Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қажым Жұмалиев: Абай - Ең Алдымен, Үлкен Реалист

10.12.2015 258

Қажым Жұмалиев: Абай - Ең Алдымен, Үлкен Реалист


Қазақтың ұлы ақыны Абайдың зор еңбегінің бірі - жастарды, әсіресе болашақ ел өмірімен байланысты ақын-жазушыларды тәрбиелеу. Орыс, шығыс, батыс елдерінің мәдениетіне сүңгіп, түбінен керекті маржанын теріп ала білген ақын және елін өнер-білімге үндеп, жастарды оқуға сүйреді. Балаларын орысша мектептерде оқытып, олардың жоғары дәрежелі білімі бар адам болуларын талап етті. Адамгершілік, жақсы мінез-құлыққа тәрбиеледі. Ақындарына өзі тақырып беріп, әр халықтың өмірінен поэмалар жаздырып, өзі олардың сыншысы болды. Мағауияға «Медғат-Қасым», Ақылбайға «Қисса Жүсіп», тағы басқаларға осылар тәрізді өлең-жырлар жаздырды. Өзі Пушкин, Лермонтов, Крыловтардан өлең аударып, жас ақындарға солардың өлеңдерін үлгі етті.
            Абайдан кейінгі қазақ ақындарының көпшілігі қазақтың өз әдебиетінің шеңберінде қалып қоймай, орыс, шығыс, батыс әдебиеттеріне еліктеулерінің негізгі бір себебі - Абайдың әсері, Абайдың үлгісі болатын.
            Қазақ халқының жаңа әдебиетінің, әдеби тілінің негізін салушы, қазақтың өлең құрылысын бұрынғы қалпынан өзгертіп, әлденеше жаңа түр кіргізуші, өзінің даңқты ұлы еңбектерімен қазақ халқын басқа елдердің мәдениетімен қоян-қолтықтастыруға басшылық еткен, елін мәдениет, білім, өнерге шақырып, сол жолда бойындағы бар асылын аямай жұмсай біліп, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге қалдырған қазақтың ұлы ақыны Абай 1904 жылы 23 июньде қайтыс болды.
Абай - ұлы реалист.  Абай - әдебиетіміз тарихында ең көп зерттелген ақын. Оның өмірі мен творчествосы туралы бірнеше кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Маңызды монографиялық еңбектер дүниеге келді. Ол жөнінде жазылған мақала-еңбектердің саны үш мыңнан астам болуының өзі-ақ ақын шығармаларының қалай зерттелуін аңғартады. Абай творчествосы тақырыбы, өмірге көзқарасы, оқырмандар жұртшылығының алдына қойған мәселелері сан алуан. Тек әдебиетші, тілшілер ғана емес, тарихшы, педагог, психолог, философ, искусство мамандары үшін де оның еңбектерінде ғылыми зерттеулерге қазық та, азық та болатын жақтары аз емес. Кейбір талапты жастар Абайдың этикалық, эстетикалық көзқарастарын тақырып етіп еңбектер жазып, Москва, Алматы ғылым кеңестерінде диссертациялар қорғап, кандидаттық дәрежелерге де ие болды. Ақынның ұрпақтарына қалдырып кеткен асыл мұраларындағы ой-пікірлерінің қаншама тереңдігін осы фактілердің өзі-ақ дәлелдейтін тәрізді.
            Абай - ең алдымен үлкен реалист. Ол өз дәуірінің барлық жағын туындыларында айқын суреттей білді. Кезінде өз дәуіріне тән тарихи-әлеуметтік, таптық келелі мәселелерді көре білумен қатар, кейбір детальдарға дейін байқап, оларды өз шығармаларында сәулелендіре білді. Сөйтіп ақын творчествосы өз заманының айнасы болды.
            Абай өмір сүрген ХІХ ғасырдың екінші жарымы қазақ өмірінде қайшылықтары мол, қиын кезеңдер еді. Ескі феодалдық құрылыстың іргесі сөгіле бастауы, қазақ даласына сауда капитализм элементтерінің қанат жаюы, Қазақстанның Россияға қосылуының нәтижесінде екі халықтың шаруашылық және мәдениеті жақтарынан қоян-қолтық келуі, патша өкіметі чиновниктерінің қазақтың өз ортасынан шыққан бай-феодалдармен ауыз жаласып, қара халықты қосыла қанауы, сонымен қатар, сол кезде ішкі Россияда болған революцияшыл-демократтық қозғалыстардың қазақ интеллигенциясына тигізген демократтық-ағартушылық әсерлері сияқты толып жатқан жаңалықтар көп болатын.
            Абай осы тәрізді қайшылығы зор кезеңде өмір сүріп, тарихтың ауыр жүгін арқалауға мәжбүр болса да, кемеңгер ақын заман ағымын дұрыс түсініп, сол қос қыртыс жағдайларда өз халқының келешегі үшін қажетті жағдайларды дұрыс ұғынды. Ақын ғасырлар бойы созылған феодалдық құрылысқа да, өз ісіне де сын көзімен қарап, өз халқының ілгерілеуіне бөгет болып отырған не деген сұрақ қойды да, өз туындыларында осыларға жауап беруге тырысты. Ең алдымен ол феодалдық құрылыстағы ру тартысы, қараңғылық, пәлеқорлық, ала ауыздық, жалқаулық, т.б. осылар сықылды жағымсыз жайттарды көре білді. Қазақ халқының ілгері дамуы, басқа елдің қатарына жетуі үшін тұсау болып отырған бір алуан жайттар осылар екендігін аңғарды да, ондай іс-әрекеттерге барынша қарсы шықты, қаламы арқылы майдан ашып, өлтіре мысқылдап, әр алуан зұлымдықтарды түп-тамырымен жоюды көздеді.
«Ойланып, ойға кеттім жүз жылғы өткен,
Тон қабаттап кигенім шидем шекпен.
Жейде, дамбал ақсаңнан, жарғақ шалбар,
Жырым балақ матамен әдіптеткен..», - деп, сол кездегі өмірдің жұпыны түрін суреттейді. Сөйтіп, бұл қалыпта қала беруге енді болмайды, мәдениетке қарай аяқ басу керек деген қорытынды шығарады:
Сабырсыз, арсыз, еріншек,
Көрсеқызар жалмауыз,
Сорлы қазақ сол үшін,
Алтыбақан ала ауыз.
Өзін-өзі күндейді,
Жақынын жалған мінейді!.. - деп, ел бойындағы, әсіресе үстем тап адамдарындағы ұсақ, пәлеқор мінездерді әшкереледі.
Бір-ақ ырғып шығам деп,
Бір-ақ секіріп түсем деп,
Мертігеді, жатады,
Ұрлықпен мал табам деп,
Ерегессе ауыл шабам деп,
Сөйтіп құдай атады.
Күншілдік, шамасын білмес мақтаншақтық, өтірік, өсек, кербездік, жалқаулық сол кездегі ауыл өміріндегі әдеттер еді. Әсіресе ұлыққа арқа сүйеген пәлеқор пысықтардың сұрқиялығы шектен асқан-ды.
Сондықтан Абай:
Қызмет қылып мал таппай,
Ғылым оқып ой таппай,
Құр үйінде жатады
Ел қыдырып ас ішіп,
Еркек арын сатады.
Бала-шаға, ұрғашы,
Үйде жүдеп қатады.
Еңбегі жоқ еркесіп,
Бір шолақпен серкесіп,
Пысық деген ат шықты.
Бір сөз үшін жау болып,
Бір күн үшін дос болып,
Жүз құбылған салт шықты.
«Пысық кім?» - деп сұрасаң,
Қалаға шапса демалмай,
Өтірік арыз көп берсе,
Көргендерден ұялмай.
Сыбырдан басқа сыры жоқ,
Шаруаға қыры жоқ.
Өтірік пен өсекке,
Ағып тұрса бейне су,
Ат-шапаннан кем көрмес,
Біреу атын қойса «қу»... - деп, елді үйіріп жеген бүлдіргіш пысықтарды, ала ауыз еңбексіздерді, жалақорларды жеріне жеткізе мысқыл-кекесінмен сынады. Абайдың басқа өлеңдерін былай қойғанда, осы өлеңінің өзі-ақ жалқаулықты, қорқақтықты, мәдениетке ұмтылмаушылықты, алауыздықты, өтірік-өсекке жаны құмар пәлеқорлықты жексұрын етіп көрсетеді. Мұндай елбұзарлардан аулақ болу керек деп, «ызалы сөз, өткір тілін» соларға қарсы жұмсайды,
            Бұл сықылды жағымсыз әрекеттер сол кезде бар ма еді? Шындық па еді? Әрине, бар еді. Ел мүддесі емес, өз мүддесін ойлаған талай қу, талай сұмдар қазақ арасында ол кезде аз болған жоқ. Ру араздығын қоздырып, не біреуді біреуге айдап салып, арасына сөз айтып, пайда тауып, араздықты пайдаланған ұлықтар, «домалақ арызбен» біреудің тағдырын саудаға салатын пәлеқорлар Абай кезінде тіпті көбейеді. Абай солардың бәріне де қарсы болды. Ел бірлігін аңсады. «Бір жерден сөз, бір жеңнен қол шығарып», елдің түгел мәдениетке жұмылуын тіледі, өтірік, өсек, пәлеқорлықтан аулақ болуды, мәдениетті елдердің қатарына жетуді, ауызбірлігі күшті, азат ел болуды арман етті. Ақын өзінің әлеумет өміріне арналған «Сегіз аяқ» атты өлеңінде жоғарғы әңгімелерді сөз қылады. Қазақ өмірімен байланысты мәселелердің әрқайсысына ерекше тоқтап, аталық сөздер айтады.
Малыңды жауға,
Басыңды дауға,
Қор қылма, қорға, татулас.
Өтірік, ұрлық,
Өкімет зорлық
Құрысын, көзің ашылмас.
Ұятың, арың оянсын,
Бұл сөзімді ойлансын! -  дейді. Ақын бұл өлеңінде өмір шындығының тек бетін ашып қана қоймай, алға қойған мақсатты орындау үшін не керек екендігін де ашып көрсетіп береді. Бұл - өз елінің малын жаудан, басын даудан қорғап, бір жерден сөз, бір жеңнен қол шығарып, алға апарамын деген адамгершілік еді. Абайдың даналығы - сол дәуірде өз ортасынан озат шығып, халықты мәдениеттендіру мәселелерін жыр етуінде.
            Еңбек, ғылым, адамгершілік - бәрі де жер жүзіндегі данышпан ұлы адамдардың көңіл бөлген мәселелері болды. Міне, бұл мәселелер жөнінде Абай да қазақ даласынан осыларға үн қосып, ұран тастады. Еңбек туралы Абай көп жазды. Жастардың адам болуы үшін ең алдымен еңбек етуі керек. Ғылымға қолы жету де, әлеумет өміріне пайдалы жұмыс істеу де еңбекпен байланысты деген қорытынды шығарады. «Сегіз аяқ» өлеңінде:
Болмашы кекшіл,
Болсайшы көпшіл,
Жан аямай кәсіп қыл!
Орынсыз ыржың,
Болымсыз қылжың,
Бола ма дәулет, нәсіп бұл?
Еңбек етсең ерінбей,
Тояды қарның тіленбей, - деп, адамның адамшылығы өз басында емес, көпті сүйген адал жүрегінде, еңбек етуде десе, екінші бір жерінде:
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім... - деп, жұртты өнер, ғылымға шақырады. Сөйтіп надандыққа қарсы - ғылымды, алауыздыққа қарсы - бірлікті, жалқаулыққа қарсы - еңбекті, пәлеқорлық пен жауыздыққа қарсы - адамгершілікті қояды да, алдыңғылары - елді аздыратын қылық, соңғылары халықтың көсегесін көгертетін игілікті іс деген қорытынды жасайды.
            Абай өмір жолының ұзақтығын да, көздеген мақсатын орындап шығуға өз өмірінің аздық ететіндігін де ұғып, басынан базары өтпей, қолынан іс келетін жастық шағын өз халқының бір керегіне жаратып қалуға тырысты. Жауыздықтың бетін ашып, жақсылыққа жөн сілтеді. Толып жатқан кертартпа қара күштерге қарсы шығып, күрес ашты. Айналасын оятып, өзінің жолына түсірмекші болды. Бірақ ол кездегі ел тізгінін ұстаушылар ескі әдетінше қарысып, игілікке қарай аяғын баспады. Абайдың: Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым,
Одан да шықты жаңғырық.
Есітіп үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас, бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас, - дейтіні осындай жағдаймен байланысты шыққан жалғыздықтың ащы үні болатын. Айналасының оны ұқпауы, ұғу былай тұрсын, оған бөгет болып, оңға деген ісін теріске айналдыруы, алға ұмтылған адымын етегінен басып кері жіберуі, міне, осының барлығы қазақ елін ілгері дамытуда қиындық келтірді. Бұл - ел тағдырын қолына алып, алдына зор мақсат қойған, елді түземекші болған ақынға аз соққы, жеңіл қайғы болған жоқ. Өйткені қазақ халқының мәдениетке ұмытылуына көмектеседі деп Абайдың көз тіккендерінің бәрі де «баяғы қулық, бір алдау, қысылған жерде жан жалдаудан» шыға алмады. Ақынға көмек берудің орнына, жаулық ойлады. Міне, сондықтан да Абай:
Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының,
Жалғыз қалдым, тап шыным! - деп, өзінің жалғыздығын білдіреді.
            Бірақ Абайдың бұл сөзіне қарап, мүлде жалғыз қалған екен, оның сөзін ел ұқпаған екен деп түсіну - қате. Абайдың бұл айтқандары - түгелдей ел басқарушыларға, үстем тап адамдарына арналған сөз, жалпы көпшілік оны жақсы ұқты. Оның асыл сөздерін ауыздан-ауызға таратып, ұдайы жадында сақтады, жалпы халық оны қадірледі. Демек Абайдың сөзін елі ұқты да, бағалай да білді.
            Абай жалғыз қалдым дей тұрса да, өмірден безіп, сарыуайымға салынбайды. Оның шығармаларын зерттей келгенде, жақсылықты болашақтан күткен, өмірдің жақсаратындығына сенген ақын екендігін көреміз. Абайдың «Сегіз аяғы» - өз кезіндегі өмір шындығын да, одан қалай шығудың жолын да, ел тілегінен туған өз басындағы күйініш-сүйінішін де кеңінен толғап, дұрыс көрсетіп берген өлеңінің бірі. Мұның бір жағы - сын, сықақ болса, екінші жағы - өсиет, ғибрат беру еді.
            Абай реализмінің күштілігі тек бұл ғана емес, оның негізі - қазақ ішіндегі тап қайшылығын көре білуінде. Сол дәуірдің өзінде, байлар кедейлерді езіп отырғандығын, кедейдің ауыр тұрмыста өмір сүретіндігін бұлжытпай өз қалпында суреттеп, оған аяныш сезіммен назар аударуында.
            Абай жай суретші аңғармайтын детальдарды да көре алды. Абайдың күздігүнгі кедей өмірін суреттей отырып, олардың іс-әрекет, тұрмыстарының әр түрлерін көрсетуі - біреу де болса бірегей, бір болса да көпке татырлық. Үстірт қараған адамдарға «иін илеу, шекпен тоқу», балалардың ойындарын суреттеу сияқты мәселелер сәл ғана мәселе тәрізді болып көріне тұрса да, шынында бұл сияқты жайттарды көре білуі Абайдың үлкен реалистік ақын екендігін дәлелдейді.
            Өз заманының суретшісі Абай сол кездегі теңсіздік мәселесін тек қана шолып өтіп, оған қалай болса, солай қарап қоймайды. Кедейлердің ауыр халі ақынның қабырғасын қайыстырады. Кедейді тек аяп қана қоймайды, езілушілердің тұрмысын жеңілдетуге жол іздейді. Жұртқа адамгершілікті ұсынады. Абай шығармасындағы адамгершілік арманының негізі де қазақ ішіндегі осы теңсіздікті көре білуінде жатыр.
            Қазақ ауылындағы теңсіздікті шын көрсете білген өлеңдері - «Күз», «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай», т.б. Бұл екі өлеңінде екі тұрмысты - байдың тұрмысы мен кедейдің тұрмысын бір-біріне қарама-қарсы қойды. Октябрь, ноябрь айларының қара суығындағы кедейлердің ауыр халін көрсетеді:
Кедейдің өзі жүрер малын бағып,
Отыруға отын жоқ, үзбей жағып.
Тоңған үйін жылытып, иін илеп,
Шекпен тоқыр қатыны бүрсең қағып...
            Азынаған қара суықта «кемпір-шалы» болса, қиындықты жамай түседі деп жаны ашиды. Теңсіздік, азап шегу тек қана үлкендердің емес, кедейдің балаларының да басында барлығын көреміз:
Қар жауса да тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көзінен жасы...  
            Абайдың шын мәнінде реалистігі, өзі сол үстемдік етуші таптың жуан ортасынан шыға тұрса да, олардың жалпы қара халыққа жасап отырған зорлық-зомбылығын, аяусыз қанауын көре біліп және оны тайынбай әшкерелеу, «типтік жағдайға тән типтік образдар» жасауымен қатар, жай суретшілер аңғара бермейтін, өмірдің көлеңке жақтарындағы кейбір құбылысты да көре біліп, олардан әлеуметтік мәні бар үлкен қорытынды шығаруында. Жоғарғы үзінді алынған өлеңінің екінші бір жерінде:  
Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес бай,
Артық қайыр, артықша қызметке орай.
Байда мейір, жалшыда пейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін құдайым-ай! - деп, байлардың кедейді күнбе-күн езіп отырғандығын, олардың араларындағы экономикалық теңсіздікті және бұл екеуінің өмір бойы аңдысумен келе жатқан, бір-біріне тілектері қайшы екі тап екендігін ашық айтты. Кедейдің ауыр халін көріп, ақынның оларға жаны ашиды. Кедейдің сол ауыр халін қалай жеңілдетудің өзінше жолын іздеді. Сонда оның тапқан жолы - әділдік болды. Байлардың кедейге деген мейірімсіздігін ашық суреттеп, оларды дұрыстыққа, әділдікке шақырды. Соған орай кедейдің де байларға дұрыс қызмет етуі керек деп білді. Бірақ ақынның бұл пікірі - тап қайшылықтарының қандай жолдармен шешілетіндігін ұға алмаушылықтан туған қате пікір болатын.  Бұл - тап қайшылықтары тек қана таптық күреспен шешілетіндігін түсіну дәрежесіне көтеріле алмағандығын көрсететін жайттың бірі.
Қандай өмір құбылысына баға берсек те, біз ешқашан да мезгіл мен жағдайды ұмытпаймыз. Сондықтан Абайдың өмір сүрген мезгілі мен жағдайын еске алсақ, оған революциялық көзқараста неге болмадың деп кінә тағу - орынсыз. Тарихқа көз салсақ, езушілерді әділдікке үндеп, олардың санасын оятып, адамгершілігін арттыру арқылы әлеуметтік теңсіздікті жоймақ болған француздың ұлы ағартушыларының іс-әрекеттері оқушылар жұртшылығына мәлім.   Ал қазақтың ұлтшыл оқымыстыларының қазақ елінде тап жоқ деп, көп жылдар бойы айтыс ашып, өздерінше дәлелдемек боп, қызыл өңеш болғанын тағы жақсы білеміз. Демек, ХІХ ғасырда Абайдың қазақта жігі айқындалған екі тап барлығын және үстемдік етуші байлар табының кедейлерді езіп, қанап отырғандығын тайға таңба басқандай етіп, шындық қалпында көрсетіп беруінің тарихи мәні зор екендігі сөзсіз.
(жалғасы бар)

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар

Ең көп талқыланғандар