Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ғабит Мүсірепов. ...Деген екен №19

10.09.2015 300

Ғабит Мүсірепов. ...Деген екен №19

 



0ba49318deb32720ae43298a185ed3cb.jpg

Жаңа қалам ұстап жүрген жас жазушылардың бірі  Ғабит Мүсіреповтен:

– Ғабе, қолаң шаш деген не? – деп сұрапты.

Сонда қолаң шаштың не екенін білмеген жазушысымаққа Ғабең жақтырыңқырамай бір қарап алыпты да:

– Қолаң шаш деп осы күні жапон шампунімен жуылған шашты айтады, –деген екен.

 


***

 

Ақын Мұзафар Әлімбаев бірде Ғабит Мүсіреповке:

– Ғабе-ау, сіздің де самайыңызға ақ кіре бастапты ғой, – депті.

Сонда Ғабең:

– Сен саспа, мен түгілі анау тақиясы басынан түспейтін ағаңның да , – депті, құрдасы Ғабиден Мұстафинді  мегзеп, – мүмкіндігі бар жеріне ақ түсе бастады.

 


***


 

Бірде «Алматы» санаторийінде Ғабит Мүсірепов пен белгілі сыншы-ғалым Нығмет Ғабдуллин бірге демалыпты.Әлдебір әңгіменің орайында Ғабең:

– Нығмет, сен байқайсыңба... Осы мақтау сөзге келгенде ақын-жазушылардың ішінде Сырбайдан асқан шешен адамды көре алмадым. Әсіресе Сырбай юбилейлерде сөйлеген кезде ет жүрегіңді елжіретіп жібереді. Енді бір аңғарғаным – біздің Сырбай мақтауға келгенде адам атаулыны алаламайды. Онысы несі?– деп сұрапты.

Сонда Нығмет сәл ойланып:

– Ғабе, ол кісі ғұмыры тірі жанмен жүз шайысып көрген жоқ қой,– дейді.– Ешкіммен ұрыспайды да, ренжіспейді де... Көңілі де Сарыарқадай кең, дарқан адам емес пе! Сосын өзгелерді де өзіндей санап, шетінен мақтай береді де!– деп жауап беріпті.

 


***

 


Жазушы Сәкен Жүнісовты жанына ертіп серуендеп жүрген Ғабит Мүсірепов:

– Сәкен-ау, сен осылай босқа жүре бересің бе, сенің қолыңнан келетін жұмыстар бар емес пе? – деп, бос тұрған лауазымды қызметтің үш-төртеуін атапты. Сәкен:

– Ғабе-ау, мен партияда жоқпын ғой, – деген уәж айтады.

Сонда Ғабең:

– Сөзіңе болайын, беспартийный Әуезовтың атында райком бар емес пе? – деген екен.



Ел аузынан жинаған: Ақселеу Сейдімбек


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар