Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ақылбек Шаяхмет: "Әріптер әлемінің әдемілігі"

10.11.2015 193

Ақылбек Шаяхмет: "Әріптер әлемінің әдемілігі"


Ақылбек Қожаұлы.jpg

1. Қ-ның қайраты


(қазақтың қазынасы қалпында қалсын!)


Құранды, қажыны қасиеттеген, қуанышты, қызықты, қалжыңды, қызды, қымызды, қызғалдақгы, қансонарды, қазы-қартаны қасқалдақтың қанындай қастерлеген қайсар, қынулы, қайратты, қарапайым, қабырғасы қатқан қазақка қатты қайран қаламын.

Қазақ қашан, қайда қалай қарымтасын қайтарды? Қайырсыз Қарынбайлар қарнына құлқынын қосшы қылды, қоржынын қимен қампитты. Құдайсыздар қоғамы Қағба қабырғасына қарағанды қудалады. Қабат-қабат қыртысты қопарғанда қатты қорланған, қиналған қауымның құбылаға қарап қалағанын Құдірет қабыл қылды. Қарғадай қатты карқылдамаған, қаңбақтай қаңғалақтамаған, қанаттыларға қақтырмаған, қаптаған құйрықтыларға қаптырмаған, қырандай қырағылықпен қаранған, қаздай қаңқылдаған, құрығы құтты, қайысы қатты қазекем қарашада, қаңтарда қаңтарылмаған, қайраттанып, қайралып, қаһарланған, құлазыса, қамықса, қатуланған қабағына қар қатқан. Құйысқанға қыстырылмаған, қыжыртқандарға, қыдыңдағандарға, құбылғандарға құмартпаған. Қас қарайса, құбыжықтаи қорықпай, құдайы қонақтарына қошемет қылған. Қурап қалган қаттыларға қуырдақ қуыртпаған. Құдаларын Құдайдай құрметтеген қазақтарға Қыдыр қырын қарамаған, қабағына қарап Қызыр қонған. Қадамы қасиетті, каламы қарымды, қарындасқа қайырымды, қалғанына қамқоршы, қабырғасы қатқан қазақ қауын-қарбыз, құрт, қымыран, қаймақ, құймақ құрыса, қазандағы қаспағына қанағат қылған. Құнттаса, құндаса құндыздан құр қалмаған. Қырсыздарды қамшылап, қамсыздарға қарайласып, қиянатта қобалжымай, қайғыдан қаймықпай, құрғақ қолпашқа қолпылдамай, қиында қылпылдап, қиралаңдамай, қам-қарекет қылған, Құлагердей қылқұйрыққа қыз-Құртқадай қамданып, қастықтан құтқаруды, қаралы қатынды қор қылмауды қарастырған.


Қырда қажымаған, қамалда қамалмаған, қасынан қалтырамаған, қыстан қорқып, қысылмаған, қорғансызды қорлатпаған, қанды қақпанға қақтықпаған, қақырайған қыдырмашыны қаламаған, қылмаңдаған құдашаға қырындамаған, қаншырдай қатқан қаншықты қарсақтай қумаған, қызылға қырмандай қызықпаған, қабыландай қабынбаған, қисықпен қиырда қағыспаған, қыңырды қабылдамаған, қисынсызды қазбаламаған қаз-қалпындағы қазынамызды қазір құрдымға құртып, құрымдай қылғандаймыз. Қауесетті құмалақтай қаулатып, құмырсқадай құжынаттық. Қодыраң қаққан қылықтар, құты қашқан қызғаныш, құйындатқан құқайлар, қожырайған қождар, қиқулаған қиқарлық, қауырсындай қауыздар қоғамды қансорпа қылды. Құдықка құлағандардың құлағында құрбақа құрылдады. Қырмасақалдар қызарғанга қырғидай қырындады. Қыдыңдаған қыжылдар, қоқиланған қораздар, қоқалақтаған қойыртпақгар кұлақ құрышын қандырды. Қараңғыда қарманған қарандаған қазақты қаражүрек қаскөйлер қаса-қана қан қылды.


Қорқыттың қобызын қызғыштай қорғап, Құрманғазыны құйқылжытып, қара қыпшақ Қобыланды, қаракерей Қабанбай, Қажымұқанның қуатына, қажыр-қайратына құмартып, Қожанасырдың қалжыңдарын қызықтаған, қысылшаңда қымтырылмаған қазақ құрдасына қысастық қылмаған. Қылыштай қылшылдаған қаһармандар қырдағы қырқылжыңнан, қысастықтан қыршынынан қиылған.


Қадірменді қариялардың қалауы: «Құдайым, қалың қазақты қотандағы қозы-қойына, қырдағы құлынына, қонысындағы қымызына, қыстауындағы қызығына қожа қылсын. Қызғалдақтай құлпырған қыздарымыз қиналмасын. Қаржы құнсызданбасын, қанқұйлы қылмыстар құрықталсын. Қойны құтты, құйкасы құнарлы, құшағы қызулы Қазақстан қуатқа, қуанышқа, қадыр-қасиетке қолайлы қалпында қалсын!»


Міне, өздеріңіз байқап, көріп отырғандай, әрі қарай: «құрастырған Қостанай қаласының қажырлы қаламгері, қарымды қайраткері» – деп жалғай беруге тіл жетсе, сөз жетеді.


Қазақ сөзінің құдіретін осыдан-ақ аңғарасың. Қазақ тіліндегі кез келген әріптен осы секілді әңгіме құрастыруға болады.



2. А-ның айбаты


(ағымыздан ақтарылсақ)


Асандай ақылды атамызды, Алпамыстай айбарымызды, Абайдай аяулы ақынымызды, Абылайдай асылымызды, ардақты ақжолтай анамызды, алтын асықтай ауыл ағаларын, алмадай аруларды ажал аранына алғанда, аһладық. Ақиқатын айтсақ, аққудай аппақ адалдықты армандап, алдамшы арзанға алданып, аузымыз аңқиды. Арпылдаған ант атқандар азғындықпен аюдай арпалысқан алыптардың, алды-артын аңдамаған ақылгөйлердің адымын аштырмады. Айшылықты алты аттаған алпамсаны атынан аударып алғанда, алтауды алалағанда алтыбақан алаауыз, аңғырт, аңқау, албырт, ашықауыз, алаңғасар ауылдастарды ақсақалдар арашаламады. Ауы атқа, аузы асқа адал азаматтар асқазаны ауырса, аярларды айыптамады, ауыр ауада арып-ашты.


Ас азайып, ат арығанда арамзалар арыстандай ақырып, айдаһардай ақиланды. Абақтылар ажалдың астарына айналды. Асықпай-аптықпай, ашуланбай адымдаған, адамгершіліктен аттамаған, ақылдыдан алғыс алған, ақымақты аспен атқан адамды алдауыш арақ алқымға алды. Ашымалды алмастырған албастыға амалсыз аңсарымыз ауды. Атысып, алысып, аттандап, атойлап, арғы атамыздан алшақтап, асқынған аурудан, аяздай атомнан ақылымыздың ауғанын абайламадық, азынаған айғырдан, айғыз-айғыз айнадан айырылмадық.


Айналайын, адамдар! Ақыры арманымыз айқындалды. Ақсарбас!!! Ағымыздан ақтарылайық. Артқа алақтамай, алдыңғыға аяқ артайық. Азғырындыны арбамызға алмайық, аластайық. Ауыздықпен арпалысқан асау арғымақтай арымыз арманымыздан алыстамасын, ақиықтар аспанда асқақтасын. Аяншақтар аялдамада азабын артпасын. Алланың аты, атаның ақылы, ананың ақ, адал асы абыройымызды асырсын. Арамдарды аруақ атсын!



3. М-ның маңызы


(мәнді мағыналар)


Мұсылманға Мекке мен Мәдина, Мұхамбет, мешіт, медіресе, молда мен мектептің, мағырып, машырықтың, махшар мен машайықтың, мінәжаттың, мархабаттың, махабаттың мағынасы мағұлым. Мемлекетті, мәдениетті, мұғалімді мадақтаған мақал-мәтелдер маңызды. Мансапты мансұқтап, мұзда мұқалмаған мазмұнды мақсат, мүдде мен міндеттер, медеулер молайсын! Масқара мазақпен, маңқиған марғаулықпен, мүләйім масылдықпен, мазасыз мастықпен маталмасын. Майсада масадай масайраған, мәз-мәйрам мырзалардың, мысалшыл, мысқылшыл мыстандардың, мардымсыз машықтанған мықтылардың, мәзірге мәпеленген мылжыңдардың мінбедегі мәмілесі мәлім. Медеттің межесі мен мезгілі, мұңлықтың мұраты мөлшерсіз.


Мәуелі мәуені, мұнтаздай мұраны менсінбеген мисыз миғұлалар, мимырттар мүмкіндікті мойындамаған. Мәселен, мелшиген мешеу, менмен, мехнатсыз, месқарын, мешкей, меншікшіл, мерез, мең-зең меңіреулер маржан-меруертке малшынғанды, мылтықты масылдарды, малын малданған мазаң мамандарды марапаттаған. Махаббатты мазақтаушылар маймылдай мақұлықтар, мадақтан мақұрым мәңгүрттер.

Момындар мейрамдар мен мәртебелі мерекелерде мерейлі, меймандарға мейіздей мейірімді, мейірбан, меймандос. 



4. Ж-ның жарастығы

(жылдар жотасында)


Жердің жүзін жайлаған жылтырақ, жабысқақ, жағымпаз жандайшаптар, жылмаңдаған жылмақайлар, жарасын жалаған жалмауыздар, жыландай жылпылдаған жәдігөйлер жүйкеңді жұқартып, жаныңды жегідей жейді. Жағаға жармасқан жалақорлар, жаманаттар, жылтыңдаған жымқырмалар жаздың жылысында, жарықта жым-жылас жоғалса жақсы.


Жазықсыз жаурап, жұтап, жарымай жатқан жалпақ жұрт, жоқ-жітік, жарлы-жақыбай жыртығын жауып, жамау-жасқауын жамап, жөн-жоралғымен, жоспар-жобамен жарасымды жұмыс жасаса, жұмыртқадай жарылмайды. Жаңалыққа жаршы, жақсылыққа жанашырлар жасампаздыққа жұдырықтай жұмылса, жамандықты жақсылыққа жорыса, жанат жамылып, жылы жерде жатып, жастыққа жантаяды, жалғыз жауырыннан жалығып, жұлысқанмен жұлқыспаса, жілік, жамбасқа, жал-жаяға жариды, жетпегені жетіп, жетіледі.


Жалғыздық жаратушыға жарасады. Жетім-жесірді жебегенді, жекжат-жұрағатты жеткізгенді, жігітті жібітіп, жауын жүдеткенді, жебірлерге жекігенді, жауырды жапқанды жаратқан жылатпайды. Жүрегіне жылу жинаған, жарақты жауын жер жастандырған жақсылардың жарқын жүзін желмен желпиді, жамалын жарықтандырып, жұлдызын жоғарылатады. Жапырақтай жайнаған жаны жас жайдары жандар, жіптіктей жіңішке, жібектей жұп-жұмсақ, жүрегі жомарт, жүзден жүйрік жыр жампоздары жазғанын, жинағанын жасырмай, жолдан жазбай, жарақты жауынгердей жасанып, жылдар жотасында жасқанбай жүреді. Жайықта жайындай жүзеді. Жүзі жарқын жайсаңдар жатты жатырқамайды, жолдастарын жарға жықпайды, жабығып-жабырқамайды, жуанды жуасытып, жылағанды жұбатып, жігерлендіреді, жақсыны жақтырып, жаманнан жирентеді, жарастықты жалғастырып, жатты жақындастырып, жақындарына жандарын жасыл жапырақтай жаяды.



5. Т-ның тартымдылығы

(тереңдегі тамырлар)


Талай-талай тұңғыштар, таудай талабы тас тілген талаптылар, тайыңда топта танылған тарландар, Тайбурылдай тұлпарлар, төбеге ту тіккендер, тақылдаған тақтақтар тегіне тартқан. Тынымсыз тіршілікте тыныштық таппаған тума таланттар тектен-текке терлемеген, тікесінен тік тұрып, тілін тартпаған, тоқсан толғанып, таңырқатып, тамсантып, термелеткен, тереңге тартып, тарихты таразылаған, теңіздей тебіренген. Тамаша татулықты, таңғы тыныстай тұрақтылықты туған топырақтан тапқан, тәбеті тартқан тамақтан татқан. Толысқан тұлғалар Толағайдай табан тіреп, тұщыдан татып, таршылықта тарылмаған, тізерлемей тұрған, тұмадай тұнған, темірдей тәртіптен таяныш тапқан, турадан таймаған, түндей торлаған түнекті түргізген, телі-теңтекті тыйып, тізгіндеген, тамырланған топастықты, тағылықты таратпаған, тығырыққа тірелмей, тарамыстай тарқатқан, тобықты тауып, тобылғыны танып, тіршілікте тынбай тырбанған, тәлімсіз тәрбиесізді төрлетпеген, тындырымдыға тұрақ табуға тырысқан. Той тойлауға, тарту-таралғыға тоймайтын, тотыдай таранып, түлкідей түрленген, темекісін түтіндеткен тоғышарлар, төсектен түспейтін, түңлігін түсірмейтін, тегісте тұрып, теріс түсінетіндер туысымен тәжікелескен. Топтағы тарландар таршылықта табысып, торыққанмен танысып, табақ тартқанды, тезек тергенді табаламаған, талтүсте түлен түрткенді, тулап-тулап, талақ тастағанды тергеп-тексерген. Табыс тапқанмен, тәлім-тәрбие танытпағанды тарсылдаған тоқпақпен тоқсан тоғыз төпелеген.


Trust, Traditions, Transparency, Tolerance – төрағалықты төрт «Т» -мен тұжырымдағандар төртеу түгелденсе төбедегі түсетінін түсінеді. Таз таранғанша той тарқамаса, талаптыны, таланттыны тастамай, тәуелсіздік, тұрақтылық, төзімділік, теңдікті таратуға тілектеспін. Торлаған тұманды тамылжығар таң тоқтатар.


Тылсым тыныштықта толғансақ, тамыр-танысты тамсантқан төл тарихымыз, туған тіліміз тағынан түспеуін тілейік! Түн түндігін түрейік! Түбіміз түркі тектес туыстар тер төгіп, тебіренейік!


Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар