Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Қажым Жұмалиев: "Қатының Сені Сүйсе, Сен Де Оны Сүй" (Жалғасы)

09.12.2015 266

Қажым Жұмалиев: "Қатының Сені Сүйсе, Сен Де Оны Сүй" (Жалғасы)

Физули, Шамси, Сайхали,
Навои, Саади, Фирдоуси,
Хожа Хафиз бу һәммәси
Мәдет1 бер я шағир2, фәрияд3, - деген мысалдардың өзі-ақ оның интернационалист адам екендігін аңғартады. Оның өмірінде достасқан адамдарының да кім екендігі оқушыларға мәлім.
1Мәдет (парсыша) - жәрдем.
2Шағир (арабша) - ақын, я шағири - ақындарым.
3Фәрияд (арабша) - дауыс, үн. Бұл жерде тілек, сиыну.
            Ақын достығының күш-қуатын, қасиетін айта келіп, қолдан достық та жасап көреді. Бірақ сол досы мен өзінің арасына басқа жұрт от салып, екі айырады. Әйтсе де ақын үміт үзбейді. Өмірде достық, татулықтан артық еш нәрсе жоқ деген қорытындыға тоқтайды. «Кейде есер көңіл құрғырың» деген өлеңінде:
Махаббатсыз дүние дос,
Айуанға оны қосыңдар.
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар.
Жүрегі жұмсақ білген құл,
Шын дос таппай тыншымас.
Пайда, мақтан - бәрі тұл,
Доссыз ауыз тұшымас, - дейді. Бұл - Абайдың достық жөніндегі барлық өлеңдерінің құлпын ашатын кілті тәрізді. Өмірге махаббатсыз, достықсыз қалай қарайтындығы мұнда айқын айтылған. Ең болмағанда үй ішіңмен дос бол, ол да болса қанағат дейді, шындығында, жүрек сезімі дүниеге белгілі бір көзқарасы бар адам «шын дос таппай тыншымауы керек», дос таппай, дүниені дос көру - айуандық, «доссыз ауыз тұшымайды» деп жалықпай дос іздейді.
            Махаббат, достық - шексіз нәрсе. Оның әр алуан түрі, сансыз сыры бар. Әйтсе де бір мәселе анық. Ол - адам өмірінде махаббат-сүйіспендіктің шешуші роль атқаратындығы. «Сүюсіз ойлап тұрсам, өмір бар ма?» деген риторикалық сұрау «Жоқ» деген жауапты ешкім айтпай-ақ ұқтырып тұр. Түтеген оққа қарсы шапқан төтен ерлік, Отанын сүюшілік, қиыншылық пен азапты көре, біле тұра, алдына зор мақсат қойып, революция жолына бел буып, майданға шығу, езушілерге деген зор махаббат, жаны ашушылық, тағы басқа да осылар сықылды мысалдар көп.
            Өмірде адамды сүймей, адамның өмір сүруі, еңбекке ұмтылуы, қоғамға керекті, пайдалы үлкен туындылар беруі мүмкін емес. Адамды ерлікке жетектейтін негізгі бір жасырын күш - махаббат. Өмірді, адамды сүймеген кісі пессимизмге беріледі де, көз ұзамай-ақ өмірден мүлде безіп, ақыры өзінен-өзі жоқ болады. Ол - тірі жүрсе де өлік, қоғам үшін қажетті еш нәрсе жасай алмайтын тірі аруақ. «Махаббат өлімнен күштірек» деп Мопассан жай айтпаған. Абай да бұл мәселені терең түсінген адам. Жоғарғы келтірген үзінділердегі ақынның отанына деген сүйіспеншілігі, махаббат-достық туралы сөздері осыны аңғартады. «Жүрегі жұмсақ білген құл, шын дос таппай тыншымас».
            Махаббат тақырыбына арналған Абай лирикасының бірқатары әйел мен ерлердің арасындағы сүйіспендікті жырлауға арналады. Бұл мәселеде де Абайдың өз замандастарынан мойны анағұрлым озық жатқандығы даусыз. Оның ер мен әйел арасындағы қарым-қатынастар қандай болуы керектігі жайлы көзқарас, ой-пікірлерінің негізгі түйіні:
Ғашықтық, құмарлықпен ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол.
            Ер мен әйелдің арасындағы қарым-қатынас, семья құру мәселесінде Абай тек қана бірін-бірі шын жүректен сүйген махаббатты, соның негізінде ер мен әйелдің бір-бірін іздеп табушылығын мойындайды. Құмарлық, нәпсіге берілушілікті шеней келіп, ақын бұл мәселеде де өзінің көзқарасын айқындайды.
Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсеқызар нәпсіге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркіменен...
Шын көркімен сүйсе екен кімді сүйсе,
Бір сөзімен тұрса екен жанса, күйсе...
Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,
Қоржаң суық келеді кей сасық ми.
 
Ері ақылды, қатыны мінезді боп,
Тату болса, райыс1 үстіндегі үй.
            Осы келтірілген мысалдардың бәрі де Абайдың махаббат, сүйіспендік, семьядағы қарым-қатынастар қандай болу керектігіне негізгі жауаптар. Ол мәселелердің қайсысы туралы болсын мейлі, ақын пікірлері тек өз кезі ғана емес, келешек ұрпақтары үшін де құнды.
1Райыс - жұмақ, рахат деген сөз.
            Махаббат, сүйіспендік туралы бұл айтылғандар тәрізді философиялық көзқарас, терең ойлар ұсынуы өз алдына, сонымен қатар махаббатты ғажап әдемі, кіршіксіз таза, әрі нәзік нәрсе етіп жырлауы - айрықша көңіл аударарлық жайт. Бұл жағынан Абайды махаббат жыршысы деуге болады. Махаббат, сүйіспендікке арналған ақынның лирикалық өлеңдері көркемдігі, шындығы және сүйіскен жастардың ой-сезімдеріндегі психологиялық жайларды суреттеуі күні бүгінге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. Абай лирикасының махаббатты поэзиялық биікке шығарған туындылар сапына қосатындығына шәк келтіруге болмайды.
            Махаббат тақырыбымен байланысты жазылған Абай өлеңдерінің лирикалық геройлары бір-бірін қалтықсыз шын сүйеді. Теңім, іздегенім, арманым деп сүйеді. Қызы да, жігіт те бірі үшін екіншісі жан беруге әзір. Мысалға, «Жігіт пен қыздың сөзі» дейтін өлеңін алайық.
            Жігіт:
Сенен артық жан тумас,
Туса туар, артылмас.
Бір өзіңнен басқаға,
Ынтықтығым айтылмас, -
десе, қыз:
Ақылыңа сөзің сай,
Сіз жалын шоқ, біз - бір май;
Ыстық сөзің кірді ішке,
Май тұра ма шыжымай, - дейді. Бірін-бірі шын сүйген екі жас адал ниет, ақ жүректерімен бас қосып, тату-тәтті өмір сүруді аңсайды. Жай, қарапайым адамдар болса да, бір-біріне тым ардақты, тым сұлу көрінеді. Бұл өлеңдегі ақынның лирикалық қаһармандары - өз түсініктерінде махаббатты жоғары идеал санайтын таза жандар. Мұның түп тамыры, әрине ақынның осы мәселеге көзқарасында жатыр. Абайдың махаббат, сүйіспеншілікке қоятын шарты - шын көңілмен сүю, өз сөзіне беріктік. Сондықтан да оның лирикалық қаһармандары - таза жүрек, терең сезімді, бір сөзі жандар.
            Абайдың махаббат тақырыбындағы жырларының көркемдік ерекшеліктерін сөз еткенде, екі түрлі жайтқа көңіл аударуға тура келеді. Бірінші, ескі қазақ ауылындағы жастардың еркін жүріп, ашық сөйлесулеріне жол тар кезде, қиыннан тоят тілеп, қияға қол созған екі ғашықтың картинасының өмір шындығына дәлдігі, екінші, аңсап қосылған сол жастардың сүйініш, жүрек лүпілдері, психологиялық сезімдері мейлінше шебер суреттеледі.
Желсіз түнде жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп,
Ауылдың жаны терең сай,
Тасыған өзен гүрілдеп.
 
Қалың ағаш жапырағы,
Сыбырласып өзді-өзі.
Көрінбей жердің топырағы
Құлпырған жасыл жер жүзі.
 
Тау жаңғырығып, ән қосып,
Үрген итпен айтаққа.
Келмеп пе едің жол тосып,
Жолығуға аулаққа.
            Үш шумаққа ескі қазақ ауылының бір кешін қалай сыйғызып және қандай әдемі етіп бере алған! Сондай бір бейуақ, айлы түн, әдемі кеште алыстан аңсаған екі жастың кездескендегі күйініш-сүйініш ішкі сезім дүниесін суреттеген жерін алсақ, қандай шеберлік, қандай шындық деп таңданбасқа болмайтын сықылды.
 
Бір суынып, бір ысып,
Дем ала алмай дамыл ғып.
Елең қағып, бос шошып,
Сөз айта алмай бөгеліп.
Дүрсіл қағып жүрегі
Тұрмап па еді сүйеніп,
Тамаққа кіріп иегі?
            Адам басында болатын сан алуан сезімдердің ішіндегі ең күшті сезім, Мопассан айтқандай, «өлімнен де күшті - сүйіспендік» болса, сол сезімді суреттеудегі ақын қаламынан шыққан лирикалық өлеңдердің ең биігі - «Қызарып, сұрланып», «Көзімнің қарасы».
            Абайдың махаббат лирикасы өз кезінде де, өзінен кейін де жастар арасына кең тарап, халық аузындағы ең сүйікті жыр, сүйіп айтар әні болды. Күні бүгінге шейін Абайдың бұл тақырыпқа жазылған өлеңдерін жатқа білмейтін жастар аз шығар.
            Жалпы Абай өлеңдеріне тән нәрсе - шындық, тереңдік, көркемдік. Қандай тақырыпқа жазса да, сол тақырып, сол өмір құбылыстарын өте жақсы біліп, шындықтан алған әсерлерін өзінің ой елегі мен сезім дүниесінен өткізіп, мәнді де, әдемі де етіп бере білуінде. Бұл - махаббат лирикасына да тән сипат.
            Ақынның:
Ғашықтың тілі - тілсіз тіл,
Көзбен көр де, ішпен біл.
Сүйісер жастар қате етпес,
Мейлің илан, мейлің күл.
Ол тілге едік оңтайлы,
Қарыпсыз біліп сондайды,
Біліп-ақ ұғып қоюшы ек,
Енді ішіме қонбайды, -дейтін өлеңі - бұған толық дәлел.
(Жалғасы бар)

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар