Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Несіпбек Айтұлының балаларға арналған өлеңдері

22.09.2015 518

Несіпбек Айтұлының балаларға арналған өлеңдері


IMG_0947.JPG

 


ЖОЛЫҢ БОЛСЫН

 

Атам шықса сапарға:

- Жолың болсын! – дейді апам.

Апам шықса сапарға:

- Жолың болсын! – дейді атам.

 

-Жолың болсын! – дейді олар,

Үлкенге де, кішіге.

- Жолың болсын! – дейді олар,

Ұшырасқан кісіге.

 

Осы сөзде байқадым,

Қуат барын, күш барын.

 - Жолың болсын! – айтамын,

Алыс жолға шықса кім.


 

Асығу

 

Қарап тұрсаң, барлығы да асығыс,

Санап тұрсаң, жатыр бастан асып іс:

Көкте асығыс құстар ұшып барады,

Асығып жүр құмырсқа жем тасығыш.

 

Асау өзен арнасында асығар,

Кемпірқосақ көкке асығыс асылар.

Асығады көктем қайта келгенше,

Асқар тау да бауыры-жаз, басы-қар.

 

Күн асығыс дөңгелейді аспанда,

Бұлт асығыс бір селдетіп тастауға.

Асығады жеміс біткен пісуге,

Асығады өскенінше жас тал да.

 

Әр минуты түсетіндей қымбатқа,

Жұмыс бітпей қалатындай күн батса,

Күні бойы асығады адамдар,

Асығады бар дүние бір жаққа.

 

Тым асығыс поезд зулап барады,

Тыным таппас телеграф бағаны.

«Жедел жәрдем» зырылдайды жұлдыздай,

Әлде науқас, әлде перзент хабары.

 

Көк жайлауға жеткенше асық малшы да,

Асығады омартаға балшы да.

Бу асығыс ұшып кетті биікке,

Айналуға қайта мөлдір тамшыға.

 

Уақыт тығыз. Асықпауға бола ма?

Сауыншы асық, айран керек балаға.

Егінші де, наубайшы да асығыс,

Асықпаса дүкенге нан тола ма?

 

Зыр айналып сан айлар мен сан апта,

Асығып тұр шықылдаған сағат та.

Бара жатыр мектебіне жүгіртіп,

Оқушы да кешікпеуге сабаққа.

 

 

Шұғыласын таратуға әр күні,

Асығады ең алдымен таң нұры.

Ертеніңде жету үшін бақытқа,

Асығады, асығады барлығы...

 

 

МЕКТЕП

 

Сарғыш тартып күллі алап,

Жеміс пісті-

Күз келді.

Шақырады мұндалап,

Мектебіміз бізді енді.

 

Жүрегі алып ұшады,

Жетідегі баланың.

Ыстық мектеп құшағы,

Құшағындай ананың.

 

Көзінен нұр төгілер,

Балалық шақ- алтын күн.

Өз үйіндей көрінер,

Өз мектебі әркімнің.

 

Саяхаттап жыраққа,

Таныстық жер сәнімен.

Мектебіміз бірақ та,

Әсем екен бәрінен.

 

Бардық көлге, бұлаққа,

Жаздың әсем әнімен.

Мектебіміз бірақ та,

Саялы екен бәрінен.

 

Бақта піскен албырап,

Таттық жеміс нәрінен.

Мектебіміз ал бірақ,

Мәуелі екен бәрінен!

 


ОҚУЛЫҚ

 

Саған білім жемісін

Оқулығың береді.

Талай адам сол үшін

Маңдай терін төгеді.

 

Орманшының аялы

Алақаны өсірген,

Сансыз ағаш саялы,

Қағаз үшін кесілген.

 

Ағаш кесіп қанша адам,

Ормандарда жүреді.

Аға қанша шаршаған,

Ағаш тиеп үнемі?!

 

Машинист боп жасынан ,

Дүбірлетіп даланы,

Сол ағашты тасыған,

Білер ме ең көп ағаны?

 

Заводтарда күні-түн,

Қағаз жасап бағалы,

Қанша адамның

Кім үшін

Маңдай тері тамады?

 

Оқулықты баршаға,

Талай ғалым қолға алып,

Жылдар бойы қаншама,

Жазады ұзақ толғанып.

 

Әдемілеп берсем деп,

Бояу жағып не түрлі,

Суретшілер көркемдеп,

Қанша уақыт отырды.

 

Әріп теру үшін де

Талай адам терледі.

Баспахана ішінде,

Айлап тыным көрмеді.

 

Оқулықты мектебің

Берер саған, теп-тегін.

Білмейсің-ау сен бірақ,

Қаншама еңбек кеткенін.

 

Оқулығың - құралың,

Жағар білім - шырағын.

Баса алмайсың ешқашан,

Онсыз алға бір адым.

 

Оқулықты құрметте,

Күтіп ұста, кірлетпе.

Кішілерге табыс ет,

Дақ түсірмей бір бетке.

 



Портфель

 

Бірге бастап жол басын,

Бірге оқуға барғасың.

Қолыңдағы портфелің-

Жеті жастан жолдасың.

 

Сырласыңдай портфелің,

Шын досыңдай портфелің.

Жүреді оның ішінде

Кітап, қалам, дәптерің...

 

Сабақ бетін ашпасаң,

Салақ бола бастасаң,

Портфелің де жүдейді,

Әр бұрышқа тастасаң.

 

Оқушының мән-жайын,

Жұрт біледі әрдайым.

Портфель өзі-ақ айтады,

Иесінің қандайын...

    

 

Күнделік

 

Бірге барып класқа,

Бірге үйіңе қайтады.

Оның бетін кім ашса,

Әр бағаңды айтады.

 

«Бес» кетпесе бетінен,

Сүйсіндірер талайды.

Көз ашпаса «екіден»,

Күнде жерге қарайды.

 

«Оқы!» десе ерінер,

Маубас ертең не білер?

Кімнің қандай болары,

Күнделіктен көрінер.

 

 

Қалам

 

Каналдар қазылған,

Қайланың күшімен.

Кітаптар жазылған,

Қаламның ұшымен.

 

Ақылды, зерекке

Қолғанат-қаламы.

Әрқашан керекте,

Қолына алады.

 

Ойларын дананың

Өрнектеп бұл қалам,

Қалдырған бабаның

Хаттарын мыңдаған.

 

Қаламсыз адамды

Көрмейсің бұл күнде.

Қадірле қаламды,

Жолашар білімге.

 

Жалқаудың қаламы,

Қалтада тозады.

Зеректің қаламы,

Қатесіз жазады.

 

 

Қарындаш

 

Қызыл, жасыл, қарасын...

Қолға кезек аласың.

Қарындашпен әр түсті,

Алуан сурет саласың.

 

Көлдей тұнық аспанды,

Орман, теңіз, асқарды

Өрнектейсің өзіңше-

Шөпті, гүлді, тастарды.

 

Өрнектейсің қаланы,

Өрнектейсің даланы.

Шекараны күзеткен,

Әскердегі ағаны.

 

Қой қайырған атаны,

Мал жайылған жотаны,

Бәрін, бәрін саласың-

Қозы, лақты, ботаны.

 

Шахтер аға келбеті,

Актер аға келбеті...

Портреттер көрмесі-

Дәптеріңнің әр беті.

 

Қарындаштың көмегі

Міне, қандай көп еді.

Ұштай біл де

Ұстай біл,

Түрлі өрнек төгеді.


 

Өшіргіш

 

Өшіргіш- оқушы құралы,

Қатеңді өшіріп тұрады.

 

Дәптерді қолыңмен тырналап,

Былғама, орынсыз жұлмалап.

 

Өшіргіш аямас көмекті,

Өңдейді, жөндейді ол епті.

 

Көк сия қолма-қол кетеді,

Қайтадан мұнтаздай етеді.

 

Өшіргіш- тазалық сақшысы,

Қатесіз жазған ғой жақсысы!

 


Пенал

 

Жоғалмаса қаламсауыт –пеналың,

Жоғалмайды қарындаш пен қаламың.

Қыл-аяғы құйттай өшіргішің де

Жоғалмастан жүреді оның ішінде.

 

Демес үшін:

«Қаламсабым жоғалды!»,

«Қарындашым жоғалды!»,

Сақтай біл сен ең алды,

Сенімді дос-пеналды.

        



Дәптер

 

Он екі ақ парақ-

Он екі ақ қанат.

Жолдары әсем-ақ,

Сызылған тақталап.

 

Он екі параққа,

Жазасың сан апта.

Әріптер шығады,

Сап түзеп парадқа.

 

Жақсы оқып сабақты,

Жаза біл сауатты.

Дәптерің- көгершін,

Он екі қанатты.

      



Жазу үстінде

 

Қалам айтады:

- Қатесіз көшіремін!-деп.

Өшіргіш айтады:

- Қатеңді өшіремін!-деп.

Дәптер айтады:

-Бүлдіре көрмеңдерші?-деп.

Оқушы айтады:

- Ойымды бөлмеңдерші!-деп.

 

      


Партам-ау

 

Талай бала, партам-ау,

Саған жүгін артады-ау!

Біраз нәрсе білгенім,

Бір өзіңнің арқаң-ау!

 

Білместік қой партам-ау,

Обалыңды арқалау:

Бетіңді ойған сабаздар

Сазайын бір тартады-ау!

 

Алдағы жол сан тарау,

Әр жаққа әркім тартады-ау!

Шығарып сап, соңымда

Қаласың-ау, партам-ау!




Қағаз, Қалам және Сияның айтысы

 

Қағаз бенен Қалам бірде лепірді,

Лепірді де сөздер айтты не түрлі:

«Менен мықты жоқ!»-деп, Қағаз желпінді,

«Менен мықты жоқ!»-деп, Қалам көпірді.

Бара-бара болды қызыл кеңірдек,

Кеңестерін Сия тыңдап отырды.

        

Қағаз айтты:

- Мына менен артық не?

Сөйлей алам!

Барлық елде, бар тілде.

Жазады адам аппақ сүттей бетіме:

Әрбір сөйлем,

Әрбір сөзін,

Әрпін де...

 

Дүниенің сыры жоқ мен білмейтін,

Дүниенің жыры жоқ мен білмейтін.

Жалғыз маған табынады жан біткен,

Не жөнің бар жағаласып, күндейтін?

 

Кітап болып тұрам әр үй төрінде,

Әркім ынтық ішімді ашып көруге.

Ұлылармен бір жасаймын өмірде,

Мәңгі өлмеймін,

Жеңе алмайды өлім де.

 

Біледі адам тарихын мен арқылы,

Сондықтан да үңіледі әр күні.

Түсер маған сансыз ойдың сәулесі,

Түсер маған сансыз көздің жарқылы.

 

Қолдан-қолға көшіп жүрсем бүгінде,

Жатам ертең архивтердің түбінде.

Келер ұрпақ парағымды ақтарар,

Жол ашамын

Болашаққа,

Білімге!

 

Қалам айтты:

-Жөн ғой мұның бәрі де...

Бірақ өзің қарасаңшы әліңе?!

Мен болмасам, сенің күйің не болар,

Жазуы жоқ құр қағаздың мәні не?

 

Медеу тұтып мына мені қанша адам,

Арманына жетті емес пе аңсаған.

Өзің айтшы, кезім бар ма шаршаған,

Ғұмыр бойы жазып келем мен саған.

 

Жүйткідім сан ғұламаның қолында,

Асыл сөздер сап түзеді жолымда.

Алдыменен мен жүрдім ғой қашанда,

Қалған жерім бар ма сенің соңыңда?

 

Менің нарқым сенен қымбат білгенге,

Билігің де,

Тірлігің де бір менде.

Тағдырыңды шеше аламын бір демде,

Құның жоқ-ау, соққаныңмен құр кеуде.

 

Қолға барып жүгінейік онан да,

Өмір берген сол ғой саған, маған да.

Ісімізге әуел бастан куә өзі,

Төрелігін айттырайық табанда.

 

Мына дауды тыңдап тұрған манадан.

Айтты сия:

-Астыңдар-ау шамадан!

Ойлаңдаршы, жан иесі болды ма,

Біріңді артық, біріңді кем санаған?

 

Мақтанбаймын,

Қарапайым Сиямын.

Екеуіңе мен күш-қайрат құямын.

Сансыз тілде жазылам да сөз болып,

Бар білімді өн бойыма жиямын.

 

Нұрлы ақылдан қуат алдым, ой алдым,

Сол арқылы мәңгі ұйқымнан ояндым.

Ақыл мені жазуға айналдырмаса,

Әншейін бір өлі жатқан бояумын.

 

Деп бөспейік шетімізден іріміз,

Бірімізден артықпыз ба біріміз?

Қолдан бұрын қадірлейік Басты біз,

Бас болмаса, не болады күніміз?!

 


Аудармалары


         Жүніс Еміреден

(Түрік ақыны)

 

Мұхаммедке сыйыну

 

Пәнидегі парызымды өтейін,

Медет тауып өсиетіңнен, Мұхаммед!

Аруағыңның садағасы кетейін,

Айналайын қасиетіңнен, Мұхаммед!

 

Мейір төктің пендең болған адамға,

Ақыреттен иман бұйырт маған да.

Мұстафасың он сегіз мың ғаламға,

Айналайын қасиетіңнен, Мұхаммед!

 

Жеті қабат көктен асып самғаған,

Жаратқанға жұрт тілегін жалғаған,

Күнәһарға көз қиығын салмаған,

Айналайын қасиетіңнен, Мұхаммед!

 

Төрт шадияр қолқанатың-серігің,

Зауалысың сайтан менен перінің.

Сұлтанысың мынау ғалам төрінің,

Айналайын қасиетіңнен, Мұхаммед!

 

Пайғамбарсың хақ жолына жұмсаған,

Күмән ойлап, шәк келтірер кім саған?

Жүнісіңе жәрдем бер деп мұң шағам,

Айналайын қасиетіңнен, Мұхаммед!

 


Алла ырыздық төкпесе оған

 

Обал жоқ қой бар өмірін құр өткізген күнәһарға,

Жүзі қара жалқауларды Хақтағала ұнатар ма?

 

Масыл малғұн масайрайды көлденеңнен бұйырғанға,

Алла ырыздық төкпесе оған, зар болады түйір нанға.

 

Қайран өмір қауыз жарып, гүл жайнаған жас сұлудай,

Бал-шырыны таусылған соң ұсынады ащыны удай.

 

Ойна да күл, оралыңның барында әсте босқа тұрма,

Әзірейіл алам десе, құтылмайды хас батыр да.

 

Сорлы Жүніс, сен де бір күн тоналасың түгің қалмай,

Жапандағы бәйтеректің жапырағы жұлынғандай.

 



Ай жүзіңе қадалумен

 

Сенсің менің шамшырағым жүрегімде сөнбейтін,

Болса, шіркін, ұжмақта да ғазиз жаның өлмейтін.

Ай жүзіңе қадалумен көз сусынын қандырам,

Көкірегім қу медиен ләззатыңа шөлдейтін.

Бұл дүниенің бар байлығы тырнағыңа татымас,

Дел-сал қылған ауыр дерттен өзің ғана емдейтін.

Шершис құсап жетпіс мәрте көр аузынан қайтсам да,

Мен байқұста не шара бар азабыңа көнбейтін?

Жабырқатпа ғашықтықтан ғаріп болған Жүністі,

Ат басындай алтынға да көлеңкеңді бермейтін.

 



Сүйем сені жан-тәніммен

 

Сүйем сені жан-тәніммен, сүйгендіктен құлыңмын,

Бір талына айналсам-ау саған біткен бұрымның.

 

Ғашықтықтың шылбырына өлмесем мен асылып,

Сені кайда қоя аламын өз-өзімнен жасырып.

 

Дидарыңа пар келетін жан табылмас жаһанда,

Елесіңді қуып жүрген мүсәпірмін жапанда.

 

Ішке тұнған улы дертті сен сұрама, мен айтпан,

Қапалымын қайғы көлін көз жасымен молайтқан.

 

Қалың тобыр – қарапайым жанға мойын бұрған ба,

Күні туып сұлтандардың, желі оңынан тұрғанда.

 

Тәңірінің жазғанынан кімдер қашып құтылар,

Сайтан болып кетпесе егер, түбінде бір тұтылар.

 

Жаратқанның шапағаты қай пендеге мол түссе,

Күн нұры да жетпес оған шақырайған талтүсте.

 

Шыбындаймын шырқыраған торыңа әбден шырмалып,

Тәркі болдым – бұл жалғанның қызығынан құр қалып.

 

Сен деп жүріп шариғаттың жолынан да тайқыдым,

Кім бойлады жүрегіне мендей мұңлық шайхының?

 

Құдай өзі мүсіркесін махаббаттың мүскінін,

Сүлеймен де ұға алмайды білетұғын құс тілін.

 

Қарап тұрсам, кәпірдеймін діннен безіп сорлаған,

Қандай сиқыр, уа, құдірет, мені бүйтіп торлаған?

 

Азғындайды дінді бұзып, әзәзілге иланған,

Нендей жұмбақ түсінбедім, жұрдай қылған иманнан?

 

Шынын айтса, бұл Жүністі жаппар ием кешер ме,

Кешірмесе, айықпайтын ұрынғаны кеселге.

 



Бейіш нұры шын төгілсе

 

Бұл пәниге келген пенде,

Дүние есігін бір жабар.

Қаңғып жүрген елден-елге,

Қайыршыдай сырғанар.

 

Қимай өмір сахарасын,

Көзден жасың сорғалар.

Сорайып құр соқа басың,

Қалса және сор болар.

 

Аяңдармыз бірте-бірте,

Бәріміз де сол жаққа.

Бейіш нұры шын төгілсе,

Ұжымаққа бармаққа.

 

Тәуекелге бекінбейсің,

Түспей ауыр азапқа.

Жансаң бірге өкінбейсің,

Ғашығыңмен тозаққа.

 

Өз қолыңмен өміріңе

Өзің бөгет жасама!

Бір жүректің әміріне

Бағынбасаң не шара?

 

Қаңғытпайды кімді қайда,

Махаббаттың жарлығы.

Жалбарынар бір құдайға,

Ғашықтардың барлығы.

 

Мұңға батса нәзік пенде,

Жүніс, сен де аяла.

Іздегенің кезіккенде,

Төк жырыңды, аяма!

 



Сенсіз күнім - сергелдең

 

Бір өзің деп жанын салған,

Бейшарамын сенделген.

Алды-артымды жалын шалған,

Сенсіз күнім-сергелдең.

 

Сау-тамтық жоқ жүрегімде,

Мұнан ары қинама.

Сенсіз ғаріп мына өмірде,

Мен бір жүрген диуана.

 

Сенің отты теңізіңе

Батып кетсем кешкенде,

Құтқаратын жер жүзінде,

Табылмайды-ау еш пенде.

 

Сегіз ұжмақ рахатын

Бірге көрер бар ма күн?

Үмітімді жұбататын

Өзің ғана, ардағым.

 

Уын жұтып мұң-қайғының,

Ғашығыңа еңіре.

Жалғыз қалсаң тыңдайды кім,

Бейбақ, Жүніс Еміре!?

 



Ұжмақ деген тозақ маған

 

Неге керек қос жанарым,

Дидарыңды көрмесем.

Бұл тірлікті тастағаным -

Елесіңе ермесем.

 

Қызыл шоққа күйген жаным,

Ұжмақ төрін не қылар?

Армансызбын сүйген жарым,

Болса, шіркін, табылар.

 

Тәрік қылсам өмір заңын,

Қай жәннатқа ұшамын?

Толтырардай менің зарым,

Абат бақтың құшағын.

 

Ұжмақ деген тозақ маған,

Оны қайтем мен сенсіз.

Сағат сайын қымбаттаған,

Сенің бағаң өлшеусіз.

 

Өле-өлгенше ғашық еттің:

Өмір бойы сол үшін,

Өкінбеймін қасіреттің

Сүйретсем де кебісін.

 

Ынтықтырып есімді алған

Нұр сәулеңе сен мені,

Бөлемесең, өшіп-жанған

Шырағымның сөнгені.

 

Жүніс саған ақтарады,

Зарын қосып дертіне.

Күл боп жанып жоқ болады,

Су сеппесең өртіне.

 



Бейнең көзден бұл-бұл ұшты

         

Қасіреттен тынбай жандым,

Жана-жана күлге айналдым,

Не болғанын білмей қалдым,

Көрмеймісің келіп, калқам?

 

Басқа жанға көңіл бөлмей,

Қырды кездім қоңыр желдей,

Зарым сел боп төгілгендей,

Көрмеймісің келіп, қалқам?

 

Көкірегіме тіреліп мұң,

Кешкі бұлттай күреңіттім,

Сенсіз жерде тірі өлікпін,

Көрмеймісің келіп, калқам?

 

Өзің сұққан көк жебені

Өзің алып, емде мені,

Сол ғой жанның шөлдегені,

Көрмеймісің келіп, қалқам?

 

Мәжнүндей мәңгірдім мен,

Тентіретті тағдыр мүлдем,

Тіленшімін қаңғып жүрген,

Көрмеймісің келіп, қалқам?

 

Бейнең көзден бұл-бұл ұшты,

Кез ғып Алла мың бір істі.

Мүскін болған бұл Жүністі,

Көрмеймісің келіп, қалқам?

 



 Елесің кеп тіл қатқанда

 

Сен болмасаң, бұл өмірден

Өтерім хақ тентіреп.

Құрығаным – жүрегіңнен

Таба алмасам мен тірек.

 

Өзің барда, жан құмарым,

Төрт құбылам сай менің.

Зымырайды арғымағым,

Алдын бермей бәйгенің.

 

Ішімді өртеп күйдіруде,

Аласұрған от құйын.

Жаралмасаң сүйдіруге,

Өмір құны көк тиын.

 

Ақыреттен не табамын,

Сені жатқа қиғанмен.

Сенсіз қайда жете аламын,

Боқ дүниені жиғанмен,

 

Ғашықтықтың дастанынан

Ғибрат алсаң сен егер,

Мейіріміңнің аспанынан

Титтей шуақ себе гөр?

 

Елесің кеп тіл қатқанда,

Жаным жылар шырқырап.

Ымырт түсіп, күн батқанда,

Жағылмай ма бір шырақ?

 

Күңіреніткен жердің жүзін,

Жүністі ая, жылатпа.

Сүйген жандай хордың қызын,

Жетсін десең мұратқа.

 


Бо Цзюидан

(Қытай ақыны)

 

                   Киіз үй

             

Киізіне жүні кеткен мың қойдың,

Шаңырағы қайыңынан күнгейдің.

Әрі берік, әрі ыңғайлы, әрі әсем,

Дей алмаймын ағашына мін қойдым.

 

Сайын дала оның мекен-тұрағы;

Бірде көрсең, терістікте тұрады.

Сарбаздармен бірге көшіп сағымдай,

Бір карасаң, түстік жақтан шығады.

 

Шым жібектен мықты желбау байлаған,

Қозғалта алсын қандай дауыл, қай боран?

Кірсең жылы іші қыз-қыз қайнаған,

Көкжиектей дөп-дөңгелек айналаң.

 

Тауқыметтің көріп едім талайын,

Бұл киіз үй болды менің сарайым.

Айлы түнгі көлеңкесі-ай көлбеген,

Қыста осымен бірге өтеді сан айым.

 

Туырлықтың сыртын қырау шалса да,

Ызғар өтпес соқсын боран қаншама.

Сән-салтанат іші кірсең шыққысыз,

Көрген пенде таңдай қағар тамсана.

 

Жыршы төрде бұлбұл құстай сайрайды,

Бақсы билеп от басында ойнайды.

Балдай қымыз балбыратып денеңді,

Алпыс екі тамырыңды бойлайды.

 

Қою түннің құшағында аунаған,

Қандай ғажап жалынды ошақ лаулаған.

От сәулесі аймалайды іргені,

Дірілдеген қызыл гүлден аумаған.

 

Кең ашылып түнгі ауаның құшағы,

Қасиетті түтін көлбеп ұшады.

Сәл сейілсе, кенет көктем суындай

Тасқындаған өлең көпті құшады.

 

Мұнда отырған жанда қандай бар қайғы,

Ұжымаққа шақырса да бармайды.

Шөп күркеде күн кешкендер күйбеңмен,

Май тоңғысыз қыста-дағы жаурайды.

 

Қайыршы да киіз үйді армандап,

Алыпсатар қарызданар қалбаңдап.

Мен осында ұрпағымды өрбітіп,

Дәм-тұзымды жаям келген жанға арнап.

 

Салтанатты сарайына патша мас,

Сарай барлық үмітіңді ақтамас.

Киіз үйдің құдіретіне жоқ талас,

Сарайыңа бермеймін мен баспа-бас!

 



                         Либайдан

(Қытай ақыны)

 

1.                Тымық түнгі сағыныш

Төсегімнің алдына айдың нұры төгілді,

Қырдың беті күміс шық жамылғандай көрінді.

Айға сәлем бердім де, қайта төмен үңілдім,

Туған жерім елестеп көкірегім сөгілді.

 

2.                Тау басындағы бұтханаға түнеу

Бұтханаға түнедім – биік таудың басында,

Алақанда тұрғандай жұлдыз біткен қасымда.

Шығармадым даусымды, кете ме деп оянып,

Ұйықтап жатқан алаңсыз әулиелер осында.

 

3.                Мың Хауранды Гуаңлиңге көзден ұзату

Хуаңхы лоу есігінен наурызда аттанып,

Кетті досым Яңжоу жаққа күнбатысты бетке алып.

Көкжиекке сүңгіді де ғайып болды ақ желкен,

Көз алдымда буырқанған асау өзен жатты ағып.

 

4.                Ваңлунге

Либай едім, қайық мініп аттанғалы тұрғамын,

Естіп қалдым жанға жаққан әсем әннің ырғағын.

Шабдал гүлі сәулесі де су түбінде ойнайды,

Ваңлун емес жан тербетер оған мойын бұрмадым.

 

5.                Лушан тауындағы сарқырама суреті

Будданың шамы түтіні нұрымен күннің қосылып,

Құбылып бейне тұрғандай қарасаң көкке асылып.

Биіктен сонау төменге құлаған суды сарқырап,

Құсжолы дерсің аспаннан жөңкілген жерге жосылып.

 

6.                Тянмыншан тауына қарап

Тянмыншанды Чужияң өзені қаққа жарады,

Шығыстан кері бұрылып, батысқа тартып барады.

Құйттай бір қайық келеді, күн шыққан жақтан жақындап,

Жағалай біткен жасыл тау сағына оған қарады.

 

7.                Байдичың қаласынан ертемен аттану

Сұлу қала Байдичың қалды азанда қол бұлғап,

Мың шақырым Жянлиңге жетіп барам бір күнде-ақ.

Жағадағы маймылдар қайығымды көріп мәз,

Арасынан таулардың өте шықтым мен зулап.

 

8.                Жиңтиңшан тауындағы жалғыздық

Ұшып кетті құстар да зым-зия боп жан-жаққа,

Көкте бұлттар аунайды әлдеқайда бармаққа.

Тау екеуміз жалықпай мұңдастық та сырластық,

Қалай шыдап тұрған бұл Жиңтиңшаным мен жоқта.

 

9.                Чюпу

Дүкенінде ұстаның жалын лаулап жатады,

Нұрландырып маңайын қызыл ұшқын атады.

Екі беті алаулап ай сәулесі түскенде,

Түнгі судың бетінде әнін қалықтатады.

 


 

Михаил Исаковскийден

(Орыс ақыны)

 

                  Көктем

    

Егісті алқап малынды көк майсаға,

Құйылды да қызуы мол көктен нұр.

Терезелерді ашып тастап айқара,

Селоларда серуен құрып көктем жүр.

 

Өзінше бір әнге басып жырлайды,

Ерке бұлақ арнасында бөгелмей.

Жасыл шие бұтақтарын бұлғайды:

«Достар, өсіп-жетілеміз!» дегендей.

 


                    Далада

 

Ымыртта қоңыр салқын жанға жайлы,

Теңіздей бидай басы толқындайды.

Көрінбес кісі бойы бітік егін,

Соқпақ жол жиегінде жалтылдайды.

 

Бөдене бытпылдықтап қара кеште,

Боларын мол ырыстың салады еске.

Тағы да анау өзен ар жағында,

Дегендей қимас қалқаң бар емес пе?!

 

Бірге оқып, қатар өстік қаршадайдан,

Бір барып, қайттық бірге егінжайдан.

Туған жер ыстық тартқан одан сайын,

Сонау шақ әлі күнге шықпайды ойдан.

 

Үйіріліп қараңғылық апақ-сапақ,

Түн төніп келе жатыр жерге тақап.

Жатқандай жақсы өмірдің сырын толғап,

Аулақта алаулайды кешкі шапақ.

 

Жай таппас басқа жерде жаным мұндай,

Тұра ма туған далаң сағындырмай.

Қиырға көз жүгіртіп, құлақ түрсең,

Сызылтып әнге басар қалың бидай.



 

                   Екеуміз

 

Екеуміз көңіл қосып жүрмеп едік,

Қызығын көктемдердің бірге көріп.

Жанарың жай таптырмай жас жаныма,

Аһ ұрдым от боп жанып, мұз боп еріп.

 

Көрмесем ұмытармын деп ойладым,

Бойымды аулақ салдым, абайладым.

Болмады қайда барсам алдан шығып,

Еріксіз елесіңе қарайладым.

 

Мен үшін бір өзіңсіз ашық-жарқын,

Жүрер жол жер бетінде жоқтай бәлкім.

Сәт сайын қабағыңнан сыр ұқпасам,

Өмірдің әр сағаты тартар салқын.

 

Сен-дағы мүмкін іштей мұңданасың,

Дегенмен терең сырдың біл бағасын:

Әйтеуір шешу керек бұл түйінді,

Қалайда табу керек бір дауасын.

 

 


                 Шіркін-ай

 

Шіркін-ай, жазғытұрым араласаң,

Алапты өзің туған гүл басқанда.

Сарғайып саз бергенде бозала таң,

Шалқытып шұғыласын түнгі аспанда.

 

Ежелден көрген адам таңдай қаққан,

Қайда бар дәл осындай ашық аспан?

Жарысып жас жігітпен сырнайлатқан,

Түн бойы бұлбұл сайрап әнге басқан.

 

Көрінген сонау қырдың қырқасында,

Қарайсың ғажайыпқа тіл байланып:

Бейне бір ұқсайды аппақ бұрқасынға,

Құлпырған бау-бақшалар гүлге айналып.

 

Бұтақтар басын иіп сырласады,

Жел соқса бір шулайды, бір тынады.

Ән мен ән қанаттасып үн қосады,

Бір жүрек бір жүрекке ынтығады.

 

Масайрап күллі дүние көріктеніп,

Қол бұлғап сені өзіне шақырады.

Кеңітіп тынысыңды, желік беріп,

Жаныңды рахатқа батырады.

 

 


  Жол айырығында

          (әзіл)

 

Көктем күні көңілді,

Аспанда бұлт жоқ еді...

Бастығына сенімді,

Шофер жолда келеді.

 

Айырылды жол міне,

Өрге шыға бергенде.

Сұлу қызды көрді де

Тоқтай қалды ол демде;

 

-Бейтаныс жол бұралаң,

Адаспасақ жарады.

Жөн сұрайын мынадан, -

Деді түсіп қабағы.

 

Жауып машина есігін,

Жол шетіне ол барды.

Сұрап жасын, есімін,

Дереу қызды қолға алды.

 

Жауап қатты қыз дағы:

- Бойжеткен боп өстім деп,

Сөз салған жоқ ешкім деп.

 

Таныс дерсің бұларды,

Созылды сөз аяғы.

Шофер естен шығарды,

Жол сұрауды баяғы.

 

Қайта оралған кезінде,

Бастық отыр бұрқырап:

 - Ұят бар ма өзіңде,

Неғылған көп бұл сұрақ?..

 

Айтты: - Мұным қате, - деп, -

Тыңдаңызшы, алайда;

Бұрылысты өте көп,

Еске сақтау оңай ма?..

 


Смоленск  туған елім

 

Смоленскі - туған елім,

Өсіп-өнген аймағым.

Жастық шағым мұнда менің –

Салған сауық-сайраным.

 

Өтті мұнда жас дәуренім,

Ән толқынын аунатып.

Жарқыратып орман төрін,

Костер отын лаулатып.

 

Балғын гүлден алқа таққан

Әдемі өрнек шашында,

Арманымды алғаш тапқам

Ойда жоқта осында.

 

Оралмастай қайтып мүлде,

Алыс кетті жырақтап.

Жасырынды қай түкпірге,

Қалды қайда тұрақтап?

 

Соның әсем әні емес пе,

Көктемгі су сылдыры?!

Соның көркін салады еске,

Нарттай қызыл күн нұры.

 

Қырдағы ізін жаңбыр шайып,

Өшіріпті бүгінде.

Мәңгілікке болды ғайып,

Жел жұтыпты үнін де.

 

Баяғыдай бола ала ма,

Еске алғанмен еркемді?

Қайтып маған орала ма,

Шаралғанмен өлкемді?

 

- Енді қайтып бұрылмайды,

Шақырсаң да ол саған, -

Дегендей боп сыбырлайды,

Жапырақтар самсаған.

 



Шық басқан шалғынды аралап

 

Шық бақан шалғынды аралап,

Соқпақ жол салып бір әлдиге,

Көмескі тартқанда бар алап,

Жас жігіт шығарып салды үйге.

 

Айнала жалтақтап, қымсына

Сөз айтты дәл үйдің қасында:

Сүйер ем ерніңнен құлшына,

Ыңғайсыз болмаса расында.

 

Мен жауап қайтардым табанда,

Әрине қылжаққа көнбеймін.

Ешқашан ешқандай адамға

Сүюге рұқсат бермеймін.

 

Ол аяқ астынан мұңайды,

Танытып қоштаспақ сыңайды.

Дегендей шолжың қыз тым әйгі,

Кездесу қажетсіз былайғы.

 

Шыдасын тап мұндай күйге кім?

Қададым көзіне көзімді:

Үн-түнсіз бас салып сүй дедім,

Күтпей-ақ рұхсат сөзімді.

 


Назым Хикметтен

(Түрік ақыны)

 

  Өлген қыздың монологы

 

Ашыңыздар,

Ашыңыздар, мен келем!

Әр есікті қағып шығам – сенделем.

Көрінбеймін көздеріңе бірақ та,

Көру қиын – өйткені мен өлген ем.

 

Хиросима құрбанымын кешегі,

Мені тоспас, жылдар жылжып көшеді.

Жетіде едім, қалдым жеті жасымда,

Өлген сәби қалай ғана өседі?

 

Жалын тілі жалмады да шашымды,

Қара түнек көзіме кеп басылды.

Лезде күл боп шыға келдім бір уыс,

Күлді сосын жел әкетті – жасырды.

 

Жапырақтай өртке жанған балақан,

Тәтті сұрап, жаймас енді алақан.

Өмір үшін зар қағамын өлсем де,

Менің рухым- шырылдаған балапан.

 

О, адамзат, келісімге келіңдер,

Тыныштыққа төрден орын беріңдер!

Менен кейін өртке бала жанбасын,

Құрғамасын балдан сәби-еріндер!

 


Түгелбай Сыдықбековтен

(Қырғыз ақыны)

 

                         Мен

 

Мен бір жан ойым қалыс, сөзім шорқақ,

Байқасам өзім момын, өзім қорқақ.

Бұйда үзбес, бұра тартпас торпақ құсап,

Жоқ бірақ желіп берер кезім жортақ.

 

Ақылмен терең ойлап, сезінсе бір,

Әр адам – жұмбақ әлем, өзінше өмір,

Деген сөз шынымен рас па екен?

 

Мен бір жан пейілім хақ, көңілім ақ,

Жүргенім жомарттықпен төгіліп-ақ.

Сонда да жүнім қызыл, сөзге қалам,

Жақпайсың пенделердің көбіне ұнап.

 

Ақылмен терең ойлап, сезінсе бір,

Әр адам – жұмбақ әлем, өзінше өмір,

Деген сөз шыныменен рас па екен?

 

Мен бір жан өртке кірген жалаңаяқ,

Жанымды ақиқаттан аямай-ақ.

Бұған да замандастар өзі куә –

Күліскен қылығыма, жаман аяп.

 

Ақылмен терең ойлап, сезінсе бір,

Әр адам – жұмбқ әлем, өзінше өмір,

Деген сөз шыныменен рас па екен?

 

Мен бір жан дүниеде жоқты іздеген,

Арманды талмай қудым жеткізбеген.

Санаулы сапарласқа разымын,

Жалғыздық ауыр жолда шеккізбеген.

 

Ақылмен терең ойлап, сезінсе бір,

Әр адам-жұмбақ әлем, өзінше өмір,

Деген сөз шыныменен рас па екен?

        



Мен іздеген күлкі

     

Кеш тұрыппын мен бүгін күндегіден,

Қызығы мол күндерден кім жеріген?

Уа, дариға, достарым көзден ғайып,

Кеше ғана бірге ойнап, бірге күлген.

 

Құйындатқан, өмірді зорықтырған –

Күндер-күлік көңілді торықтырған.

Өмірбайдың күлкісін іздеудемін,

Кеше ғана жанымды қарық қылған...

 



            Қазақ ұлы

    

Мен көрдім қазақ жігіт Жұмағұлды,

Енеден егіз туған сыңарымды.

Еркесі кең даланың ерте кезден –

Жүрегі, тілегі бір ұланымды.

Басына киіп жүрер мен кигендей,

Кәдімгі бүркіт құйрық тұмағымды.

Тұмағы есіме ылғи түсіреді,

Баяғы Ерсайынды, Қобыландыны.

Біресе өжет жүз бен өткір көзден

Танимын Семетейді, Табылдыны.

Ұқсайды жиырмадағы өзіме де,

Шегерсем кейін қарай мына күнді.

Біресе елестетем болашақта

Әр үйде маздайтұғын шырағымды.

Өнер мен білім қуған жас өрімдер,

Сейілтті көңілдегі мұнарымды.

Кешегі  қызыл-күрең өзіме ұқсас,

Мен көрдім қазақ ұлы Жұмағұлды.

Тұтқасын келешектің ұстағандай,

Күмбірлеп көкірегімнен жыр ағылды.

Ежелгі бабасындай ер мінезді,

Ел үшін жанын қияр қыран ұлды.

Сөйлесе сөзі терең, жүзі жылы,

Мен көрдім қазақ ұлы Жұмағұлды.

 

 


Қиял аттың күлігі-ай

 

Қызыл гүлдей таза едік,

Қызығына мәз едік,

Көрген түстей күндізгі,

Күліп кетті бір кезек.

 

Желдей жеңіл наз едік,

Желпіп қойса мәз едік.

Желдей елес жастығым,

Желіп өтті бір кезек.

 

Гүлдей өмір солмастай,

Ешбір қайғы болмастай,

Еш қызықтан қалмадық,

Қиял мініп самғадық.

 

Бетін ашқан ақ таңның,

Жеткізбесін аққан күн,

Кейін барып аңдадық,

Қала бердік сандалып.

 

Қиял-аттың күлігі-ай,

Қызығы мол күнім-ай!

Қадіріңді кім білген,

Жүргенде ойнап-күліп-ай!?

 


            Ажал менен асуда

 

Асуда ат терлеткен, өмір құрбым,

Мұз терге тізгін бермей тоқтай тұрғын.

Ажалға айтатұғын арызым бар,

Отқа қой ақбозыңды, көңіл бұрғын.

 

Күндіз-түн арпалысып әлем кезген,

Ей, ажал, қарайсың сен тажал көзбен.

Кездессең ойдан, қырдан, кезеңдерден,

Құтылмас ешбір пенде сенен безген.

 

Жаутаңдап қараса да  қабағыңа,

Түспейтін адам бар ма араныңа?

Жердегі қыбырлаған жан-жануар,

Жаншылар өзі барып табаныңа.

 

Жасайды әрқашанда өз дегенін,

Құлатар ажал мерген көздегенін.

Аямас момынды да, зұлымды да,

Білген соң бұйрығына тез көнерін.

 

Бұл күнде мұрша қайсы алысқандай,

Ақырма, ажал, маған арыстандай.

Онсыз да жүрек мұздап, бой қалтырап,

Жайым бар мұз асуда қарысқандай.

 

Мен сені қарағамаймын, тілдемеймін,

Көңілім көнерді деп кірлемеймін.

Еншісін тіршіліктің бөліскен соң,

Өмірді өлерімде күндемеймін.

 

Өзіңе  көрмесем де мен жалынып,

Айтатын арызым бар ақ жарылып.

Мәреде ат ойнатар албырт шақта,

Боз үйде ұйықтап қаппын тон жамылып.

 

Сабылып сол ұйқымның өтесіне,

Ұрпақтың үлгі тастап жетесіне,

Халқымынң құмға сіңген ізін іздеп,

Асудың тура тарттым төтесіне.

 

Мін кәне, ажал батыр, ақ бозыңа,

Екеуміз енді аялдар жоқ қазына.

Мен сонау Көк төріме құлаш ұрам,

Боратып мұз теріңнен соқ та азына...

 



              Өмір күресі

 

Тимеген жауырыным жерге менің,

Өзімше балуан болып, өрлеп едім.

Көріп ем гүжілдеген менімендерді,

Маңыма жолай алмай терлегенін.

 

Тіресіп арпалысып меніменен,

Елубай жықпақ болды ебіменен.

Күн шықпай жалаңаяқ қырда жортып,

Жайнадым қуатыма сеніп  ерен.

 

Бұлқынып, білек түріп келді Алпысбай,

Қайтсем де қоймаймын деп жерге тықпай.

Бұған да былқ етпеді бекем белім,

Жөніне ол да кетті түк те шықпай.

 

Жетпісбай желкелемек арбаң-құрбаң,

Байқасам бір бәлекет ол антұрған.

Қолында қара болат қанжары бар,

Болам ба күреспесем босқа құрбан.

 

Сексенбай түсер ме екен жетсем бүріп,

Лып етіп іштен шалып, өкшемді іліп.

Бетпе-бет сол батырмен білектесіп,

Күн бата ақбозбенен кетсем жүріп.

 

Тек сонда бағасы артар балуандықтың,

Көтерген өмір бойы алуан жүктің.

Көңілде сабақ болып, нұсқа болып,

Үмітсіз оты маздар қалған жұрттың...

 

                      ****

 

Мақтан деген немене?

Ауыздың жылы желі екен.

Байлық деген білгенге,

Бір әзәзіл неме екен.

Ауыр-жеңіл күндерде

Қуат берген, әл берген,

Өзегіңе нәр берген –

Адал аққан тер екен.

 

 

Сауранбай Жусиевтен

(Қырғыз ақыны)

 

Мұхтар Әуезовке

 

Қырғыз бенен қазақта жік бола ма,

Ортақ мәңгі ішкен су, жұтқан ауа.

Көркем сөздің ең асыл кені едіңіз,

Қырғыз бенен қазаққа тең едіңіз,

Тау, даланың жаршысы – Мұхтар аға!

 

Серуендедің қырғыздың арасында,

Ой тербеттің қазақтың даласында.

Ынтық болып даңғыл күй, дана жырға,

Мадақтадың қазақтың Абайын да,

Мадақтадың қырғыздың Манасын да.

 

Қазақ қырын шәкіртше сағынғандай,

Қырғыз жерін аңсадың сабыр қалмай.

Қысты өткізіп Алматы қаласында,

Жазда болып Ыстықкөл жағасында,

Ой іздедің өрнекті дамыл алмай.

 

«Біздің Мұхтар» дейтұғын қазағыңыз,

«Біздің Мұхтар» дейтұғын қырғызыңыз.

Тау, даланы өзіңдей сүйікті етті,

Тау, даланы өзіңдей биіктетті,

Өзің қолдан ұшырған Шыңғысыңыз.

 

Халқыңыздың мерейін асырдыңыз,

Өзіңізбен өлшейміз ғасырды біз.

Қатар тұрып атыңыз жұлдызбенен,

Бір жасайсыз мәңгілік қазақпенен,

Бір жасайсыз мәңгілік қырғызбенен.

 


Жыр достығы – дүр достық

(М.Әлімбаевқа)

 

Қайда едік біз он сегіз жасымызда,

Ерке қыз ермеп пе еді қасымызға.

Бұрқандық, оқты тостық, отты кештік,

Дулыға баса киіп басымызға.

 

Тапталып табанымызда жау қабылан,

От алдық ұлы жеңіс таңдарынан.

Жар салдың қызғалдақты даладан сен,

Мен шырқап гүлқайырлы тауларымнан.

 

Нұр қосты бейбіт күндер түсімізге,

Күш қосты бейбіт күндер күшімізге.

Соғысты өңімізде көрмейікші,

Сойқанды көрсектағы түсімізде.

 

Тербетіп жүрміз біздер ел қаламын,

Қолдасып халқымыздың өр талабын.

Даланың дархан халқын мақтасаң сен,

Тау халқы сырын мен де шерте аламын.

 

Өтсек те орта жолдың өрін басып,

Ерлейік елдің бағын тең жырласып.

Келе бер өлең жазып далалдан сен,

Тауымнан келе берем мен жыр жазып.

 


Бақыт деген немене?

 

- Бақыт не? – деп отыншыдан сұрадым.

- Бақыт – от қой жылу берген денеңе,

Бірақ еппен қыздырын сен, шырағым,

Күйіп қалу емес әсте дәнеңе.

 

- Бақыт не? – деп дәрігерден сұрадым.

- Бақыт – дәрі ауыр дерттен жазатын,

Бірақ дұрыс қолданбасаң, шырағым,

Тартарың қақ соның зардап-жазасын.

 

-Бақыт не? – деп атбегіден сұрадым.

- Бақыт – тұлпар қайшылаған құлағын,

Бірақ бабын таба алмасаң, шырағым,

Омақаса дей бер қатты құладым.

 

- Бақыт не? – деп құсбегіден сұрадым.

- Бақыт – сұңқар, саятшылық ермегің,

Бірақ оны шамдандырсаң, шырағым,

Көктен келіп салар саған шеңгелін.

 

- Бақыт не? – деп балықшыдан сұрадым,

- Бақыт – қайық көлде желдей есетін,

Бірақ оны күте алмасаң, шырағым,

Су түбіне батасың да кетесің.

 

- Бақыт не? – деп қариядан сұрадым.

- Бақыт – жарық жайнып тұрған жас құшақ,

Бірақ көңілін бір қалдырсаң, шырағым,

Біржолата қатып қалар тас құсап.

 



Тейіпжан Әлиевтен

(Ұйғыр ақыны)

 

            Мәңгілік ән

 

Күннің көзі жасырынса,

Өзің жаққа асығам.

Ынтықтырдың осы ғұрша,

Уа, махаббат – асыл ән!

 

Терезеңе неше келем,

Шыға алмаймын айналып.

Сен тұратын көшеге мен,

Қалғандаймын байланып.

 

Әйнегіңді қағып әнмен,

Бүгін түні тағы өттім.

Махаббаттың бағынан мен

Қызыл алма дәметтім.

 

Ұйқысынан құр қалғандай

Бір шал шықты күңкілдеп:

- Жеті түнде жынданғандай,

Мазаны алған бұл кім деп?

 

Әр күн сайын тыңдай-тыңдай,

Сарсаң болды құлағым.

Осыншама тынбайтындай,

Неғылған ән шырағым?

 

Дедім оған: - Қапаланба,

Болмадың ба сен де жас.

Өмір қызық жас адамға,

Махаббатқа мен де мас.

 

Қарай-қарай көзің талған

Терезеге тұманды,

Кеше ғана өзің салған

Ұмыттың ба бұл әнді?

 

Сен ғана емес баяғыда

Сансыз пенде сарнаған.

 

Осынау ән аяғына

Ешкім шыға алмаған.

 

Адамзаттың тағдырынан

Бөлінбейтін ешқашан,

Үзілмейді мәңгі бұл ән,

Деме сірә қоштасам!..

 



Қазақтың әнші қызына

 

Алаулайды ішімдегі от,

Өзің жаққан, қарындас!

Өңім бе әлде түсім бе деп,

Мұңға орандым арылмас.

 

Қозғадың ғой шер-мұңымды,

Әніңменен жалынды.

Жапырақтай желді күнгі

Тербедің ғой жанымды.

 

Айналайын таңдайыңнан,

Бұлбұл ұя салғандай.

Жарылқасын маңдайыңнан,

Шолпан жұлдыз жанғандай.

 

Жүрегіме бойладың сен,

Әнді өзіңдей кім айтар!

Еске түсіп қайда жүрсем,

Әсем сазың мұңайтар...

 



                 Арша

 

Сұрадым бір күн Аршадан:

- Қызығам сонша мен саған!

Бұтада сендей бар ма асыл,

Жыл бойы түсің жап-жасыл.

Демейсің қыстан жаз артық,

Ауаны ылғи тазартып,

Жарады иісің мұрынды,

Айтшы сен кәне, сырыңды?

 

Сыбырлап Арша тіл қатты:

- Жаралған жерім қымбатты.

Қасиет туған топырақта,

Бас ием осы атырапқа.

Тауымды өзім нәр жұтқан,

Құшақтап өсем сондықтан...



          Тобылғы

 

Иілгіш деп тобылғыны,

Кінәлама, жарандар!

Солай болса оның күні,

Тағдырға не амал бар?!

 

Өмір қандай қиын еді,

Түсірер әр сарсаңға...

Морт кетпейді, иіледі

Отқа қанша салсаң да.

 

Қиналғанда ақыл таппай,

Төзім ерді шыңдайды.

Тобылғы да Ақиқаттай,

Иілгенмен сынбайды...

 



      Жігіт тілегі

 

Жігіт «күйдім» дегенде,

Қыз да тұрса «күйдім» деп.

От лауласа денеңде,

Қайта-қайта сүйгің кеп.

 

Кете қалсақ алысқа,

Күтсе сұлу мөлдіреп:

Сағынысып табысса,

Жас жүректер елжіреп.

 


            Бақыт жұлдызы

 

Бала кезден көп қараушы ем аспанға,

Көңілімді күңгірт ойлар басқанда.

Сол биіктен жұлдызымды іздеуші ем,

Бақыт нұрын себетұғын жас жанға.

 

Қайран жүрек қиялға еріп егілер,

Көк төсінен қайдан жақұт төгілер?

Көзіңде екен мен іздеген жұлдызым,

Қос жанарың қос бақыттай көрінер.

 



            Қайғы

 

Лаулап жанып, қызған отты

Су септің де сөндірдің.

Жүрегімді ызғар өпті,

Қалтыратып, тоңдырдың.

 

Пәк сенімім ұшты желге,

Ғайып болып бар арман.

Ақ жұлдызым түсті жерге,

Махаббатқа жаралған.

 

Мүсірке деп өтінбеймін,

Жараспайды ол маған.

Айырылғанға өкінбеймін,

Алданғанға қорланам.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар