Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жайық Бектұров - арыстардың көзі әрі сөзі еді...

14.11.2017 1957

Жайық Бектұров - арыстардың көзі әрі сөзі еді...

Абылай хан, Кенесары хан, Шоқан Уәлиханов, Балуан Шолақ, Мәжһүр Жүсіп Көпей, Алаш көсемдері: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлімхан Ермеков, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы, совет кезеңінің қайраткерлері Нығмет Нұрмақов, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, жазушылар: Саттар Ерубаев, Ілияс Есенберлин, тарихшы Ермұхан Бекмаханов және тағы басқа тарихи тұлғаларға қатысты зерттеушілер, ғалымдар Жайық Бектұровқа сілтеме жасайтынын, ол кісінің жазып кеткен, не ауызша айтқандарын жиі қолданатынын байқаймын, бұл Жайық Бектұров шығармашылық мұрасының құндылығын, тарихи дерекке толы екенін көрсетеді. Жайық Бектұров талантты ақын, дарынды аудармашы, шебер прозаик, публицист-журналист, еңбекқор әдебиетші – зерттеуші, тынымсыз әдебиетші – ұйымдастырушы еді.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары кең байтақ қазақ Сарыарқасының бел ортасында Қарағанды басқаша жаңғырды, жиырма- отыз жылдың ішінде Қазақстанның өндірістік -индустриалдық тамырына айналған Қарағанды қарқынды дамыды, көмірін өндірді, маңындағы Теміртау қаласының, сондай-ақ, Жезқазған, Балқаш өндірісінің қалыптасуына ықпал етті, бұрынғы Совет одағына танылды, бүкіл Совет елінен, Қазақстанның түкпірінен Қарағандыға халық ағылды, қала өсті. Қуғын –сүргінді басынан өткерген Жайық Бектұров елуінші жылдары Қарағандыға тоқтады. Көмірімен ғана емес қазақ мәдениетінің де кені саналатын Қарағанды облысына арнады.

Жазушы Ақселеу Сейдімбеков: «Анамыздың әлдиіндей, өзіңіз құлағымызға құйған анау Ахметтің, Шәкәрімнің, Мағжанның, Міржақыптың, Сәкеннің тағдырларын елестетіңізші. Сіз сол арыстардың көзі болып, сөзі болып, өкше басар ұрпағымызбен жалғастыңыз…» - дейді. Жайық Кәгенұлының өмірі зиялы, кісілік тұлғасымен, ізгілікпен шыңдалған адам өмірі еді, ол шығармашылық бай мұрасымен арыстардың көзі, сөзі болып есте қалды.

Жайық Кәгенұлы Бектұров - қазақ мәдениетіне зор еңбек сіңірген, халықтың рухани қамын жоқтаған кісі еді, ол көп жылдар Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысы бөлімшесіне жетекшілік етті. Менде өзім білген, өзім көрген қаламгер туралы өмірінің кейінгі жылдары туралы баяндауды жөн көрдім.

Жазушы Жайық Бектұровтың кітаптары

Қарағанды қаласындағы Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ғимараты

1987 жылы ақпан айында Қарағанды мемлекеттік университеті филология факультетінің орыс және шетелдер әдебиетінің кафедрасы А.С.Пушкин қазасының 150 жылдығына арналған әдеби – көркем кеш өткізді, орыс әдебиеті және шет елдер әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Таисия Тимофеевна Савченко әдеби кеште А.С.Пушкиннің өлеңдерін қазақ тілінде оқисың, не қазақ ақындарының Пушкин туралы жазған екі өлеңін оқы деп маған тапсырды. Мен Қасым Аманжоловтың Пушкин туралы жазған «Ақын өлімі» өлеңін оқып, өзімнің қысқы сессияда қаңтарда ауылға (қазіргі Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданы) барғанымды, қайтар жолда Орал қаласындағы А.С. Пушкин үш күн тоқтаған мемориалдық үйге соғып Пушкиннің Орал сапары туралы, ол үйде барша қазақ ақыны Қасым Аманжолов «Ақын өлімі» туралы өлеңін Пушкин әруағымен сөйлесіп тұрып жазды деп, Қасым өлеңдерін сахнадан оқып, Қасым туралы көркем айтып түстім. Залдың алдыңғы қатарында отырған Жәкең, сахнадан түскен бойымда: «Әй, Жайықтың баласы, мында кел!», «Е, сен Оралданмын де, мында қаңғырып, не істеп жүрсің» деп, мені жеңімнен тартып жұлқып, қасына отырғызды. Кеш аяқталған соң маған тіркеліп сыртқа шықты, ақсақалды автобусқа дейін жетектеп бардым. (Жетектеп бардым дегенді тікелей түсінбеуді сұраймын, Жәкең әңгімелескісі келгенде әдейі тіркелетін әдеті болатын – автор С.К) Жәкең екі ортада: Хамза Есенжанов, Жұбан Молдағалиев, Тайыр Жароков, Қадыр Мырзалиевтермен дәмдес болғанын, «Қажым да сенің ағаң»,- деп ( академик Қажым Жұмалиев -автор К.С.) ол да 1957 жылы жеті ай Қарағанды қаласының Ленин көшесінде қуғын сүргіннен кейін тұрды деп, одан асыға ауысып, қарағандылық болып кеткен оралдықтардың кейбіреулерін атан атап, түсін түстеп, ақпарат беріп үлгерді. Қасым туралы айтқаным толқытты ма, әлде маған бірдеңе айтқысы келді ме, Жәкең өзіне осылай тартып еді. Жәкеңнің өзіне сол кезде неге жақындатқанын артынан түсіндім.

Қасым жоқтаушысы

....1991 жылы Қазақстан Республикасының Министрлер Кеңесі «Қасым Аманжоловтың 80 жылдығын атап өту туралы» қаулысын қабылдады. Қарағанды облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Рымбала Кежебалақызы Омарбекова бастаған топ бірнеше ай ішінде шұғыл жұмыстар атқарды, мерейтой шараларын күзге қалдырмай, мамыр мен шілде аралығында ақынның туған ауылында Қасымға ең бірінші ескерткіш бюст орнатты, Қасым мерекесін өткізді.

1991 жылғы шілденің 4-і Қасымның мерейтойына келген қонақтар облыстық атқару комитеті ғимаратының алдына жиналды, үш автобус пен және жүк машиналарға бірнеше киіз үй артып, Қасым ауылына аттанды. Ішінде Сақыпжамал апай мен Дариға апай бар. Алматыдан келген қаламгер жазушылар мен ақындардан тұратын топ Қарқаралы баурайына аттанды.

Жәкеңді барушылар қатарынан көрмедім, артынан бір жүздескенде: «Сендер, Қасым, Қасым деп жүгіріп жүрсіңдер, Қасым аруағы маған өкпелемесін, Қасымның 60 жылдығында, 70 жылдығында өзім өткіздім», - деді.

Ұлы Қасымның 90 жылдығы да, 100 жылдығы да бұрынғыдан гөрі әлде қайда үлкен аумақта өтті, сондай-ақ Қасым ақын мен Жайық Бектұров арасындағы шынайы достық хаттары жарияланды. Қасым есімі өлеңдерімен мәңгі қалды. Жәкең жоғарыда айтқандарымен Қасым құрдасының, Қасым досының аруағына берік қалды. Жәкең Қасымның шын жоқтаушысы еді. Қасымның туған топырағы Қарқаралыға оралуына Жәкеңнің еңбегі орасан зор және шексіз.

Шоқантанушы

Жәкең елдің тарихына, қазақ әдебиетіне қатысты мәселелерді, ұлт зиялылары мен тұлғалары, олардың өмірі туралы өте көп білетін энциклопедиялық тұлға еді. Жайық Кәгенұлы қандай тарихи кезең, қандай оқиға, қандай тарихи тұлға болмасын тыңдаушысына әсерлеп, көркем жеткізетін, әңгімені қиыстырып, қызықты баяндайтыны көпке мәлім.

1985 жылы ЮНЕСКО шеңберінде Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығы атап өтілді. Осы іс -шара қарсаңында Москвада «ЖЗЛ» сериясынан шыққан Л.Стрельникованың Шоқан Уәлиханов кітабының таныстырылуы өтті. Жәкең Шоқанның ғұмыры, ғылыми зерттеушілігі, одан соң Абылай хан, Кенесары хан, әкесі Қасым хан туралы, Шоқанның әжесі Айғаным ханым, батыр Бопай ханым туралы тың тарихи деректерді тыңдаушыларына жайып тастады. Шоқан туралы әңгімесі көптеген тарихи, ғылыми және әдеби деректердің негізіне құрылды. Жәкең Шоқан туралы, оның ата тегі туралы көп жазды, Шоқантануға зор үлес қосты, шоқантанушылар қатарындағы жазушы.

Жайық Бектұров 1982 жылы Шоқанға Омбы қаласында ескерткіш тақтаның ашылуына себепші болды.

Жастар жанашыры

Қарағанды қаласындағы «Балауса» жастар әдеби бірлестігі Жәкең қарауында және қадағалауында болды. Жиі келіп тұрды, қабылеті бар, қолына қалам ұстаған, өлең жазып, айтыс өнеріне бет бұрған Қарағанды қаласының жоғары оқу орындарының студент жастарынан қол үзбейтін. Жәкең 1988 жылы «Балауса» әдеби бірлестігінің отырысына «Жалын» республикалық әдеби – көркем альманағында Қарағанды облысының әдеби шығармашылық жастарына арналған номерін алып келді. Ақын Қуаныш Мақсұтовтың шығармашылығына тоқталды, Қуанышқа үміт артатыны туралы айтты, Жәкең Қуанышты өте жақсы көретін, шығармашылық бастауын басқаларға үлгі тұтты.

1984 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің 2 курс студенті Қуаныш Мақсұтов республикалық «Жігер» жастар шығармашылығы әдеби фестивалінде өлеңдерімен жарқ етті, Қуаныштың Сарыарқада айтыс өнерін насихаттаудағы талпынысын үнемі қолдап отырды. Елге танымал әдебиетші ғалымдар: Аманжол Әлтаев, Қойлыбай Асанов, ақын Дәулет Сәтібеков, әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Сағымбай Жұмағұлов және тағы басқалар «Балауса» жастар әдеби бірлестігінде шыңдалды.

Қыздарым, қылықты болыңдар!

немесе даңқты драматург Қалтай Мұхамеджановпен өткен қызықты кездесу туралы

Жайық Бектұров ақын -жазушыларды Қарағандыға оқырман кездесулерін жиі шақыратын. Бұрын Жәкең үйінде, Қарағанды қаласында Сәбит Мұқанов, Әлкей Марғұлан, Әбу Сәрсенбаев, Ғафу Қайырбеков, Дихан Әбілев, Хамит Ерғалиев, Қасым Қайсеновтер болғанын білетінбіз. Бұл Жәкең достығы мен шеңберінің анық айғағы.

1985-1990 жылдары оқырмандар кездесулеріне қатысып, қолтаңба алған кітаптарға қарасам: ақын Фариза Оңғарсынова Қарағанды қаласына 1985 жылы (қыркүйек), Олжас Сүлейменов (1984, 1989 жылдары), Сайын Мұратбеков (1988 жылы) Шерхан Мұртаза (1988 жыл), Сәкен Жүнісов (1990 жыл),Тұрсынбек Кәкішев (1985,1989 жылдары), Оралхан Бөкей (1988 жылы), ақын Қайрат Жұмағалиев (1987 жыл), Қалтай Мұхамеджанов (1989 жылы) оқырмандармен кездесуге келіпті.

1989 жылдың шілдесі болатын. Оқу семестрі емтихандары аяқталып, студенттер жазғы демалысқа кеткен уақыт. Жәкең факультет деканы, ұлы Жәнібекпен даңқты драматург Қалтай Мұхамеджановты студенттермен кездесу үшін жатақханаға алып келді. Тәңертеңгі сағат он шамасы, студенттер ұйықтап жатқан шақ. Факультет деканы Жәнібек Жайықұлымен бірге жоғары қабаттарға көтеріліп, филология және тарих факультеттерінің жатақханада қалған қырыққа жуық студентті ұйқысынан оятып, жалынып- жалпайып, бір сағат ішінде төмендегі залға шығардық.

Студенттер ұйқылы күйлерімен төменге түсті, бірінің аяғында тапочкі, біреуінің үстінде футболка, студент қыздар қымтырылмай халаттарымен орындыққаа жайғасты. Шыңғыс Айтматовтың досы, өзі де сондай даңқты Қалтай Мұхамежданов аудитория басымы филология факультетінің студент қыздары екенін көріп: «Жәке, бір сағат күткен еңбегімізді ақтайық, «Фольклордегі және қазақ әдебиетіндегі әйел образы» тақырыбында сөйлейін» - деп бастады.

Қалтай Мұқамеджанов әйел табиғаты, әйел сұлулығы, әйел ақылы мен тапқырылығы туралы біресе жылатып, біресе күлдіртіп айтты, қазақ қыздарының батырлығы мен ерлігі, батырлар жырындағы Құртқа мен Қамқа, Шыңғысханның Бөртесі, батыр Бопай, Ғабит Мүсіреповтің ана образдарына тоқталып, Мәншүк пен Әлия туралы деректермен аяқтады. Алдын ала ойласаңда бола қоймайтын, аяқ астында өткен қызық кездесу болды. Қыздар артынан еркінсіп, Қалтай ағаға сұрақ жаудыра бастады, кездесу соңы күлкі мен әзілге ұласты. Қалтай ағаның адам ішек -сілесін қатыратын әңгімелерін студенттер тұрмастан үш сағат тыңдады, «студент ұйқысы» жайына қалды. Сағат он бірде басталған кездесу: «Қыздарым, қылықты болыңдар!» деген Қалтай Мұхамеджанов сөзімен аяқталды.

Көпшіл Жәкең туралы

Жазушы Сапарғали Ләмбеков: «Жәкең ақын жазушылардың ғана ақылшысы ғана емес, басқа да өнер ордаларына да хал қадірінше көмек көрсететін адам еді, кеншілер қаласында өтетін мәдени шаралардың бәріне белсене қатысатын, ұйымдастырушыларына жөн жоба нұсқайтын, ол кісіні көмірлі қаладағы орыс –қазақ түгел білетін, барша қадыр тұтатын еді» деген сөзі, рас сөз.

Жәкең «иісі қазақ» және шығармашылық ортасы бар «Орталық Қазақстан» газетінен, Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ театрынан, Қарағанды мемлекеттік университетінен, қаладағы екі қазақ орта мектебінен шықпайтын. Жәкең үшін Қарағанды мемлекеттік университеті, оның бірінші ректоры, академик Евней Арыстанұлы Бөкетовпен кісілік қатынастарын Шәкәрім қазасына байлансты материалдардан көруге болады. Филология факультетінде жұмыс істейтін профессорлық –оқытушылық құраммен тығыз байланысын үзген емес, үлкен құрметпен, әсіресе, филология ғылымдарының докторы, профессор Задан Тасқалиұлы Жұмағалиевке ағалық сезімдерін аямайтын, белгілі әдеби сыншы –ғалым Бақыт Кәрібаеваға деген ықыласы шексіз еді, олармен әдебиетке қатысты сағаттап сөйлесуге жалықпайтын.

Нұра өңірінен шыққан талантты қазақ жазушыларының бірі, әңгімелердің қас шебері, романшы Қанат Жойқынбектегі ағамыз ақын Еркеш Ибраһимге (Ебікенов) арналған «Ақын өмірінің беттері» естелік эссесінде: «Күз туа Еркеш қайтадан ауруханаға жатып қалды. Содан тұрмады. Бұл жолы бүйрек ауруы қатты қозып, ол дүниенің есігіне жақындап қалғанын Еркештің өзі де сезгендей еді. Соңғы бір жүздескенде қоштасқандай рай танытты. Еркешпен соңғы тілдескендер арасында Жазушылар Одағының Қарағандыдағы төрағасы, марқұм Жайық Бектұров та бар болатын. Бұл екеуі ата –қоныстары жақын Көкшетау мен Ақмола облыстарының шекарасында туған, сырт көзге онша жақындықтары байқалмаса да, бірін –бірі іш тартып жүретіні сезілетін» деп жазды.

Ұстаз, қарағандылық ақын Мәпіш Шәріпова: «Жәкең әрқашанда айналасында әдеби орта жасағысы келді, әдебиеттің ағартушылық қызметін жақсы білетін, әдебиетші адам еді» десе, ал Жайық Бектұров Мәпіш апайдың ақындық талантын, ана жүрегімен, әйел жүрегімен жырлайтыны туралы 1976 жылы: «Мәпішті ұстаз деп жүрсем, ол үлкен жүректі ақын екен» - деп лебізін жазып білдірді.

Жайық Кәгенұлы орыс тілінде де майын тамызып жазды, оның материалдары «Простор» журналында, «Индустральная Караганда» газетінде жиі жарық көретін. «Индустриальная Караганда» газетінің қоғамдық саяси және идеология бөлімін басқарған Екатерина Борисовна Кузнецовамен тығыз шығармашылық қатынаста болды, әсіресе «ақ таңдақтар» тарихына қатысты «КарЛАГ» лагері, сталиндік қуғын -сүргін құрбандарына байланысты шығармашылық қатынастары үлкен сыйластыққа ұласты. Екатерина Борисовна Жайық Бектұровты құрмет тұтты.

Сол кезде Қарағанды мемлекеттік медицина институтына ректор болып келген, біржағынан дәрігер - ғалым, енді біржағынан суретші, әдебиетші Мақаш Әлияқпаров «Жайық мінген қайық» атты кітабы Жайық Бектұров өмірінің зобалаң жылдарына арнады.

«Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторлары болып жұмыс істеген Нұрмұқан Оразбеков пен Төлеубай Ермекбаев «Егемен Қазақстан газетінде «Адамдар. Жылдар.Тағдырлар» айдарымен «От өрім өмір» атты көлемді мақаласында совет үкіметінің құйыртқы құпиялары қалың жұртшылыққа ашылмай тұрған кезде Жайық Бектұров «Өрт пен дерт, «Дәлел мен дерек», «Дала уәлаятының мақтанышы» атты тарихи очерктерінде Кенесары қозғалысын, Алаштың әйгілі көсемі Әлихан Бөкейхан туралы, ұлы Абай өмірі туралы орыс тілінде жазылған ғұмырнамасын Әлихан Бөкейхан бірінші болып баспасөзде жариялағаны туралы атап өтті.

Жайық Бектұровтың жанында әдебиеттану саласындағы ғалым інілеріне толы болатын, филология факультетінің декандары Болат Әбішұлы Байтанаев пен ұлы Жәнібек Бектұровтармен бірге, филология ғылымдарының докторы, профессор, ал сол кезде Тұрсынбек Кәкішевтің аспиранты Жандос Қожахметұлы Смағұловта болатын, жас ерекшеліктеріне қарамастан қазақ әдебиеті тарихының мәселелелері бойынша ашық талқылайтын.

«Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің ұлт мүддесін көтерудегі орны» атты зерттеу еңбегінде филология ғылымдарының докторы, профессор Жандос Смағұлов: «Жайық Бектұровтың қалам тартпаған саласы, қоғамның қозғамаған мәселесі кемде кем. Халқымыздың мақтан тұтар ұлт зиялылары жайында тереңінен қозғап, оларды оқырманға таныстыру жағынан үлкен еңбек атқарды, өзінің тынымсыз еңбектерінің арқасында өзі де ұлт зиялыларының қатарына қосылды, Алашым дер ардақты азаматтардың бірі болды», -деп жазады. Жайық Бектұровтың өмірі мен деректері зерттеу нысаны болып қала береді.

Жәкең тәуелсіздік алдында

1991 жылғы тамыздың басында Жайық Кәгенұлы қазіргі Бұқар жырау ескерткіші тұрған жерде (бұрынғы облыстық атқару комитетінің ғимараты) алдында көріп, ақсақалға сәлем бердім. Қолында «Наш Современник» журналы (1990 жылғы ақпаннан шыға бастаған, журналдың сыртқы мұқабасында Минин мен Пожарский ескерткішінің суреті салынған РСФСР Жазушылар Одағының әдеби көркем және қоғамдық – саяси басылым, орыс және православтық идеяны насихаттайтын журнал болатын, орыс жазушылары мен ақындарының шығармалары ғана басылып тұрды, ақын С.Ю.Куняев басқарды – автор С.К) бар. Жәкең терең ой үстінде келе жатырса керек, сәлеміме қараған жоқ, «тыңдайтың құлақ болса» дегендей, сөйлей жөнелді:

- Виталий Солоухин не жазған десеңші: «Русские обойдутся без Союза, дальнеший союз еще убьет русский дух, русский народ», –дейді Жәкең тоқтамай:

- Сен қара да тұр, осылар қан төгіске ұшырайды, не революция жасайды, пісіп жетілді, уже, - дейді, көзін алмай.

Бұны айтып отырған себебім, Жәкең ішіндегісін қуана сездіріп, қазақта жаңа белес алдында тұрғанын, жасаураған қария көздерінен сол сәтте байқау қиын емес еді.

Жәкең айтқаны келді. Оншақты күннен кейін тамыздың 19 –ы күні Москвада ГКЧП бунты ойран салды, тарих түбегейлі өзгерді, орыстар өздерінің мемлекетін өздеріне қайтаратыны туралы жариялады, Советтер одағы ыдырады, жылдың аяғынан қалдырмай елімізде тәуелсіздігін жариялады.

«Билік қазақтың ұрандатқанын ұнатпайды»

Қарағанды қаласында Жамбыл, Доскей, Сәкен, Сәбит Мұқанов, Саттар Ерубаев, Қаныш Сәтбаев, Әлімхан Ермеков және Н.Гоголь даңғылдары мен көшелері болса, ол Жайық Кәгенұлы арқасында қойылған көшелер десем ешбір артық кетпеймін, Жәкең өткен ғасырдың 60 – жылдарынан бастап, тікелей мағынасында, Қарағанды көшелерінің қазақ тілінде қойылуы үшін күрескен адам.

1993 жылы қыркүйекте 81 жастағы қария Жәкеңді облыс әкімінің қаулысымен Қарағанды облысының тіл басқармасы алқа мүшелігіне және ономастикалық комиссия құрамына кірді, Жәкең айында бір рет өтетін басқарманың алқа отырысынан қалмайтын. «Қатты кетпеңдер», «тілді біреуге күштемеңдер» деп ұрсып та отыратын, қария қаламгердің бұнысын түсінуге болатын еді. 90 -жылдардың аяғына дейін елдің экономикасы ауыр халде болды, кәсіпорындар тоқтап тұрды, зейнетақы малмен, отынмен, жем- шөппен берілетін, айлар бойы жалақы төленбейтін уақыт еді, оның үстіне «өкпеге толы» басқа ұлт өкілдері Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай қалаларынан тарихи отандарына жүз мыңдап көшіп, кетіп жатты. Жәкең тіл мәселесін ушықтырмай, адамдарды бөле жармай жүргізу керек дейтін, өзі де зорлық –зомблық көрген адам, тіл болсын, басқа болсын зорлыққа қарсы еді.

Күні кеше болса да тоқталып кетейін, 1993 жылдың маусымында Қазақстан Республикасы Министерлер Кабинетінің Тіл комитетін құру туралы қаулысы қабылданып, облыстарда тіл басқармалары құрылды. Небәрі 2 жыл 10 ай жұмыс істеп, үш жылға жетпей «жойылған» Қарағанды облысының тіл басқармасы міндетін абыроймен атқарды, жетпіс жыл бойы сірескен тоң сеңді бұза білді. Қарағанды қаласында басшылары мен орынбасарлары түгелдей басқа ұлт өкілдерінен тұратын облыстық басқармалардың, комитеттер мен бөлімдердің саны 90 проценттен асып жығылатын. Тіл басқармасы қалалар мен аудандарда қазақтандыруды ашық жүргізді, қазақ тілін білетін, қазақша сөйлейтін басшылар санын органдар мен мекемелерде кем дегенде 50 процентке теңестіруді, басшылық құрамға қазақ ұлтының өкілдерін басшылық қызметке енгізуді ашық талап етті. Қалалық және аудандық «Қазақ тілі» қоғамы жанашырларымен бірлесіп, мемлекеттік орган ретінде білім беру органдары алдында қазақ мектептерін ашу мәселесін көтерді, өз шешімін бақылауға алды.

1994 жылдың күзінде қазақ мектептерінде оқимын деушілердің саны 186 процентке күрт өсті, бұл өз кезегінде қалалар мен аудандарда қазақ мектептері мен кластарын ашу мәселесін күн тәртібіне қойды. Қысқа (апталық) жедел аудармашылар курстарын ашып, оқытып, жүздеген кәсіпорындар мен ұйымдарға жіберді. 1995 жылы Қарағанды облыстық еңбекпен қамту орталығынан (бастығы Серікжан Қанаев) келіп түскен мәлімет бойынша 197 мекеме мен кәсіпорын аудармашыларға мұқтаж, оларды аудармашылармен қамту туралы ақпар алдық, бұл - Қарағанды облысында тіл саясатының сілкінген кезі еді.

1996 жылғы наурызда Қарағанды облыстық тіл басқармасы жабылды, «жойылды» деген дұрыс шығар, үкімет қаулысында облыстық тіл басқармасына орын болған жоқ.

Бір көргенімде Жәкең: «Сендердің жойылатындарыңды біліп едім, тым ұрандатып кеттіңдер, билік қазақтың ұрандатқанын ұнатпайды. Абайдан күштісіңдер ме, қазақты түзетіп алатын, әлде Сәкеннен күшті ме едіңдер?! Сәкенде қазақ тілінде іс жүргізем деп атылып кетті емес пе? Қолдағы бардан айырылып қалмасақ, соның өзі неге тұрады!» деп ашынып, ал біржағынан аяп айтқан, «жығылғанға жұдырықтай тиген» бұл сөзіне мен өкпелемедім, өйткені ол шындықты айтты.

Бұл 1997 жылдың қыркүйегі болатын. Қарағанды университетінің бұрынғы ғимараты маңдайшасына Қарағанды педагогика институтының бірінші ректоры, педагог Сейтқали Баймурзинге ескерткіш тақта ашу салтанаты алдында Жәкеңмен болған соңғы кездесуім, жүздесуім еді.

Салауат Кәрім, Ш.Шаяхметов атындағы

тілдерді дамытудың республикалық

үйлестіру- әдістемелік орталығының

аға ғылыми қызметкері, аудармашы.

Астана–Қарағанды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Жайық, Бектұров, Алаш
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар