27 мамыр 2018
Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Нұрлан Қабдайұлы. Балта (әңгіме)

22.09.2015 252

Нұрлан Қабдайұлы. Балта (әңгіме)


Нұрлан Қабдайұлы

Міне, алдымда үш сурет жатыр. Үшеу болғанда... әртүрлі пошымдағы бір сурет. Балтаның суреті. Әуелі оң бетімен жатқызып, толық түсіріпті. Содан соң объективті сәл сырғытып, мойынын ғана ірілеп тартқан. Жуар кезде екеуін қосақтап жіберіпті. Екінші сурет те біріншінің аяққы бөлігі секілді, балтаның оң самайы бадырайып тұр. Ал соңғысында балтаның басы – сол бетін түгел қамтыпты. Енді әр суретке жеке-жеке көз тоқтатамыз. Бірінші сурет, басқы бөлік – қысқа қоңыр сапты ақ балта. Анықтамасында: «Редкий топор. Область применения: Россия. Дистанция: ближняя» деп көрсетілген. Ия, жақыннан сілтеуге арналған. Баяғының батырлары қақ маңдайды дәл көздеп, шалт, сілке сермеп, жауын жаһаннәм асыратын айбалта емес, әрине. Отыншы мұжықтың белінде салаңдаған саппас та емес. Шүйделі. Сағағынан тілше созылып келіп сапқа жалғана шегеленген. Беріктік. Дүмі де темір қақпақшамен құрсауланыпты. Әрі сән, әрі сапқа жарықшақ түспес қамы. Саптың ұзына бойына бидайдың масағын қашап салған. Жер емген елдің қолынан шыққан тауар атаулыда кездесетін символдық белгі. Тағы да басқа иір-қиыр бедерлер бар.


Екінші суретке көшейік. «Редкий топор» – сирек, қолға көп түсе бермейтін балтаның оң самайынан «Златоуст инструмент. завод. 1933 г.» деген жазуды оқисыз. Яғни, отыз үшінші жылы Оңтүстік Орал – Челәбінің В.И.Ленин атындағы Златоустов зауытында жасалған. Арнайы тапсырыспен. Зауыт негізінен халық шаруашылығына қажетті құрал-сайман шығарумен айналысқан екен. Үшінші суретте сол бетіне тұтас – жалманға жалпағынан тастап, үстіде шүйденің қырына дейін созып, бас корпус, инженерлік құрылымдар, көкке кеңірдек созған әлденеше мұржа дегендей, келістіріп тұрып атаулы зауыттың суретін бедерлепті. Әзірге осы. Бірінші суреттің әлгі, аяққы бөлігі атаусыз қалып барады дейсіз бе? Асықпаңыз. Ол туралы сәл кейінірек. Тап бір балта көрмегендей шұқшиуымыздың да мән-жайын тұра-тұрып...


Сегіз жыл бұрын түгілен деген әлемдегі ең ірі интернет-аукцион осы балтаны сатылымға шығарыпты. Жеті жүз тоқсан доллар деп бастапқы құнын да белгілеген. Жеті жүз тоқсан доллар – жиырма тоғыз мың алты жүз жиырма бес рубль. Жоқ, жүз қырық алты мың жүз елу теңге екен ғой. Ия, сегіз жыл бұрынғысын бір құдай біледі, бүгінгі бағасы осындай болып шықпақ.


Хош. Аукцион заңы бойынша әуелі тауардың тарихы жария болғаны даусыз. Содан соң біреуге даңғазалық, өз ұғымдарында қымбат дүниенің қадіріне жеткен, ондай жәдігерді орайы келсе қысырақтың үйіріне айырбастап алуға бар байшыкеш-бәсекелеске шырға тастап, қашанғысынша бағаны ойнақтатып әкетеді ғой. Ерлеп, бопсаға шыдамағанның аукционмен ісі болсын ба? Не қайыр, қашан сауданың нүктесі қойылғанша, аран ауыз лицитатор өңшең елірменің құртын қоздырып бітпесе? Қысқасы, сол жолғы басты лот – жүзіне сызат түспеген, сабында саусақтың табы да жоқ ақ балтаны мың бес жүз долларға өткізіп тынады ғой. Әуестік. «Мың бес жүз көбейту жүз сексен...» Жалма-жан қалта телефонның қара пердесін сырғытып ашып, калькулаторын қосып, бұл бағаның да бүгінгі сомасын шығара бастадым... «Мың бес жүзге» мән бермеген әйелім, «доллар» деген күбіріме елең етті білем, арқасын пешке тіреп алып, мойын орауыш тоқып отырған еді, басын көтеріп алды.


- Біреу аукционда мың бес жүз долларға балта сатып алыпты.

- Ужассс!

- Біздің ақшамен екі жүз жетпіс жеті мың бес жүз теңге болады екен.

- Алтын жалатылған ба?

- Күміс те емес...

- Сен оны айтасың, Францияда Наполеонның қылышын жетпіс бес миллион кронға өткізген ғой.

- Соған татитын шығар?

- Білмеймін...


Байқаймын, кісім тоқымасын жиып қойып, әңгімеге білек сыбана кірісетін

сыңайда.


- Ой, сол аукционға бірде Тыржалаңаш деген әншінің шайналған сағызын да...

- Жә, тоқтай қал!


Тоқтай қалды. Өз жөніммен ары қарай кеттім.


Адамның қолынан шыққан бұйым атаулының сұлуы – қару дер еді. Наполеонның алтын балдақты, алмас жүзді болат қылышымен ауаны олай-бұлай осып көріп, әлгі француз, өзінің сұлулыққа құштарлығы миллиондармен өлшенетінін паш еткен болды ма? Әлде... ипрератордың қанға суғарып жеткерілген қылышы ілулі тұр, төрімізде. Заманында арғы атамыз лорд пәленшекең ұлы Бонапардтың қолына су құюға жарапты. Жалпы тап осы тұрысымызбен-ақ өзіміз де мінезге кенде емес – шатақтау адамбыз ғой деп, сол аукционнан кейін шын даурыға аларын ем көріп жүр ме екен?..


Әңгімеміз балта туралы еді ғой...


***


Сексен төрт жыл бұрын.


Отызыншы жылы бұл әбден жетілген жендет еді. Құрығы ұзын, шеңгелі берік, қиыспастың қисынын келтіріп жіберетін әккілігі үкіметіне жаққан абыройлы зұлым. Ішкі тозақтағы күрсініс пен ышқыныс сыртқы тозақта кезек күтіп, аһ ұрған тап жауларының күні бұрын үрейін ұшырмасын деп тергеу изоляторын биік сұр үйдің астын үңгіп салған. Мұның сол тас еден, тас қабырғалы, кенередегі жалмауыздың жалғыз көзіндей торлы жыртықтан түскен өлесі жарықты сәтінде-ақ қарпып қоятын күңгірт, сызды апаннан жер бетіне шығуы сирек. Партия алдындағы парызы батпан, шаруасы асып-төгіліп жататын. Осынау НКВД-ның сұр үйіне еңіреп кірген көп. Езіліп шыққаны там-тұм. Басымы сол кеткеннен... талайсызы жәһаннам асып, бағы бары көз көрмес, құлақ естімес пұшпақ – итжеккеннен бір-ақ шығатын. Ал ОЛАРҒА жалған айыппен үкім қаттап, бұдан былайғы ұзақ – азапты, не тым келте – аса қайғылы тағдырын сызып беретін біздің мәртебелі жендет дертті еді. Дертті болғанда... өлем-ау деген қауіп жоқты. Жүрегі қарайып, қан тілеп тұратын халге тап болған. Үрпіге татты шеге жүгіріп, көбесінен сыдырыла жұлынған тырнақ тістеуіктің азуында кеткенде шыбын жан шіркін не тастай қашып, не шыдап тұра алмай, ес ауысып, тас еденді маңдайымен соққылай берген бейбақ тұтқынның қыстыға шыңғырып, ыңырси өксіген үнінен ләззат алу қандай ғанибет. Көзі ағып, кеңсірігі опырылған ондайлардың талайы ақыр соңы талықсып отырып қол қойып беретін бір жапырақ мойындау қағаз, құдды құдайының өзі куәлік берген абыройлы жеңістей. Бұл өзінің азаптаудың неше алуан амалын ойлап көрер таңды көзбен атырғандағы осынау тапқырлығына мастанар еді...


***


Қарауыл желкеден нұқып ішке кіргізген. Өткен түнгі жорықта қара машинаның қанжығасында келген үшеу – кішісі құндақтаулы, үлкен ұлын иығынан орай қапсырып, бауырына қысан тұтқын келіншектің өңі тастай еді. Ентігіп тұрды. Дем тартқан сайын оң жақ қабырғаның етегі бүйірге батып, ашытып әкетіп барады. Жендеттің алдын кешеден бері екінші рет көруі. Алғашқы азапты тергеуде-ақ бұзау бас керзі етіктің табанында мылжаланып жатып та қапастағы азаматына қастық қыла алмасын ұқтырғандай болған... Тек енді мына дүлейдің сығымында шырқыратпаса болғаны, сол көрдей суық камерада қос құлынын баурына басып жатып, өлім мен үкімнің қай бұрын келгенін қабыл алуға барды.


Осының алдында ғана.


Қалғып барады екен, құлыптың шақыр-шұқыр еткен дыбысынан селк етті. Бауырындағы нәресте пысылдай түртінектеп кешеден бері жарытпай-ақ қойған шандырды іздей бастаған. Аяқ жақта анасының етегін астына басып, іргеге қарап бүк түсіп жатқан үрпек бас сары бала да шошып түрегелді. Сосын көзін уқалап қыңқылдай беріп, шойын есік дар еткенде жым болды. Дәліз шамының әлсіз жарығын желкесімен көлегейлеп аз тұрған сұлбаға тіл бітті:

- Балаларыңды алып сыртқа шық!

- Бұлардың қайтпексіздер?

- Доғар!

Сұлба гүр еткенде бір сұмдықты анық сезген мұның да жүрегі суып сала берген...


***


Бұлар табалдырық аттағанда жендет үстелдің қасбетін құйысқанмен көміп, екі қолын ернеуге тіреген күйі талтая шіреніп тұрған.


- Тәубеңе келген шығарсың? – деді көзін тік қадаған күйі сұрлана жымиып, - Қажеті де жоқ!


Иек қаққан. Сол-ақ екен ту сыртынан сумаң еткен жүнді қол алақ-жұлақ етіп, шешесінің баурына тығылған үрпек сарыны жұлып алды да, жендеттің алдына қарай итеріп жіберіп омақа асырды. Сосын әйелдің өзін жұлқылап әкеп бұрышқа тықсырған.


- Не істемексіңдер, хайуандар?! Анасының ащы даусынан шошып оянған қолдағы нәресте шар ете түсті.

- Қа-а-зір көресің...


Қарауыл мұны бір басы қабырғадағы қазыққа байланған қос құлаш шынжырмен белінен құрсап тастады.


- Өшір, андағыңның үнін!


Ал жендет екбетімен түскен үрпек сарыны шаштан тартып әкеліп, үстел жанына дік еткізіп тікесінен тік тұрғызған. Бетін жас көміп кеткен екен. Қорыққаннан дыбысы да шықпай қалып, қыстыға боздап тұрды. Шешесі шырқырап кетті:

- Сонша не жазып едік?! Не жазығы бар, баланың?

Жендет сыздана тіл қатты:

- Жаудың күшігі де жау!


***


Жендеттің жемтіктестеріне – осынау НКВД аталатын алып қасапхананың басшы-қосшысынан тартып, боқ күреушісіне дейін ортақ мәміле – қамалғанның бәрі жау, сырттағының бәрі күдікті. Оларды ақтадың – өз ісіңнің ақтығына шәк келтірдің. Жалғыз-ақ амал – тұқым-тұяғымен жер бетінен көшіріп жіберу. Әсіресе тұтқындағы еріне қарсы куәлікке тартқанда-ақ, бұлар күткендей, адал жар бейнесінен құбылып, бар арамын ішке бүккен сайқалға айналып шыға келетін көп ұрғашының бірі болмай шыққан мына секілді сіреспелерге қиналыссыз өлімнің өзі ысырап. Жендетте бұдан оң пайым болмайтын. Шынжырлаулы келіншекке зіркілдей тіл қатты:

- Әй, қатын, тап қазір андағы күшігіңнің саусағын өз қолыңмен сындырмасаң, мынауыңды майып қылам!


Қасында дірдектей боздап тұрған баланы білектен шап беріп, алақанын үстелге нық басты.


- Құдай-ай, айтқаныңа көнейін, тек құлындарыма тиіспеші! Ол әлі бала ғой, не жазығы бар?!


Әйел құндақтаулы нәрестесін тас қып құшақтаған күйі ішін тартып өксіп-өксіп жылады. Нәресте шыжылдап жатыр. Үрпек сары көзі шарасынан шыға қалшылдап кеткен. Жендет міз бақпады. Үстел бетінде тарбиған әлсіз, балғын қолдың сыртынан шертіп аз тұрды да, аты жоқты сұқ саусақпен іліп алып, қайқайта тартып тұрып, ортаңғы буынның үстінен бармағымен бырт еткізіп басып кеп қалды. Бала шыңғырып жіберді.


- Апаааа!


Шешесінің жүрегі қақ айырылған жоқ. Бірақ, баласының саусағымен бірге оның да соңғы жүйке талшығы бырт етіп үзілген болатын. Қас-қағымдық қайғылы көрініс: әйел жалма-жан құндағын айқарып жібергенде, есіней керілген нәрестенің бергі оң қолы ауа қармаған. Ілінгені шынашақ... Нәп-нәзік шынашақ үлбіреген терісіне ғана ілініп, жұлынбай қалды. Ал есі ауысқан бейбақ ананы аналық мейірім бір жола талақ қылған еді. Еліріп алған ол келер сәтте нәрестені аяғынан ұстаған күйі құлаштай сермеп, тас қабырғаға басымен ұрды...


***


Екі жылдан кейін... жендет «Ұлы Отанның адал перезенті», «аса қырағы чекист» деп мадақталып, мемлекеттік маңызды міндеттің және бір белесін бағындыруға аттанады.


Тағы төрт жыл өткенде... жендет келесі бір жендеттің қолынан мерт болған. Өзі құрысқан – іргетасын зұлымдықпен беріктеп, қабырғасын қанға шылап, сүйекпен қалап, шатырын қара бұлтпен жапқан алып қасапхана күні жеткенде өзін де жалмап тынған еді! Ал балтаға келсек...


***


Жетпіс алты жылдан кейін.


Міне, алдымда үш сурет жатыр. Үшеу болғанда... әртүрлі пошымдағы бір сурет қой. Балтаның суреті. Әуелі оң бетімен жатқызып, толық түсіріпті. Содан соң объективті сәл сырғытып, мойынын ғана ірілеп тартқан. Жуар кезде екеуін қосақтап жіберіпті. Екінші сурет те біріншінің аяққы бөлігі секілді, балтаның оң самайы бадырайып тұр. Ал соңғысында балтаның басы, сол бетін түгел қамтыпты...


...Бірінші суреттің аяққы бөлігі – балтаның мойнына желбіреп тұрған ту сұлбалы темір қалақша шегеленген. Оның бетінен мәңгі өшпестей етіп қырнап жазылған мынадай марапат сөзді оқисыз: "т. Новикову А.Н. За беспощадную борьбу с преступностью. НКВД СССР". Балта жендетке отыз үшінші жылы сыйланғанын айттық.


Және бір түйін – біздің жендеттің адамзатқа жасаған бар қиянаты мен опасыздығы сыйлық балтаның ойық-қиығы, бедер-белгісіндей анық болса, қарғысқа мелдектеген тозақы тағдыры – қан жалдап туып, қан құсып өлері де айқын еді!



2014 жыл 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс.

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)


Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар