Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Несіпбек Айтұлы. Ақиық (поэма)

22.10.2015 112

Несіпбек Айтұлы. Ақиық (поэма)

    


Бөрілі менің байрағым,

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым!





Сүйінбай



Сүйінбай Аронұлы. Süyinbay Aronulı.jpeg.jpeg





                I





Жібермей сөзден есені,

Жыраулар ғұмыр кешеді.

Кіндігін кескен Қызыр кеп,

Сүйінбай ақын кешегі,

Шешесі жырға жерік боп,

Дүниеге келген деседі.

Өлеңнің сүті емгені,

Өлеңнен екен жөргегі,

Өлеңнен екен жібектей,

Кестелі көрпе, төсегі!

Айтысқа түссе көшелі,

Көрмеген қайтып меселі.

Ақтарса алтын сандықтай,

Кеудесі жырдың кешені,

Толғанып кетсе бір өзі,

Шұбырған қалың көш еді.

Жақсыға жолдас, дос еді,

Наданға нағыз өш еді.

Сүйінбай іздеп келгенде,

Тезектей тентек төренің,

Тарылған алды кең еді,

Төрінде орын бос еді...

Сүйектен сөзін өткізсе,

Шындыққа көзін жеткізсе,

Тарқаған бойдан кеселі.

Өмірде кедей болса да,

Өлеңнен ақбоз үй тіккен,

Ақынның сойы осы еді.

Жамбылдың өзі пір тұтқан,

Сүйінбайы бар қазақтың,

Маңдайда бағы бес елі!

 

 

Тұяғы тасқа ілікпей,

Құйғыта шапқан күліктей,

Сүйінбай қайта туар ма,

Әр сөзді шаққан жіліктей?!

Артында қалған мұрасы,

Мың жылда тозбас мүліктей.

Өріске сыймас өлеңі,

Мыңғырып жатқан түліктей.

Осынша байлық бітсе де,

Сарғая қанша күтсе де,

Оңынан бермей тілегін,

Оның да қайғы жүрегін

Сорыпты қара сүліктей.

Әр жаққа тартқан қазақтың,

Бір жерге басы бірікпей...

 

Болысса тәңір кедейге,

Бәрін де берер демей ме?

Батырдың күші білекте,

Ақынның күші көмейде.

Айтылмай іште сөз кетсе,

Жегідей жанды жемей ме?..

Менің де өлең – өз әкем,

Сүйінбай маған өгей ме?!

Сүйекем құсап суырылсам,

Тірі жан мені бөгей ме?!

 

Қаратау көрген атасын,

Алатау берген батасын,

Сүйекем жастан шиырған,

Өлеңнің алтын сақасын.

Алдына келген кісінің

Көркіне емес айырған,

Сөзіне қарап сапасын.

Ұрандап аруақ шақырып,

«Бөрілі байрақ көтерсе»,

Бұғынып қалай жатасың?

Өлеңді судай сапырып,

Теңіздей толқын атасың!

 

Шұбырған ізі шиыр боп,

Шешілмей жатқан түйін көп.

Дүние бақса теріске,

Бір езу аттай бүйірлеп,

Зорлықтың зұлым басына,

Сүйінбай құсап кімің бар,

Суырып сөздің қылышын

Қасқайып тұрып үйірмек?!

 

Ұйтқыған заман құйындай,

Пендені көрмес бұйымдай.

Қайратың барда жасқанба,

Қанатың барда аспанда,

Әйтпесе қор боп өтерсің,

Көзіңнің жасы тиылмай.

Тентіреп жүріп тапқаның,

Тісінде кетер тістінің,

Қолында кетер күштінің.

Өзіңе түйір бұйырмай.

Осыны білген Сүйінбай,

Қырандай қанат қомданып,

Домбыра – досын қолға алып,

Төбеге шықса толғанып,

Саладан аққан судай боп,

Қапталға біткен нудай боп,

Тұрған ба жұрты жиылмай?

Халқының болып қорғаны,

Көкейде тұнып арманы,

Көмейден маржан төгіпті,

Өлгенше сөзі сұйылмай...

 

 

Шалықтай бермей жөнге кеп,

Сөйлеп бір кетсем термелеп,

Таңдайым кеуіп кеберсіп

Маңдайым тепшіп терлемек.

Сүйінбай салған сүрлеумен,

Биікке тартсам өрмелеп,

Қолтықтан келіп демейді,

Аруағы «құлай көрме!» - деп.

Құласам дұшпан аямас,

Екі де күннің бірінде,

Көрімді қазып тірімде,

Болғалы жүрген жерлемек.

Сүйекем көрген сұм тірлік,

Бізге де жетті дөңгелеп,

Бізден де өтер дөңгелеп.

Дауасыз дерттен іштегі,

Сырттағы қайғы-шер бөлек.

Айналып тұрған дүние,

Өзінде жоққа шөлдемек...

Аңсаған асыл мұратың,

Аспанда болса, жерде жоқ,

Жерде жоқ болса, елде жоқ,

Елде жоқ болса, сенде жоқ,

Сенде жоқ болса, менде жоқ,

Сағымдай сиқыр жалғанда

Арманға жеткен пенде жоқ.

Қазақта жоқты табуға,

Қарасам түптеп зерделеп,

Сүйінбай сынды ер керек!

 

Жүректің көзін тазалап,

Алысқа қара, азамат!

Жоғалту барды оп-оңай,

Жоқтан бар жасау ғажап-ақ!

Жетем деп жоққа жүйрікпен,

Қырандай жауға шүйліккен,

Баяғы батыр бабалар,

Жорыққа мініп қазанат!

 

Өлшеулі мынау жалғанда,

Өлшеусіз бақыт болған ба?

Мәңгілік, шексіз еркіндік

Бұйырған, шіркін, ел бар ма?!

Іздеген жоғым осы ғой,

Қол созып биік арманға.

Баянды, мәңгі бостандық

Аңсаған барлық жандарға,

Талмайтын қанат бітсейші,

Кеудеде шыбын жан барда!..

 

Ақынға біткен тіл мен жақ,

Сүрінсе сөзден мін болмақ.

Алысқа ұзай алмассың,

Айтпасаң ойды сындарлап.

Өткенге құлақ түрмеген,

Олжадан қымбат құр қалмақ.

Ақын мен жырау болмаса,

Көнеден қалған жұрнақты,

Жеткізер бізге кім жалғап?

Солардың бірі – Сүйінбай,

Өлеңнен өзен тасытып,

Дәрия кешкен, су жалдап...

 

Сүйінбай ақын ер еді

Бір өзі мыңға тең еді.

Босаға емес, төр еді,

Шұлғытқан хан мен төрені.

Халқының жоғын жоқтаса,

Кереге қанат, кең құлаш,

Серпіні қатты зор еді.

Билікке салса бел еді,

Айтысқа түссе сел еді,

Ашынған жері болса да,

Тосылған жері жоқ еді.


 

                   ІІ


 

Қырғызда ақын Қатаған,

Жүйрік те болса жатаған.

Шешесі де оның қалжа жеп,

Ұл болып туған атадан.

Ақынның асау тарпаңы,

Алдына келсе тарпыған,

Астына түссе тапаған.

Қырғыздың талай ақынын,

Тобымен тұсап, матаған.

Орақтай өткір тілімен,

Ормандай кесіп отаған.

Жарылып өле жаздаған,

Жеңілген ақын қападан.

 

Өзіне жанды теңгермей,

Маңына тіпті мән бермей.

Сүйінбай кіріп келгенде,

Құтырды жынын көргендей.

Алыстан атқан мергендей,

Айтыспай жатып жеңгендей.

Аспанның астын сапырып,

Қара бұлт болып төнгендей,

Асып та тасып сөйледі,

Құдайға барып келгендей.

 

Тезекке қарап төрдегі,

Құлашын кеңге сермеді.

Қазақтың қасқа-жайсаңын,

Шыбындай құрлы көрмеді.

Үзетін аттай шылбырын,

Жұлқына тартты кермені.

Бетіне кісі қаратпай,

Биікке шапшып өрледі.

Шапшыған сайын шалықтап,

Тасыған судай селдеді.

Сұрқынан шошып мынаның,

Сұрланып Тезек терледі.

Арқасы қозған Қатаған,

Шамына тиіп қазақтың,

Кеудесін желік кернеді.

Көптігін айтып көпірді,

Көбіктей көлкіп көлдегі.

«Сүйінбай ақын сен! - деді –,

Қатаған ақын мен! – деді –,

Ырқыма менің көн!» - деді.

Қоянға төнген қырғидай,

Бүріле түсті шеңгелі.

 

Әр сөзі бастан ұрғандай,

Назарын көптің бұрғандай,

Қатаған ұйтқып тоқтады,

Орданы ойран қылғандай.

Шалқая қалды шіреніп,

Айтарын айтып тынғандай.

Дүр ете түсті қырғыздар,

Қазақтың сағы сынғандай.

Сүйінбай сонда саңқ етіп,

Сілкінді дауыл тұрғандай.

 

Қысылма деді төреге,

Ілінді өзі жебеге.

Жеңілсем құл ғып байлап бер,

Ербиген осы немеге.

Құйғыта шауып жөнелсем,

Шаңымды сірә көре ме!?

Ол – тұғыр болса, мен – тұлпар,

Ол – тұйғын болса, мен – сұңқар,

Шеніме жақын келе ме?!

Тигізіп тілін несі бар,

Науырбай менен Кенеме?

Жазуы солай тағдырдың,

Шаңырақ күйреп түспей ме,

Қиыраса уық, кереге....

Тулақтай сілкіп, бағайын,

Қазықтай жерге қағайын,

Бір ұрып өзін төбеге.

Тірі жан – тісті бақа да,

Ажалы жетпей өле ме?

Жалынып жаны қалмайды,

Сүйінбай оған көне ме?

Терісін сылып тұлып қып,

Қояйын іліп шегеге.

Ормандай қалың қазағым,

Қырғызға теңдік бере ме?

Болғанда қазақ Алатау,

Ұқсайды қырғыз төбеге.

Теңіздей қазақ тұрғанда,

Көл емей қырғыз немене?..

 

Қатаған сөзден жаңылды,

Сүйінбай судай ағылды.

Қазақтың асып мерейі,

Қырғыздың тауы шағылды.

Қатаған бекер қағынды,

Жеңіліп, аузы жабылды.

Тезектің туы желбіреп,

Ашудан Орман жарылды.

Жер шұқып қалған Қатаған,

Жонына қамшы тигенде,

Қазықтай жерге қағылды...

 

                    ІІІ

 

Етегің жасыл, басың қар,

Тарихқа куә тасың бар,

Алатау, сенің бауырыңда,

Туыпты не бір асылдар.

Талайды  бастан өткерген,

Белгісіз бізге жасың бар.

Сөйлесе сансыз сай-салаң,

Қасқайып жатқан асулар,

Сенімен бірге тебіреніп,

Шертеді сырын ғасырлар.

Жадында әлі қазақтың,

Көгінде ойнап найзағай,

Жарқылдап түскен жасындар,

Сондықтан болар үзілмей,

Кірпікте жүрген жасым бар.

Күрсінсем еске түседі,

Махамбет, Мұқағалилар,

Абай мен Мағжан, Қасымдар!..

Сүйегің асыл Сүйекем,

Қазағың үшін сенің де

Ағарған ерте шашың бар,

Сарп боп өткен ғұмырың,

Бәйгеге тіккен басың бар!..

 

Сүйекем, сұңқар, саңлағым,

Өліде асып аруағың,

Тіріде биік самғадың!

Шалқыған шалқар жұртыңның

Бірлігі болып арманың,

Қазақтың тау мен даласын,

Ойменен шолып шарладың.

Шыбындай жаның шырқырап,

Шындықты айтып зарладың.

Шырылдап қайда бармадың,

Ел үшін тал да қармадың.

Ұқтырдың алыс-жақынға,

Қатаған сынды ақынға,

Тұтасқан қалың қазақтың,

Төңкеріп тастар салмағын...

 

Жырымдап тілмей сырмағын,

Жұртыңды бөлмей жырладың.

Сол үшін саған  ырзамын!

Тіледің атты қазақтың,

Қылғай деп түгел тұрманын.

Туысқа тартып бұрмадың,

Төбеңе тудай көтердің,

Алаштың оза туғанын.

Халқыңның болды айбаты,

Қажымас, қайсар қайраты,

Алдында кімнің болса да,

Қасқайып сенің тұрғаның!

 

Бес күндік ойлап тірлікті,

Ұмыттық кейде бірлікті.

Бөлініп жүріп жем болдық,

Бөрідей талап кіл мықты.

Үзілген жалғап кіндікті,

Сен айтып кеттің, Сүйекем,

Удан да ащы шындықты.

Көз жұма қарап шындыққа,

Тап болып талай сұмдыққа,

Кіршіксіз арға кір жұқты.

Үңілген кезде осыған,

Түңілген кезде осыдан,

Қаңғырып кеткім келеді,

Айналып алты құрлықты.

 

Жұртымен бірге күн кешер,

Жапанда жалғыз жүрмес ер.

Алауыз болып ағайын,

Шықпаса іштен бір кесел,

Кененің басын кім кесер,

Кейкінің басын кім кесер?

Ойлап бір кетсем осыны,

Қайғыға қайғы мінгесер.

Күңіреніп бүкіл аруақтар,

Бірімен бірі тілдесер.

 

Тағдырдың тартыс, таласы,

Сарсаңға салды, қарашы.

Ел үшін кеткен еңіреп,

Ерлердің қайда моласы?

Іздейді жоқтап соларды,

Атырау, Алтай арасы –

Қазақтың байтақ даласы!

Байтақты жырмен тербеген,

Жасқанып жаттан көрмеген,

Рухыңа тағзым етемін,

Аронның ақын баласы!

 

Жырлаған өзің ел мұнда,

Жырлаған өзің жер мұнда.

Бата алып сендей данадан,

Үш жүзден өріп тараған,

Қазағың отыр орнында!

 

Қайтармай бетін кектінің,

Тірлікте мынау жоқ тыным.

Қарасай бабаң жебеген,

Қаблиса жырау демеген,

Тұяғы сенсің тектінің!

Аспанның жүзі ашылып,

Алланың нұры шашылып,

Тұманды сонау өтті күн,

Тәуелсіз, азат жетті күн!

Төрт құбыла түгел болса да,

Білінер кейде жоқтығың.

Тілегің бірақ қабыл боп,

Бөрілі байрақ үстінде,

Желбіреп тұр ғой Көк Туың!

Көк Туың аман тұрғанда,

Мәңгілік биік шоқтығың!..

 

 


16.10.2015



IMG_0947.JPG

   

Несіпбек Айтұлы

Мемлекеттік сыйлықтың

 лауреаты

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар