керісінше көкейіне батқан кесел, өзін аужал көрмей кеуледі. Кейде ашу буып, дүниенің күл-талқанын шығарғысы келеді. Дәл қазір соншама жанына зауал әкелген телеүттің тайшысы уысына түссе тамтығын қалдырмайтыны тәңірге аян. Себебі, өзінің қара басының кегі кетіп барады. Ел-жұртының намысы аяқ астына тапталды. Ақтай алған әйелі күндіз-түні қорлық кешіп, азап шегуде.

Мұндайда не істеу керек? Тітіренткен қаһар, жанын қуырып ақылын апшыған айбын сесімен телеүттердің төбесін тесуі тиіс. «Ханның басын хан алар шауып тұрып» деген сөзді ата-бабасы әлдеқашан айтқан. Осы бәтуаның баяндылығына шәк келтірмеді.

Тағы бір мәурітте ат белін суытып, қалың қол аялдаған шақтарында маңдай тұсты барлап білу үшін он жасақты алға оздырып жіберді.

Ымырт үйіріле ілгері кеткен шолушылар бір көш жерде бұларға қарсы сыңсыған қолдың тұрғанын жеткізді.

– Онда бауыздау тұсына таянған екенбіз, – деді сұлтан. – Бүгін осы жерде еру боп түнеп, таң қылаң бергенде атқа қонамыз. Қалмақтардың қабырғасын сөгуге дайын болыңдар!

Бір қараңғы, бір жарықта үдере өрген Барақтың қолы суыт жүріп отырып, таң жарқырап атқанда қоңтайшының әскерін қоршап тоқтады. Көк найзаның ұшы қиғаш түскен күннің нұрына шағылысып, ажал іздеген аждаһаның көзіндей жалтырады. Мұны көрген қалмақтардың ішкі дүниесі қалтырай берді.

Екі жақ бір-біріне міз бақпай біраз уақыт қарап тұрды. Себебі, дала жорығының жоралғысы бойынша мұндай үзілісте тараптардың бірі жекпе-жек сұрауы мүмкін. Қолбасыларының көңілдерін бекітіп, байламға келгенінше мұрсат берілуі тиіс.

Араны сүт пісірім уақыт аралап, сес пен дестің арбасуы ұзап бара жатты. Осыны аңдаған сұлтан оң қолын көкке көтеріп, бір сәт қимылсыз тұрды. Қолын жанына сілтеп қалғанда майсары[6] – әскердің оң қанаты сақпанның тасындай дұшпанға лап берді. Аз ғана топ бұларға қарсы ұмтылғанымен дені кейін лықсып кеткендей әсер қалдырды.

Алғашқы лек дұшпан арасына сіңіп, қоян-қолтық шайқасқа араласып кеткенде, сұлтан сол қолын көкке көтерді. Алақанын төмен тастап кеп жібергенде маймене – сол қанат жолдағысын жапыра жойқын күшпен құйылды.

Есті алған екінші толқын әскер арыстанша атылғанда жау шебі сетінеп, соңғы жағы ары қарай жөңкіліп берді.

Ызы-қию шу, айқай мен сүрең, ыңырсыған, кісінеген жансебіл сәт тоқтаусыз жалғасты. Барақтың әскері шеңгелді түбімен отаған отыншыдай телеүттерді жайпап жіберді. Сәске шақта жаяу-жалпылаған бір топ тұтқынды айдап, Маңғытай-Түлен жүзбасы сұлтан тұрған дөңге қарай беттеді.

Тұтқынға түскен бектің аузынан естігені ханның отбасы, малшы-жалшылары екі күншілік жерде кетіп бара жатқанға ұқсайды. Ал өзі жеті түннің ішінде ең сенімді адамдарымен бас сауғалай ілгері жылжыған.

Сұлтан шұғыл түрде нөкерлерін жыйды.

– Жаудың негізгі қолын талқандадық. Біздің де арамыздан шығындар бар. Қанша адамның опат болғанын, қаншасының мертіккенін байқап, жарамды әскерді үш топқа бөліңдер. Бір топ, Иманды-Шегіртақ басқарған, осы арада қалады. Жаралыларды жайғастырып, тұтқындардың басын құрайды. Ештеңені шашау шығармай, елге бет түзейді. Келесі Керделі-Телінің жасағы телеүттер ханының ізімен түре қуады. Ұстаған жерде қол-аяғын байлап, алып келіңдер. Үшінші топ көштің соңынан түсеміз. Айқұла-Бегім бәйбіше мен өзге көгенкөз бейшараларды сол арадан табармыз. Бізге мына тұтқындар жол бастап жүреді.

– Айтқаныңызға құлдық, мырза! – деді сенімді серіктерінің бірі Шах Семсер. – Бәрін бұлжытпай орындаймыз.

– Онда, тездетіп әскердің жайын біліп келіңдер!

Көп ұзамай Керделі-Телі басқарған жасақ шеру тартып, тайшының соңынан қуып жөнелді. Ал Барақтың өзі тұтқындардың жөн сілтеуімен көштің артынан жылжыды.

Мына жердегі басшылықтың бәрі Иманды-Шегіртақтың дәргейінде қалды.

Сұлтан бастаған жүзге тарта адам тынымсыз жүріп, түннің бір уағына дейін маза көрмеді. Тек келесі күні ақшам иектегенде ғана көшке жетті. Өңшең шал-шауқан, қатын-қалаш, бала-шаға, жалшы-малшы шұбырған керуенді қойша иіріп, тоқтатып алды. Арасында сары інгенге жозы сап мінгізген Айғұла-Бегімді тапты. Әбден қалжырап, құр сүлдері қалыпты.

Сарбаздардың қайсыбірі қарындасын, жеңгелерін, апаларын ұшыратып, көзайым шаққа мәре-сәре. Ауылдың өзге де қыз-келіншектері азатқа айналды.

Барақ жау жағының ешқайсына тиіспеді, жарымен аман қауышқанына қуанды. Тек тайшының нақ сүйері жайғасқан күймені босатып ап, бәйбішесін отырғызып еліне кері қайтты.

– Алла разы болсын, сұлтаным, мен разымын. Тайшының істегенін өзіне істеп, кіші қызын қатындыққа әкетіп, өшімді алдыңыз, – деді Айғұла-Бегім күймеге отырған соң әзер тіл қатып. – Енді, міне, елдің кегін қайтарып, түскен еңсесін көтердіңіз.

– Аман болсақ, әлі саған алтын астаудан ас ішкіземін.

Барақ осыншама уақыт азап көріп, қорланған бәйбішесін басқадай уәж айтып жұбата алмады.

***

Таң сарғая білінді. Күннің көзімен таласа тұратын ел өре түрегелді. Бүгін тіпті әшейіндегідей емес, қарбаластық, беймаздық байқалады.

Жылқының қам-қаракетін әбден меңгерген сырқынды жігіттер алымды да шалымды. Әп дегенше тоқпақпен түйгіштеп, келсаптай-келсаптай қадаларды жерге жытыра сіңіріп жіберді. Енді бірі жеңді білектей қыл арқанды қадаларға кертілген түбінен қазықбау шалып түйіп, жүз адымдай жерге сымша тартып байлады. Осындай шамамен қатар-қатар төрт-бес желібау түсті.

Жыпырлаған ел шаруа істеп қайшалысады.

Желібаудан оқшауырақ үш-төрт қараша үй тігіліп жатыр. Онда да адам қаралдысы баршылық. Бұл үйлер бие сауатын және сауысатын қызметшілерге арналған.

Сөйткенше болмай алғашқы бозы көп жылқының үйірі айдалып әкелді. Алақанға түкірген жастар құлындарға бұғалық сап, шыңғыртып ұстай бастады. Өңкей әлеңкедей жалаңдаған шалмашылар мен атан жілік қарулы азаматтар жиналған жерде жұмыс шақ келе ме, құлынның бәрі тәсбиықтың тасындай тізіле желіде мойындары созылып, тұқиып тұрды.

Бірыңғай боз биеден құралған екінші үйір жетті. Сауынға үйренген мама биелер желібауға тұра-тұра қалды. Шамалы уақыт өткенде тағы да шаңқан боз жылқының үйірі көрінді.

Бас-аяғы жүз елу боз бие сауылымға қойылды.

Кілең боз биелі желібауды ешкім көрмеген шығар, көрсе де сирек кездесетін жайт. Әйтпесе, көзге үйреншікті ақтылы жылқы желідегі құлындардың тұсында шұбыра үйездеп немесе төңіректе бытырай жайылып жүретін. Мынау кіл әппақ ақшаңқан жылқылар.

Алғашқы байланған биелердің желіні сыздап, уақыты да жетті. Әлгінде тігілген қараша үйлер жақтан шыққан бір лек адам лап беріп, жапа-тармағай жылқыларды сауа бастады.

Бұлар күнде осы табынның қасындағы кісілер еді. Сондықтан көпшілік биелердің сырын білетін. Білетіндіктен бірін бос қойып, бірін бүкпелеп, қайсыбірін күнделеп бауырына таяна берді.

Кейбір асау құлындар шоршып, маңына жуытпай шыңғырады. Бірақ, қабырғасынан ала құшақтап, шаптан бүре ұстаған әлеуетті қол тыпыр еткізбей дедектете енесінің тұсына әкеледі. Сосын шөлден таңдайы құрғап діңкелеген өзі-ақ ерінін икемдеп, дерте бұлтиған желінге қарай ұмтылады.

Осылай басталған қарбалас тоқталмай, күнде таң бозарып атқаннан қас қарайғанға дейін жалғасып отырды.

Бұл биебаудан қозы көш жерге он қанат ақ орда тігілді. Төңірегіне одан кішірек үйлер бой көтерді. Ақ ордаға күтушісімен бәйбіше жайғасты.

Осы шағын ауылдан шеткерірекке, оңашалау және бір ақ отаудың керегесі керіліп, қадасы қағылып жатты. Үй тігіліп біткеннен кейін ішінен екі-екіден қатар төрт тесік ұра қазылды. Оған бал қарағай бөренелерін тігінен орнатып, түбіне тас пен топырақ тастап, түймештеді. Олардың биіктігі қара санға жуық еді. Сырт нобайы кереуетке ұқсады. Енді алшақ екі араға желі баудың қазығындай сом қада қағылды. Деңгейін бөрененің биіктігімен теңшеді.

Содан кейін талды иіп бесік жасайтын шеберлер осы қадаларды көмкере отырып, астау пішіндес үлкен қаңқаны әзірлеп шықты. Енінің жалпақтығы екі адым да, ұзындығы төрт адымнан астам. Оған шұңғылдап, текемет төседі. Оның үстінен иленген әрі бірімен бірі қайып тігілген бітеу теріні тастады. Бір пұшпағы төменге жіберілді. Өйткені құйылған сұйық зат сол арқылы қотарылып, сыртқа ақтарылуы тиіс. Ағатын жолына қыш кәріздер қойылған. Кәріз үйдің іргесінен шығарылып, әудем жердегі ұраға барып тіреледі.

Қапталына тепкішек орнығып, көшпелі елдің қолданған хауызы әзір болды.

Жаңа сауылған кіл боз биенің сүті тұлыптармен атқа артылып, осы шеткері үйге жеткізілді.

Босағадағы ошаққа адыраспанды лаулатқан пірәдар кемпір оның алауымен хауызды аластады. Сосын көзін жұма екі алақанын кеуде тұсына көтере ұстап, әлдебір дұғаларды сарнатып оқи бастады. Дұға бел алған сайын екі жағына кезек шайқалып, үнін зорайта түседі. Не қилы зерлі шолпы тағылған әппақ бұрымы сыңғырлай қоса тербеледі.

Осы кезде даяшылар мен жұмысшылар әкелген тұлып толы саумал жан-жақтан жапа-тармағай хауызға лақылдай құйылды. Ол меймілдеп толған кезде, күтуші әйелдер қаумалаған бәйбіше ішке енді. Айқұла-Бегім пірәдар кемпір мен дем салынған саумалға иіліп сәлем етті. Сосын хауыздың қасына таянып, жақынырақ тұрды.

– Біссіміллә-рахым-аллахи, менің қолым емес, Бибі-Бәтима пірімнің қолы. – Бақсы кемпір қос күміс білезік тағынған оң қолын білегіне дейін саумалға малып алып, Айқұла-Бегімнің маңдайына алақанын үш мәрте тигізді.

– Маңдайының бағын аша көр, қымыздай дертіп таса көр, Жаратқан ием жар болып, ақ нұрын мұнда шаша көр. Шаша көр, шаша көр! Тәу, тәу, тәу ...

Бәйбіше «біссіміллә, біссіміллә» деп, шүкірәналығын білдірді.

Күтуші әйелдер бәйбішенің үстіндегі киімін шешіп, денесін жалаңаштай бастады. Біреуі дізерлей отыра қалып, кебісін сыпырды. Ізінше қолтығынан демей тепкішекке таяп, оң аяғын хауызға салуға септесті. Қадаға сүйеніп, Айқұла-Бегім екінші аяғын ішке алды. Сосын боз биенің сүтіне гүмп қойып, малшына берді.

Жып-жылы сүт алпыс екі тамырымен қоса қолқа-жүрек бар денесін иітіп әкетіп, жаны шымырлай жай тапты. Іштей, «Кет, бәлекет, кет! Арылт мені харам қақастан!» дейді жалбарына. Кеудесін кернеген намыстан бадана көзінен ауық-ауық ыстық жас та ытқи жөнеледі.

Кеселге ұшырағандарды дуаның күшімен арылтумен шұғылданатын Сүйіндік-Нұрқұла кемпір күбірлеп, дұғасын үзбей оқиды.

– Жаратқан ием, шипаңды бере гөр! – Тәңірге жалбарынып алып, –жарықтық, ем бола гөр, – деп, ақтың өзіне тәу етеді.

Саумалға шомылған бәйбішенің бойы байсал тартып, буын-буыны босап, бар денесі балбырады. Жүйке жүйесі шымырлап, жаны сая таба рахаттанады. Тәні сәбидің денесіндей албырап, өзегінен хақас нәрсе сурылып шыққандай өзін қауырсын тәрізді жеңіл сезінді.

Әр шомылған сайын әр түрлі ләззатты шақты бастан кешті. Кеудесін қыжылдатқан әбілет азайып бара жатқандай аңғарылды.

Қырық күн үзбей осы жоралғы қайталанды да отырды. Қырық бірінші күні қасында Қожа имам бар Барақ сұлтанды көрді.

Ақ орданың төріне екеуін қатар отырғызып, молда бірнеше сүрелерді қайырды. Әлден уақытта барып неке суын әкелуге пәрмен етті. Ақ шыныны көтерген пірәдар кемпір Сүйіндік-Нұрқұла ішке енді.

Сөйтіп, Барақ қырық бірінші күн дегенде некесін қидырып, бәйбішесімен қайтадан қосылды.

Арада шамалы уақыт өткенде ай-күні жетіп, Науат-Бегім босанды. Сәбидің есімін Әбу Сайд деп қойды. Бала күтімін бәйбіше өз мойнына алды.

Қым-қуыт тірлікке толы өмір ауанымен аға берді. Келесі жылы тоқалдың тағы да аяғы ауыр екені білінді. Ешкім оның көкейінде не жатқанын қаперлемеді. Бір күндері қапысын тауып, еліне тайып отырыпты. Қуғыншылар тағы да ай даладан ұстап алып келді.

– Қыжалат көріп жүрсің бе, неге қашасың? – деді жолда келе жатқанда қайныларының бірі.

– Мен әкемнің жағында болатын, қалмаққа қызмет ететін ұл табамын. Сондықтан бұл баланы сендерге бұйыртпай, қалмақ ордасында тәрбиелейін деп ем.

Сонда ғана жұрт оның неге екіқабат кезінде қашатынын ұғынды. Ауылға әкеліп, көзден таса етпей бақылап отырды. Айтқандайын ұл туды. Атын Мир Қасым деп қойды.

Бәйбіше оған бір күн де қаратпай шикі өкпені бауырына салды.

– Қыпшақтың баласы Дештіге қызмет етеді, – деді әдейі тоқалға естірте. – Мен сені сұлтанға өзім айтып алып қаштырғанмын. Неше бала тусаң да телеүтке тезек те жоқ.

Балықтай бұлқынған жас келіншек емшек сүтімен және жерік болды. Ауылдағы ағайын қашанғы қыртыстана берсін, мейірмандықпен қаталдығын ұмытып, әйелді жайына қойған. Осы босаңсуды тап басып білген қалмақтың қызы алдын-ала көздеп жүрген жүйрігін сайлап мініп, еліне бір түнде жалт берді.

Қапелімде жер сипап қалған аңғал жұрт, тағы да «қап, бәлем» деп, өршелене қуды.

– Мынау бір нешеме жыл өтсе де қашуын тоқтатпады, дәтінің берігін-ай... – Күйіне даурыққан қуғыншылар кештете шығып, ертеңінде сәскеде іздегендерін алыстан көздері шалды. Назарға іліккенмен астындағы қан жирен жүйрік жылқы тағы да ет пісірім уақыт маңына таянтпай қойды. Ақыры бір кездерде шалымды жігіттердің бірі шаужайынан барып ұстады.

Әйел:

– Көксегеніме жетпедім-ау, – деп озандап жылады. – Бұл жолы да баһадүр батыр табатын едім. Қалмақтың арасында тәрбиеленгенде сендерге кеткен әкемнің кегін қайткенде де қайтарар еді...

Қатебі батқан жарбай түйеше бақырған бая-шая әйелдің тізгінін қарына ілген нөкерлердің бірі, кері бұрылды да ел қайдасың деп тартты. Жан-жақтан қаумалаған саусылдаған қайнылары жеңгелерін орталарына алып, әзілдесе отырып ауылға қайтып оралды.

Айтқандайын ай-күні толып, ұл тапты. Атын Мир Сайд қойды.

Бұдан кейін төртінші балаға жерік болған Науат-Бегім бәрібр құтылмасын білді ме, бошалаған інгендей сәті келгенде жалт беріп ізін жасырып тайып отырмады. Басы-байлы қазаққа әйел болғанын, енді бұл елден ешқайда кете алмасын әбден ұғынды. Өйткені Барақ сұлтан Сарайды тастап, көксеген мұратына жету үшін Самарқанға аттануды шешіп қойған.

Осындай болашақты тұспалдаған сұлтан ой-толғақпен үйге сыймай жүзге тарта нөкерімен түзге кетіп, саят құрған. Аңшылық болса да бұлар бес қаруы сай жасанған жасақтар еді. Бір дөңестен салдыртып шыға келгенде көрші ауылдың үсті ат-көпір екен. Ел-жұртын қан қақсатып жау шауып жатқанға ұқсайды.

Іргедегі бұл рулы елдің аты талай жерге мәшһүр Қайырлы деген сұлу бойжеткені бар еді. Не де болса соған шүйілген алапат екенін білді.

Дереу аттың басын қоя берді. Ұшыртқаннан ұшыртып отырып ауылға келсе, жау шапқан жұрттың үстінен түсті. Жылаған-сықтаған адамның арасынан жібі түзу біреуді тауып сөйлескендерінде, мұны істеген телеүттің ханы Құбан-Құла екенін білді. Бұрнағы жылы ізін жасырып кеткен одан Барақ сұлтан бұ жолы айырылмау керек деп шешті.

Осылай ұйғарған ол аялдамай қалмақтарды түре қуды. Мол олжамен кетіп бара жатқан жаудың қара ізінен қалмай, түреннен қиқу салды. Қарайғанды қағыс жібермейтін қоңтайшы да бір сұмдықтың таянғанын ұқты.

Атының басымен алысқан сарбаздар қапталдан кеп тиді. Олардың тайынбай шапқан екпінін көріп, соңында жер қайысқан қолға арқа сүйеп өзеурегендер екен деп, шатақшыл топ мыстай болды.

Сарбаздар қылыш сілтеп бір-екеуін ер үстінен жұлындай ұшырды. Ақ табан торы атпен Барақ қасқая тартып, Құбан-Құланың алдына тура келді.

– Уа, хан! Қолыма түспей діңкемді құртып жүр едің, өлген жерің – осы!

– Датыма құлақ асыңыз, сұлтан. – Қоңтайшы қулыққа басып, мәймөңкелей тіл қатты. – Міне, олжа бикелер! Арасынан қалағаныңды ал, қолыңнан қақпадым – сауға!

– Іргеме құт болған көрші рудың адамын сауғаға алып, албасты басып па?! – Ханның өзіне ақыра шүйлікті. Көзіне шімірікпей қарағанымен мысын сыртқа салған сұлтаннан ығып, іштей тайынды.

Барақ мойынын созып, ер үстінен шұбырған қыздардың легін сүзіп өтті.

– Қайырлы-Бегім қайда?

– Ол кім еді? Бары – осы.

Мына қитұрқы сөзге қитығып, сұлтан қалың нөпірді өзі аралап кетті. Анадай жерде таудай етіп үйілген тезекті байқады. Шамасы, әскердің соңында жүретін шаруа күйттегіш малшы мен жалшылар қосыны ағрұқ[7], бұлар ел шапқанда осында түнесе керек. Мына тезектің жиылуы солардың қаракеті сияқты.

Таянып барса, тезектің ар жағына тай қазан төңкеріліпті. Тай қазанның ернеуінен найзаның ұшымен түртіп, көтеріп қалғанда бүк түсіп жатқан біреуді көрді. Әрі оның Қайырлы-Бегім екенін қапысыз білді. Тұтқиылдан бұлардың қолы өршелене құйылғанда қалмақтар ең керек адамды жасырып үлгерген екен.

Ерден түсіп, қызды жерден қаңбақ құрлы көрмей көтеріп алып, нөкерлерінің бірі көлденең тартқан қара қасқа арғымақтың үстіне мінгізді. Өзі лып етіп қайта атқа қонып, Құбан-Құланың маңына дүсірлете жетті.

– Атам болсаң да атанша шөктірем, нәлет! – Алмас қылышын жанынан жарқ еткізіп суырды. – Ырымда жоқ істі істеп, қазанды төңкеріп, ырысыңды төктің. Тек ұрпағы жоқ, мұраты жоқ үйдің иесі өлгенде ғана қазаны төңкеріліп, ошағы ойран болатынын ұмыттың ба, саппас?!

– Әттең, батыр табатын қызымды алдың, соның қарымтасы қайтпады. – Тайшының зарлы үні шырқырай естілді.

– Кәрі қақпас, жаныңды жаһанамға жіберем. – Сұлтанның аузынан ләмі шығып біткенше, ханның басы жерге шорши домалап түсті. Денесі серейіп, қаны атқылаған кеудесі ат сауырына қарай шалқая берді.

– Айқұла-Бегімнің де, менің де кегім енді қайтты! – Сұлтан торы атпен құйғыта жөнелді.

Арада көп уақыт өтпей Сарайшықтан түп көтерілген Ұрыс ханның үрім-бұтағы Оңтүстіктегі ата жұртқа ауып бара жатыр еді.

Ол кезде Әбу Сайд сұлтан, кейіннен «Жәнібек» лақабымен мәшһүрге айналатын қазақтың екінші ханы тайға мінген бала болатын.


ІІІ


Не бір тұлпардың тұяғын тоздырып, не бір аспанмен таласқан ақиықтың қанатын талдырған ұшы-қиыры жоқ дала. Дала беті ашық қалған шимайлы дәптер сияқты. Онда хиссаға айналған аңызға толы шежіре жатыр...

Күміс тұрманы күн көзімен таласып, аяғын алшаңдай тастаған Баршынкөктің үстіндегі падишахтың көкейіне осындай бір ой үйірілді. Төрт құбыласы тең, Дешті Қыпшақ жұрты иелігінде. Ешкім бетіне жел боп қарсы келмейді. Ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Құзырына құлдық ұрып, Көк Орда тұтасымен мінсіз мойынсұнған. Қазына мен дәулет шаш етектен. Қисапсыз.

Осы қалпымен жалғанды жалпағынан басып өтердей көрінген...

Не бары он жеті жасында хан тағы өзіне бұйырғанда жарты әлемді тітіренткен арғы бабасы Жошыдай жойқын тегеурінділік бойына қоса біткендей болды. Сөйтсе, ханға қаһардан бұрын айла көбірек қажет екен. Мұны ақылмандары кезінде айтпады ма, әлде астамшылық мінездің кесірінен қаперіне қонбады ма, енді оны екшей алмай дал.

Сағым қуған сардала қазір де алды-артын болжатпай әкетіп барады. Тек Яссы[8] шәріне тезірек жетуді көксеткен соқыр түйсік санасын біржола меңдеген.

Шығыс Дешті Қыпшақты билеген ханның көңілінде алаң бар. Соңғы жылдары шымбайына қатты бататын жайт – Ордасының әмірі жүретін ауқымы тарылып бара жатқандай. Осыдан оншақты жыл бұрын қайсыбір қазақ ұлыстары ықпалынан шығып, үдере көшті. Содан кейін-ақ мазасы май ішкендей.

Олардың бұлай ауа жайылуы – бір кезде Дешті Қыпшақ атанған, қазіргі Көк Орда мемлекетінің ханы Әбілқайырдың зығырданын қайнатты. Әлеуеті зор падишах елді алатайдай бүлдіргендердің сол заматында ту-талақайын шығарып, біржола жойып жіберуге соңдарынан он мың әскер аттандырды. «Қырсыққанда қымыран іридінің» керімен, жіберген қолы қыпшақ айласымен соғысқан қазақ қосындарының қоршауында қалып, Дарвиш-Хусайын Керей мен Жәнібектен бітім сұраған. Өз туыстарын қанға батырғылары келмей Жәнібек:

– Бізге еремін дегендерің ілесіңдер, қосылмаймын дегендеріңе екеуара – бір ат. Міңгесіп қайтасыңдар, – деді.

Сөйтіп, қуғыншы қолдың тең жарымына жуығы қазақ жұртына қосылып, өзгелері міңгесіп-ұшқасып елдеріне бет түзеді.

Мұны естіген Әбілқайыр тіптен назаланды. Қарап тұрып сенімді деген әскерінің жартысынан айырылып, жер соқты. Ал, Орда-Базар мединесінің төңірегінде улыққан-шулыққан жиырма мың қолдың тең жарымы шүу дегеннен-ақ Керей мен Жәнібектің туын көтеріп, жөңкіліп кете барған. Хан басымен тақыр тулаққа шоңқия отырып, алдын-ала қаракет етпегеннен дәт деп қала берген.

Ызбары бетіне шауып, бас уәзірін шақыртқан. Көзінде ара-тұра жылт етерлік нұры бар, шоқша сақалды, сидаң бойлы ұйғыр шатыс Бақты-Қожа хан сарайына имене еніп:

– Хан ием, келіп тұрмын, – деп тағзым етті.

Падишах терезеден сыртқа қараған қалпын бұзбады.

– Ел көшті, Орданың іші ырың-жырың, кінәрат қайдан?

– Кінәрат деуге болар ма екен... – Майда тілді уәзір қалай қарай салса әңгімесі ханның көкейіне қонарын тез арада екшеп, амалын тауып қыспақтан шығып кетуге ұмтылды. – Біздің... – тағы да тілін тістей қойды. – Сіздің көксегеніңіз елдің басын біріктіріп, отырықшылыққа айналдырғыңыз келді. Диханшылықты кәсіп етуге бейімдедіңіз, шаһар тұрғызу ойыңызда бар. Халықтың ішіндегі қайсыбір жұрт мұны түсіне алмады. Осыны сол сәтінде пайдаланған әккі Керей мен Жәнібек сияқты сұлтандар елді бөрліктіріп отыр.

Әуелден белгілі әңгіме қырық кісінің ақылы бар ханның ойында жазған хаттай сайрап тұр еді. Не дерегі, не дәйегі жоқ жылмақай сөз ішін жылытып, көңіліне ұяламады. Қай кезде де қызыл тілге құшырын төгіп жіберетін ділмәр уәзір жуық арада тоқтай қоятын түрі жоқ.

– Тұтастай көшпелі жұрттан тұратын Дешті Қыпшақ даласының ғұрпын өзгерту қиынның-қиыны. Түзу келе жатқан арбаны шұғыл бұрамыз деп, аударып алғандаймыз ...

Жошының бесінші ұлы Шайбан ұрпақтарының билігі дала қағидаларынан бұрын Темір әулетінің ыңғайына бейімделіп бара жатқанын уәзір нақты білсе де ашып айтпады. Көк Орданың кеселі – Әмір Темірдің әулетімен сүйек іліктікті күшейтіп және Самарқанды ел мединесі етсем деген хан ниетінде екенін бүкпеледі. Мұндай пиғыл кең жазира даланы еркін көсілген тағының үйіріндей қыпшақ жұртын ұйыта қоймайтыны аян. Оның үстіне ордаежендік әулет өкілдері биліктен шеттетіліп, қағажу көріп келеді. Керей мен Жәнібек сұлтандар ата-бабасының билігін қалпына келтіру үшін бір-бірімен қабыспайтын ой мен ниеттің парасын қалың бұқараға ашып берері қақ. Онысыз да қисапсыз салынған алым-салық, бөтен елдерді шабуға сұраған ер азаматтар жайы қара халықты зәрезап еткен. Қырға шыққан Жәнібекке «Мына бәледен іргемізді ажырата гөр. Басымызға бөлек, ел мұратына сай хандық құр» деп бұйымтай айтқан қариялардың әңгімесі саққұлақтары арқылы Бақты-Қожа уәзірге сол күні жеткен. Уәзірге жеткен жай ханға одан да бұрын баруы ақиқи нәрсе. Сондықтан, тым ашылып, алға түсіп жортақтауды сарт шатыс бас уәзір құп көрмеген. Жалпы, уәзірі ғана емес Дешті Қыпшақтың басын құраған Көк Орда тұтасымен өзбекшілденуге ойысқан. Орда төбесіне Сайын туы да емес, Ақ Орда туы да емес, өзбектің туын тікті.

Терезеге қарап тұрған хан бұған кілт бұрылды.

– Рулар арасындағы бақталас, бақа күндестікті неге қоздырмадыңдар? – Көзі ежірейіп Бақты-Қожаны жеп жібере жаздады. – Қазан ханының жеріндегі Орманбет бидің ауылын шабуға Қыпшақ Қобыландыны арғынды айыпты ету үшін әдейі жібермедім бе?!

Бұл – Қараспан тауын жайлаған, кәдімгі Тайбуырылды қара қыпшақ Қобыланды емес еді. Елге тұлға батырлардың ерлік ісіне сүйінгендіктен соларға ұқсап бақсын деген ниетпен есімін берген кейінгі ұрпақтың өкілі. Араларында екі жүз елу-үш жүз жылдай уақыт жатыр. Осы тақілеттес қазақта бірнеше Барақ, әлденеше Әбілқайыр және Жәнібектер болғаны аян.

– Арғынның жиені Саян батырды олжаға қараулық жасады деп оған Қыпшақ Қобыландының өлім жазасын сұрауы, Саянға ажал үйірмей, керісінше, арғын Дайырқожа бидің түбіне жетті.

– Мұны мен білмейтіндей несіне сандырақтап тұрсың?

Уәзірдің жүні жығылып, мыштай болды.

– А-а... ар-а-асына от тастасақ та, – тұтыға сөйледі, – арғын мен Қыпшақ Қобыланды табысып, Керей мен Жәнібек туының астынан табылмады ма?

– Жақсы, Бақты-Қожа уәзір, қазақ ұлыстарының бітімгершілігі рулық алауыздықтан биік дегің келе ме?

Уәзір басын иіп, бір сәт құдіретке тәу еткендей қимылсыз қатып қалды.

– Ордаеженнің ұрпағы Керей мен Жәнібек сұлтандар сізбен күрес жүргізу үшін, әуелі, қазақ руларының бектері мен бекзадаларының басын біріктіруге қам жасаған. Ел қаймағы ымыра тапса, қара халық қайда ыдырамақ. Сондықтан қос сұлтан өздеріне қарайтын ру-тайпаларды бастап, ардагерлері ажал құшса да, алауыздыққа жол бермеді.

– Сен қайда қарадың сонда?! Бүгін тәлімсіп сөйлейсің! – Уәзірдің жанарындағы әлгі бір жылт етер сәуле үшті-күйлі жоғалған. Ұзын тұра бойы шөгіп, аяққаптай кеудесі ішіне кіріп, иығы қушиып қапты. – Бар, жоғал!

– Айтқаныңызға құлдық, хан ием!

Маңдайы жерге жеткенше иіліп, тағзым етті. Сосын, сөлбірейген қалпы сүйретіле ілгері ілбіді.

Бұл кез Әбілқайыр ханның ерекше жақсы көретін төртінші бәйбішесі Ұлықбек хакімнің қызы Рәбиу-Сұлтан-Бегімнің адалдығына күмәні артып, тым жақын, шынайы берілген ең сенімді дәйекшісі Оспан-Қожаның Саян батырды ұрлап қашырған сатқындығын көріп, қол бастар батыры, майсары – әскердің оң қанатының әміршісі Қыпшақ Қобыландының түбіне тартып, іргесінен көшіп қана қоймай қазақ ұлысына қосылғанын естіп-біліп, кең дүниенің тақиядай тарылған шағы, алқымынан буып, тұншықтырған жан ашуының табы артқан уағы еді.

Бұдан кейін екі-үш жылдың бедерінде мединесін ежелгі Жошының жұрты Ұлытау өңіріндегі Орда-Базардан Мауренахрдың ішкергі қаласы Үргенішке апарып қоныстандырды.

Тышқан жылы қара күзде бір түмен[9] елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар не бір тосқауылға ұшырай жүріп, қыс түсе Мойынқұмға ілікті. Жәдидің[10] қарсаңында аш-жалаңаш елмен енді бұдан әрі барудың қисынсыз екенін біліп, төңіректен жайлы қоныс іздеді. Ниеттеріне қарай бір-бірімен іргелес жатқан ескі екі қаланың орнына тап келді. Көне жұртты аралап шыққан Жәнібек сұлтан Керей ағасына:

– Алла Тағала екеумізді ажырамасын деп, осы екі ескі жұртты бізге ұшырастырған шығар. Қаласаңыз, біріне сіз, ал екіншісіне мен қоныстанайын, – деді. Сол кезде шығысқа қарап тұрған Керей бауыры бетін батысқа бұрып:

– Мақұл. Бірақ, біз бұл жерде ұзақ тұра алмаспыз... Алла Тағала сәтін салған күні – Түркістанға жол жүруіміз керек, – деп болашақтың бағытын болжалдады.

Өз алдына бірыңғай қоңсыланған жұрт Мойынқұмды қыстап, көкке аман-есен ілікті. Оның үстіне Сарыарқадан сая таппай жосылған ру-рулар Жетісудағы құттыхана мекенге бет бұрып, елдің іргесін кеңіте берді. Қосындағы халық қарақұрым боп, қара орманға айналып қалған осы уақта бұқара қауым Тұлпарсазда Керей сұлтанды ақ киізге көтеріп, хан сайлады. Өздерін озбыр үстемдіктен бөлініп шыққан, ер жүрек еріктілер «қазақ» деп жариялады. Содан кейін-ақ, «Қазақ хандығы» деген атауды батыл әрі жиі айтатын болды.

Керей хан мен Жәнібек сұлтандар бастаған қосынды Моғолстан ханы Есенбұға жылы қабақпен қарсы алды. Шу мен Талас өзендері аумағынан қоныс бөліп, қоңторғай жұртқа дем бере бауырмалдық рай танытты. Қисыны келгенде бұл әлеуметті дұшпанына қарсы сілтейтін семсер ретінде пайдалануды да көкейіне түйіп қойды.

Өстіп, жаңа қауым қаз тұрып, бет алыстарын айқындап алғанша он жылдың бедеріндей уақыт өте шықты. Осы аралықта Керей хан дүние салып, Жәнібек Қазақ хандығының тағын иеленген.

Олардың қам-қаракеттерін алыстан бақылаған Көк Орда ханы қазақ дәулетінің әмірлеріне «уысыма бір түсерсің» деп, жіті көз тігіп отырды. Сөйтіп жүргенінде Жәнібек маңындағы тыңшы саққұлақ жігіттерден: «Сүмбіленің соңын ала әр байтақтың ықпалындағы қазақ руларының атан жілік азаматтары жиналып, бас қоспақшы. Түп ниеттері – бір ханға бағынып, Түркістан уәлаятын басып алмақ болып жатыр» деген хабар Әбілқайырдың құлағына тиген. Содан кейін-ақ ол қазақ рулары бас қосатын кезді асыға күтті. Ойы – тұтқиылдан жымып барып бір түнде күлін көкке ұшырып, кеңесін шаппақ. Күшпен Ордасын ойрандап, жұртын мазақ етіп әжуалау.

Осылай әбден мысасына мінген Әбілқайыр желтоқсандағы шабынған бурадай жынын шашып, тісін қайрады. Әрі, іштей түпкілікті қанқұйлы байламға тоқтады. Сосын Көк Орданың ханы тек өзіне бағынатын, шаш ал десе бас алатын қаһарман сұлжық түрікмен және барлас, маңғыт руларынан құрылған он сан жігітін біріктірді.

Соғыс тәсілін әбден меңгерген бұл сырқынды сыпайларға үлкен баласы Шайқ-Хайдар мен ең сенімді ер жүрек батыры Дарвиш-Хусайын Қарашыңды басшы етті. Бұдан әрі сөз бұйдаға салмай жер қайысқан қолды қазақ хандығының кеңесі өтетін Нұраның Қаратұзына күн ілгері аттандырған.

Сөйтіп, бағынудан бас тартып, ауған жұрттың соңынан жініккен жендеттер шеру тартты. Бірақ, ол жіберген Көк Орданың әскері қазақтардан жеңіліп, Қарашыңның өзі тұтқынға түсті.

Екі жақтың жасағы бетпе-бет келгенде биіктігі нар тектес, бітімі бөлек қаракер атын тебініп, Дарвиш-Хусайын қалың қолдан сурылып алға шықты.

– Жекпе-жек! Жекпе-жек!

Нақ осыны әуелден тағатсыздана күткендей Жәнібек ханның апайтөс, тау тұлғалы екінші ұлы Қамбар батыр ұмтыла берді.

– Әй, қайда барасың? Тоқта!

Қамбар артына жалт қарады. Қара нардың үстінде оба тасындай олшиып отырған Бұрындық көкесін көрді.

– Аға тұрғанда ініге жол қайда! Былай тұр!

Аузынан осы пәрменді ләмі ақтарылғанша қара нары атырыла жөнелді. Жампоз жануар қысталаңда түйе сияқты тайраңдамай ілгерінді-кейінді төңкеріліп, атша шабатын. Өйткені, иесінің пәрменін ақырған үні мен тақымынан тани беретін.

Бұрындық сұлтан андыздата ағызып, ортаға құйғыта жөнелгенде бәрі «қап» деп қалды. Қолында ештеме жоқ, жалаң қалпы кетіп барады.

Көк сүңгілі найзасын ұмсына ұстаған Қарашың да қасқая шапты. Қазақтардың мына көрініске дегбірі қашып, лажы құрыды. Бірақ найза сілтер тұсқа жеткізбей Бұрындық сол қолындағы арқанын басынан екі-үш үйіре Қарашыңға лақтырды. Небір қашағанды қапы жібермейтін шалма тастасы бұ жолы да мүлт кетпеді. Тұзақ шаңырақтай болып әуелеп барып Дарвиш-Хусайынның мойнына бір қолтығын ала ілінді. Осы кезде басынан біреу ұрғандай жалт бұрылған қара нар сол екпінімен кері салды.

Арқанның келесі ұшын сұлтан қос тақымынан ерді айналдыра өткізіп, ол аздай алдыңғы өркешке орап апты.

Жосыла шауып, түйелінің қапталынан ары қарсы бетке өтіп кетем деген қара кер ат тастай тегеурінді күшке тап кеп, бір жамбастай шоңқия құлады. Өйтетіні Қарашыңның аяғын ат бауырынан алып, мертіксе далада қалмасын деп, байлап тастаған екен.

Қара нар Әбілқайырдың бас батырын ат-матымен өз тобына қарай сүйрей жөнелді. Соңында жапырылған шөп, сыдырылған жер, көтерілген шаң қалды. Абырой болғанда арқан батырдың мойнына түспей бір қолтығын ала ілінгені көретін жарығына қарай Алланың пәрмені болса тиіс. Әйтпесе, бұл уақытта мойын омыртқасы үзіліп, өліп кетер еді. Қазірдің өзінде жаны қыл үстінде. Көзкөрген ежелгі сыпайлардың бірі арқанды наркескенмен қиып жіберді.

Мына қас пен көздің арасындағы оқиғадан кейін Көк Орданың әскері бір қиырлап шегіне берді. Өйткені, қазақ жасауылдары тұс-тұстан андағайлап, ұран шақыра келіп қалған еді. Қашқан жауды біраз жерге дейін Қыпшақ Қобыланды бастаған батырлар түре қуып тастады.

Қарашың батыр төртінші тәулік дегенде кеудесін көтеріп, отыра алатын шамаға жетті. Ақыры, тұтқыннан қарындасы Тоқтар-Бегімді Керейдің ұлы Бұрындық сұлтанға тоқалдыққа беріп, әзер құтылған.

Мынандай әбестік Әбілқайырдың жанын аяздай қарыса да ендігі қаһарынан қарауындағы өзге ұлыстар қырық құрақ боп пышырап, бөлініп кете ме деп тайынған. Ел билігін мықтап ұстау үшін де шалт қимылға бармай, тізгін үзер басасаулары барларды әзірше еркіне қойған. Өз ордамда ит ырқылжың әрекетке жол берсем, өзгелердің ордасын қалай тізе бүктірем деген ой сүресімен айлаға көшті. Әбден сайланып алып, елді бұзып бүлдіргендерді бір сәтте жосадай жусатып салмақ болған.

Енді соның қисыны келіп тұр.

Орта Азиядағы қаһарын төккен айтулы ханның мединесі жері шалғай Үргеніште қоныстанғандықтан уысынан шығып еркінсіген Жәнібек бастаған уәли-сұлтандар мұның сайранына айналған Сырдария жағасындағы Сығанақ пен Созақ қалаларына табан тіреп үлгеріпті. Бұл қаракеттері «өлетін бала молаға жүгіредінің» кері іспеттес.

Созақ уәлаятының әмірі Әбілқайырдың немересі Қызыр ханнан туған Бахтияр сұлтан мен Сығанақ хакиматының белағасы Манеден-оғлан қазақ жасауылдарына қарсы тегеурінділік таныта алмаған.

Қазақ хандығы осы шаһарларда әмірлік құрып отырған етжақындарына әлімжеттік жасап, бұның өзіне көпе-көрінеу ызбар шашып тұр. Бір кезде ықпалында жүрген, әзірде өзін хан санаған Жәнібек сұлтан, шіркін, тырнағына ілінсе қабырғасын уатып, қанын төкпек.

Осы мұратының жолында жүз мың атты әскермен жер қайыстыра Үргеніштен аттанған. Негізгі бет алғаны – қазақтарға қамқорлық танытып, қарақанаттандырып жіберген Моғалстанның күлін көкке ұшыру еді. Жол-жөнекей шипың байтал мінген есейіп қалған баланың кейпіндегі қазақ қосынының тасыған мейманасын басып, сабасына түсіре кету. Сөйтіп, бір сапар қос бірдей шаруаның басын қайырмақ.

Аруағы асып тұрған Көк Орданың бұған дейін-ақ шығыс жұртының жүрегін шайлықтырған әскері жетпіс бес мыңнан аспаған еді. Бұл жолы қитығына тиген жұртты ұйпай салу үшін мықтап-ақ мысасына мінген. Ханның өзі түмен жасақтарын жатпай-тұрмай жаттықтырып, соғыс ісінің кәнігі кәсіпшілігіне баулыған. Әрі, әрқайсына Исфахан болатынан алдаспан асындырып, білемі ұзын алмас қылышты беліне байлаған. Қорасан құрышынан сауыт-сайман соқтырып, дулыға кидірген. Астарындағы аттарына дейін кежімдеп[11], бастарына темір томаға ілген. Көк сүңгілі найзаға сүйенген қалың қол мұздай қаруланған, ешкімді маңына шендестірмейтін әлеуетті иеленген.

Енді төрт-бес тәуліктің мәулетінде діттеген жеріне жетіп, аламан асырды салмақ. Иә, соған тәңірі жар болса етті.

Кешеден бері соңына ерген қалың қолдан қара үзіп, «хан қорғаны» ықшам жасақпен ілгерілеп алған. Кеудесіндегі атойлаған намыс оты тызақтатып, сабырын қашырды. Содан кейін шабандау ілбитін лашкарларды өз ауанымен тастап, лекіте жөнелген.

Тақымындағы әбден сыралғы серігі Баршынкөк сақпанның тасындай зымырайды. Жануар – шүу деп кетсе желге жеткізбейтін жүйрік. Ешкібас, быртық бел, ұзын сирақ тұрқы бұл аймақтың арғымағы емес екенін жылқы малын танып өскен қазаққа бірден әйгілейді. Арғы бабалары атының тұяғы жеткен жерден жиһаз бен мүлікті ғана емес, сұлу мен күлікті де олжалап отырғаны аян. Жаугершілікті кәсіп еткен жиһангер баһадүрлер Мысырдан кезінде бір табын жылқы олжалаған екен. Осы, аптап пен құмға төзімді мініскер пырақтардың тұқымын үзбей сақтау – Орданың жазылмаған қағидасы.

Жансерігіне айналған арабы жылқы Баршынкөктің апшыны қуыратын адымы оны соңындағы үзеңгілестерінен оқшаулай берді. Алайда, төлеңгіттері алға озып, күншілік жерде падишахтарының жолын сүзіп жүретін ежелгі әдеті. Сондай ұрын жігіттер төңірегіне барлау салып, сүрлеуін аршып бара жатқанын білетін хан ештемені ерен санамады.

Тек бүгін таң атқаннан көзіне бір бәле көрініп, алдына түсті де отырды. Оны жанындағы нөкерлері аңдап келе ме, әлде байқамады ма, беймағұлым. Бірақ әлгі беймәлім қарайған ханның көңілін өзіне аударды. Уақыт өткен сайын ынтықтырып, әр қилы реңге енетіндей. Құбылған ғажайып нәрсе бой тасалап кетпесе екен деп, Баршынкөктің долығын шығарды. Тұлпары танаулатып-ақ аршындағанымен әлгі бәле жеткізер сыңай байқатпайды. Бұл одан сайын өршіге ереуілдейді. Бір қайран қалатыны тау, шатқалға салмай жазираның үстінде жосып барады. Кейде өзекке түсіп, ізім-ғайым жоғалғанымен әлден уақыттан кейін маңдай тұсынан қайта бой көрсетеді.

Жалғыз салт атты суыт жүрген бейсауат біреу тәрізді. Әйткенмен, «еліне жау келе жатыр» деп хабар беру үшін ұмтылған әлдеқандай жасақтың біріне ұқсамайды. Қызылды-жасылды нобайына қарағанда әйел заты тәрізді. Мұндай ұшы-қиыры жоқ елсіз сахарада жалғыз жүрсе – тегін адам емес. Не – дәулеті мен бағы қатар келген асқан сұлу да, не – перінің өзі.

Көңілінің қиюы қашып, еңсесін ой мен уайым басқанда мынау жұмбақ нәрсе дүниені ұмыттырып, тек өзіне еліттіріп қойды. Өйтпеске әддісі қалмады. Енді бір кезеңнен асқанда ғажайып ноқат таяу маңнан көрінгендей болды. Лағылдай жанып, сан құбылады. Тағы бір қайран қалдырғаны – салт атты адамға келіңкіремеді. Түз тағысы, мақұлыққа ұқсайды. Мақұлық болғанда да киелісі сияқты саңын алып барады.

Алайда, қызылды-жасылды жұмбақ мақұлқатқа құлқы құласа да өзінің таққа қонған сол бір кезі, содан бергі үстем билігінің салтанаты жадына ауық-ауық соғып кетіп отырды. Осындай бір мәурітте Алтын Ордададан Көк Ордаға дейінгі шақты ер үстінде келе жатып, ойша бір сүзіп өті. Өзіне дейін не бір ханның басы кесіліп, небір халықтың қаны қара судай тасыған еді.

Осы бір күрделі шиырланған сүрлеу бастап алып келіп, бұған тоқтағаны Әбілқайыр ханның кеудесін насатқа толтырады. Міне, қазір де шаттанып кетіп, тақымын қысып қалғанын аңғармады.

***

Жетісуға әп деп табан тірегендегі Керей ағасының «Біз бұл жерде ұзақ тұра алмаспыз... Алла Тағала сәтін салған күні – Түркістанға жол жүруіміз керек» деген сөзі Жәнібек ханның жадында қалып қойған еді. Қазақ қосынының төңіректегі жұртқа айбыны асып, қадірі артуы үшін бір жиһангерлік жорықтың керек екенін әуелден білген. Бірақ ол жойқын сабылыстың әмірін жүргізер мансапқорлықпен, олжаны көксеген пайдакүнемдікпен жүзеге аспауы тиіс. Осы тұрғыда көп ойланды. Ақырында жарлық беріп, хан кеңесін шақырған. Орда төңірегіндегі сұлтандар, батырлар, ұтымды уәж айтар билер келелі кеңестен табылды.

– Қазақ ұлысының ені мен көлденеңі – ен дала. Ру-тайпалары сол ен далада басы қосылмай пышырап жүрген пұшайман халдегі өзіміздің бауырлар. – Отты көзін Орда ішіне жиылған жамағатқа аударып, барлай бір сүзіп өтті. – Қазір сол ен даладан еншімізге тигені ұлтарақтай ғана жер – Жетісудың батысы мен шығыс аймақтары. Бас құраса жер қайысқан қолға айналар қазақ рулары дәргейімізден сырт жатыр. Дені бөгде Орданың ықпалында. Бабамыз, бір кездегі Ақ Орданың ханы Орда Еженнің халқының несібесіне қарай алған өңірі өгейге айналды. Ұрпағы біз – өтімсіз болып тұрмыз. Сондықтан баба аруағы разы болуы үшін қолымызға ұстатқан ұлысты шашау шығармай қайыру – бізге аманат. Осы мақсат жолында атқа қону – перзенттік борыш деп білем.

– Әп, бәрекелді, хан ием! – Бұл кезде алпыстың жуан ортасындағы Қыпшақ Қобыланды шүу дегеннен жөн сөзге күркірей үн қатты. Алқымын жапқан қылаң араласқан сақалын сол қолымен салалап қойды.

– Ақсарбас! – Арғын би қос иығын қомдады. Ал Қотан жырау елдіктің бүтінделетін күні таяу қалғандай қуанып:

– Дәуіріміз елге ел қосылса – телегей, жерге жер қосылса – көнедей болмай ма?! – деп саңқылдай жөнелді.

Сөз жосығы жаугершілікке бет алғанда Жәнібек құзырындағы билер мен бектердің тілегін тыңдауға аздап бөгелген еді. Енді әңгіме сырағысын байқаған соң хан қайта ләмін жалғастырып әкетті.

– Алғашқы мәурітте! – Хан дауысы шыққанда бөрліккен жұрт сап тиылды. – Ежелден қазақ еліне тиесілі шаһарларымызды өз қарауымызға алсақ, елдігіміздің бүтінделе бастағанының нышаны.

– Жөн сөз.

Кеңес бітімінің байламы әуелі Созақ, Сығанақ шәрілерін және Түркістан өңірін біртін-біртін қазаққа қарату керек деген бәтуаға бекіді. Мақсат айқындалып, бір мәмілеге келген соң әскер шығару жайы қозғалды. Сүмбіленің соңында Сейхундарияның төменгі сағасындағы Қараөзек қойнауында күллі қазақ тізе қосуға тоқтады.

Әне-міне дегенше әсеттің арты да көрініп қалды. «Туған ай – тураған етпен тең» деген қапысыз айтылған.

Соңғы кезде Жәнібек хан аласұрып ұйықтай алмайды. Бүгін де дөңбекшіп, зықысы қашты. Ұйқы екібастан. Иектейтін – ой, елінің өткені мен болашағы.

... Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы өлгеннен соң оған бағынышты ұлан-ғайыр Дешті Қыпшақ даласы ұрпағына енші ретінде үлестірілді. Қара Ертістен Сүледариясына[12] дейін созылып жатқан кең байтақ жазира, яғни, Алтын Орда мемлекеті – шығыс және батыс ұлысы болып екіге жарылды.

Дешті-Қыпшақ даласының шығыс ұлысы Алтай тауларынан басталып, Ертіс, Жайық өзендері, Балқаш көлінен Сырдария алқабы және Арал теңізінің солтүстігіне дейінгі ұлан-байтақ өлкені қамтыды. Осы өңірлерді мекендеген халықтар Орда Ежен мен оның төрт інісі – Удор, Торқа-Темір, Шинкум, Синкумнің үлесіне тиді. Сөйтіп, бұл аймақта ХІІІ-ші ғасырдың екінші жартысында жаңа хандық құрылып, Ақ Орда атты мемлекетке айналды.

Ақ Орданың шаңырағын алғаш көтерген Орда Ежен – Жошы ханның үлкен ұлы. Орда Еженнің мединесі әкесінің ежелгі жұрты Ертіс алқабындағы Алқакөл маңына қоныстанды.

Алғашында ата қоныс ретінде Ертіс бойын мекендеген Ақ Орда орталығы бірте-бірте Жетісудың шүйгін жерлері мен Сырдария алабындағы қалаларға қарай ойыса бастады. Содан кейін-ақ, бұл өңірдегі ежелгі қазақ қалалары қайтадан дәуірлеу дәуірін бастан кешіп, бұрынғы мәдени үрдісті дамытты. Сығанақ шаһарында металл ақша шығарылды.

Жошының екінші мұрагері Батый хан қыпшақ ұлысының (Алтын Орданың) батыс бөлігін иеленді. Сол кездегі әлеуетті мемлекеттің батысы – Еділ алқабы мен оның батыс қиырын қамтыды. Қырым, Солтүстік Қап тауы, Солтүстік Хорезм және сол өңірдегі мекен еткен халықтар Батый хан мен Тоқай Темірдің қарауына енді.

Ақ Орда Алтын Ордамен терезесі тең әрі одан әлеуметтік жағынан өзгеше мемлекет ретінде қалыптасты. Өзгешелігі сол, мұсылман дінінің шариғаттары жалпыхалықтық сипат алды.

Ақ Орда мемлекетінің тоғызыншы ханы, Жәнібектің бабасы Ұрыс заманының қуатты да құдыретті билеушісі болды. Ол ұлысын нығайтып алған соң, Алтын Орданы өзіне бағындыруға әрекет етті. Осы мақсатпен Еділ алқабына жорыққа аттанды. Бір мың үш жүз жетпіс төрт-бір мың үш жүз жетпіс бесінші жылдары Алтын Орда әскерлерін жеңіп, оның астанасы Сарай-беркені және Хажы Тарханды[13] жаулады. Сонымен бірге Қама бұлғариясын бағындырды. Бірақ Ұрыс хан Сырдария өлкесіне қайтуға мәжбүр болды. Себебі, бұл кезде Мауренахрда билікке қолы жеткен Әмір Темір күшейіп, бел алып келе жатты. Оның қарқынды екпіні Ақ Орданың оңтүстік шекарасына шабуыл қаупін төндірді. Сондықтан, Еділ бойындағы Ұрыс ханның үстемдігі ұзаққа созылмады. Келесі жылы ол Алтын Ордадағы билігін Мамайға табыстап, еліне аттанды.

Осы жорықта Ұрыс ханның қайқы қылышынан қаза тапқан Алтын Орда әмірлерінің бірі – Тұйқожа оғлан. Тұйқожаны Ұрыс хан Алтын Ордаға қарсы жорықта өзін қолдамағаны үшін өлтірген. «Әкемнің айыбынан маған да қылыш сермелер» деген қауіппен оғланның баласы Тоқтамыс бас сауғалап, Самарқанға қашып барды. Қашқын бекзада Әмір Темірді паналады. Ал, Әмір Темір Ақ Орданы жаулап, байтақ жұртқа иелік етуді көксейтін. Сол үшін елін сағалаған сіңбе бекзадаға мұздай құрсанған мыңғырған қол беріп, Ұрыс ханға қарсы айдап салды. Тоқтамыстың бұл жорығы сәтсіз аяқталып, жеңіліске ұшырады. Әйткенмен, кескілескен шайқаста Ұрыс ханның баласы Құтлұқ Бұқа көз жұмды.

Әмір Темірден қайыра қарулы қол алған Тоқтамыстың екінші жорығы да Ұрыс ханның ұлы Тоқтақия басқарған Ақ Орда ғаскерлерінен тойтарыс тапты.

Темір жиһангер Ақ Ордаға қарсы Тоқтамысты үшінші мәрте әскермен жасақтады және бұл жорықты өзі бастап шықты. Әмір Темір сансыз сыпайларымен Сырдариядан өтіп, Отырар маңына орналасты. Ал Ұрыс ханның түмені Сығанаққа келіп тоқтады. Алайда, екі тараптың жер қайысқан ұлы-жіңгір қолы бір-біріне жақындамай, аталған жерлерде үш айдай тұрып, кері шегінді. Тек төртінші кескілескен шайқаста бір мың үш жүз жетпіс жетінші жылы Ұрыс хан ажал құшып, таққа ұлы Тоқтақия иелік етті. Алайда, Ақ Орданың ішінде өзара тартыс басталып, іріңгежектік үдеді. Ақырында Тоқтақия ханға қастандық жасалып, өлтірілді.

Ақ Орда иелігі Ұрыс ханның ұлы Темір-Мәлікке көшті. Осы кезде Тоқтамыс Ақсақ Темірге сүйеніп, Темір Мәліктің әскерін талқандады. Сөйтіп бір мың үш жүз жетпіс тоғызыншы жылы өзін Ақ Орданың ханы деп жариялады.

Ақ Орда хандығы тойымсыз Тоқтамыс тұсында бұрынғыдан да бетер пәрменге ие болды. Тоқтамыс бір мың үш жүз сексенінші жылдары Алтын Орданы тізе бүктірді. Сөйтіп ол 15 жылдай, бір мезетте Ақ Орда мен Алтын Ордаға хандық етті. Бірақ, даңқ пен билікке насаттанған, мастанған Тоқтамыс бір кезде өзін паналатқан Әмір Темірге қарсы шапты. Екеуінің арасында ұзаққа созылған қанды соғыс жүрді.

Айлалы достық қанды кекке айналғандықтан бір мың үш жүз тоқсан бесінші жылы Әмір Темір Терек алабында Тоқтамыс әскерінің күл-талқанын шығарды. Барар жер, басар тауы қалмаған Тоқтамыс енді Сібірге қарай жансауғалай тайып тұрды. Жеңісіне насаттанған Әмір ұзақ жылдар үзеңгілес қатар жүрген Ұрыс ханның баласы, Жәнібектің атасы Құйыршыққа патшалық алтын тон, алтын қылыш және хан сарайы санатындағы батыр әскерлерді сыйға тартты. Ұлықтау салтанатында әрі Жошы ұлысының хандығын қоса тапсырған.

Сөйтіп, Ақ Орданың тағына Ұрыс ханның баласы Құйыршық мінді. Ол ондаған жыл бойына Әмір Темірдің сарайында болып, Тоқтамысқа қарсы тынбай жорықта жүрді. Себебі, Тоқтамыс – оның ата жауы. Ал айлакер Темір бір әбілетке қарсы бір әлеуетті ұстап отыру амалын жақсы меңгерген еді. Бір кезде Ұрыс ханға қарай Тоқтамысты шүйлеп салса, енді Тоқтамысқа Ұрыс ханның баласын жұмсай білді.

Бірақ, екі айға жетер-жетпесте Құйыршық хан әлдебір қанқұйлы қаракеттен ажал құшты.

Сөйтіп, алпыс айлалы Темір Ақ Орданы бодандық жолмен отыз жылдай тәуелді етті. Өзі өлсе де Темір әулетінің үстемдігі жалғаса берді.

Бірақ Ұрыс ханның немересі Барақ сұлтан, Жәнібектің өз әкесі бір мың төрт жүз жиырма төртінші жылдары Ақ Орда тағына отырғаннан кейін Сырдария бойындағы қабырғалы қала Сығанақ пен оның атырабындағы аймақтарды атасы Ұрыс ханнан қалған заңды мұра ретінде қайтарып алуға әрекеттенді.

Ол шаһарларды мұрагерлік жолымен ешкім ешкімге бермейтіні белгілі еді. Мұны түсінген Барақ бір мың төрт жүз жиырма алтыншы жылдары Әмір Темірдің немересі Ұлықбекке жорыққа аттанды. Бұдан құлағдар Ұлықбек те Бараққа қарсы шеру тартты, екі қол құла түзде ұшқасты. Кескілескен соғыста Ұлықбектің әскері талқандалып, өзі әрең қашып құтылды.

Табанды іс-қимыл мен тегеурінді тойтарыстың арқасында Ақ Орда Темір әулетінің үстемдігінен құтылып, тәуелсіздікке жетті.

Алайда, Ақ Орданың ішкі тартыс жанжалы таусылмады. Бір мың төрт жүз жиырма сегізінші жылы Барақ хан жау қолынан қаза тапты. Ол Ақ Орданың ең соңғы ханы болды.

Жәнібектің әкесі Барақ хан өлген соң Ақ Орда ыдырады да, үкімет билігі Жошының бес ұлының кенжесі Шайбан тұқымынан шыққан Әбілқайыр сұлтанның қолына көшті. Оның михнатын бұқара тартудай-ақ тартты. Енді бұдан былай Ақ Орда ықпалында қала берсе қазақ қазақтығын жоғалтар еді. Сосын тәуекелге бел буып үдере көшті. Шүкір, соңы жаман емес. Енді бір дәтке қуат етіп ошарыла оңтүстікке ойысса, істері оңғарылатындай көрінеді де тұрады.

Жәнібек ханның көзі шырадай жанып, ұйқысы шайдай ашылды.

Елең-алаңда шапанын желбегей жамылып, Ордадан тысқа шықты. Қос қарауыл жасақ босағадан он қадам жерде қалшиып тұр екен.

Хан сазарып білінген таң нәліне бір қарады да жүзін батысқа бұрып, адымдап жүріп кетті. Сөйткенінше қолында құмғаны мен сүлгісі бар дәйекші пайда бола қалып, соңынан ілесті.

Күн арайы қызылиектеніп білінгенде «хан қорғаны» деп аталатын жасақ тобы әміршілерін қаумалап, оңтүстікке қарай ойысып бара жатты.

Айтылған уақытқа кесімді жерге жүз мыңға таяу қазақ жауынгерлері жиналды. Әскерді сапқа тізіп, майсары жағын Бұрындық сұлтанның пәрменіне берді. Маймене жағын Жәнібектің үлкен ұлдары Жиренше мен Махмұд басқарды. Одан кейінгі ұлдары Қамбар мен Қасым тың күш ретіндегі қолданылатын келесі шепке қолбасшылық етті. Әдетте мұндай мыңдықтар кейініректеу тұрады. Ал, дәстүр бойынша ортадағы лекте ханның өзі болуы тиіс.

Дәл осы қалпында қолды тізіп қойып, Жәнібек хан ақ боз арғымақпен әскер шебін аралап өтті. Қазақ қосыны ата-баба рухы мен аманаты үшін ештеңеден тайынбайтындай, жауынгерлер жанарларынан оттың ұшқыны білінді. Сосын Жәнібек шешімін өзгертіп, қалаларды жеке-жеке алмай, бір сәтте екі шәріні басып қалуды жөн көрді. Бұрындық сұлтанды Сығанаққа, Жиренше мен Махмұдты Созаққа аттандырды. Өзі арғын, қыпшақ, найманның сайдың тасындай іріктелген жігіттерімен Сейхундарияның жағасына бекінді. Ал, одан әріректе Қамбар мен Қасымның мыңдықтары тұрды.

Сығанақ қожасы Манеден-оғлан Бұрындық әскерінің қарасы көріне салысымен бала-шағасын алып, Самарқанға тайып отырды. Қазақтар жағы бір оқты да шығын етпей сырнайлатып, кернейлетіп түс әлетінде ежелгі қалаларына енді. Шәрінің ақсақал, қарасақалдары Бұрындық сұлтанның шылбырына оралып:

– Уа, ағзам Бұрындық сұлтан! Сығанақ қожалығына хош келдіңіз! Сіздей ғаділетті әмірші – халықтың көсегесі. Ырысы шайқалмаған ел – қашан да әмірдің тілеушісі, жақтаушысы. Шылауыңызға түсіп, айтқаныңызға көндік. Тек, қан төгіп, қаламызды қирата көрмеңіздер. Міне, бұқара сізге бас иіп тұр.

Мейманасы тасыған қазақ бекзадалары насаттанған күйі бейбіт қалпы қаланы аралады. Бір сәбиді де оқыстан шар еткізіп жылатпады.

Ал, мидай жазық далаға салынған Созақ шаһары көз ұшынан көрінгенде оның алдында иін-тірескен қолдың тұрғаны білінді. Жиренше мен Махмұд сұлтандар бастаған қазақ жасағының қаралдысы байқалғаннан Созақтың билеушісі Әбілқайырдың шөбересі Бахтияр сұлтан бұларға қарай беттеді. Күллі уәлаятынан отыз мыңға тарта ләшкер құралған. Үш түменді сес көріп, ашық далада жауына қарсы бетпе-бет майданға шықты.

Дәл осындай қаракетті аңсап келе жатқан қазақ жампоздары тай шаптырымнан ұрандап, ежелгі дұшпандарына өрт тиген қаудай лап берді. Атойлаған алғашқы лектің пәрменінен-ақ Бахтияр сұлтан әскерінің шебі күл-талқан боп пышырады. Әлдебір қиядағы құрқылтайдың ұясындай ғана өңірде жатқан қазақтан мұндай әлеуетті күтпеген әмір сасқалақтай абдырады. Жойқын күштің жолында қалған әскері тасқынға ұшыраған шөп-шаламдай дәрменсіз кепте саудырап түсетінін енді білді. Текке сарбаздары алдаспанның жарқылынан ажал құшып, қаны судай шашылатыны сонда ғана санасына жетті. Сол-ақ екен, Бахтияр сұлтан Жиренше мен Қамбардың алдына кеп, қол қусырып бітім сұрады.

Сөйтіп бір күнде екі шәріні ықпалына көндіріп, Қазақ хандығы сыртқа әлеуетін байқатты.

Хан ордасын Жәнібек уақытша Сығанаққа көшірді. Сығанақ уәлаятының билігін Керей ханның баласы Бұрындық сұлтанға берді. Созақ уәлаятын екінші баласы Махмұдқа табыстады.

Дәл осы тұста «Әбілқайыр хан Моғолстанды шаппақ болып, бір лек[14] атты әскерімен Үргеніштің маңынан шығыпты» деген хабар тиді. Бұл дүлей күштің тап сол уақытта ең әуелі Моғолстанды емес, Қазақ хандығын кеп соғатынын Жәнібек білді. Білді де әскерін соғысқа қамдады. Тура өткендегі тәртіппен қолын орналастырып, сайыпқыран сыпайларын сұрапылға шүйлеп салуға ден қойды.

Қасына Арғын биді, Сығанақтың хакімі Бұрындық сұлтанды, төрт ұлын және дербес «хан қорғаны» жасағын басқаратын Саян батырды шақырып алды.

– Міне, ата жолымен атқа қондық, – деп бастады сөзін хан, – Моғолстан мемлекетімен тату-тәттілік бүгінгі мейманамыздың артуына әкелді. Қазақ қосыны Моғолстанға ойрат жоңғарлары Амасанжының шабуылынан қорғану үшін қажет болса, моғол елі Әбілқайыр ханның бізге шабуылына тойтарыс беру үшін қажет еді. Құтты мекен, қайырлы қонысқа ұласқан өңірге қазақ тайпаларының келіп қосылуы үдеді. Екі жүз мың жан саны бар бақуатты жұртқа айналдық. Қазақтардың өз алдына хандық құрып, көптеген тайпалардың оған ағылып баруы Әбілқайыр ханның азуын басып ырылдап, қылышын қайрауға мәжбүрледі. Сол, көптен күткен шешуші соғыс, енді, алдымызда тұр. Өліспей беріспейтін сын сағаты туды. Бабалар көтерген көк туды жықпай сақтап қала алсақ қана ел боламыз.

– Иә, бәріміздің түбіміз бір, қыпшақ жұрты едік. Шыңғыстың ұрпақтары ұлдарына енші үлестіруінен қырық құрақ боп, қырық пышақ боп жатырмыз. – Қуаң тартқан жүзі одан сайын ашаңданып, би әңгімені әріден бастады. – Әйтпесе, Моғолстан – Дулат тайпасының әмірі Болатшының билеген ұлысы. Болатшы Шыңғысханның үрім-бұтағы болмағандықтан өзін хан жариялай алмады. Әріге үңілсек, атамыз – қазақ.

XIV ғасырдың ортасына қарай Шағатай ұлысы дербес екі иелікке бөлінді. Оның үстемдігіндегі Мауренахрдың батыс бөлігінде бір мың үш жүз елуінші-алпысыншы жылдары феодалдық ыдыраушылық ырықталып, Әмір Темір мемлекеті құрылды. Ал, шығыс бөлігінде Моғолстан мемлекеті орнады.

Осы Моғолстан мемлекеті алғашқы құрылған кезде билік Шағатай ханға адал қызмет еткен Дулат тайпасы әмірлерінің бірі Болатшының қолында болғаны ақиқат. Шыңғыс тұқымынан тарамайтындықтан оның хан сайлануға құқы жоқ еді. Сондықтан Болатшы өзінің айтқанына көнетін, не бары 18 жастағы Шағатай ұрпағы Тоғылық Темірді бір мың үш жүз қырық сегізінші жылы хан тағына отырғызды.

Моғолстан мемлекеті Шығыс Түркістаннан бастап, Жетісу өңірінен Оңтүстік Сібірге дейінгі көлемі зор, таулы-тасты, өзенді-көлді, ашық далалы, орман-тоғайлы жерлерді мекендеген түркі тектес тайпалардың басын қосты. Олардың қатарында дулат, қаңлы, керей, арғын, арлат, барлас және өзге де рулармен қатар үйсіндер де осы бірлестіктің құрамында болды. Мединесі Алмалық қаласы еді.

Арғын би соны арқа тұтып, бір жағы іші күйе күңіренгендей.

– Иә, ақсақал, өзбек қазақтар өршіп, өшігіп біздің жауымызға айналып отыр. Сондықтан қазақ қазақтың көзін шұқымайды деу – жаңсақтық. Дұрыс айтасыз, қырық пышақ халдеміз. Міне, мұздай құрсанған бауырларымыз көк сүңгісін білемдеп, маңымызға келіп қалды. – Саян батыр да нағашысына назды уәж білдіргендей.

Жәнібек ханның көкейіне кезінде Алтын Орда ханы Өзбектің қойған иман-шартына мойынсұнып, соның шариғатына мінсіз жүгінген «өзбекшіл» қазақтардың қаракеті оралды. Сонысына орай сол тұста Алтын Орданы «көшпелі өзбектер мемлекеті» деп те атады. «Көшпелі өзбектер» бүгінде Әбілқайырдың соңына ілескен сойыл соғарлары. Бұлармен діні бір болғанымен, ділі бөлек тайпаға айналды. Енді сол өзбектер кіндіктес бауырларын арғын, қыпшақ, найман демей, бадырайтып әрі тамағын қырнай «қаз-зақ-тар» деп атайды. Тіпті, қоныс еткен алабы Шу мен Талас өзендерінің ауқымын «Қазақстан» деп айта бастаған. Өйткені, соңғы ғасырда қалыптасқан Моғолстан мемлекеті, Түркістан, Гүлстан уәлаяттары тәрізді қазақ ұлысы да жаңадан қауымдасып, бой көтерді. Жаңа нәрсеге атау берілетіні бесенеден белгілі.

Ал, ежелгі қыпшақ, арғын, найман, үйсін, қаңлы, қарлық және өзге де тайпалар батыс түрік дәуірі мен түркеш-қарлық дәуірінде-ақ өз алдына халық болуға талпынған қазақ халқының түбірі. Олар ХІ-ші ғасырдан ХІІІ-ші ғасырдың басына дейін кең-байтақ далаға үстемдігін жүргізген «Қыпшақ елі» атанды. ХІІІ-ші ғасырдың басындағы Шыңғысханның жорығынан соң Жошы ұлысына қарады. Осы ғасырдың екінші жартысында Алтын Ордадан бөлінген Ақ Орданың негізгі халқы болды. Олар бірыңғай түркітілдес тайпалар мен халықтар еді. Көшпелілікпен тұрмыс кешіп, мал сүмесіне қараған жұрт. Ішін-ара отырықшы халықтар да ұшырасады. Барлығы жаппай түркі тілдерінің бір тармағы қыпшақ тілінде сөйлесетін.

Ақ Орда құрамына енген тайпалардың ішіндегі алты арыс ел – қыпшақ, жалайыр, найман, қоңырат, арғын, алшындар – Шыңғысханның батысқа жасаған жорығының алғашқы кезінде-ақ «алты сан алаш» деген атпен Жошы ұлысына қараған. Өйткені, әрбір ру-тайпалар жеке-жеке уәлаят болып отырған қазақ хандықтары еді. Өз биі мен батырларына ғана мойынсұнған дербес ел ретінде қалыптасып, бәрі деңгейлес дамыған.

Кейін ауызға орамды, көкейге қонымды болғандықтан «сан» сөзі түсіп қап, бұл тайпалар «Алты алаш» деген ұғымға кірігіп, осы атауымен ел жадында қалды.

«Алты сан алаштың» ол уақтағы ата мекендері – Алтай мен Каспий теңізінің аралығы, бір қиыры Тобыл мен Сыр бойы, Жетісу өлкесіне созылатын.

Алтын Ордаға үстемдік еткен маңғол хандары мен билік басындағы шонжарлар ат төбеліндей ғана шоғыр еді. Осы аз ғана ағзам-бектер жергілікті халықтың шаруашылық тұрмысы мен мәдениетіне ықпал жасай алған жоқ. Керісінше өздері ұзаққа бармай-ақ қазақ халқына сіңіп кетті. Тек, Өзбек хан ғана ислам дініне үстемдік беру арқылы, тұтас жұртты иман-шартымен екіге бөліп жіберді. Оның салдарын Жәнібек хан өзі ғана тартып қоймайтынын сол жолы екшей алған жоқ.

– Жә, – Жәнібек хан оң қолын көтеріп, төңірегіндегілерді сабырға шақырды. – Бабамыз Орда Ежен қалыптастырған Ақ Орданың үстемдігін қайтарып алу үшін не істеу керек?!

– Күшке қарсы күш қолдану керек. – Қасым сұлтан бұзау тіс өрмелі қамшысын алдына тастай салды. – Біз де сойыл, бақан ұстаған жай барымташылар емеспіз. Келе жатқан неше жерден мықты қол болса да оларға қарсы беттеген дұрыс.

– Сеске сес көрсетіп, айбынға айбын таныталық! – Арғын би қуаттана баршын бүркіттей дүр сілкінді.

– Қарамағымызда тізе қосқан қалың қол бар, осы әскерді қаптатып Әбілқайырға қарсы алып жүрелік.

Мына сұлтандар мен бекзадалардың уәжі ханның көкейіне қонды. Өзі де осындай байламға әуелден бел шешіп қойған еді.

– Хош, бәтуа бір жерден шықты. Онда жарлығымды тыңдаңдар! Дабыл қақтырып, керней тарттырып, әскерді майдан өтіне бұрыңдар!

– Құп, хан ием! – Маймене Бұрындық сұлтан орнынан тұрып, Жәнібек падишахқа басын иді.

– Алла жар болсын...

***

Бұл Баршынкөк атпен жұмбақ дүниенің соңынан ілесіп келе жатқан Әбілқайыр хан еді. Барақ ханның ұлы Жәнібек алқымнан ұстап, шаужайына жармасқанына зығырданы қайнағанда көзіне көрінген әбілет елітіп, есін алды. Енді бір мезет пенделер арасындағы бақталастығын қаперден шығарып, көзқұмарлығымен ілгері ексімдене берді.

Алаулап жанған отты киік оқ жетер жерде жүйітки кетіп барады. Қайда жүрсе де жанынан тастамайтын иығындағы асулы жақты хан қолына ап, қорамсақтан қозы жауырын жебенің біреуін суырды. Енді сәл таяныңқырап барып жұтқыр жебені жүйіткіте жібермек. Қуантатыны – ұзақты күнге созылған шабысқа салса да қарымды сілтесінен жаңылмаған сетерінің аяқ тастасы. Осы қарқыннан танбаса көп ұзатпай өмірі көрмеген мақұлықты қолына түсірмек. Қазір алдындағы жын болса да, шайтан болса да көзіне қан құйылып ештеңеден тайынар емес.

Міне, ара қашықтық діттеген межеге жуықтағанда адырнаны шірене тартып, «өлген жерің осы-ау» деп, тақыр қолтықтың тұсын көздеген еді. Кенет «тоқта, Әбілқайыр!» деген зілді дауыс құлағына ап-анық естілді. Ту сыртымнан қас дұшпанымның бірі мына олжаға менен бұрын қол созбақ боп, оқыстан таянып қалған жоқ па дегендей, иығынан асыра қос қапталына кезек қарады. Ешкім де, ештеме де жоқ. Керісінше жұмбақ мақұлық мұның аңсарын алып, тым таяу тұстан орғи секіреді. Үсті тоты құстың құйрығындай сан түрлі бояуға еніп, құбылып, ойнап тұр. Киік аяғын кербездене тастап, мойынын бұған бұрған қалпы көлбей шоқының төбесіне қарай сар желді. Мынандай құбылысты бұрын-соңды көрмеген хан да қарқынын бәсеңдетіп, аусар баланың кейпінде мақұлыққа ықтиятпен ден қойды.

– Атыңның тізгінін тарт, Әбілқайыр!

Енді көңіліне шындап алаң енді. «Мына пәрменді үн қайдан шығып тұр?»

– Кімсің сен, падишахтың атын именбей айтатын?! – Қаһарлана айқайлады. – Көрінші көзіме, жаныңды жаһаннамға жіберейін.

Әлі де хан «біреу бұқпантайлай әлдебір қылтадан жасырына тіл қатып, қасақана қитығына тиіп, насырын қасымақ болған шығар» деген пиғылда.

– Мен сенің басыңа қонған бағыңмын.

Қашқан киік шоқының үстіне таяу тоқтап, бұған мойынын бұрып қарады. Мына сөздің мақұлықтың көмейінен шығып тұрғанына иә нанарын, иә нанбасын білмеді.

Оқ бойы жердегі хан атын тебініп, өлермендене өрге ұмтылды. Бір қайран қалғаны – бұл далбақтап таянған сайын – киелі киік тапжылмады. Тағы жануардың бірі болса әлдеқашан жалт беріп, жайына кетер еді. Енді жаңағы сөздің иесі осы мақұлқат екеніне күмән келтірмеді.

– О-о, Тәңірім, бағым болсаң мені қайда тастап барасың?

– Бақ – Алланың пендеге уақытша берген сыйы. Оның қадірін біліп, қастерлей алған жұмыр бастың маңдайында ғана ұзақ аялдай алады.

– Ақымақ басым-ай... – Хан іркілген атының тізгінін қоя беріп, қос қолымен кеудесін ұстап, ер үстінде шалқалай көкке қарады. – Өз бағыма өзім садақ кезенгенім, астамшылық болған екен-ау... Кешір алжасқан пақырыңды. – Адырнасы оң қолының саусағына ілінген садақты лақтырып жіберді.

Енді бір сәтте күміс ерден домалай түсті де жүзін киікке бұрып, жүрелеп отыра кетті. Қайраны таусылған пақырана хал кешіп, әшейінде ызбар шашып тұратын келбеті бейшара мүскіннің ұсқынына айналды. Қолын қалтырай ұмсынып, жалбарына әлдене демекші. Аузы жыбырлай жыламсыраған қалпы маңдайын жерге тигізді. Бір уақ сол күйі шөкелеп жатты да қойды.

– Бір тайған бақтың қайтып оралуы қиын. Қайта қонса менмен жандардың сол заматта көзін шел басады, кеудесіне нан піседі. Өмір бақи десі жүріп, күллі тіршілік атаулыны дәргейінде ұстайтындай мастанады.

– Дүние көзіме көрінді, айныма менен, Жаратушым... бағымды қайта жандыра гөр...

– Өз баласын өзі жейтін доңыздай дүниенің қызылын көргенде қара басыңнан қадірлі ешкім жоқтай, тіршілік атаулының бәрін соның жолында құрбандыққа шалып жіберетін пиғыл барда, бәтуалы ғұмыр болмайды. Тек пенде атаулыға пәрменің жүріп тұруы үшін қанша жазықсыз жанның қанын төктің, езгіңе салдың... тағы да қан төгуге бет алып барасың. Осының бәрі үстемдікті, астамдықты иеленіп отыру үшін ғана ма?

Мына ләм ханның өзегін тіліп өтті. Асқақ абыройын ойлап, қасақана қысастық жасаған адамдардың бірен-сараны көкейіне оралды.

Көк Орда ханының шамына тиетін сөз шықпас үшін, үнемі өзінің қара басының абыройын қорғағаны ақиқат. Сондай себеппен Маңғыт руынан алған бәбішесінен туған қызы 17 жасар Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегімді қыршынынан қиды. Өйткені қызының көңілі Жәнібек сұлтанға ауды. Тіпті, араға жеңгелерін салып, ұзатылғанша көңіл қосуға тілек білдіріпті. Сұлтан да ұнатып, шөбере ағасы Керей арқылы Әбілқайырдан құдандаласуға рұқсат сұраған. Хан рай танытпады. Дереу Құрыбай жаналғышты жұмсап, қызының жүрегіне кездік қадап өлтіртті...

Дешті Қыпшақ хандығына қол созған бақталасы Сайбанның шөбересі Махмед-Қожа ханмен Тобыл жағасында қалың әскермен бетпе-бет кездесті. Кескілескен шайқаста оның сыпайларын ту-талақай етіп жеңіп, өзін көк сүңгіге шаншып өлтірді. Соңында қалған жесірін, асқан сұлу Арғынның қызы Ағанақ-Бикені ешкімге бермей өзі алған. Қатындыққа алғанмен опа таппады. Сұлуы сұлу-ақ, бірақ, қойынында шағып алуға әзір айыр тілді қарашұбар жылан жатқандай күйге салды. Бұл өбіп жақсы көргенімен бір иілмей, иімей өтті. Осы қасарысып баққанына ерегесіп әрі хан баласы болғандықтан ержеткенде көкжалдығын істеп жүрер деп, соңынан еріп келген үш жасар ұлын өлтірткен. Ағанақ-Бике одан сайын қанын ішіне тартып, сұрлана түсті. «Сен сияқты қанқұйлыдан балалы болып қалмайын» деп, сан мәрте күшәлә ішіп, түсік тастады. Ақыры, бейшара дүниеден азаппен озды...

Орда-Базарда хандық құрып отырған Жұмадүктің қолында Әбілқайыр сұлтан ешкімнен тайынбай өсті. Әмірлік, өмірлік тәлім-тәрбие көрді. Әскер басқаруды, ел билеуді үйренді. Оңын, солын таныды. Досы кім, қасы кім екенін білді. Маңғыт руынан шыққан атақты Едіге батырдың баласы, Ақсақ Темір ұрпақтарына бүйідей тиген Қазы биді суқаны сүймеді. Он алты жасқа келгенінде Дешті Қыпшақ руларын басқарып, ханның оң қолы болып отырған биді бауыздап өлтірді. Содан соң Жұмадүк ханның қаһарынан қорқып, соңынан ерген Дешті Қыпшақтың біраз әскерімен өзінің туған шаһары Тараға қашты. Артынан жетпіс мың әскермен қуып шыққан Жұмадүк ханмен қан майданда бетпе-бет ұшырасты. Туған баласындай боп, қолында өскеніне қарамастан ерекше қамқорлық жасаған адамды шоқпармен ұрып, мылжалап өлтірді. Бұл кезде не бары он жеті жаста еді. Ізінше Дешті Қыпшақ ханының алтын тағын иеленді.

Қара басының қамы үшін жасаған көп-көп озбырлығының қайсыбірі сөйтіп, көз алдынан лезде тізбектеле өтті.

– Ханнан ақыл кеткен екен. Билікті елдің ұйытқысына емес, маңындағы ит-құсына бола жұмсапты. Қайттым райымнан, тек сен айни көрме менен... – Қырық жылдай күллі Дешті Қыпшақ, Мауренахр, Қорасанды тітіреткен Әбілқайыр басымен көзінен сорасы саулап, құла түзде еңкілдеп жылады. Қас жауы Жәнібекке ықыласын берді деген сөзге бола қолқа-жүрек жан денесі туған қызын өлімге қиюы, бақталастан кегін қайтарып, қорлау үшін Ағанақ-Бикені азаптап өлтіруі, әкесінен де артық қамқор бола білген Жұмадүк ханды жер жастандыруы қазір арада бәленбей жыл өткенде ақылына қонбады.

– Бақ деген бас та, жас та талғамайды, соқыр. Сол талғампаздықтың жоқтығынан сен сияқты қараудың қарынын ғана қампайттық. Шылауыңа оралып жүргенімде өз қамыңа ғана жұмсадың, басыңда бағың отырғанын білмедің. Аузыңа келгенді қисынды, қисынсыз айттың. Мені зор сынаққа алдың. Қалай саған серік боламын?

– Ер жігіттің басына бақ үш мәрте қонады деуші еді ғой, енді екі ықтиярың бар емес пе?... – Бір кездегі дешті даласын айбарына бөлеген айбынынан жұрдай айрылып, еңкілдей сөйледі.

– Сенің басыңа үш емес, елден-ерек төрт мәрте қайырылып соқтым. Ақымақтығыңмен моншадағы Самарқанның хакімін тырдай жалаңаш сүйрей жөнелгеніңде сенен бәрі теріс айналмасын деп, әлгінде ғана әмір отырған тұстан төбені опырып құлатуға тура келді. Мұны көрген падишах сені тіпті әуелетті. «Тентекті «тентек» десе, қалпағын аспанға атадының» кебін киіп, бұдан соң мүлде мейманаң тасып, тасыр мінезді танытып-ақ бақтың...

Әбілқайырдың есіне ол оқиға оралды. Ойнаған боп бетін қайырып қояйын деген ниетпен, шомылып жатқан билеуші әмірді тысқа қарай тартқыштаған. Мына тосын жайтқа хакімнің төңірегіндегі нөкерлері мен дәйекшілері бәйек қағып, шыр-пыры шықты. Ұлықбек те көзі ежірейіп, шатынай қалды. «Қайтеді-ей, қайтеді!» деген үні де естілді. Сол сәтінде жаңа ғана әмір отырған хамамдағы көк тастың үстіне үйдің бұрышы опырылып құлады. Бұдан соң ақымақтық ісінің ақыры қайырлы болып, абыройы асқақтай түсті.

«Мені төтеннен үйірілген ажалдан қорғаштаған көрегенім» деп, Ұлықбектің ықыласы бұған шындап ауды. Жошының ұрпағынан алған Шахарбек атты бәйбішесінен туған Рәбиу-Сұлтан-Бегім есімді қызын Әбілқайырға ұйғарған. Ол 15 жасқа толғанда Әбілқайыр оны 4-ші әйелі етіп, некесін қидырды. Самарқанның әмірі қызын ырғалтып-жырғалтып ұзатты. Үстіне дүрия, қамқадан тартылған балдахин орнатылған ақ пілді бас сыйы етті. Аямай асыл қазына, жасауын артты. Қызым таршылық көрмесін деп, қырық құл мен қырық күңді қасына ертіп жіберді.

Осы дәурен ханның көз алдына оралды. Одан кейін де келсін-келмесін жөн-жосықсыз сөйлеп, орашолақ ақылымен талай пәрмен берген...

Енді мына киік тектес құдіреттен «қашан, қай тұста қайырылып соқтың?» деп сұрауға дәрмені жетпеді. Жүрелеп отырған қалпы, маңдайынан тайған бағына мінәжат ете құлдық ұрды.

Көзінің алды алаулап, сан түске ене құбылған киік зорайып бара жатқандай көрінді. Бағы тайған хан желдің әсерімен болмашы дірілдеген шөп-шаламмен бірге қалтырап, иінін көтере алмады. Күміс ерді арғымағы иесін тастап, желіп жүріп кетті. Үстінде алтындаған хан ішігі бар Әбілқайыр тірі аруаққа айналып, шоқының етегінде шоқиып қала берді.

Киік кейпінде көрінген бақ-киесі міскін бейшараға енді мойын бұрып қарамай, қоңыр дөңнен асып жоғалған.

Падишахтың көз алдында дүние төңкеріліп салды. Басы зеңіп, миы аузына ақтарылғандай құлақ шекесі дыңылдады. Тынысы тарылып бара жатты.

... Сәске кезінде жиһангер Баршынкөгінің тізгінін қоя беріп, бар перен шабысымен алға түскенде оқ бойы артында отыратын нөкерлері, әрі-беріден кейін ілесе алмаған. Ұзақты күнге талмай бар пәрменімен шабу олардың тақымындағы қылқұйрықтылардың әуселесі жететін әрекет емес. Аптап ыстықта барлықпай құйындатып отыратын өрен жүйріктік сүйегіне біткен Баршынкөк уақыт өткен сайын ұзай берді. Тіпті, бір кездерде қара үзіп жоқ болды. Мұндай ес-түссіз бейберекет шабыстың мәнісін көпшілігі түсіне алмады. Тек нөкерлердің арасынан бірлі-жарымы ғана ханның тұсынан қылаңытқан әлденәрсені көздері шалғандай дүдәмал кепте қалды. «Не де болса хан иеміз ұлы жорықтың алдында өзін сынап, ана бір мақұлықтың таңын айырмақ болған ғой» деген ойға сайды.

Алдиярларын жоғалтып алған нөкерлер тобы жүрістерін бәсеңдетпей хан бет алған бағытпен тынбай заулады. Арада бие сауым уақыт өткенде барып, қоңыр дөңнің баурайында бос жүрген Баршынкөк тұлпар көзге шалынды. Қалың боздың арасынан алтын ішікті ағзамы назарға әзер ілінді.

Бір әбілеттің ұрғанын Дарвиш-Хусайын біле қойды. Падишахтың тілі байланып, қан-сөлсіз қалыпты.

Тек билік пен байлықты көксеген тойымсыз хан Жейхун мен Сейхун дарияның ортасындағы сардалада үш тәулік күйіп-жанып жатып, ақыры тілге келмей көз жұмды.

Сол күні Қазақ хандығының қалың қолы Сейхун дариясының сағасына ат шалдырып, еру боп түнеді де ертеңінде елең-алаңда майдан даласына бет түзеді. Алайда жер қайыстыра дүбінген мыңғырған әскер тоқтауға мәжбүр болды. Жәнібек ханның саққұлақ тыңшылары сәскеге ілінбей суыт хабар жеткізді. Әбілқайыр хан құла түзде жорық жолында кенет ауырып, кеше дүниеден озыпты.

Ханы өліп, қаралы болған жұртты шабуға дәті жеткенімен, иманы бармады. Есіне Алтын Орданың ханы Батый мен Қарақұрымдағы Ұлы Орданың ханы Күйіктің осылай бір-біріне өшпенділікпен ұмтылғаны оралды. Екі ұлы жіңгірге ұласқан қалың нөпір ғаскер жер қайыстыра кеп, түйісуге сәл қалғанда тоқтады. Себеп, Күйік хан кездейсоқ о дүниеге сапар шегіп кете барған. Сөйтіп, бір мәуріт дүние судай ағатын қаннан, аңырап жылайтын ананың зарынан сыртқары тұрды.

Дәл сондай уақиға өз басына түскенін неге жорырын білмеді. Майдан шебіне іліктірмей Әбілқайырды алып ұрған сес пе әлде дес пе? Жауабын таппады. Тіршілігінде сыйыспаған, әріден өші бар әлемді жауласам, қазақтың көзін құртсам деген жиһангердің қазасына бетін сипады.

Шөбересі Бахтияр баһадүр мен Қарашың батыр апшыны қуырған аптап ыстық пен аңызақтан хан денесі бұзылып кетпеуін ойлап, мәйітті бал толтырған алтын астауға салды. Қасиетті Түркістан шәрінің тізгіні қолдарында тұрса да сүйекті Созақ шаһарына алып жүрді. Бұл шәрі қазақ хандығының иелігінде. Дәуірін теріс айналдырған адамды жөнелту ісіне мұсылман баласының, оның ішінде қазақтың қарсы келмесін білді. Әдейі соны пайдаланып, бір жағы «өлсе де сүйегі сендердің әуселеңді байқайын деп араларыңа барды» деген қарекет еді. Қазаққа тісін қайраған ұрпақтары бабаларының басына көк тас қойып, алтын сырмен атын жазып, құрметтеп жөнелтті.

Аспандаған атақ-абырой, алтындалған тәж бен тақ ажалға араша тұра алмады. Шығыс елінің тең жарымын жылатып жинаған дүние мен қазынадан төрт-ақ құлаш ақ сәтенді ғана өзімен әкете алды. Пәнилік сәуледен опа тапты ма, таппады ма, ол бір ғана жаратушыға аян ... Тек соңында билігін бөліске салған, үстемдігін үлесіп алған, қазынасына қол сұққан ұрпағының даң-дұң, шаң-шұң дауысы біраз жылдарға созылып жатты.

Енді оның басына қойылған мәрмәр көк тасқа қонып, бірде байғыз, бірде көкек ара-тұра тірілерге үн қатады.

Міне, абыз даланың ақиқатқа апарар аңызы кәрі шежіренің көкей-көзінде қалып қойды. Одан бері де тебінгіні тер сасытып, толарсақтан қан кештірген қаншама сұрапыл соғыстар өтті. Соның бәрі не үшін, кім үшін еді?..

Алайда, бар сырын ішке бүккен Қазақ елінің салқар даласы сағым қашқан құла түз емес, арман мен мақсаттың тоғысқан құбыласы болатынын ол кезде ешкім болжай алған жоқ.

Бірақ, бір үміт, ізгі ниет әріден қылаңытатын... Сол үміт пен сәби ниет Қазақ жұртын аман сақтап келеді.



[1] Сүмбіле – тамыз айы.

[2] Дәлу – қаңтар айы.

[3] Жете – Моғолстан елін бұрынырақта солай атаған.

[4] Көкілташ – бірге туыспаса да хан шешімі бойынша, жас балаға аға болып саналу. Кей көкілташтар өзіне іні еткен хан баласына туған ағасындай болып кеткен.

[5] Зауза – мамыр айы.

[6] Майсары, Маймене – ханның оң жағында және сол жағында отыратын кеңесшілері. Ұрыс кезінде әскердің оң қанаты, сол қанаты.

[7] Ағрұқ – көне түркі тілі, әскердің соңында жүретін азық-түлік артқан керуен, шаруа күйттегіш малшы мен жалшылар қосыны. Кейде жорыққа бірге ала жүретін гарем, хан қызметкерлері.

[8] Яссы – Түркістан қаласы.

[9] Бір түмен – он мың адам.

[10] Жәди – желтоқсан айы.

[11] Кежім – атқа кигізетін сауыт. Ол бес, кейде алты бөліктен тұрады.

[12] Сүледария – Дунай теңізі.

[13] Хажы Тархан – Астрахан қаласы.

[14] Бір лек – жүз мың адам.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар