Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Тәкен Әлімқұлов. Көкпар

29.09.2015 247

Тәкен Әлімқұлов. Көкпар



880260_1793044132_164s_Alimkulov.jpg

Қауынды көп жейтін Тарбан қатты қызылсыраған. Бір күні шекесі шағып, ыстық іздегенде, есіне көк серкесі түсті. Көк егін ақырамаш болған соң соймақ бордақысы еді.

Енді тым ерте союға іші қимай, дағдарысқа ұшырады. Тамның көлеңкесінде шекесін ұстап, ұзақ ойланып отырды. Таяқ тастам жерде өзен ағып жатты.

Осы өзен бойын бұл атырап “ылди” атайды. Ал өзеннің үстінен қарайтын сонау дөңді “қыр” атайды. Ылдида диқандар да, қырда - шаруалар.


Осы екеуінің, ылди мен қырдың арасы бір-ақ көштік болса да, үрдістері басқа. Тірлігі түрліше!


Өзен жағасында аңыздың тамырын тартып күнелткен Тарбанда жүзді соярлық тұяқ қайдан болсын? Жалғыз серкені лағында ұнға сатып алған еді. Былтыр “кәнпескеден” тиген торы құнан жүзіктің көзінен өтетін жұп-жұмыр дөнен боп өсті. Оны сатуға көзі қимайды. Әрі, “Шабандоз Назардың баласын қара басып, пешенесіне тиген желді аяқтан айырылып қалды”, - деген қаңқудан қорқады.


Тарбан жатақтығына қарамай, жаяулап көрген емес. Баяғыдан бері шығысқан жуан торысын өткен қыста жыққан. Бұдан әрі қартайса, етінің дәмі қашатынын ақылдың сарабына салған көңілге медет тұтып, қатын-баласын қызылға қарық қылғанына әлі де өкінбейді.


Тарбанның бір өкінетіні - әкесіне ұқсап шабандоз болмағаны. Осы өзен бойындағы бір жамағайындары жазда қызылсырамайды. Түске шейін жұмысын істеп, екіндіде атқа қонады да, қай-қайдағы көкпарды алып қашып келеді.


Желке қаситын еш нәрсесі жоқ, күмәндансаңыз, өзен жағасындағы жатақтардан сұраңыз. Олар барын атқа салады. Бір де болса бірегей мінеді. Жем-шөп болса, о бастан құнарлы. Ал кетпен шауып, орақ орған диқанның темірдей қолының кімнен болса да көкпарды жұлып әкететінін айтып жатудың қажеті жоқ.


Тарбанның қарымдылығы бір жамағайындарының қарымдылығынан кем емес. Бірақ көкпар шабудан қорқады.


- Неге қорқады? - дейсіз ғой.

- Ылди мен қырдағы елден сұраңыз.


Тарбанның әкесі де жатақ болған деседі. Қырдағы шаруаларға көзін жалдамай, білегінің қарымдылығын танытқан деседі. Ақыры өлімі көкпардан болған деседі.


- Көкпардан қалайша болады? - дейсіз ғой.


Шапқан аттың құлағында шарап болады деседі. Көкпаршыны “қызды-қызды” құртатын деседі.


Назар көкпар алып қашып келе жатқанда, әйелі тамның үстінен қарап тұрыпты-мыс. Қатыны келгенде, тілге келмей, қолын ұсынуға ғана шамасы келіпті-мыс.


Осы аңыз құлағына сіңіп қалған Тарбанның тісі көкпардың етіне бір жамағайындары арқылы ғана тиеді.


Тамның көлеңкесінде отырған Тарбан осы жәйттерді қиялдан өткізді. Ол әрі ойланып, бері ойланып, көк серкені соймақ болды. Көптен бері бордақыланып байлауда тұрған серке қайраққа жаныған пышақты көргенде бақылдап, жайсыз дауыс салды. Тарбанның денесі тітіркенді.


Тарбан және біраз ойланды. Ақырында: “Мал - адам үшін жаралған” деуші еді ғой. “Бордақы тұрғанда, көзімді кімге телміртемін?” - деп көк серкенің аяғын байлады.


Бауыздалды. Аяғын шешіп жатқанда, бауыздаушының басына жаңа бір ой оралды. “Ау, ғұмыры көкпар ұстамаған едім, осыны оңаша тақымдап көрсем қайтеді? Жұрт қалай тартады екен?” - деді


Тарбан қауын мен жүгерінің арасындағы суатқа байланған торы дөненін ерттеді. Серкенің жіліншіктерін тізерліктен кесіп тастап, кәдуілгі көкпарға ұқсатып, домалатып алып шықты.


- Бұның не, бетім-ау?! - деді әйелі тілінген қауынды сөреге қақтап жатып.

- Серкенің желін шығарып әкелемін, - деді күйеуі қоқиланып.

- Қымызға желіккендердің біреуі жабысып жүрсе қайтесің, байғұс! - деді әйелі.

- Жатаққа қырлықтар жабыса алмайды! - деді күйеуі насаттанып.


Тарбанның он жасар баласы:

- Көкем көкпар әкеледі! - деп тал-шыбықты шапаттап, тамды айнала жүгірді.

- Тәйт, үй айналма. Жаман болады! - деп шешесі зекіріп тастады.


Тарбан көк серкені өңгеріп, торы дөненді ойнақтатып шыға келді.

Әйелі тамның жанында серкенің бас-сирағын үйтуге қам жасады.

Тарбан көзден таса, көсіліп шабатын жер іздеді.

Сонау дөңнен өзенге құлайтын тарау-тарау сайдың табанында көсіліп шаба алмайсың. Қырқаға шықсаң, жұрттың көзіне түсесің. Тарбан әрі ойланып, бері ойланып, етектегі бір ойдым шүңейітті қалады.


Торы дөнен лыпып тұр. Тарбан шоқыта шауып, шүңейтке кеп құлады. Шүңейттің арғы жағындағы қыраттың асты қалың ел еді. Шыбын-шіркейі көп жерге малы да, жаны да келе қоймасына көзі жеткендей болды. Торы дөнен шыбындап, пысқырынып, шабыс тілей бастады. Тарбан мұртынан күліп қойды. Бірақ… серкесі түскір тақымына сыймайды. Дөңкиіп дөненнің санын қағады. “Бұзау көкпарды тақымына қалай басады екен, осы?” - деді.


Табан серкені өңгеріп шапты. Дөнен алғашқыда бұлтылдап, үстіндегі адамды тастап кете жаздады. Шүңейтті үш-төрт айналып шыққанда ғана көсіліп шабысқа көшті. “Өңгертетін шабандоз болса, көкпар алып қашуыма болады екен ғой өзі!” - деді Тарбан масаттанып.


Сонымен, не керек, Тарбан оңашада құмардан бір шықты.

Үйіне қайтып келе жатқанда қаңғырған екі жолаушыға кезіге кетті. Әлдеқайдан келе жатқан шаруалар. Қырдағы шаруалар.

Тарбан бірінші болып сәлем берді. Сәлемді қабылдаудың орнына анау екеуі Тарбанның алдындағы көк серкеге жармасты.


Бір тәуір жері, екеуі екі жақтан килігіп, серке кептеліп қалды. Тарбан:

- Әй, әй, қойыңдар әзілді! Бұл - менің бүгін қолдан сойған соғымым, - деді.

- Соғымның сирағы кесіле ме екен? - деді анау екеуі жұлқысып жатып.


Тарбан ортада қалды. Көк серке қай жағына ауып бара жатса, Тарбан сол жағына қарсы тартады. Бара-бара, бұның өзі де көкпардың қызығына батып, анау екеуіне еріп, “А, а!” деп дауыстауды шығарды.


Бұлар шапқан аттардың екпінімен қиғаштап кетті. Жатақтар хабарсыз боп қала берді.

Тартысқан үшеу қыратқа шыққанда, арғы жағындағы қалың елдің көзіне шалынды.

Қалың елден еркектер апыл-құпыл атқа мініп, жусанды беткейді шаңдатып, аңдыздай шауып келе жатты.

Осы уақытта, шамасы, ұзақ тартысқан үшеуінің қолы қалжыраған болу керек, көк серке лықсып жерге түсіп қалды.


- Қап, әттеген-ай! - деді анау екеуінің біреуі.

- Жалғыз жолдасыңмен жұлқысып, әкеңнің құны қалып па еді! Құтыл, енді, мынау қалың ауылдан! - деді екіншісі.


Біріншісі өзінің қателік жасағанын енді пайымдағандай. Дереу аттан түсіп, нән серкені жолдасына өңгертті.

Жолдасы қиғаштап, дөңге қарай шапты.


Қалың ауылдан келе жатқандар жуықтаған жоқ. Бірақ Тарбанның торы дөнені құтқармады. Анау болса, көкпарды атының екі жағына кезек-кезек ауыстырып, ноқай қуғыншыға ұстатпай бара жатты. Өрге қарай шапқанның өзінде, Тарбанның торысы екпінмен озып кете берді. Егер анау қашыртса, Тарбан тіптен лағып кететіндей.


Озып кетіп, қайта бұрылып, жандайшаптап титығы құрыған Тарбан бір кезде:

- Әй, Әмірбек, ертең екі қап қауын берейін, соғымымды өзіме өңгерт. Бала-шағаның нәпақасы еді, - деді.


Әмірбек бұның сөзін ұқпаса керек. Жауабы басқаша шықты:

- Тор дөненге бурыл бестімнің жете алмайтынын білем. Өсіп кеткен құйымшағыңа өкпеле!.. Ағайындарың тісімізге көкпар етін тигізбеуші еді. Бәлем, енді, алдыңа келді!


Тарбан өкініштен ернін тістеді. Шетінен шабандоз ағайынының біреуін ертіп шыққанда, түк пәле жуымайтын еді. Енді мынау дүйім елге жаяды-ау осының бәрін!


Тарбан намыстан жарылып кете жаздады. “Аттан!” салғандай артына қол бұлғап, қиқулай бастады.


Бурыл бестінің екі жағына кезек шығудан пайда жоғын біліп, алдын орағытуды шығарды. Бұнысы: “Не өзім жығылайын, не мысқылшыл Әмірбек жығылсын!” - дегені еді.


Жылқы баласының өзімталдығы қандай? Торы дөнен де ызаға булығып келеді екен. Бурыл бестіні екі-үш рет ұшырып жібере жаздады.


- Шабандоздың атын қақпайлауды қай атаңның салтынан көріп ең? Басыңнан қамшымен тартып жіберейін бе, осы? - деді Әмірбек.

- Темірдің екі басы ыстық! -деді Тарбан тұлданып.


Сонымен, не керек, бұлар қамшыласа алмады. Бурыл бесті болса, тынысы үзіліп, тапырақ қаға бастады.


Көп ұзамай қуғыншылар да жетті. Әмірбектің жолдасымен бүйірлесе жеткен. Олар Тарбандай икемсіз емес екен. Бұрын жеткені арындаған аттың үстінен сағыздай созылып, Әмірбектің қашыртқан көкпарына кенедей жабысты.


Дода басталды.


Бұл жер - дөң мен өзеннің арасын жалғастырған арқалықтай көрнекті жон еді. Жан-жақтан андыздаған аттылар қосылып жатты.


Шабандоз көбейген сайын көкпарды алып қашып кету қиынға соғатыны белгілі. Топ-топ аттылар жонның сауырында құйындай ұйтқи берді. Көк серке әбден созылса да, жерге жиі түсетін болды. Үйме-жүйме, апыр-шұпыр дода жиіледі. Басын шарт таңып, қамшысын тістеген шабандоздар қырғын ойнақ салысты. Аттардың басы кекжеңдесіп, шабандоздардың қарулы қолдары төмен төгіліп, көк нүктенің үстіне шүпірлесіп жатты.


Осындай тығыз топырда талай аттың құйма тұяғы басқан көк серкенің қарны жарылып қалды.


Қарны жарылған көкпарды алып қашқандардың, жұлқыса тартысқандардың шалбарына, етігіне жын жұқты. Одан жеркенген шабандоз жоқ. Қайта масаттанған іспеттес еді.


Көлеңке басын ұзартты. Егер көкпарды біреу алып қашып кетсе, бүгінгі қызық осымен бітетіндей. Осыны түсінген шабандоздар бір кезде ат ауыстырып мінісе бастады.


Тарбан болса, “бала-шағаның нәпақасын” ұмытып кеткендей. Танауы киіктің танауындай желбіреп, торы дөненді босқа ойқастатып жүр.


Бір кезде оған ақыл кірді. “Әмірбектің күдері үзілді. Шаршаған бурылын өзім мініп, торышымды берсем, көкпарды тамға апарып тастар. Ұшқыр дөнен ылдиға қарай қашырса, жұлдыздай ағады ғой!” - деді.


Әмірбек Тарбанның сөзін құп алды.


- Ойбай, ақылыңның садағасы кетейін! - деді ол атынан қарғып түсіп.


Әмірбек торы дөненнің ер-тоқымын алып, жерге қарсы жаяу жетелеп, терінің үгуін күтті. “Көкпар кетіп қалмасын?” - деген Тарбанға:


- Әр ауыл өзіне тартысқасын, бірін-бірі жібермейді. Біз болсақ, торы дөненнің жүйріктігіне сенеміз. Көкпар қолға тиіп, басы озса, тамға қарай шоқыта бер! - деді.


Терін үгіп алған торы дөнен жиі-жиі пысқырып, құлағын қайшылап, жер тарпи құтырып шыға келді.

Осы кезде және бір дода боп жатқан. “Кірсеңші!” деген Тарбанға Әмірбек сабырлы жауап қайырды.


- Дөненнің белі додаға жарамайды. Бұйырса, шеттен қағамыз.


Әмірбектің айтқаны тура келді. Доданы қақыратып, біреу көкпарды өрге қарай алып шыққанда, ол бүйірден қосылып, сақпанның тасындай сарт ете қалды. Қолы көкпарға іліккенде, жата қап тартпай, тіп-тік отырған күйінде төмен қарай жұлқып, сілкіп тартты. Екі ат екі ажырасқанда, көкпар Әмірбектің қолында кетті. Қаны-жыны шығып, созылған көк серке салақтап, торы дөненнің омырауын соқты.


Әмірбек созылған көкпарды екі бүктеп, тақымының астына басып алды да, атын жалт бұрып, сетінеген қараң-құраң көпшіліктің ішін аралай шапты. Көпшіліктің қорқақтары арынды дөненнің екпінінен қаймықса, батылдары көлденең шауып, жол бөгесті. Әмірбек мына торы дөненнің тізгінін желкесіне түйіп тастаған. Енді сол тізгін тәсілдің бұйдасына айналды. Торы дөнен қаумақты да, қалың қуғыншының ішінде бұлтылдап, жалт-жұлт қашыртып, саңылау іздей бастады.


Саңылау ашылғанда жұлдыздай аққан торы дөненнің артынан ала-құйын ұйтқумен болды.

Тарбанның тұла бойы шымырлады. “Я, бақ-ай!” - деп торы мен Әмірбектің тілеуін тіледі. Көзінен жас та шығып кетті.

Осындай қым-қиғаш қарбаласта біраз уақыт өтті. Шамасы, сүт пісірімдей мезгіл болуға керек. Көлеңке әлі жоғарылаған жоқ еді.

Олай-бұлай дүрлігудің, ұйтқудың бір кілтеңінде Әмірбекке жол ашылып қалды, Торы дөнен сағыздай созылып, оқшауланып шыға келді. “Кетті! Кетті!” дескен дауыстар шықты.


Енді арттан қиқу қоюлап, түсір көбейгенде, торы дөнен бұрынғыдан бетер құтырды. Ылди-төмен екпіндеп, жер бауырлап, құлағын қоянның құлағындай қайшылап, ағып бара жатты. Тарбан: “Айналайын-ай!” - десе, бөгде жандар: “Жығылғырдың шабысын-ой!” - десті.


Осындай сүйініс-күйініс туғызып кеткен торы дөнен қуғыншы дүрмектен оқ бойы ұзағанда мұрттай ұшты. Әмірбек екі рет домалап кетті.


Көкпар шамалы дамылдады.


Жұрт жығылған атты қоршап алды. Торы дөненнің танауы жыбырлап жатты.

- Ысырылыңдар. Жел тисін! - деді біреу.


Жұрт жарытып ысырыла қоймады.

- Аяғын тышқанның ініне тығып алған екен, - деді енді біреу.

- Ойбай, тартпасын ағытыңдар! - деді екінші біреу.

- Тартпадан пайда жоқ. Мойны үзіліп кетіпті, - деді үшінші біреу.

- Азаматтың аман қалғанына шүкіршілік! - деді төртінші біреу.


Тарбан да, Әмірбек те мең-зең еді. Сереңдеп өліп бара жатқан торы дөненнің пышаққа ілінгенін байқады.

- Көкпарда өлген жылқының еті - көптікі. Сауабын ал! - деді әлдебіреу ақыл беріп.

Әмірбекке айтқаны, Тарбанға айтқаны белгісіз боп қала берді.

Күн алаулап ұясына батып бара жатты.

Қызылға үймелегендер - тайлы-таяқты кәрі-құртаңдар ғана.

Жұрт көкпарды додаға салып, қайтадан қырқыса бастады. Енді бірі асығып, жанталасып, қамшылар аттың сауырына сатыр-сұтыр тиіп жатты.

Әмірбектің беті қанап, топырақ жұғып қалған екен. Қанталап, қарая берді.

- Ұятты болдым, - деді Әмірбек. - Ер-тоқымыңды жаяу арқалап қайтқаның жараспас. Бурыл бестімен қайт. Басы бүтін алсаң да, майын мінсең де - еркің.

Ала-көлеңкелі апақ-сапақта Әмірбек жолдасының атына мінгесіп қырға өрледі. Тарбан Әмірбектің атына мініп, көкпар орнына өзінің ер-тұрманын өңгеріп, ылдиға құлап бара жатты. Көкпардан түйіскен сапар екі айрық тартты.


Осы уақытта Тарбанның шамасыз кешіккенінен түңілген әйелі үйтілген бас пен сирақтарды қазанға салып жатты. Қызылсырап қыңқылдаған баласын жұбатқан болды.


Ал ер-тұрманын өңгеріп келе жатқан Тарбанның құлағына кешкі ауада әлдеқайдан жұлқысқан шабандоздардың дауысы естіліп жатты.


Тарбанның көңіліне қызығу, жабығу сезімі қатар ұялады…


Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар