26 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ықылас Ожайұлы: "Қалам ұшына тұнған сыр..."

12.11.2015 313

Ықылас Ожайұлы: "Қалам ұшына тұнған сыр..."



Ықылас Ожайұлы

(Психологиялық этюд)


«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы». Қазақта бұдан құнды, бұдан құдіретті сөз жоқ. «Тәтем осы сөзді жиі қайталап отырушы еді», – дейді Шәкәрім қажы. Адам жанына ең жайлы, ең жақсы көретін сөзді жиі айтатыны белгілі. Бұл сөзді өмір сүру қағидасына айналдырған Құнанбайдай әкеден Абайдай ұлдың тууы заңдылық болар.


***


Бұл ғақылияны жоғарыдағы ойдың сабақтасы десек те болады. Құнанбай қажы айтқан саф алтын, самғауық осыбір ойға отыз екі жыл ғұмыр кешсем де жете алмай-ақ қойдым. Өмірдегі өкінішім де осы. Адамияттың асқақ көкжиегіне көтеріліп мынадай алапат, аспантекті ой айтуың үшін оқуың мен тоқуың, сөз жоқ жеткіліксіз екен. Мұндай өрелі ойға иелік етуің үшін генологиялық жаралым (тектілік пен пәктілік, таза қан, таза құрсақ) тағы да сол секілді рухани ресурстардың қажет екендігіне зәредей шүбәм жоқ.


***


Біз өкінішке қарай ақиқатты архивтен іздеп жатамыз. Жоқ, аспаннан (Алладан) іздегеніміз жөн. Мұса пайғамбардың «Ей жұртым біз аспаннан алыстап кеттік» деген сөзінде түсінген адамға хикмет бар. Себебі архивті адам жасайды, қаласа өзгерте алады. Олай болса архивтегі деректің алты пайызы ғана рас болуы мүмкін. Ал қалған тоқсан төрт пайызын білмекке илләһи таным қажет. Қысқасы, адамзат баласы өзі жасаған трагедияның кейіпкері. Неге дейсіз ғой? Аллаһ-Тағаланың «махаббатпен жаратқан» адамзат баласына қылар ешқандай қиястығы жоқ. Жаратушы Ие кемшілік атаулыдан мүлде пәк дейтініміз де сол. Әгәрәки, пенде баласы белгілі бір зұлымдыққа ұшыраған болса, (ол тіпті тұтас ұлт болуы да мүмкін) оның өзіндік себептері бар. Себептің түпкі тіні қателік пен күнәдән туындайды.


***


Ғылымда РЕСЕНТИМЕНТ деген түсінік бар. Мұны Абай өлшеміне айналдырсақ: «...Өзімнің иттігімнен болды демей, жеңді ғой деп шайтанға болар көмек». Яғни, өз мінің мен кінәңді мойныңа алмай, өзгеге жабу деген мағынаға саяды.


Ертең Қазақияға Алла жеткірсе, 31 МАМЫР туады. Бұл баршамызға белгілі САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ. Дәлірек айтсақ, Сталин мен Голощекиннің жеті бабасын желдей көшіріп, аруағына анофема айтып, қарғыс жаудыратын күн. Бұл біздің тұрақты түсінігіміз бен мызғымас көзқарасымызға айналғаны қашан...


Құрметті оқырман қауым, сіздер дұрыс пайымдағандарыңыз жөн, біз бұл арада қос қандықолды ақтамаққа ешқандай да талпыныс жасап отырғанымыз жоқ. ӨЗІМІЗДІ СҮТТЕН АҚ, СУДАН ТАЗА, ӨЗГЕЛЕРДІ КІСӘПІР САНАЙТЫН сәби санамыз (инфантилизм) турасында ғана азырақ сөз шығындап отырмыз. Айталық, Кеңес одағының тұтас территориясын шарпыған қанды репрессиядан славьян тектестерді сөз қылмағанда қырғыздан 38, тәжіктен 2, өзбектен 7, АЛ ҚАЗАҚТАН 67 МЫҢ АДАМНЫҢ АЖАЛ ҚҰШУЫН НЕНДЕЙ ҚИСЫНДАРМЕН ТҮСІНДІРЕ АЛАР ЕКЕНБІЗ? Атқан Сталиндік жүйе екендігі айдай болғанымен, АТҚЫЗҒАН КІМ?



31 МАМЫР - отқа ұмсынған пәруана көбелектей тызақ қаққан ОСЫ САУАЛДАРҒА БАРША ҚАЗАҚТЫҢ ҰЯТ ПЕН ҰЖДАН АЛДЫНДА ТІК ТҰРЫП ЖАУАП БЕРЕТІН КҮНІ.


Ұлт болып ұйысқан болсақ, байыбына ендеп, ӨЗ ІШІМІЗГЕ ҮҢІЛІП, ОҚИҒАДАН ОЙ ТҮЙЕРМІЗ. Ел болудан кетіскен болсақ, ӨЗ мінімізді тағы да ӨЗГЕГЕ жабармыз. Орысты, оның ішінде Ленин мен Сталиндік жүйені тілдеп, сұңқылдағаннан шыққан қазақтың мүйізі кәні?

Ойлансақ нетті...


***


Тарих – мақтану мен өмір сүрудің құралына емес, тәжірибе алаңына айналуы тиіс. Тарихтың қайырылып соқпай, қайталанбай қоймайтын тағы бір шындығы бар. Міне, тарихи тәжірибе сонда ғана сізбен бізге зерделі таңдау, дұрыс пайым жасатады. Қазақ халқын қанкөбік еткен екі сериялы «1932» – «1938» атты трагедиялық фильмнің сценарин сөз жоқ Ленин жазды. Режиссоры Сталин болса, көркемдік жетекшісі Голощекин, әртістері большевиктер (жасырып неме керек, басым бөлігі өзіміздің қандастар) болды. Ахаңың (Ахметтің) ашынып айтатын «Маған ауыр осылардың бәрінен, Өз ауылымның иттері үріп қапқаны» дейтін қамырық қалі осыны аңдатады. Режиссордан көрі әртістердің майдан сахнасындағы әсіре әпербақандығы көбіне шешуші рөл атқарады. Тарих қайталанып жатыр. Тағы да сол кеп. Тәубә еткеніміз кәні. Ғибраттансақ нетер еді...


***


Дін – рухтың бостандығы. Ол ең алдымен адамның өз ішіндегі надандық пен менмендік, жалқаулық пен жағымпаздық секілді кіші пұттардан тазалануға үндейді. Сонда ғана рух нағыз бостандыққа жетіп жалғыз Жаратушыға құлшылық ететін болады. Бұл бостандыққа ие болған адам ең еркін, ең парасатты адам болмақ. Сосын, өмір мен өлім философиясы да мүлде бөліп жаруға келмейтін бір контекстегі тұтас ұғымдар. Бірінсіз бірінің мағынасы ашылмақ емес. Өлім бар болғаны, жер үстінен жер астына өткізуші құрал (процесс) ғана. Өкінішке қарай, дін ислам өмір сүруіміздің өзегіне емес, мүсәпір санамыздың мүгедек көзқарасына айналып отыр.


***


Жыршы Елдос Еміл сұңқылдататын «Көкмойнақтың үйірі» мен Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» фильмін көргенде, неге екенін білмеймін, есіме Әлихан Бөкейханов түседі. Қайғыдан қос көзім парлап, бұл шіркін (репрецияны айтамын) адамның асылына ғана емес, күллі арғымақ атаулыға келген нәубәт екен ғой деген байламға бекимін. «КЕРУЕН КЕРІ АЙНАЛҒАНДА, АҚСАҚ ТҮЙЕ АЛҒА ШЫҒАДЫ ДЕГЕН ОСЫ». Бұл біздің бүгінгі картинамыз. Не нәрсенің бағасы салыстырғанда ғана анықталады ғой. Ешқандай кертартпалыққа салынып көнені көксеу емес. Қолымды ҚҰРАНҒА қойып сөйлеуге бармын, бүгінгі біз мақтап жүрген ел басындағы «қошқар» мен «текелер» (серкеден садаға кеткірлер) бұдан бір ғасыр ілкідегі АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ қасында, қолына су құюға да жарамайды. ОЛАР ЕЛ ҮШІН ЕҢІРЕП ТУҒАН ШЫН ЗИЯЛЫЛАР ЕДІ. Мұны айтып отырған себебіміз, МЕМЛЕКЕТТІ ұран мен планға ғана қызмет етіп үйренген құлтемір (робот) чиновниктер емес, жасампаз ЗИЯЛЫЛАР басқаруы тиіс. Балықтың басы ғана емес, ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ КҮЛЛІ ҚҰРЫЛЫМЫ БОРСЫП КЕТТІ. Дәл қазір аңқасы кепкен алаш баласына жаңбырдай жаңашылдық керек. Ж А Ң А Ш Ы Л Д Ы Қ.


***


Кешегі құдайсыздық һәм коммунистік идея орыстың етегінен жем жеген мертік пен шартықтарды, ұлтсыздар мен тексіздерді тәрбиеледі. Соның кесірінен некесізден – жетесіз, жағымпаздан – жандайшап, тексізден – құл-құтан, зинақордан – зұлым ұрпақ дүниеге келді. Бүгінгі қазақ қоғамын жайлаған індеттің сиптомы осы ма деп ойлаймын...


***


«Тарих қайталанады» дегенге тағы бір көзім жетіп отыр. Кешегі интернационализм – толеранттық түсінігіне, КҮН көсем (Ильичтің жарығы десек те болады) – НҰР ұғымына айналды. Сөздің сыртқы мағынасы ғана демесеңіз мазмұны өзгермеген секілді. Мұны математикада қосылғыштардың орыны ауысқанмен, қосынды өзгермейді деуші ме еді, қалай еді өзі?


Айтқымыздың келгені бұл емес еді дүр...


Бұрнағыны тізбегенде, мешін жылы мешел халге түсіп қалжырап тұрған қазақты репрессия жарақаты реанимациядан бірақ шығарды. Қазір де қазақ жансақтау бөлімінде (өмір мен өлім арасында) жатыр. Қатты соққыдан қыруар қан жоғалтқан бұл миләттің миы шайқалып, тілі күрмелді (Өз тіліміз бен ділімізден өзіміз жеріген бүгінгі бейшара бейнеміз соның салдары). Ендеше есінен танған қазақтың ажалына араша, қаны мен жанына донор болар жанкешті азаматтар қажет-ақ шіркін!..


***


Исламияттың төртінші халифаты хазіреті Әлиден қалған мынадай уәзипа бар. «Адамзат ұйқыда, тек өлгеннен кейін ғана оянады» деген. Осы жердегі «АДАМЗАТ» ұғымындағы ойды қазаққа қатысты қолдансақ, бұл ғақлия тіптен түсінікті болар еді. Бұдан бір ғасыр бедерінде Міржақып «Оян, қазақ», Ахмет «Маса» болып мазасын алған ҚАЗАҚ летаргиялық ұйқысының бояуы одан әрі қоюланып, терең тынысты қорылға ұласты. Бұрнағы ұйқы бүгінге астар болмай қалды. Қазақ қазірге дейін, коммунистік наркоздың кереуетінде керемет (қиял ғажайып) түстер көріп жатыр. Бір қызығы, кеңестік көрпенің астынан сызылып шыққан небір алуан түрлі алапат дыбыстардан көршілеріміздің көбі оянып кетті. Ояна алмай талаурап, түс көріп жатқан біз (қазақ) ғана. Пайымдай алар парасат болса, ұйқымыз өңімізге, түсіміз тағдырымызға айналып барады... Осыдан шығар «оятамын» дегендердің көбін опат қылып жатырмыз. Әйгілі Әлиханның (Бөкейхановтың) бір тәржімасында мынадай тәмсіл бар. «Біреудің көзі, біреудің көңілі соқыр. Қай соқырлық та болса кемшілік. Соқырлығының бейнетін әркім өзі көреді...» – дейді. Біз осының екеуінде еншілеген секілдіміз. Демек, зайырлы қоғамның рухани зағиптарымыз десек те болады. Соқырлыққа су қараңғылық тән. Қараңғы жерде кім не істеп, не қоймайды? Бәріңізге мәлім, қандықол қылмыс атаулының қараңғыда жасалатыны бесенеден белгілі. Базбіреулер біздегі соқырлықты (білместікті) пайдаланып, ойына келгенін үсті-үстіне жасап та жатыр.


Біздіңше, бүгінгі қазақ рухани дертінің ұлы диагнозы төмендегі қос ұғымға КӨЗ бен КӨҢІЛГЕ ғана тіреліп тұр.

Исі қазақтың «көзі (ұйқысы) ашылып, көкірегі оянған» күні бәрінің басқаша түрленбегі сүттен ақ, күннен жарық болмақ...


***


Біздер – сотталғандармыз. Өзіміз сотталмасақ та санамыз сотталды. Рухизат танымымыз ғасырлар бойы Соцлагерьдің төрт төңіректі тұмшалаған түрмесінде жатты. Дәлел дейсіз бе? Азаттық ауа райы орнай қалып еді көбіміз кеңестік түрменің қып-қызыл қылмыскерлері екенімізді дәлелдедік. Таладық, талқандадық. Бүлдірмеген бір нәрсеміз қалмаған екен. Тұншыққан түрмелік түйсігімізден шығар, біз түк те түсінбеппіз. Бақсақ, Бөкейханов сотталмапты, біздің санамыз сотталыпты. Ахмет атылмапты, біздің азат ой, ақылымыз атылыпты. Сірә, шын мүсіркеушіні алмастырып алғанға ұқсаймыз.


***


Ғылым – рухани нұр. Білімнің мақсаты пендені шен мен шекпенге жеткізу емес, керісінше иманы саламат кәміл адамиятқа көтеру. «Би болу, болыс болу өнер емес» дейді - Абай жарықтық. Себебі рухани сәуле сіңген кеудеде қараңғылық (жаһилдік) тұрақтамайды. Ғылымның обьектісі «Іштегі кірді қашыру» болса, нәтижесі «Адамның кеудесін хикметке» айналдыру.


***

Қазақ қоғамын «құлдық құйыны» ғана емес, қарғыс құйыны да айналып жүрген секілді.

«Сиқыр сөзбен арбасаң,

Табиғат басын иеді.

Кәрленіп кімді қарғасаң,

Қатесіз оғың тиеді». (Шәкәрім қажы).

Бұл еш дәлелдеуді қажет етпейтін абсолютті таным.


«Қарғау» дегеннен шығады Авар (Дағыстан) халқының қоғам қайраткері, ақын Расул Ғамзатовтың естеліктерін оқып отырып әлемтапырық күй кешкенім бар. «Біздің әр ауылдың өз қарғысы бар. «Анаңның сүтімен дарыған тіліңді түсінбегір!», «Алла сенің ұрпағыңа тіл үйрететін адам қалдырмасын!». Авар халқында бұдан ащы, бұдан өткен жаман қарғыс жоқ» - дейді Расул Ғамзатов. Мені әрі-сәрі етіп, санамда әлдеқашан көмескеленіп үлгерген ойларға қозғау салған да осы сөздер болды. Дәл осы тақылеттес «Үй, Орыс болғыр...», «Орыс болып кеткір» деген секілді қарғыстарды да қазақ қарттарының ауызынан әлденеше рет естігенім бар. Бірде қаралы үйге көңіл айтуға бардық. (Әрине, жығылғанды сүйеп, жылағанды жұбатайық деген мақсатпен). Жаназа намазы оқылып, жарықтықты соңғы сапарға аттандырар сәтте артта қалған ұл-қыздары «айқайға» басты. «Родная мама. Не ухади. Как без тебя будем жить!». Ай, дүние-ай десеңші, ақтық сапарында балаларының ауызынан «анашым-айды» естімеген (мүрдені) аяп біз тұрмыз. Осыны ойлағанымда жон арқам мұздап сала берді. Қарғыс қалт кетпеген екен. «Орыс болғырдың» орындалғанына бұдан артық не айтуыңа болады...


***


«...Самалтау қайран жерім арта қалды,

Адасқан өрісінен біз бір үйір» .

Осы бір ән еске оралған сайын көкірегім удай ашып, әлемтапырақ күйге түсемін.

Тілі өзгерген ұлттың түрі де өзгереді екен. (Біз бұл жерде бет пішінімізді (өңімізді) өзгерткен орыстың 14 әрпі хақында айтып отырмыз). Әріпті дыбыстың таңбасы немесе нотасы десек те болады. Демек әріптің өзгеруі әуездің (дауыстың) өзгеруіне де өз әсерін тигізбей қоймайды. Күмәнданған екенсіз көне граммофонға жазылған Мұстафа мен Мұхтардың дауысын тыңдап көріңіз. Саңқылдап шыққан саңылақтар үнінен күдігіңіз сейіліп, біз аңдатқан ойдың төбесінен дәл түсеріңіз анық. Бұдан шығатын пәтуә байламы – бір әріп бір ұлттың антропологиясын толығымен өзгеріске ұшырата алады. Мұны ғылымда қателеспесем энтелехия дейді.


Рас бүгінгі қазақ – басқа қазақ. Тік ішегі мұздаған, бетон бетті, сұп-сұр суық қазақ. Басқа өріске тап болған төл болмысыңның өз үйірінен адасып шұрқыраса алмаған ақуалына сәт сайын жолығасың. Сосын дәл қазіргі қазақ қоғамында ҚАЗАҚ болудан қиын ештеңе жоқ екендігін түсінесің.

Хош делік....

Бұдан бір ғасыр бедерінде Ғұмар Қараш баласы :

«...Әрбір істе қазақ исі аңқыған,

Тірлікті көзімізбен көреміз бе?» - деген сауал жолдаған еді.

Жасырып неме керек, аталған асау сұраққа күні бүгінге дейін МЕМЛЕКЕТТІК МАЗМҰНДА толыққанды жауап берілген жоқ. Бұл білген адамға мәңгілік елдің мұратын екі-ақ ауыз өлеңге сыйдырған құдіретті сауал болатын.

Ал қарымта жауап қатуға Қазақия елі қашан даяр болады? Тіл мен ділді айтпағанда ішкен асымыз бен киген киімімізден КІМДЕРДІҢ ИІСІ шығады өзі?...

Бұл әр қазақ баласының ҰЯТЫ мен ҰЖДАНЫНА түскен ұлы сын болуы керек.

Қазақ топырағында жаратылған данышпандарымыз бүгінімізбен келер уақытымызға да өз болжамдарын жасапты. Айтқандары келсін, дуалы ауыздарымыздың дені жақсылыққа жорыпты. Рас, көп дүниенің құйысқаны босап, көбесі сөгіліп келеді.

«Қазақ аңқитын» күн де АЛАШҚА алыста емес секілді...


***


Адамға берілген бір ғана жүрекке бірнеше ынтызарлықтың сыймасы анық. Көп ынтызарлық (дүниеқорлық) бұлар жүректің құтысын қарайтып, ырғағын бұзатұғын нәрселер. Әрине, олардың өз қалыбы мен шегі болады. Сан-саламен сырқаттанған жүректі сау (шын) жүрек деп айтуға әсте болмайды. Дәлірек айтар болсақ, бір адамның кеудесінде бірнеше ұғымдардың үлпілі (соғысы) болса ол жүрек махаббатқа емес, нағыз майданға айналған жүрек. Жаратқанның жалғыз өзіне бағынып, оның хикметімен жұпарланған жүректі ғана сау (шын) жүрек деуге лайық. Абай хакімнің: «Шын жүрек-бір жүрек» деп отырған ойының астары осыны аңдатады.


***


Русь қоғамының ел болғалы ермек еткен бір қағидаты – қолдан құдай жасау технологиясы. Патшалық Ресейдің дінмен не үшін араз болғандығын енді түсінген шығарсыз. Себебі нағыз Құдай тұрғанда жасанды құдайларға сірә да орын жоқ. Діннің танымдық ( «Таухид» (Аллаға серік қоспаудың) негізгі мақсұты да осы-тұғын. Арғысы Николай, бергісі Ленин мен Сталиндер де жоғарыдағы перғауындық технологияның кезекті өнімдері болатын. Енді ойланып көріңіз, «құдай» өзінің нағыз құдай екендігін сезіну үшін оған құлшылық етуші, дәлірек айтсақ, тұла бойымен тәу етіп табынар тобыр керек. Біздің әлі күнге пайымдай алмаған тоталитарлық режим табиғатының бар құпиясы осы ғана. Оның патшаға мадақ, халыққа тамақ (кей кездері таяқ) атты қос тәсілден тұратын қарапайым ғана механизмі бар.


Ендігі әңгіме әлхамын өз өмірімізге қарай бұрсақ. БІЗ ОСЫ ЛАҚТЫРҒАН ТАСЫМЫЗДЫҢ бір басына бірнеше несие (кредит) жүктеген қазаққа тиюінен нендей тақсіретті аңғарып отырмыз? Алуға жеңіл, айтуға оңай осы бір істің тақылетімізге түсірген салмағы жайында бір сәтке болсын ойланып көрдік пе өзі? Мүмкін сана сезіміміздің мемлекеттік мазмұнға ұласып, ұлт пен ұрпақ хақында ойлай алмауымыздың ең бір талмау тұсы да осында жатқан болар.


Әйтеуір бір білетінім, тіршілік қазығына арқандалған жанбағар халықтың ойлау мен ой жаңалауға (оқуға) деген уақытының жоқтығы. Халықты мәңгілікке құл етіп санасына шіре, тақымына бұрау салып, тырп еткізбей тұншықтырудың ең ғажайып тәсілі де осы. Өкініштісі сол, «ойландырмау» ойынының ойыншығына (қуыршағына) айналған біздерге қалғаны – тек жасанды «жаратушыларға» арнап жаппай жарапазан айту. Осы жолда ҚАСТЕРЛІ ҒЫЛЫМ мен ҚАСИЕТТІ ДІНДІ де аяусыз бұрмалап, өтпелі саясаттың қолжаулығына айналдырып бақтық. МЕМЛЕКЕТ САЯСАТЫ ҒЫЛЫМ МЕН ИМАНҒА БЕЙІМДЕЛМЕЙ, керісінше дін мен ғылымды өздерінің өлермен пиғылына қарай бейімдеді. Елді ел ететін де осы екі құндылық еді ғой шіркін. Енді не болар екенбіз? Әлде жиырма төрт сағат бойы бір дамыл таппастан «дамып жатырмыз» дейтін теледидардың айтқанына сәбидей сеніп отырсақ па екен?..


***


Алланың ақиқат нұры адам баласының қос мүшесінің біріне келіп қонақтайды. Біріншісі тіл болса, екіншісі әрине жүрек. Біздің бұл жерде «нұр» деп отырғанымыз илләһи иман мен таным. Осы иманыңыз тілде болса айтылады, жүректе болса заттанады, яғни жүзеге асады.

Демек: Қос шикі еттің – бірі жалған, бірі шын.

Мұны хакім Абай:

«Алла деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз қол емес.

Ынталы жүрек шын көңіл,

Өзгесі Хаққа жол емес» - дейді.


***


Жаратушы Ие бізден кейін дүниеге келетін сандаған ұрпақтарды тегіміздің негізінде жаратады. Тек (ген) – болашақ ұрпағымыздың генетикалық коды. Мұны медицина ғылымы әлдеқашан дәлелдеп қойған. Түр-түсіміз бен мінез-құлқымыздың ата- анамызға, ағайын-туыстарымызға айнымай ұқсауының құпиясы осында жатыр. Олай болса, тек дегеніміз өзіміз екен. Демек, тектің бүлінуі біздің, ал біздің бүлінуіміз күллі ұрпағымыздың адасуына жол ашады.


***


Мемлекетті һәм оны құраушы қазақ халқын бір организм деп қарауымыз керек. «Алаштың» да арманы осы болатын. Мәселен, қолымызға кішкентай ғана шөгір кіретін болса сол үшін ыстығымыз көтеріліп, жанымыздан маза кетеді. Бір организмнің залалданғанынан болып бүкіл ағзамыз жайсыз күй кешеді. Өмірдің осындай ғана қарапайым қағидасынан біз де, билік те мол тағылым алуға тиіспіз. Біз әр қазақты өз ағзамыздай сезінгенде ғана төрт құбыламыз түгел, бақуатты мемлекетке айналамыз. Сосын, әр қазақ баласының сүйгені Алла, сүйенгені әділет, қорғайтыны азаттық, қорқынышы надандық, ауруы Абай болуы тиіс.


***


Сана – фотоаппарат. Көрген, білгенін мәңгілік сақтап қалады. Кейін бұл ақпараттар қанға, қан арқылы генетикаға сіңеді. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз бергіні айтпағанда, аштық (1932) пен абақтыны (1938) көрді. Санадағы сурет (үрей) оларға үндемеуді үйретті. Гендегі улы ақпараттар радиациясының элементі түгел дерік төлдеріне (біздерге) өтті. Кейде ойлаймын: «Біз кімбіз осы? Шынымен жастармыз ба? Жас болсақ аға буыннан неге аумаймыз?» деп. Сөйтсем себеп санамда екен. Сана ғұмырыма, суреттер мінезіме әлдеқашан айналып үлгерген екен.


***


Денеге басылған таңба өшер, өзгерер, бірақ санаға басылған таңба өзгермек емес. (Мейілі оған мыңжылдықтар мен ғасырлар өтсін.) Сол мөрдің төс табанындағы штрих белгі (таңба) – құлдық психология. Бұл белгі біздің санамызға бұдан бірнеше ғасыр бұрын бедерленген болатын. Кеңес кезеңінде сол індет атадан балаға, баладан жөргекке көшті. Менің бар білетінім құлдық мөр мәңгілікке соғылады екен. Ол өшуі үшін, сол саналардың иелері пәниден көшуі керек. Өйтпейінше азаттықта асқақ қасиет, мәнерлі мазмұн болмайды. Құлдықтан құтылудың жалғыз-ақ жолы осы ма деп ойлаймын...


***


Абай шамырқанған бір шындыққа тап болып отырмын. Қазақтың мағынасы майысқан бірқадар мақалдарына шүйлігуші еді ғой жарықтық. Сондай сөлсіз сөздің бірі, пәленшенің дейік, «жақсылығын асырып, жамандығын жасырып» ұғымы. Осы бір лепестің сөз емес-ау, бұлжымас қағидаға айналғаны қашан.

Әсіресе патшаларға келгенде тіптен түрленіп сала береді.

Жарайды «жақсының» жақсылығын асырып-ақ бақтық делік. Не нәрсенің болсын асыра сілтенуі талайда-талай тағдырымызды тоз-топалаңға ұшыратқан жоқ па?!..

«Асырғанымыз» мынадай болса, «жасырғаннан» не барақат таппақпыз.

Жасырған жамандығымыздың күн ертеңгі шындығын қай бетімізбен бүркемелеп отырмақпыз. Әйтеуір екеуі де Жаратқан жақатпас қылықтар екендігін сау ақылымыз сараптай алар. Осы екі ұғымның өлшемін білу парасатты елдің ғана ұстанымы.

Бұл – «жақсы менен жаманды айырмаудың» диогнезі. Абайға тоқтамау – трагедияның басталғаны. Нәтижесі құрдымға құлатады...


***


Анау жылдары Жапонияда жер сілкінісі болғанда қалған ел «енді қайтпек екен» деп бір дүрліккен болатын. Базбір білгіштер бұл апат енді Жапон экономикасын елу жылға дейін тұралатып кетуі мүмкін деп жарыса жазып жатты. Күн шығыс халқының самурайлық санасы мен камикадзилік ерлігін бағамдай білмеген жүйесіз сөздерге ішімізден бір мырс етіп күлдік те қойдық. Сол Жапонияңыз бүгіндері түк те болмағандай, алапаты артып күннен күнге қарыштап барады. Ақшулан аралдың ортасында орналасқан мемлекетке бұдан кейін де нендей тыныштық болсын деп мүсіркейтіндерге мынаны ескерткіміз келеді: біз сейсмологиялық тұрғыдан балдық қуаты одан пәленбай есе пәрменді жағдайдың үстінде отырмыз.

ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ қасында жер сілкінісі, СУАЙТТЫҚТЫҢ қасында цунами дегеніңіз апат па, тәйірі. Әсіресе, құлдықтың қасында...


***


Ару Ақжүніс айтатын: «Қара жерге қар жауар, қанды көр де, етім көр...» теңеуін қазіргі қалімізге қарай бейімдесек:

«Қазақ қалай десеңіз,

Ханды көр де, елді көр,

Елді көр де, ханды көр», – деген жаңа байлам жасаған болар едік.

ХАН – халықтың жиынтық бейнесі. Ханның деңгейі ХАЛЫҚҚА, халықтың деңгейі ПАТША АҒЗАМҒА өз салқынын тигізбей қоймайды. Хош делік...

Төрткүл дүниеге мәлім «кентавр» атымыздың келе-келе «баранға» айналғаны қалай? Бұл «сырт көз сыншының» бізге берген әділ бағасы. Дәлірек айтсақ сапамыздың суреті-тұғын.

Тұлпардан тоқтыға дейін құлдырауымызға сөз жоқ, тарихымыздың өн бойын шарпыған канкөбік кескілестер әсер етті.

Солай десек те қазақтың бастықпаған асау қаны Қасым мен Хан Кенені дүниеге әкелді.

ТҰЛҒАНЫ ХАЛЫҚТЫҢ РУХАНИ ДЕҢГЕЙІ ТОЛҒАТАДЫ.

Құнары қожырап, түйіршігі сарқылған сұйық қаннан суайттар ғана жаратылып, ел атаулыны жаппай есерлік эпидемиясына ұшыратады. Алпамыстардың жоқтығы Ұлтан құлдарды ұлық ететіні секілді.

Ендеше ХАН – қандағы түйіршігіміздің (ақпараттың) мазмұны. Оған өкпелеу, ӨЗІҢЕ өкпелеуің ғана. Басқалай түсіндіріп болмайды.


***


Ықылымдарға бармай-ақ беріден шиырсақ Махамбет пен Тәтімбет, Дәулеткерей мен Құрманғазы Ақан мен Біржан, Абай мен Әсет, Шәкәрім мен Мәшһүр, Әлихан мен Мұстафа, Ахмет пен Ақжан, Мұхтар мен Ғабит, Әлікей мен Қаныш, Жүсіпбек пен Ғарифолла, Сүгір мен Төлеген Әбікен мен Мағауия, Мұқағали мен Жұмекен, Таласбек пен Серікбол (өзге де есімі аталмай қалған алыптардан кешірім сұраймын) ұлттың генетикалық кодтары. Әлиханша айтсақ «тағдыр тудырған сом алтындар».

Бұлар телефонның сегіздік саны секілді. Термесең (білмесең дейікші) ұлт ұғымына ендей алмайсың.

Ал «қызыл кітапқа» кіретін қазақтар тізіміне Мұхтар (Мағауин), Төлен мен Әбішті, Есенғали мен Тыныштықбекті, Тұрсын мен Мейірханды (Ақдәулетұлын), Досай мен Амангелдіні (Айталы), Толғанбай мен Жанғалиды ойланбастан жатқызуға болатын шығар. Тізімге түзету жасаймыз дейтіндер табылып жатса мархаббат дейміз...


***


Қат-қабат қазынаның тірі шырақшысы, қазақтың қара өлеңі бүй дейді:

«Өлеңнің баста десең басы менде,

Балаусадай майысқан жасы менде.

Қара бұлтты қайырып қар жауғызған,

Шұбар ала жайшының тасы менде».


Бұл ғазал СӨЗДІҢ сірә да шендесі жоқ алапат күш екендігін көрсетіп тұрған айрықша пайым.

Жоғарыдағы оймақтай ойдың бәрі де рас. Сөзбенен күн жайлатып, шілденің шіліңгір ыстығында ақ түтек дауыл тұрғызуға да болады. Тек бір ғана шарт қатаң сақталуы тиіс. Ол сөз ұстартқан адам ауызының аса дуалы болмағы ғана.


ДУА – зады қаракөктіктен тамыр тартқан, жаны кемел адамның ауызындағы жұпар сөз дейді қария шежіре. Қазақтың ескі ертегісі мен жыр аңыздарының өн бойы бала жетектеген ана мен бата берген дуалы ауыз қарияға толы. Олай болса бұл сабақтастық қайда кетті, неге үзілді? Батагөйлік дегеніміз тамаққа тойған қарияның ыңыранып салған тілегі болмаса керек.


АС ҚАЙЫРАР ҚАУҚАРЫ ҒАНА ҚАЛҒАН АҚСАҚАЛДЫҚТЫ АЯЙМЫН.

Көнеден жеткен қағидаға бүгінгі бейнеміз қиғаштау келе ме қалай....

Енді ентігімізді басып сәл ойланайық. Біздің ауызымыздың дуасы (жұпары) қандай?

ОТЫН АҒАШЫНАН ШЫҚҚАН ОҚТАУЛАР басқарған, сондай-ақ орыстың демі тиген қазіргі халіміздің дәргейіне ДУА (кие) атаулы қайдан ұялай қойсын.

Сабан сөз, қасиетсіз ауыздан үріккен қайран ғана қасиетті ДУА, қазаққа қайырылып бір соғарыңды ішім сезеді...


***


Әулие Мәшһүр-Жүсіптің Шәкәрім қажыға бүй деп шүйлігетіні бар. Мағынасы мынаған саяды: «Шәкәрім шежіресінің бір міні – кімнен қай туғанның ғана есімінің тізбектеле беретіндігі. Ол адамның еткен еңбегі мен жеткен дәрежесі, жақсылығы мен жамандығының толыққанды жазылмауы». Бұл – біздің шежіреге деген түсінігімізді түбегейлі басқа арнаға бұратұғын көзқарас. Мәшһүрге сенсек, шежіре – ТЕК туралы ғылым. Онда адамның аты ғана емес, еткен кәсібі мен нәсібі (ырыздығы) түгел көрсетілуі тиіс. Бұл қағиданың басты шарты – осы арқылы кімнің жаман, кімнің текті атаның әулетінен екендігін оп-оңай-ақ ажыратып алу.


Ал қазақтың құты саналатын қаракөктіктің критерийлеріне Шәкәрім данышпанның «кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек» іспетті ұлы ұғымдары жата ма, ол өз алдына жеке тақырып.


Тарихымызда кімнің текті, кімнің тексіз екендігі (тіпті ойнастан туғандардың тізімі де) әмәнда ашық айтылып отыратын болған. Бұған айғаққа «Алпамысты» келтіруге болады. Бұл жырдағы Алпамыс ақсүйек (текті) болса, Ұлтан – құл (тексіз). Қазақ жыр-аңыздарындағы ҚҰЛ ұғымы тек қана тексіздіктің образы. Осы атаудың адам есіміне қосақталып айтылуында үлкен сыр (хикмет) жатыр. Бұл ескіден жеткен ғұрыптың келер ұрпақ санасына шекіген сақтандыруы мен ескертуінің жөн-жосығы болуы да мүмкін.


Біз әңгіме барысында «құлдық қоғам» деген сөзді жиі айтамыз. Әсілі, құл басқарған қоғам дегеніміз дұрыс секілді. Құлды тану үшін том-том кітаптарды түгесудің де қажеті шамалы. Оны оқымай-ақ аңғаруға болады. Құлдың ең басты қарсыласы – АРИСТОКРАТТАР. Тарихта «Алаш арыстары» деген атпен қалған боздақтар өмірінің қанға боялған ащы тағдыры да осы сөзіміздің айғағы.

Біздің бүйректен сирақ шығарып, қолдан қағидат жасамақ еш ниетіміз жоқ. Бір кездері АРҒА АРАША, ШЫНДЫҚҚА ТІЛЕКТЕС болған шежіреміздің бар болғандығы жайында ғана сөз шығындап отырмыз.

Әзірге Аяз ата мен Ақшақар секілді қолдан жасалған «қайраткер» жандардан тұратын, мақтанға толы қазақ шежіресінен «нашар атаның балалары» дегенді емге таппайсыз.

Енді «Елден елді аралап, тектіден текті саралап» жүретін Ақтамберді арманымыздың орындалуы қалай болар екен? Осыны ойлап кетсең болғаны жон арқаң мұздап сала береді...


***


Бұл – XXI ғасыр. Біз өркениетті қоғамда өмір сүріп жатырмыз дейміз өзеуреп. Әңгіме уақыт тілінің XXI ғасырды көрсетуінде емес. Дата мен цифрлардың ауысуы бір нәрсені өзгертетіні рас болса, бүгіндері Үндістандағы бес миллион адамның сиырға табынуын қандай қисындармен түсіндіруге болады. Әлде, сиырдың құдай еместігін түсіну үшін тағы да төрт мың жыл өтуі керек пе екен?

Ендігі сөзді ӨРКЕНИЕТ ұғымына қарай бұрсақ. Біз ӨРКЕНИЕТ деп нені айтып отырмыз өзі? Ақ көйлектің сыртына қара костюм киіп алып, мәз болысып мерседес мінгендігімізді ме, әлде интернетке қосылған айфон алты телефонымыздың бар екендігін бе? Жоқ, болмаса ішінде бассейні бар биік коттеджде тұратынымыз туралы ма?

АЛ САНАМЫЗ БЕН ПАРАСАТЫМЫЗДЫҢ КӨКЖИЕГІ ШЕ?

ОНЫҢ ҚАНДАЙ ЖЕТІСТІКТЕРІН АЙРЫҚША АТАП, АЛҒА ТАРТҚАН БОЛАР ЕДІК?

Анайы болса да айтпасқа лажымыз жоқ. Басқасын айтпағанда, дәрет сындырғаныңнан ақша жасайтын бұл қоғамды ӨРКЕНИЕТТІ деуге дәтіңнің бармасы анық.

ӘЛМИСАҚТАН ӨЗІ, ӨРКЕНИЕТ ДЕГЕНІМІЗ САНА МЕН РУХТЫҢ ЖЕТІСТІГІ БОЛАТЫН. Ендеше еш өкпелемеуге тиіспіз. АР мен ҰЯТ, ОБАЛ мен САУАП тұрғысынан XVIII ғасырдың тумалары Құнанбай мен Шоң билер бүгінгі біздерден әлдеқайда ӨРКЕНИЕТТІ. Біз осы адамдардың қасында қолына су құюға да жарамаймыз.

Қызық, аяқ астынан Алмания мен Жапония автокөліктерін экспорттаудан бас тартып, бір жылға дерлік интернет желісі істен шықты делік (Әрине, олай болуы мүмкін болмаса да). Сонда бағанағы «Бұл XXI ғасыр. Біз өркениетті қоғамда өмір сүріп жатырмыз» деп шіренген «қағидасымағымыз» қайда қалды? Біз бұл «хаостан» жалған көзқарастарды жамылған халықтың тек әдемі (дұрысы тыржалаңаш) өтіріктерге ғана алданып отырғандығына көзімізді жеткізген болар едік.


***


Кірпік ұшындағы ғұмыр. Біз көп болса жүз жасармыз. Ал ұрпақ мың, тіпті миллион жыл жасауы мүмкін. Демек, миллион жыл жасағың келсе, ұрпаққа қызмет ет, соның сырласы мен құрдасына айнал. Бұдан шығатын мұрат мұнарасының байламы құдайлық танымда – халықтың жолында мерт болудан өзге сұлу өлім жоқ.



Жалғасы бар...



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар