Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Зарқұм Баймергенұлы: "Иманымның Нұрына шомыламын..."

03.12.2015 274

Зарқұм Баймергенұлы: "Иманымның Нұрына шомыламын..."


 

аааа.jpg


ТІЛДЕРІНДЕ САҒАТТАРДЫҢ

 

                Элегия

 

Ағын ұрып бір тынбаймын,

Сызылтайын жыр сырнайын

Сөзден тоқып кестелейін,

Ұясындай құрқылтайдың

Тоқымасам

Сусындаймын,

Қуарамын

Қуқылдаймын.

 

Жүрсем біліп күн батқанын

Көрсем күнде таң атқанын

Іліп қойдым тағдырымды

Тілдеріне сағаттардың

Жарала ма

Жанның тәнін

Жасағаным

Жаратқаным.

 

Саба майы еселенсін,

Білемін мен кеш емесін

Татыр жерге еккен бүрім

Тамырланып өсе берсін.

Қайтармаймын

Меселдесін

Көгертейін

Көсегесін.

 

Қолымдағы қыл қаламым,

Толқытшы бір жыр толғағын

Жасайыншы ойдан ойып

Сөздің күміс сырғаларын

Шолпылары сыңғырласа

Бұрымында қыз баланың.

Ұшса көкте мұзбалағым

Қалай қарап

Тұрмақ әнім.

Тұрса бойда

Қызба қаным...

 

 

 

Сезім  селі

 

Беймезгіл кеш даланың аспаны да

Қара жердің білінбей тастағы да

Кезген ойлар миымда айқыш-ұйқыш

Астаң-кестең бұзылды қас- кағымда

Іңір кешін

Дауылмен бастадым ба?

Қоламтаны

Тұтатып тастадым ба?

 

Шегінбеймін алдыға ұмтыламын

Теріскей жел тебініп сыңсығанын

Төбе құйқам шымырлап суығына

Өңменімнен өткізіп шымшыладың

Басылмайды

Сондада ынтызарым!

Жүрісіндей

Құр аттың, жылқылардың.

 

Әйтеу-әйтеу жотаның бөктерімен

Жарысамын жалғанның көп желімен

Көз алдымда сан елес айғай салып

Қиялымда күн кешкен өктем үнмен

Көңіл шоғын

Маздатып сексеуілден

Неге сонша

Жанды жеп тек желігем.

 

Кетседағы кей-кезде ұртым қызып

Үркітпеймін ешкімнің шырқын бұзып

Іргесінде ақ үйдің төбет жатса

Ұмтылады шәуілдеп күшік үріп

Көрінеді көзіме

Түсі бұзық

О жасаған!

Қорықтым мысым кұрып

 

Маңғаз тірлік сыңсыйды салып әнін

Тамыздықты тұтатып тарығамын

Ойлар жүзіп бойымда бетті сипап

Өткенінде тұсынан қабірлардың

Ұжымақтын ұғынып

Таңы барын

Иманымның

Нұрына шомыламын.

 

 

 

Сынтастар, балбалдар...

 

            Қатар-қатар сынтастар

Қойныңда сыр бар жасырын

Жұмбағы мол ғасырдың

Бойыңа алып асылын

Тұрғаны куә тасыңның

Қашан келдің

                        бұл жерге

Айтсаңшы маған ашығын...

 

            Жарқа-жарқа сынтастар

Көгермейсің көктемде

Жаңбыр жауып өтсе де

Дауыл соғып кетсе де

Болмағандай ештеңе

Мыңқ етпейсің

                        тұрасың.

Өмір бойы осы жерде...

 

            Алуан-алуан сынтастар

Жұмыр жердің үстінде

Біліндірмей ешкімге

Жерден шығып өстің бе?

Әлде көктен түстің бе?

Құпияңды

                        білер ем

Егер саған тіл бітсе.

 

            Биік-биік сынтастар

Сөзімді менің тыңдашы

Дәуірді өткен жырлашы

Ғасырлардың құрдасы

Томаға тұйық тұрмашы

Байқастасам

                        кескінің

Ұлылардың тұлғасы.

 

            Ей, балбалдар, сынтастар

Сондадағы үнсізсің

Жақындадым тілсізсің

Бойыңда барын сеземін

Жасырын жатқан бір күштің

Әйтеубір бекер емессің

Күндерден өткен не кештің

Қасыңа келдім әдейі

Ішімнен үнсіз кеңестім...

 

 

Тұрсын мәңгі тіршілік – Рауан таңдар

 

                    (хикмет)

 

            Қысылғанда ренжіп жазғы реңдер

Көңіліңді жұбатар жандар барда

Орамды ойлар ұштасса армандарға

Қуанып шарқ ұрасың...

Жұбанып талпынасың.

Тамұқ күндер...

Мазалайды жаныңды...

Бәзбіреулер.

 

            Өмірдің белгісіз сарындарын

Сәулесімен тәңірдің өзгергенде

Өзгергенін күдіксіз көз көргенде

Бәріне де көнесің

Ақыл оймен,

Асып түсіп,

Кедір-бұдыр адырларын

Басып өтіп

Шұңқырлары қалың қарын,

 

            Көтеріңкі көңілің болған кезде

Абзал жанды, ақкөңіл адам барда

Жігерленіп бел байлап қадамдарға

Серпіліп құлшынасың

Алдыға ұмтыласың.

Тылсым түндер

Үзілмесін нәзіктер, тұрсын гүлдер.

 

            Елің үшін еркінсің іргеліңде

Адам болып, жер басып жүргеніңде

Сұлтан болмай ұлтан бол, Білгі еліңде

Жаңарып түлерсің,

Күлмеске де күлерсің

Аяғынан сүрінсе

Арғымақтай

Баяғыдай жүдерсің

Бірде мүлде...

 

            Осындай бір ойлардың жетегінде

Елің барда, жерің бар, халқың барда

Сипаты мен сыры өшпес салтың барда

Биікке жетем дейсің

Еркінсіп еркелейсің.

Абзал жандар!

Аманатын ел жердің арқалаңдар

Жомарт жандар!

Жомарттықты лайға жоғалтпаңдар

           

Дырдуменен дабырдың ортасында

Арпалысып, оралып өрт сезімге

Бейуақытта Бөкентау бөктерінде

Солған шоқтар ұшқындап кеткенінде

Түсініп ұғынарсың

Қызығып құнығарсың

Тікенекті өмірдің өткелінде

            Тұрсың мәңгі тіршілік – Рауан таңдар.

 

 

   Сескену

 

Сескенемін,

Түн жүремін, кей кезде кеш келемін

Айыра алмай мәнісін ештеңенің

Ер жеткен соң,

Есімді білген кезден

Шоғы сөнген ошақтан

Тілден, көзден

Сескенемін.

Ешкіммен де келіспей

Сырт айналып

Көтермей сіркесуым

Жүргенім де осылай теріс менің?!

Ала жібін аттамай еш пенденің

Жүре берем,

Ұзын жол, керішке мың,

Ешкім жүрмес жерлермен періштенің.

 

Сескенесің

Абыржып арланасың

Біліндірмей көңілдің жан жарасын

Сумаңдаған сұғанақ

Суық сөзбен

Жетім оймен

Үйіңе күліп кірген

Арам пиғыл жандарға таңғаласың?!

Тәтті сырмен,

Балды мұңмен

Әнге бөлеп әлемді жан баласын

Жүргеніңмен астында

Кең аспанның

Жүйкең босап бір күні алданасың?!

 

 

 

 

Қызыл тілім – дүлдүлім

 

Күңкіл-күңкіл күйбеңмен

Күнді өткізіп жүргенмен

Жету үшін осыған жеткенім жоқ

                                               бірден мен

Күндер де өтті керуендей,

Жанарыма нұр берген

Болса да тілім күрмелген

Өтсе де құйын іргемнен

Бойымнан өшіп кетпеген

Ойымнан тесіп көктеген

Қолымнан өскен жырлардың

Бұйдасын таққан күндермен

Домбырамды қолға алып

Томарлы оймен толғанып

Қасында болдым бірге Мен.

 

Айта алмай жүрдім күн бұрын

Ақтарсам көңіл шындығын

Көлеңкесі көрінбей көмейде

                                   жүрген бұлбұлым

Қапсыра жапсам туырдығын

Айқара ашсам түңлігін

Тандыры кепкен тірліктің

Тыртығын жамар кім бүгін

Жырларым күткен жаңарған

Кеудеме біткен қаламнан

Белгісіз жатқан төскейде

Домалақ жердің кіндігін

Бір қозғалтып кетпей ме

Қызыл тілім – Дүлдүлім.

 

 

 

АРМАНЫМНЫҢ АРҒЫМАҒЫ

 

Жұлдыздармен жүздесемін,

Қыран құспен үндес едім.

Сәулесімен ай сұлудың,

Ұғысамын, тілдесемін.

Ойыма орап,

Жыр көшегін,

Осындай бір,

Күн кешемін.

Сыбаға мен несібенің,

Түгендеймін несі кемін.

Еншімді алып, ел болған соң,

Еркін жатып, көсілемін.

Серпілгендей,

Сезінемін.

Сенімдерге,

Кезігемін.

Желді кезде желікпедім,

Құнды сөзге еліктедім.

Бүйірімнен бүлкілдеген,

Сөз мәйегін теріп көрдім.

Тереңінен     

Теңіздердің

Тіл маржанын

Көп іздедім.

Тұмса тұман шөккенімен,

Сырласамын көкте күнмен,

Кезіп жортып кеткенімен,

Мұңдасамын көк бөрімен.

Жаралған соң,

Ет теріден.

Барлығында,

Көкседім мен.

 

 

ӨЗЕГІМЕ  ЕГЕЙІН

 

Кеш қалғандай

Сыбаға мен олжадан.

Ақ қағазбен,

Қаламымды қолға алам.

Кұрастырып ойымдағы түйгенді,

Жазбақ болам,

Өзіме-өзім таңғалам!

Сезілгендей,

Бұл өнерде менен бір,

Өміріме-

Өң берердей өлең-жыр.

Аспанымнан ақ жаңбырдай жауса егер,

Тамған тамшың

Болар маған нөсер нұр!

 

Сол бір сәтте

Жанымдағы жыр түлеп,

Үміт отын

Үрлегендей бұл тілек,

Алдамшыдай лезде ғана басылма!

Өткіншідей-

Өте шыққан сіркіреп.

Жетегінде-

Сиқыр сыр мен сезіммен.

Толқын ұрған,

Иірімдерге кезігем.

Жүзгендеймін теңізінде қиялдың,

Нәр аламын,

Өлеңімнен өмірден.

 

Келсе ойға,

Келімді сөз бір шумақ.

Көңілімді

Көгертеді  жылыту –сап.

Кезі келіп кемеліне толығып,

Жүрген жокпа,

Жүрегімде жыр тулап?!

Жүйрік болып,

Алмасаң да, бас бәйге.

Тоқтамай шап,

Топ ортада төскейде,

Өзім еккен өнім нәрін берсе егер,

Көтеріліп,

Көңілім толып өспей ме?

 

Арқам қозып,

Бүлкілдесе көмейім.

Тынышты алып,

Тұтаттырдың демейім.

Бой ұсынып, өзің берген сол дәнді,

Өзегіме-

Өсірейін егейін...

           

 

Бұлттар болып көшемін

 

Ойсырап қалған ойларым

Оспақтап бір болмадың

Шөкімдей ғана миымның

Қан тамырлы жолдарын

Сонша неге қозғадың?!

 

Еңіреген ер шерін

Адалдықтың емшегін

Ақиқатын өткеннің

Айтады тек Күлтегін

 

Тұрағы жоқ тұманның

Көрген күнін ұғармын

Қонағы боп өмірге

Мен де келген шығармын?

 

Тағат таппай неше күн

Ерке желдей есемін...

Тұман болып тұрмаймын

Бұлттар болып көшемін!

 

Тесілгенше табаным

Ескіргенше жанарым

Тоқтамайды толқыным

Өзен болып ағамын...

 

Шеңберіне сағым қыш

Шегеленіп, құсамын!

Дәм біткен күн жаным құс!

Мамық жердің құшағын.

 

 

Таулар, таулар

 

Таулар, таулар!

Сілемдерің, жондарың сай-салаңда

Мүлгіген тылсым дүние -

айналаңда

Ашылып, айтшы маған

кім біледі?!

Қасыңда жауап берер жандар бар ма?

Сұрасам қай біреуі айта ала ма?

 

Жер ана күрсінгенде

сілкінгенде

Сездің бе, сезбедің бе – өз орныңда

Теңселіп, тербетіліп жүрсің кенде...

Дауылменен

өткізіп өңменіңнен

Тілдесесің әйтеуір тылсыммен де!

 

Бойларың, бояуларың толы сырға

Астаң-кестең жайылып жол ұшында

Толғанда жердің беті топан суға

Айтшы маған!

Аралда қалған кезде

Қылтиып жойқын суда еркін құрбы-ай!

Көрініп төбең ғана сен тұрдың ба?!

 

Мен де үнсіз, сен де үнсіз жанымдағы

Шыңдарым, жоталарым, адырларым,

Осылай тұрамын ба, майталманым.

Жауап бер сұрағыма?

Айқайладым!

Жан біткендей төбелер, атырабым,

Дауысыма қосылып шақырады

Жаңғырықтар

Ұласып  «бай-баламға»

Жауап берді... Жап-жақын

Айналам да.

 

Таулар, таулар.

Сөзімді ұқтың ба сен,

Сенімен менен басқа кім, жұп тұрды әсем.

Өлі тыныштықты

Нұсқадым да,

Білмеймін селт еткізіп ұстадым ба

Қымбат маған

Белдерің, бөктерің де

Құс саңғыған құздарың, тастарың да

Алақандай аяулы пұшпағың да.

 

 

ЖАСАМАЙДЫ МӘҢГІ АДАМ

 

Кетті менен,

Әкем шешем ерте бір.

Осыншалық,

Қысқама еді- ау келте өмір!

Қиял самғап,

Арман қолдап, жанымды

Болымсызға,

Қуанады ер көңіл.

 

Аңсай, шаршай,

Іздеуші едім жер-көктен.

Анашымды

Айлы түнде тербеткен.

Сәби қолым

Қармай-қармай елесті

Қатал тағдыр

Қаршадайдан шерлі еткен.

 

Қала берген,

Қалың орман селдіреп.

Тау тасыңда,

Мұжылады жел үрлеп.

Сәл нарседен,

Көңілім қалып налимын.

Сәл нәрсеге

Мәз боламын елжіреп.

 

Зілді сөзден

Ақау сызат алсам да

Кір сақтамай

Aқтарылам қашанда

Кезіккенін

Жылы шырай ниетпен

Қарсы аламын

Құшағымды ашамда.

 

Бәр бәріңді

Бөлмей көрем тең жіптей

Сырымды ашып

Ақтарылам мен бүкпей

Келсе қолдан

Жақсылықты аяaмай

Адамдарды

Жүрсем деймін ренжітпей

 

Жасамайды

Бұл жалғанда мәңгі адам

Қатарымнан,

Қалмайын -деп қамданам

Өзіме-өзім

Жігер беріп жүремін

Жанды адамның

Ақ жолы бұл таңдаған

 

 

Бөкен таумен сырласу

 

Көрінесің Бөкен тау,

Жақын жандай менімен

Бауырыңда ер жеттім балғын бала кезімнен

Кернеген бойда ойымды

Айтпасам болмас кеңінен

Құлазып көңіл мекені

Әдейі саған келіп ем

Шынымды айтып ашылып, сырласайын сенімен.

 

Қойнауыңда қоныстап

Отырғанда сенімді

Көштің басы басталды, ел іргесі сөгілді

Дабыл қақты Ұлы көш

Буындым бекем белімді

Бір құлшыныс байқалды

Жинадым етек-жеңімді

Табайын дедім елімді, жалғастырып тегімді.

 

Суығында ақпанның

Ыстығында шілденің

Асығады өрт сезім, алыстан нені іздедің?

Кәрі-жасы қозғалған

Қайтқан көштің тізбегін

Енді ғана түсіндім

Бүгіліп ойлар жүзгенін

Маңдайыңа жазған соң, көшуді бір үзбедің.

 

Тоқырайтын түрі жоқ

Байқасам елдің сыңайын

Ұлы жолға қосылып

Жолың болсын ылайым

Қимаймын сені Бөкен тау

Өзен суым, күн, айым

Шытырман ойға байландым

Күрмеуін шешіп шығайын

Ой санама осындай

Орнап бір уайым.

 

         Түс

 

Алаң-елең

Таңғы ертемен,

Тұрдым сонша асыға

Сезіктенем

Безіп келем

Қамшы басып атыма.

Абайласам

Бір қарасам

Жақыны мен алысты

Жанталасқан

Жағаласқан

Жандар шығып жарысты.

 

Бірі күлді

Ит боп үрді

Ентеледі артымнан.

Айғайлады

Аласұрды

Алғысы кеп алқымнан.

Дүбірлетті

Жер мен көкті

Жан-жағымнан тақымдап,

Көңіл кетті

Өкпем кепті

Таянғанда жақындап.

 

Дес бермедім

Сескенбедім

Қан қосылып қаныма

Ешбіреуін

Жеткізбедім

Жолатпадым жаныма.

Тіл қатпадым

Ұстатпадым

Сендім селдей күшіме

Енді білдім оянғанда

Жетектеліп ой арманға

Жүргенімді ішінде

Малғұндардың қызғанышы

Ызғарланып мұздап іші.

Үлкенге де кішіге

Ұстайын деп қуалаған

Жандар екен көре алмаған,

Албастылар антұрған

Кірген екен түсіме.

 

 

 

 

            Астана - алыбым

 

                    (әні бар)

 

Ұрпағы боп Көк түрік жаралғанмын

Тасырқадым кей кезде табандадым

Енесі жоқ емізер жетім лақтай

Жаутаңдадым, жасқандым алаңдадым

Көк шалғынды құрағым

Бұлдырлаған бұлағым

Бәріне көніп шыдадым

Көзімнің жасын көрсетпей

Ішімнен ғана жыладым

Елден-жұрттан алыста, оттай жаным

Жырын жырлап жанымды көп қайрадым

Су түбіне кетуге дәс қалғанда

Көтерілді көгіме көк байрағым.

Көктеді қайта гүлдерім

Айықты тұман түндерім

Теңдесті келте тілдерім

Ақсарбас қойды шалайын

Осы еді аңсап жүргенім!

Туымды ұстап желбірер жел мен ерен

Қатарласып бәрімен тең келер ем

Шаңырағын көтерді, Жаңа отауым

Сарыарқаға тігілді кең керегем.

Таңданды әлем жан-жағым

Астанам менің ардағым

Қыран құс көкте самғадың

Көк тумен бірге аспанда

Ұшып жүр асқақ арманым

Іздегенді адаспай таба аламын

Кем-кетікті толтырып жаңарамын

Елін-жерін қорғаған, еңкеймеген

Қасиетінен халқымның нәр аламын

Тамырларым жібіді

Бойыма қан жүгірді

Көзіме күлкі үйірілді

Таңданды әлем таңырқап

Әнұраным, үнімді!

                                                          

 

 

 

ҚҰСТАР ҚАЙТҚАНДА...

 

Сарғылт тартқан

Салқын самал күздегі

Аспандағы

Ұшқан құстар тізбегі

Маған арнап

Қош айтысып кеткендей

Көз алдымнан

Бейнесін бір үзбеді

Жігерленем

Өзіме артып көп сенім

Терең оймен

Тамырланып көктедім

Күйбеңдеген

Анам ғана қасымда

Екеуімізді

Неге ала кетпедің

Көз алдымда

Тізбектеліп неше күн

Мейіріміне

Қанағат-ғып шешемнің

Мұңайма апа

Қатаяды қанатым

Ержетемін

Менде ұшамын өсемін

Өткізсеңші

Бізбен бірге қыс жазын

Үйренсеңші

Қыстың аяз қыспағын

Кетсем деп- ем

Менде алысқа өзіңдей

Қанатымның

Жоқтығынан ұшпадым

Маужыраған

Төңірегім жан -жағым

Көк аспанның

Сәні болып самғадың

Көрсетіңбе

Менің жүрер жолымды

Қосылғандай

Қиялым мен арманым

 

 

 

Әркім туған жері – Мысыр шаһары

 

Құнарлы жер,

Құндызды жер туған жер

Ақбасты тау,

Мөлдір бұлақ айдын көл

Таңғажайып тамашадан еріксіз

Көкейімнен

Төгіледі өлеңдер

 

Өлең жырым,

Өзің десе ағылар

Алыс кетсем,

Аңсап жүрек сағынар

Тау тасында, жазығында жүгірген

Жастық шақтың

Сораптары табы бар

 

Арқар киік,

Тауларында сан ұлар

Жеміс жидек,

Неше түрі бәрі бар

Құрсағынан, сәби болып ананың

Туған жұртым,

Кіндігімнің қаны бар

 

Талай тарлан,

Туып өсті бұл жерде

Үлгі өнеге,

Ұрпақтары біздерге

Құт мекенім, құнарлы өлке Баянұр

Алқаптарың,

Тола берсін гүлдерге

Қойнауыңда,

Тұсау кесіп хат танып

Ұштым сенен,

Білім қуып аттанып

Отау болып, қанатымыз қатайып

Өмір жолын,

Өз ортаңнан бастадық

Қасиет бар,

Сенен алған қанымда

Қуат қосып,

Нәр береді жаныма

Петерборда, Мәскеуде мен жүрсемде

Аңсап кетем,

Алағызып сағына

Қазына бар,

Сандығыңда ашпаған

Келбетіңе,

Кең тыныспен шаттанам

Әркім жері,

Шаһары-ғой Мысырдың

Орның сенің

Бөлек маған басқадан.      

 

ҚАЙЫН ЖҰРТ

 

Ер жігітке

Қайын жұрты сыншыл деп,

Кәрі әжеміз айтушы еді күңкілдеп,

Кейбір кезде

Айтқанына күлкім кеп,

Кейбір кезде

Ойлаушы едім «мүмкін» деп,

Өмір өзі

Балалықтан айырып,

Күйеулікке

Алып кетті бір күн кеп.

 

Өрнекті өмір-

Дөңгеленген шар айна,

Мүмкін мені

Басқа жанға санай ма,

Барғанымда

Сыншыл көзбен қарай ма,

Өз ішімнен

Ой жүгірттім талайға,

Күні бүгін

Сыйластықпен келеміз,

Ешбір жағдай

Болғаны жоқ алайда.

 

 

Күйеуді ертіп

Құда түсті кешіне,

Болған жайды

Жасырайын несіне,

Маңғазданып

Мені ерткен бас құда,

Төр алдында

Төгіледі шешіле,

Абайласам,

Бас құдамен қатарлас

Отырыппын,

Мен де төрдің төсіне,

Аттанарда

Берген үйден тапсырма,

Оянғандай

Енді түсті есіме.                                                                              


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар