Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Несіпбек Дәутайұлы: "Жазушының бас кейіпкері – көркем шындығы"

30.09.2015 340

Несіпбек Дәутайұлы: "Жазушының бас кейіпкері – көркем шындығы"


c6043X8I.jpg

Шүкір, бүгін қазақта ақын, жазушы көп. Тағы болғалы жүргені қанша. Болғалы жүргендердің көш басында 60-70-ке келген “жас талаптар” да қаптап жүр. Болуға жеке сенімі жоқ, алайда аудандық, облыстық газеттерде өлең, әңгіме-сымақтары жарияланып, өздеріне өздері ақын, жазушы атанып қарадай күпініп жүргендері ше… Құдай басқа салмасын деп қоясың кейде.


Осы қазір аты беймәлім, ақыры атаусыз қалатын ақын, жазушыдан аяқ алып жүре алмай қалдық. Қайдан келіп кимелеп, қай тесіктен кіретінін бір құдай біледі.


Орыстарда “просвещенность және образованность” дейтін ұғымдар бар. Яғни сауаттылар мен білімдарлар. Бұл, сірә, ақын, жазушыларыңыз да тиесілі. Сауаттылар, рас, оқиғаны тауып ала алады, сөйлем құрай да біледі, тарау-тарауға бөлуге де шебер, пролог, эпилогтан да хабарсыз емес. Қара шаруаның тіліне аударғанда, бұлар тура ауылды жерлерде бірінен-бірін айнытпай үйлер салатын прораб. Сәулет дейтінге қабілет-пайым жоқ. Салғыш. Нобайшыл. Домбай.


Сірә, білімдар ақын, жазушы көп емес. Білімдарлық – туа бітетін қабілет, талантқа тән қасиет, соның бітім-болмысы, жосықты, тереңдікті, тебіреністі түгендеп, құлан да боп құм есіп кететін, қырғи боп та қиядан шалатын, өмірді, оның мәнін, ақ пен қараның жан алып, жан беріп келе жатқан заманаларды һәм бүгінгі текетіресін көркем сөз, құдіретті оймен жан дейтін әлеміңе сәуле құйып, қан жіберіп қасірет-қайғыңды қозғап кететін, сол арқылы есіңді түзетіп, етегіңді жабуға жол сілтейтін, тобаңды, обал-сауапты, парыз-борышты алдыңа көлденең тартатын абыз-жаратылыс. Сол себепті де олар сиректеу. Солардың ішінде прозашыларды айтсақ, Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин… Сәл берірек Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, Төлен Әбдіков, Оралхан Бөкеев… Одан берірек… иә, одан берірек те біраз баршылық. Баршылықтың ішінде Рахымжан Отарбаев тұр.


Рахымжанның шығармашылығы шындық пен тағдырынан тұратын қаламгер. Тағдырынан тас тесіп шығуға тиіс, солай ету үшін ғұмыр кешетін тебен инелі, темір етікті Тектің бір жалғасы. Мұндайлардың танымы сұрапыл, талғамы басқа. Әуел бастан-ақ, өзге түгілі ана сүтін де аузына апарса бас салып борпылдата бермей, емшек үрпін ерніне біресе тигізіп, біресе басын бұрып әкетіп әуреге салатын иір қимыл, тосын мінезді. Өсе келе, жетіле келе ақиқат пен азаматтық жолында басын тауға да тасқа да ұрып, ұшығына жетпек болып, керек десеңіз, өзін өзі талап та тастайды. Өйтпей қайтеді, жарық дүние дейтін жағаңнан қолы, жабығыңнан үскірігі кетпейтін мына әлемде жақсылықты көксеп, соған сені әне жеткізем, міне жеткізем дейтін үміттің қазір ғана лаулап, лезде сөніп діңкелететін қилы қыспағынан азап-шерің атан ұрып жығатын алапат соққысымен сойылдай берсе. Өмір ғажап. Бірақ оны жөнсіз әдемілей берудің қажеті жоқ. Себеп – жарық дүниенің тек әдемі болып тұруға тиіс заңдылығын мойындамайтын, оны тігінен де, көлденеңінен өкшесімен езгілеп кете беретін әуелетті әрекеттер көп. Өйтетін өзге емес – адамдар. Адамдар болған соң қоғам да сонда. Қоғам болған соң түрлі жүйелер де сонда. Ендігі жерде өмір – әуелгі бастауынан бері – жанталас. Рахымжанның “Дүние ғайып” повесінің басталысы былай.


– Әй, Емрон, мына боран басылар емес. Адасып кетпейік.

– Өмірдің өзі алай-түлей боран. Ал, біз эскимостар, адасу үшін туғанбыз…


Серігіне қайтарған жауабына іштей насаттанған Емрон сақалына қатқан мұзды қақпастан, шананы сүйреп келе жатқан жеті итке қарап, құнысып отыра берді… Топ басындағы тілерсегі сіңірлі, тұрқы бөлек, желкесі күжірейген ақ ит қана мынау ақ түнек боранды да, артындағы өзі тұқымдастардың алакөздігін де, шана үстінде тоңып, тоң-теріс отырған Емрон мен Айнанды да елең қылмағандай алға өңмеңдеуден танбайды.


Емронның серігі – Айнанның пайымдауынша: “…Митың тірліктің қайыс-қамыты иығыңа ілінеді екен, көз жұмғанша құтылу, әй, қайдам, болмас. Маңдай теріңді уыстап сыпырасың, алқынасың. Көп бересің, аз аласың. Несібеңе қарай кейде аузыңа тұтас етімен тоқпан жілік түседі. Кейде әлгіндегі Емрон мүжіп тастаған тал-тал сидиған қабырға бұйырады. Өмір ғой, ақ ит, өмір. Сен оны түсінбейсің. Ал мына мен жұмыр жердің бетінде бірде адасып, бірде жөнін айтпай тауып жүрген отыз жетідегі Айнан оны оқып болған”.


Иә, иә, бұлар Чукотканың қатал табиғатында не көрмейді дейсің. Айнанның жарты ғұмыр аңшылығында терісі бағалының бәрі қанжығасына байланды ғой. Ағы да, көгі де, қарасы да… Соның бәрі қайда? Есінде қалғаны аңның жалынышты көзі мен бір тұтам құйрығы…


Жалғанда не көрсең, соның барлығы көрген түстей сағымдай. Ата-бабаңнан атам заманнан қалған тұжырым осы. Ешкім де мұратына жетпеген. Кезегімен келіп жатқан ұрпақтың қай-қайсы да біз де жетпейміз ғой деп бұл дүниеңе қол сілтей салған жоқ. Керісінше, өршелене ұмтылып келеді. Оған боран да, дауыл да, ақ қар, көк мұз да тосқауыл емес. Кейде түтеген дүниеге өз еркіңмен қойып кетесің, кейде мәжбүрлейді. Осы жолы солай болды. Ауды қайткен күнде де жеткізу керек деді бастық. Алай-түлей боранда оның шаруасы жоқ. Оныкі өл, тіріл, өзің біл, бірақ ауды жеткіз, екі есе еңбек ақы аласың. Бастықтың тілін алмасаң, белгілі ғой. Жеккөрінішті боласың, оның арты несібеден қағылу. Қу тамақтың тесігі жеңбейтін үрей жоқ. Әйтпесе Айнан күндегісінше тиынын аулап жүре бермейтін бе еді.


Бұл Емронның Чукотканың мына тірлігінен, жалпы жүрегі айни бастаған. Ленинградқа, жиен інісіне барып келген жерден бері, қалада өмір сүрсе дейтін бір арман көкейінде көлденеңдеп жатты да қойды. Кейінгі кезде аңшылықты балықшыға ауыстырған еді, қол жетпес су астынан несібесін терген, қолға тұрмас жібектей сусыған бір бұлдыр-бұлдыр дүние екен, көңілі қалды.


– Жиен інің туған жерін сағынбай ма? – деп сұрайды Айнан.

– Әй, сағынбас. Ондай ортаға қолым жетсе мен де сағынбас едім. Нені қимаймын, кімді? Мына ақ түтек боранды ма? О шеті мен бұ шеті көз аясына сыймайтын дүлей мұхитты ма? Сыңсыған орманды ма? Сол нудың ішінде бүргедей боп адасып, жөн таба алмай жүрген осы күнімді ме?


Емронның шын ойы осы. Ол мына қатал өмір-тұрмыстан қалжырай бастаған. Ата-бабасынан қалған көз – мына тұрған жердің де қажеті жоқ. Дүлей бораннан, көк мұхиттан көңілі қалды. Ал тенти берсін. Эскимостың пешенесіне жазылған тағдырына опасыздық етпесін, демі осы жерде үзілсін. Одан не шығады? Қалың орманда қалған мұның даусын, қалың қарда қалған ізін ары қарай кім жалғастырып әкетеді? Әкететін тұқым-тұяқ жоқ қой мұнда. Ұрпақсыз.


Емронның соры – өзімшіл. Өзгенің ұрпағы, өзгенің бақыты, түгелдей алғанда ұлттың тағдыры оған көк тиын. Оларды өзімдікі деп білмейді. Өзінде жоқты өзгеде тоба ету ұғымынан ада-күде. Жазушының Алатау асырып, Қаратау жасырып, бастан-аяқ астарлап қоятын сауалы: “Бұл өзі жалғыз Емронның ба, әлде адам атаулының көбінің соры ма?”


Шынайы жазушы – суреткер. Интеллектуалды әдебиетті жасайтын солар. Михаил Шолоховтың атақты “Тынық Донында” мынадай эпизод бар: Григорий Мелеховтың әйелі күйеуінің Аксинияға махаббатынан қатты қасірет шегіп, шалғымен өз тамағын өзі орып жібереді ғой. Сонда жазушы: “Тынық Дон әдеттегідей тып-тынық ағып жатты” дейді. Таратып айтқанда: “Ал өзіңе өзің қол жұмсадың. Өлерсің де. Бірақ одан не шығады. Одан өмір тоқтап қалмайды. Тынық Дон сияқты баяғысынша ағып жата береді” дегенді меңзейді. Суреткерге тән мәнер. Көркем ойдың мақсаты оқырманды ойландыру. Көркем шығарма – бәрін өзі айтып, бәрін өзі шешіп беретін ертегі немесе индияның біздің қазақ өліп-өшіп көретін басы қатты, аяғы тәтті киносы емес.


Оқырман қазақ жазушысы Рахымжан Отарбаевтың шығармасы не себепті эскимостар туралы деп ойлауы да мүмкін. Өзін өзендей тулатқан бір ойын айтудың орайына дәл солардың тіршілік-тұрмысы оңтайлы болғандықтан Ш.Айтматовтың “Жар жағалай жүгірген тарғыл төбетінің” өзгелер тағдырымен жазылуы да сол себепті. Бірақ қай-қайсының да көтеріп отырған әлеуметтік проблемасы – жалпы адамзаттық. Тәсіл ортақ – орындалуы қилы. Жалпы, өмірде тақырып біреу ғой – өмір! Кейіпкерлер де біреу – Адам! Қай өмір? Тундрадағы ма, Азиядағы ма, Америкадағы ма, Европадағы ма, Африкадағы ма, бәрімізге тән бір өмір. Адам да сол. Француз, негр, араб, қазақ пен орыс па, бәрібір өзің. Ол да, сен де, анау да бір Құдайдың пендесі, бір Қара жердің тірлік иесі. Азабы да, шері де ортақ. Ортақ ой айту үшін кез келгенінің күн көріс ерекшелігінен, пайым-парасатынан керегіңді ал да, жаза бер. Рахымжан эскимостар өміріне осылай барған. Қиыр шет… Алапат ақ түнек боран… Сірескен ақ қар, көк мұз… Көз жауын алған ақ тиын, ақ түлкі, бұлаң құйрық бұлғындар… Бұраң жолдармен жеткен ағылшындар… Ойпаңмен келген орыстар… Арақ… Иттер…


Суреткер Отарбаевты осы иттер қызықтырады. Суреткер Отарбаев иттерді эскимостарды күн көрістері үшін жетер жеріне жеткізер жалғыз жебеушісі еді дегенді ғана айтып қоймайды. Мәселе олардың эскимостардың қиян-кескі тірлігін сүйреп келе жатқанында да емес, болған күнде де, меніңше, айтар ой арыда, тереңде.


Шананы жеті ит сүйреп келеді. Араларында Ақ және Қызыл ит бар. Бастап келе жатқан Ақ ит. Биыл арық. Әлде жіңішке ауруы бар ма? Аяқ алысы сылбыр болып кетті. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Ол өзгелерді бастаушы ғой. Осы иттердің іштерінде пиғылдары неше түрлі өзге иттердің қалай жүріп, қалай тұрарлары Емрон мен Айнанға белгілі. Сондықтан бұлар үшін Ақ иттің жөні бөлек. Қайтесің, бұларды өмір бойы жолда қалдырып көрмеген Ақ ит селдір орманның шетіне ілінуі мұң екен, сұлқ түсті. Емронға бәрібір. “Янракынаттан тапсақ, бір иттің өлгені сөз бе? Ит түгілі қатесі болса, адам да өледі” дейді ол.


Айнан Ақ итті жетектен ағытып, көтеріп әкеліп шанаға жатқызды. Үстіне көрпе қымтап жапты… Япырай, иттің иесіне көзқарасы… Осыншама ғұмыр кешіп қар басып, жапан кезіп жүргелі итте мұндай алқынған жүрек, мұңды да ақылды жанар бар деп ойлайды деймісің…


Адам шіркін, хайуан түгілі бір-бірінде сөзсіз болуға тиіс мейірімді ойлап, іздеп, сұрай ма, жалпы. Қай дәуірге қарасаң да, қырқыс. Кім болып шабыспады. Бір елмен бір елдікін былай қойғанда, бір елдің, бір ұрпақтың өзі де екіге бөлініп алып, айдай болмады ма. Күні кеше ғана әуелі орысы, сосын басқасы Ақ пен Қызыл болып, өзді өзімен қанға бөкті ғой. Байыбына жеткізбес, баяны жоқ, құр қиялға ден қойған тірлік бас-көзге қарамай басталды да кетті. Бұған дейін бүгін қайда барарын, ертең қайда жетерін, одан әрі өтер өткелін, жүзер өзенін, шығар тауын нақты білетін жұрт енді бұрын өздері, өздері түгілі ата-бабасының ата-бабасы көрмеген бұлдыр дүниеге қарай лап қойды. Лап қойғанда, бұған дейінгі барды қиратып, таптап, талапайға салып, тозаңын шығарып жөңкілді.


Ақтар ата-бабаларынан бері қарай талай ұрпақ ұя бұзбай жүріп өткен жолдың, адамның ақыл мен ащы тер арқылы жасаған игіліктерінің қадірін білетін еді. Тірлік дейтін шіркіннің көздің қарашығынан да қымбат пайымдағы телегей-телегей қазыналарын қалай сақтау қажеттігі заңдылығынан қия баспаған сол зиялы қоғамға да қауіп төнді. Өз жанынан, өз ішінен төнді. Өзгесі құрысын, бір емшекті таласа емген өз бауырынан да төнді. Қайран ақыл қапы қалды, қара күш жеңді. Өмір-шана сырғанамай тұра алмайды. Өйтеді екен сүйреу керек. Қайда? Қалай? Кім?


“…Топ бастаушының мына халін сезгендей қалған алты ит шанаға бұрылып, ұйлығысады. Жетектің соңындағы Меңсіз қара сүп-сүйір танауын жүгіртіп, Ақ итті иіскеледі де кері кетті. Қалғандары енді қайтып мынаның қатарға қосылатын түрі жоқ дегендей, өзара сұлқ көз тастап, бір-екі адым шегініп тұрды”.


Кеудесінде жаны бардың қай-қайсының да алдында сөзсіз өлім тұр. Тірліктің басы – өмір, аяғы – өлім. Одан ешкім де құтылып кете алмайды. Тек тәңіріден орта жолда, оқыс келген ажалдан сақта деңіз. Әсіресе, бастаушыны.


Қандай боранда да жол табатын Ақ итсіз елді қалай болар екен? Ана алты иттің – бірі қомағай, бірі – жалтақ, бірі – ожар, бірі – лықса бүкіл төбетті таластырып жүруден, жетекке қоссаң қосыла жүгіруден өзгені білмейтін құр қаншық…


…Ақ ит қырылдаған күйі боран-тіршіліктің қалған зауал, запыранын алты итке тастады да жүре берді. Айнанның осының алдында ғана құлағына қарлы төбелердің көз көрмес бетінде бұғының тұяқтары мәңгі тоңды жібіткісі келгендей, мың қаралы дүбір келген. Дүбір – әуен. Әуен болғанда, жаратылыс жарықтың көктемдігі ағынан жарылған, айдарынан жел ескен мәре-сәресі іспеттес. Соған елтіді кеп. Алпыс екі тамыры қызып, бойына еніп алған көк аяз суықта әдіре қапты ма… Кенет ет жүректі елжіреткен әуеннің соңы бебеу қағып кетті де, Айнан шанасынан атып тұрды. Бебеузар Ақ иттің сай сүйекті сырқырата ұлығаны екен ғой. Бодауы болса да, бұйдасы үзілген, енді келіп көзді ашып, жұмғанша бұтын бұт, қолын қол қылып сірестіріп тастаған мына жалғаныңнан баз кешердегі соңғы үні боп шықты. Жетекте тұрған алты ит үрпиген сонда. Айтып қал айтарыңды деген Айнан Ақ итке іштей. Айнан болып сөз саптайды жазушы: “Өмір бойы ырзалығың мен наразылығыңды жар сала алмай ішінде бүгіп келген сен түгілі, барыңды баптап, жоғыңды таптап кететін мынау дүниеге аузың айға білеп жүрген адамдардың да айтары көп. Сенің зарың мен менің мұңым қолынан күші, бетінен шырайы таймай тұрғандарға жете қоймас. Сонда да болса аянба, айтып қал. Азаңды ұғатындардың шаршы топтың алдына шығар сәті туар. Сол кезде екі жағы қарысып, отыз екі тісі саудырап түсіп, үш елі тілі байланып қалмаса, шеріңді жұртқа жаяр, жаяр-ау…”


Айнан Ақ иттің өліміне қасірет шекті. Ал Емронға бәрібір.


– Өлді ме? Өзім де біліп едім, – дейді.


Сосын айтқаны – жүрердің алдында иттерді әлдендіріп алу керек.


– Қалай? – дейді Айнан.

– Қалайы несі? Өлген ит өлді. Денесін кескілеп, алты итке тең бөліп берейік. Біраз қаужаңдап қалсын.

– Әй, Емрон! – Айнан ызаға булығып, ақырып жіберді. – Өлген итті пәршелеп жетектескендеріне бөліп бергенді қай атаңнан көрдің, а?

– Көрмесең, көресің. Ақ қар, көк мұзда шықпа жаным шықпа деп әрең иек сүйеп тұрғанда, оның несі таңсық? Иттің өлі денесін аясаң, сіресіп тұрған күйіңде қатасың да қаласың.

– Қанағат пен сауал деген есіңнен шығып кеткен бе?

– Бұл жалғанда иттен қанағатсыз нәрсе көрген жоқпын. Ал қанағатсыздық жайлаған жерде сауал жоламайтындығы белгілі.

– Ар ше?

– Ардың бәрі ақ иттің өлі денесіне қарап тұрса, көтеріп алдым.


Сұңғыла суреткер Емронның пейіл-ниеті арқылы адамзаттың атының жалына арыдан жабысып келе жатқан арамза пиғыл, қатыгез қаскөйлікті еске салады. Өздері күтпеген жағдайға байланысты жапанда, ақ қар, дүлей боран өтінде, Ақ иттің өлімімен бір мезгілде, әншейінде әзіл-қалжыңдары жарасып қатар жүре беретін екі пенде енді басқаша қарады бір-біріне. Айнан серігінен адамға тән қасиеттің бірде-бірін таппай дал.


Дүниеде болған нәрсенің, соның ішінде тіршілікке қызмет еткеннің қай-қайсы да өлген соң, тірілердің адамгершіл парызымен жер қойнына баруға тиіс. Тірінің парызы – өткенді арулап көму. Айнан солай түсінеді. Ғұмыры адамдардың шанасын сүйреп өткен, сүйреп келе жатып демі біткен, қандай дүлей боранда да барар жерлеріне аман жеткізген, аман алып қайтқан, жетектегі иттерге ес те, сес болған, арғы атасынан солай, тек мынау ажал-зауалға әлі келмей, қаны тоқтап, мұз болып қатқан өшпес өкпесін, жұлынып тұратын жұдырықтай жүрегін өзімен бірге мәңгіге алып кетіп бара жатқан Ақ иттің мәйітін Айнан ашық далаға тастап кете алмады. Қолма-қол топырақ қойнына беруге қазір ақ қар, көк мұз. Жер аяғы жылынар күнге қайда әлі. Енді ата-бабадан қалған жол – мәйітті сол кезге дейін ағаш бұтағына іліп кетуі керек.


Сіресіп мұз болып қатқан иттің денесін ағаш бұтағына байлаған қайысқа көтеріп іле алса, қане. Емронда көмектесу ниеті жоқ.


Ананың әрекетіне сайтаны ұстап, екеуі сөзбен сабасып кетті:

– Иттер біздің ата-бабамызды жаяу қалдырмай, алға сүйреумен келді. Мына сен де, мен де жайлы шананың үстінде сырығын сілтеп, ала өкпе қылумен жүрміз. Осылар ертеңгі күні бауырымыздан өрген ұрпақтарымызды арман-мұратына қарай сүйремесіне кім кепіл?

– Сүйресе өлі ит емес, тірілері сүйреп жүр.

– Біз біле білсек, көбелерін сөгіп, табанын тырнатып, ақ тер, көк тер болып, эскимостар үшін жан тәсілім жасайтын иттер әулетіне ғұмыр бойы қарыздармыз.

– Мүмкін, ескерткіш қою керек шығар.

– Өмір бойы көрген жақсылығын ұмытып, екі-үш метр биіктікке көтерісуге пейілі жетпей тұрған секілді қыршаңқылардың көзі құрымай тұрғанда, иттерге ондай дәурен бұйырмас.


Эскимостар одан ары тәжікелесіп тұра алмады. Дүлей ашуға мінген ақ қар, көк мұзда екі еркек пендесі енді қайтіп ешқашан мәмілеге келе алмайтындарын толық мойындап, алыса кетті. Екеуі де бір-біріне еш аяудың болмайтынын білді. Сен желкесін үзбесең, ол желкеңді үзеді. Айқастың серті сол… Осылай болып келген, осылай болып жатыр, осылай бола береді. Бұл жерде құдай ешкімге жақ болмайды. Бәрін Құдайдың өзі реттеп тұратын болса, адамға қалатыны не. Құдай адам қылып жаратқан екен, ар-ұят, адамгершілік сыйлаған екен, ал одан өздерің жерініп, ниеттері бұзылып, түрлі-түрлі сұмдықтарға беріліп, біріңді-бірің жемей тынбайтын болған екенсіңдер, өз сорларыңнан көріңдер. Құдай да өзің суын ішіп, отын оттап жүрген жаратылыс дүниесі де саған араша түсе алмайды. Бірі өліп, бірі қалатын жерде адамдар өзді-өзі қалады. Жеңіс қайсысынікі? Адалдынікі ме, арамзанікі ме?


Жазушы екеуінің төбелесі Ақ итке бола емес, арыда тереңде екеніне жетелейді. Солай қарай ой тастайды. Айнан Емронмен “Янранымнатқа дейінгі жүрер жолы бір болғанымен, өмірлік ұстанған жолы басы бірікпестей басқа екенін сезді. Ендеше шегінер жер қане?”.


Емронның байламы басқа. Иттен қай жақсылық көріпті бұлар. Басыңа қос тіккен де, аузыңа нан тосқан да – үкімет. Еңбегің үшін: “Қайдағы бір көктегі құдайдың, жерде үкіметтің есебінде жоқ ит үшін жолдан қалып, бұйрықты нәпақамнан қағыла алмаймын. Айдалада адасып өлсем, артымнан жоқтап, рухымды ұлы қылар ұл балам да жоқ. Сондықтан маған жақсылығың ба, жамандығың ба, бірдей аттап өтем де алға тарта беремін”. Емрон байламы осындай.


Ендеше мына жалғанда одан ешкімге қайыр жоқ. Қырқысып жатқан екеуге көз салып тұрған жетектегі иттердің ендігі басшысы Қызыл ит жатып қайран. Сондағысы: “…Сілкіп киетін барын иықтарына іліп, бұйырғанын жерден, бұйырмағанын елден жеп, екі секіріп биге шығып, үнемі шананың үстінде жүретін осы адамдарға не жетпейді? …өне бойы ықылық атып, кердең қаққан бұлардың мұнысы несі? Өлі итке ауыз салуға батпай тұрысымыз мынау, ал бұл екеуінің қай әлі жеткені бір-бірін тірідей жейін деп жатыр. Күні ертең осы қылықтарын ұмытысып, иттер арасында бұғылардың табынында ши шыға қалса, сырық ала жүгіріп, тым болмаса, даусымен жасқап ақырып, жөнге салатынын қайтерсің”.


Айнанның сотқар көршісі айтатын “Атадан қалған бір мұра – төбелес” шегіне жетіп қалған сияқты. Емронмен алыса жүріп, кейінгі ұрпаққа қалдырған мұраның түріне Айнан жаман кейіді. Адамдарға ылғи ұнамды өсиет қалдырса, әркім көрінген жерде бет жыртысып, тоқпақтасып жатпай, бейбіт мәміле таппас па еді. Әдейілеп келген біреу болмаса, адам аяғы тимейтін Чукоткаға бұлар сыймай жүргенде, күллі дүниеге айтар уәж қайсы.


Адам Атадан бері адамдар бір-бірімен қызыл шеке болып бір ұстаспаса, бәрінен қараң қалатындай өліп-өшетіні не. Өткендерді надандықтарынан десеміз. Енді ше? Сауатты, көзі ашық жұрт. Дүниеде не болып, не қойып жатыр, не жақсы, не жаман жілігіне дейін шағып, аузыңды аңқитып қоятын ақылман. Ағайынның аяқ астынан ажарлары айқұлақтанып, айбат шегіп, айғайға аттан қосып жіберетіндерін қайтесің. Сосын мына Емронға ұқсап өлген-тірілгеніңе қарамай, алады соққының астына. Ең ауыр, ең қатерлі соққы – адамның соққысы.


– Айнан! – дегендей болды ғайыптан жеткен әйелі Ленаның дауысы, – Айнан, бұл дүниеде жақсылықты көксеп соққы жегеннің басы да, аяғы да сенімен бітпейді. Сені ұрып жатқан Емрон емес, Адам Ата, Хауа анадан бері келе жатқан қысастық. Жер бетіндегі бітпейтін қыбыр-қыбыр бұл тірлікке жақсылық та, қысастық та керек. Керек болғанда қандай!..


Талантты қаламгер жан-жағына жалтақтап, тек жақсылық жағалап, өмірге алтын мен күмісті жапсыра бермейді. Оның иманы – ақиқат. Ал ақиқатыңыз – қысастық жойылса, жақсылықтың не екенін, неге керек екенін қайдан білеміз. “Мейманаң тасиды, аяғыңды тарта баспайсың, тәубаңды ұмытасың”.


Қай шаруаның да баяны – бастауында. Жазушының пайымдауынша, адам өз өмірінің баянына жетемін десе, өмірін ұяттан бастауы керек.


Ал қазір… Қара күш жеңді. Айнан шалқасынан жатыр. Қарсы алдындағы теректің ұшар басындағы ала қарға. Емрон із-ғайым.


Дүние алай-түлей. Өмірдің өзі де сол. Тірі пенде адасу үшін туған.


– Ей, Қызыл ит, біз адастық. Янранымнат қай тұста?


Кім жауап берсін. Жауап берсе, не айтады. Айтқанға адам қашан құлақ қойып еді. Пенденің пенделігі – өзі білермен. Өзі білермен өзін не тойдыра, не қойдыра алмайды. Сол пейілдерінен тапқаны мынау: адаспаса даланың, тоңбаса күннің, жалғызсырамаса жолдастың, тамақтары тоқ болса, еңбектің қадіріне жетпейді. Жазушының күнге айналып тіл қатататын осы тұсы, ары қарай ақиқатқа жетелейді: пендеңіз өзі өсіп-өнген құт-береке ғұмыр жерді шұрық тесік қып, бар байлығын тонап, енді аспандағы ай мен жамыраған жұлдыздардың арасында да сайран салмақ. Бұл қылықтарын табиғат пен жаратылыс кешіре қояр ма екен?..


Адам пенденің әуелгі адасуы “бәріне өзім қожамын” дейтін күпірліктен басталды. “Не істесем де ерік өзімде, он сегіз мың ғаламды ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда” деп кесір салды. Енді ақ бораннан жол таба алмай, шананың үстінде көрпеге оранып, жетектің басындағы өлген Ақ иттің орнын басқан Қызыл иттен үміт етіп бүрісіп, бейшара халде отырысы мынау.


Әне, қарашы, өзінен он шақты метр жерден бір қызыл түлкі жалт беріп қашты ғой. Чукоткада тым сирек кездесетін түлкі. Қайдан қашты? Қарағайдың арасынан қашқан жоқ. Неге екенін, Айнан оны жаңа өзі қарағай тұтатпақ болып шырпы жаққанда, содан шыққан оттан пайда болды деп сенді.


Сосын айтқаны: “Прометей берген отты сөндіріп алмайық, адамдар. Жер шарын астаң-кестең қылатын ұлтты қыруды емес, ошақтың отын сақтайық. Анау қызыл жалын болып бара жатқан түлкі де оттан шықты. Алдыма түсіп, адасқан маған бағыт сілтеп барады. Мәңгі өлмес өмірдің аты ғой…”


Айнан қателесіпті. Қателескені әлгі қызыл түннің: “Мен қызыл түлкі емеспін, көздеріңе шел қаптап, естеріңді алған қызыл дүниемін. Басар тау, барар жерлерің белгілі. Соны ұмытып артыма түсіп, өле-өлгенше өңмеңдеп бағасыңдар. Мен ешқайсыңа жеткізбеймін…” дейді. Онысы рас екен, автордың өзіне сөз берсек: “Батар күннің салқын сәулесіне шомылып отырған түлкі Айнан жанына таяй бергенде, өз-өзінен лап етіп тұтанды да, кісі бойы сырық созым жалынға айналып, етегі ақ қардың үстін қызыл жолақпен көмкеріп, ұшар басы тарам-тарам боп, әрқайсысы бір-бір қызыл түлкінің кейпіне еніп, көкті қармап қалғысы келгендей жоғары шапшып жатты. Иттер оқыс шошынып, жалт беріп үрікті де, бейғам отырған Айнан шананың үстінен аунап кетті…”


Тұра сап, қашқан иттердің артынан қуды.

– Тоқта, Қызыл ит, мені қайда тастап барасың?! Тоқта!

Айнан үшін Ақ иттің жөні басқа еді. Тірі пендеге қылдай қиянаты болмаған дейді. Жұмаққа сол баруға тиіс дейді. Өмірі мені өрге сүйреумен өтті дейді. Қабынып жүріп қатын-баламды асырады дейді.


Қызыл ит іштар. Сүйектің майлы басы өзіме тисе екен, сырық тимейтін жетек басы болсам деп құлшынады.


Жалтақ иттің көрген күні – жанындағыларға жаутаңдап, сыбағадан айырылу. Обал-сауаптың қадірі қашқан заманда қайтіп жан сақтар…


Салпаң құлаққа келгенде, оның күшік кезіндегі мысынан айрылып, жүнжіп кеткенін бағамдап, мені сананың, сені сәтсіздіктің соққысы аямаған-ау, шамасы деді Айнан іштей. Деп алып аһ ұрады: Үсті толқынды, асты ағынды өмір ғой!.. Салпаңқұлақ өмір!..


Міне, пәле қайда! Құдай-ау, салпаңқұлақ өмір деген не сұмдық! Сондай бір зауал ғұмыр кештік қой кеше.


Ш.Айтматовтың мәңгүрттіктен санасы селк етсе, Р.Отарбаев салпаңқұлақтан жаман түршіккен. Қызыл Кеңестің жұлын құрты рухымыз бен жанымызды үңгіп жей-жей, әбден жасытып, қайда айдаса, солай қарай үнсіз-түнсіз томпаңдай беретін салпаңқұлақтарға айнала бастаған екенбіз.


Р.Отарбаевтың бұл дүниесі 1988 жылы, яғни Кремльдің түкірігі жерге түспей тұрғанда жарық көрген. Дзержинскийлік мінезді қызыл цензура мұны қалай жіберіп алды? Астарын аңдауға өресі жетпейді ме? Сірә, сөйтті-ау.


…Аспаннан самолет гүрілі естілді. Айнан енді іштей соған айғайлайды. Наз ба, мұң ба, өкпе ме… Айтады… Төбесінен күнде өткенде шығыс Чукоткаға, ондағы туған өлкесін қимай жүргендерге бір рет көз тастаса дейді ғой баяғы. Мына адасудан құтқарса, жер бетінен іліп әкетіп көмектессе… Самолет Айнанды қайтеді бірақ. Жұмсақ орындығында өткенде қос жұдырықтай қарбызын жиырма бес сомнан сатқан оңтүстіктің саудагерлері отырғанда, ақ боранда адасып жүрген эскимосты қайтеді. Эскимосты әрі тонап, әрі қорлап тұратын саудагерлерді ары қарай алып ұша бергені керек оған.


Құйрық шамын жылтыратқан самолет Айнанның жалбарынған жанарына көтін сүртіп, бұлттардың арасымен көзден таса болды.


Енді қайтсе екен. Емрон жоғалды. Ақ ит өлді. Қызыл ит қой жол таба алмай, анау. Самолет бұған пысқырған да жоқ. Қатын-баласын алып безсін онда мына түлей дүниеден. Аспан асты мен жер үстінде кісі болып, кісіге керек болып ғұмыр кешер бір қуыс бар шығар-ау. Ташкент, Душанбе барсын. Өсірген қауын-қарбызына өлген әкесінің құнын сұрайтын өзбек, тәжіктен 5-10 балық ұстау үшін үш-төрт күн сірескен мұз үстінде, үскіріктің өтінде өкпесімен аяз сорып өтетін эскимостың несі кем?


Есін бір жиғанда Айнан ол ойынан айныды. Өйтпей ше. Айнан бітімдес адамдар ата-бабасының, өзінің кіндік қаны тамған жерін тағдыры деп біледі. Адам өз тағдырынан қашса да, құтыла ала ма. Жақсы ма, жаман ба, қиын ба, қысталаң ба – өз тағдырың, яғни өзің ғой. Егер адамдар түрлі жағдайда, бәрінен көңілі қалып беті ауған жақтарына безіп кете берсе, санадан туған жер дейтін қасиетті ұғым біржола өшіп, жер беті ары да, бері де бет алды безіп бара жатқандардың аласүргініне айналмай ма. Жазушының көксейтіні – не болғанда да жеріңді, өмірді тастама. Сен оған өкпелеу үшін емес, барын түгел аялап, арқалап жүру үшін келгенсің. Сөйтіп арқа етің арша, борбай етің борша болмаса, ғұмырыңның несі мән. Өмір – кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін бір-біріне дәлелдеудің жан алысып, жан берген күндері. Саналар шабысып, қандар айқасады. Күйреме. Жасығаныңды жан баласы көрмесін. Тіпті бар ғой, жақсы болса ит те өлігін көрсетпейді. Ақ иттің өлігін, оның ажалын ажал келер сәтінде мойны қайыппен көгендеулі болған соң ғана көрдің. Бос болса, көз алдыңда аузы аңқиып жата беретін ол көп Салпаңқұлақтың бірі емес еді. Қорықсаң ақ қар, көк мұздан жанды жеген қым-қуыт өмірден емес, салпаңқұлақ болудан қорық. Жалғанның, жалғандығы жандардың опасыздығынан үрікпе, өзіңнің соларға опасыздығыңнан түңіл. Көргеніңнен, естігеніңнен, білгеніңнен сабақ алып, қорытынды жасай алмаудан қалмасын зәре-құтың.


Жазушының өзін-өзі талап жеп айтатын азап-шері: – Ей, Адамдар, сенің жалғызың бар, ол – Қара жер мен өз Ғұмырың. Ендеше екеуін де рәсуа етпе. Қолқа-жүрегін суырма. Барын шашып, төкпе. Екеуінен өз еркіңмен һәм ессіздігіңмен жоғалтқаныңды қайта оралта алмайсың. Көкке қолың жетсе, төменге де қолыңды созып жүр. Төмен болмаса, Айдың ар жағына шығып кетсең де, демің бітер, тынысың тарылар, қанатың талар, сөйтіп жоғарыға енді керегің болмай қалғанда, қайда барып қонасың. Қар да жерге түседі, жауын да жерге жауады, Күннің сәулесі мен Айдың нұры да жерге қонады, жұлдыз да жерге құлайды. Сенің де ақыры бір күн барып тығылатын мәңгілік панаң жердің қойны. Сен оны да, өзіңді де аман сақтауың үшін екі қасиет – ұят және санамен ғұмыр кеш. Сонда өмір-дауылда да Емронға ұқсап артына не тұяқ, не ұят қалдырмай, із-түзсіз жоғалып кете бермей, адамгершіл Айнан секілді адамдарға аман ораласың. Айнандар бар кезде өмір өшпейді. Ақ иті жолда өлер, ала қарға бетіне саңғыр, құйрығының оты жалт-жұлт еткен самолеттер төбесінен ағып өтер, Емрондар сойылдап тастар, содан жүдеп-жадар, жылап-сықтар, көңілі көк аяз боп қатар, көкірегін дауыл суырар, мейлі, не қылса да оның бір сақтаушысы бар. Ар-ұяты мен жер жебейді оларды. Жетелейді, жеткізеді.


Р.Отарбаевтың критерийі – жанның тазалығы, рухтың мықтылығы. Жаны таза, рухы мықтылардың ғұмыры қай кезде де алабөтен астаң-кестең. Болатыны, жан дүниесі жалғандыққа, опасыздыққа, санасыздыққа иілмейді, мәмілеге келмейді, онда азаматтық пен ақиқат тұрады.


Рахымжанның жазысына жан рахаттанады. Тігісін жатқызып түгендеп жазса да, тіктеп айтып тістеніп сөйлесе де, тілі төгіліп тұр. Ойпаң жерден орғытып, қырқалардан қарғытып сөйлеймін десе де қиналмайды. Мақамы майда басыс, жұмсақ жорға маңмаңгер сөйлемдер де осында. Ал енді диалог құруға келгенде Рахымжанның сөз саптасы тас шеңгелдің тамырын суырады. Драматург қой. “Абай – сот” пьесасын жазған, оны өзіміздің, сондай-ақ көршілес мемлекеттер сахнаға қойып, қол соққан, ары қарай тағы бірнеше жаңа саналы драма туғызған талантты драматург.


Рахымжан Отарбаевтың қолтаңбасы бірді айтып, бірге кететін құбылмалы емес. Повестері, әңгімелері, драмаларының тас жарған лыпылы бір бұлақтың көзінен бүлкілдейді. Әр бүлкілге жеке-жеке тоқталу шағын мақала көтерер жүк емес. Жалпы, ол сонша қажет пе. Замандық әдебиеттің сұранымы – адамдардың жан дүниесіндегі, түйсігі мен санасындағы күнгейлер мен көлеңкелерді зерделей зерттеп, төркінін тану ғой.


Әдебиеттің рөлі де осында. Егер оқырман шығармадағы өмірлік сауалдарды тап басып көре алмаса, бәрі бекер. Бүгінгі талантты жазушылар баяғы бәрін өзі айтып беретін, бас жағындағы бес-алты бетін оқысаң, аяғы белгілі болып отыратын шығармалар жазбайды. Меңзейді. Білгенге Рахымжанның Ақ иті қоғамның Қазан төңкерісіне дейінгі, Қызыл ит Кеңес империясы кезіндегі бітімі. Құйрығынан қызыл от ұшқындаған самолет ше?.. Міне, зер салып ойланып, қорытынды жасайтын жер. Түптеп келгенде, жазушыға шығармасын эскимостар өмірінен алып жазу, қоғамның әр формациядағы мінез-құлқының көркем шындығын айту үшін қажет болған. Оқырман өз кезегінде кітапты қаламгер нені, неге жазды деген сауалмен ашуға ден қойса, ұлттық рухани әлемнің саналық сілкінісі деген сол.


Амал не, оқырманды айтамыз, жазушымын деп жүрген кейбір құдайдың құлдары әдебиет туралы түсінігінің, ол құбылыстың аяғын енді қаз-қаз басқан дәуірінде жүр. Өткен жылдың әдеби қорытындысында проза жанры бойынша аты белгісіздеу бір жазушы баяндама жасады. Қалың он романын, бәлкім, одан да көп пе, әйтеуір, әлгі кітаптарын мұрны пысылдап кезек-кезегімен мазмұндауға кірісті. Оның романдарды бастан аяқ қайта оқып тұрғанын немесе талдап тұрғанын ешкім біліп, түсіне алмады. Жұрттың залдан көңілі қалып, діңкелеп шықты. Оқырманға көркем шығарманың не екенін жазушымын деп жүргендердің өздері сай сүйегін сырқыратып жеткізе алмаса, басқалардан не қайран.


Біз бүгін әдебиетті сөз еткенде, нені айтуымыз керек. Меніңше, баяғысынша ана кейіпкер, мына кейіпкерді алға тарта бермей, жазушының ең басты кейіпкері – көркем шындығын сөз етуіміз қажет-ау. Өз басым Рахымжан Отарбаевтың “Құпия түн”, “Жұлдыздар құлаған жер”, “Шер”, “Жайық жыры” прозалық, тарихи танымдық кітаптарын оқығанда, автордың сол көркем шындығына ден қоямын. Оның төгілген тілі де, азабы мен шері мол армансыз аңырауы да, ойынды еті он бөлек ойы да, пәнидің пердесін судырата ашып, жауып тұратын пәлсапасы да әлгі көркем шындығының “шапанынан” өріп шығып жатады. Сірә, талантқа тән осы шығар. 




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар