Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ә. Нұршайықов: шұғылалы шумақтар

09.12.2015 511

Ә. Нұршайықов: шұғылалы шумақтар

Ойлап қарасақ, өмірдің балалық, жастық, қарттық шақтарының бәрінде Абай бізбен бірге екен, өлеңдері кеңілімізде, көкейімізде жүреді екен. Бала кезімізде Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңін ең алдымен жаттадық. Бұл өлеңді біз мектеп сахнасынан сан рет тақпақ етіп айттық. Мектеп қабырғасында жаттаған осы өлеңнің мына бір шумақтары әлі күнге дейін тілімізге оралады:
                       Ғылым таппай мақтанба,
                       Орын таппай баптанба,
                       Құмарланып, шаттанба,
                       Ойнап босқа күлуге.
                       Бес нәрседен қашық бол,
                       Бес нәрсеге асық бол...
Бұдан кейін біз:
                       Әсемпаз болма әрнеге,
                       Өнерпаз болсаң, арқалан.
                       Сен де бір кірпіш дүииеге,
                       Кетігін тап та, бар, қалан, -
деп басталып,
                       Акырын жүріп, анық бас,
                       Еңбегін, кетпес далаға.
                       Ұстаздық кылған жалықпас,
                       Үйретуден балаға, - 
деп аяқталатын өлеңін жаттадық. Бұл өлеңнің ең сонғы екі жолының тікелей әсерімен біздің көбіміз ұстаз-мұғалім болуды арман еттік. Қейін, біздің соғыстан аман қалған құрдастарымыз ол армандарына жетті де.
Сол сияқты «Интернатта оқып жүр» өлеңін де оқып, оған да ой жүгірттік.  Сейтіп, Абай өлеңдерін оқыған мектеп оқушылары ойлы, өнерлі, байыпты, білгір болуға бет қойды. Ұстаз Абай мектепте бізге осылай сабақ берді.
«Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге» деп асқақтата айтып жүріп, біз орта мектепті бітірдік. Бақытты балалық кезең артта қалды. Енді біздің жастық шағымыз басталды. Бұл кезеңдегі жанымыздың жалауы «Айттым сәлем, Қаламқас» өлеңі мен әні болды.
Мінеки, біз осылай, өзіміздің сүйген қызымызға Абайдың өлеңімен үн қатып, үздігіп тұрған шағымызда соғыс басталды. Біздің жастық шағымыз, балауса махаббатымыз отқа күйді, өртке ұйпаланды. Өйткені қырқыншы жылдар жастары Отанды зұлым жаудан қорғау үшін лек-лек болып, майданға аттанды. Жерде, көкте, теңізде олар жан аямай жаумен шайкасты. Соғыстағы солдаттың көкірегінде Отаны, әке-шешесі, жан жары, жақсы көрген қызы жүрді. Қазақ солдаттарының жүрегінен орын алған осындай асыл қазынаның бірі Абай өлеңдері мен әндері болды. Жау оғы тиіп, жаралы боп госпитальда жатқан жас солдаттар «Айттым сәлем, Ка­ламқас» деп ыңырсыды.
  1941 жылдыц аяғында Алматыда 18-19 жастағы қа­зақ жастарынан 100-дербес ұлттық атқыштар бригадасы жасақталды. Бригадамыздағы Смағүл Көшекбаев басқарған әскери ансамблінің әншілері Алматы театр училищесін жаңа ғана бітірген жас өнерпаздар Тұраш Әбуов пен Қазихан Әмірғалиев екеуі қосылып солдаттар алдында Абай әндерін сан рет шырқады. Ал «Айт­тым сәлем Қаламқас» әнін біз қаз-катар тізіліп, әскери сапта келе жатқанда айтатынбыз. Ол орыстың атақты «Катюша» әнімен (сөзі М. Исаковскийдікі, музыкасы М. Блантердікі) қатар шырқалатын еді. Калинин мен Псков облыстарының ормандарында, Украина мен Бело­руссия жерінде, Польша елінде әскер сапында, жертөледе «Кең байтақ туған елім», «Май күнгі Москва», «Қасиетті соғыс» сияқты Лебедев-Қумач сездеріне жазылған жалынды әндермен қатар Абай әні «Айттым сәлем, Қаламқас» та сан рет айтылып, жауынгерлерге жігер берді. Бұл ән құрамада көп айтылатындықтан оған сөзі мен әуенін жаттап алып, қасымыздағы орыс, өзбек, ұйғыр, татар, коми, башқұрт жігіттері де қосылатын. Сөйтіп, ол барлық солдаттардың бірігіп айтатын интернационалдық   әніне   айналды.
Бұрынғы 100-дербес атқыштар бригадасыньщ негізінде жаңадан құрылған І-Брест атқыштар дивизиясы соғысты Германияның Висмар каласында, Берлиннен жүз жетпіс километр жерде аяқтады. Әскери ансамбльдегі көрнекті өнерпаз азаматтарымыз Смағұл Көшекбаев пен Қазихан Әмірғалиев Жеңіс күніне жеткенше оққа ұшып, опат болып кетті. Сондықтан Жеңіс күні «Айттым сәлем, Қаламқасты» Тұраш Әбуов жалғыз бастады. Оған құрамамыздың Алматыдан Берлинге жеткенше тірі қалған қазақ солдаттары қосылды. Оларды қан майданды бір кешіп, жаны да, әні де туыс болып кеткен өзге ұлт сол­даттары қостады.
Отан соғысының ардагері, Совет Армиясының ержүрек офицері Тұраш Әбуов қазір Жамбыл қаласында, Мир көшесіндегі № 1 үйдің 72-пәтерінде тұрады. Құрметті демалыста болса да, мектеп оқушыларымен, студенттермен жиі кездеседі. Оларға Отан соғысынан сырлар шертеді, өзінің бір ұрыста «Айттым сәлем, Қаламқас» әнімен жолдастарын атакаға бастап, жау қоршауын жарып шыққандарын айтады. Бұл оқиға неміс жерінде болған. Дивизия тынбастан шабуыл жасап, алға басып бара жатқан күндердің бірінде лейтенант Әбуов жолдастарымен орман ішінде тоз-тоз болып жүрген бір топ неміске тап болады. Екі жақ жата қалып атысады. Алғашында ыңылдап, «Айттым сәлем, Қаламқасты» айтып келе жатқан лейтенант жаумен атысып жатқанда да әнін үзбей жалғастыра береді. Біраз атысқаннан кейін фашистер сырғып, орман түкпіріне кіріп кетеді де, біздің жігіттер бөгелместен ілгері женеледі. Осындай эпизодтарды баяндағаннан кейін кәрі солдат сонау со­ғыс жылдарынан бері көкірегінде күмбірлеп келе жатқан   Абай   әндерін   жас   ұрпаққа   үйретеді.
Бұл әнді біз әскерден босап, елге қайтар кезімізде, Германиядан Совет Одағына қарай садақтың оғындай шұбатыла зулаған әскери эшелондар ішінде әсіресе көп айттық. Өйткені ол ән демоблизациямен елге қайтып ке­ле жатқан біздін көз алдымызға қазақтың ұшы-қиыры жоқ кең даласын елестететін. Бұл ән сол далада өсетін қасиетті боз жусанның иісін мұрнымызға әкелетін. Бұл ән айтылғанда Алатау, Қаратау, Көкше, Баян, Алтай тәрізді туған жердің көгілдір таулары қол бұлғап, Есіл, Ертіс, Іле, Ақжайық сияқты ұлы өзендері өздерінің сарқыраған сылдыры, күркіреген гүрілімен бәрімізді туған елге тез жетуге шақырып тұрған тәрізденетін. Осы асыл әнді әр айтқан сайын жанымыз жадырап, ауданымыз, ауылымыз, сүйіктіміз, сүйіп қосылған сұлуларымыз көз алдымызға келетін.
«Айттым сәлем, Қаламкасты» біз орыс ормандарында, Польша мен Германия жерінде ғана айтқанымыз жоқ. Соғыстан қайтқан солдаттар университет пен институттардың суық жатақханаларында, оның күңгірт бөлмелерінде де сан рет шырқадық. Абай әндерін айтқанда бізге соғыстың салдарынан от жағылмай азынап тұрған аудиториялар мен жатын бөлмелер жылынып, төбемізде самаладай жарқырап шам жанып тұрғандай көрінуші еді.
Бұл әнді радиодан, телевизордан, тойдан, сауық-думандардан күні бүгінге дейін құлағымыз шалып, қуанышқа бөленеміз.
Енді ойлап қарасақ, Абай жас жандарға ғана емес, карт адамдарға да сондай ерекше әсер етеді екен. Оның себебі қалай десек, Абай өзінше бір күн екен. Ақыл мен ойдың, даналық пен данышпандықтың күні. Ақын ойынан тараған өлеңдердің күн сәулелі жолдары мен шумақтары өмірдің ойы мен қырын жарқыратып, алдыңа, алақаныңа жайып салады. Оның әр қатпарындағы адамдардың мінез-құлқын, айла-әрекетін, мақсат-ниетін, жүрегі мен миының қай қалтарысында не жатқанын дөп басып, дәл көрсетеді. Міне, осы шыншылдығымен Абай өлеңдері кәрінің де, жастың да көкейінде мәңгі сақталады.
Бұған мысалға жас кезімізде жете мән беріңкіремей, шала жаттаған мына бір өлең жолын алайық:
Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек... 
Осы өлеңді оқи отырып, Абай суреттеген мінез-құлықты адамдардың дәл бүгін өз қасында жүргеніне тан қаласың. «Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек» де­ген жолды оқығанда, еріксізден: «Ол анау жігіттер ғой», - дейсің. «Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек, сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек» деген жолдарды оқығанда: «Е, бұл ана сабаздар ғой», - деп қаласың. Ал «Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ, иттей қор боп өзіне сөз келтірмек» деген жолдарға көзің түскенде, қажыр-қайратына қоса адалдығы мен әділдігі жетпей, креслодан «құлап жатқан» осы күнгі кейбір кесір жандар ойға оралады. Ақынның халық өмірінің қатпарларын қалай терен білгеніне тәнті боласың.
Немесе мына бір шумақты еске алайық.
                        Тамағы тоқтық,
                        Жұмысы жоқтық,
                        Аздырар адам баласын.
                        Таласып босқа,
                        Жау болып досқа,
                        Қор болып, құрып барасың.
                        Өтірік шағым толды ғой,
                        Өкінер уақытың болды ғой. 
Мұндағы «өтірік шағым» деген тіркес қазір «домалақ арыз» деп аталады. Осы домалақ қағаз жазуды Абай өз заманында өз еліндегі асқынып бара жатқан дерт дәрежесінде түсінген, жұртты содан тыйылып, тоқталуға шақырған. Бірақ оны тыйып, тоқтату жалғыз ақынның қолынан келмеген.
Мінеки, бұдан біз осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын яғни 1889 жылы жазылған «Сегіз аяқ» өлеңінде Абайдың халық қамын ойлап күңіренуінің (...) пар­тияның халыққа жасап отырған бүгінгі қамқорлығымен үндесіп жатқанын айқын аңғарамыз. Атап айтқанда арызқорлыққа, домалақ арыз жазушылыққа қарсы Абай ойы (...) мораль принциптерімен қалтқысыз қабысып тұрғанын танимыз. Бұл үшін бүгінгі ұрпақ ақынға шексіз алғыс айтады.
Менің есімде бала күнімізде жаттаған, содан күні бүгінге дейін көкейде жатқан мәңгі ұмытылмас ғибратты, нәрлі, нақыл іспеттес шұғылалы шумақтар көп.
Мұндай ойлы шумақтар мен нақыл іспеттес жолдар ақылшымыз болып, Абай болып, әрқашан жадымызда жүреді, әрқайсымыздың көкірегімізде, кекейімізде өмір сүреді. Ол шумақтар мен жолдар келер ұрпақтардын көкірегіне және көшеді. Сөйтіп, Абай өлеңдері туған халқына жылу шашып, нұр таратып, мәңгілік от-алау сияқты лаулап, жарқырай береді. Бұған дейін мен шәкірт, оқушы, оқырман ретінде көкейде жүрген Абай өлеңдерін айттым, олардың әр кезде өзіме еткен әсерін білдірдім. Бір ғажабы, қай жаста, қанша оқысаң да Абай өлеңдері оқырманын жалықтырмайды. Қайталап оқыған сайын ол жаңа қырынан көрініп, қызықтырып, одан сайын өзіне тарта түседі. Оқырманды бірден еліктіріп, елітіп әкететін әлде бір сиқыры бар сияқтанады. Тұңғиық тереңіне карай бірден тар­та жөнелетін түпсіз шалқар теңізге ұқсайды. Әлем әдебиетіндегі әр заман оқырмандарының жалықтырмас жан серіктерінің бірі Абай болғанына шексіз сүйсінесің.
Енді ұлы ақын өлеңдерінің басылымдарымен қалай кездесіп, танысқанымды, ол өлеңдердің творчество адамдарына, соның ішінде жеке менің өз басыма қандай әсері болғанын айтайын.
Совет әдебиетінің үлы классигі Михаил Шолохов әрбір жаңа шығарма жазар алдында Пушкинді қайталап оқимын дейді екен. Халықтың көңіл күйі, психологиясы, ойлау, сейлеу мәнері, әралуан өмір қүбылыстары - бәр-бәрі Пушкиннен табылатындықтан Шолохов солай деген шығар.
Сол сияқты қазақ қаламгерлерінің де Абайсыз аяқ баспайтыны аян. Өйткені орыс жазушылары өздерін Гогольдің шинелінен шықтық дейтіні сияқты, біз, қазақ жазушылары, бәріміз де Алматының Абай проспектісіндегі Хакімжан Наурызбаев мүсіндеген алып ақынның мол етекті шұбатылған кең шапанының ішінен шықтық. Сондықтан да жас ақындарымыз Абай өлеңдерін жастанып жатып оқиды, жасамыс ақындар Абай кітабын үстелінің үстіне қойып, көздерінен таса етпейді. Прозашылар да Абайға үңілмей отыра алмайды, Абайда керексіз бір сөз, қажетсіз бір жол жоқ Сондықтан көп жолдардың астын сызып, көп шумақтардың тұсына белгі соғып әлектенеміз. Қерек сөздердің қай жерде екенін оңай табу үшін әр бетке қағаз салып қоюға тура келеді.
Менің де желке жағымда, шкафта, үнемі Абайдың 1968 жылғы екі томдығы тұрады. Өзі кішкене, әрі жеңіл, жолға алып жүруге де қолайлы болғандықтан мен ылғи осы басылымды пайдаланамын.
Абайдың өлең кітабын мен түңғыш рет 1934 жылдың көктемінде көрдім. Алматыдан көктем егісін өткізуге колхозға келген уәкіл біздің үйде жатты. Қешке үй ішіндегілерге ол астанадан ала келген қалың кітаптағы өлеңдерді оқитын. Онда мен он екі жаста едім. Хат танимын, өлеңге өлердей құштармын. Уәкіл оқыған кітапты үлкендермен бірге мен де ынтыға тыңдайтынмын. Ол Абайдың 1933 жылы латын әрпімен басылып шыққан толық жинағы екен. Бәлкім, менің Абай атын алғаш рет естуім де сонда болар. Ауылда соқа жығылып, көктем егісі аяқталып, қонақ астанаға қайтар кезде әкеме уәкіл ағайдың кітабын маған сұрап әпер деп жалындым. Уәкіл кітабын қимады, қайтадан Алматыға алып кетті. Абай аты менің кекейімде калды.
Содан кейін, 1939-40 жылдарда Абайдың қоңыр матамен тысталған үлкен екі томдығы шыққанда, соның біріне менің де қолым жетті. Ол кездегі ең қымбат жиһазым, асыл дүнием сол екі том болды. Өйткені ол кезде орысша нашар білетінмін. Пушкин, Лермонтов, Некрасов кітаптарын оқуға тісім батпайтын. 1941 жылы соғысқа аттанғанда сол екі томдықты менің көзімнің қарашығындай көріп, сақтаңдар деп үйге қалдырып кеттім. 1944 жылы майданнан елге делегат болып келгенімде ол екі томды үйде қалдырып кетуге қимай, өзіммен бірге соғысқа алып кеттім. Менің қасымдағы жауынгер серіктерім Тәкен Майшынов (қазір Талдықорған облысының Ақсу ауданында, Жансүгіров селосында тұрады) пен Қабыш Мусин (қазір Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы «Трудовой» совхозында тұрады) майданға жеткенше Абай өлеңдерін таласа оқып барды. Абай менімен біздің І-Брест атқыштар дивизиясының солдаттары және командирлерімен бірге Польша, Германия жерлерін азаттық сапарымен аралап өтті. Полктас достарым бірінен-бірі алып, ақыры ол кітапты менің қолыма тигізбеді. Абайдың майданға келген екі томы менің меншігімнен шығып, солдаттардың ортақ дүниесіне айналып кетті. Кейін мен басқа бөлімге ауысқанда екі том ескі дивизиямда қалып қойды.
Бәлкім, сол екі томның ең болмаса бірін жолдастарым Германиядан ала келмеді ме екен деп ойлаймын. Егер сол томдардың бірі табылса, жауынгер жолдасыммен қауышқандай қуанар едім.
Ал соғыстан қайтқаннан кейін Абайдың 1948, 1954, 1957, 1961, 1976, 1977 жылдардағы басылымдарын үнемі алып отырдым.
Абайдың өз творчествома әсері деген әңгімені сәл әріректен бастағым келеді.
Соғыста мен үзбестен өлең жазып жүрдім. Өлеңдерім үнемі бригадалық «Сталин үшін алға», майдандық «Алға жауға қарсы»  және  «Суворовшы»  газеттерінде басылып тұрды. Бригада газетінде басылған ол өлеңдерім жеке кітапша болып жинақталды да. Жинақтың алғашқы байқау данасы басылып шықты. Бірақ сол кез­де 100-дербес атқыштар бригадасы іріленіп, дивизияға айналды. Дивизиондық газет орыс тілінде шығатын бо­лып, бұрынғы қазақша газет жабылып қалды. Сол себептен менің кітабымның тиражы басылып үлгірмеген күйінше қалып койды.
Менің газетте басылған өлеңдерімнің бәрі де патриоттық туындылар. Сонымен бірге оқта-текте көңіл күйін білдіретін сыр өлеңдер де жазыппын. Олар да қойын дәптерімде сақталыпты.
Абайдың туғанына 140 жыл толуына байланысты телевизия мен радиодан сөз сөйлеуге әзірлік үстінде, майданда жазған ескі дәптерлерімді қарап отырып, «Жиырма бір жасқа міне толдым бүгін» деген өлеңіммен ұшырастым. Бұл өлеңді 1943 жылы 22 декабрь күні Калинин майданында жүрген кезімде жазыппын. Сол жылы декабрьде менің жасым 21-ге толған. Бірақ менің туған күнім 22 декабрь емес, 15 декабрь. Ауыр ұрыстарда жүріп, туған күнімді ұмытып кеткен болуым керек. Кейін есіме түсіп, бұл өлеңді өзімнің туған күніме арнаған екенмін.
Осы өлеңді ешбір сөз, сөйлемін өзгертпестен, бұдан 42 жыл бұрын қойын дәптерге түскен қалпында оқырманға ұсынғым келеді:
                         Жиырма бір жасқа міне толдым бүгін,
                         Өмірдің көргемін жоқ әлі түгін.
                         Қөп бейнет, өкінішпен кетіп барам,
                         Арқалап солдаттықтың ауыр жүгін.
 
                         Барады күндер өтіп қаққанша қас.
                         Көңілім кешегідей секілді жас.
                         Бүгін - үміт, ертеңнен дәмеміз зор,
                         Нанымпаз жас баладай болдық рас.
 
                         Алдыда көретін мол қызық бардай,
                         Боламыз тіршілікке тіпті дардай.
                         Болашақ үшін оттан тартынбаймыз,
                         Талап күшті, тәуекел о да нардай.
 
                         Қинаймыз жанымызды, аямаймыз.
                         Көрмекті қарсы алуға бастан саймыз.
                         Өмірдің дәл казіргі тартқан сыйы:
                         Ащы тер, ауыр азап - соған баймыз.
 
                         Тартамыз талай бейнет, мойын жара,
                         Жүрекпенен мұңдасып екеу ара.
                         Оқ тисе, осы жерде қалдым мәнгі,
                         Тағдырды күшті дейді, бар ма шара?
 
                         Көмілмей калсам егер, жатам сасып,
                         Қарға, кұзғын етімді кетер тасып.
                         Сүйек қурар, менен жоқ артта белгі,
                         Не болмаса топырақ калмақ басып.
 
                         Жеңілсе - ашы, теңі жоқ жеңсе - тұщы.
                         Үміт деген - ақ семсер, жүзі екі ұшты.
                         Адамды қарсы өлімге сүйрейтұғын,
                          Бәрінен де, достарым, үміт күшті.
 
                          Біздің өмір осындай - үміттену,
                          Майданда не кездессе, соған көиу.
                          Қолдағы қайрай түсіп кек канжарын,
                          Жалындап, жасқанбастан жауға төну.
Аңдап қараған кісіге бұл өлеңнен Абайдың әсерін аңғару қиын емес. «Ащы тер, ауыр азап - соған баймыз». «Жүрекпенен мұңдасып екеу ара», «Нанымпаз жас баладай болдық рас» деген жолдар Абайды еріксіз еске түсіреді. Өлеңнің философиялық болмысынан да Абай аңғарылады.
Соғыс кезіңде қойын дәптерге түскен тағы бір өлеңімде былай деппін:
                         Мұрт өсті, сақал шықты, шаш ағарды,
                         Тарттық талай касірет-қайғыларды.
                         Өтуде өмір алысып ажалменен,
                         Соғыс енді өзгертіп, алды ажарды...
Соғыс деген - оқ, от, өрт, сонымен бірге атыс, айғай, ұран ғой. Сондықтан газетке басылатын патриоттық өлеңдерді Жамбыл үлгісімен жазып, солдат мұңын, оның ішкі жан сырын айтуға келгенде, Абайды алға ұстаған, соған еліктеген сияқтымын. Ол кезде Абай кітабы жанымда жоқ, үйде қалған. Бірақ жас күнімде жаттағандарым жадымда жүргенінің салдары болуы керек. Жер астындағы теңіз сиякты болып көкіректе тұнып жатқан Абай өлеңдерінің әсері қаламгер ретінде қалыптаспаған сонау солдаттық шағымнан да танылатындай.
Бұл жай, сөз арасында айтылып жатқан үзік сыр ғана. Енді Абайдың кейін, жазушы болған кезімде, өз творчествома әсері деген әңгіменің өзіне келейін. Оның алдында тек қана творчествома емес, сонымен бірге өзімнің және сонау қырқыншы жылдардағы менің құрдастарымның яғни біздің ұрпақтың азамат болып қалыптасуына Абай өлеңдерініц ерекше әсері болғанын атап айтқым келеді. Осы күнгі кейбір кісілердің дүниеқор, даңғой, дарақылау болатыны, кейбір кызмет адамдарының менмен, мансапқор, өзімшіл, озбыр келетіні, ондайлардың біртіндеп барып жершілдік   сырқатына шалдығатыны жасынан Абай өлеңін оқып, соны зердесіне тоқып өспегендіктен бе деп ойлаймын. Абайдың кара сөздерін оқымаған, бір ауыз өлеңін жатқа білмейтін басшы азаматтар арамызда аз емес сияқты. Абай өлеңдері ақынға да, артиске де, жазушыға да, ғалымға да, сол сияқты партия, совет, шаруашылық қызметкерлеріне де таптырмайтын қымбат қазына ғой, шіркін. Әр азаматтың көңіл төрінде Абай тұрса, кандай ғанибет десеңші!
Тұңғыш повесім «Махаббат жыры» мен бірінші романым «Махаббат, қызық мол жылдарды» жазған кезде көп үңіліп, жиі қараған кітаптарымның бірі Абай томдары болды. Повесте бір майданда, бір әскери белімде қызмет еткен сержант Ләйла Нұрханова мен лейтенант Ермек Елтаев бір-біріне Абайдың ән-өлеңі «Жігіт сөзі» мен «Қыз сөзін» жан-тәнімен шырқап айта жүріп, неміс танктерімен жекпе-жек шайқаста екеуі бірдей мерт болады. Бірін-бірі жастайынан сүйген қос ғашықтың денесі бір плащ-палаткаға оралып, бір қабырға тусіріледі. Достары жас қабырдың басында «Айттым сәлем, Қаламқасты» айтып, қоштасады.
Ал романды жазарда Абайдың сұлу қыз, жақсы жар жайындағы шумақтарын жиі-жиі есіме түсірдІм.
Абай сөздері маған жақсы семья жайындағы про­грамма іспеттес болды. Романымда тек қана Абай сипаттап, мәслихат еткен, бір сөзбен айтқанда, Абай армандаған қызды жазсам деп ойладым. Өз шығармамда мен жасаған ол бейне Меңтай еді. Бірақ мен Абай арман еткен қыздың бейнесін жасадым деп айта алмаймын. Өйткені ол бейне менен бұрын жасальш қойған бо-латын. Ол - «Абай» романындағы Тоғжан сұлу.
Шығарманы жазғаннан кейін оған ат қою деген бір машақат. Лайықты ат тапқанша және жаның тыныштық кәрмейді. Дос-жолдастармен ақылдасуға да тура келеді. Сөйтіп, дел-сал болып, Абай томын қайта-қайта парақтап отырған бір сәтте өзім бұрыннан жатқа білетін мына бір шумаққа көзім түсе кетті:
                       Құдай-ау, қайда сол жылдар,
                       Махаббат, қызық мол жылдар?
                       Ақырын-ақырын шегініп,
                       Алыстап кетті-ау құрғырлар.
Романымды осы шумақтың екінші жолымен атауға ұйғардым, «Махаббат, қызық мол жылдар» деп қойдым. Сондықтан мен бұл романның заты да, аты да Абай әсерінен туған деп есептеймін.
Осы романда мынандай бір деталь бар. Солдат-сту­дент Ербол Есенов университет профессоры Мұхит Әуеновке майданнан әкелген, көп оқылып, мыж-мыж болған «Ақын» романын сыйлайды. Сонда солдат-студент кітап авторына соғыста Абайдың өздеріне генерал, ал Тоғжанның медсестра қызметін атқарғандай болғанын айтады. Бұл да шынайы өмірден алынған нақты детальдар еді.
«Ақиқат пен аңыз» роман-диалогын жазғанымда да Абайға көбірек үңілуіме тура келді. Өйткені бұл кітаптың бас қаһарманы Бауыржан Момышұлы Абайды ақындығының үстіне әрі философ, әрі әскери стратег деп бағалайды. Оның даналық, данышпандығына ерекше ден қояды.
Осы роман жазылып біткеннен кейін, оның бірінші бетінің жоғары жағынан бүкіл кітаптың мазмұнын білдіретін эпиграф қоюым қажет болды. Арғы-бергі қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын ақтарып, лайықты ештеңе таба алмадым. Сонда маған қол ұшын берген тағы да Абай болды. Абайдың «Ата-анаға көз қуаныш» дейтін өлеңіндегі:
                      Сүйер ұлың болса, сен, сүй,
                      Сүйінерге жарар ол1, -
деген екі жолына жіп тақтым. Кейін ол эпиграф оқырмандарға да ұнады.
Бірақ, бұл кітап орысша шығарда эпиграфқа байланысты біраз қиналуға тура келді. Себебі Владимир Дер­жавин орыс тіліне аударған осы өлеңнің тәржімасы қазақшасына келмейді. Эпиграфқа алынған жоғарыдағы екі жол Державин аудармасында:
                       Сүйсінерлік ұлым еді,
                       Сүйкімсіз боп үйде отыр, -
деген мағына береді. Орысшасы мынандай:
                       Был достойный сын, достойный восхищения,
                       Любви достойный сын, и вот,
                       Не сын - источник огорчения
                       Теперь в дому твоем живет.
Мұндай эпиграф біздің кітабымыздың рухына мүлде сәйкеспейді.
Бұрын, аударманың қолжазбасын оқыған кезде эпиграфқа алынған үзіндінің қалай аударылғанына мән бермеппін. Қолжазба баспаханаға барып теріліп, кітаптың версткасы Москвадан келген кезде («Ақиқат пен аңыздың» орысшасы алғаш рет Москвада шыққан болатын) ғана осы сәйкессіздікті аңғардым.
Верстканы тез оқып, Москваға жөнелткеннен кейін, қайтадан орысша эпиграф іздеуге кірістім. Көп кітаптар ақтардым. Ақыры «Жить - Родине служить» деген орыс мақалына тоқтадым. Кітаптың таза парақтарына қол қойылғалы жатқан тұста Москвға телефон соғып, ескі эпиграфты қайтадан өзгерттім.
Кітаптың қазақшасындағы Абай эпиграфының орысшада неге өзгертілуінің себебі осылай еді. Эпиграфтан Абай аты түсіп қалғанына ішім удай ашыды.
Сөйтіп, Абай менің он екі жасымнан (Сонау 1934 жылы Алматыдан келген уәкілден алғаш естіген күннен) бастап, өмір бойы ғашық болып келе жатқан ақыным. Ана тілін үйретіп, ой өрнегін танытқаны, өнер құбылысын көрсетіп, көркем сөз кестесін көкірегіме тоқығаны үшін мен де Абайға мәңгі қарыздармын.


Абай тағылымы. Әдеби-сын мақалалар мен зерттеулер
 / Құрастырған филология ғылымдарының докторы,
профессор Нығмет Ғабдуллин. - 
Алматы: Жазушы, 1986. – 344-355-беттер.
 дайындаған: Анар Малдыбаева, Абай институтының
 кіші ғылыми қызметкері

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар