Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Ғаббас Қабышұлы: «Мен Мүсіреповті қалай ренжіттім?...

05.06.2017 7477

Ғаббас Қабышұлы: «Мен Мүсіреповті қалай ренжіттім?»

Ғаббас Қабышұлы: «Мен Мүсіреповті қалай ренжіттім?»         - adebiportal.kz

ӘДЕБИ ҚОРДА ІСТЕГЕН ЖЫЛДАРЫМДА АҒАЛЫҚ КЕҢЕС БЕРГЕН БІР ҒАНА АДАМ – ҒАБИДЕН МҰСТАФИН

Есік тық-тық қағылып, ақырын ашылды да, Мұстафин Ғабиден аға кіре берді. Жайдары үнмен:

– Можно ма? – деді. Мен әуелі орнымнан ұшып тұрдым ба, әлде әуелі “Ассалаумағалейкүм!” дедім бе, білмеймін, кейін де есіме түсіре алмадым, әйтеуір, Ғабаңды тым абыржып қарсы алдым. Ал Ғабаң:

– Уағайлейкүмәссалам! – деп, сол қолындағы келте таяқты қос қанат ұшақтың пропеллерінше айналдырып-айналдырып жіберіп, маған оң қолын ұсынды. Мен ол кісіні босағадан бірер қадам беріде қарсы алғанымды енді байқадым, құрақ ұша ұмтылсам керек. Шәкірт кезімізден шығармаларын оқып өскен, сырттай жақсы білетін, Жазушылар одағындағы жиындарда сыртынан сан көрген, бірақ жанына барып сәлем беруге батылым жетпеген атақты жазушы менің жұмыс бөлмеме ойда жоқта кіріп келеді, қолын ұсынып амандасады деп ойлаппын ба?! “Можно ма?” деп жорта орысшалап, әзіл тастай кіргені және таяқшасын ойнатқаны да таңдантқан. Алақаны қатқылдау болғанымен жып-жылы екен, сол жылылық бойыма тарай қалып, сабама түсіп:

– Аға, төрлетіңіз, отырыңыз! – деп үстеліме қарсы іргедегі диванды нұсқадым. Ғабаң жайланып отырып, жасылтым көзәйнегін бір қозғап, маған қарап:

– Менің бір төрешік туысым бар, жаңағы “можно ма?“– соның жекеменшік сөзі, Ғабиден шалдың сөзі екен деп қалма,– деді жымиып.

– Жо-ға, білем ғой, –дегенім. Нені “білем!” дегенімді Құдай білсін, абырой болғанда Ғабаң оны сұраған жоқ.

– Кел, отыр, – деп жанынан орын мегзеді, үстел басындағы креслома отыруға ыңғайсызданып тұр едім, жатырқамай кіріп, жатсынбай жылы сөйлеп, жантарта қасына шақырғаны маған ерекше бір еркіндік сыйлады да, қатарына қымсынбай жайғастым.

– Қалқам, қай жақтың баласысың? – деді, диванға шалқия, қарсыға тура қарап отырып.

– Шығыс Қазақстаннан, Өскеменненмін, анығында Ұлан ауданынанмын.

– Сүйегің найман болды. Сәрсен Аманжоловпен жерлес екенсің ғой, жақсы, жақсы. Сәрсен үлкен ғалым, оқымысты жігіт еді, – деп сәл үнсіз отырды да: – Қалқам, кешегі қазақ : “Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер, жеті атасын білмеген – құлағы мен жағын жер” деген. Ол – жөн сөз, ниеті тазаға айтылған сөз. Жақсы, енді уақытыңды алмайын, сенің шаруаң, келімді-кетімді кісілерің болады, ал мен – еріккен шалмын. Саған ешқандай бұйымтайым боп келген жоқпын, көрейін, танысайын, бір тілек білдірейін деп қана келіп отырмын. Бұл Әдеби қор – бір ісі жүз сөз болатын, көптің көзі қадала беретін жер, аттылы да, жаяу да іздейтін өткел. Мұнда қазіргі шалдардың біразы істегенбіз. Әлбетте, кешегіден бүгінгісі бөлектеу, өзгерісі, жаңалығы көбірек, қапшығы толығырақ шығар. Ал ақша жүрген жерде әзәзіл жүреді, албасты да жүреді, ең қиыны – сол. Әзәзіл мен албасты, егер адам сақтанбаса, абай болмаса, іштен де, сырттан да шалады. Алтын көрген періштенің кебін құшқан талайды өкіндірген. Сен, қалқам, сақтана біл, абайлай біл, күнбе-күнгі ісіңе күнбе-күн қырағы бол, адал бол, әділ бол. Бүгінде бізде не көп, кім көп – мұқтаждық көп, жас та, жасамыс та жазушы көп. Жазушының бәріне ақша керек. Шын керек ететіндер – үйсіз, күйсіз жүрген анау жастар, жас талаптар. Сен қолыңнан келгенінше соларға көмектес, соларға қарайлас. Мен сияқты шалдар сұрап келсе, – деп маған езу тарта қарап қойды да, сөзін сабақтай берді: – Анау деп, мынау деп, жылы қабақпен шығарып сал, егер тонын айналдырар болса, ондайлардан үрікпе де қорықпа, себебі біз сенен ақшаны еріккендіктен сұраймыз, қалтамызда сықап тұрса да сұраймыз, өйткені солай дағдыланғанбыз. Жазушы – қажетке жараған шығармасымен ғана жазушы... Ал бізде бұл қадірлі атақты апақ-сапақта алғандар бар, олар болымсыз бірдеңе бергендер және сонысын өмір бойы талшық етуге кіріскендер. Сондайлар мына Литфондының есігін күнде ашатын да шығар, анау жылдарда сөйтетін. Басқа бітіретіні қалмағандарға дауа жоқ... Олар ғана ма... мына біз – атағы шыққан сайын шатағы қоса шығатын қызылкөздерміз. Сен, Ғаббас қалқам, осыны жадыңа түй, жаңа айттым ғой, сен біздің дегіштігімізден сескенбе, үрейленбе. Жылы қабағыңды танығысы келмегендерімізге сыртыңды беріп отырып ал, бұрылма, жібіме. Айғалап-үйғайлап қоямыз, қиратқанда басшыларыңа шағынамыз, ал басшыларың бала емес, олар біздің мінез-құлқымызды жақсы біледі деп ойлаймын, “буынсыз жерге пышақ салмас”, – деді де, Ғабаң келте таяғын тірей тез түргелді. Қолтығынан демеп үлгірмедім. Кесек мұрынын көтеріңкірей жымиып, оң қолын тағы ұсынып: – Сөзім ұзарып, жалықтырып жібердім бе, ғафу ет!. Ақыл айтқыштар менсіз де аз болмас, әйтсе де, қалқам, менің тілегімді кәдеңе жаратқайсың! – деп қолымды қысты.

– Әрине, аға, есімде болады, рахмет, сау-сәлемет болыңыз! – деп, көңілдене шығарып салдым. Бөлмем кеңіп, жарығырақ бола түскендей бір жеңіл күйге бөлендім.

“Ақыл айқыштар менсіз де аз болмас...”

“Айтушылар” деген жоқ, “айтқыштар” деді. Әсіреақылшылдарды әдемі мысқылмен мықшитты.

Әдеби қорда істеген жылдарымда маған ағынан жарыла адал пейілімен ағалық кеңес берген бір ғана адам сол Ғабаң – Ғабиден Мұстафин.

Кейінде екі-үш мәрте жолығысып, әңгімелестік те. “Ғаббас қалқам, бастық болған жақсы, тек абайла, творчествоңды өкпелетіп алма!” дегені де әлі күнге құлағымда тұрғандай. Кітап сөремдегі бес томының керек біріне қолымды созған сайын Ғабаңның: “Можно ма?” деген әзіл астарлы сауалын іштей қайталап, өз-өзімнен еріксіз езу тартамын.

Есігімді балаша тық-тық қағып, ақырын ашып кіргенінен беріде 22 жыл өтіпті-ау!

СӘЛЕМІМДІ АЛМАҒАН – ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ

Ал Ғабаңның құрдасы, қаламдасы Ғабеңнің, Ғабит Мүсіреповтің, бір мінезін көргеніме де 22 жыл.

Арада өткен мерзім – үш айдың шамасы.

Есігім ешбір ескертусіз тез ашылып, қаракүл пальтолы, қаракүл бөрікті, қара етікті әйел кіріп келген. Тани қойдым – Ғабеңнің үйіндегі жеңгеміз Ғазиза. Қадірменді ағаның Құдай қосқан қосағын қалбалақтап қарсы алмасақ, ағамызға – іні, жеңгемізге – қайны болғанымыз қайда?! Қошеметтеп төрге шығарып, қолпаштап отырғызып, денсаушылық, көңіл -күй сұрап дегендей, міндетімді түгел атқардым. Жеңгеміздің қиық көзі күлімдеп, аққұбаға да, қоңырқайға да телігісіз өңі құлпырулы. Жалтылдаған қара қолсөмкесінен бір парақ қағаз алып:

– Мынаны ағаң беріп жіберіп еді, қайным, көре салшы! – деді. Көз жүгірттім. Өтініш екен. Ғабең Көкшетаудағы “Оқжетпес” санаторийінде дем алып қайтқан екен, жолдамасының құны 130 сомды өтеп беруді айтыпты, өтініштің сол жақ шекесіне квитанциясын іліндіріпті.

– Жеңгей, сіздердің биыл көктемде “Алматы” санаторийінде дем алғандарыңыздағы Ғабеңнің люкс-нөмірінің жолдамасын өтеп бердік емес пе? – дедім, абыржығанымды жасыра алмай, жеңгемізден қолдау да күтіп. “Ә, солай еді-ау, біз оны ескермеппіз ғой!” дейтін шығар деп те ойладым.

– Онда тұрған не бар? – деп жеңгеміз дік етті.

– Бір жазушыға бір жылда екі рет жәрдем жасай алмаймыз, біздегі тәртіп солай.

– Қазақта Ғабит Мүсірепов біреу ғана емес пе?!

– Әрине.

– Онда неге бұлтақтайсың?! – деген жеңгеміздің өңі суып, мұрыны қусырыла қалғаны. Мені тыңдайтын, түсінгісі келетін сиқы байқалмайды. Бұрында сөйлесіп көрмеген едім, “ерікті ауызына бөрікті басым сиятындай”.

– Жеңгей, сабыр етіңіз! Бізде қаржы мөлшері шектеулі және тәртібімізді жаңа айттым. Құлағыңызда жүрсін: бізде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, немесе Совет Одағының Батыры, немесе Социалистік Еңбек Ері, немесе СССР Жоғарғы Советінің депутаты жазушыларға бір мезгіл берілер ақшалай жәрдемнің ең көп мөлшері 140 сом. Ғабең ғой деп, “Алматының” 240 сом путевкасының құнын тәуекелмен толық төлеттіріп жіберіп едім, сол үшін осыдан бір ай бұрын Мәскеуден келіп тексерген ревизордан сөгіс алдым, бізге қаржыны беретін де, оның жұмсалуын қадағалайтын да анау үлкен Әдеби қор, олар заңды бұздырмайды, – деп бар-жоқ мағлұматымды жайып салдым. Жеңгеміз ұшып тұрып, қолымдағы өтінішті жұлып алып, өкшесі тақ-тұқ, тақ-тұқ етіп шыға жөнелді... Е, мейлі, барсын!

Екі күннен кейін мені Әнуар Әлімжанов шақыртты. Бардым.

– Кел, кел, отыр! – деп әдетінше сылқ-сылқ күлген бірінші басшымыз бір қағазды ұсынып:

– Мынаны оқышы! – дейді. Оқыдым. Былай делініпті: «Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші секретары Ә.Т.Әлімжанов жолдасқа Социалистік Еңбек Ері, академик Ғ.М.Мүсіреповтен арыз: «Сіздің құзырыңыздағы Литфондтың директоры Қабышев деген менің “Оқжетпес” санаториясына алған путевкамның құнын төлеуден бас тартты. Соған шара қолданып, ақшамды қайтартып беруіңізді сұраймын».

Әнуарға қарадым. Ол үнсіз күліп отыр.

– Иә, не дейсің? – дейді.

– Не дейін! – дедім де, арыздың етек тұсына: «Ғ.М.Мүсірепов жолдастың биыл сәуір айында “Алматы” санаторийіне алған жолдамасының құнын толық күйінде, 240 сом, өтеп бердік. СССР Әдеби қоры тарапынан сол үшін сөгіс естідім. Ардагерлерге бір жолғы жәрдемақы мөлшеріміз – 140 сом. Бір жылда бір жазушыға екі рет көмек көрсетуге правомыз және жоқ. Сондықтан Ғ.М.Мүсірепов жолдастың екінші өтінішін қабыл алмағанымыз заңды екенін мәлімдеймін», – деп жазып, ресмилеп қол қойдым да, Әнуарға қайтардым. Ол оқып, тағы да сылқ-сылқ күліп:

– Қызық болды ғой. Ғабең заңдарыңды білмеген шығар, әйтпесе...

– Әнеке, кешіріңіз, өтінішін жеңгеміз алып келген, мен ол кісіге мынау жазғанымды бұдан гөрі тәптіштеп айтып, түсіндіріп бергенмін.

– Түсінді ме?

– Жоқ. Етігінің өкшесі тақ-тұқ, тақ-тұқ етіп, маған: “Тоқтай тұр! Тоқтай тұр!” дегендей боп кеткен.

– Бәсе! – деп Әнуар күлді.

– Шақыртқандағы шаруаңыз осы ма еді?

– Осы. Мә, арызын өзіне берерсің, – деп ұсынды.

– Әнеке, сіз де қызық екенсіз! Арызды сізге жазған екен, сіз өзіңіз беріңіз! – дедім, алмадым.

– Түу! Бәрін түсіндіру керек болды. Шалдың ашулануы да мүмкін.

– Ашуланса, онда айтыңыз: егер ақшасы тақа таусылып, қиналып отырса, мен бір айлық жалақымды берейін, – деп едім, Әнекең екі қолын бірдей сермеп, сылқ-сылқ күліп қалды.

Содан шамасы бір апта өткенде Жазушылар одағы ғимараты алдында Ғабеңе қарсы ұшырасып қалдым. Бір кісі қолтықтап келеді екен.

– Ғабе, ассалаумағалейкүм! – дедім, жол бере ығысыңқырап. Атақты ағамыз желдеген бұғыша мұрынын көтере қиық көзін бір тастады да, үндемей кете барды. Ішімнен: «Е, Ғабе, сіз керек етпесіңіз де, менің сәлемім 130 сомнан қымбатырақ» дедім. Содан кейін ол ағекемізді маңайлауды қойдым.

Ғабаң мен Ғабең. Екі адам. Екі қаламгер. Екі аға. Екі жаратылыс.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар