Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Асан Омаров: Абай және Әйгерім

11.12.2015 685

Асан Омаров: Абай және Әйгерім



... Мұқым қазақ баласы
Тегіс ақыл сұрапты.
Тобықтыны ел қылып,
Басын жиып құрапты.
Абай. 
Ұрпақтар сабақтастығы, әсіресе, әке мен баланың арақатынасы мәңгілік мәселе, әсте. Мұхтар Омарханұлы Әуезов «Абай жолында» қос дара тұлға - Құнанбай мен Абайдың қарым-қатынасын шырқау биікке, шын мәнінде әлемдік деңгейге көтерді.  Төменде аталмыш мәселеге ден қойып, кейбір аспектілерге оқырман назар аударып көрмекпін.
Құнанбай  Өскенбайұлы (1804-1885) күллі саналы ғұмырын ел жұмысына сарп етті.  Заманы патшалық Ресей қазақ даласын отарлау үшін қабылдаған Ескі (1822 ж.) және Жаңа Ережелер (1868 ж.) аралығына тап келді. Қазақ мінезі, болмысы қалай өзгерді десек те, қазақ елі қандай бағытқа бұрылды десек те, һәмишә өзгерістер мен бұрылыстардың осынау екі Ереже аралығы - Құнанбай заманы сағасына құяры сөзсіз. Демек, кейіпкеріміздің бейнесін толық ашуға сол заманның қыры-сырын, қат-қабат қалтарысын түгендеу керек. Бірақ бұл мақала міндеті басқа. Құнанбайдың «тобықтыны ел қылған» қайраткерлігі, Абай, Шәкәрім тәрбиесіне тигізген ықпалы және мұсылмандық бейнесі деген қырларын демдеп көрсек те жеткілікті.
Құнанбайды Тобықты елі ә баста «мырза» деген, Мекке сапарынан соң «қажы» атаған. Қажының халық қамқоршысы болған қайраткерлік қыры аз айтылып-жазылып жүрген жоқ. Зерттеуші ғалымдардың еңбегі көбіне ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов жинақтаған естеліктерге, поляк саяхатшысы Янушкевичтің күнделігіне және өз ұрпағы Абай, Шәкәрім, Ахат айтқан сөздерге негізделеді.
Мұхтар Әуезов 1933 жылғы  Абайдың толық жинағында: «Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу қиын» деп мәлімдеген еді. Десе дегендей, Құнанбай туралы қанша айтсақ та артықтық етпейді. Ол Тобықты руларын орналастыру, дау-жанжалды реттеу, ауыл басы молда ұстау, мұсылмандықты өтеу (намаз оқу, зекет беру), балаларды оқыту т.б. әлеуметтік істерде көп еңбек сіңірді. Өзінің айналасына жақсы жерден қыз алу, араағайын татулығын сақтау, сол үшін бірінің баласын екіншісі бауырына салу салтын екті.  Қысқасы, Ырғызбайлардың жалы күдірейген көшелі елге айналуы - Құнекеңнің арқасы.
Енді Құнекеңнің тәлім-тәрбиелік ықпалы дегенге ойысар болсақ, оның көпқырлы мәселе екені шүбәсіз. Сөз басында айтылғандай 1868 жылға шекті уақытты Құнанбай заманы десек, осыдан берідегі дәуірді Абай заманы деп анықтау заңды. Өйткені, Абайдың тұстастары «Жаңа низам» аталған жаңа Ереже жағдайында өмір кешті.  Сөйтіп, «Абай жолы» роман-эпопеясының әкелі-балалы екі басты кейіпкері екі түрлі дәуірдің өкілдері болып табылады.  Былайша айтқанда, бірі – ескінің арты, бірі – жаңа жолдың басшысы еді.
Реті келіп тұрған соң жаза кетейін, Тобықтының атқамінерлер қосынын екіге бөле қарастырсақ жөн. Біріншісі - Құнанбай құраптас Бөжей, Қаратай, Байсал, Сүйіндік, Байдалы, Түсіп, Бәзіл, Құлыншақ сияқты ақсақалдар. Бұлар – елдіктің киесі, ескіліктің жол-жоралғысына (сыбаға, жол, сауға т.с.с.) қанық әрі хандық (бектік) дәуір заңына жетік басшылар. Игі жақсылар, Абай тәлім алған ұстаздар да осылар. Екіншісі - Абайдың замандас, тұстастары Майбасар, Тәкежан, Оразбай, Жиренше, Күнту, Әбділда, Асылбек, Байғұлақ, Қыздар, Абыралы, Арап, Дүтбай, Көжекбай сияқты атқамінерлердің жаңаша тобы. Бұл топты ел іші «іргелілер» немесе «игі жақсылар» демеген. Өйткені, бұлар - отаршылық жүйенің өнімі, сол себепті «нәрсіз, шірік орта болды» (Әуезов). 
Ел жадында сақталғаны - Құнанбайдың жас жігіт Абайға үлкен сенім арта отырып, «ата салтынан адаспа, балам» дегені. Сол сияқты Абайға таққан мына үш түрлі міні мынау: «Ең әуелі - сен жұрттың бәрімен күліп сөйлейсің. Жайдақ су сияқтысың, жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісілерге қадірі болмайды. Екінші, кім көрінгенге жақын боласың, кісі талғамайсың. Желбегей жүрген кісінің қасына ел үйірілмейді. Елді алатын қылық ол емес. Үшінші, орысшылсың, орыстың дұшпандығын ұмытасың», - депті. Оған Абайдың жауабы: «Қолында құралы бар бірен-саранға тиетін шыңыраудағы судан да, қойшы-қолаңшы, жалшы, жақыбайдың күллісі бірдей мейірін қандыратын жайдақ су артық деп білемін... Орысшылсың дегенге: «Заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білу керек. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі аламын» депті (М.Әуезов. Абайдың туысы мен өмірі).
«Кезінде Құнанбайдың Абайға таққан үш міні, - деп жазады әдебиетші ғалым Серік Қирабаев, - тарихи шындықтан алынған. Соған қарап, Құнанбайды тек ұнамсыз жағынан ғана көру көбірек байқалып жүр. Шындығында, Құнанбай өз заманының ең ақылды, көреген, қайырымды, батыр адамдардың бірі болған».
Құнанбай 1868 жылғы реформадан соң билікті балаларына тапсырып, өз елінің ақылгөй қариясы болғанды жөн көреді. Қажының жолыққан сайын «мен халық аманатымен өмір кештім, сен де солай ет, қарағым» деген ақыл-кеңесі өз өмірінің бет бағытына елеулі түрде ықпал еткенін немересі Шәкерім Құдайбердіұлы ырза сезіммен жазады. 
Құнекеңнің дін жолындағы істері мен діндарлығы көпке аян. «Тегінде Құнанбай аса діндар кісі болған. Бірақ сол діндарлық көп уақытта ұсақ фанатизмге де жетіп отырған» (Әуезов). 1876 жылы қажылыққа, Мекке сапарына аттанған.  Онда басқа да қажылармен бірігіп, қазаққа деп қонақ үй – тәкиә салдыртады.  Меккеден келген соң «дүние сөзін сөйлемеймін» деп, ешбір жанмен тіл қатпай қойып, оңаша үйде шымылдықтың ішінде жалғыз отырып, құдайға құлшылық қылған. Бұл жайлы сырт ел «тілі байланған» деп те аңыз қылған екен. Бірақ соңғы жылдарында маңайында болғандар ол сөзді бекерге шығарады.
Сонымен, жазба мағлұматтардан Құнанбай бейнесі бірде - патша өкіметінің қырдағы өкіл-ұлығы аға сұлтан, енді бірде - жолынан жүк қалдырмас қоңыраулы қара нардай күллі Тобықтының көшін бастаған көсем мырза, сонымен қатар, Абай, Шәкерім сынды ұлы тұлғалардың тәрбиеші абызы ретінде алдымыздан шығып отырады. 
Абай әкесін қоғам қайраткері ретінде аса жоғары бағалаған. Бұл өлең сөздерінен аян жәйт. Мысалға «Арғы атасы қажы еді» өлеңінде:
                                  Ол сыпатты қазақтан
                                  Дүниеге ешкім келмепті, -
дегенін айтсақ та жеткілікті.
Тарихи тұлғаның мінезінің суықтығы, қаттылығы жайлы сөздер де баршылық. Тұрағұл өзінің «Әкем Абай туралы» деген белгілі естелігінде Абай жасы ұлғайған шағында: «Әкесі қажының қатты-суық мінезін сөгіп отырушы еді. Қорықпақ пен сүймек, от пен су секілді бір жерде жиылмайды. Адам сүйген адамының ақылын ұғып, сонан бәһрә алады, қорқытып, ұрсып айтқан ақыл дарымайды деп» деп жазады. Әрине, қаталдық пен озбырлық адамға туа бітпейді. Құнанбай да өмірдің күшті талқысын көре, тата келе ғана қаталдыққа сүйенген. Оған дейінгі Құнанбай «Обал-сауаптың да, қайырымдылықтың да, бейбіт тіршіліктің де қадірін білген. Қуанған, күлген, әзілдескен» (Т.Жұртбай).
«Әкеге тартып ұл туар», «Әке көрген оқ жонар» дейді халқымыз.  Абайда болған ақыл-парасат, елім-жұртым деп Едігедей ел қамын жеген халықшылдығы мен қайраткерлігі, сөз жоқ, әке көргендігі.
Студент жастармен кездесулердің бірінде «Абай жолының» алтын өзегі не деген сұраққа, Мұхаң: «Менің романымда айырықша көңіл бөлгенім - әке мен баланың арақатынасы еді» деген екен. Олай болса, оған қайта оралайық.
«Романға кіріспес бұрын дүние әдебиетінің барлық озық үлгісін сүзіп шықтық. Немістің, француздың философиялық, тарихи хронологиялық романдарын ақыл-ой елегінен өткіздім». Бұл Мұхаңның «Абай жолы» қалай жазылғаны жайлы айтқаны. Осы сөздің астарын аша отырып, жазушы  Тұрсын Жұртбай «Құнанбай» атты кітабында былай дейді: «Соның ішінде И.С.Тургеневтің «Әкелер мен балаларына» иек тіреп, ерекше ықыласын бұрды. Ол осылардан психологиялық шиеленісті үйрене отырып, ілгері дамытты. Мүлде соны ой өрісіне шықты».
Оллаһи шыны, әке мен баланың қайшылығы әлемдік мәселе. «Абай жолы» да оның шешімін бермейді, гәп - мәселенің көтерілу деңгейінде. Жай ғана көтермей «Жеке адам мен қоғамды шендестіре, тең дәрежеде образдық тұтастықта бейнелейді» (Т.Жұртбай). Менімше, бұл пайым да аздық етеді, әке мен баланың қатынасы аясына Мұхаң ескіні жаңа қоғамның алмастыруы сияқты зор тақырыпты сыйғызған.  Бұл кемеңгерліктің белгісі, әрине.
Құнанбай 1885 жылдың тамыз айының басында  Жымба деген күзегінде дүние салған. Бұл Сарыарқаның Семей жақ жиегі - Арқалық адырына таяу тұс. Қажының ұзақ өмірі соңын қалың қыстаулардан қашық Жымбада өткізгені несі? Оның өзіндік себебі бар: аталмыш адыр Уақ руына қарасты болған. «Ұрпақ өседі, жер өспейді» деген қағидаға адал мырзаның  Жымба күзегіне ие болуы Тобықтының Ертіс дарияға қол артқаны есепті.  Осылайша Құнанбай ауылдары Жондағы Бақанас жайлауынан  бауырдың шеті - Жымбаға дейінгі аумақты иеленді. Ысқақтың бәйбішесі Мәніке айтты дейтін «еңкейсем Ертісім, шалқайсам Шыңғысым» деген мәтел сөз содан сияқты.
Саналы ғұмырын Тобықты жерін молайтуға жұмсаған Қажы Абайдың қыстауы - Ақшоқыға жерленді. Қажының жаназасында Байкөкше ақын дүйім жұрттың көзінше: «Құнан кетті - алдынан жарылқасын, артында алтын қалды ат басындай» деп Абайға сенім арта сөйлепті. Қарт ақын қателескен жоқ, Абайдың атағы бірер жылда-ақ қазақ көгінде қалықтады. Заманында Нысан абыз деген ел сыншысы Өскенбайға: «Өзіңнің бағың Қыдырдай болса, балаңның бағы Шыңғыстай болады», - депті-мыс. Дәлді сөз. Бірақ ол күнде Абайға қонған бақ Құнекеңдікінен әлдеқайда асып түсетінін кім болжаған.
Сөз соңы, қажының дүниеден өтуі Абай 40 жасқа толған мезетке тұп-тура келді. Тап осы кезден Абайдың ақындық шабыты маздады. Кездейсоқтық па, жоқ, әлде... әлдебір мистикалық байланыс бар ма, бұл, әрине, бір Аллаға ғана аян сыр.
Асан Омаров, зерттеуші.Ұлы тұлғаны және оның айналасын қаншалықты мумияға айналдырсақ, олардың тірі бейнесі соншалықты алыста болары сөзсіз. Сондықтан да Абай мен Әйгерімге қатысты «Абай жолы» эпопеясына қосымша кейбір өмір жағдаяттарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
1875 жылы отыз жасқа енді ілінген Абай Мұқыр болысына болыстық қызметке тағайындалған еді. Сайлаусыз, назначениемен. Екінші әйелі Әйгерімді сол қарсаңда кездестіріпті. Абай досы Ербол екеуі Ақшоқыдан 25 шақырымдай жердегі Орда тауында аң аулап жүріп, оның «Шілікті кезең», жас шыбықтар қалың өскен тұсты «шілік» дейді, аталатын бөктерін қыстайтын руы мамай Бекей деген адамның аулына келіп қонады. Отыз жастағы жігіт Абай табиғи әдемі дауысы бар, «кең маңдайлы, нұр жайнаған қара көзді» Бекейдің сұлу қызына «бой ұрмай тұра алмайды» (Әрхам). Үйіне келгеннен кейін де гүл жайнаған сол қыз көз алдынан кетпей қояды. Алғашқы махаббаты Тоғжанды есіне салады.
Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды.
Осылай басталатын бес шумақ өлеңін Абай кіші жары Әйгерімге арнаған деп үлкен сеніммен айтамыз. Тап осы кездерде Абай «Әкімбай өлгенде» деген өлеңін де шығарған. Әкімбай – Ділдәдан туған Абайдың баласы. Әкімбай бала кезінде 9 жасында қайтыс болған (1865-1874). Өзгеше қылықты, ақылды да сүйкімді болған ұлына шығарған жоқтауын Абай:
Орамды тілді ауыздым,
Ақылға жүйрік маңыздым.
Көп жасамай тез кетіп,
Көзімнің жасын ағыздың, –
деп аяқтаған. Жоқтауды жаназа кезінде жас келін Әйгерім дауыс қып айтқан деседі.  Айтпақшы, сол жылы Әйгерім босанғанда, «көп жасамай, көк орған» Әкімбайдан кейін туған нәрестеге «Тәңірі ерте алмасын, тұрсын, көп жасасын» деген  ырыммен «Тұрағұл» деп ат қояды. Қазір кейбір басылымдар «Турағұл» деп жазады. Бұл қате.  Көзім жеткен жағдай: «адасып» жүрген Абай өлеңдері өз орнына қойылмайды, бәрі де баяғыша қала береді. Әйтсе де, маған айту парыз – «Әкімбай өлгенде» өлеңі қазіргі жинақтарда 1895 жылғы деп қате белгіленіп келеді. Бұл Абайдың 20 жыл бұрынғы туындысы.
Абай Әйгерімге қалай үйленген? Енді осыған келейік. Әрхам Ысқақов (1885-1963) өзінің естелігінде былай деп жазады:
– Абай қыз ауылынан бес шақырым жердегі Бекейдің жамағайыны Мұсаның ауылына барып, жағдайды айтып ақыл-кеңесін сұрайды, – дейді Әрекең. Сонда Мұса: -Абай, сен неге қысыласың, атаң Өскенбайдың бес қатыны болған, әкең Құнанбайдың төрт қатыны бар. Сол қызды ұнатсаң мен ертең әйелімді қосып беріп, ауылыңа апарғызып берейін. Қыздың қайыны берген малын алар, ел бүлінерлік түк жоқ, – дейді. Шешім осы болып, Абай екінші рет отау көтерген ғой. Бекей қызының азан шақырып қойған аты – Шүкіман (Шүкір-аман тіркесінің қысқа түрі) еді, Абай оның сұлулығына бола, Әйгерім атандырады. Келер жаз шыққанда Әйгерімнен бір ұл дүниеге келеді. Атын Тұрағұл қояды. Тұрағұл емшектен шыққанда алты құрсақ көтеріп, егде тарта бастаған бәйбіше Ділдә Әйгерімге: «Бай сенікі болсын, бала менікі болсын», – деп Тұрағұлды өз бауырына салып бала қылып алады. Бірақ күндестің аты күндес, Ділдә Әйгерімнің атын еш атамай тек «тоқал» деп өтіпті. Сол себепті ауыл-аймақтың баршасы да кедей жерден шыққан Шүкіманды осылай кемсіте атап кетеді.
Реті келген соң жаза кетелік, қазақтың «бала қылып алу» салтының тарихы тереңде. Көпке аян, әлем әміршісі Шыңғысхан билік тізгінін бәйбішесінен туған төрт ұлына ғана ұстатқан. Әміршінің «Жасақ» (Яса) деген ережесіне сәйкес қазақтар үшін негізгі мирасқор бәйбіше балалары болды, ал тоқалдан туғандар тек солардан қалғанын ғана еншілейтін еді.  Бұл жағдайда бәйбіше мен тоқалдың балалары, әрине, іштей жаулықта, «ит көрген ешкі көзденіп» өсті. Міне, осыны болдырмау – ұрпағы бір ымырада болуы үшін Құнекең бірінің баласын бірі бала қылып алу салтын қатаң ұстады. Оған мысалдар көп, Ділдәнің Тұрағұлды бауырына салуы соның бірі ғана.
Әйгерімге үйленуі Абайдың өміріне елеулі өзгерістер әкелді. Әйгерім Жидебайда бір жыл қыстайды, келер жылы Абай оған арнап Бөрілі (бұл мекенде Абайдың биографы Мұхтар Әуезов туып-өсті) деген жерден қыстау-там соғады. Ол оқу-білім іздеп Семейге жиі қатынай бастаған Абай үшін өте қолайлы мекен болды. Сол маңда Тышқан деген – бұлақ, тұмалар бастау алатын едеуір биік таутөбе бар. Оған отау көтерген тұңғышы Ақылбай қыстау салады.
Он жылдай кейін, 1886 жылы Абайдың шешімі бойынша Әйгерім Бөріліге іргелес Аралтөбеге көшеді. Неге? Себебі,  Әуез бастатқан Қожа ауылы бұрынғы отырған қыстауы Қызылшоқыдан (Шығыстаудың ішінде)  Бөріліге көшеді. Ақылбайды бауырына салған Нұрғанымды паналап және Абайдың рұқсатын алып.  Өстіп, үш қоныс та (Бөрілі, Аралтөбе, Тышқан) Абайға тиесілі және бір аумақты құраған еді. Ол Тобықты елінің Ертіс дарияға, Семей қаласына ең жақын шекарасы. Сондықтан Абайдың Аралтөбені игеруі – таяу келешекте қалаға жиі қатынап, көп кітаптар таситынын көре білген керемет сәттілік болды!  Ақын талай шығармаларын Ақшоқы мен Аралтөбеде дүниеге әкелді, сондай-ақ, қыс айларында Абайдың дос-жарандары мен Көкбай, Мұқа, Ақылбай, Мағауия бастатқан шәкірттері осы ауылдарда жиі бас қосқанын айтудың орайы бар.
Абайдың шақыртуымен келген құрметті қонақтың бірі – Арқаның атақты әншісі Біржан Қожағұлұлы (1834-1897) болған. Қоянды жәрмеңкесіне қатысу және қазақ даласының түкпір-түкпіріне сапар шегу сал-серінің салты.
Құлақтан кіріп бойды алар,
Жақсы ән менен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, –
дейтін Абай Біржан салдан көп ән үйренеді және Әйгерімге Біржанның әндерін үйретеді. Бұл «Абай жолынан» көпке аян жәйт.                           Жоғарыда аты аталған Әрхам ақсақал Біржан жайлы әңгімені Әйгерімнен естіпті. Қар кетіп жатқан мезгіл көрінеді. Біржан келе жатыр дегенді естіп Абай «Сасық қамал қорада қалай қарсы аламын?» деп, Аралтөбе қыстауынан бір жарым шақырым Тізесу деген жерге үй тіккізеді. Біржанды сонда күтіп алады. «Мен сонда бір балама босанып, қыстауда отыр едім. Несін айтайын, Біржанның Тізесудан салған әні тап қасымнан естілгендей болды. Біржан сол жылы Тізесуда бір ай жатып, жайлауға (Шыңғыстың сырт жағы – Бақанас аумағы –А.О.) бізбен бірге шықты» деген екен Әйгерім. Бақанас жайлауында еркінше аунап-қунаған Біржан сал қазақ өнерпаздарының көп қазынасымен Абайды кең таныстырып кетеді. Біржан осы жерден Жетісуға беттепті, Мұхаңның сөзінше, «атақты ақын қыз Сарамен кездесетін сапары болуы ықтимал» (бұл олар айтысты деген тұжырым емес).
1880 жылдардың соңында келешек атақты әнші-композитор Әсет Найманбайұлы да Абай ауылына ат басын тірепті (ақынның «Әсетке» деген өлеңі соның куәсі). Сол сияқты Кенесары ханның қарындасы батыр қыз Бопайды Абай Бақанас жайлауында күтіп алады. Кездесу үлкен жиын-тойға ұласқан екен. Бопайдан жұртшылық Кенесары көтерілісінің мән-жайына қанығыпты.
Қу тірлікте махаббат сезімінің өшіп-сөнуінен кім қашып құтылған?! Айталық, атақты орыс жазушысы Лев Толстой мен жарты ғасырдай отасқан зайыбы Софья Андреевна екеуінің арасы мүлдем шиеленісіп, суып тынғаны белгілі. «Кетіп қалуым сені қатты ренжітері кәдік, – дейді Лев Толстой жұбайына жазған соңғы хатында.  – Сенуге, түсінуге тырыс, басқаша жасауға күшім жетпеді. …Баршылықта, тоқмейіл ортада бұдан былай өмір сүре алмас едім, менің орнымдағы кез келген қарт кісі пендешілік тіршіліктен аулақтап, тыныш күндерін іздемекке ұмтылары анық».
1889 жылы әйгілі «Сегіз аяқта» Абай: «Жалғыз қалдым – дәп шыным!» десе, сол ортада өзінің сырын, шерін, мұңын түсінеді-ау деген жары Әйгерім  де жүр. Рас, «Абай жолында» Абай және Әйгерім мөлдір махаббат иелері. Өмірде де берекелі, бақытты ғұмыр кешті. Бірақ ондаған жылдар өткенде араларына қамырық пен түсінбеушілік араласқаны өтірік емес. Неге? Себебі, өмірдегі Әйгерім – алабөтен малсақ адам болған, ал Абай «Мал  бағу? Жоқ, баға алмаймын» деп өзі айтқандай, дүниені қуудан бас тартқан дана.
«Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. …Осы ма бірлік? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» (6-сөз) дейді Абай. Бұл тек қоғамға ғана емес, жеке адамдар мен отбасы бірлігіне де әділетті сөз. Ұлы ұстаздың «шын бірлік ақыл-ой бірлігі» дегені ескірмейтін даналық. Әттең, оны еститін, ескеретін қазағым кәне.
Жинақтап айтқанда, 1876-1893 жылдар аралығында Абай үлкен ауылы Ақшоқы мен онан 35 шақырым жердегі кіші ауылы Аралтөбеде алма-кезек өмір сүреді. Өмір жолы, кешкен тағдыры ешкімге ұқсамайтын дара тұлғамыз – аңыз да абыз Абай шығармашылығының зор белесі, поэзиялық асуы осы мекендерде дүниеге келгенін естеріңізге сала отырайық.


Асан Омаров, зерттеуші.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар