Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Серік Ақсұңқарұлы: «Машықтанудың машақаты»

14.09.2015 182

Серік Ақсұңқарұлы: «Машықтанудың машақаты»

 

«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға ақын Асылбек Жаңбырбайдың өлеңдеріне қазақтың талантты ақыны, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлының жазған пікірін ұсынамыз. 



www.adebiportal.kz



 

744645_748323007_______.jpg




ТЕМІР ТУРАЛЫ

 

Темірден болар көлігің,

Темірден болар өлімің.

 

                                                                             Майқы би

 

Бір бауырдан айырды-ау темір көлік,

Бір кісідей сүрмеді ол өмір көріп.

Өзекті өртер өкініш көмір болып,

Өлгеннен соң жатамыз көңіл бөліп.

 

Әзірейілдей жан алғыш темір жаман,

Әл-шамаңа қарамас жебір заман.

Жын ұрғандай жақсыдан жерінді адам,

Желік буған пенделік неғылмаған?

 

Заулайды жұрт көшеде темір мініп,

Зауал барын ұмытып семірді ұлық.

Қайран бабам жылқының тегін біліп,

Қысқа күнде тарқатқан шерін қырық.

 

Бұ дүниеде керек қой темір шыдам,

Бос айқайдан пайда жоқ қоңырсыған.

Өмірімнің шындығы өлім шығар,

Өлмей тұрып кімім бар көңіл сұрар?

 

Қайыспастай жазылды темір өлең,

Құсалықтан мұндайда еңірегем.

Болжам айта алмаспын еліме мен,

Болмасам да би құсап тебіренем...


 

 

ЖОҒАЛҒАН КІЛТ


 

Жетім тамшыдай мөлдір мұңыммен көз жусам,

Жүрек түбінде бұрқырар кілең боз жусан.

Қызғалдақ гүлдей қызықтырасың, беу, дүние,

Құбылған күндей мошқаулығыңа төздім сан.

Сен мені-ақ тоздыр  тоздырсаң...

 

Көне көлеңкем  қансырап жатқан қарт іңір,

Бақилық тілде ұлиды көкке зар-күбір.

Мезгілден тайып адасқан сорлы-ау өзімдей

Жалғыз теректің бұтағындағы жарты бүр.

Жанымда  сөнбес жалқы нұр...

 

Ай туар  мөр боп жалғыздығыма басылып,

Түн құшағына құлайды сұлық жас үміт.

Маңдайымдағы қос жұлдыз құсап жарқырай,

Сапарын жалғар мағұрып пенен машырық.

Жаңа бір жолдың басы  құт...

 

Түйсік сарайы бейуақыт ойдан былыққан,

Құтылып болмас қап-қара сұлба  құрықтан.

Сайтаннан дүреп санама сіңген бүлікті

Хақтың қолы деп жұлып алсыншы тымық таң.

Мен  жоғалған кілт құлыптан...

 

 

СЕЗІМХАТ


 

Әлімсақтан тағдырымыз жұмбақ боп,

Тәңірінің құдіретінен жаралған.

Көкейімізге нұрын құйып мұңдақ көк,

Жолығыстық шұғыла шашып жанардан.

 

Екі ғашық  бір ғұмырмыз, жалқымыз,

Түйсігімізді тылсымдылық балқытқан...

Санамызға күз салғалы салқын із

Елесіміз жүр қала үстінде қалқып паң...

 

Түннен көшсек періштелік пішінге,

Айдан тамар көз жасымыз жап-жарық.

Өлең аңқып жұлдыздардың түсінде,

Жарқ етерміз қараңғылықты қақ жарып.

 

Жаттың ойы  тұрпайылау, тағылау,

Ойлай берсін бір-біріне жағуды...

Ғайыпқа ұшып баратырмыз, жаным-ау,

Қанатымыз бар қайырыммен қағулы...

 

 


ЖАРҒАНАТ

 

 

Күнді өлтіріп пері біткен зарланад,

Қан-қан болып тыста кеш...

Мадақтап жүр қараңғыны жарғанат

Тышқан да емес, құс та емес!

 

Жарғанаттың ойлағаны  сұмдық ой,

Ақыретте де жұлқылар.

Қанатымен жүрегімді тілді ғой,

Жанымды арбап нұрқұмар...

 

Келе жатыр табыт құсап түн күліп,

Қаперінде  қара мұң.

Жіберердей сау адамды жынды ғып

Жұлдызқұрты наланың.

 

Обалымның періштесі шыңғырып,

Қашып кетті далаға.

Жарғанаттың соқырлығын сіңдіріп,

Қалып қойдым қалада.

 

Мылқау елес шартарапты шарламақ,

Қайыр күтпей тұстан еш.

...Саудалап жүр жарығымды жарғанат

Тышқан да емес, құс та емес!

 



ЛЕТАРГИЯЛЫҚ КҮЗ


 

Шаршадым шаһардың шуынан,

Жалықтым дүрмектің дуынан.

Ұйықтап жатырмын мен енді,

Көз ілсем  дүниеден суынам.

 

Кей сәтте күзден де суықпын,

Ажалды жаныма жуыттым.

Қараңғы жолдармен жүргізді-ау,

Көктемді жадымнан қуып түн.

 

Ойларым шашылды қақырап,

Бейне бір қураған жапырақ.

Көлеңкем тығылып молаға,

Жылаған сәбидей бақырад...

 

Тәтті түс көруде мүлгіп гүл,

Жүзінен төгіліп күңгірт нұр.

Ыпыны құстармен қайтқан соң,

Жүнжіп тұр бейуақ жым-жырт қыр.

 

Шарасыз тән қалды өлік боп,

Өртенген қан-жыны сөніп көп.

Қап-қара шашынын шашады-ай,

Тозақтың бұлттары төніп кеп.

 

Мызғысым  жұмақтан жай табам,

Өмір ғой мазамды шайқаған.

Оянып кетпесем бақида,

Фәниге оралам қайтадан...

 

 

КҮРЕҢТЕКТІ ҚЫЗ

 


Мөлдір сезім дірілдеп кіл,

Құлақ түрдім тірі үнге:

Ай сәулесі күбірлеп тұр

Тылсым түннің тілінде.

 

Жер бетіне тұман тұтып,

Шаршатып ед күз демі.

Тәңірім өзі нұр аңқытып,

Көркем бейне түзгені...

 

Жетіп жатыр өзгеруге

Жалғыз-ақ түн, бір-ақ түн.

Жаралған соң көз көруге,

Сені көріп жылаппын.

 

Жылатар-ау мың еркекті

Жалқыланған керім өң.

Неткен жансың  күреңтекті,

Туғандайсың періден...

 

Жанарымды жасқа шылап,

Жүрек-құсым шырлайды.

Бұл  дүниеден басқа сынақ,

Мұңнан бөлек бұл  қайғы.

 

Бұрын маған жолығыспай,

Мекендепсің күз елін.

Пендешіктің қолы қысқа-ай,

Үміт-тамшы  үзерім...

Күреңтекті қыз едің!!!









«Машықтанудың  машақаты»

 



11102737_1582477971994701_7315948261977138273_n.jpg

Бұл ақынның өлең техникасын жетік меңгеріп, шығармашылық ізденісте біраз биіктерді шарлап шыққаны көрініп тұр.Алғашқы қадамы – сәтті. Өмірдің өткелегінен өтіп, ұлттық һәм әлемдік әдебиетің тұнығынан жүзіп ішсе, күндердің күні өзін өзі таппай қоймайтынына көз жетіп тұр.

 

Тек, бұл  іншек Александр Блоктың бір сөзін жадына тоқыса болар еді. Блок бір сөзінде поэзиядағы профессионализм деген қатерлі бір дерт туралы ой толғаған еді. Өлең жазуға әбден машықтанып алған (профессионализм) адамға кез келген тақырыпқа қалам тарту оп-оңай болып қалады. Бірақ, ол өлең емес,– тақпақ болып кетуі мүмкін! Мына жігіт осыны терең зерделесе, өзеуреген өлеңшілер қара  құрттай қаптаған мына заманда айдарынан жел ескен Ақын болуы мүмкін. Ақын мен өлеңшінің арасы –  жер мен көктей!

 

Машықтанудың машақаты көп. Бұл ақын соны сезуі керек.

 

Өлең техникасындағы жетістік поэзияны сантиметр, метрлеп қана ілгері оздырса, адам рухындағы ат ойнаған асқақ құбылыстар оны бірнеше миль километрге шырқатып жібереді. Өлең – жарқыраған ұйқас, жалт-жұлт еткен сөз емес, – Рух деген сөз!



Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

 

Біздің Telegram-парақшамызға. жазылыңыздар!

Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар