Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ұлықбек Есдәулетов: Ұлы Абайдың жұмбағы - қазақ жанының ұлттық құпиясы

10.12.2015 278

Ұлықбек Есдәулетов: Ұлы Абайдың жұмбағы - қазақ жанының ұлттық құпиясы



- Ұлықбек Есдәулет - әр қазаққа таныс есім. Сізді не танытты? Ал сіз өзіңіз қазақты қалай танисыз? 
- Мені қазақ қалай таниды, мен қазақты қалай танимын? Шынында, мұның қиын сұрақ екен. Ал өзің жауап беріп көр: «Қазақты танимын» десең, «мынау өзін білгіш санап отыр» дейді, «танымаймын» десең, «мынаның көзінің еті өсіп, болып-толып қалыпты, кеудесіне нан піскен екен» дейді. Сонда не демек керек? Тіке қойылған сұраққа қалай да жауап беру керек қой. 
Осындайда ең алдымен тілге оралатын не? Ол - Абай атамыздың «Қара сөздері» - қазақты тануға арналған трактат. Жазылғалы бері ғасырдан астам уақыт өтті. Ұлы ақын танып-білген ол қазақты біз жыға танымаймыз, тани да алмаймыз, танығымыз келсе де. Ал өзіміздің замандастарымызды ше? Оларды тануға қабілетіміз жоқ. Өзгені қойып, өзімізді-өзіміз кейде танымаймыз. Қазақ өзгеріп барады. Күннен күнге. Мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, дүниетанымы, тіпті тілі, ділі, діні де... Бала кезімдегі кеңқолтық қазақты бүгін күндіз шаммен іздеп таба алмаймын. 
Қазақтың ұлттық сыр-сипатын ашуға Абай, Шоқан, Шәкәрім, Байтұрсынов, Әуезовтан бастап, көптеген философтарымыз еңбек арнады. Осы ыңғайда Герольд Бельгердің жазбалары көңіліме көбірек қонады. Кейінгі толқыннан Тыныштықбек Әбдікәкімов «Қас-сақ аңқымасы», Тұрсынжан Шапай «Қазақтың жаны», Амангелді Кеңшілікұлы «Қазақты сүю» деген монографияға татитын шығармалар жазды. Алаштану орталықтары жұмыс істеп жатыр. Бәрі де қазақтану ғылымына қосылып жатқан үлес деп білемін. Расында да, қазақты тану үшін ең алдымен қазақты жақсы көріп, құлай сүю керек. Бұл жерде жалаң патриотизмге орын жоқ. Кезінде қазақтың кейбір ерек мінезін шымшып сынаған бір-екі өлең жолдарымды ұстап алып, соңыма шырақ алып түсіп, мені қазақтың жауы атандырмақ болғандар бұл күнде райынан қайта қойды деп айта алмаймын. Соның өзінде біздікі әншейін, бер жағы, асылында қазақты Абайдан көп сынаған ақын жоқ. «Қолдарынан келсе, алдымен Абайды қиратып алсын» демей-ақ қояйын... 
Қазақтың ұлттық мінез-құлқы туралы Ұлы даланы кезіп, мәдениетіне қанығып, атқа мініп, киіз үйде түнеген, ән күйін тыңдап, дастарқаннан дәм татқан, қазы жеп, қымыз ішкен, арғысы - ежелгі батыс-шығыс саяхатшыларының, уағызшыларының, бергісі - Ресей отаршыларының, каторжандарының көбі жазып қалдырған. Ата-бабаларымыз қазақ атана қоймаған ықылым заманнан бері жеткен сипаттама, мінездемелер, кейіптемелер сақталған. Ибн Батута, Марко Поло, Рубрук, Пржевальский, Янушкеевич те, Зелинский де, Достоевский де, Солженицын да... Көбісі қазақтың дарқан мінезін мақтап, даңғой қылықтарын шенегенмен ешқайсысы да ұлтымыздың шынайы сипатын ашып бере алған жоқ. Оларға қарағанда «мен бір жұмбақ адаммын...», «шеш көңілімнің жұмбағын», «сырымды тоқтатайын айта бермей» деген ұлы Абай күллі әлемге қазақ жаны мен санасының құпиясын көбірек ашты. Өлеңдері арқылы да, «Қара сөздерімен» де. 
Солженицыннің ұлтымызға деген көзқарас-пиғылын өздеріңіз де білесіздер. Басқа бір мысал айтайын. Біздің Зайсан өңірінде Пржевальскийді Тибетке бастап апарған Мырзаш батырдың ұрпақтары тұрады. Пржевальскийдің «Путешествие к Лобнору и Тибет» дейтін қалың кітабын ары-бері ақтарғанда қауіпті сапарда өзіне жолбасшысы болған Мырзаш батыр туралы «ұры, қу, сенімсіз» дегеннен басқа жағымды пікір таба алмай пұшайман болдым. Қияндағы Тибетке барымтамен барып-келіп жүрген Мырзашты өз жұрты әйгілі батыр санаса, үзеңгілес саяхатшының берген бағасы әлгіндей... 
Дегенмен де Абай өзі танып-біліп, зейіндеп-зерделеген қазақ жанының бүкіл құпиясын толық ашпай, біразын жұмбақтап қалдырды десек, дәлірек болар еді. Абайдың қазақтанымы мұхиттағы алып айсберг секілді. Үштен бірін кейінгіге ашық ұғындырып берді де қалғанын астарлап кетті. Меніңше, оның «Қара сөздерін» тәржімандардың орыс тіліне «Слово назидание» деп аударғаны дәл емес. «Қара теңіз», «қара шаңырақ» дегендегі «қара» сөзі ұлылық мағынасын беретінін бұл күнде орыстармен қоса, бүкіл әлем жұрты біледі.Сондықтан Абай атаның «Қара сөздерін» сөзбе-сөз «Черное слово» деп аударуды ұсынамын. 
Біздің көбіміз осы кезде ұлттық мұрат, ұлттық идеямыз неден бастау алатынын біле бермейміз, «ұлттық идеология қайда?» деп қақсаймыз. Негізі бұл ұлттық санаға байланысты мәселелер. Біз Абай жұмбағын кемеңгер ақынның жеке басының жұмбағы емес, күллі қазақ ұлтының, қала берді бүкіл Қазақстанның жұмбағы деп қарастыруымыз керек. Абайдың ғажайып феномені оның шығармаларына үңілген сайын осындай ойға итермелейді. Бірақ біз бұл жұмбақтың шешуін, бүгінгі әдетімізбен, жұртымызды билемесе де ырқымызды билеп бара жатқан сыртқы инвесторларға салып қойып қарап отыра бермей, өзіміз шешкеніміз жөн. Жұмбақсыз жан, құпиясыз адам жоқ. Дей тұрсақ та, қоғамдық санада «Інжіл құпиясы», «Құран құпиясы», «да Винчидің құпиясы» дейтін белең алған ұғымдар бар. Абай жұмбағы - қазақ жанының құпиясы да осы тектес құбылыс. Біздің ұлттық санамыз алдымен Абайды жете танып, ол қалдырып кеткен қазақ құпиясын - ғасырлардың ұлттық жұмбағын толық түсініп, түгел шешкен жағдайда ғана әлемнен өз орнын ойып ала алады. Еліміз де солай. Елуінші болса да. Оған әлі жету керек. Бұл жолда ұлы Әуезов ұсынған ғылыми амал, өз қолымен салып беріп кеткен танымдық биік баспалдақ бар. Қазақстан қаншама дарқан, ақкөңіл, ашық-шашық, аста-төк ел болғанымен, Абай өзі көп ашпаған ұлттың жұмбағын сыртқа көп әйгілей бермей, қазақ жанының құпиясын қымтап ұстағаны жөн деп білемін. Түбінде «Қазақ жанының құпиясы», «Қазақтың ұлттық санасы», «Қазақтың мақсат-мұраты», «Қазақ жұмбағы», «қазақ феномені» деген сияқты ұғымдар әлемдік деңгейге шығатын күннің келеріне сенемін. 
- «Киіз кітапты» әдеби орта сіздің шарықтау нүктеңіз деп біледі. Өзіңіз ше? Сол кітаптан кейін жаңа кітап беру жолында қандай сезімдерді бастан кешірудесіз? Шығармашылық тоқырау мен өсудің арақатынасы қандай? 
- Ғарыш ғылымында апогей, перигей деген ұғымдар барын білесің. Ұмытпасам, Айдың немесе орбитадағы айналып жүрген корабльдің Жерден ең шығандап алыстау және төмендеп жақындау нүктесін білдіреді. Өнерге осы ұғыммен қарауға болады. Әр ақынның өзің айтқандай «шарықтау нүктесі» - оның апогейі. Ал тоқырау тұсы - перигейі. Мысалға, Мұқағали ақынның шарықтау шыңы «Жан азасы» десек, Төлеген ақынның «Сағынышты», Жарасқанның «Ақ бұлақтарды», Кеңшіліктің «Анарды», Темірханның «Көк түріктер сарынын», Фаризаның «Шашы ағарған қызын» Нұрлан Мәукенұлының «Хуснихатын» Гүлнәр Салықбайдың «Жанын» Иранбектің «Батқан кеменің бейбақтарын», Ақсұңқарұлының «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәтін», Есенғалидың «Маңғыстау мақамдарын» жазған кезеңін олардың апогейі деуге болады. Осы жағынан алғанда, басынан бұлт кетпеген «Киіз кітап» менің өлеңдегі жетістігім екені рас шығар. Сезімнің қайнап тұрған ыстық кезінде, жүректің домнасы қуатты тұста он-неше жыл жазылды ғой. Сол «Киіз кітап» шыққан кезде, өлең танудағы талғамын өзім қатты сыйлайтын әдебиетші досым Сауытбек Әбдірахманов: «Енді саған бұдан асырып жазу аса қиын болады» деген. Талайды білетін терең жігіт қой, айтқаны расқа айнала бастады. Кітап шыққалы он жылдың жүзіне айналды, біраз жаңа өлеңдер жаздым, бірақ сол белес көбіне алдымды орап жатып алады. Содан асырмақ боп тырмысып қоямын. Былтыр жарық көрген «Ынтық зар» деген кітабыма кейінгі жазылған жырларымның бір парасы енген. Қазіргі күнде «Әбілхаят» деген атпен естеліктер мен эсселер кітабын жазып жүрмін. 
Ақында ауық-ауық тоқырау болып тұруы заңдылық, бірақ оны әр қаламгер әртүрлі бастан кешеді. Пастернак пен Ахматова, біздің Қуандық Шаңғытбаев аға ондай кезде тәржімамен айналысқан көрінеді. 
- Сол биіктен келгенде, өзіңізден және өзге де сіздің буынға жататын қаламгерлерден әуелде не күтіліп еді? Буын ретінде әдеби үмітті ақтай алдыңыздар ма? 
- Біздің буын дегенде алды - Жарасқан, Кеңшілік, Темірхан, Иранбек, Жұматай, Күләшті, соңы - Ғабиден, Байбота, Есенғали, Тыныштықбектерді айтады. Олар соғыстан соң туғандар мен тың жыртқан жылы туғандар. Шындығында, екі ортасында найқалған Несіпбек, Жүрсін, Көпен, Серіктердің буыны тағы бар. Сонда үш толқыннан біріккен бір буынбыз. 
Осы буыннан да күтілгені әрине, үміт. Жас қаламгерден үлкендер үміттен басқа не күтуші еді?! Ал оны ақтай алдық па, ақтай алмадық па, ол екінші мәселе. 
Мысалға, Өтежан Нұрғалиев ағамыз алғаш әдебиетке келгенде Әбділда Тәжібаев оны жас Пушкинге теңегенін баспасөзден оқығанмын. Бірақ одан Пушкин шыққан жоқ, Өтежан шықты. Сондай ақ Қуандық Шаңғытбаев ағамыз жетпіс алтыншы жылы Ілияс Есенберлинге мені Фет пен Тютчевке теңеп таныстырғаны есімде. Менен олардың екеуі де шыққан жоқ. «Екінші Ұлықбек» қана шықты. Соған қарағанда Өтежан аға екеуміз ағалар үмітін ақтай алмадық-ау деймін. 
- Мұныңыз «жоққа шығаруды жоққа шығару» дегендей болды ғой. Жалпы, шығармашылықтың, онымен айналысудың мәні неде? Ақын мен қоғамның арақатынасы қандай? Қазіргі қоғамдық көзқарас әдебиеттің қажеттілігін жоққа шығаруға бейім. Осындай кезеңде әдебиеттен не күту керек?
<!--pagebreak-->
- Өмір сүріп жүрген адамның сол өмірдің мәніне көп үңіле бермейтіні сияқты, жазып жүрген адам да шығармашылық деген ұғымның түпкі мәніне сүзіле қарақтап, жете зер сала бермейді. Шығармашылықтың мәні деген не өзі? Зигмунд Фрейдке бақсақ, кез келген шығармашылықтан жүрек айнуы мүмкін. Ол шығармашылықты «нәпсілік қанағаттанбаудың нәтижесі» деп атап, «сублимация» деген терминмен түсіндірген. Мұнысының өзі екіұшты ғана емес, үшкүл, төрткүл ұғым. Қоғамдық пікір әдебиеттің болашағынан түңіліп отырғанда тек жанкешті қаламгерлер ғана санатта қалары хақ. Өйткені олардың қолынан жазудан басқа ештеңе келмейді. Бұл ащы да болса шындық. Қазір Жазушылар одағының қатарында жеті жүзден астам мүше болғанымен, бүгінгі күні солардың кейбірі қаламын қайда қойғанын біле ме екен? Кім сұрау жүргізіп, аттестациядан өткізіпті? Қараңыз. Енді бүгінгі ес жиып, еңсе көтерген кезде осыдан он-он бес жыл бұрынғы кезеңге ойша шолу жасап көрелік. Мінеки, «Бостандық алдық!» деп қуана айғайлап, бөркімізді аспанға атып жіберіп, жалаңбас қалдық. «Қыс кетті, мәңгілік жаз жетті!» деп сеніп қалып, аяғымыздағы етігімізді жүгіре шешіп, жалаңаяқ қалдық. Бұл жалаңаш-жалпы күйіміз біраз жылға созылды. Сөйтіп, созылмалы аурудай өтіп болмаған өтпелі, өліара кезеңнің, нарықтық дәуір қиындықтарының тұсында байтал түгіл бас қайғы болды. Біз бәріміз сол бірер жылдың бедерінде бейтаныс, өгей, жабайы капитализмнің құрбанына айналып шыға келдік. Нарықтың портына бейсеубет ағып келген бөрененің күйін кештік. Малтып келген жоқпыз, малтығып келдік. Өздігімізден есіп те, жүзіп те жеткен жоқпыз. Тұншығып, есіміз кіресілі-шығасылы жеттік. Кеңес өкіметі кезінде аталарымызды күштеп ұжымдастырғаны секілді, жаңа заманда күштеп нарықтандырылдық. Жекешелендіруден құр қол шықтық, бос қалта қалдық. Жан сақтау, бала-шағаны асырау мұң болды. Көбіміз кітап жазбақ түгілі, көшіміздің жүгі қайда ауып, басымыздың қайда қалғанын білмей қалдық. Кәсіпсіздік жайлап, жеп отырған нанынан айырылған ауыл халқы қап арқалап, қалаға шұбырды. Ауылдай асыраушысынан айырылған қала жұрты жерге қарады. Басымыздан «кіші октябрь» дегендей, «кіші ақтабан шұбырынды» өткендей болды. Ондай зобалаң кезде әдебиет қалай өрістесін?! «Құдайға шүкір», «Тәуелсіздігімізге тәубе» деп жүріп, қайта жетілген шағымыз осы ғой... Азат дәуірдің, егемен кезеңнің көркем тарихы енді жазыла бастады, бодан заманның болмаса, бостан өмірдің бағасы әдебиетте әлі берілген жоқ. 
Сол жылдарда жабылған кітапханалар мен кітап дүкендерін қайта ашқанымызбен қазір кім жарылқанып жатыр, баяғы қалың оқырманнан айырылып қалған соң? Келешекке үміт артамыз. Менен кейде тілшілер алқымнан алып сұрайды «басылымдардың таралымы неге төмен?» деп. Оқырман аз болса, тираж қайдан көбеймек? Біз білетін, біз көрген, кітапты қойны-қонышына тығып жүріп оқитын қалың оқырмандардың буыны бұл күнде өмір аренасынан кеткен, қартайған, азайған, селдіреген. Олардың орнын жаңа буын басқанымен, бұлар басылым оқырманы емес, интернет оқырманы болып шықты. Оларды оқырман дегеннен гөрі, көрермен, тыңдарман деген дәлірек шығар. Әнеки, әсірелеп айтсақ, біз - ақырғы оқырмандар дәуірінің жар басында немесе құрдымында өмір сүріп жүрген жазушылармыз! «Могиканның соңғы тұяғына» кімді жатқызамыз? Жазушыларды ма, оқырмандарды ма? Мұндай кезеңде әдебиеттен не күтуге болады десек, баяғы ескі жауап: өлмейтін шығарма ғана!.. 
- Қазіргі әдеби процеске көзқарасыңыз қандай? «Ең ұлы ақын - жас ақын» деп, әдебиеттегі жастарға бір кісідей қамқорлық жасадыңыз. Қамқорлықтың өтеуі - ақталған үміт қой. Өзіңіз айтқандай, «Өлмейтін шығарма» күттіңіз. Көңіліңіз толса - неге, толмаса - неге? 
- Өзім ағалардан көрген қамқорлықты кейінгі таланттарға жасап бақсам, мойныма қарыз болмасын дегенім ғой. Әдеби процесс өздігінен өрбімейді, оның қозғаушы күші - қалам иелері. Өзің тілге тиек етіп отырған «Ең ұлы ақын - жас ақын» деген өлең жолым бір кезде Маралтайға арналғанмен, оның тұстастары Әмірхан Балқыбек, Жарас Сәрсек, Талғат Ешенұлы, Бақытжан Алдияр, Алмас Темірбай, Танагөз Ілиясова, Дәурен Берікқажыұлы, Маржан Ершу, Мұратхан Шоқан, Адалбек Ахмади, Алмас Исаділ, Жанарбек Әшімжан, т.б. да қатысты айтылған. Олар бұл күнде үмітті ақтап жүрген, жемісті қаламгерлерге, әдебиеттің тұрақты кадрларына айнала бастады. Анау Ақберен, Құралай Омар, Бауыржан Қарағызұлы, Азамат Тасқара, өздерің сияқты жастардан өлең деген құдіреттің буырқанған күшін көремін. Аяқ алыстары ширақ. Тыныстары еркін. Дегенмен, көпшілік жас қаламгерлер туралы қорытынды тұжырым жасау әлі ертерек. Біз балапанды күзде санаудың орнына, шашылып көзге шалынған жазғы жұмыртқаны әспеттеп ала жөнелеміз... 
- Сіз мемлекеттік қызметтің әртүрлі сатысынан өткен адамсыз. Сол кезең сізге не бере алды? Нені таптыңыз, нені жоғалттыңыз? Ақынға не парыз, не міндет? 
- Бір ғана нәрсе - жинақылыққа үйретті. Баспада біраз жыл редактор болып істеп, тапжылмай отыруды үйрене білген адамға кез келген кеңсенің жұмысы түк емес екеніне көзімді жеткізді. Ол баста мәжбүрлікпен барған едім, тіл үйрендім, ел көрдім, жер көрдім, жер шарын аралағаннан ұлан-ғайыр әсер алдым. Тапқаным аз емес, жоғалтқаным одан да көп пе деймін. Өйткені шығармашылыққа, ізденіске жұмсар есіл уақытымның он жылы құжат, қаулы-қарар жазумен кетті. Дегенмен, Құдай берген күндізің өкіметтікі болғанмен, түнің - өзіңдікі ғой. Мен түнде жазуға қалыптасқан «үкі» қатарындамын. Бірақ күні бойғы күйбең тірліктен, қат-қабат шаруадан қажыған ұйқысыз-күлкісіз «үкілерге» қарағанда, таң азаннан ояна салып сайрай жөнелетін ұйқысы қанық «бозторғайлардың» шабыты тың болатын шығар деймін. 
- Досыңыз бар ма? 
- Бұрын көп еді. «Кімді көрсең, бәрі дос» деп атамыз айтқандай. Қазір азайды. Кейде жалғыз қалып қоямын. Іздесем, бірде-біреуін таппай қалатын кездерім болады. Кейде жалғыздыққа өзім ұмтыламын. Жер - дүниеден безіп... 
Достың көбейетін де, азаятын да кездері болады. 
Жұрт достың азаюын жастың ұлғаюына байланысты деп ойлауы мүмкін. Менде басқаша. Достарымды тіпті ерте жоғалта бастағанмын. Көзіңе түссе, «Бала достар» деген өлеңім бар. «Сілкіндіріп Семейдің жасыны жерді, Құпия, жұмбақ өлімнің ғасыры келді. Ауылға барсам, бірге өскен достарым аз, Алтауы бірдей асылып өлді» деп басталады... Өлеңді жазған кезде төртеу еді, кітапқа шыққанша алтауға жетті. Бұл да бір трагедия. Енді қалғандарына ғұмыр берсін. 
- Ақын Ұлықбек Есдәулет пен әке Ұлықбек Есдәулеттің ұқсастықтары мен өзгешеліктері неде? 
- Менің бір қаламдас ағам бар. Үйіне барсаң, бала-шағасы «Тише! Папа пишет» деп, сыбырлап сөйлесіп, аяқтарының ұшымен жүретін. Кішкентай кетік қызы «Мой папа писатель, он писит стихи» дейтін. Өзінше культ. Ал мен болсам, керісінше, балаларым шулап болып, ұйқыға жатқаннан кейін ғана жазуға отырушы едім. Өлеңің де перзентің ғой. Өлең жазу мен бала тәрбиесінің қайсысына көбірек көңіл бөлдің деп отырсың-ау. Қызық сұрақ екен. Шынымды айтсам, өлеңге көбірек көңіл бөлген сияқтымын. Балалардың қалай тез өсіп кеткенін байқамай қалыппын. Ең қатты көңіл бөлгенім - өз ана тілін біліп өссін деп, алыс та болса қазақ балабақшасына беріп, қазақ мектебінде оқытқаным. Екі балам да туған тілімен өскеніне риза. Өзге тілдерді де ойдағыдай біліп өсті. Мамандықты өздері таңдады. Қазір немерелерімнің де тілдері қазақша шықты. «Р-ды» айта алмаса да сөйлегенде сөзден жаңылдырады. Тіпті өлеңдерімді жаттай бастады. Соған қуанамын. Әйтпесе, ана тілін білмеген адам бір жері кем мүгедек сияқты ғой. Рухани мүгедек. Әртүрлі категориядағы. Ондайлар мүгедектігі үшін төлемақы төлесең ұялмай алатын шығар. 
- Тарихпен бетпе-бет. Уақытпен. Ұлттың жанымен. Осылармен ішкі диалогта өзіңізге ашқан жаңа әлемнің келбеті қандай? Сіздің әлеміңіздің аты не? 
- Тарих дегеніміз ит тұмсығы батпас қалың жыныс. Уақыт болса, өзің үшін бір-ақ сәттік, көзді ашып жұмғандай мезет қана болғанымен әлем үшін мәңгілік құбылыс. Ұлттың жаны - ұлы мұхит, ұлан асу, түпсіз терең шыңырау. Бір қазақтың тілін таба алмай жүріп, ұлттың жанын қалай түсінбекпіз? Тарих, Уақыт, Ұлт үшеуі де ақырзаманмен ғана сөйлесетін ғаламдық, жаһандық ғаламат ұлы категориялар. Ал олармен сұхбаттаспақ тұрмақ, іштей тіл қатысудың өзі мұң. Бірақ нағыз ақынның арқасы ұстап, шабыт шын қысқан сәтте солардың бәрі бір-ақ уыс болып көрінуі мүмкін. Өзін айтып отыр деп ойлама. Менен мықтылар, арқалылар көп қой. Екі иығын жұлып жеген. Шетінен ақиық. «Келеді, келеді әлі нағыз ақын» деп Мұқағали ағамыз айтқандай... Тарихқа тұмсық тықсаң, әлмисақта сүйегі қурап қалған аруақтар тіріліп, алдыңнан андағайлап шығады. Бір досыма атақты Зейнолла Самашев туралы «Зиратқа түнемесе, археологтың ұйқысы қанбайды» деген едім, бұл да сондай. Өз тарихымызға үңілмей, өткеннен сабақ алмай, аруақтарды риза қылмай, болашаққа сену қиын, жетіп бару жөнсіз. Ұлы ақынның әлеміне «Абай жолы» деген атты қойған өзі емес, Әуезов. «Дүкенбай жолы» деген кино көрдім, оның атын қойған кейіпкерінің өзі көрінеді. Ал мен өз әлеміме не деп ат қоярымды әлі ойламаппын. Қайдан болсын, әдетте өзімше бір тәуір ат тапсам кітабыма қойып аламын. Сондықтан бұл жерде өздерің қол ұшын берерсіңдер. 
- Сіз Әбіш аға Кекілбаев туралы жазғаныңызда Альфред де Мюссенің «ақын өлді әр адамның ішінде» деген пікірін мысалға келтірген едіңіз. Әр адамның ішінде ақын өлген сәтте әр ақынның ішінде кім я не өледі? Қыжылыңыз бар ма? 
- Бұл сұрағың біздің анау жылғы бір премьер-министріміздің «қой бағып тыраштанып қайтеміз, ет пен жүнді Австралиядан сатып ала салмаймыз ба, егін егіп азаптанып қайтеміз, егіп жатқан Канада тұрғанда, мұнай мен мыс, алюмен сияқты қазыналарымызды жақсылап өндірсек, ақшасына адам жанынан басқаның бәрін оп-оңай сатып ала қоямыз» деген сөзін есіме түсірді. Оның ойынша, қазба байлық болса жетеді, қалғанын өзімізде өндіріп керегі шамалы. Өйткені бәрібір әлемдік бәсекеге түсіп, бәйге ала алмаймыз... 
Әр ақынның ішінде өлетін - өзінің өлеңінен басқа қабілет-дарыны. Дүниеге келген сәби скульптордың қолындағы саз балшықтай. Одан кісіні де, ит пен құсты та, жылқы мен жолбарысты, түлкі мен қасқырды да сомдауға болады, ағаш пен гүлді, тікен мен жапырақты, тіпті құрт-құмырсқаны да жасау түк емес. Илеуге байланысты. Құдайдың берген сыбағасына, тағдырдың жазуына қарай. Айналасына, өзіне қатысты. Адам өзінің басты дарынын аялау үшін, бойындағы басқа қабілеттерін өрбітпей, дамытпай құрбандыққа шалады. Ақындығы басым болса суретшілігі, немесе спортшылық, әншілік күйшілігі, т.б. екінші планға ысырылады... Мысалға, Жүсіпбек Аймауытов пен Ақселеу Сейдімбековтың ұсталық-зергерлігі қаламгерлік пен зерттеушіліктің қасындағы қосалқы ермек қана болған. 
Қараңыз, Шәмші ағамыздың композиторлығына қоса, ақындығы да бар еді ғой, неге дамытпады? Қазіргі өз әніне шатпақтап өзі мәтін жазып, екі сөздің басын құрай алмай далбасалап жүрген Жолбарыс Сейфуллиндерге қарағанда әжептәуір ақын болыпты. Ал Жұмекен ағам ақындығына қоса, күшті күйші болған, консерватория бітірген. Неге сахнаға шықпады? Олар өздерінің ең басты қабілеттеріне жол ашып, қалғандарын қысып, тізгіндеп, тұншықтырып ұстады. Шашылмады, шашырамады. Онысы дұрыс-ақ болған деп ойлаймын. 
Сонау жылдары орыстың бір ақын қызының «ішімдегі кейбір өлеңіме аборт жасаттым» деп жазғаны есімде. Неге олай деді? Ал Абай атамыздың «іштегі ойдың сыртқа шыққанда көркі қашады» дегеніне мән бердік пе? 
Бұрын қызылды заман болса, бүгін қыжылды заман. Қызыл азайып, қыжыл көбейді. Қазіргі күнде кімде қыжыл жоқ дейсің? Менде де бар. Бірақ ауыздықтап ұстаймын. Кейде бой бермей кетеді. Бой бермей, ақтарылып, өлеңіме кіріп алады. Бірақ қайсыбіреулер құсап бүкіл дүниеге қыжылмен қарай алмаймын. Түсімде болмаса, өңімде көрінгенге тіс қайрай беру табиғатымда жоқ. 
- Әңгімеңізге рақмет. 
 
Сұхбаттасқан 
Ерлан ЖҮНІС

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар