Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Қалихан Ысқақ. Тектінің мінезі...

14.03.2019 10424

Қалихан Ысқақ. Тектінің мінезі

Қалихан Ысқақ. Тектінің мінезі - adebiportal.kz

І. МҰҢ

Тұман да емес, жаңбыр да емес, не аспаны жоқ, не Алатауы жоқ астананың саңылаусыз, есте қалмайтын, білінбей жылжып бара жатқан ен-таңбасыз белгісіз күні еді. Екінші қабаттың ала - бұлдыр фоэсінде сөйлемейтін, сөйлесе суреті қашып кететін сақау телевизорға телміріп отырғанбыз. Асқар бар, Әкім бар, ағамыз бар, басқасы менің есімде жоқ... Қырып тастайтындай топырлап осында келеміз. Бір бір бөлмеге шіреніп - шіреніп енеміз. Кім не тындырып жатыр?.. Әйтеуір, көзге болса да стол үстінде жаюлы қағаз жатады. Бір досымыз ақ парақтың шекесіне атын жазып қойып, ай бойы соған тамсана қараумен қараятын болған соң Әкімнен «өтірік жазушы» деген титул алып, ақыры бала-шағасын адасып зорға тауып еді. Әл-Фараби атындағы шығармашылық үйінің бүгінгі тұрғындарының түрі осы. Димекең үкісін тағып, Ғабең ақсарбас шалып босағасын майлаған құтхананың ағалар азайған сайын берекесі де қаша бастаған... Әйтеуір, парықсызға ермек, панасызға мекен...

...Кезінде көркемдігін жігіттің төресінен де оздырмаған ағамыз алпыстың тоғызына енді іліккенде аяқ астынан күрт сынды: шодырайған бет сүйекке қарауыл болып қоңқиған мұрын қалды, қызыл күрең нұрлы жүз қуқыл тартып, танадай шаралы көздің оты өшкен соң мынау бей-берекет заманнан аялдайтын тиянақ таппағандай дүниеге селқос қарайтын болған. Қажып отырды. Қажып отырып:

─ Кетік бала, сонымыз бекер-ақ болды-ау ә! - деді.

Аспаны да жоқ, Алатауы да жоқ ақ шаңыт терезеге әншейін қарап отырып айта салған. Қайтып келмейтін, қайтып көрмейтін, мынау ақ шаңыт терезе секілді беймағлұм дүниенің ар жағында көзден өшіп, көңілде ғана қалған үмітсіз сағыныштың өкінішін еске алып еді. Он тоғыз жыл өткен соң. Кім біледі, он тоғыз жыл бойы көңілінен тастамай да жүрген шығар... «Кетік баладан» басқа, ағамыздан басқа тірі пенденің құлағына шалынбаған, сонау Созақтың шалғайында қап кеткен ол да бір қимас құпия еді...

...Созақтың ыстығы мың қайнатады. Қаратау балқып, күн көзінен шөгіп бара жатқан сияқты. Үшбасқа жетсек тоғай бар, тоғайда жылқылы ауыл отыр деп еді. Үшбастың да топырағы қоламта, тоғайы таздың желке тұлымындай шөлдеп отыр екен, бұлаққа емінген таздың телпегіндей қараша үйдің шыбыны торғайдай. Ыстыққа тұншыққан оншақты құлын құйрық қағуға дәрмені жоқ желі басында сұлап - сұлап жатыр. Түңдікті жауып, іргені түргенімен бетіңді жалын шарпиды. Оның үстіне сол жалғыз жыртықты КГБ-ның подполковнигі бөксесімен бітеп алыпты. Шымкенттен ере шыққан Тәкен ағамыздың немере туысқаны еді. КГБ-ның қызметкері тұрмақ қайыр дәметкен көшенің мүсәпіріне де күдікпен қарайтын ағамыз туысқанымен өбектеп сөйлесе қоймады. Қаладан шықпай жатып қабағы түсіп кетіп еді, екі тәулік бойы екі ауыз сөзін жұртқа қимай жарылып кете жаздап отырғандай көрінді. Қарсыдағы құм белдің шағылын иегімен сүзіп, шағылдан шалқыған қарақұрық сағымды көзімен қуалап міз бақпай қалып еді, әлден уақытта:

─ Бейіштен үн келеді қоңыр салқын, - деп күбірлеп отыр екен.

─ Сөз екен-ау, желдің де түрі, түсі бола ма екен?! - деп жалғыз жыртықтың өтіне тығын боп жатқан подполковник май сіңген мәйкесін жуан қарнынан жыртып алып желпіп - желпіп қойды, онымен де қоймай: - Абай да Абаймын деп әншейін айта береді екен-ау! - деп ақынды төркініне апарып тастағандай болды.

Манадан маңайыңдағы еш жанды менсінбей, Абаймен ғана тілдесіп отырған ағамыз шаралы көзін жалт еткізіп бір төңкеріп алды да дастарханның етегін кейін серпіді.

─ Бізге екі ат ерттеңдер, - деді, - желдеп қайтқым келіп отыр.

Ағамыз елу жасқа толған еді. Туысқаны тұрмақ өзінің елу жасын да менсінген жоқ, мойындағысы келмегендей нәумез қарсы алып, Мәскеудегі қызметтес жора-жолдастардың құрмет - дастарханынан «спасибо» деген бір сөзбен құтылып, Алматыға қашып келгенбіз, мұндағы дос-жарандардың құттықтауына ерін жыбырлатпастан Созақтан бірақ шықтық...

...Жылқышы екі ат ерттеп қойған екен. Жатаған жабы торы маған тиді де шолақ кекіл, қысқа жал, келте құйрық ұзын қаракөкті ағамызға көлденең тартып тұрып:

─ Байқаңыз, ер салғанымызға екі-ақ күн болып еді, тастап кетіп жүрмесін, - деді жылқышы.

Келер жылы үйірге қосамыз деп отырған төрт жасар сәуірін екен, бұл баяғы ақбоздың тұқымы шығар дегенімде, «болса болар!» деп мал иесі мақтанышын жасыра алмай қалды. Мақтанып тұрып туысқанын көтеріп атқа салғанда ұзын қаракөк қабырғасы сөгілгендей ыңқ етіп қайқаң қақты да ағамыздың екі аяғы солаңдап жер тіреп қалды. Тастап кетеді деген асаудың айналшығы құрттап тұр екен. Жабы торыға іздесіп таяқ тастамға доқылдап барды да төбеге ұрғандай тұрды да алды. Атамыз жылап жібере жаздады. Аттан қарғып түсіп сауырдан бір салып еді, ұзын қаракөк екі-үш аттап, бетімізге бедірейе қарады. «Жазығым не еді?» дегендей. Сосын түк болмағандай уаһам дүниеден бейхабар мәңгіріп тұрып құйрық көтерді.

─ Кетік бала, қаштық! - деді.

Сонымен тағы да қашатын болдық. Аңыз болған ақбозының бүгінгі тегіне өкпеледі ме, ағайынның бітеулігінен қашты ма, ағамыз Үшбастан аттанғанша асық болды. Жылқысы түгіл адамының өзі азып кеткен мынау заманнан қашқанмен қайда барып құтылмақсың?!

ҰҚСАС МАТЕРИАЛ: Қалихан Ысқақ. Ақтоқым

...Мақтанышы да өтірік, мазағы да өтірік деп Мәскеудің зиялы жұртын жақтырмайтын ағамыз қашанда саяқ жүретін. Білетіні бит терісіндей болса да жалғанды жалпағынан кешкендей терісіне сыймай шіреп отыратындары да рас. Арғы - бергіні бопсалап сапырғанда дарасы қайсы, дарақысы қайсы екенін аңғармай да қаласың. Сөзі пысық, сезімнен жұрдай, жартылай жаргон, жартылай кеңсе тілінде термин орап құсатын өтірік интеллектуалдың ортасы бір күн оттасуға да жетпейтіні рас. Өтірік лебізді көмейден шықпай жатып танитын ағамыз жалған «жақсыларға» әдепті сөзін шығындап та жатпайтын. Кірпияздығы да емес, жиырма бес жылдың ішінде өнер маңындағы жалпақ жұрттың қара тырнақ батпайтын тереңдігінен жеріп болған. Сонан соң да оны көбіне стадион мен ипподромнан, спорт залдары мен футбол маңынан, қайдағы бір реңсіз жұрттың ортасынан табуға болатын еді: танымайтын кезбені, табаны бүрсіз езбені бір саптаяқ сыра мен бутерброттың сұхбатына шақырып алып жалықпай тыңдап отыратыны бар. Біреудің ақылына жығылып, біреудің нақылына тамсанып көрмеген оған жұрттың баланы алдауға жарамайтын «даналығы» емес, жаман да болса, надан да болса даралығы қажет еді: әйтпесе бұл елдің жақсылығы мен жамандығы көркем сөзге қалай түспек?!. Жақсы көретін жанашырына болмаса кез келгенге ішін алдыра бермейтін ағамыздың осы мінезі алысты қойып ағайынның өзіне де ұнай бермейтін: «бұл Тәкенге не болған өзі, кісілігін бұлдағаны ма, кісікиік пе?» - деп қайран қалып, кейбір замандастары: «осының өзі ауру емес пе?» - деп күдіктеніп, аяғын өсекке айналдырып жіберген кездері де болған. Тірліктің қиқым - бақай өсегі мен қиянаттан үндемей құтылып, өмір-бақи естігені мен жиған-тергенін жаттаймын деп жүріп өзі де жаттанды, әлде кімнің жаңғырығы болып кеткен жартыкеш жандардан безіп шығатынын қайдан білсін бұл жұрт... Сөйте тұра қарапайымдылығына да сөз жетпейді. Тәкеннің соры - қарапайымдылығы еді. Дәмде қазы мен қартаны таңдайында ұстап тамсанбаған, сыйласаң қара суыңды да ханның асындай көретін. Құрметтеп таққа отырғызсаң да, тақтайға отырғызсаң да оған бәрібір болатын. Осыны пайдаланған «дос-жаран» Тәкенге деген мақтауы мен сый-құрметін өлшеп қана лақтырып, оғаштығын ордаға сыйғызбай көптіріп жіберетін... Тәкен біреуге ұнамаса, мінімен емес, мінезімен сыймаған. Тәкенге біреу ұнамаса мінезімен емес, мінімен жақпаған...

...Мәскеуден таңғы елең - аланда шығып едік. Қаланың қылыштай ғимараттары ырсиып -ырсиып артта қалған. Алдымыздан ала мысық кесіп өтіп еді, кейде ырымшыл, жоққа сенгіш, кейде ырым - жырымды қаперіне де алмай кешіп жүре беретін ағамыз таксиді тоқтатып кері қайттық. Ала мысықтың кесірінен бір күн кешігіп шығып, күтуден күпті болған ағайынға тағы да сүйкімсіз боп қалып едік. Мәскеудің қоқыс тарпыған тентіремесіндей емес, Созақтың мысықтары үйір - үйірімен өреді екен, ауылдың аласы болсын, қарасы болсын, әйтеуір, ағайын сүрей ғой, алдынан мың мысықтың өзені ақпақ түгілі есек тұрса да ағамыз аттап кететін сияқты. Ақ көйлектің жағасын шұбар галстукпен қылғындыра буып, шымқай қара кәстөмді Құмкенттің ала шаңына салып ұрып келеді. Қырық бес градустық ыстықта сол галстукты босатқан жоқ, сол кәстөмді шешкен жоқ. Совхоздың бөлім меңгерушісі Жүсіптің атшаптырым ауласында, жүзімнен желек бүркенген, ел көшіп-қонса тарлық қылмайтын кең сәкісінің қақ төрінде төбедей болып отырды да қойды.

Отағасы кесек адам екен. Саркідір тартқан шақтағы сарғыш жүзіне түскен сызат пен самайының ағы болмаса жігіттің нары дерлік. Жүріс-тұрысы нық, сөзі санаулы, санасы шайдай, бетіңе қасқайып қарайтын отырысының өзі-ақ көңілге сенім ұялататын кесек мінезді танытқандай. Отағасы орнықты адам екен...

Көлеңке басы ұзарып, көкжиектің қызыл мұнары қоюланып, күн қонақтауға бет алған. Жарқын жүз, жайдары отырыстан ба, біраздан бері бітеліп қалған ағамыздың көмейі де ептеп ашылайын деген. Шәй құйып отырған ұзын бойлы ақ сары қыздың сүйріктей саусағынан, қаймақтан сүзген ірімшіктей сүйкімді де тәтті жүзінен көз алмастан отағасынан ары - бергінің өтті-кетті әңгімесін суыртпақтап тарта бастады. Жүсекең де келгеннен бері ағамыздың бас-аяғына сынай қараған секілді еді, күтпеген жерден:

─ Сен әкеңнің неден қайтыс болғанын білемісің? - деді.

Әлде сұрақ төтесінен болды ма, әлде есінде жоқ па, ағамыздың танадай көзі шыныдай қатып тосылып қалды.

─ Әкеңе қарызым көп еді, бір мен емес, ел қарыздар еді, - деп Жүсекең ойға шомып отырып қалды да, әңгімесін біраз күттіріп барып бастады. - 1932 жылдың, ұмытпасам ақпаны ма екен, қызмет бабымен ел аралауға шықтық. Мен әрі көмекші, әрі атқосшымын. Арқадан шыққан жұрт тағы да босып келіп жатыр дегенді естігенбіз. Сол жылы біздің өңірді қыс қарлы, әрі аязды болды. Күн шатынап, терістен соққан қызылшұнақ сырманы сумаңдатып айдап тұр. Жол ауырлап қалған екен, шыға бере-ақ малтыға бастадық. Жылқы жарықтық сезімтал ғой, әлденеден сескеніп, жол жиегіндегі қожыр-қожыр мүрдесінен осқырынып өтеді. Шана сүріп кеткен күртік астынан бір кезде салынды сияқты бір нәрсе серең ете қалғаны. Не болды екен деп барып көріп едім... астапыралла, өндірдей жас жігіттің өлігі. Сырма көміп тастаған екен. Ана күртіктің асты да өлік, мына күртіктің асты да өлік. Ілгері озған сайын қарға-құзғын да көбейе бастады. Науа жолдың жиегі теңкиіп -теңкиіп жатқан... құданың құдіреті, көпшілігі ер адамдар. Еркектің әйелден гөрі аштыққа осал екенін сонда білдім... Қош, сонан ауылдан ауылға жеткенімізше көргеніміз осы. Әкең елдің ер-азаматтарын көтеріп, көлік шығарды, өліктерді көмдіріп, бойында жаны барларды жинастырып, ас-су ұйымдастырды. Бойдан қуат кеткен соң болмайды екен, біразы үсіктен іріп өлді, бұрлығып өлді, тірі қалғандары некен – саяқ - ау... Қайран қазақ қар кеткенше қарға-құзғынға жем болды ғой, амал қанша!.. Сонан қайтар жолда әкең марқұм шанаға етбетінен жатып алып ал кеп жыласын. Бар айтары: мынау ит заман, сұм заман не болып барады?! Содан жылай-жылай, өкси - өкси үйге жеткен соң да өксігін баса алмай өксіктің аяғы ықылыққа айналды да ықылықтан ішегі түйіліп дүниеден қайтты. Азаматтың арысы еді, амал қанша, ел күйігіне шыдай алмай кетті ғой...

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қалихан Ысқақ: Көргеннің барлығынан көркем әдебиет жасалмайды

Аулаға ымырт қонақтап қалған екен. Бір-біріміздің жүзімізді көре алмай, көруге дәтіміз жетпей сонау отыз екінші жылдың аштығы мен аязына біз кінәлідей тұқырайып тым-тырыс отырып қалдық. Сонан шам жанғанша отырдық. Шам жанған соң отағасы тағы да:

─ Әкеңе қарызым көп еді, - деді күрсініп. - Жетелеп жүріп жеткізді, сүйрелеп жүріп адам қатарына қосты. Сені көрген сайын аруақ алдындағы қарығым есіме түседі де өзімнен - өзім қысыламын. Жас болса келіп қалды, аруақ алдындағы қарызымнан құтылсам деп жүруші едім, оңтайымен келіпсің, анау гаражда ақ «Волга» тұр, ертең мініп кетесің, қыз міне отыр, басына жаулықты осы үйден, өзім салып жіберемін!.. Шырағым, мен екі сөйлемейтін адам едім, екі сөйлетпейтін шығарсың, - деп отағасы сөзін нығыздап бітірді.

Қыз қып-қызыл боп өртеніп барады екен. Ыдыс-аяқты жиған боп тұрып кетті. Содан қайтып үйден шыққан жоқ. Қонақасыны көршінің әйелі келіп жасады. Ағамызға қарасаң әлі міз бақпаған сияқты. Бәйбішесімен ажырасып, елу жасқа келгенде бойдақ қалып еді. Ол емес, мен қуанып отырмын. Ол емес, мен ойланып отырғандаймын...

...Қонақ кәдесін жасауға қырға шықтық. Іргеден басталатын жүгерінің егісі қарақұрық. Әудем жер озып кеткен ағамыз жүгеріден де сорайып, төбесі көкжиекті түртіп тұр екен. Көкжиекте қап кеткен жер мен көктің арасындағы ақ жолақ сызатқа кекжие қарап тұр екен.

─ Шал, енді қайттік?! - дедім.

─ Жас қой, обал ғой, - деді. Бар айтқаны осы.

─ Он сегіздегі қыздың несі жас?!

Мен әлі де үмітімді үзген жоқ едім...

...Таудың көкшатыр сағымынан ба, түн баласында Алтайдың аспаны кілегейсіз боз шағырмақ болушы еді. Қаратаудың аспаны жұлдыздан басқа жылты жоқ меңсіз қара екен. Масасы мазасыз, шегірткесі ұйықтамайтын заржақ. Төбең аласа, іргең тынымсыз болған соң ұйқы да қашаған. Сәкінің жүзім шатыры үп еткен желді де іркіп қалғандай тұншықтырып тұр. Атамыз тым-тырыс, отағасы да тым-тырыс. Мен ертеңгі күнді ойлап жатырмын. Кірпік ілмесек те таң атқанша бүлк етпейтін шығармыз деп едім...

Аяқ астынан ауыл үсті азан-қазан болды да кетті. Әлдеқайдан бір есек бақырып еді, құлағымыздың түбінен екіншісі ақырып қоя берді де, әр үйдің ауласынан бір бір есек айқайласып шыға келді, бәсекеге түскендей. Қазақтың есегі сағат сайын ақырады деуші еді, Созақтың есегі сағатыңа пысқырмайтын көрінді. Мәскеудің машина гүжіліне отыққан бітеу құлақтың мұнда келген соң нағып ашыла қалғанын кім білсін, әйтеуір, аңыраған, маңыраған, ышқынған, қышқырған мың сан қиқудан Созақтың аспаны қақырап түсетіндей көрінген. Алдымен Жүсекең аунап түсті, онан соң ағамыз төңкерілді. Есектің даусын естіп есіне ат түсті ме, ағамыз жоқ жерден:

─ Жүсеке, баяғы көкқасқалардан жұрнақ бар ма? - дегені.

─ Көкқасқа деймісің?.. Олар қырғын еді ғой, - деді Жүсекең. Олар ақбоздың тұқымы еді ғой, одан жұрнақ қайдан қалсын, бәрі де есек боп кеткен. Құр мақтанғанымыз болмаса мал бітпеген ел ат қадірін қайдан білсін. Ақбоз Арқа жылқысы болатын...

Есек даусынан Жүсекеңнің әңгімесі де жұлым-жұлым боп кетті де, ақырған мен бақырғанның әредік - әредігінде ұстап қалғаным: қыс қатты болған жылдары Арқаның жылқысы Қаратауға ауып келеді екен де жаз шыға елге қайтқанда бүкіл Созақ мал тұяғынан қара топырақ боп қалатын көрінді. Мал иесі тебін майына әр түтінге бір үйірден жылқы тастап кетеді екен. Тәкен ағамыздың атасы бір жылы үйір жылқының орнына ақбоз айғырды қалапты да бодауына жалғыз қызын қалыңсыз ұзатып жіберіпті. Ағамыз жазған «Ақбоз аттың» шын тарихы осылай боп шықты.

Әңгіме тағы да қызға келіп тірелген соң ағамыз одан өрмен отағасын қажаған жоқ. Қаратаудың меңсіз қара аспанынан Ақбоз ат пен Көкбоз атты іздеп едім, бала күнімде шешем марқұм қолымен байлап, саусағымен түртіп көрсетіп кеткен екі аттың бірін де таба алмадым. Жердегі атқа қол жетпей жүргенде аспандағы ат қайдан ұстатсын!..

...Кетерде Жүсекең гараждың қақпасын ашты. Ақ «Волганы» айдап шықты да қасқайып Тәкенге қарады. Тәкен ағамыздың өмірі кесіп сөйлегені осы шығар:

─ Жүсеке, - деді, - астыңыздағы жалғыз ақбозыңызды аударып мінгендей болмайын. Бәрібір мұны Мәскеуге алып кетпеспін. Бірақ, мен мінді деп есептеңіз... Ал, баланың багын байламаңыз. Оның да өз теңі бар шығар. Осымен, Алла рұқсат етсе аруақ алдындағы қарызыңызды мен кештім!..

Қыз қоштасуға шықпады. Мен қимай тұрмын. Қос қалтамды кезек қағып, темекімді қалдырып кетіппін деген сылтаумен үйге қайта кірдім. Терезенің алдында теріс қарап тұр екен.

─ Қарындас, біз кететін болдық қой...

─ Сау болыңыздар! - деді теріс қарап тұрып.

Аттанып бара жатып машинаның терезесінен тағы қарадым. Ол да терезеге қарап тұр екен. Көзінде жас бар сияқты көріңді. Ағамыздан құтылғанына қуанып жылады ма, ағамыздың қайырылмай кеткеніне қыстығып жылады ма, қайдан білейін... Былай шыға бере:

─ Тәке, осынымыз бекер болды-ау! - дедім.

Ағамыз тырс еткен жоқ. Танауды бір бұрап тастап машинаның маңдай шынысынан көз алмай отырып алды.

Қас маңдайда Көсегенің көк жотасы шалқып жатыр еді. Қас маңдайда Мың жылқының төбесі түтіндеп жатқан...

...Екі жыл күтіпті. Тәкен ағамыз үйленді дегенді естіген күні кенеттен ауырып қыз байқұс қайтыс болыпты. Кейін мен де ағамызға ренжіген болдым: отағасы аруақты аузына алып, аруақ алдындағы қарызым еді деген соң, неге бас тарттыңыз?! Ол қыз аруақ алдындағы қарыздың құрбаны болып кетті. Мүмкін, махаббаттың құрбаны болған шығар...

...Тұман да емес, жаңбыр да емес, не аспаны жоқ, не Алатауы жоқ астананың саңылаусыз, есте қалмайтын, білінбей жылжып бара жатқан ен-таңбасыз белгісіз күн еді. Асқар бар, Әкім бар, ағамыз бар, басқасы менің де есімде жоқ. Ағамыз қажып отырды. Қажып отырып:

─ Кетік бала сонымыз бекер-ақ болды-ау ә! - деді. - Кім білсін өлмейтін бе еді... мен де өлмей жүре тұратын ба едім...

Үшеуміз бірдей селк еттік. Мұндайда Әкімнен гөрі сөзге шапшаң Асқар:

─ Әй, Ысқақтың ала көзі, мына шалың не деп отыр?! - деп маған қарады.

─ Еще пятнадцать дней, и п-дец! - деп жауапты ағамыздың өзі берді де орнынан тұрды. - Қой, мен тамыма барайын, - деді.

Сол кеткеннен тұп-тура он бес күн дегенде ағамыз жарық дүниемен қоштасты...

...Туған жердің қасиетін көңілінде сақтап көзге айтпайтын ағамыздан, біреумен таныса қалса, «қазақпысың, созақпысың» деп, Созағын қазағының қасына, қазағын Созағының қасына апарып қоятын Асқардан, Қаратау десе домбырасына жүгіретін күйші де күйшіл Төлеген Тоқбергенұлынан көз жазып қалған соң, ол да бір дәурен екен-ау деп бүгінде ат аяғы жетпей қалған Қаратаудың меңсіз қара аспаны мен сағатпен санаспайтын даңғаза түнін де сағынатын болдық...

...Қайран Тәкем - ай, соныңыз бекер-ақ болды-ау!.. Кім біледі... ол да тірі жүретін бе еді... сен де тірі жүре тұратын ба едің?!..

II. ҚИЯНАТ

«Ялтадан шықтым, күтіп алыңдар» деп Әлжекең телеграмма соғыпты. Елден біреу келе жатыр десе елегізіп отыратын мен, шыдамым таусылып, Тәкен ағамның уысқа тола сықпадай мұрынын газет бетінен ажырата алмай ішім пысты.

Аптасына үш-ақ күн лекция бар: сенбі күні ағамызға еріп, салақтап стадион шарлаймыз. Өмірі доп теуіп көрмесе де футбол десе жер түбінен іздеп баруға әзір. Жексенбіде ипподромда тотализаторға түсеміз: кейде ұтамыз, кейде ұтыламыз. Тіршілікте Тәкеңнің қашанда ұтысынан ұтылысы көп. Ұтса - қуанбайды, ұтылса - өкінбейді. Осылай болуға тиіс дегенге әбден көндігіп алған. Жалпы ол тағдырға қарсы тұрған адам емес. Дүйсенбі мен сейсенбіде Жазушылар Одағынан тапжылмай, Алматыдан келген почтаны ақтарамыз: баспадан жаңа шыққан кітаптар, газет-журналдар пұшпағына дейін оқылады. Тәкеңнің олпы-солпы дүниелерді қара сиямен сызып отырып редакция жасайтын әдеті. Бірде оншақты беті қызыл - ала шимай болған «Абай жолын» Тәкеңнің столынан көріп, семинарға келген Әбу ақсақалдың шалқасынан түскені бар.

─ Япыр-ау, мына Тәкенге не болған?! - деп менің бетіме күдіктене қарады.

«Дұрыс қой» дей салдым. Ол кезде Әуезовке қол тигізу күнәхарлық болатын. «Қазақ әдебиеті» газеті «Қан мен тердің» жаңа редакциясынан тұтас бір бет үзінді жариялаған екен. Тәкең одан да саутамтық қалдырмай, газеттің шалғайына пікірін қоса жазып, Әбекең Мәскеуге келіп қайтқанда аэровокзалда қолына ұстатты. Әбекең үндемей, төрт бүктеп қалтасына салып алды.

Тәкеңнің қолы қазымыр еді. Оның мінезіне, тіліне бітпеген қазымырлық қолында, қаламында қалған. Бірақ ол кінәмшіл қазымырлық емес, қаламының сұлтандығын танытатын, өнерге биіктен қарайтын кірпияздығы болатын. Үш жыл қасынан қалмай жырақта жүргенде ағадан жұққан бір нәрсе болса, ол осы тілге деген кірпияздық шығар.

Кімнің жинағы екені есімде жоқ, жұқалтаң өлең кітапшасын шимайлап - шимайлап, менің алдыма лақтырып тастады да:

─ Логика жоқ! - деді. - Жіпке тізген құмалақтай жетім шумақтарды тіркей береді, тіркей береді, албастыға мінген Алдар көсенің әләуләйіндей таусылмайтын, тұйығы, тиянағы жоқ бытпырақ!

Тәкеңнің қаламы қасып тастаған қаншама бытпырақтар Жазушылар Одағының күресінінде қалды екен? Егер соның бәрін жинағанда Тәкен Әлімқұловтың редакторлығы жайында бір еңбек жазуға болар еді. Бұл мен көрген үш жыл ғана. Тәкең Мәскеуді 25 жыл қоныс еткен. 25 жылда қаншамыздың «бытпырағымызды» оқыды екен?..

─ Кетік бала, кеттік! - деді. - Әлжекең кешіксек ренжиді.

Бірде сірке жаңбыры сілбідей салбырап, бірде сырғақ қары жылбырап, асфальтін қоймалжың, үйлерін ала - шабдар қып қағынып тұратын Мәскеудің қара күзі албастыдай еңсеңді басады да тұрады. Бу екені белгісіз, тұман екені белгісіз, құрым аралас дымқылға зәулім үйлер белуардан мелдектеп отыр. Сауыры ғана жылтырап, бауыры батпақтан қаракер тартқан түйдек-түйдек машиналардың көше қақыратқан гүжілі аспаннан естіледі. Асфальті де, аспаны да қара барқыт қаланың мазасыз шуы жерде ме, көкте ме, әйтеуір гүр-гүр. Осы бір гүріл күндіз құлағыңның құлығын қозғап, жатқанда жастығыңнан ызың боп қадалатыны бар. Қалада ширек ғасыр тұрсам да қым - қуат тірлікке отықпай, қыр қазағы болып қала бере берген мен байқұс, тамағын жүре жеп, ышқырын жүре қасынып, борс-борс желген Мәскеу жұртына ілесе алмай, отыздан кейінгі оқуы құрысын деп елге қайтпақ едім, Тәкен ағамыз болмағанда қайтып та кетер едім.

─ Бетті бір түзеген соң жол ортадан жалт беру жігіттің мінезі емес, - деп тоқтатқан.

Бөтен қала, бөтен жұрт, бөтен ниет, кіл бөтеннің ортасында жетімсіреп жүрген пақыр, ағамыз да жетім көңіл шығар деп аз күн бауыр басып қалған соң қия алмап едім. Әйтеуір қара тұтарым да, пана тұтарым да Тәкең.

Жалаңбас, жалаң плащ, өкшесі қисайған жаздық туфлимен қыстап шығатын ағамыз жіліншігі жылтылдап сірке жаңбырды жыртып жөнелді. Вовровский көшесінен Восстание алаңына шыға бергенде танауды бір бұрап тастап:

─ Кетік бала, ұста! - деді.

Мәскеу арбакештерінің Алматыдағы әріптестерінен айырмасы - қанағатшыл әрі әңгімешіл, шай - пұйға тиын тастасаң да рахметін айтып, жон сілтеуге келгенде бажандай жанашырлық жасайтыны және бар. Алматының азнабайларына алтын берсең де қыртиып, алғыс айтудың орнына Құрықтайға қол беріп амандасты да Бұлдырықтайды құшақтап, арқасынан қақты. Бұрын Әлжекенді сырттай ғана білгенім болмаса, ауыз - екі әңгімелесіп, әңгіме-дүкенде тізе түйістіріп, алдынан өтпеген едім, үлкенде аға, кішіде іні жоқ әкесіз өскен жетім байқұс ақсақал арқамнан қаққан соң біртүрлі ішім елжіреп, көңілім босап сала бергені. Машинаға отырған соң да Мәскеудің бір кетігі толып қалған сияқты көрінген.

─ Әлжеке, қонақ үйге түсесіз бе, әлде бізбен жүресіз бе? - деді Тәкең, күтімге үйреніп қалған аға институттың жатақханасын қомсынып жүре ме деген үнінде жасқаншақтық та бар.

─ Сен пәтер алып па едің? - деп алдыңғы орында отырған Әлжекең бүкіл денесімен бұрылып үміттене қарады.

─ Пәтер қайдан болсын, мына кетік бала екеуміз литининституттың жатағын жайлап жатырмыз, екеуімізде даңғарадай екі бөлме.

Салт басты, сабау қамшы Тәкеңнің тұрмыс жағдайының онша келіспей жүргенінен хабардар болса керек, Әлжекең мұңайып үнсіз қалды. «Япырай!» - деді де сөзінің аяғын жалғастырмай қойды. Оның жалғасында ағаның ініге деген жанашырлығы жатқанын сездім. Алматы болса бір жөн. Мәскеуге иісі қазақтың билігі жүрмейтініне, бөтен жұрт бөстегіне де отырғызбайтынына өкінген секілді.

─ Қонақ үйге барсақ баралық, бірақ екеуің де бүгін менің қасымнан кетпейсіңдер, -деді Әлжекең. - Мынау бұлты зілдей бұлыңғырда жалғыз өзім күңіреніп қонақ үйде қалай жатамын?!.

Тәкең үндеген жоқ. Өмірі күй таңдамайтын ағамыз қаратаяқтың комфорты мен аста ток дастарханынан қарабайыр тірліктің тулағы мен қара суын артық санайтын. Соны білетін Әлжекең:

─ Жатағына барсақ та болады, - деді жұбатқандай. - Бір түнге жамбасым жатырқамас, өзіміз ғана болып, маңдайдың терін сыпырып тастап шәй ішелікші!

«Өзіміз болып» дегенге тағы да ішім жылып қалды. Қазақ «өзіміз» дегенді жиі айта бермейді, өйткені, оның астарында тек іш тарту ғана емес, ет - бауырым, өзегім деген ұғым жатыр, жатқа білдіре бермейтін сезім, тамырдағы қан соғысындай ыстық лүпіл бар. Ағайынды жылытатын, алысты жібітетін де «өзім» деген ұғымның құдіреті...

Өзіміз болып отырдық. Кетік бала орта кастрюль сары майға орыстың түшпарасын қуырып алып келді. Кейінде, Жұбан ағамыз Мәскеуге келіп кеткен сайын ресторанның сыпайы дәмін жатырқап: «бір күннен соң сабын шайнағандай болады екенсің, мұнан да үйге барып, Қалиханның қуырма пельменін жейікші» - дейтұғын. Тәкең осында көшкен соң жатақхана үй атанды. Үй атандырып отырған Тәкең: келген-кеткенді айтпағанда, курсанттар мен семинаристер, Аян бастаған студенттер, арасында қарашай - балқары да бар, Тәкенді сағалайтын, Тәкенді ағалайтын, қарыны ашқандарға қамқоршы, қалам ұстағандарға үлгі еді. Тәкенді бір күн көрмей қалсақ жатақтың бір қабырғасы үңірейіп, жетімсіреп отыратынбыз. Мәскеуден кете қалсақ, артымызға тастап кетер жалғыз сағынышымыз Тәкең, Мәскеуге келе қалсақ, асығып жетер сағынышымыз Тәкең. Ол жоқ жерде астананың бөтен екені, сенің де астанаға бөтен екенің бірден есіңе түседі де біреудің есігінде жүргендей еңсең түсіп, ұлы қаланың ұлысы тұрмақ құлына да сүйкенгің келмей зәрезеп көңіл елегізіп, елге қарап ұлисың.

Бірі ақсақал, бірі аға жасында болған соң бір-біріне ақыл айтып, әдебиет жайында әңгіме сапырысқан жоқ. Бірақ бір-бірін іштей оқып отырған сияқты: үндемей ғана анда-санда танауды бұрап тастап, әріптесіне тілсіз еріп, ділмәрсуді жақтырмайтын жұмбақтай Тәкеңнің мінезін Әлжекең баяғыдан білсе керек, сұрақ қоймай, сұранып сөйлемей інісінің ырқында отырды. Алда-жалда сыртқа шыға қалса, біреуді даттап, біреуді боқтап, жат көз іштегі жарасын жазып беретіндей тек өсек арқалап келетіндерді де көргенбіз. Ялтадан шығармашылық үйінде 24 күн қамалып жатып, ел сағынып қалған соң ба, Әлжекеңе иісі қазақтың жаманы жоқ секілді, аңғал да қамсыз көңіліне, әзіл аралас жаяу әңгімесіне сенсек, Алматыға жұмақ орнап қалғандай. Коньяктан шымшып қана дәм татып отырып:

─ Мынаның бәрін жинаңдар, - деп дастарханға бата берді де: - бір түнгі ұйқымызды қаза қылып карта ойнаймыз, - деді.

Ермек үшін көндік. Қалталарың бар ма деп сұраған да жоқ, қалтамыздың бар-жоғын өзі де сезетін болуы керек, әдейі жорта жасады ма, Әлжекең аңғал ойнап, артық заказ беріп құлап отырды да Тәкең ағамыздың қолы жүріп берді.

Мәскеудің тұнжыраған ыз таңы қарақұрық терезені тесе алмай кейісті қабағын зорға ашқан. Бізбен бірге түн асқан Әлжекең бір кесе қара шайдан соң қунап шыға келді. Осыдан отыз екі жыл бұрынғы Әлжекең бүгінгі менен әлдеқайда жас еді. Сол кездегі ағаларымыздың орны бөлек пе, сонда да олар ақсақал атанған. Жасы жүзге жетсе де ақсақал бола алмағандар аз ба! Жас атаулыны өзімсіне сөйлейтін әдетімен:

─ Ғабең Жапониадан келіп Мәскеу қонақ үйінде жатқан көрінеді, кәзір үшеуміз де барып сәлем беріп шығамыз - дегенді бұйырып айтқандай болып еді, ырылдақпен сақалын қырып тұрған Тәкең селт еткен жоқ.

─ Сағат тоғызда қызметке баруым керек, кетік бала ертіп барады ғой, - деп селқос жауап бере салды, артынша: - шынымды айтсам, менің Ғабит ауруым жоқ! - дегенде танадай көзі жалт ете қалып еді, жанарынан бұрын-соңды байқамаған ызалы ұшқынды көрдім.

Әлжекең інісінің шорт сөзінен тіксініп қалды, бірақ не болды деп сұраған жоқ, қолқасын өткізе алмағанына ренжіген де жоқ. Тәкең қызметке бір апта түске дейін, бір апта түстен кейін баратын. Бұл жұмадағы кезеңі түс ауа еді, неге екені белгісіз, қасақана жалған сөйледі. Бұл оның табиғатында жоқ қылық еді.

Біз келгенде Ғабең таңғы туалетін енді ғана аяқтап, жеңіл киіммен отыр екен. Екі ағамыздың әңгімесіне артық құлақ болмайын деп кетуге ыңғайланып едім, сөзін де кербез тастайтын әдетімен Ғабең:

─ Қалихан сен қуыс үйен құр шықпа дегенді Мәскеуге келген соң ұмытып қалып па едің? - деп тоқтатып алды.

Аман - сүгірден соң зыта жөнелудің орынсыз екенін онсыз да сезгем, екеуара әңгімеде еншім болмаған соң жөн-жосықсыз қала беруден қысылғаным да рас. Дүдәмал ойдан Ғабеңнің өзі құтқарды. Қазақи дәстүрдің бәрі бірдей қайдан жаман болсын.

Сыпайы ғана таңғы ас келді. Үш рюмка ерткен торғын түсті коньяк табаққа атқосшы болып жүр екен. Мен шишаға ұмтыла қоймаған соң ыдысты да кербез ұстайтын Ғабең күрең бөтелкенің қынай белінен шымшып қана көтеріп, шүр еткізіп қана оймақтай құтылардың ындынын жібіткен болды.

Әңгімені Әлжекең бастаған. Ұмытпасам, ұзын-ырғасы Тәкен жайлы: дардай басымен бала-шағаның шулы жатағында жатқаны, елуден асқан соң тірліктің ер адамға жетімдік әкелетіні, Воронковқа айтып не пәтер әпер, болмаса елге шақыр деп сөзін тұйықтағаны есімде. (Туысқандарының айтуынша Тәкен 1916 жылы туған. Ол кезде Созақ Ақмола губерниясына қараса керек).

Әншейінде де ойын сырт көзге шалдырмай, салқын тыңдап, бейтарап отыратын Ғабең бұл жолы да араласы жоқ алыстағы бір әңгімені құлаққа ілгісі келмегендей селсоқ қалып танытты да біраздан соң барып қабырғаға қадалып отырып, айдалаға сөз қатты.

─ Осы Тәкен ағаңның қалы қалай, сол өзі ауру деп еді ғой?..

Ортамызға теп-тегін тастай салған міндетсіз сауал маған арналған еді, көңілінде түйткілі жоқ ашық сөйлейтін Әлжекең алдымды орап:

─ Ауру тұрмақ сайтаны да жоқ, түнімен карта ойнап едік, қалтамызды түк қоймай қағып алды, - деді.

Таң қалдым. Екі жарым жылда мен байқамаған ол неткен ауру? Осында келген-кеткеннің бірде бірі Тәкеннің қабақ шытқанын көрген емес, аузынан артық сөз естіген емес. Таң қалып отырғанымызды Ғабеңе айтып едім, ағамыз қолындағы вилкасын сындырып алатындай асжаулыққа мәпелеп қана қойды да:

─ Сонда анадағы бір жігіттердің әңгімесі өсек болғаны ма? - деп ойланып отырып қалды.

Өсек деген шіркіннің өтпейтін жері жоқ қой, Ғабеңнің «әлгі бір жігіттердің әңгімесі» дегені көңілімде күдік болып тұрды да алды. Өсектің тура адресін табу қиын, бірақ, «әлгі бір жігіттердің» Мәскеуге келіп кеткенін мен де білемін...

...Көк түтінге кептелген Мәскеудің сарша тамызында Ғабең екі ай Жазушылар Одағын басқаруға келген. Воронковтың кабинетінде әлдебір іс қағаздарын ақтарып отыр екен, сәлемімізді салқын алып, біздерге назар салмастан қабағын бір көтерді де қол бермеймін дегендей қаламсабына қол созды. Тәкең түскі асқа шақырып еді:

─ Жоқ, бармаймын! - деп шорт кесті. - Маған шайды осында әкеледі, - деді де суырмадан бір нәрсе іздеген болды.

Келгенімізді жақтырмады. Тәкең оған мән берген жоқ, берсе де соны байқатқысы келмеді. Ғабеңнің салқын қабағына тап болып көрмеген мен қарадай қысылып, қорланып қалдым. Мейлі, мені ескермей-ақ қойсын, Тәкен ағамызға: «отыр, ресторанды қайтеміз, кәзір осында шәй келеді» деуіне болатын еді ғой деген бір наз ішімде кетті. Кешкісін жатақханаға келсек, литфондының емханасынан: «срочно явитесь на двухнедельную профилактику» деген Тәкеңе шақыру қағаз жатыр екен. Тәкең бұған да мән берген жоқ, жыл сайынғы профосмотр ғой дей салған.

Аймановтың астанаға келуі біздерге сайран: әуелі «Домкинода» дарылдап, онан соң екі-үш күн Мәжит Бегалиннің үйінде жырғап жатып, екі жұмаға кеткен Тәкенді бір жұмадан соң ауруханаға іздеп барсам, езуін екі елі сырлап, бетін бес қабат әктеген тыраш қатын: «он давно выписался» деп терезенің көзінен қайтарды.

Жатақханада жалғыз отыр екен. Көңілді отыр екен. Көңілі жарасса бетіне қан теуіп, жанары жалтылдап жанып тұратын әдеті.

─ Әй, кетік бала, сен қайда жүрсің?! - деп қуанып қалды.

Алдында бір бөтелке Останкино сырасы, қара суға қайнатқан екі-үш сосиска қысыр сиырдың емшегіндей бүрісіп жатыр. Сиясы кеппеген бір пәшкі қағазды түйгіштеп-түйгіштеп былай қойды да:

─ Кетік бала, мен ет әкеліп қойдым, сен соны жақсылап ас, қасқырша жұлып жеп отырып, мен саған бір нәрсе оқып берейін, - деді. Желпініп айтты.

Махамбеттің ажал алдындағы ақырғы сәтіне арналған «Қарой» атты хикаясы екен. Ауруханада жатқан үш-төрт күнде жазып бітірген екен. Анда-санда қарш еткізіп жіліктен бір жұлып, анда-санда танауды бір бұрап тастап қоңыр дауыспен оқып шықты. Қалай екен дегендей көзі жасаурап маған қарады. Мен күлдім. Неге күлесің дегендей тағы да қарады. Менің есіме өткен бір оқиға түсіп еді...

...Драматургтердің семинарына келдім деп Әкім Тарази екі ай бойы Мәскеуде ыңыранып жатып алды. Өнебойы толған міндет. Алакөлдің шыбынынан басқа шыжық бітпеген асханасында отырып котлет по киевски сұрайтын көзелің астанада аштан өлейін деп жатса да бақайын қыбырлатпайтын пандығын жұртқа жүк қылады да жүреді. Бір күні Тәкең:

─ Жігіттер, мені бір жұма іздемеңдер, Воронковтан рұқсат алдым, есікті жауып қойып бір шаруаға кірісемін, - деді.

Мақұл дедік. Аяғының сіңірін созып алып, төсекте күбідей болып серейіп жатқан Әкімге бәрібір. Мен ең соңғы тиын-тебенге екі кило сушки сатып әкелдім де: осыны бір жұмаға жеткіземіз дедім. Иә, жеткіземіз ғой деді ол. Күнкөріске бола бір сценарий аударып жатқанмын, шай қайнағанша бос отырмайын деп соны қолға алдым. Көзімнің қиығы бір түскенде төсектегі Әкім терезенің кәсегіне шығып алып: «ойбой, бұл аяқ болмады, таяқ болды ғой!» - деп қызыл асығын сипалап сарнап отырған. Енді бір басымды көтергенде шәугімнің суы таусылып, түтіндеп бара жатыр екен. Әкім міз бағар емес, томарға мінген аюдың тайыншасындай терезе көзінде қонжиып әлі отыр, білегінде сушкидің шығыршықталған бос жібі. Әй, сушки қайда десем:

─ Білмеймін, - дейді. - Расында сушки қайда? - деп өзімнен сұрайды. Екі кило сушкиді бір сағатта жеп тауысып, маған құр жібін ұсынады. Бағымызға бір жұма есігімді қақпандар деген ағамыз екі күн өтпей өзі іздеп келгені. Уысында шиыршықталған қолжазба.

─ Ал, жігіттер, тыңдап жіберіңдер! - деді.

Сондағысы қазақ әдебиетінде шағын повестің үлгісі боп қалған Тәкеңнің «Көк қаршығасы» еді. Қалай екен дегендей бетімізге күлімсіреп қарайды. Сирағын сипалап отырған Әкім:

─ Повысыңыз керемет, тек анау әп-әдемі танаудан дым қалдырмайтын болдыңыз ғой! - дегенде ағамыздың қарқылдап кеп күлгені бар.

Тәкең ойланып көп жүріп, тез жазатын. Ара-тұра көк домбырасын сабалап - сабалап алғаны болмаса, жазу столынан тұрмайтын. Ауруханаға қамалған үш күнде «Қаройды» алып қайтты. Бірақ: «Тәкен ауру екен, ауруханада жатыр екен» деген өсек Алматыға «Қаройдан» бұрын жеткен. Мұның да бүкпесін мен Ғабеңмен болған кездесуден соң барып түсіндім.

Сол оқиғадан біраз бұрын: «Тәкен елге қайтатын болыпты, Жазушылар Одағына екінші хатшылыққа барады екен» деген әңгіме естігенбіз. Әрі қуандық, әрі қобалжыдық. Мәскеуде Тәкенсіз қалатын болдық - ау деп көңілді мұң шалды. Сөйтсек, кейбіреулерге Тәкеннен көрі тақ қымбат екен. Сонсоң да өсекпен болса да оны елге жолатпай жасқай тұру керек болыпты. Кейін бір оңашада: «Тәке, сондағы бір сөздің аяғы не болды?» - деп сұрағанымда темекісін бір сорып лақтырып жіберді де:

─ Сүрткенім бар! - деді.

Талант дейтұғын бақ кез - келгенге талғаусыз қона бермейді. Бақ қонбағандардың қашанда таққа ұмтылатын әдеті. Алланың бермегенін атақпен ұрып алғысы келетіндер аз ба! Атақ үшін атасын да сатып, батаны албастыдан тілейді. Албастының қызғаныштан басқа берер батасы жоқ. Осы ретте Андре Моруаның : «Зависть умеряет свое бешенство только вдоволь насытившись своим невежеством» деген сөзін қайталағым келіп тұр. Бальзак әлемінің биігі – «Шегірен былғары» жарық көргенде жанында жүрген кешегі дос-жарандары қызғаныштан жарылып кете жаздап, түгелдей жамандап шыға келіпті. Бір ғана роман емес, автордың артынан шөп ертіп, от қойып өртеп жібере жаздаған екен. Бүгін ойлап отырсам, Тәкен туралы алып қашпа әңгіме «Ақбоз ат» романының дүниеге келуімен байланысты сияқты. Қазақ прозасындағы лирикалық, психологиялық бөлек жанрдағы бұл роман бұған дейінгі талайлардың көркемсөзге татымайтын жалған боямаларының парқын бұзып, жалған атақпен жүрген беделдердің абыройына нұқсан келтіргенге ұқсайды.

ХХ - ғасырдың басында қазаққа қасірет әкелген Қазан төңкерісін аймандай қып шешіндірген алғашқы роман коммунистік идеологияның кеңдігіне кесек боп көлденең кептеліп қалды да оның авторын бірден қара тізімге алып, қалпағын теріс кигізбесе де әлеуметтік ой-пікірді лоблытпас үшін оны ұлттық рухани өмірден шеттету керек болды. Тәкеңнің қиыр жайлап, шет қонып жүріп алуына осы да себеп болған шығар. Оны әуелі әдебиеттегі бетке ұстар дейтұғын бес-алты замандастарының тізімінен сызып тастады да, кейін «Ақбоз аттың» авторы қайда деп іздеген де жоқ. Елдің мәдени, әдеби процесінде Тәкен Әлімқұлов деген қаламгер болмағандай, қазақ топырағында «Ақбоз аттай» роман тумағандай тым - тырс тымпима ойнадық.

«Мал, малдан соң ал!» - дейтін қазақ тігерге тұяқ қалдырмай қи сыпырып әкеткенде де қыңқ еткен жоқ еді, маңдайға басқан жалғыз жүйрігін аударып алғанда жаны шырқырап қоя берді. Жүйрігін алу - қазақтың жанын алумен бірдей десек, тектіден қалған тұлпардың соңғы тұяғы Ақбозды тек ат деп қана түсінеміз бе?..

Голощекиннің екінші октябрінен соңғы, отызыншы жылдардың қырғынынан соңғы, 37-нің құрбаны болған қазақтың игі-жақсылары мен тектісінің оталып кеткен кіл боздақтарының, даңғыл боздарының бодуын кімнен талап еткендейміз. «Ақбоз ат» осының азасы емес пе?! Ақбозға келген зауал - даңғыл боздарға келген зауал емес пе еді! Осыдан кейін Тәкен есімін септемей көр! Осыдан кейін ақбоздан жабысын оздырғысы келген жабы мінгендердің тасы өрге домаламағанда қайтсын! Қызғаныштың қызыл иті ақбозын аударып алып, Тәкенге есек мінгізуге тырысты.

М.Әуезовтен кейін қазақ совет жазушысы бола алмаған, болғысы келмеген қаламгер Тәкен Әлімқұлов. Актуальді дейтұғын науқандарды, совет шындығы дейтұғын шымқай өтіріктен айналып қашып, жасыратыны жоқ, түлкі бұлтаққа салған маневрі де көп болды. Бірі «Абайдың жолын» қуып, бірі Абайдың «жұмбақ жанын» қажап, өткеннің тарихынан, өткеннің сағынышынан бүгіннің уайымын қоздатты. Бүгіннің қасіретін өткеннің аузына салып, өткеннің тұлғасынан, бүгіннің зар кешкен тарланбоздарын жасады. Қазаққа болмаса, совет өкіметіне керексіз боп қалған Ахан, Сейтек, Тәттімбет, Сүгір, Махамбеттерден Тәкен кімді іздеді, солардың заманынан нені іздеді?

Науан хазірет итжеккенге айдалып, панасыз қалған Ахан, Қоскөлден айрылып, қоныссыз қалған Ахан, көк қаршығасын көк аспанға қоя беріп, бар үміт, бар арманынан айрылған Аханның жан-дүниесінен аңғарымды оқушы кімді таныр еді?.. «Ахан ауру екен, перінің қызымен шатасып, жынданып кетіпті» дейтін өсектен соң бар дүниеден баз кешіп, елсіз көлдің жағасында жалғыз қалған Аханды түсінетін баласы Ыбаннан басқа тірі жан жоқ. Әкемен сөйлесейін десе ол да мылқау, тіл жоқ. Тірлікте жалғыздықты көп көріп, тілсіз аруақтармен көп сырласқан Тәкенді әлде кімдер жынданыпты десе сеніп көрші?.. Шағын да болса эпопеяның жүгін еншілеп тұрған «Көк қаршығада» Ахан, Ахан заманы емес, Тәкен тағдыры, Тәкен образы жатыр. Тәкен трагедиясы - табиғат берген өзінің талантында еді.

Тәкен мінезі көпке жаға бермейтін. Сонсоң да ол көпке сия бермейтін. Даналығы мен балалығын, қарапайымдылығы мен тәкаппарлығын тел көтеріп жүретін жұмбақтау ағамыз ешкіммен таусылып сөйлеспейтін, ешкімнің әңгімесін тауысып тыңдамайтын. Бір адаммен бір күн жадырап отырса, ертеңінде сол кісіге жоламайтын да әдеті бартұғын. Оның ғаламат білімдарлығы мен сезімтал интуициясынан жасқанып, тереңін түртпей, бәске шақырмай, әзіл-қалжыңымен ғана жарасатын жақын жандар қасында жүрді. Бір күндік, иә бір сәттік әңгімеден соң барын тауысып алатын «интеллектуалдардың» ертеңінде оған қызығы жоқ еді, сонан соң да сол адамның шыжығынан да қашатын. Сонсоң да оны ағаш атқа мінгізушілер коп болды. Көзінше құрақ ұшып қол беріп, көмескіде саусағын шошайтқандар да бүгінде тәкеншіл болғансиды...

...Тұман да емес, жаңбыр да емес, не аспаны жоқ, не Алатауы жоқ Алматының саңылаусыз, есте қалмайтын, білінбей жылжып бара жатқан ен-таңбасыз белгісіз күні еді. Әл-Фараби шығармашылық үйінің ала - бұлдыр фоэсіндегі сөйлемейтін, сөйлесе сүреті қашып кететін сақау телевизорына телміріп отырғанбыз. Асқар бар, Әкім бар, ағамыз бар, қалғаны есімде жоқ. Кезінде көркемдігі жігіттің төресіне дес бермеген ағамыз алпыстың тоғызына енді іліккенде аяқ астынан күрт сынды: шодырайған бет сүйекке қарауыл болып қоңқиған мұрын қалды, қызыл-күрең нұрлы жүзі қуқыл тартып, танадай шаралы көздің оты өшкен соң мынау бей-берекет заманнан аялдайтын тиянақ дүниеге немкетті қарап отырып, қажып отырып:

─ Еще пятнадцать дней и, конец! - деді.

Аспаны да жоқ, Алатауы да жоқ ақ шаңыт терезеге әншейін қарап отырып айта салған. Қайтып келмейтін, қайтып көрмейтін, мынау ақ шаңыт терезе секілді беймағлұм дүниенің ар жағына сағыныштай сіңіп бара жатыр еді. Өнбес күннен соң неден құтылатынын айтқан жоқ.

Тұп-тура өнбес күн дегенде ағамыз жарық дүниемен қоштасты. Өзінің дүниеден өтерін өнбес күн бұрын сезіп, Алматыға сүйегін де қалдырғысы келмей, өзінің Созағына алып кеткені де ерекше бір қасиеттің бірі шығар. Даналар мен даралардың, тентектер мен тектілердің отаны - қасиетті Созақ жеріндегі әулие-әнбиелердің зиратына қасиетті тағы бір ағамыздың күмбезі барып қосылды...

26 қараша 1998 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар