Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мекемтас Мырзахметұлы : Болашақта Абай Зерттелмей Қалуы Мүмкін

10.12.2015 236

Мекемтас Мырзахметұлы : Болашақта Абай Зерттелмей Қалуы Мүмкін



Болыстық жүйе қазақтың мінезін өзгертті

- Мекемтас аға, сіз Абайды зерттеп жүрген іргелі ғалымдар­дың бірісіз. Абай өмірінің соңғы сәттері жайлы деректер жоқтың қасы деуге де болады. Бар қазақ­тың қайғысын жүрегіне жамаған ақын қазасы жұмбағы­ның сыры неде? Осы араны тарқатып айтып өтсеңіз.

- Абай 59 жасында өмірден озды. Ұлы ақын рухани қайғыны көтере алмады. Оған рухани қайғы екі жақтан әсер етті. Бірі - қоғамнан және жағдайынан. Отбасылық жағдайында өзінің жақсы көрген балалары өзінен бұрын қайтыс болды. Бұл Абайға үлкен соққы, ауыр қайғы болды. Оны жақ­сы білеміз. Екіншісі - әлеуметтік қайғы. Өзінің өлеңінде «Қайғы шығар ілімнен. Ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң, Зар шығады тілімнен» дейді. Абайдың бүкіл саяси-әлеуметтік өлеңдерінің тамы­рын танып-білу үшін сол зар неге шықты, қандай жағдайда туды деген сауалдарға жауап іздеу керек. Мұның астарында патша үкіметінің «жабайыларды жабайылардың қолымен тұншықтыру» деген саясаты жатыр. Халықты өзіне-өзін айдап салу. Ал ол саясаттың негізі көп жыл ойластырылып барып 1867 жылы қабылданған Жаңа Низам ережесі болатын. Аталмыш ережеде патша үкіметі қазақ жеріне болыстық билеу жүйесін ендірді. Дұрыс-ақ, Абай да, басқа­лары бұған көнді. Өйткені бодан ел болған соң патша билігіне бағынады. Болыстық билеу жүйесінде рулық-әулеттік басқару және территориялық-аумақтық басқару жүйесі бар еді. Абай осы рулық-әулеттік басқаруды қалады. Осы жүйе қазақ жеріне енгізілсе, әулеттік тұтастықта өмір сүріп үйренген ел тыныш болады деп түсінді. Расында солай еді. Бір рулы елді бір болыс басқарады. Сол рудың ақсақалдары ұсын­ған адам сайлауға түседі. Ең бастысы, тыныш отырған ел алатайдай бүлінбейді, таласып даурықпайды. Бірақ патша үкіметі территориялық-аумақтық басқару тәсілін қолданды. Неге? Өйткені оларға бізді ыды­ра­тып жіберу керек болатын. Мақсаттары сол еді. Бірінші рет осы территориялық-аумақ­тық басқару жүйесін Сырдария гене­рал-губернаторы Николай Гродеков енгізді. Түлкібас ауданында Майлыкент деген болыстық құрылды. Тәжірибе жүзінде. Экс­перимент ретінде көрді. Олар болыстыққа 12 рудан тұратын 12 ауылды таңдап алды. Құли, Шылмамбет, Қоралас, Сіргелі, Жаныс секілді жеке-жеке руларды біріктіріп, бір болыс жасады. Сосын осы рулардың арасы­нан болысты өздерің дауыс беріп сайлап алыңдар деді. Алғашқы жылы халық би­лік­ке, облыстыққа онша таласа қоймады. Ал келесі сайлауда қатты дау болды. Патша саясаткерлерінің де көздегені осы еді. Мүдделері қазақтарды өз ішіне сыймастай етіп, бірін-біріне айдап салу еді. Қазақтарды қырықпышақ қылып қойып сырттан бақылап отырды. 1914 жылы «Айқапта» «Біздің дертіміз» дейтін мақала шықты. Сонда «Міне, 40 жыл болды, қазақ халқы ақыл-ойын, дүние-мүлкін осы сайлаудың жолына салып келеді. Жыл өткен сайын азып барамыз, тұрмысымыз нашарлап бара жатыр, мінез-құлқымыз бұзылып бара­ды» дейді. Абайдың қарсы болғаны осы еді. Қазақтың мінезінің өзгеруі. Және мұны ол ерте айтты. «Бет бергенде шыра­йың сондай жақсы, Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?» деп. Былқ етпейтін мәрт, нар қазақ енді жылпос, психологиясы өз­гер­ген, дала адамына тән мінезінен айы­рылған қазаққа айналды. Осы болыстық сайлаудың салдарынан. Қазақ өмірі арыз жазып көрмеген, оның не екенін де білмей­тін. Есесіне, болыстық сайлау үйретті. Сайлау кезінде домалақ арызды қарша борататын болды бір-бірінің үстінен.
- Болыстық басқару қазақтың мінезін ғана өзгертіп қойған жоқ, сонымен қатар руаралық сыйлас­тық­ты бұзды, жұдырықтай жұмы­лып, «Аттан!» дегенде бір тудың астына жиналатын халқымыздың басын бірікпестей етті ғой сонда? Абайдың да қауіптенгені осы емес пе?
- Болыстыққа таласудың салдарынан бауырмал қазақ шоқпар сілтесуге, керек десеңіз, бірін-бірі өлтіруге дейін барды. Қазақтың бірінші іштей бұзылуы осыдан басталды. Абай осының бәрін көрді. Өкінер уақытымыз болды ғой деп қынжылды. Өйткені Абайдың бүкіл өмірі осы жүйеде өтті. 18 жыл өзі де болыс болды, би болды. Ақыры, бәрінің баянсыз екенін түсініп, өз еркімен кетті биліктен. Өйткені патша үкіме­тінің сұрқия саясатын терең түсінді. «Қайран елім, қазағым, қайран жұртым» өле­ңінде «Өз қолыңнан кетпесе енді өз ырқың» деп күңіренді. Қазақ өз ырқынан айырылды, бодандық қамытын біржолата кидік деп ұқты. Мұны Абай білім арқылы да, ілімі арқылы да біліп отырды. Ең басты­сы, қазақтың, өз халқының мінез-құлқының өзгергенін, ұсақталғанын көзімен көрді. Міне, осыдан келіп оның жүрегінен зар шықты. Бұл да Абайдың қайғысына қайғы жамады.
- Алайда Абайдың жүрегіне салмақ салған бұдан да ауыр дүние бар сияқты ғой аға. Өзі үлгі тұтқан орыс жұртынан біржолата күдерін үздірген не нәрсе?
- Рас, Абайдың білімін үйрену керек деп санаған орыс билігінен біржолата күде­рін үздірген, бұл 1902 жылы Николай пат­ша II-нің жазған раскривті еді. Басқа құжаттарды патшаның қол астындағы қызметкерлері жазады да, патша тек қолын қойып береді. Ал раскривтті патшаның өзі ерекше мән беріп, аса құпия жағдайда өз қолымен жазады. Осы 1902 жылы жазыл­ған раскривтте патша «Қазақтарды тез ара­да орыстандырып, шоқындыру керек. Көн­бесе, жер бетінен жойып жіберіңдер» деп бұйрық берді. Осы аса құпия бұйрықты Дума­ға депутат болған Шәймерден Қос­шығұлов қолына түсірді. Сөйтті де, оның екі көшірмесінің біреуін Абайға, екіншісін Мәшһүр Жүсіп Көпейге салып жіберді. Бас­қа да қазақтың зиялы қауымдарына, бас көтерер азаматтарына хат жазып, жағдайды түсіндірді. Алайда мұны патша үкіметінің адамдары біліп қойды да, бүкіл жандар­ме­рия, губерния басшылары Абайдың қолын­дағы аса құпия раскривтті алуға тырысты. Абайдың үйін тінтіді. Бірақ ол хат Ақылбай­дың үйінде болып шықты. Ақылбай «мен бұл қағазды темекі орауға алып едім» деді. Абайдың сенген бір тірегі бар еді, «орыстың тілін білу керек, мәдениетін ұғу керек» деген. Осы тірегі құлады. Абайдың құса болғаны осы жәйт. Ақын өлер сәтінде үш-төрт күн ешкіммен сөйлеспей, батысқа қарап жатып алғаны да осы себептен.
Абайдың ұлттық санасы Алашты оятты
- Үйін тінту кезінде орыс офи­цер­лерінің Абайға тізесі батқан деген де сөз бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады?
- Ол турасында нақты дерек жоқ қолым­да. Алайда Абайдың Сенатқа жазған хатында Оразбай бастаған топ өзін сабап кеткенде, орыс офицерінің мылтық атып, арашалап алғандығын айтады.
Қазақта ең бірінші ұлттық санасы оянған Дулат Бабатайұлы. Абай да ерте оянды, тереңнен толғады. Орыстарға жақындау арқылы олардың жымысқы ойын түсінді. Кейіннен барып Абайдың ұлттық санасы Алашты оятты. Қазақтың патша билігі қол астында отырып жеке автономия құру идея­сы Абайдан бастау алған. Өйткені қа­зақтың басына күн туғанын, халық ретінде жойылып кету қаупі жақындаған соң Абай осындай саяси мақсат қойған алдына. Патша үкіметіне қарасты түркі елдерінің ішінде басқа елдер бұлай жасай алған жоқ.
Ресей екі нәрседен қорықты. Біріншісі, майда ұлттардың ұлттық санасының оянып кетуінен, екіншісі, осы халықтардың автономия алып, өз алдына жеке түтін түтетуінен. Бұдан кейін орнаған Кеңес өкіметі де осыдан қауіптенді. Қарасаңыз, кеңес тұсында бас көтерер Алаштың арыстары ұлтшыл деп айыпталып, атылып кетті. Билік осы азаматтардың ұлттық санасының оянып кетуінен секем алды. Тарихи санасы қайта оралған халық ешқашан бодандықта болмайды. Құлдық қамытты кимейді.
Патша үкіметі қол астында ерте оянған, бас көтерген халық - қазақ халқы. Халықтың тарихи санасының қайта оралуына ықпал еткен тұлға - Абай. Осы тұрғыдан барып Абайдың қайтыс болған жағдайын да танып-білуімізге болады. Өйткені Мұхтар Әуезовтің «Абайды танудың бір қиыншылығы - ол өмір сүрген заманды білу» дегені бар. Себебі Абай өмір сүрген заман қазақты өз қолымен тұншықтырудың басталған тұсы болатын. Тұп-тұнық санасы лайланып, ұлттық рухының әлсіреген сәті еді. Абайдың өмірі қазақ жеріне аярлық саяси механизмді енгізген кезге тұспа-тұс келді. Осының бәрін көріп-біліп, сезіп отырған саналы адамның жүрегі қалай ауырмайды, қалай ашынбайды, қалай зар жұтпайды?!
- Қазақ халқына қатысты патша үкіметі жүргізген зымыстан саясаттың тағы да қандай парасы бар? Сізді патша архивінің рұқсат етілмеген үстеліне отырған деп естіген едік...
- Патшаның архиві бес үстелден тұрады. Бірінші, үстелде патша мен ішкі істер министрлігі арасындағы құжаттар сақталады. Бұған ешкім кіре алмайды. Тіпті Шоқан да кіре алмады бұл жерге. Екінші үстелде генерал-губернаторлардың құжаттары сақталған. Осы екеуіне ешкімді кіргізбейді, басқаларына кіруге рұқсат. Мен Орынборға, Омбыға барған кезде генерал-губернатордың архивіне кіре алмадым. Кейіннен бастығым Ләйлә Мұхтарқызы араласып, рұқсат алып берді. Архивті аршу барысында көптеген маңызды құжаттарды таптым. Соларды арқау етіп «Қазақ қалай орыстанды?» деген кітап жазып шықтым. Оқып отырсаң төбе шашың тік тұрады, қаның қайнайды. Ішінде бір мақала бар. «Халық санағының астарлы сыры үн қатса» деген. Яғни патша үкіметі жер бетінен үш халықты тып-типыл етіп жойып жіберуді мақсат тұтты. Саналы түрде, мемлекеттік тұрғыда. Олардың біріншісі - ноғай халқы. Оларды азайтып, құртып жіберуден әлі де бас тартар емес. Қазір олардың көбі шоқынып кетті. Екіншісі - орыстардың 50 пайызын құрған Қырым татарлары. Оларды да құрдымға жіберді. Қазір көп болса, жарты миллионға жетпей­тін халық қалды. Үшіншісі - қазақтар. Бұл - тарихи дерек. 1897 жылы қазақтар Бүкіл Ресейге қараған түркі халықтарының 57 пайызын құраған екен. Сұрқия саясат бізді де оңдырмады. Қазақтар үш есе азайып, 21 пайызға дейін түсті. Бірақ басқа халықтарға тиіспеді. Әйтпесе бәріміз бір мемлекеттің қол астында болдық қой. Архивтен алынған деректерге қарасақ, ұйғырлар алты есе өсті, тәжік бес есе, қырғыз алты есе, түркімен алты есе, өзбек тіптен 12,5 есе өсті. Ал қазақтар үш есе кеміді. Неге? Қазақтардан патша үкіметі неге өлердей қорықты? Себебі ұлан-ғайыр жері бар, байлығы мол, рухы мықты халық біз едік. Қазақты тұқыртып, сағын сын­дыр­сақ, басқа халықтар бас көтере алмайды деп санады. Міне, бұл сол Абай өмір сүрген кезде басталған патша үкіметінің солақай саясатының салқыны.
- Абай төбе би болып сайла­нып, өзі басқарған комиссия үш күн, үш түн әзірлеген 93 баптан тұратын «Семей қазақтары үшін қылмыстық істерге қарсы заң ережесіне» қатысты түрлі пікірлер бар. Бұл ереже Абайдікі ме, әлде?..
- Бұл ережені Абай жазған жоқ. Тек түзе­тулер енгізіп, қолын қойған болуы мүм­кін. Өйткені ереже орыс тілінде жазы­лып, татаршаға аударылған. Отар болған елдің қолына мұндай саяси құжатты бер­мейді. Әу баста біз де бұл ережені Абайдікі деп жүргенбіз. Кейін менің шәкіртім осы ережені архивтен тауып, ақиқатын анықта­ды. Абайдың тұсында мұндай саяси құжат­тарды патша үкіметі дайындап, дала қазақ­тарының бармағын бастырып, мақұлдат­тырып алатын болған.
- Өмір бойы қысым көрсетіп өткен Шорманның Мұстафасы қайтыс болды дегенді естіген Жаяу Мұса ауыр күрсініп, «алысуға да, арпалысуға да тұратын азуы алты қарыс ер еді. Алыссаң, сондаймен алыс, өзіңнің де шамаң байқала­ды» деген екен. Бәлкім, осы Абай­дың дұшпандары төңірегінде өзге­ше бір көзқарас қажет емес пе? Қазақтың Абайдай данасымен арпалысқан Оразбайлар да тегін адам емес қой. Ақын ажалы тақа­ған тұста алдынан өтіп, кешірім өтінген, «Абай өлді» деп сүйінші сұрай жеткен жалшысын қамшы­мен дүрелеп жылаған да Оразбай ғой.
- Рас, біз көп нәрсені білмейміз әлі. Мы­са­лы, Абай заманында еліміздің баты­сында билеушілер - сұлтандар болды. Орта жүзде аға сұлтандар еді. Ал ол кезде Оңтүстік Қазақстан жері Қоқан хандығына қарады. Олар елді датқалар арқылы биледі. Патша әскері Қоқан, Хиуа, Бұхараны жау­лап алды. Сол кезде өмір сүрген Байзақ датқаны Қоқан хандығына ұстап беріп, аттырған Батырбек датқа деп жүретінбіз. Елге солай тараған. Сөйтсек, біз қателесіп жүріппіз. Оны істеген генерал Михаил Черняев екен. Черняевтің министрге жаз­ған хатында «Бұл жерді билейтін төрт датқа бар. Ішіндегі ең мықтысы, айлакері, діншілі Батырбек датқа. Еш ұстатпайды. Қоқан­дықтардың өздерін айдап салуға тырысып ем, нәтиже шықпады. Содан тек Байзақ датқаны «сен біздің елшіміз боласың» деп Батырбекке жұмсадым. Байзақ датқа, «мені олар өлтіріп тастайды ғой» деп айтты. Мен оның жанына офицерлер қосып беретінімді айтып сендірдім. Сөйтіп, Қоқанға жұмсап, Байзақ датқаны өлтірткіздім. Сосын Батыр­бек датқа Байзақты алдап, Қоқан зеңбіре­гінің ішіне салдырып атып жіберіпті деген қауесет таратып жібердім. Халықтың Батыр­бек датқаға деген сенімі жоғалды» деп айтады. Біз соңғы кезге дейін осы сөзге сеніп келдік. Алайда тарихи дерек басқаша сөйлейді. Батырбек датқа халқын сүйген жан. Біздің халық бір-біріне қатты сенген. Ал халықтың сенімінен айырылу - бұл өліммен тең жағдай. Ал осы Батырбек датқаға жолыққан Шоқан Уәлиханов өзінің бұрынғы ойынан айнып, арызын жазып, отставкаға кетіп қалады. Өйткені оған Батырбек датқа кімнің қол астында жұмыс істеп жүргендігін түсіндірген. Халықтың болашағы қалай болатынын айтқан.
Сол сияқты Абайдың да дұшпаны, ай­на­ласында жаулары көп болды. Надандық­тан барды ғой олар түрлі әрекетке. Бәлкім, уақыт өте оның да дұшпандарына басқаша көзқарас қалыптасар, ақиқат ашылар, шындық айтылар.
- Мекемтас аға, Абай қайтыс болар сәтінде қысымы көтеріліп, орыс дәрігері оған бір дәрі ұсынған деседі. Бұл жайында не айтасыз?
- Абай Бала Шақпақта қайтыс болды. Оның денесін әкесі Құнанбайдың қасына қоймақшы болды. Шөп салынған арбамен әкеле жатқанда Шәкәрім сүйекті қараса иістеніп барады екен. Содан сүйекті Жиде­байға қойғызады. Інісі Оспанның жанына. Алайда орыс дәрігері дәрі ұсынған деген деректі еш жерден жолықтырмадым.
- Ш.Қосшығұловтың Абайға жіберген патшаның раскривтіне қайта оралсақ. Өзі рухани қайғыда жүрген ақынға мына сұмдықты оқып-білу психологиялық тұрғыдан қатты әсер етті ғой.
- Әрине, өзі мақтап, арқа сүйеп жүрген орысының өз халқы туралы не ойлап отыр­ғандығын білгенде Абай рухани-психоло­гиялық тұрғыда күйреді. Ең ауыр соққы осы болды. Ең соңғы үміті үзілді.
Абай Шығысының есігін аштық, бірақ әлі ішіне кіре алмадық
- Абайдың Шығысына қатысты іргелі зерттеу жұмысы керек сияқты әлі. Абайдың ар ілімі десек те болар, қаншалықты игерілуде?
- 1949 жылы космополитизм туралы Мәскеу қаулы шығарған. Ол қаулыда Батысқа да, Шығысқа да бас игендерді талқандаймыз делінген. Сөйтіп, Шығыс туралы мақала жазған, кітап жазған адамдардың барлығы қудалауға түсті, атылды, құрдымға кетті. Ал Батысқа бас иген еврейлерді де аямады. Осы себептен біздің Абайдың Шығысын зерттеуге тос­қауыл қойылды, жол жабылды, тыйым салынды. Ол тақырыпқа барсаң, бәлеге қаласың. Бұл тақырыпты ең әуелі профессор Әуелбек Қоңыратбаев зерттеп, Абайдың Шығысы туралы мақала жазды. Қызылор­даға жер аударып жіберді оны осыдан кейін. Сол жақта жеті жылдық мектепке есекке мініп барып, сабақ беріп жүрген жерінен Пединституттың ректоры Әділ Ермеков деген азамат көріп қап, өзіне жұмысқа шақырып, кейіннен Алматыға қайтып келді. Сол жағдайдан соң Абайдың Шығысы туралы ешқандай зерттеу болған жоқ, мақалалар жазылмады. Мұхтар Омар­ханұлы бастаған еді, бірақ тек тезис­пен қалдыруға мәжбүр болды. Көп нәрсені айта алмады. Сондықтан Абайдың Шығысы енді ғана ашылып жатыр.
1989 жылы мен докторлық диссер­тациямды қорғадым. Сонда моног­рафиям­ның бір тарауы осы Абайдың Шығысына арналған болатын. Қорғау барысында бүкіл академиктер осы Абайдың Шығысына қарсы болды. Өйткені менің монографиям 1982 жылы жарыққа шыққан. Менің мық­тылығымнан емес, Ләйлә Мұхтарқызының табандылығының арқасында. Маған Абай туралы диссертациямды жеті рет қорғат­қызбады. Ақыры қайта құру кезінде қорғап шықтым.
Қазір Абайдың Шығысынан бәрі табы­лып жатыр. Толық адам туралы ілімі де, исламиятты тануы, адамгершілік туралы идеясы, мораль философиясы да жүйелі түрде жазылған. Қазір осы игілік өзінің жемісін бере бастады.
Абайдың исламды тануына көз жібе­рейік­ші. Біздің даламызға тараған дін сопылық ілім негізінде болды. Және бір қызығы, әлемдегі ең ұлы классик ақынның бәрі сопылық ілімнен сусындағандар. Абайды да солардың қатарына жатқызуға болады. Асып түспесе, кем емес. Толық адам туралы ілімі де осы сопылық іліммен ұштасады. Алайда мұны философтар әлі толық ашып бере алмады. Енді аша алмайды. Өйткені философияның тірелетін жері - материя. Ал Шығыстың пәлсапасы­ның қайнары - сана. Біз өзіміздің пәлсапа­мызға түспейінше, Абайдың Шығысын толық ұғына алмаймыз. Бұл - болашақтың еншісіндегі дүние.
- Біз Абайды таза қазақы табиғатпен қабылдап, жаңа болмыспен тани алдық па?
- Алғашқы зерттеудің бәрі «Абай және орыс әдебиеті» деген тақырып төңірегінде болатын. Абайды орыс әдебиетінің қалы­бына салуға тырыстық. Солай ұқтық, қа­был­дадық. Философтардың Абай Ресейдің прогрессивті ұстанымымен қалыптасты деген тұжырымдары өтірікке шықты. Бұл енді өзгереді. Біз әлі күнге Абайға орыс әдебиетінің моделі арқылы кіріп жүрміз. Сондықтан да оның Шығысын аша алмай­мыз. Қазіргі таңда тек Абай Шығысының есігін ғана аша алдық. Ал ары қарай кіріп, көріп, тануға ілім-біліміміз жетпейді. Кадр даярлау дұрыс жолға қойылмаған.
- Расымен, жастар арасынан Абайды зерттеп, оның әлі танылмаған қырларын ашуға ұмтылып жүргендері бар ма?
- Біздің шәкірттеріміздің ішінде Абайға ден қойып, зерттеп жүргендері баршылық еді. Ғылым кандидаттары. Алатындары 45 мың теңге. Жалдап алған пәтерлеріне жетпейді. Сондықтан да бәрі ғылымнан қашады. Аяқ баспайды. Болашақта Абай зерттелмей қалуы мүмкін. Терең, іргелі зерттейтін ғалымдар шыға қоймас. Менің де қауіптенетінім, қорқатыным осы тұс.
- Салиқалы әңгімеңізге рахмет.
Алашқа айтар датым...

Біздің білім беру жүйеміз, қоғамдық ғылымдар әлі күнге еуроцентристік рельспен жүріп келеді. Сол модельден шықпаймыз. Біз Тәуелсіз елміз, өзіміздің салт-санамызға негізделген ұлттық білім беру жүйесін қалыптастырып, жаңа модельде білім беруіміз керек. Егер Еуропаның педагогикасы мықты болса олар азбас еді. Біз балаларымызды әлі сол Еуропаны аздырып, тоздырған педагогикасымен оқытып келеміз. Дереу арада педагогикамыз ұлттық шығыстық рельске түсуі тиіс. Түптің түбінде біз бұған саналы түрде барамыз.
Оқшау ой

Бір кездері «қазақтың әдеби тілі қашан қалыптасты» деген үлкен дау болды. Ғалымдарымыздың көбі «Абайдан кейін, орысқа қосылып, алғаш кітап шығарған кезімізден басталды» деп орыстың қалыбына салды. Бірақ біз бұған қарсы болдық. Өйткені біздің әдебиетіміз қаламмен жазылмады, көбінде ауызша айтылып қалыптасты. Мұның өзіндік ерекшелігі бар. Біздің XVI ғасырда-ақ айтылып кеткен жырларымызда небір керемет образдар бар. Басқаларда жоқ мұндай. Сондықтан да мұның өзінің моделі болуы керек деп таптық. Мен қазақ әдебиетінің тарихы біздің эрамыздан бұрынғы VIІ ғасырда қалыптасқан деп айттым. Махмұд Қашқаридың кітабында «Алып Ер Тоңа» туралы жоқтау бар. Сондағы өлең құрылысы Дулатта да бар, Абайда да бар.

Сұхбаттасқан Дархан БЕЙСЕНБЕКҰЛЫ

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар