Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Біртұтас ұлт болу – өмірдің қазіргі өміршең қалауы...

29.05.2017 7086

Біртұтас ұлт болу – өмірдің қазіргі өміршең қалауы

Біртұтас ұлт болу – өмірдің қазіргі өміршең қалауы - adebiportal.kz

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қым-қуыт қарбаласқа түскен жаһандық жаңғырулар кезінде өзінің өміршеңдігімен көптің көңіліне жол тартқаны анық. Менде бұл мақаланы түйсініп оқыдым.Онда айтылған тың ойлар мен соны пікірлер әлемдік өркениетке қадам басқан қазақтың бет-бейнесін жаңаша қалыпта танытуға деген ұмтылысты білдіреді.

Осы ғасырдағы ұлттық сананың шынында да әлемнің бұлыңғыр сипаттарға толы кезеңінде өзінің өркениеттік талабымен қалыптасуы аса қажет екенін жоққа шығармасақ керек. Біз әлі де тар ауқымда қалып, өзіміздің ұлы дала көшін алға сүйреген бабалардың жұрнағы екенімізді анық таныта да, дәлелдей де алмай келе жатқанымыз еш жасырын емес.

Міне, Елбасы азат ел болып әжептәуір жаңғырған қоғамның өз тамырын тарихтың тереңде жатқан көшелі құндылықтарынан алып, жаңа тұрпатты жаңғырудың ұлттық арналармен астасуы аса қажет екенін атап көрсетеді.

«Онсыз жаңғыру дегеніміздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс» дейді аталған мақаласында Елбасы.

Осылайша бұл жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайтынын баса айтады ол. Демек, біз өткен тарих көшінде ұлт болып қалыптасқан рухани құндылықтарымыздың жақсы сипаттарын санаға сіңіруге көбірек ден қойып, жақсы қалыбымыз арқылы әлемдік өркениетке сапар шексек, ұтатынымыз көп болар еді.

Ал, біз әлемдік ұлттармен қай кезде бәсекеге түсе аламыз. Бұл да көкейтесті сауал екенін білеміз. Себебі, біздің ұлтта кез-келгенхалықпен терезесін теңестіре алатын сипаттар баршылық. Бірақ, олардың бірі көмескі тартып, бірі ғана себезгілеп көрініс тауып жатады. Ең бастысы, қазақ жастарының білімге деген құштарлығы сүйсіндіреді. Көп елден өзінің осы қасиетімен көш ілгері тұрғанын да жоққа шығара алмасақ керек.

Елбасының сөзімен айтсақ, біз ұлттық болмысымызды оның өзегін сақтай отырып, жаңғыртпайынша ешқандай жетістікке жете алмаймыз. Яғни, осы жаңғыру арқылы ұлттық сананың кемелденуіне қол жеткізу басты мұраттардың бірі саналады.

Жаңғырудың жаңа сана қалыптастырудағы кері ықпалы бар тұстары да жоқ емес. Мысалы, алашты ғасырлар бойын бодандыққа жаншылса да, еңсесін төмендеткізбеген рухын жоғалту арқылы біз жаңа сана қалыптастыра аламыз ба? Әрине, жоқ. Сондықтан біздің ұлттық рухымыз біртұтас ұлт қалыптастыруда негізгі өзегіне айналуы тиіс.

Шыны керек, біз әлі де болса, көпұлтты мемлекеттің ырғағымен келе жатырмыз. Елбасы талай айтқан қазақ ұлты мен тілінің айналасына топтасу мәселесі енді өміршең болуы аса қажет. Басқа ұлттар біздің осы ұлттық-рухани құндылықтарымызды терең сезініп, өздерінің нәсілдік, тілдік және діни құндылықтарын басты негіз етіп емес, қазақтың ұлттық арналарына тоғыстырғанда ғана бұл жаңғыру өзінің нәтижесін беретін болады.

Бізді саналық тұрғыдан еңсемізді төмендететін бір көрініс – жершілдік пен рушылдық. Бұл бүгінгі қазақ қоғамында басты орындағы сипаттары болып саналады. Бір жағынан, тегін ұмытпау, рулық мінез-құлықтарын сақтау керек те шығар. Бірақ, жаһандық өркениет көзімен қарасақ, кейде бізді құртатын да осы сипаттарын екенін байқаймыз. Мысалы, өз облысыңа әкім болып бір басшы келсе, біз оның қай жердің тумасы екенін бірінші назар аударамыз. Ал, оның адами құндылықтары екінші орынға ысырылады.

Кейде жершілдіктің қазақты топтастыру үшін емес, бөлуге апарып соғатынын жиі көреміз. Елбасы пайымы да осы біртұтас ұлы ұлттың перзенті болу керек дегенге саяды. Осы арқылы әлемдік қауымдастықта өзіміздің орнымызды әлгіндей еңсені төмендететін емес, рухымызбен асқақ тұратын бет-бейнемізбен алуға деген ұмтылыстың санаға сіңуі бүгінгі күннің басты сипаты болуға тиіс.

Елбасы латын әліпбиіне көшудің де маңыздылығын атап көрсетті. Қазір қазақтың өз ішінде бұл әліпбиге көшу жөнінде екі ұдай пікір бар. Ал, Елбасы мұны батыл айтып, уақытты ұттырмауымыз керектігін еске салады. Көбіміз латын әліпбиіне көшу арқылы ресми тілдің ықпалынан да құтылатынымызды түсінбейді. Қазір әлі де болса ресми тіл мемлекеттік тілдің алдын ораумен келе жатқанын несіне жасырамыз. Сондықтан, латын әліпбиіне көшу заман талабы екенін ұмытпауымыз керек.

Меніңше, Елбасының бұл айтып отырғандарының жаны бар. Жаһандық біртұтас ұлттық сананы қалыптастыру арқылы алға қарышты қадам басатынымызды да аңғартады. Бұл өткен тарихымызды, ұлттық жоралғыларымызды кейін серпіп тастау деген сөз емес қой. Қайта сол құндылықтарды жаңғырту арқылы жаңа сананы қалыптастыруды ұсынып отыр ғой. Сондықтан Елбасының бұл мақаласында көтерліген тұжырымдар қазақы қоғамның да кең қодауын табатынына сенім мол.

data-cke-saved-src=/upload/1/2017/05/29/f660ea4cc5e4749d94d40a74e48c5132.jpg

Бақыт Смағұл,

«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар